Тележурналистиканың төбе биі еді
21.12.2022
397
0

Қалам ізімен келе жатқан ғұмырымызда дәл осылай ақ қағазды қаралай алмай қиналған бір кездеріміз болған-ақ шығар; бірақ ол ұмытшақ ауру сияқты өте шығыпты… Тап осы жолғы не жазарымды, қалай жазарымды білмей отырған қиналысты қай сөзбен бейнелер екенмін?! Күні кеше көз алдымызда жүрген, өлімге қимайтын ер тұлғалы замандас-дос жайында толғану қандай қиын-ды!.. Бірақ «өмір бар жерде – өлім бар» деген мәңгілік ақиқатқа бағынбас пенде және жоқ… Қазақтың қадірлі азаматы, ұлтжанды ардақты ұлы Нұртілеу – Нұрекең дүниеден өткелі де ай айналып, жыл жылжып барады…

«Белді бу, ортаға шық, курстасым, дүниені біздің ұрпақ дұрыстасын» деп, жарты ғасырдай бұрын тележұрттың көзайнасына түскен алды кең, арты жазық, жаны нұрлы Нұртілеу Иманғалиұлы бүкіл болмысының бойтұмарын телевизиядан тапты. Бүгінде Нұртілеудің өзі тізгінін ұстаған, оның есімімен тығыз байланысты телехабарлардың атауы мен арқауы, тәрбие-тағылымы мен өміршең өнегесі һәм қалдырған ізі қалың жұртшылықтың зердесінде. Барша көрермен «Алтыбақан», «Көкпар», «Дода», «Ақиқат пен аңыз», «Есіңде ме, жолдас», «Дидар», «Ақиқат», «Ашық әңгіме», «Бетпе-бет», «Қайырлы таң, Қазақстан», «Отау», «Құрбы-құрдас», «Бастау», «Айна-апта», «Қымызхана», «Айтыс», «Діңгек», «Қолтаңба», «Көршілер»… деп жалғасатын ұлттық телехабарлар тізімі Нұртілеудің телетерезеден қарап тұратын қайталанбас келбетін көз алдыңа келтіреді (Қазір де теледидарды қоса қалсаң, ар жағынан өзіміздің Нұрекең шыға келетіндей сезіледі).
Айтары жоқ, Нұртілеу елге ерте та­­нылды. Қазақ халқы оны телеайна таратқан «Бай, қуатты болайық» деген қанатты сөздері арқылы тіпті жақсы білді.
Қазіргі белгілі сатирик, бір кездері ҚазҰУ-де алдымнан өткен шәкіртім Ермахан Шайхыұлы Нұртілеу ағасына осыған орай:
Ток болушы ед айтқанəәрбір сөзінде,
От болушы ед әшки үсті көзінде.
«Бақуатты болыңыздар!» деп жүріп,
Бай-билікті болып кетті өзі де,– деп достық әзілін арнағаны бар.
Біз танысқанда Нұртілеу 20 жастағы жігіт еді. Мектепті жаңа бітіріп келген біз сияқты ақ үрпектерге қарағанда ол әлдеқайда ересек көрінетін. Университетте бес жыл бірге оқыдық. Білім мен өнердің қызығына құныға кіріскен Нұр­тілеудің студенттік кезеңдегі үйірімпаздығы тіршілік кезеңінде еселеп артпаса, мысқалдап кеміген жоқ; өзара сыйластық-сырластықтың сонау бір бозбала шақта бедерленген алғашқы ізі – үзеңгі жолдастықтың сарындас сара жолы болып жетілді.
Сақуатты (өнерлі, бесаспап), достыққа берік, жолдасы үшін жанын беруге әзір Нұртілеу о бастан-ақ оқшау көрінді. Сол студенттік кезді еске алсам, Нұртілеу ма­ған ауыздығын шайнаған асау тұлпардай айналасына ойқастай қарап, отқа да, суға да ойланбастан кіріп кете алатын намысты ердің сойындай болып елестейтін…
Оның орамды, жұғымды, тіл табыс­қыш, адамды үйіріп әкететін ерекшеліктері көп замандастың бойынан кездесе бермейді десем, қателесе қоймаспын. Нұртілеу дос-жолдасты ешқашан атағына не дәрежесіне, қоғамдағы орны мен мәртебесіне, т.б. қарап таразылаған емес, олардың бәрін де сол баяғы ең алғаш танысқан сәттегі кіршіксіз көңілімен көрді, солай қабылдады. Ол достарының ешқайсысын бөле-жармай, бәрін бірдей жақсы көрді, бәрінің қуанышына да, ренішіне де бірдей ортақтасты. Нұртілеудің жан-жағына деген қорғаншы-қамқоршылығы, адамға жақсылық жасауға құштарлығы екінің бірінің бойынан табыла қоймайтын, екінің бірінің қолынан келе де бермейтін қасиет еді.
Дос-жолдасына дәл Нұртілеудей ад­ал, дәл Нұртілеудей берілген азаматты өз басым көп көргенім жоқ. Біз бірінші курс­тан Нұртілеуді тыңдайтынбыз, Нұртілеуге тоқтайтынбыз, Нұртілеуді алға салатын­быз. Кейін Нұртілеумен мақтанатын бол­д­ық. Өмір жолы ішінде Нұртілеумен мақ­танған жалғыз біз (курстары) ғана болмасақ керек. Ғылыми-шығармашылық көп­шілік тележурналистиканың төбе биі деп таныған Нұртілеу қашан да, қай кезде де өз ісінің хас шебері, ел мақтанышы болатын.
***
Қойын дәптерімді ақтара қарап отырмын:
…1977 жылы Қырғызстанның Ош қаласы түбінде, Қазақ университетін бітіргеннен кейінгі екі айлық офицерлік әскери жиында жүрміз. Бір күні алыстағы тау аңғарына әскери жорыққа шықтық. Шілденің күні. Аптап ыстық. Бес қаруымыз бойымызда. Әртүрлі тактикалық жаттығулар жасаудамыз. Әр батарея жер қазып, зеңбіректерін жерге көміп, «жаудан» жасырады; одан кейін сол зеңбіректерді қайта қазып алады…Құм… Ыстық… Шөл.. Төбеден түскен өткір күннің сәулесі әскери панамадан өтіп кететін секілді. Әбден қалжырадық, әрине. Тезірек сенбі болса екен деп тілейміз, өйткені сол күні ғана аздап демалыс берілетін еді… Қайтар жолда менің алдымда келе жатқан Нұртілеу Иманғалиұлы кенет саптың соңғы жағындағы Байбота Серікбаевқа (қазіргі белгілі қазақ ақыны Байбота Қошым-Ноғай) қарады да: «Байбота, когда будет суббота?» деп әзілдеді. (Бір курс жоғары оқыған, танылып қалған талантты ақын Байбота сол жылы бізге қосылып, әскери жиынға бірге келіп еді). Саптағы жігіттер ду күлді. Ал Байбота сол сәтте жұлып алғандай: «Нұртілеу, суббота әлі ертелеу!» дегені! Қыран-топан күлкі… Сөйтіп, Нұртілеу мен Байботаның осы бір «қайым айтысы» сол кезден бері біздің арамызда айтылып келеді.

***
Нұртілеу бір жылы мейрам (08/03/2004) қарсаңында ҚазМУ-дың журналистика факультетінде бірге оқыған Астанадағы курстас жігіттердің келіншектеріне құттықтау-өлең жолдады. Біздің үйдегі Майра қарындасына мынадай өлең келіп түсіп еді:
Тіршілікті қызықта, көктем бүгін,
Жылылықтың жауғызып көктен нұрын,
Құлағына сыбырла төзімдердің,
Сезімдердің байқатпа өктемдігін.

Жаңа туған жарты айдай қияқтанып,
Жан-жағыңа жүр, Майра, күй ақтарып,
Намысыңды әрдайым жоғары ұста,
Секең сенер періште сияқтанып.

***
«Карантин» деп отбасында оқшауланып, үйден шыға алмай қалған кез-ді… «Ватсап» деген қолды-аяқтай «бала» «айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алғызып» ғана тұрған алмағайып уақыт еді. Нұрекең – Нұртілеу Алматыдан осы жағдаятты сипаттап, Лермонтовтың танымал өлеңінің нысанында Мәскеудегі маған мынадай әзіл өлең жіберіпті:
«Сижу за решеткой,
В коттедже с женой.
Вскормленный кониной,
Казах пожилой.
Веришь ли ты мне,
Какой-то страх со мной,
Когда уйдет от нас этот,
Болезнь дурной.
С близкими надо бы
Выпить водку хмельной!!!
И одно утешение
Уютный двор мой.
И верный пес Сабаш
Строжевой.
Всегда рядом,
күндіз-түні со мной!!!».
«Орыстың ортасында жүр» деп Нұртілеудің орысша жазғаны шығар, ендеше, «орысшаламасам ұят болар» деп, мен де әзілге-әзіл есебінде мынадай «экспромт жыр» арнадым:
Ты всегда был как орел молодой,
Друг мой, «вскормленный», дорогой!
Когда я читаю твой стих –
Кажется что Лермонтов уже притих.
Не грусти, мой «карантинный» друг,
Все изменится, все пройдет вдруг.
Поверь мне, и это пройдет,
Хороший день нас всех найдет.
Весны делает ласточки*, Ее береги,
Шалға кемпірдің көп қой «кереги».
Слово «страх» – синоним не твой,
Друзья всегда рядом с тобой.
… Как приятно общаться стало –
Привет всем из Орыстана! (12/04/2020).
(* Жеңгеміз Қарлығашты айтқаным ғой).
Бұл – Нұртілеудің сырқаттанып жүрген кезі болса керек. Бірақ ол ешкімге сездірген де, білдірген де жоқ. Мен оның:
Веришь ли ты мне,
Какой-то страх со мной,
Когда уйдет от нас этот,
Болезнь дурной, – деген сөздерін әуелі ковидке қатысты айтқаны болар деп ойлағанмын, кейіннен осы арқылы өз сырқатын да сездіргені-ау деп түйдім. Өйткені мен білетін Нұртілеудің лексикасында «қорқыныш» деген сөз болмауға тиіс еді, сондықтан да «слово «страх» – синоним не твой» жазғанмын.

***
Белгілі фантаст жазушы, курстасымыз Жүніс Сахиевтің ұлы үйленетін болып, сонау бір жылы Нұртілеу екеуміз қасымызға Қарлығаш пен Майраны алып, Сахиевтар отбасы атынан Ерейментау жаққа құдалыққа бардық. Келінімізді әкеліп, құтты жеріне қондырдық. Өйткені құдалардың алдынан өтіп, жас келінді алып келу рәсімін өткізу кезінде Астанада тұратын Жүніс алыс оңтүстіктегі ағайындарын күтіп отырмады, «мені білетін, маған жақын бірге оқыған жігіттерден басқа кім бар?» деп, таңдауды Нұртілеу екеумізге салып еді. «Бай, қуатты болайық» деген сөздері бүкіл Қазақстанға жайылған Нұртілеу Иманғалиұлымен бірге құдалыққа барған қандай жақсы еді десеңші! Нұрекеңді сөйлетіп қой да, жаңа құдаларға қосылып тыңдай бер!

***
Нұртілеу өмірде де, журналистикада да жалпы құбылысқа композициялық тұрғыда елестете отырып қарайтын; кез келген істелетін істің «тәтті кәмпиттей» болуын қалайтын; және сондай әдемілікті көргенде жан-тәнімен риза болушы еді. Оның телехабарларының тақырыптық, мазмұндық тосын сипаттарымен оқшау тұратыны, өзінің де сұхбатшы, тізгінші (жүргізуші) журналист ретінде сұрақ-жауап үдерісін өзгешелеуге ұмтылатыны, кез келген жағдаятты (ситуацияны) жасай да біліп, одан ойдағыдай шыға да білудің жолдарын аяқастынан таба кететіні – кез келген әріптестің қолынан келе қоймайтын шеберлік (Нұртілеудің журналистік қолтаңбасы мен кәсіби шеберлігі әлі де ғылыми тұрғыда тиянақталып, зерттеліп, зерделенетіні сөзсіз; оның шығармашылық мұрасы журналист кадр­ларын даярлау ісінде ізеуіртті оқып-үйретілетініне сенім зор).
…Сонау бір жылы Астанада курс­тасымыз, белгілі жазушы Сейітқұл Оспанов марқұмның тұңғыш перзенті – Айнұрды ұзату тойына жиналдық. Бұл Сейітқұл досымыздың көре алмай кеткен қуанышы еді… Айнұрдың тойы бәріміз үшін өзгеше екендігін курстастар жақсы сезіндік. Осы орны бөлек тойды менің басқаруыма тура келді. Сондықтан Сейітқұлдың өзі жоқ болса да, сөзі естілсін деп, кітаптарынан алып, той қонақтарына сөзді тек қана Сейітқұлдың өз өлеңдерімен беріп отыру әдісін таңдадым. Мұндайды дер кезінде байқай қоятын Нұртілеу той жүргізу үдерісіне Сейітқұл шығармаларының кірігуін «Сейітқұлдың өлеңдерін пайдалануың – тойға ол да қатысып отырғандай әсерге бөледі, жақсы ескерген екенсің!» дегені есімде.
Иә, Нұртілеу осындай еді. Жұрт көрмегенді көре қоятын, жұрт сезбегенді сезе қоятын, жұрт байқамағанды байқай қоятын еді. Бауырмал еді, көпшіл еді, достыққа адал еді. Қайырымды еді. Көптің сөзін сөйлеп, ортадағы билікті де, тізгінді де өзі ала салатын. Мұнысы өзіне жарасып тұратын. Және ол бізге дәл сол үшін жаратылғандай сезілетін еді… Нұртілеудің азаматтық, адами тұлғасын бірер сөзбен бейнелеп шығу әсте мүмкін емес. Оның келісті келбеті біздің көңілімізде сол бір күрделі де қарапайым, ұлық та кішік, адал да асқақ, айбынды да ақкөңіл қалпында сақтала береді…

***
«Біз бірге оқыдық» деп мақтанатын курстас досымыз – Алматы облысының құрметті азаматы, Алматы облысындағы (қазіргі Жетісу облысы) Ақсу ауданының құрметті азаматы, Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясының «мәртебелі профессоры», Қазақстан Журналистер одағының екі мәрте лауреаты, Жалпыұлт­тық «Алтын жұлдыз» сыйлығының, «Парасат» орденінің иегері, Қазақстан Республикасының мәдениетіне еңбегі сіңген қайраткер, Қазақстан Республикасының құрметті журналисі Нұртілеу Иманғалиұлы туралы әлі талай жазылады, жазыла береді…
Тірі болғанда, өзі туралы жазылғандарды көрген Нұртілеу қайтер еді деп ойлаймын қазір… Елестетіп көрейікші: ол газетті, мысалы, осы мақаланы оқып шыға сала, әдетінше басын шалт бұрып: «Тележурналистиканың төбе биі» депті, ә?!» – деп Қарлығашқа сүйсіне бір қарар еді-ау…

Серікқали БАЙМЕНШЕ,
филология ғылымының докторы,
Қазақстанның құрметті журналисі

Мәскеу-Астана

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір