ҰТҚАНЫМЫЗДАН ҰТЫЛҒАНЫМЫЗ КӨП
20.12.2022
60
0

Тәуелсіздік алғанымызға 31 жыл…
Осы уақыт аралығында не айтылмай келді, неден ұтылдық, неден ұттық?
Осы жылдар ішінде шындық айтылмай келді. Билік қоғамды алдаумен болды. Әрине, оның алдау екенін көпшілігіміз білдік, оны халыққа жеткізуге тырыстық, бірақ әлеуметтік желі әлі өмірімізге енбеген заманда, барлық идеологиялық ертегілер теледидар мен газет-журнал арқылы айтылатын кезеңде, біздің үніміз көпшіліктің құлағына жетпеді. Бұрын қазақ ұлтында болмаған жағымпаздық дертінің бой алып бара жатқаны да, қоғамның аса қауіпті ауруы – жеке басқа табынушылықтың қанат жайғанын да көрдік, білдік, жеткізуге тырыстық. Алайда билік тарапы мен кімнің тарысы піссе, соның тауығы болудан аса алмаған бейшара зиялы қауым халыққа басқа түсінік берді.
Екіншіден, Желтоқсан шындығы айтылмады. Өз арамызда сөз болды, дегенмен саяси бағасын алған жоқ. Шындық айтылмаған соң, сол зұлымдықты жасаған адамдар, органдар сол күйі көлеңкеде қалды. Олардың қарулары – резеңке сойылдары мен сапер күрекшелері де қолдарында қалды. Олар сол құралдарын компартияның билетімен бірге сандықтың түбіне тығып тастады. «Тәуелсіздік алғанда Желтоқсан шындығы айтылады» деген ойымыз осы отыз бір жылда жүзеге асқан жоқ. Коммунистер алдымен «Нұр Отанға» айналды, кейін тағы ат ауыстырды, бірақ Желтоқсан шындығы әлі ашылмай келеді.
Біз уақыттан ұтылдық. Осы отыз жылда қоғамдық-саяси жүйені өзгертіп, жаңа, тәуелсіз қазақ елінің идеясын, сол идеяны жүзеге асыратын идеологияны жасап шығара алмадық. Билікке оның қажеті де жоқ еді. «Бәрі салыстырғаннан көрінеді» деген қанат­ты сөз бар. Біз өзімізді сол кеңес жүйесінде болған елдермен салыстырып көрейік – сонда ғана қандай өзгерістерге қолымыздың жеткенін, қандай орында тұрғанымызды көре аламыз. Бір ғана мысал: бізбен бірдей тіл реформасын жасап, мемлекет құрушы ұлттың тіліне мемлекеттік статус берген Балтық жағалауы елдері «Мемлекеттік тіл туралы» заңдарын үш рет ауыстырып үлгерді. Басқаларды былай қойғанда, Тәжікстанның өзі тіл туралы жаңа заң қабылдады. Ал біз әлі күнге дейін қостілділікті сақтайтын, дамытатын, талап ететін, кеңес заманында қабылдаған «Тілдер туралы заңды» өзгерте алмай отырмыз. Уақыттан оңбай ұтылдық!
Меніңше, ештеңе ұтқанымыз жоқ. Мүмкін, жоғарғы лауазымда жүрген бір топ адам, олардың туған-туысқандары, солардың маңында, солардың шашбауын көтеріп жүрген тағы бір топтар өздерінше «ұтқан» болар, ал қазақ ұлты осы отыз бір жылда жаңа белеске көтерілді деп айта алмаймын. Құдайға шүкір, санымыз көбейді. Енді сан сапаға айнала ма деп үміттеніп отырмыз. «Үмітсіз – шайтан» деген…

Дос КӨШІМ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір