Бағымда әлі жыр құстарын сайратам…
Алмат ИСӘДІЛ
«Алмат писәтіл»
Тау мен тасқа соқтықса да
басым көп,
Тура жолдан адасуға хақым жоқ.
Болады екен алшаң басып жүруге,
Марапатсыз, атақсыз да ақын боп.
Нән қасқалар ұсынбады арнап төр,
Қадірімді білді бірақ ардақты ел!
Болмасам да «Серперліктер»
сапында,
«Үздік», «Алаш», «Дарынды»
әрі «Қайраткер».
Өлең оқып барактар мен барларда,
Жақын жүрдім жарым көңіл
жандарға.
Мадақ айтып, мінбелерде тұрмадым,
Кеңселерде, салтанатты залдарда.
Байлық қуып жүрген кезде айналам,
Ол жағына мән бермеппін –
таң қалам…
Жастық шақты есерлікпен өткізіп,
Ақ көңілім болған екен тойға алаң.
Түстім қанша тартыс пенен талауға,
«Ыңғайсыздау» адам болып қоғамға.
Теуіп кіріп талай емен есікті,
Қатты жауып кеткен едім, содан ба?..
Әлдекімдер итерсе де жарға сан,
Бағымда әлі жыр құстарын сайратам.
Ар-ожданым кеміп қалар деймісің,
Ақ Орданың тізімінде болмасам.
Өмір бәйге – алынбаған жүлдем көп,
(Бұйырмаған несібемді кім бермек?)
Өлеңімді ешкімнен де бұлдамай,
Көзге түсу үшін жазып жүргем жоқ.
Атаққа емес, зәру болып жатаққа,
Жүрген кезде сан ұрынып шатаққа.
Өкіметтен үй бергізді Одағым,
Күйім содан бөленді бір рақатқа!
Ең бастысы – басымда бар
үй-шатыр,
Жанымда өлең бүр жарып тұр
иісі – әтір!
Ұлықбектей ағам өзі атаған,
Жақсы атым бар:
Ақын – «Алмат Писәтіл»!
«Көрмей кетті-ау,
арманы мен мұратын,
Әке-шешең – Ханшайым мен
Мұратым».
…Жанарының жасын сүртіп,
деді әжем:
«Айналайын, сен біз үшін –
Ұлы ақын!»
Күмән
Сөз қылып әркімді бір, әрнені бір,
Өтіп жатыр мәні жоқ әуре ғұмыр.
Айқайлап, күшенгеннің бәрі батыр,
Арсыздық айналғандай сәнге бүгін.
Базардай ырду-дырду тіршілікте,
Жаза алмай жүрмін әттең
сәулелі жыр…
Зымырандар жаулады аспанымды,
Зымияндар лайлады бастауымды.
Кім көрінген жерімде сайран салып,
Сұмырайлар жайрады астауымды.
Алаяқ, жағымпаздар, пысықайлар,
Болып жүр қалың елге «асқақ үлгі».
Солар ғана ақылды, дүр-данышпан,
Түскендей салбырап
бір нұр-ғарыштан.
Атақ, байлық, мансапқа бәрі құмар,
Кім озып, кім қалады бұл жарыстан?
Жаныңнан табылатын жақының да,
Қол бұлғайды ол-дағы Сізге алыстан.
Салқындап жадыраған күн қабағы,
Кеудеме мазасыздау мұң қонады.
Сарғайған жапырақтар желмен ұшып,
Жеткізуде жан-жаққа күз хабарын.
Отырмын, шығарып сап жазды бүгін,
Әуенін ыңылдатып «Бір баланың»…
Алатау көрінбейді тұманданып,
Бақтар да түрленбейді сылаң қағып.
Құп-құрғақ уәдеге құр алданып.
Ел-жұрт та бір үмітке жүр арбалып,
Ертең де күн қабағы ашылмайды-ау,
Бұлтты аспанға қараймын
күмәнданып…
Кейуана….
Көрсем – күрсінем,
Сүйретіп жүрген қаңқасын:
Пияздың иісі мүңкіген,
Мақтайды ыстық самсасын.
Қайыршы отыр селкілдеп,
Өмірде жолы болмаған.
Сапарда жолың болсын деп,
Батасын берді ол маған.
Келесі пойыз келді де,
Әкетті мені жолға алыс.
Саксофон үні өлді де,
Көңілде қалды толғаныс.
Сағыныш жайлап сананы,
Зіл батпан мұңды еңсеріп,
Әйнектен шолып даланы,
Тамбурда тұрдым теңселіп.
Әр сапар – бәйге, аламан,
Не болар алда – беймәлім.
…Ұзамай жатып қаладан,
Өзіңді, жаным, ойладым.
Алматы. қар…
Үндемей…
Күн демей,
Түн демей –
Жауып тұр әппақ қар.
Айнала
Ақ ұлпа,
Ақ мамық көрпеге оранды,
Оранған Арудай
Үлде мен бүлдеге.
Дүние тым-тырыс,
Жел де тұр үрлемей – күрсініп…
Тіршілік қамымен
Жұлқынып,
Сілкініп жүреміз.
(Тек содан таппадық бір мерей…)
Көңіл де
Осылай тұрса ғой:
Ағарып,
Тазарып –
Кірлемей.
Жауып тұр әппақ қар,
Үндемей…
Айналам
Айналам түгел дау-дамай,
Өтуде солай жалған-ай.
Не болып кеткен адамдар?
Арамыз толы арамдар,
Жұтатын бәрін талғамай.
Үндемей салсам болмас па?
Үйдей бәлені қаузамай.
…Сүрініп жүрем көп жерде,
Сөйлеп бір қалып аңдамай.
Айналам түгел шоу-мазақ,
Санамды дертпен алды орап.
Түнеріп тұрған қабағы,
Осы ма бейқам заманым –
Сан ғасыр күткен бар қазақ!?
Ұлтыма ұстын бере гөр,
Тәңірден медет сұрайын,
Алақан жайып, Аллалап.
Айналам түгел шулаған,
Құр айқай менен шулы ұран.
Тәңірсіз мынау қоғамда,
Табынып адам адамға,
Тамырда тулап улы қан,
Жаншылып бетер, булығам.
Тақымнан кетті көкпарым.
Басымнан түсіп дулығам…
Қағаз кесе
Уақыт жылдам,
Келдім мен өзі нешеге,
Көгерер қашан
Көктемдей жайнап көсегем?
Қатал жылдардан
Сызат боп қалған бір белгі –
Қайырылған қанат және де
Айырылған жүрек
Бауырдан, әке-шешеден…
(О баста солай
Жазылған болар пешенем…)
Көңілдің шері тарқамайды екен
бәрібір,
Қойын дәптерге
Шимайласаң да неше өлең.
…Оңаша қалып,
Оқшаулау тұрған кафеде,
Көз тастап қойып
Тыныштықпен араз көшеге.
Тас қоғам жайлы,
Лас қалам жайлы ойланып,
Отырмын жалғыз –
Кофе ішіп
Қағаз кесемен…
Антагония
Күндер өтіп барады, күндер өтіп,
Сол күндермен жастығым бірге кетіп.
Күні бойы тірлікпен қарбаласып,
Ораласың үйіңе түнделетіп.
Отырасың жарыңның шайын ішіп,
Оранбаған үлде мен бүлдеге түк…
Жылдар өтіп барады, жылдар өтіп,
Даңғазаның ішінде жырғап, есіп.
Дүние де жимаппын пысықтардай,
Қызға жасау боларлық, ұлға несіп.
Ата-ана, бауыр да арқасүйер –
Мәңгі ұйқыға жайғасқан
қырға көшіп…
Уақыт жылжып барады,
уақыт жылжып:
Уысыңа тұрмайды қашып, сырғып.
Жұмысыңа күнде ерте асығасың,
Қу тіршілік еңсені басып, құл ғып.
Парызымыз қанша әлі өтелмеген,
Қарызға да белшеден батып,
тындық…
Айлар өтіп барады, айлар өтіп,
Тиесілі өзіме қайда несіп?
Жылмақайлар жолыңды
кесіп ылғи,
Жоспарыңды кетеді ойран етіп.
Бұққан болмай,
әйтеуір жұрттан қалмай,
Отырамыз қомпайып,
тойда бөсіп…
Ғасыр ауып барады, ғасыр ауып,
Арман, Бақыт әлі де қашық анық.
Қай мекенде Жерұйық біз аңсаған:
Көлі – шәрбат, нуы – нәр,
тасы – мамық?!
Өз жерімде өгейдің күйін кешіп,
Қайда кетіп барамын басым ауып?..
…Сан сұраққа отырмын жауап іздеп,
Телефоннан ғаламтор қосып алып.
Вокзалда
Пойыздан тағы кешіктім,
Вокзалдың маңы қарбалас:
Арбакеш інім «бөсіп тұр»,
Саксафоншы ағай – ол да мас…
Мұңды әуен тербеп жүректі,
Сырлы әлем тартты көмескі.
Қабағы қатты күзетші,
Қуып жүр бәрін өрекпіп.
Қаталдау мезгіл жасытқан,
Қария тұрды балдақпен.
Күдерін үзіп бақыттан,
Жолынан қалды-ау ол да, әттең…
Сары күз…
Сарытаудың етегінде сары күз,
Сарыала қаз салды аспанға
тағы да із…
Сағынышпен еске аламын сені әлі,
Сары бала ғашық болған сары қыз.
Өзің едің сүйкімді қыз – бұрымдым,
Бағын ашқан менің ақындығымның.
Ең алғашқы оқырманы сен болдың,
Ең алғашқы жазған
балаң жырымның.
Арманымды жасап алып лағылдан,
Көшке ілестім қала жаққа ағылған.
Қайқы бел қыз – қолың бұлғап
қалып ең,
Қайқыны асып кеткенімде ауылдан.
Махаббаттан баз кешкендей
зар илеп,
Бірде дана, бірде бала – сәби боп.
Сенен алыс жүрдім алып шаhарда,
Есенин боп, бірде Мұқағали боп.
Тағдырменен тайталасып, алыстық,
Ақынбыз деп лапылдадық, зәр іштік.
Бірақ маған сол баяғы – бейкүнә,
Сары қыз бен сары бала әлі ыстық.
…Сарытаудың етегінде сары күз,
Сары күзге ұқсаймыз-ау бәріміз.
Мезгілдерге міз бақпай тұр тек қана,
Аспантаудың басындағы кәрі мұз.
Басқа арнадан табылды да бағымыз,
Бірте-бірте алыстады жанымыз.
…Ауылымнан тағы да ұзап барамын,
Мойын бұрып, бір сәт артқа
қарадым:
Қолын бұлғап тұр ма екен деп
сары қыз…
Түнде…
…Дала суық.
Әншейінде шулайтын қала – сұлық.
Терезеден телмірем тысқа қарай,
Бірдемені күбірлеп, данасынып…
Мен сияқты көктемін күте ме екен –
Бүрсеңдейді гүлзарда дара шыбық.
Әнебір жан қашанғы тұрар екен,
Әлдекімді күтумен таң атырып…
Сұр көшенің шамдары сығырайып,
Аспаннан Ай төніп тұр жағы ашылып.
Тереземді соғады қайта-қайта,
Шұбар қанат көбелек аласұрып.
Ұйқым қашып отырмын, ойға батып,
Мойыныма мешел-мұң тағы асылып.
Тарқатылмай тұрғаны-ай
жақсы жырдың,
Қаламымның ұшында оратылып…