..ЕСКІРМЕСТЕЙ ЕСКЕРТКІШТЕР ОРНАТҚАН!
10.12.2022
1125
0

Қазақ поэзиясындағы ғажап лирик, романтикасы мен реализімі астасып жататын, әдебиетіміздегі әзіл-оспақ, эпиграмма жанрының өрісін кеңейткен бірегей ақынымыз – Жарасқан Әбдірашев еді. Абаймен сусындап, Мағжаннан нәр алған классик қаламгердің шығармашылығынан көтеріңкі пафоспен өрілген шешендік үлгідегі поэтикалық сөз тіркестерін молынан ұшыратамыз. Ақынның соңғы мұрасы – «Құлпытас немесе екі дүние: фәниден бақиға дейін…» атты жыр кітабын оқып отырып, оның эпикалық тынысы мен лексикологиялық қорына кәдімгідей қызығасың. Ана тіліміздің бай мұрасымен сусындаған ағамыздың әр өлеңінен сұлу сарын, өмірдің шынайы көрінісі айқын аңғарылып тұрады. Ол, өміршең өлең жазды. Жылдар жылжып, ғасыр аунап түссе де Жарасқан Әбдірашев көкірегі ояу халықтың жүрегінен өшпейді. Өмірге ақын болып келді, ақын болып өтті!
Мен келдім бүгін сендерге,
Өлеңімді алып бұлқынған… – деп өзі айтпақшы «Қазақ әдебиетінің» бүгінгі санына Жарасқан ағамыз келіп тұр. Сағынған шығарсыздар, оқыңыздар.

Ақберен Елгезек

Жарасқан ӘБДІРАШ

Қабірстан қақпасындағы  жазу немесе кітапқа кілт

Кәрісің бе?
Жалын атқан жассың ба?
Серісің бе?
Менменсіген массың ба?
Кім болсаң да…
Астамсыма!
Асқынба!
Пендені аяп,
молладай-ақ,
аңдап аяқ бас мұнда!..
Үнсіз-тілсіз тас қой! – деме.
«Құлпытас»!
Үлкен-кіші құлпытастар астында:
Тірлік жатыр!
Тағдыр жатыр!
Тарих жатыр біртұтас!

Көсемсің бе – болған елге бас тұлға?
Шешенсің бе?
Тамыры жоқ тассың ба?
Кім болсаң да…
Астамсыма!
Пендені аяп,
молладай-ақ,
аңдап аяқ бас мұнда!
Құлпытасқа тікпе назар тым сұлық!
Үлкен-кіші құлпытастар астында:
Өмір жатыр!
Көңіл жатыр!
Әлем жатыр тұншығып!

Батырсың ба –
Қарсы шыққан қасқырға?
Ақынсың ба –
тура сөйлер тақсырға?
Кім болсаң да…
Астамсыма!
Асқынба!
Пендені аяп,
молладай-ақ,
аңдап аяқ бас мұнда!
Әруақтарға оқы дұға ырымдап…
Үлкен-кіші құлпытастар астында:
Төзім жатыр!
Сезім жатыр!
Шындық жатыр шырылдап!..

Арыстар аманаты

Кім едік? Кім болдық біз?
Халық таныр!
Әйтеуір, ұмтылғанбыз жарыққа бір!
Марқұмбыз – бәріміз де болашаққа…
Жер деген – Адамзатқа алып қабір!

Ет­тік пе екі келмес тірлікті мәз?
Сағымдай басымыздан сырғыпты жаз!
Алданып алғы күнге алаңдаумен,
Үстінде сол қабірдің жүрдік біраз!..

Жо-жо-жоқ!
Кеткен жоқпыз «базарға» кеп!..
Күрестік,
көніп бейнет азарға көп!
Тұрлаусыз өткен өмір турасында
жас ұрпақ кесіп-пішіп жазар не деп?
Жазар ма «Еңіреген ер!» деп бізді,
Жазар ма «Көкірегі көр!» деп бізді?..
Жоқ, әлде, отырар ма ойға шомып,
Жанары терезедей терлеп күзгі?
Тағдырдан тумай жатып сұрап алған,
бізде тек болған еді бір-ақ арман!
Тал түсте тура жолдан адастырар,
Сан қилы соқпақ шықты, бірақ алдан.

Түссек те тайғағына жолдың түрлі,
білмедік бозөкпеше болдыртуды!
Аңсадық сол арманды, сол үміт­ті,
аңсадық сол бір таңды, сол бір күнді!

Қалай деп атаса да қазақ мұны,
еңсесін езіп ауыр азап-мұңы,
бабалар бізден бұрын арман еткен –
«Алаштың» мәңгі-бақи азат күні!..»

Көргенде сол бір күнді көзін ілер,
даланың, бәлкім, ит­тей төзімі дер.
Құлпытас қояр-қоймас басымызға,
ол жағын Уақыт­тың өзі білер!..

Біздің де кетеріміз мұра қылып –
сол арман, сол баяғы бір-ақ үміт.
Жапанда жараланып жалғыз қалған
Бөрідей… басымызда тұрады ұлып!..

Жанына маза бермей жырақ тылсым,
Жас ұрпақ мына бізше жылап-күлсін…
Жапанда жалғыз… жалғыз… ұлып тұрған
Бөріге… жиі-жиі құлақ түрсін!..

Мәңгілік майданы

Қаһарланса тауларды да тұл қылған,
Уақытқа қашан, қарсы кім тұрған?..
Бұл өмірдің бекерлігін сезінген,
бәрі жалған екендігін сезінген,
Адам ғана мәңгілікке ұмтылған!..

Артық көріп Айдан, Күннен, Жұлдыздан,
ақтық демін аямаған ұл-қыздан!..
Аруға да, асыл жарға, анаға,
алыптарға – дара туған данаға
мызғымастай мазарат­тар тұрғызған!

Қайғысы мен қасіреті зор батпан,
тек ажалдан зәресі ұшып зар қаққан…
Көзі сенбей көмгенге де, өлгенге,
ерендерге – ерек туған ерлерге
ескірместей ескерткіштер орнатқан!

Жасай алмас жанын баққан еш адам,
өлмес тірлік, өшпес ерлік жасаған:
Елбасының, қолбасшының есімін,
Батырлардың, ақындардың есімін,
Құрышпенен қаратасқа қашаған!

Осалдықпен берілмейтін өлермен –
«Мықты не бар?» десек-тағы өнерден,
Жаз аптабы, қыстың суық сызы ұрып,
мызғымастай аазарат­тар мұжылып,
ескірместей сскерткіштер көнерген!..

Қақ төрінен орын алар тарихтың,
есімдерін ерендер мен алыптың
Жазбау керек қағазға да, басқаға,
Жазбау керек, тіпті қара тасқа да,
Жазу керек жүрегіне халықтың!

Санасында бас көтеріп сан күдік,
Мұны, бәлкім, мойындамас әңгүдік…
Тұғырына табан тіреп даңқтың,
Жазылған сөз жүрегіне халықтың –
қара тасқа қашалғаннан мәңгілік!

Әлихан Бөкейханов
(1866 – 1937)

Атын Алаш ардақтап атайды анық,
Қорықпасаң, аруақтан өт айналып…
Батырдың да бас иер әулиесі,
ақынның да бас иер әулиесі,
пақырдың да бас иер әулиесі –
Жатыр мұнда Әлихан Бөкейханов!

Алыптың опасыздан оқ қармаған,
азасы оқылмаған, жоқталмаған,
азулы шешендері аз болмаған,
көшелі көсемдері көп болмаған!

Тумаған тіл қатысып тірілермен,
көрінбес көкжиектің сырын емген.
Көздері көзге сүйел болғандықтан,
өздері сөздерінен бұрын өлген!..

Көсемді «көзге сүйел» көсемдігі,
шешенді «сөзге сүйел» шешендігі,
Сұмдардың есерлігі өлтірмейді,
мыңдардың өлтіреді мешелдігі!

Түп-тегін түгелдемей сылқымданар,
кеткен жоқ ұлымнан ұят, ұлтымнан ар!..
Ту қылып төбемізге көтерерлік,
тағдыры төтен ерлік бір тұлға бар!

Қолымен сан ұрпақтың салиқалы,
қайтадан жазылады тарих әлі.
Тұрады сол тарихтың көшбасында
біртуар Бөкейханның Әлиханы!

Шығарсақ шығатындай төрі жоқ па,
ұға алсақ, ұғатындай ері жоқ па?
Есімін еріккенде ермек қылмай,
бас ию керек пенде – аруаққа!..

Көсемді «көзге сүйел» көсемдігі,
шешенді «сөзге сүйел» шешендігі,
Сұмдардың есерлігі өлтірмейді,
мыңдардың өлтіреді – мешелдігі!..

Елсініп екі тумас көсем біткен,
ешкімге жол бермейміз шешендіктен.
Неге біз маңдайының соры бардай,
келеміз арыла алмай Мешелдіктен?!

Мұстафа Шоқайұлы
(1890 – 1941)

Табынып Тәңірідей текті ісіне,
құлдықтың қарсы шықты тепкісіне!..
Түбі бір түркі жұртын ұйытқалы,
ұранын еркіндіктің ет­ті сүре!
Күрестің қайтпас, қайсар күшті атасы,
Қасірет – қатып қалған ішке тасы!..
Кетердей көрден де осы атып тұрып,
Шоқайдың шермендесі – Мұстафасы!

Біздерге болды деген «Не қайыры?» –
алынды ата жаудан ат-айыбы!..
Қазақтың жатыр мұнда батыр тұлға ,
Қайраткер Мұстафасы – Шоқай ұлы!

Түпкі ойы,
түпкі мақсат,
түпкі арманы –
тұтасып Түркі елінің жұрт болмағы.
Дуалап дауасыз бір дерт секілді,
Қуалап, қайда барса – құтқармады!..

Толғаған Тұрмағамбет дастандары –
өмірдің болды өзгеше баспалдағы!..
Шығыстың жұлдыздары шоғырланған –
шақырды жұмбақ әлем аспандағы!

Жердегі күйкі тірлік қылып ығыр,
қанында қиқу салды ұлы дүбір!..
Тәңірсіз пенде біткен ит­тей талап,
дамылсыз көкке қарап ұлыды бір!..

Мұхамеджан Тынышпаев
(1879 – 1937)

Жас ұрпақ!
Асыл текті ағаны ұғар!
Тәңірге туды сәтің тоба қылар!..
Кеудеңнен кенелсең де зор бақытқа,
шіренбе «кемеңгерсіп елге тұтқа…»
Аруаққа бас игеннің әр уақыт­та –
жауырыны жұрт алдында жоғарылар!..
Ұят азып,
болмас үшін ұлыс ғайып,
көңілдің түкпірінде Күн ұстайық!..
Ықылымға ықтиярсыз ынтық қылған,
ақырында көрсоқырлар құртып тынған,
тазартар санамызды сүртіп мұңнан
тарихшы Мұхамеджан Тынышпаев!..

Демеймін:
«Пайғамбарсың!»
«Тәңірісің!»
Ел өзін танығанда – таныры шын!..
Қазақтың текті қаны тулап тұрған
тарихтың сен бір Күретамырысың!

Қиғалы қылта тұстан сол тамырды,
талайлар қанжар сілтеп, балта да ұрды!..
Қан-сөлсіз қатып-семген тулақтарға –
таптырмас тап өзіңдей тартар үлгі!..
Тереңнен өрт сіміріп санам биік –
жетесіз жандар үшін жанам күйіп!..
Булыққан бойымызда бұлқыныстар
Жатады сенен тарап, саған құйып!

Бағзының бастауларын сарқылмаған,
талайлар тұншықтырған, алқымдаған…
Мазағын миғұланың көргеннен де,
азабын ақыл-ойдың тарту – жаман!..
Айтпаған ашынғанда жұртқа «Сен!» деп,
біз едік басынғанға – «бітпес ермек»…
Жарадың жер шұқымай, желпінуге,
Қарадың аспандағы бұлтқа сергек!

Көнеден келе жатқан «кектесі» бар,
көндейін көнбіс едік көпке шыдар!
Қанымыз қаһарлансақ басқа теуіп,
арымыз болды, әйтеуір, бетке шығар!

Құдайсыз уақыт­тың «қарғысы» үдеп,
қылғынып қапияда қан құсып ек!..
Қырағы қызылкөздер қыбын тауып,
Жүр әлі кеңірдектен алғысы кеп…

Демеймін:
«Ажал, әне!»
«Міне, қабір!»
Ел өзін танығанда – жыға таныр!..
Бақпай ма жауыздар да жанды жерді?
Бітпей ме бауыздауға Күретамыр?!.

Тұрар Рысқұлов
(1894 – 1943)

Туған ел! Талайларды тірі алдаған,
дүние – бір қисық жол бұраңдаған.
Түркі елін туыссынбай тұра алмаған,
«Ұлтым!» деп, «Ұлысым!» деп ұрандаған,
Бастырып жас кеудені Мәскеудегі
Жатыр бұл алаңқайда Тұрар балаң!..

Шәкәрім Құдайбердіұлы
(1858 – 1931)

Үлкеннен туып,
үлкен жол қуып,
үлкенін алған батаның.
Қажыға барған,
көз жауын алған
тәрк етіп орман-Отанын:
құдықта қалып,
ұмытқан анық,
шығарып даңқ-атағын,
Ел көмген қайта,
жерленген қайта
тұяғы текті атаның.
Абайға – іні,
Құдайдың құлы,
Құдайбердіұлы Шәкәрім.
Жаны бір – торғай,
жаннат­та болғай,
бақилық жайың – жатағың!
Әмин!..
Айта алмас ақиқатын кім көрінген,
тірлігің түсініксіз тынды өліммен.
Адамның ұлы едің сен – кісікиік,
Құдайдың құлы едің сен шын берілген.

Жаныңа не жетпеді? Не тіледің?..
Жалғанға жұмбақ болды өтінерің!
Безініп Адамдардан бейуақыт­та,
Құдаймен тілдескелі кетіп едің…

Жолыңа қайырылып бір қадалғанда,
пендеде парықтайтын адал бар ма?
Жақын боп Құдайменен, ақырында –
ақын боп қайтып келдің Адамдарға!

Қапысыз жырланса да қанша арманы,
тұншықты түк үндемей тамсанғаны…
Құлым деп Құдай сені сүйгенменен,
ұлым деп Адам сені қарсы алмады!..

Бұйыртқан жазмыштың мүрдесінде,
Жолығып тұрардайын кіл бесінде,
Затың шын бірге екенін сезіндіріп,
Жатырсың ұлы Абайдың іргесінде.

…Заманның ұшыраған зәбіріне –
Қызығар не қызықпас өміріңе.
Абайға бас июге келген Адам –
Қалай да бас иеді қабіріңе!..

Міржақып Дулатұлы
(1885 – 1935)

Боз даланың бозторғайын жырлатып,
бүкіл қазақ ұйқысынан тұрды атып!
Өзі бірақ жұмды көзді қапыда,
мұңды көзді – Дулатұлы Міржақып!

Бір халыққа болу деген «Міржақып!»
көп ақынға бұйырмайтын бір бақыт!
Дұға қылсаң дем береді жырлары,
діңкең құрып жүргеніңде түн қатып.

Қала жатыр даңғазасын тыңдатып,
дала жатыр елге азасын тыңдатып!
Мола жатыр… Бара жатыр күн батып…
Соқпа, сағат! Тоқта, мезгіл! Тұр, уақыт!

Дүниеде дауа таппай бұл қазаққа,
түсіпті талай дана күллі азапқа.
Іріше ілгергіні шолмақ түгіл,
ит қаппай үңілмейді ірге жаққа!

Жалғанда күресерлік күнә жоқтай,
Жатады құмға сіңген құмалақтай!
Батырлар намысына найза сұғып,
ақындар санасына сына қақпай!

«Тізе қос, тірлік істе, достас әрі!»
десең-ақ, көкірегін тас басады…
Жиынға ертеңгілік шақырылған,
еңкейген екіндіде бас қосады!

Бас қосып мүлгігені-қалғығаны,
ежелгі «ерліктерін» ән қылады…
Құждайын оңайлықпен оянбайтын,
қазақтың «Оян, қазақ!» мәңгі ұраны!

Нұсқаған болашақты нұрлы ақылы,
болса егер бұл қазақтың бір жақыны
даланың бозторғайы сияқтанған
Дулат­тың аты шулы Міржақыбы!

Кілкіген запырандай тұнып қайғы,
санасын сырқыратса кім ұйықтайды?!
Бұл – қазақ бір жақсыны ұмытпаса ,
Дулат­тың Міржақыбын ұмытпайды!..

Бас қосып мүлгігені-қалғығаны,
ежелгі «ерліктерін» ән қылады…
Құждайын оңайлықпен оянбайтын
қазақтың «Оян, қазақ!» мәңгі ұраны!

Жүсіпбек Аймауытов
(1889 – 1931)

Жазылмас жарақатын жылдар емдер –
Жоқтаусыз қалмайды әсте шын кемеңгер!
«Тоздырған топырағын топан із жоқ,
көз жұмған бұл арада кім?» демеңдер.
Уақыт­тың уын бекер ішіп пе еді?..
Келіңдер, тақтарыңнан түсіп, бері!
Дарыны дархан елдің жатыр мұнда,
Ар ұлы – Аймауыт­тың Жүсіпбегі!

Жазушы,
ақын,
сыншы, ұстаз әрі…
Қайнаған қасірет­тің мыс қазаны!
Кетіпті шерін бірақ тарқата алмай,
Жетіпті бір басына ішкі азабы!..
Құйғандай өзеуреген өртке жасын,
қиынға қайрап салса «Қартқожасын».
Үмітін Тұлпар-жырға үкі қылып,
Қара нар – қарасөзге арт­ты азасын!

Жазықсыз жапа шеккен «Ақбілегі» –
ақжүрек, ақкөңілі, ақ тілегі!..
Жауының табанына тапталғанда,
Жанының түкпірінде жат­ты кегі!
Азабын, азарын да ыза-кегін,
жас-кәрі, жүз құбылған қыз әлемін
сыйғызған сиқырлы өнер сарайына –
қаһарлы Қағидасын бұзады Өлім!..

Пенденің патшасынар пақыр-езі,
ішінде сол Сарайдың жатыр өзі!
Бақыт­тың баяндысы назданса да,
Уақыт­тың кез болды, әт­тең, қатыгезі!

Қатыгез Уақыт­тың зерегі боп,
Қалдырған зиялыға дерегі көп…
Ойлаңдар «Қарасөздің қағбасы» деп!..
Қоймаңдар! Құлпытастың керегі жоқ!

Ахмет Байтұрсынұлы
(1873 – 1938)

Ей-һей, жастар!
Ей, жас тал, бір шыбық боп қалай өндің?
Бірауық білші діт­теп!
Айдалаға қарайсың…
Айналаға алаңдауды қойыпсың
«Тіршілік» деп.

«Тіршілігің» – тәубесіз…
Қай тіршілік?
Бас иіп тұр Күн жылап,
Ай күрсініп!..
Бұл арада ұлы атаң, ақын атаң:
жатыр – (Ақаң!) Ахмет Байтұрсынов!

Қаратқан ауызына аталы ұлт­ты,
қастерлеп қатары да бата алыпты!
Алланың бұл да болса рақметі,
болғанмен Байтұрсынның Ахметі.
«Ақаңы алты алаштың» атаныпты,
Қастерлеп қатары да бата алыпты!

Алаштың белін буып «Ақ жолына»,
Жиғанда жайсаңдарды жан-жағына.
Бас иген жазушысы, күллі ақыны:
Бас иген Жүсіпбегі, Міржақыбы,
бас иген Мұхтары да, Мағжаны да!
Ал енді бас имей көр Аруағына!

Уақыт­тың ұмытылмас ұранындай,
ұл туар… Ұлы тумас, сірә, мұндай!
Бүгінгі бар қазақтың «Тіл құралы» –
(Тексіздер тәрк етсе де бұл мұраны)
түбі бір түркі елінің Құранындай!
Ұл туар… Ұлы тумас, сірә, мұндай!

Пайымын пайғамбарша салмақтаса,
парқына жетпегендер болмапты аса.
Еске алып кейбір сұмның ақыретін,
ардақтар Байтұрсынның Ахметін…
Ата жұрт Ана тілін ардақтаса,
Ешқашан ер өлмейді – ел жоқтаса!

Мағжан Жұмабаев
(1893 – 1938)

Тектілерді тұғырынан айырған,
қырандарды қанатынан қайырған.
Тар заманда, зар заманда кешегі –
сайғақ құрлы сая таппай сайыңнан,

Алты Алашқа құрбан болған ақ жаны,
ақындықтың мұндай мөлдір маржаны,
жат өлкенің топырағын жастанып,
жатыр мұнда Жұмабайдың Мағжаны!

Аруанаша аңырат та, асыл күй,
Қабіріне көздің ащы жасын құй!
Жұмабайдың Мағжаны деп таны да,
Ұлы Абайдың ұрпағы деп басыңды и!

Бойын кернеп бұлықсыған бұла жыр,
Байтақ елдің жоғын жоқтап шығар, ұл.
Жұмабайдың Мағжаны деп табын да,
ұлы Абайдың жұрнағы деп ұға біл!..
Әр уақыт­та аруағына дұға қыл!

Ей, Мағжан, болсаң да ақын нәзік мүсін,
тас-толғам, құрыш-мінез қазықтысың!..
Жазықсыз жапа шеккен жан емессің,
алдында заманыңның жазықтысың!..

Алдында жазықтысың заманыңның,
астары белгілі еді амалыңның!..
Алдында қоғамыңның жазықтысың,
ойладың кірлемеуін ақ арыңның!..

Арасын өлшеп біліп оң-терістің,
Алаштың арманы үшін тер төгістің!
Құранын мұсылманның қасиет­теп,
ұранын ұнатпадың төңкерістің!

Қосылып «Аврораға» жөтелмедің,
байқалды бұра тартқан бөтен лебің.
Туралап сөз арнадың күншығысқа,
«Уралап!» қызыл жалау көтермедің!

Кеуделі күрескердің тілі өтпеген,
бір пәле тауып алдың жүрек деген,
Беделді Бедныймен сырласпадың,
сырластың жаны күйген Блокпенен!

Серіге алтын кездік сабы ұнайды!
Байтаққа болды солай «табың» әйгі…
Күн көсем Ленинді жырламадың,
Жырладың қаһарлы хан Абылайды!

«Зарладың қосып жиі қобызға әнді,
сарнадың айтып ескі аңыздарды…»
Жек көрдің «қоңыздарды қорсылдаған»,
жек көрдің «торсылдаған доңыздарды»…

Мойыған кезіңде де менменсідің,
Өреңе шыға алмады өрген шыбын!
Аспанның жерге жақын келгеніндей
– «Тоқсанның тобына» шын ергенсідің!

Азабын сезінсең де жолдың жырақ,
Көздеген арманыңды көрдің мұрат!..
Емессің «халық жауы» қаны тамған,
Кеңестің анық жауы болдың бірақ!

Ақынсың сол баяғы нәзік мүсін,
тас-толғам,
құрыш-мінез қазықтысың!
Алдында ақ арыңның айыбың жоқ,
алдында қоғамыңның жазықтысың!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір