СОЛОВЬЕВТІҢ САНДЫРАҚТАРЫ
10.12.2022
122
0

(Менің қасиетті Қазақстаныма жала күйесін баттита жағып, екі иығын жұлып жеген ресейлік сұрқай саясаткер Соловьевтің көйітпелерін бетіне баса айыптаған сындарлы сенаторымыз Мұхтар Құл-Мұхаммедтің жолдамасына орай).

Есейген елімізді қарауылдарына алып, «қышымалары» қозып, ауыздарынан ақ ит кіріп, көк ит шығатындарға етіміз үйренгелі қашан!
О, тоба, «жерден жік шықты, екі құлағы тік шықты» дегендей, бұл жолы Соловьев деген сұрқай шығып мантырап берді… Әу, айдың күні аманда кім түрткіледі бұл сабазды? «Даурықпа» дертіне шалдықты ма екен?
Жаңа дәуірге қарқынды қадам басқан Қазақстанның жаңа баспанасын ұлықтағанымыз кеше ғана. Тап осы сәтте қалың орманнан қыңсылаған қорқау қасқырдың ұлығанындай Соловьев сұңқылдап берсін… Оның көк езуінен аққан лоқсықтарына зығырданың қайнап, жүрегің айниды. Өз мекені Ресей зымырандарын зіркілдете соғыс ашып, көршілес ел басшысымен бәтуаға келмей, бас ауыртып, балтыр сыздатып, бір кездегі бейбіт жұрты босқынға айналып жатқанда Соловьев те көзі қарауытып, қақтығысарға қара іздеп, екі иығын жұлып жегендей жанталасқанын қайтерсің! Кімдердің шырқын бұзып, шатақ шоғын тастап, лақабын лапылдатпақ? Арам ниетін ала жүгіргендегі нысанасы Қазақстан болды. Ел бірлігінің қаймағын бұзып, ірітуге дәмеленді. Оның отыз тісінен шығып, лапылдаған лепірмелері отыз рулы елге тарай жөнелді. Былапыт сөздерімен интернетті де былғап үлгерді.
Әуелде оның әкесінің есімін сандуғаштай сайрасын деп Соловей (бұлбұл) деп қойса керек. Соловейдің ұлы сандуғаштай сайрай алмайды. Жаратылысы мүлде бөлек. Күресіңді шиырлап күнелткен қарғаша қарқылдап, сауысқанша саңқылдайды.
Мұндайда… бұрынырақтағы жүгенсіз, шатақшыл шенеунік Жириновскийге айтқан «Ішің күйсе, тұз жала» деген мәтелді Соловьевке қарата да қайталау жөн іспетті. Асылы, аузынан ытқитын оқтаулы сандырақтарын Соловьев қай жаққа бағыттайтынына сақ болу керек. Әлін білмеген әлек – әлжуаз екенін дәлелдеп берді.
Қазекемнің әрі мылжың, әрі ардан ада адамға айтпайтын бір сөзі – «Оттапсың!» Сол сөз де Соловьевке айтуға әбден лайық.
О, тоба, жасампаз елімізге күйесін күйттеп, жаласын жіктеп, ішмерездікпен сөйлейтін жүгенсізге сөзімді қор қылмай, доғара тұрайын.
Ну и ну, Соловьев…
Тәйт әрі!..

 

Мыңбай РӘШ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір