ӘЛІ ДЕ ТІРІЛЕРМЕН БІР САПТА ТҰР
10.12.2022
3125
0

Нағыз жалындап тұрған шағында жалған дүниеден көшіп жүре берген, бірақ сол қамшының сабындай қысқа тіршілігінің өзінде-ақ талай шар­уа тындырып, жанкешті ғұмыр кешкен таланттар аз емес. Солардың бірі – әдебиет сыншысы, аудармашы Қалжан Нұрмаханов еді. Небәрі 36 жыл өмір сүрген оның әдеби мұрасы қазір қазақ сөз өнерінің алтын қорынан орын алған. Көкірегін кернеген ой-толғамдарын түптеп түгел айтып үлгермесе де, Қалжан Нұрмаханов кейінгі ұрпаққа өміршең ойын, өрнекті сөзін қалдырды. Өмірінің соңғы сәттеріндегі күнделігінде жазылған жайттар, ондағы ой әуендерінің азаматтық асқақтығы, үзік-үзік жан сырларының баурағыштық қуат-күші осыны байқатады. «Адамзат­тың Айтматовы» атанған әйгілі қырғыз жазушысы Шыңғыс Айт­матовпен достық қарым-қатынасы, онымен тығыз рухани байланысы, басқа да атақты қаламгерлердің туындыларын қазақша сөйлетуі, олардың шығармалары туралы сараптамалық мақалалар жазуы – Қ.Нұрмахановтың мол шығармашылық куатынан көрініс береді.
Қаламгер тағдыры – әдебиет тағдыры. Жарқ етіп көрініп, ерте сөнген талғампаз талант Қалжан Нұрмахановтың туғанына биыл 95 жыл толды. Осыған орай, «Қазақ әдебиеті» дарынды қаламгерге «Тұлға» айдарын арнап, мақалалар топтамасын ұсынып отыр.

Отыз бен қырықтың аралығында биік армандарға қол соза беріп үзіліп түскен жас дарындарды әдетте өткен шақпен «өтіп еді», «болып еді» дейміз. Әйтсе де оларды әдебиетте осы шақпен атаудың айрықша мәні бар. Өйткені өнердегі ғұмыр әдеттегі ғұмырдан өзгеше: шынайы талант иесінің жақсы мұрасы ортақ игілігімізге айналады. Екінші өмірін бастаған аяулы қаламгерлерді атағанда ауызға әуелі ақын Төлеген Айбергенов, жазушы Ақан Нұрманов, сыншы Қалжан Нұрмаханов еске түседі. Олардың соңында қалған әдеби мұра «тірілермен тірілерше бір сапта жүреді». Балалық пен даналық үйлесіміндей көрінетін өмірден тым ерте кеткен осынау жігіттер жайында әрда­й­ым сүйсіне сөйлейтініміз сондықтан. Бұған ол дарындардың табиғаты, әдеби мұрасының сапасы себепкер. Әдетте салқын парасатқа құрылатын сын жөнінде, сыншы Қалжан Нұрмаханов тағдыры жайында да тебіренбей сөз айту мүмкін емес.
Алпысыншы жылдардағы газет-журнал тігіндісін ақтарып, ертелі-кеш жарық көрген әдеби-сын мақалалар жинағын қайта оқып, жанындай жақсы көрген жалғыз қарындасы Қазына Нұрмаханованың қолында қалған азғантай архивтік материалын қараған соң сыншы тағдыры туралы әр алуан толғақты ой кешерің хақ. Қандай да шығармашылық тұлғаның қалыптасуы – тәрбиеленетін ортасы, алған тәліміне көп байланысты.
Қалжан Нұрмаханов – қасиетті қазақ әдебиетінің білгір сарапшысы, тынысты насихатшысы. Туған әдебиеті жөнінде қазақ, орыс тілдерінде мақалалар жазып, республикалық, одақтық басылымдарда жарияланғаны бұған куә. Ұлы Абай мұрасынан бастап, қазақ әдебиетінің қабырғалы қайраткерлері жөнінде жазған мақалаларынан өнерге деген ыстық ықыласын аңғарамыз. Қалжанның қолымыздағы мақалаларды қандай тебіреніс, қандай қиналыспен жазғаны жөнінде сыншы зертханасынан аз ғана сыр суыртпақтасақ, біраз жайға көзіміз жете түседі. Кітаптарында «Мұқан Иманжанов – журналист, публицист» аталатын жазушы шығармашылығы жөнінде көлемді, байсалды мақала бар. Бұл мақала әуел баста монография ретінде жоспарланыпты. Мақаланың «Монографиядан қысқартылып алынған тарау» деп жариялануы да сондықтан. Өкінішке қарай, монография аяқталмады. Аяқталмады деу де әбес, шындығында, жаны жайсаң жақсы жазушы өмірі мен шығармашылығы жөніңде жаза бастаған еңбегі Қалжанның өзіне ұнамаған. Ұнамағандықтан да жалғасы жазылмады. Оған сыншы күнделігіндегі: «Сабақ алмасам да, марқұм Мұқан менің ұстазым еді. Онымен аз мезет қана жүз көрісіп, әңгімелесу – маған зор бақыт еді. Мұндай ұлы жүректі адамды мен өмірімде кездестірген емеспін. Сірә, көрмей денем жер қойнына кіретін шығар. Қазір мақала жазып жүрмін ол жөнінде. Бірақ көңілдегінің, жүректегінің – онда оннан бірі де жоқ. Мұнан көп жыл бұрын көргендерімнің бәрі кешегідей көз алдымда, бірақ көркемдеп беруге дәрмен жоқ. Жетпей жатыр, жетпей жатыр-ау, жетпей жатыр. Мүмкін, естелік жазу керек болар, ә? Сөйтсем қайтеді? Әйтпесе мына мақала шеңбері кемерінен аттатар емес қой» деген ойлар куә.
Бұл – Мұқан Иманжановқа деген құрмет пен махаббатының белгісі. Әдетте әріптес ақын-жазушылар сыншы еңбегіне екінші сортты дүние секілді қарайтыны бар ғой, ал шындығында ыстық жүрек, үлкен парасат иесі ғана сыншы болуы керектігін – Қалжан күнделігіндегі осы ойлар айқын аңғартпас па?
Қалжан Нұрмаханов – әдебиеттер байланысын халықтар достығының жанды факторы ретінде терең зерттеп жазған сыншы. Бұл орайда ғалым-сыншы мұрасының бұл саласы негізінен екі арналы екенін атап айтқан ләзім, бірі – орыс-қазақ әдеби байланысына, екіншісі – туысқан халықтар әдебиетінің бір-біріне ықпалы хақында. А.С.Пушкин, Ф.М.Достоевский, В.Г.Короленко, Т.Г.Шевченконы қызықтырған қазақы сипаттарды ол жай хронологиялық, әдеби факт ретінде тізбейді, аталмыш қаламгерлер шығармашылығына шым батып барып, олардың тақырыпқа келу эволюциясынан, дүниетаным, көзқарасынан тұжырым жасайды.
Жоғарыда айтқандай, «В.Г.Белинский және қазақ тақырыбы орыс жазушыларында» деген мәселені ғылыми зерттеуге нысана еткен Қалжан Нұрмаханов кейінде ізденісті кеңіте түскен екен. Әдебиетпен шектелмей, орыс қылқалам шеберлері картиналарынан да қазақ тақырыбының бейнелеу фактілерін іздестірген. Сыншы архивтеріндегі бір хатқа қарағанда ол мемлекеттік орыс мұражайының қорында сақталған орыс қылқалам шеберлері картиналарын зерттей бастапты. Мемлекеттік орыс мұражайының қызметкерлері Қалжанға Александр Осипович Орловский (1771–1832) фондысында сақталған қазақ тақырыбына салынған картиналардың тізімін жолдапты. Демек, әдебиет, өнер достығын – халықтар достығы деп білген сыншы жастайынан зерттеген тақырыбын кейін бейнелеу өнеріне ұластырып, тереңдете түскенін көреміз.
Сыншы архивіндегі екі хат бізге ерекше ой салады. Ол – Қ.Нұрмахановтың Густав Зелинскийге байланысты Польшаның «Полония» баспасына жолдаған хаттарының көшірмесі. Әрине, қазіргі оқушыға «Қазақ», «Дала» дастандарының авторы Густав Зелинскийді таныстырып әуре болудың қажеті шамалы. Өйткені оның аталмыш поэмалары алпысыншы жылдары қазақ тіліне аударылып, баспадан кітап болып шықты.
Қалжан Нұрмаханов – қазақ әдебие­ті туындыларының орыс тіліне, орыс тіліндегі шығармалардың қазақ тіліне аударылу проблемасын тәржімашымен таласа, терең қозғаған сыншы. Бұл тақырыптағы тамаша мақаласы – «Түпнұсқа және аударма». Күнделігіне қарап отырсақ, көзін жұмғанша ойлап өткен проблеманың бірі де – осы мәселе екен. Бір үзіндіге құлақ түрелік: «Аудармашы босанып кетсе біреудің егінін бүлдіретін, тұра берсе тұрған жерінің ақ шаңдағын шығаратын арқандаулы жылқы тәрізді. Аудармашы еркін кетсе түпнұсқаға обал, ал оригиналдың ауқымында қалса, оның құлы болса, аударманы тұтынатын жұртқа обал».
Нағыз әдебиетшінің ғана аузынан шығатын сөз ғой бұл.
Қалжан Нұрмаханов негізінен осы үш салалы тақырыпта салмақты, ойлы мақалалар қалдырды.
Ол мақала жинақтаудан гөрі терең талдауға құрылуымен де ұтымды.
Қалжан Нұрмаханов – кәнігі аудармашы. Ол – Шыңғыс Айтматовтың «Жәмила», «Құс жолы» хикаяттарын, Б.Жәкиевтің «Әке тағдырын» қазақша сөйлетті. Аудармашылығы мен драматургтығы оның әлемге аты кең тараған Шыңғыс Айтматовпен достық қарым-қатынасына тікелей байланысты. Сондықтан мұны арнайы қарастыру қажет.
Ш.Айтматов пен Қ.Нұрмаханов. Шынын айтқанда, бірі – аса даңқты есім, екіншісі – тіршілікпен ерте қоштасқан сыншы. Осы екі әдеби тұлғаның достық, шығармашылық қарым-қатынасынан пәлендей жаңалық аша алуымыз да екіталай. Бір кездегі бастала беріп үзіліп кеткен байланыстан күні бүгін сақталған айқын із аңғара аламыз ба? Оның үстіне қырғыз-қазақ әдебиеті байланысын байқататын тың үрдістер орын тепті, даңқты жазушы Шыңғыс Айтматовтың қазақ қаламгерлерімен жеке достық қатысында ашылатын жаңа беттердің куәсі боламыз. Бірақ үстірт ойлағанда ғана осылай. Әйтпесе бұл мәселеге өтіп жатқан ғажайып жылдар көзімен қарасақ, ескі дерек жаңарып, архивтегі материалдар тіріліп, аталмыш екі қаламгер арасындағы қатынас ерекше нұрланып жүре береді.
Тайбурылды тайында танығаны секілді, қырғыздың өрімдей жас жазушысының дарынын жазбай танып, тұсауын кескен Мұхтар Әуезов екені бесенеден белгілі. Бұны ұстаз-шәкірт болып бірлік тауып жататын қос алыпты да мақтаныш тұтқан мерей сезіммен айтамыз. Шыңғыс шығармаларын қазақ тіліне аудару проблемаларын да жолға қойған Мұхтар Әуезов болатын. Көз кергендердің айтуынша, «Жәмиланы» сен аударсаңшы деп Қалжанды колқалаған да сол ұлы қаламгер көрінеді. Ұстаз аға тілегін қапысыз қабылдаған Қ.Нұрмаханов мойнына алған азаматтық борышын жауапкершілікпен орындайтын мінезімен ірі жазушы шығармасын ақаусыз аударуға кірісіп кеткен еді.
Қалжан Нұрмаханов Мәскеуден жүзтаныс Ш.Айтматовқа хат жазып, «Жәмила» хикаятының қырғызша нұсқасын сұрайды. Оған дәлел Ш.Айт­матовтың тұңғыш рет жарияланып отырған мына хатын келтіре кеткен артық болмас.

ҚҰРМЕТТІ
ЖОЛДАС НҰРМАХАНОВ!
Сіздің хатыңызға кешігіп жауап жазып отырғаныма кешірім өтінем, оның мынандай себебі болды: «Жәмила» қырғыз тілінде әлі кітап болып шыққан жоқ, баспаға енді түсіп жатыр, сондықтан мен Сізге тездетіп кітап жібере алмадым. Кітап болмаса да Сізге қолжазбаларды жолдап отырмын. Мұнда повестің аты «Жәмила» емес. «Әуен». Бұл өзі о бастан солай-тын. Қазақшаға қотарсаңыз «Жәмила» дейсіз бе, әлде «Әуен» дейсіз бе, оны өз еркіңізге қалдырамын. «Әуен» дегеніңіз орысшасында «Напев», қазақшасын өзіңіз біліп айтарсыз. Бұл повестен басқа Сізге өзімнің тағы бір «Бетпе-бет» деген әңгімемді жіберіп отырмын. Бұл әңгіме былтыр «Октябрь» журналының 3-санында басылып шыққан, онкүндік тұсында «Бетпе-бет» жақсы бағаланды және менің өзімнің ең сүйікті шығармам. Сіз айып етпесеңіз, осы әңгімені оқып шығуыңызды өтінем.
«Октябрьден» оқысаңыз да болады (№3, 1958 ж.)
Егер де бұл әңгіме сіздің көңіліңізден шыға калса, онда мұны да қотаруыңызды (аударуыңызды) өтінем.
Жолдас Нұрмаханов, мүмкін сіздің басқа істеріңіз болып, әйтпесе басқа себептермен бұл шығармаларды аудару­ға уақытыңыз, мүмкіндігіңіз болмай қалар. Ондай жағдайда менің сізден көптен-көп өтінерім бұл қолжазбалардың ішінен маған «Бетпе-бетті» қалдырсаңыз жетті. Менің сізден жолдастық өтінішім сол.
Уақытыңыз болса тездетіп жауап жазып жіберіңіз.

Қолыңызды қысам,
Шыңғыс АЙТМАТОВ

Оқырманға Айтматов хатын қазақшалап қаз қалпында ұсынып отырмыз. Мұнда көп мәселенің беті ашылады. Ең бастысы – аудармашы «Жәмила» хикаятын қырғыз тілінен (түпнұсқадан) тәржімалауға ден қояды. Сол үшін де авторға хат жазып, қолжазбасын алдырып отыр. Сонымен бірге бұл күнде дүниежүзіне «Жәмила» атымен таралған шығарманың автор белгілеген алғашқы атауы «Әуен» екеніне көз жеткіземіз.
Аудармашы архивінде «Жәмила» аудармасының үш беті, «Құс жолы» хикаятының бір беті сақталыпты. Аудармашы Қалжан қолжазбасынан бар қалғаны осы. Үзік қолжазбадан аударманы өнер тұтқан абзал жанның, өңдеп, сызғылап бейнеттенгенін аңғарсақ, Шыңғыс шығармаларын аудару үстінде Қалжан түпнұсқасын терең тексеріп, сыншы ретінде қадағалап та қоятынын байқадық. Мәселен, оның күнделігіндегі: «Все труднее и труднее становится переводить Чингиза, он растет как художник слова» деген ойлары, әйтпесе, «Орыс тіліне аударғанда сөздің мағынасын біліп тұрып, оның баламасын өз тіліңнен таба алмай қиналасың. Ал жақын тілдерден аударғанда кей сөздің мағынасын білмей, топшылап алған балама сөйлемнің мазмұнына үйлеспей азап шегесің. Орыс тілінен аударғанда сөздің баламасын ерте ме, кеш пе, әйтеуір табасың, ал жақын тілдерден аударғанда мағынасын таба алмай табандап тұрып қаласың, әрі қарай барғың келмейді, өйткені алғашқы ұғымға байланысты әрі барған сайын түсінбеген жайларың көбейе береді» деген өз тәжірибесінен түйген пікірлері – соның куәсі. Қазақтың рухани қазынасындай тамаша сіңісіп кеткен «Жәмила», «Құс жолы» хикаяттары, міне, осындай қажырлы еңбек, ересен ізденіс жемісі болатын.
Ш.Айтматов пен Қ.Нұрмахановтың шығармашылық одағы жайында ойлағанда аялдамауға болмайтын бір мәселе бар. Ол – Қалжанның «Жәмила» хикаяты негізінде «Аңсаған менің әнімсің» деп аталатын пьеса жазуы. Кезінде сахнаға қойылғанымен қазір көзден бұл-бұл ұшқан бұл шығарма жөнінде айтуда да мән бар. Шоң жазушының прозалық шығармасы драматургияға, кинодраматургияға айналып үлгерген бүгін! Қалжан әрекеті мамандарды соншалық қызықтырмауы мүмкін. Бірақ «Аңсаған менің әнімсің» – Қалжанның Айтматов шығармаларындағы қуатын жете пайым­дап, оны дер кезінде драматургияға айналдырудың ырым-алды куәсі.
Өкінішке қарай, «Аңсаған менің әнімсің» пьесасының қолжазбасы сақталмаған, әйтпесе прозалық және драматургиялық туындыны өзара салыстыра отырып кейбір ерекшеліктерін әңгімелеуге болар еді. Қалжанның өзі пьесаны хикаяттан дербес – еңбек деп қарапты. «Аңсаған менің әнімсің» – фантазия на тему Чингиза Айтматова» (16.11.63.) деп жазады ол. Сөйтсе де үлкен бе, кіші ме, әйтеуір әрбір шығармаға қатаң көзқараспен келетін Қалжан пьеса қашан жазылып біткенше, талқыға түсіп, театрға жолдама алғанша үміт пен күдік аралас сезім жетегінде жүреді.
Түптамыр Ш.Айтматов прозасынан өрбитіндіктен замандас жазушы шығармасындағы асыл достықты жасытып алдым ба деп бір, драматургиялық туынды ретінде қайта туған шығарманың сахналық ғұмыры қалай сабақталмақ деп екі жалтақтайды, терең толғанысты күй кешеді. Ол кездегі тынымсыз күйзеліс, толассыз толқынды ойлардың куәсіндей күнделігіне: «Шыңғыс «Аңсаған менің әніме» өте қатты риза болды. Еңбегім қайтты. Енді менің дегенім түгел. Ренжи ме деп күдіктеніп жүр едім. «Қалжан менің жанымды терең түсініпті» дегенде төбем көкке жеткендей болды, иығымнан бір ауыр жүк сыпырылып түскендей болды. «Ух» деп демімді бір алдым», – деп жазыпты ол.
Тегеурінді ойларға оранып тіршілік кешкен Қалжан өмірінің ақырғы жылдарында «Аңсаған менің әнімсің» тәжірибесін одан әрі жалғай түскісі келді ме, болмаса арнайы зерттеп, бір сын мақала жазбақ мақсат жетегіне ерді ме, әйтеуір ол Шыңғыс Айтматов шығармаларын ойлана оқып, түйген пікірлерін күнделігіне жазып отырыпты, Сол ойлардың кейбірін оқушы назарына ұсыну жөн деп ойлаймыз.
«Шыңғыс – қарапайым жазушы. Оның қарапайымдығы сонда – күнделікті үйреншікті өмірден дүниенің асылын тауып, оны өзінше, Шыңғыс­ша, бере біледі. Адамның қарапайымдығынан оның данышпандығынан іздейді. Оған мысал – «Құс жолы» повесі. Осы шығармадағы оқиға әркімге-ақ таныс, бірақ Шыңғыс оны қалай ұсынған оқушыға?
Біздің қазақ жазу­шыла­рының көбісіне, міне, осы жетпейді. Ол – сөз жоқ, жаңашыл, ойшыл жазушы» (16 март. 1963 жыл).
«Шыңғыс әйелдер образын тамаша тұлғалайды, бұл жөнінен оған біздің кез келген жазушымыз қызықса болады. Шынғыстың ол кейіпкерлері ізгі жүректі, таза парасатты, сүйе де білетін, жек көре де алатындай күшті, сұлулық пен ұлылық үшін опат болуға кез келген сәтте дайын. Аналар жайында жазғанда ол қалай еркін тыныстайды десеңші (18. ІІІ. 63).
Асқан білгірлікпен өте дәл айқындалған пікірге қайран қаласың. Қалжан табиғатын, оның шығармашылық мәнер-машығын білетін кісі күнделіктегі бұл ойлардың астарсыз, мақсатсыз еместігін сезінеді. Біздің пайымдауымызша, ол өмірінің соңғы жылдарында Ш.Айтматов туындыларына зерттеуші ретінде үшінші жақтан келіп араласуды ойлаған секілді.
Шыңғыс Айтматов шығармашылығы арқылы қырғыз әдебиетіне ерекше жан-тәнімен беріле араласуы – Қалжанның айрықша бауырмал болғанының жарқын мысалы. Ол тіпті өзара тіл табысып, достық қарым-қатынасқа келген Айтматов шығармаларына аудармашы, драматургиялық нұсқа жасаушы, зерттеуші болып араласуды қанағат тұтпай, бауырлас қырғыз әдебиетінің жылт еткен жақсысы мен сәл еңсе көтерген табысын аударып, таныту, насихаттап, мақала жазумен етіпті. «Түгелбай шығармашылығы туралы ойлар» деп байсалды мақала жазуы, Айтматовтың ұсынуымен қырғыз драматургы Бексұлтан Жәкиевтің «Әке тағдырын» аударып, қазақ театрына қоюынан біз осыны көреміз.
Қалжан Нұрмаханов тірі болғанда, әсіресе Айтматовпен арада қызықты творчестволық ынтымақ толайым жеміс берер еді. Шыңғыс Айтматов Қалжан Нұрмахановты ойы алғыр қаламгер ретінде бағалады. Шыңғыс аға Қалжан досының дүние салғаны туралы суық хабарды алыс сапарға шыққалы тұрғанда естіп, Алматыға шұғыл жетеді. Дос қабіріне топырақ салып, «Қазақ әдебиеті» газетіне тебіреніске толы қоштасу сөзін жариялайды. Бұл – қысқа да болса өмірлік дәстүрі бар өнегелі достық.
Сынға да суреткерлік керек. Қалжан суреткер, ойшыл сыншы деңгейіне толысып-ақ келген-ді. Әлі тіршілік кешкенде біздің әдебиетіміз үшін оның кемел қыры жарқырап ашылатын еді. Мүмкін, ол сыншы болар, әлде прозашы, драматург пе? Кім білсін. Осы жанрлардың қайсысы да оның өрісті ойында тұтастық тапқан еді. Күнделігіне қарасақ, роман да жазғысы келген. Драмалық диалогтардың кейбір өткір жеке үлгілері де қағазға түскен. Әсіресе Мәскеудің мемлекеттік университеті мен М.Горький атындағы әдебиет институтынан тәрбиеленіп, М.Богданова сынды ұстаздан тәлім алған, М. Әуезовті пір тұтқан (өз сөзі), Шыңғыстай суреткермен төс түйістірген Қалжан Нұрмахановтан әдебиет әлемінде қандай да қызғылықты олжаны күтуге хақылы едік.
Оның сонында қалған азғантай мұраны осы уақыттың өлшемімен қарасақ, болашақтың қатал сарабына салсақ та жүрек толқытар сезімге бөленеміз. Көкірегін кернеген ой-толғамдарын түптеп түгел айтып үлгермесе де Қалжан Нұрмаханов кейінгі ұрпаққа өміршең ойын, өрнекті сөзін қалдырды. Өмірінің соңғы сәттеріндегі күнделігінде жазылған жайттар, ондағы ой әуендерінің азаматтық асқақтығы, үзік-үзік жан сырларының баурағыштық қуат-күші – бәрі осындай ой тұжырымдауға итермелейді.

 

Құлбек ЕРГӨБЕК

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір