Екібастұз. Қақаған қыс
02.12.2022
2930
0

Екібастұздағы жағдай елді елеңдетіп қойды. Қарашаның 27-сіне қараған түні 150 мыңға жуық халық тұратын Павлодар облысындағы Екібастұз қаласы қақаған аязда жылусыз қалды. Жергілікті жылу электр стансасының хабарлауынша, түнгі сағат 1:20 шамасында құбырлар ажырап, соның салдарынан №11 қазанагрегат істемей қалған. Одан кейін тағы үш агрегат жұмысы тоқтаған.

Түннің бір уағында үйі суып, таңертең оянған халық үсіп қала жаздаған. Қалың киімін киіп, сыртынан көрпе жамылып, аяқ киімін де шешпей жатқан. Электр жылытқыштардың шамасы да белгілі. Екібастұз қаласында жалпы саны 689 көппәтерлі тұрғын үй мен 82 әлеуметтік нысан орталық жылу жүйесіне қосылған екен. Бір күнде бәрі жылусыз қалып, ауруханада жатқан 120 науқас Павлодарға көшірілген.
Жылу электр орталығындағы апатқа қоса, қақаған аязда далада ыстық су құбыры да жарылып, жұртты әбден әбігерге салды. Жергілікті әкімдік дерегінше, жексенбі кешкісін қалада 230 тұрғын үй мен 15 нысан жылусыз қалған.

Қоғам белсенділері үш ай бұрын дабыл қақты

Екібастұз қаласында жылу электр орталығындағы апаттан мыңдаған тұрғын -30 градус аязда жылусыз қалды. Апатқа тозығы жеткен жабдық себеп дейді мамандар. Тұрғындар бұл мәселе үкіметке бірнеше ай бұрын айтылғанымен, билік басындағылар халық сөзіне мән бермеген секілді. Неше адам ескерту жасап, дабыл қақса да, айтылған сөз «Еститін Үкіметтің» құлағына шалынбаған. Бұған қақаған аязда жылусыз қалған қала тұрғындарының жағдайы дәлел. Екібастұз халқы бұған дейін де бұл мәселені көтеріп, тіпті ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу жасаған. Әлеуметтік желіде Павленко Юрий Федорович есімді азаматтың видеоүндеуі жарияланған. Ю.Павленко осыдан үш ай бұрын президентке жылу жайында егжей-тегжейлі түсіндірме жасап, шара қолдануын сұрап, видео жолдаған.
«Құрметті Президент! Павлодар облысында адам миына қонбайтын нәрсе болып жатыр. Біздегі ГРЭС-1, ГРЭС-2 және басқалары 32 пайыз электр қуатын өндіреміз. Дегенмен өндірушілер, яғни Екібастұз тұрғындары биыл қыста жылусыз қалуы әбден мүмкін. Екібастұздағы ЖЭО, маған айтқаны бойынша, металл үйіндісі ғана. 90 пайыздан астамы кәдеге жарамайды. Сондықтан мемлекеттік комиссия құрып, Екібастұзға жіберуіңізді сұраймын. Қаламызға келіп, неге жағдай мүшкіл екенін, неге жөндеу жұмыстары жүргізілмегенін тексерсін. Халық күзде, қыста үсіп қалмауы үшін сізге осындай ұсыныс білдіріп отырмын. Әйтпесе, Астанадан хабарласып, «Расымен солай ма?», «Екібастұз қыста жылусыз қалуы мүмкін бе өзі?» деп сұрақ қояды. Иә, мүмкін. Мен, Антимонополиялық комитеттің мамандандырылған комиссия мүшесі ретінде айтайын, жақында өткен отырыста бірнеше құрылғыны ауыстырмасақ, біз жұмыс істей алмаймыз деді. Бұл – ЖЭО директорының өз сөзі. Сондықтан не Энергетика министірінің өзі, не орын­басарын, болмаса бір маманды жіберіп, ақша бөлінуін талап етіп, уақыт созбай құрылғыларды жөндеп, болмаса жаңасына ауыстыруды бастау керек», – деді ол.
Юрий Павленконың айтқаны айдай келді. Қазір мұрнына су жетпей, Екібастұзда жүрген ақ жағалылар бұған неге дер кезінде назар аудармаған деген сұрақ бар. Іс насырға шаппай тұрғанда шұғыл шара қолдануды сұрағанда, Еститін Үкімет сайлауға қамданып жатты ма әлде?
Үкімет 28 қарашада Екібастұз қаласында төтенше жағдай жариялауға мәжбүр болды. Қалада 12 эвакуация орны іске қосылғаны айтылды.
Әкімдік дерегінше, жексенбіден бері жылу желісінде кемінде 15 ақау бары анықталған. Билік органдары арнайы комиссия құрып, жұмысқа кіріскенін, жылу электр орталығы өкілдері қалада шұғыл жөндеу жұмыстары қолға алынғанын хабарлады. 29 қарашадағы мәліметке сүйенсек, қазір он қазандықтың алтауы іске қосылған, төртеуі резервте тұр.

Проблеманы шешу үшін жылу ақшасын көтеру керек

Бұл – басқарма төрағасы Бағдат Оралдың сөзі. Екібастұз жылу электр орталығына иелік ететін «Орталық-Азия электр энергетика корпорациясы» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Бағдат Орал Екібастұздағы ұзындығы 421 шақырым болатын жылу желілерінің тозуы шешімі қиын мәселеге айналып отыр дегенді алға тартады. Ал оны шешудің жалғыз жолы жылуға төленетін тарифті көбейту екен.
Бағдат Орал «Орталық-Азия электр энергетика корпорациясы» акционерлері жыл сайын кәсіпорынға 2 млрд теңге құятынын, алайда ол ақша жөндеу жұмыстарынан бөлек, көмір сатып алуға, жұмысшылар айлығына, басқа да шығындарға жұмсалатынын айтады. Мәселені шешу үшін жылу қызметіне алынатын ақыны көтеру қажет дейді ол.
«Желілердің тозуы салдарынан апат жиі болады. Норма бойынша, жыл сайын кемінде 25 шақырым желі жаңартылуға тиіс. Ал кәсіпорынға көрсеткен қызметі үшін түскен қаржы небәрі 600 метр желіні жаңартуға ғана жетті. Әрине, тарифті өсіру оңайға соқпайтынын білеміз. Бірақ жылу қызметіне алатын ақы – кәсіпорынның жалғыз табыс көзі», – дейді Бағдат Орал «Азаттыққа» берген сұхбатында. Оның сөзінше, тұтынушылардың жылуға қарызы жарты млрд теңге шамасында.

Тұрғындарға өтемақы төленеді

Екібастұз қалалық әкімдігі төтенше жағдай болғаннан бері зыр жүгіріп жүр. Қыстың қамын жазда ойламаған шенеуніктер суығы сүйектен өтетін аязда жүгіруге мәжбүр. Алайда Екібастұз қаласы әкімдігінің мәліметінше, төтенше жағдай кезінде шығынға ұшыраған азаматтар қала әкімінің атына еркін нысандағы өтінішпен жүгіне алатынын айтыпты. Өтініште өтініш берушінің деректемелері (жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі), нақты тұрғылықты жерінің мекенжайы, зақымдану себебі көрсетілуге тиіс. Өтініштерді тіркегеннен кейін әкімдік тұрғын үйге залалды одан әрі өтеу үшін анықтаумен комиссиялық тексеру жүргізеді.

Олигарх Клебанов Екібастұздағы жылу электр орталығын мемлекетке 1 теңгеге сатпақ

Ал атышулы олигарх Александр Клебанов Екібастұздағы жылу электр орталығын мемлекетке бір теңгеге сату­ға дайын екенін мәлімдеген болатын. Әлеуметтік желіде депутат Ерлан Саиров бұны растады.
«Егер Клебанов осы нысандарды мемлекетке қайтаратын болса, халыққа және мемлекетке келтірілген залалды өтеуі керек. Екі күн бұрын әкімдікте жиналыс болды, оған Клебанов та келді. Сол кезде осы жайында оған айттық. Ол аталған нысанды бір теңгеге мемлекетке сатуға дайын екенін мәлімдеді. Біз өз кезегімізде олай болмайтынын, яғни бірінші кезекте кәсіпорынды иелікке алған кез­де оның жағдайы мен қазіргі ахуалын салыстырып, соның айырмашылығын анықтап алуды талап еттік. Осы орайда кәсіпкер бұл айырмашылықты төлеуі тиіс, сондай-ақ Екібастұздың тұрғындарына келген шығынды өтеп беруі керек», – деді Ерлан Саиров.

Ал Александр Клебанов компания­ның шығынға батқанын айтады.

«Біздің компания шығыны 17,5 миллиардқа жетті. Біз бұл жөнінде әкімшілікке бірнеше рет айтқанбыз. Мемлекеттік жекеменшік әріптестік аясында жұмыс істеу ұсынысы болды. Біз 51 пайыз акцияны 1 теңгеге бағалап, мемлекетке қайтармақ болдық. Егер біздің жұмысымыз біреулерге ұнамаса, кәсіпорынды 100 пайыз мемлекет иелігіне қайтаруға әзірміз», – дейді ол.

Әкім қысқа дайын болмағанын мойындады

Екібастұз қаласының әкімі Аян Бейсекин қысқа жүз пайыз дайын емес болғанын айтты.
«Жоспарланған жұмыстың барлығы толығымен жүзеге асқан жоқ. Ол үшін ТЭЦ-тың басшылығы алдында ол мәселелер бірнеше рет көтерілді. Жоспарланған жұмыстың жартысын ғана жүзеге асырған болатынбыз. Негізгі ақау­дың орны анықталғанымен қаланың қалыпты өмірге қашан оралары нақты белгісіз. Анығы, прокуратура жуық арада жылу орталығына кіріп, тексеру жүргізбек. Соның қорытындысы бойын­ша кінәлілерге жаза қолданылады», – дейді әкім.

Қорытындылай келгенде, бұған бәрі үстірт қарағандай көрінеді. Жартылай дайын емес жылу орталықтарымен қалай жылыту маусымына кірген? Үкіметке арыз жазып, президентке үндеу жасаған халықтың сөзі неге аяқасты болды? Қыс түскенше ешкім қимылдамаған ба? Жеке-жеке пікір айтқан жауап­ты адамдардың сөзіне қарасақ, кінәлі адам жоқтай көрінеді. Яғни ішінде біреуі не бірнешеуі жалған ақпарат беріп отыр. Қақаған қыста алдымен халыққа жылу беріп, кейін сол халықтың сорына қалған жауаптылардың тиісті жазасын алғанын күтеміз. Әлде сайлаудан соң Әділетті Қазақстан деген тіркестің мәні де кете ме?

Абзал Сүлеймен

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір