Қажығали
04.12.2022
348
0

Марқұм Қажығали ағамен етене таныстығымыз 1981 жылы басталды. Осы жылы біз ашаршылық туралы роман жазуға дайындалып жүрген едік. Бірақ сонау 1928, 1932 жылдардағы дүрбелең тұсында біздің ауыл Бесқалаға көшкен жер Ақтөбенің Байғанин ауданына бару, елмен етене танысу – бір үлкен міндетіміз еді. Сол міндет бізді алдымен Байғаниннен шыққан ағаларымыздың алдына алып келді. Солардың бірі – әдебиет әлемінде белгілі қаламгер Қажығали Мұханбетқалиұлы еді.

Қажығали аға сол жылы «Қазақ әдебиеті» газетінің проза бөлімін басқаратын.
– Өй, Байғанинге барғың келе ме, болды, жағдай жасаймыз! – деді Қажекең өзіне тән апыл-ғұпыл сөйлейтін әдетімен. – Ауданның бір хатшысы Қарлыға тура сенің апаң, табын, маған жеңге. Кәзір-ақ айтайын! Жағдайыңды жасайды!
Қажығали аға, сөйтіп, жағдайды жасады. Апамыз бүгінде марқұм болып кеткен Қарлыға Баймағанбетова бізді тура туған інісіндей қарсы алды. Ауданды аралат­ты. Аудандық кеңес төрағасы Өтеміс аға Тойжанов бізді алдымен Жарқамысқа, содан кейін Хантөрткілдегі зират­та сүйегі жатқан Елубай атамыздың басына алып барды. Сөйтіп, Қажекеңнің арқасында Жем бойындағы ел мен жермен танысуды бастап кет­тік. Атажұртқа жолымыз осылай ашылды. Байғанинге содан кейін де 3 рет бардық. Дархан халықтың талай дәмін тат­тық. Отызыншы жылдар ойранын көрген көнекөздерді тыңдадық. Барған сайын біз қарсы алған, жағдай жасаған Қарлыға апа, Өтеміс аға аруақтарын ұмытпаймыз. Және сексенінші жылдары осы ауданды басқарған Түрікпенбай Айжарықов мырзаға да алғысымыз алабөтен.
Сөйтіп, сол барғанда Қажекең жыр ететін Жемнің суына да сүңгідік. Қажекеңді бала күннен балықшы еткен де осы өзен. Атамыз атын суарған. Анамыз келіп су алған да осы өзен. Жем суына сүнгігенде Қажекең айтқан бір әңгіме есімізге түсті. Ағамыз әнгімешіл еді. Әсіресе бала күнгі балықшылығын айтқанда дауысы дала қыранындай саңқылдап, жанары от­тай жанады. Сондай әңгіменің бір қызған тұсында: «Балықты қармақпен аулау сөз бе екен? Ой-бой! Қызықтың көкесі балықты қолмен ұстап алғанда ғой», – деп те жіберді. Біз «ойпыр-ай, ә!» деп сенер-сенбесімізді білмей езу тартамыз. Біздің күлгенімізді көрген Қажекең тіптен өршеленіп:
– Өй, дәл солай! Бала күніміз де біз балықты қармақсыз-ақ жалаңаш қолмен аулайтынбыз. Қалай дейсің ғой! Күн ыстықта балықтар солықтап құмсақ жарқабаққа тұмсық тығып тұрады. Сол кезде су астымен келіп құйрықтан шап береміз. Өстіп ұстаймыз! – деп, Қажекең шыр-пыр болады.
Біз күдігіміз сейілмесе де үлкен кісінің уәжіне лажсыз көніп, сенген боламыз. Сол Жем осы. Бірақ «жарқабаққа тұмсығын тіреп қалғып тұрған» балықтар болмады бұ жолы.
Қажекең әңгімешіл. Әнгімені айт­пайды. Айтса түбін түсіріп айтады. Әнгімені қағазға түсірсе де сөйтеді. Естен шықпастай етіп жазады. Талант­ты жазушының бірнеше, әнгімелер жинағы жарық көрді. Осы әнгімелер негізінен бір үлкен тарихи романға алғысөз іспет­ті болған екен. Даңқты батыр, ұлы би, сұңғыла шешен қарадан шығып хан болған Сырым Датұлы туралы сүбелі шығармаға дайындық болған екен. Қажекең Сырым батыр романына 20 жыл өмірін арнады. Алдымен Сырым батырдың заманы туралы ұзақ сарылып қазақ, орыс архивтерінде отырды. Батыр өмірбаянын бір жүйеге келтірді. Нәтижесінде тарихи деректерден құралған кітап та шығарды. Тек содан кейін ғана Сырым батыр және оның халқы туралы, Қазақ Елінің сол бір сұрапыл жылдардағы дүрбелеңі туралы «Тар кезең» романын жазуға отырды. Роман 18 ғасырдың 80-шы жылдарындағы Петрбордан басталады. Патша шенеунігі Игельстромның Орынборға губернатор болып баруға дайындалып жатуынан бастау алады. Сол жылдардағы Ресей империясының Орта Азияға қарсы бағыт­талған отаршылдық саясатынан мол хабар береді.
Қазақтың сол тұстағы теңіздей буырқанған қилы тағдыры тарих сахнасына Датұлы Сырымды алып шығыпты. Қарадан шығып хан болған тұлға. Оу, хан тағында алшайып Әбілқайырдың көзі тірі ұлы Нұралы отырған жоқ па? Ата жолын мансұқ етіп тірі ханды тақтан тайдыратындай бұ қазаққа не көрінді? Дейсіз ғой. Осы тәрізді сұрақтарға жауап беру үшін жазушы оқырманын жетелеп сонау 1785 жылы Қазақстан батысындағы сары дала төсінде жылтыраған Жіңішке өзен бойындағы алқалы жиынға алып келеді. Жіңішке өзені бойындағы түксиген дөң үсті құрылтайға жиылған қарақұрым халық. Көптігінен жер қайысады. Тымақты қазақ түгел жиналғандай.Қазақстан батысын жайлаған Кіші жүздің үлкен үш атасының жақсы мен жайсаңдары, би-бағлан, батырлары түгел дерлік осында. Дөң етегінде қатарлай тігілген ақ боз үйлер.
Сөз тізгінін ұстап тұрған байбақты Сырым би, Сырым батыр. Сырым би сөйлеп кеткенде, ұшқан құс, жүгірген аң сілтідей тынады. Жер қайысқан көпшілік даңқты батырдың аузына қарайды. Өйткені осы отырған ел ағаларын осы құрылтайға алып келген – Жайық қазақтары мен ел қорғаны болады деген хан Нұралының арқаға аяздай батқан әрекет­тері еді. Бүгінде халық жаз жайлауы Жайықтың оң жағасы тұрмақ сол жағасын көруден қалған. Барса мылтығын шошаңдатып алдыңнан атойлап ат­ты казактар шығады. Бытырлатып төбесінен оқ атады. Қарсы шыққанды қиратып салады. Сөзге келмейді. Апарып абақтыға тоғытады. Бүндай кезде хан қайда жүр? Сол қатын патша шенеуніктерінің қолтығында жүр. Өзі халықтан шет­теп, орыс шебіне орнығып алған. Қазақты қорғаудан қалған. Бірақ қазақ атынан хан атанып патшаның шен-шекпенін шіреніп киюден жалықпайды. Сырым сияқты қарақұрым қазақтың сөзін сөйлеп, мұңын мұңдаудан қалған. Бар бітіргені – Бұқара, Хорезм, Хиуа мен Ресей арасын шаңдатқан орыс көпестерінің сауда керуендерін қақ-соқтан қорғау. Бұндай ханның енді қазаққа керегі не!? Бұндай жағдайда халық енді өз күнін өзі көруге көшкен. Қиыр жайлап шет қонған шаруа халықтың бар мұңы жаз жайлауы мен қыс қыстауы ғой. Содан айырылса жұтар ауасынан айырылмай ма! Міне, содан, жұтар ауасынан айырылған, бір шеті – Маңғыстау, бір шеті – Жайық, бір шеті – Сыр, алып даланы алып жатқан киіз туырлықтының игі жақсылары ендігі жерде ел басқару тізгінін қайырсыз хан қолынан алып, қарақұрым халық өкіліне беруді көздеп келіп отыр.
Сөйлер сөздің сұңғыласы Сырым би дауысы көкте қаздай қаңқылдап, қырандай шаңқылдап, қалың жиынға қадап-қадап осыны айтады. Сырым деп келіп отырған қалың жұрт жапыра сөйлеп, жалындап тұрған жас бидің ығына жығыла үн қатады.
Жиынға дейін де ықпалды ел ағаларымен тоғыз толғанып, он ойланған билік мәселесі болса, соның ұтымды шешімін, ұтымды тәсілін ортаға тастады Сырым. Ең алдымен үш атаның басын қосатын Кіші Жүздің үш атасынан өз арасынан ел басқаруға лайықты үш биді сайлауды ұсынды. Жиылған қауым теңіздей толқып, ара ұясындай гуілдеп өз араларынан ел басқаруға лайықты үш бидің атын атады. Олар Байұлы атынан – беріш Тұрмамбет би, Жетіру атынан табын – Тіленші би, Әлімұлы атынан – шекті Сегізбай би. Бұл үш би кеңесе келе төбе би етіп Сырым батыр Датұлын атады. Қалың қауым дуылдап қолдап кет­ті.
Сөйтіп, Кіші Жүз халқы осынау ел тағдыры таразыға түскен тұста елге берген антын бұзған Нұралыны тақтан тайдырып, қарадан шыққан Сырымды хан сайлады. Сол тұстағы ел тарихын үнгіп зерт­теп, үдете жазып, сарыла сурет­теген жазушы Мұханбетқалиұлының «Тар кезеңіндегі» Жіңішке өзені бойында 1785 жылғы күзде өткен тарихи құрылтайдың қысқаша мән-мәйегі осындай.
Романда сурет­телген бұл құрылтай күнтәртібінен біз нені көрдік? Біз ең алдымен көшпенді жұртқа тән дала демократиясын көрдік. Халқынан қол үзген ханның қандай кепті киетінін көрдік. Қазақ деген асау халықтың бодандық қамытына сыймай, ту көтеріп тулай бастағанын көрдік. Сырым көтерілісі қазақтың орыс отаршылдығына қарсы 1823, 1797 жылдар арасында өткен тұңғыш халық көтерілісі болғаны белгілі. Содан бастап бодандық бұғауын үзбек болған халық көтерілісі Исатай – Махамбет, Кеңесары көтерілістеріне ұласқаны мәлім.
«Қара ешкіге жан қайғы, қасапшыға мал қайғы» деген. Отаршыл жүйе, тіпті, екі жарым ғасырға созылған бодандықты «бақыт әкелген заман» деп қазаққа тойлатқаны да есте. Бодан халықтың бостандық жолындағы күрестерін жазуға тиым салғаны да есте. 1944 жылғы түрік тарихын зерт­теуге тиым салған Сталинның әйгілі қаулысын айтып отырмыз.Бірақ тәуелсіздік тұсында қазақ екі білекті сыбанып жіберіп, өз тарихын өзі түгендеуге кірісті. Ол қозғалысты жазушылар бастады. Олар «жабулы қазан жабулы жатқан» қазақ тарихының «ақтандақтарына» атойлап кірісті. Соның бірі – Қажығали Мұханбетқалиұлы еді. Ұлт тарихындағы сұраусыз кеткен сұрапыл жылдар шындығын қасарысып, қадала зерт­теп жүріп, қағаз бетіне түсірді. Оның «Тар кезеңі» – сол жиырма жылға созылған ақ тер, көк тер еңбек жемісі.
Сырымдай елім деп еңіреп өткен ердің соңында қалған ел де елдігін жасады. Сырымтанушы жазушы Қажығали Мұханбетқалиұлының бастамашылдығымен 2000 жылы Оралда Сырым Датұлының тарихи тұлғасын тірілтуге арналған конференция өткізіп, оған атышулы Әбе Нұрпейісов, Әбіш Кекілбаев, Салық Зиманов сияқты сұңғылаларды шақырдық дейді сол тұста облыс әкімі болған Қырымбек Көшербаев. Содан кейін ғана Оралда Сырымға ескерткіш қою мәселесі қолға алынды дейді. Оның айтуынша, орталық алаңда төбесімен көк тіреп, табанымен жер тіреп тұрған Ленин ескерткішін тұғырынан тайдыру оңайға түспеген. Өйткені совет­тік сананың сіресіп тұрған шағы еді. Өйткені кезінде Сырыммен күрескен Жайық казақтарының ұрпақтары облыстық, қалалық кеңестерде сіресіп отырған шағы еді. Казактарға Ленин қымбат. Қазақтарға Сырым қымбат. Сонда не істеу керек? Мәселені көп ырғаққа салып ушықтырмау үшін Көшербаевтың қолдауымен бір түн ішінде Ленин ескерткішін тұғырынан алынып, ол тұғырға дайын тұрған Сырым ескерткіші көтеріледі. Ленинге қала шетіндегі орманды парктен орын тиеді. Көсемді көксегендерге сонда барып сағыныштарын басуға жағдай жасалады.
Сөйтіп, Сырым батырдың еңселі ескерткіші әупіріммен Орал қаласының ортасында еңсе көтереді. Тірісінде ат белінен түспеген айбат­ты батыр, өлісінде де ат беліне қонып енді кірпік қақпай тәуелсіз Қазақстанды қорғап тұрғандай.
Бұдан біз нені көреміз? Бұдан біз тәуел­сіздікті отыз жыл бұрын жарияласақта, сол тәуелсіздік үшін арғы-бергі тарихта күрескен ерлерді ұлықтау ісінің оңайға түспегенін көреміз. Сіресіп қалған совет­тік сана тоңын бұзу оңай болмағанын көреміз.
Біз бүгін қазақ тарихын, оған жасалған 250 жылдық қиянат­тан құтқарушылардың бірі – жазушы Мемлекет­тік сыйлық лауреаты Қажығали Мұханбетқалиұлы туралы айтып отырмыз. Сырым батыр елім деп ат белінен түспесе, Қажығали қаламгердің де елім деп еңіреген қаламы өл-өлгенше қолынан түспеп еді. Бүгінде Қажекеңнің арамызда өзі жоқ, бірақ сөзі бар. Жазушы еңбегінің ерекшелігі сол емес пе?! Тасқа басылған сөзі ешуақыт­та ат белінен түспейді емес пе?! Соңында қалған сөзі халқы үшін күресті жалғастыра береді емес пе?! Сөз өнерінің құдіреті де осы емес пе?!
Ендеше, елім деп еңіреп өткен ерлердің Елі, ұлтым деп өткен Ұлдарын ұмытпай ұлықтай берсе дейміз.

Смағұл ЕЛУБАЙ,
жазушы Түркі дүниесі әдеби
сыйлығының лауреаты, жазушы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір