Қастек қалашығы
02.12.2022
394
0

Қастек асуы ежелден Шу мен Іле аңғарларын байланыстыру үшін қызмет еткен. Бұл асу туралы жазбалар ХV ғасырдағы Темірдің жорығын сипаттайтын деректерде сақталған. 1375 жылы Темір әскері Іле алқабынан Атбашқа Кара-Касман (Қастек) асуы арқылы өтті.

Орта ғасырлық Қастек қалашығы Алматы облысы, Жамбыл ауданының Қас­тек ауылынан 2,5 шақырым қа­шық­тықта, Қастек өзенінің сол жағалауында Суықтөбе тауының етегінде орналасқан. Теңіз деңгейінен 1296 м биіктікте.
Қалашықтың жалпы ауданы – 30 га. цитадельдің өлшемі С–О– 210 м, Ш–Б – 150 м, бұл 4 гектарды құрайды. Қала бекініс қабырғасымен қоршалған, оның қалыңдығы 15 метрге дейін, биіктігі 4 метрге дейін көтерілген. Қорғаныс мұнаралары орнында шұңқырлар мен төбелер біліктің жотасынан көрінеді. Қалашықтың топографиясында қабырғалардың ішінде орналасқан 14 мұнара мен 32 ірі үй-жай ерекшеленеді, негізінен өзен бойында орналасқан басқа да көптеген құрылыстар бар. Шығыс тарапынан басқа үш жағынан біліктің айналасында тереңдігі 0,5–2 м және ені 3-4 м болатын бұрынғы шұңқырлар байқалады. Қаланың шығыс бөлігі өзеннің биік жағасында орналасқан, қалған ғимараттар оған тіркелмеген. Кіреберіс қабырғалардың ортаңғы бөлігі бір-біріне қарама-қарсы орналасқан.
Қалашықты археологиялық зерттеу жұмыстары 2013 жылдан бастау алды. Қалашықтың жалпы ауданы 30 га құрайды, 7 жыл ішінде 8000 шаршы метрден астам жері зерттелді. Қазіргі уақытта бұл археологиялық ескерткіш Қазақстан аумағындағы кең ауқымды археологиялық зерттеулер жүргізілетін кешен саналады. Қалашық 5 құрылыс көкжиегінен тұрады. Көне тарихи кезеңдердің куәсі бұл аймақты кезінде Батыс Түркі, Қарлұқ қағанаты, Қарахан мемлекеті халықтары мекендеген.
2013-2020 жылдар аралығында қала аумағында «Жетісу археологиялық экспедициясының» жетекшісі Ә.Х.Марғұлан атындағы Археология институтының бас ғылыми қызметкері археолог А.А.Нұржановтың басшылығымен ауқымды қазба жұмыстары жүргізіліп келген. Осы уақытқа дейін зерттелген археологиялық қазба жұмыстарының нәтижесінде құнды экспонаттар мен тарихи мәліметтер туралы 30-ға жуық ғылыми мақалалар жарияланды.
Ғылыми еңбектерде Солтүс­тік-шығыс Жетісу қалаларының қалыптасуы мен дамуы қарастырылған. Осын­дай қалалардың біріне Қастек көне қаласы жатады. Қастек көне қаласы – топографиясы мен қорғаныс жүйесі бойынша Іле Алатауындағы ірі орта ғасырлық қалалардың бірі болған. Табылған артефактілер бойынша қала экономикалық, шаруашылық, мәдени, сауда орталығы болғаны анықталды. Қала орнынан бірнеше үй-жайлардың, көлемді архитектуралық және ғұрыптық құрылыстардың орны ашылған.
VІІ ғасырдың соңы мен ІХ ғасырдың басында қала ретінде қалыптаса бастаған, ал ХІІІ ғасырдың басына дейін гүлдену кезеңін бастан өткерген археологиялық қалашықтың құндылығын ескере отырып, қорғап сақтау мақсатында республикалық ескерткіштер тізіміне енгізу – бүгінгі күннің басты талабы. Осы орайда 20.04.2022 жылы берілген №22007441 лицензиясымен жұмыс атқарып отырған Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі, Мәдениет комитетінің «Таңбалы» мемлекеттік тарихи-мәдени және табиғи музей-қорығы» республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны ҚР 26.12.2019 жылғы №288-VI «Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы» Заңына сәйкес «Қастек» қалашығына жүргізілген археологиялық зерттеу жұмыстарының нәтижесінде тарихи-мәдени сараптама әзірледі.
Аталған сараптама негізінде Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен «Қастек қалашығы» археологиялық тарихи-мәдени ескерткіштер кешенін республикалық маңызы бар ескерткіштер тізіміне енгізу жұмыстары бастау алды. Болашақта аталған аймақ Алматы облысындағы маңызды тарихи нысан ретінде отандық туризмнің дамуына үлес қосады деген сенімдеміз.

М.Әмірғалиев,
«Таңбалы» мемлекеттік тарихи-мәдени

және табиғи музей-қорығының директоры

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір