Тендер ме, «жеңдер» ме?
25.11.2022
527
0

Үлкен қаланың нән бастығы Тендер жариялады. Ол судай жаңа балабақшаға, жап-жаңа мектепке, бір аурухананы күрделі жөндеуге деп қомақты қаржыны бөліп қойды. Бөліп қойды дегеніміз – ешкімге ұстатпай қойып қойды. Сол – сол-ақ екен, араны ашылған арамы да, қыста қар бермес сараңы да, құндыз жағалы да, имантаразысы жоғарысы да картаның ойынындай талас-тартысқа кірді де кетті.
Бұл тартысқа күзірлі жердегі көке де, ұлы шенеунік шеше де, жатыпішер депутат та, сараймен қыз алысып, қыз беріскен құда-жекжат та жанашыр, жанкүйер болып араласып кетті. Қайтсін енді, құлқыны тесік қу пенде халықтың есебінен түсіп жатқан мол қаржыдан дорбалап болмаса да қалталап қақшып қалам ба деп дәмеленеді ғой. Бірақ қаланы ашса – алақанында, жұмса – жұдырығында ұстап отырған нән әкім бұл қаржы жеті атасынан қалған әулет мұрасындай тақымына басып, шашау шығарар емес. Ерте көктемде басталып кететін жұмыс, жаз шықты, әлі қозғалар түрі жоқ. Себебі тендерде сайысып жатқан сайқымазақтардың образдары ұнамай жатыр.
Бірінші құндыз жағалы келді. Жоспары – тік, сапасы – нық құрылысты қатырмақшы. Әттең, мұның үлесіне көңіл көншитіндей «шәпке» кигізбей тұр.
Ішінен: «Сендегі құндыз жаға өзімде де бар», – деп жақтырмай шығарып салды.
Келесі сараң кірді. Жоғарыдағы құрдасын айтты, парламенттегі құдасын айтты, үлкен бизнестегі курстасын айтты. Бәрібір, оның да меселі қайтты.
Имантаразысы жоғарысы кірді. Екпіні – арынды, сөзі – нанымды, бастамасы – жағымды. Әкім ойланды, толғанды, қақырынды, түкірінді, «шәпке» тілеп отырған басын ары сипады, бері сипады, ақыры тиісті кісілермен ойласып көретін боп шығарып салды.
Соңынан арамы кірді. Арамының көпірмесінен кейін әкімнің ажары кірді.
Арам:
– Мәртебелі мырзам-ау, мемлекет бізге нәсіпті тендер деп береді, есебін тауып жеңдер деп береді. Қалтаңа сиғанша тық, атың көтергенше өңгер деп береді.
«Еліңде бар ерніңе тиеді» деген. Алдымен ерінге тигізіп, майлы тұстан сіз асайсыз. «Бал ұстаған бармағын жалайды»… Біз бас бармақ пен сұғанақ сұқ саусаққа жұққан жұғынға қанағат қыламыз, қалғанының бәрі халық игілігіне арналады ғой, – деді бірден.
– Дұры-ы-с, – деді көзінде жымысқы күлкі ойнаған нән бастық. – Қампиған қалтаны байқап қоятын «финпол» деген бар, тырнақ астынан кір іздеп, таппай қоймайтын прокуратура бар. Оларды қайтпекпіз?
– Оның бәрі шешілген. Олар да шұға мен мақпалдан киіт киеді, саунаға барып сұлу сүйеді, сосын арқадан қағып, қарқ-қарқ күледі.
– Шұға мен мақпалдың орнына лағыл мен жақұт сұраса, қайтесің?
– Онда өз обалдары өздеріне. Көк тіреп отырған көкемнің туыстары өз үлестерін алып алады. Келіспесе, өз оттарына өздері күйеді, кешірім сұрап, солардың артын сүйеді.
Іс бітті, қу зытты. Тендерді «жеңдер» деп түсінген нән бастық ерінге дәмді ас тиген соң көтенішек айналғанша боқ қарынды толтырды. Бармақтан ғана бал жалайтын арамы екі қолын білегіне дейін тығып, қолтығына жеткізді. Күз түсіп, қыс басталды. Мектеп пен бақшаға сыймай бала жүр, шырылдап ата-ана жүр. Іргетастың орнын қазуға келген эксковаторға жанармай жоқ. Нән бастық пен сыбайластың көңілі тоқ. Себебі оларда ұят жоқ.

Кесір қайда, кесел кім?

Астапыралла! Астам сөйлемейік, күпір айтпайық. Десек те, біреулер қулық есепке жүйрік. Аурудан асап жатыр, жетімнен жеп жатыр. Бүлінгеннен бүлдіргі ап, құдай берді деп жатыр. Қажылықтан да біреуге арам пайда кеп жатыр. Жарасқанның тілімен айтсақ: «Теледидарды ашып қалсаң – ауру, радионы қосып қалсаң – ауру, фейсбукқа кіріп қалсаң – ауру, саябаққа жүріп барсаң – ауру… Аялдамадан түсіп қалсаң – ауру, тығындалып тұрып қалсаң – ауру. Көл жағалай сейілдесең – ауру. Біреуге қарап мейірленсең – ауру»!
Астапыралла, албастының апасы төнетін – ауру, тезірек ақша жинамасаң, көп ұзамай өлетін – ауру! Шетелдің дәрігерлері ғана жөндей алады, солар ажалмен арпалысып өңдей алады. Сол үшін де ақысын адамның құнымен теңдей алады. Ал өз дәрігерлеріміз не бітіріп отыр?! Ие-е, өз ішімізде пара көп, шара жоқ. Сала көп, сана жоқ. Мақтау көп, ақтау жоқ.
Әртүрлі құбыжық кеселдерді көріп, елдің зәресі ұшып жүр, көңілдері түсіп жүр! Денсаулық басқармасындағылардың кеуделеріне нан пісіп жүр.
90-жылдан бері елімізде маман тәрбиелеп жатқан оншақты университеттер мен Ғылыми орталықтар доңыз тағалап жүр ме? Әйтпесе, ауыр кеселдер неге шетел жағалап жүр?! Әлде, сол бейшара, бейбақ көрсетіп қойған «құбыжықтар» қудың айласы мен арамның пайдасы ма?!
Қолдарынан қоламта көсеу де келмейтін оқу орындары мен емдеу орталықтарын жаппай жабайық, сол қыр­уар шығынға жастарымызды шетелде оқытып алайық! Не дейсіңдер, халайық?!

Аспандияр ӘДЕНҰЛЫ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір