«БІЗ – ІР ӘЛЕМБІЗ!»
26.11.2022
3120
0

Түсінікті мен түсініксіздің арасындағы есік
(1939-1944)

1939. Варшава.
Орталық станцияның радио толқынында тікелей эфирде Шопеннің «Нюктоурн толқыны». Ең әдемі бір сәт­ті құрап тұрған кеңістікте фортепианода ойналып жатқан жылымық әуен белгісіз бір дүниеден хабар беретіндей…
Бұл үн – ғасырдан-ғасырға ұласқан, тұлға мен тобыр тартысқан заманалар шындығын музыка тілінде бүкпесіз жеткізген Шопеннің шедеврі.
Ол – «Моцарт­тың адамзат екенін білген соң, біз адамзат­тан үлкен үміт күтеміз» деген сөзді айт­ты дейтін Альберт Эйнштейн тыңдаған, бұл әлем жаралғалы шырқалып тұрған тылсым әуен.
Ол – Тұңғиықтың қырауы шалған байырғы, бағзы замандардан көтерілген, жүрегіңнің түкпірінде бар екенін өзің де білмеген етене сыр-күйді қозғап, он екі мүшені талдырған Тәт­тімбет санасындағы сарын.
Ол – табиғат­тың шаранасында шайқалып, өн-бойынан туындаған, қысынан жаздың қапырық ыстығы байқалатын, көктемінен күздің сарғыш бояуы есетін Вивалдидің аңғарындағы төрт мезгіл күйі еді.
Хәкім Абайдың ақылға, Жақсының да, Жаманның да қалауын орындайсың деген іспет­ті музыка да сегіз миллиард адамның таңдауына сегіз миллиард түрлі жауап береді. Бұл, әрине, әуеннің шексіздігі. Дегенмен көңіл ауанындағы күдікті сейілтер, белгісіз үміт жетегінде, белгісіз бір қуанышты күткен бұл күйден төгілген сезім сондай жайбарақат, сондай жылы, қоңыржай тартатын. Шопеннің күйі, әне, дәл сол еді.
Осы сәт­те әсем музыканың жалғас­у­ын орта жолдан үзген үлкен жарылыс орын алды. Бұл тек музыканы ғана емес XX ғасырдың алғашқы жартысындағы әлемдегі бейбітшіліктің талмау тұмсығына тиген, батыс елдерінің, нақтырақ айтқанда, Германияның Поль­шаға басып кірмекші болған жауыз ойының бастамасы еді.
2002 жылы түсірілген Роман Поланскийдің «Пианист» фильмі осылай басталатын. Фильмдегі музыкант Эдриен Броудийдің осыдан кейінгі бұлыңғыр өмірі, Еврей халқының жан төзгісіз тайғақ кешулері басқа бір мақаланың жүгі болмақ.
Адамзат адамзат болғалы небір қан-қасапты, қанды қырғынды басынан өткерді. Азуын айға білеген алпауыт империялардың халқы аз, жері ұлтарақтай әлсіз елдерді отар қылған кезеңдері көп-ақ. Иә, еркін өмірдің қызығы үшін қымбат төлеуге тура келеді. Аузынан шыққан ақ көбік қызыл қан боп төгілетін сондай дүбәра шақтарда небір даналар, батырлар әділетсіздікпен күресті. «Еркіндік деген қорғансыз тақтайды желдің өтіне шаншып кету емес» деді олар. Уақыт жылжыған сайын олардың күрескер қаруы қаламға, тіпті одан да биік өнер тұрғысына көшті.
Кешелі-бүгінгі болып жатқан жағдайларға қарап тұрсақ, әлемнің бірізділігіне, бейбіт ғұмыр кешуіне көзге шыққан сүйелдей қарайтын оқиғалар бар. Адам тағдырын, ұлт тағдырын тәлкек етуге құмар топтасқан адамдар немесе орта болады, осы сөзімізге дәйек 1945 жылы тоғызыншы мамырда фашизмді жеңдік деп қуанған Ресей империясы бүгінгі күні бейбіт ел Украин­ға соғыс ашып, әлем халықтарының көзқұртына айналған фашистік қадамға өзі барып отыр. Сол жиіркенішті дүниені айналып келіп өзі жасап отыр, тағдыр талапайыңа жазса, Бақытың (Сорың) таразының екінші басына көше салуы оп-оңай шаруа екеніне көзімізді жеткізді бұл жәйт.
Жылға жуықтап қалған соғыстың салдары қаншама адамның жанын жалмап, қаншама дүниені қиратса да Украин халқының жігерін үгіте алған жоқ, өйткені олар ақиқат өздері жағында екенін жақсы біледі. Олар Jamalaның «1944» әнін шырқады, олар Украин халқының мәңгілік рухын шырқады.
Кезінде Қырымды Ресей аннексиялап алғаннан кейін Қырым татарларына қарсы репрессияның қайта күшеюі кезінде шығарылған бұл ән – Украинадағы ең танымал әндердің бірі. Ол баяғыда ұмыт болған, сағыныш сазына толы, жан жүрегіңді жылытар мұңлы толқын-ды.
Біз болашақты қандай көркем деп елестетсек те, өткенімізге сондай ғашықпыз. Сол өткеніне деген ғашықтықтан қаңырығы түтеген, кешегісін аңсаған, қайта іздеген халықтың жадында сақталып, араға уақыт салып туындаған «1944» әуезінен өксік аралас ашыныс, күйікті сезінесіз. «Қайырлы болсын сіздерге, бізден бір қалған Еділ жұрт» деп жырлаған Қазтуған жыраудай шарасыздықтан, дәрменсіздіктен, қимай тастап кетіп бара жатқан халықтың жанайқайын тыңдайсыз.
Уақыт сұлулықты еңсереді, махаббат­ты өлтіреді. Алайда музыкант­тың жүрегінен шыққан сұлулық уақытқа бағынбайды. Jamalaның «1944» әні – сондай сұлулықтан туындаған сұлу әуен еді.
Толерант­тылық соғысқа, зор­лық-зомбылық жасауға жүрмейді. Бодандыққа басын имеген Қырым татарларының зары, мұңы, тәуелділікке бағынбайтын тұтқын ойдың күйініші әуелейтін еді бұл музыкадан.
Біздің жүрегіміздің терең тұңғиығына жасырынған елеусіз үрей, жарылуға шақ тұрған ыза мен кекті сурет немесе мүсін өнері біз ойлағандай көркем бейнелеп бере алмайды. Ішіңдегі құмыққан дауысты, ышқынған айқайды шығаратын ол – музыка. Ол – «1944».

Bill Heley мен NINETY ONE

Мынау өмірдің қисапсыз қызығын кешкен адам баласы бозала көңілдің бір тарабынан бұрын болмаған, басқа, беймәлім сананың оянғанын анық сез­се, оны өнердің, әуеннің құдіреті деп біліңіз. «Қайғы мен қасірет – адамды басқа жәндіктен биік еткен жалғыз қасиеті» дейді Таласбек Әсемқұлов. Осыған дейінгі ғұмырда өмір сүрген қаншама тіршілік иесінің мың миллион қайғысы, азабы бар болса, сонымен қатар мың миллион әуезі бірге өмір сүрді.
Үн – барлық тіршілік атаулының бастауы, ұйығы десек, одан сан тарау болып шыққан ырғақ қандай да бір көңіл күйді немесе сан қырлы мәселелердің, тақырыптардың барлығын сөйлете алады.
Екі реткі дүниежүзілік соғыстан ке­йін адамдар соғыстан шаршап, мамыражай тұрмысқа көшті. Сол тұста әр түрлі өнер өкілдерінің жаңа бағыт­тағы жаңа туындылары өмірге келді. 1955 жылы шыққан Bill Heleyдің Rock Around the Clock деген синглі Рок стилін алғаш рет сахнаға алып шығып, тыңнан түрен салған ғажап туындыға айналды. Ол алғаш шыққанда америкалық хит-парад­тарда сегіз апта бойы бірінші орыннан түскен жоқ.
Рок-н-роллды Bill Heley танытқа­нымен, оның бастау тұнығы қара нәсілділердің шығармашылығына тән еді. Атақты John Lennonның «Қара нәсілділер Рок-н-ролл арқылы ақ нәсілділерге өзінің тәнін, жанын түсінуді үйрет­ті» деген екен. Музыканың әлемді өзгерту күші, ықпалы, міне, осында. Үш ғасыр бойы құл ретінде қаралып келген қара нәсілділер ендігі кезекте ақ нәсілділердің тұрғыласы, тұстасына айналды. Бір ұлт­тың, бір нәсілдің жүрек түкпіріндегі қарсылығын айтып, оны шарасыз, оқшау күйден оңашалаған, қарсы жағына мойынсұнтқан, жеткізе алған ұлы күш, ол – музыка. Ол – Рок-н-ролл.
Бұл оқиғаларға түрткі болған нәрсе сол кезеңдегі жай ғана жаңашылдықты әкелулерден бөлек, әннің мәтінін жазатын ақындардың, ақын жанды әншілердің сахнаға келуі еді. Олар саясатқа, халықтың әлеумет­тік көзқарасын өзгертуіне үлкен себеп болды. Миллион­даған адамдар жан тәсілім қылған соғыстан кейін осындай жылымықтың келуі – бұлт артынан шыққан күндей заңды құбылыс еді. Ал оны сезіну «Құпия кездесу» картинасында берілгендей, Ғайсаны өлтірерде Яһуданың бет жүзін күнәнің көлеңкесі жауып тұрғаны сияқты қанық әрі жұмбақ дүние.
Біз енді өзіміздің қоғамнан Bill Heleyді іздесек, 2014 жылы, жоо-жоқ, 2015 жылдың сегізінші қазанға қараған күні қазақ музыка әлемінде бір топ ұрда-жық, есерсоқ әншілер пайда болды. Шаштары қызыл, жасыл… құлағында сырға, қызға тән бояулары бар, әндері – қазақ даласында бұрын-соңды естіп білмеген, мүлде бөтен әуен. Сайтанның жын ойнағы дерсің. Жаңа топ жастардың қызығушылығын оятқанымен, артынан қызыл сөз, төбесінен қара бұлт төніп тұрды. Сол кездегі аға, апа болып жүрген эстрада жұлдыздары оларды атқа теріс мінгізіп, адам қатарынан бірақ шығарды. Оңтүстіктегі бір топ айтыскер ақындар «Отырарда Арыстан бап, Сайранда сансыз бап, Түркістанда түмен бап жатыр, осы киелі мекенге жындардың, Нәнтиуәннің келуіне ешқашан жол бермейміз» деп даурықты.
Бір қызығы, сол адам қатарынан шығарылған Ninety one тобының дебют­тік «Айыптама мені» әні Gakku арнасынан 14 апта бойы бірінші орынды берген жоқ.
Дауыл алдындағы самал желдей ескен бұл кезең Ninety one тобының алғашқы құмбұлауға түсіп, тер шығарғанындай еді. Одан кейінгі екпінді, ұйытқыған боранда олар дауылпаздай самғап, өршелене қанат қаққан болатын.
Өнердің кез келген бағыты адамның түйсігіне мұқтаж. Осы тәуелсіздіктен кейін туған жас ұрпақ өкілдерінің Bari biled деген керемет синглі бар. Бейнебаян, әуез, ән мәтіні барлық адамзат­тың мұңын шағады. «Шіріген білімнен артық ештеңе жоқ, күшің әлсіздікке айналса, неге сен емес олар жылайды» дейді. Немесе, «Сөз шығар жолын іздемейді, Мен басты кейіпкермін, жанрды өзім таңдауға тиіспін». Осы тақылет­тес сөз, бояу, сарын.
Музыкалық түйсік пен кемеңгердің парасатын жымын білдірмей тарамдап, қиыннан қиюластырған жас топтың түйсігіне, данышпандығына, батылдығына дау жоқ-ты. Иісі адам баласының азабына ортақтасып, жоғын жоқтаған туындыда «Жеті миллиард бір бүтін ел» деген мәтін жиі қайталанады. Біздің құлағымызға үйір таныс сөз, таныс дыбыстардай емес, одан мүлдемге өңге өң бар.
Бір адамның бір ғұмырдағы ақпан-қаңтарларын санап отырар киелі есепші қайдан табылсын! Әйтсе де осы бір толқынның ешқандай жас айырмашылығына қарамай, ғаламшарымыздың қалтарыс, көлеңке тұстарын танып, әлсіз болса да жылу, жарық сыйлағанына, еркіндікті, ортақтықты әуенге арқау еткен таңдауына бас иземей көріңіз енді.
Ал әу баста осы топтың өркендеуіне қарсы шыққан кемеңгер парасат иелері бұл кезде той-тойлап, қызық қуып жүргеніне еш күмән жоқ.

Өнердің ақырғы аялдамасы

Уақыт біздің әрбір тыныс-демімізбен өмір сүріп жатыр немесе, керісінше, біздің әрбір тынысымыз уақыт­та. Сол уақыт еншісіне құрылған мағынасыздықтан әр адам әр түрлі алданыш іздейді. Бірі жұмысынан, бірі әуесінен, махаббат­тан, Құдайдан, т.б.
Ал мені… мені ескі бір әуен ғана құтқарады, ескі бір сарын ғана құтқарады бізді. Әлем алғаш жарылыстан пайда болғанда шыққан алып, жойқын үн ғана құтқарады бұл дүн-дүнияны. Күллі әлемнің сұлулығын кішкентай ғана ұяшыққа сыйдыратын ол қандай күш?! Қазір бірге еске алайық.
Қай жылы еді?
1986 жылы 25 ақпанда Лос-Анд­желестегі мәдени ескерткіш Shrine Auditorium театрында 28-реткі Грэмми премиясын табыстау рәсімі өт­ті. Төрт бірдей музыкалық бағыт­тағы марапатқа ие болған туындының аты – We are the world. Осы жеңісті нәтижеге дейінгі процесті қайтадан көңіл көкжиегімізге елестетіп, сәл шегініс жасайық.
Мынау жұмыр жердің бетінде өмір сүретін тіршілік атаулының ең бақыт­тысы һәм бақытсызы да адамзат екен. Құдай оларға ең ерек тұлға ретінде сана берсе де барлығына бірдей тепе-теңдікті ұстар нығымет бұйыртпапты. Біреуінің қисапсыз, ырғын байлығы болса, біреуінің қолы қысқа. Бірінің көңілі күндей шұғылалы, бірінің іші үңірейген тар қуыс. Ақ, сары, қара түсті болып, бөлінуге деген таңдау жетерлік екен.
Бір жерге өркениет ерте жетсе, тағы бір өңірге кешеуілдеп барады. XX ғасырдың соңғы ширегінде әлем жаңа тыныс алып, үздіксіз даму үдерісінде жүріп жатқанда, Африка құрлығындағы адамдарды аштық жайлай бастады. 1984 жылы бұл жағдай Эфиопияда тіпті ушықты. Европалық, Америкалық басылымдарда құлаққағыс болып жатқанымен ешқандай шара қолданбағандықтан, бұл жайт жарылған жанартауды бесікке бөлеумен бірдей еді. Сол кезде Американдық музыка менеджері, телепродюссер Кен Крагенге аштықтан құтылуға Африкаға арналған сингл жазу туралы ерекше ой келеді. Оның ойынан шығатын ауыр міндет­ті қуана-қуана құп алған Лионель Ричи мен Майкл Джексон болды. Осыдан жеті апта өткеннен кейін әуен де, мәтін де Майкл Джексонның студиясында толық аяқталды. Америкалық және Африкалық жұлдыздардан құрам тапқан 45 әнші апта бойы синглді жазып, жаңа бір тарихи әннің жарыққа шығуына атсалысты. Ендігі кезекте әлемнің түкпір-түкпіріне тарап, миллиондап тыңдалған әуен мен миллиондап сатылған күйтабақтар ғана күтіп тұрған еді оларды.
Біз ешқашан жетпеген тыныштық, ешқашан жетпейтін бейбітшілікті жырлаймыз. Барлық өнер түрінде айтылып келе жатқан мәңгілік тақырып бар болса, онда ол – Бейбітшілік, Теңдік, Еркіндік. Соғыссыз, бір-бірін қанаусыз әлемнің бір арнаға түсуі. Жер басқан әрбір адамның бақыт­ты өмір сүруі. We are the world соны айтады.
Біз – бір әлембіз! Қанша жерден нәсілге, ұлтқа, мемлекетке бөлінсек те, бәрібір тарыдай меңнің ішіндегі бір-біріне шырматылып, қиюласып жатқан тағдырлармыз. Ол әлемнен бізді ажыратар күш ешқашан тумақ емес.
Адам санасы табиғат­тан асып ештеңе жарата алмайды. Табиғат аясында, жалғыздықта ғана шын мәнінде азатсың. Бұл жерде We are the world еш құпиясыз, астарсыз, кез келген адам түсінетін реалистік бояуда адамдардың жүрегіндегі нәзік сезімді, аяушылықты оят­ты. Бір сәтке жауыздықты, әділетсіздікті, әлемде болып жатқан теңсіздікті ұмыт­тырды. Адам табиғатының болмысын жан дүние­мізге еш бүкпесіз жеткізді. Есімізден кетпес, жадымыздан өшпес «Қаңтар оқиғасы» болсын, Ресей-Украина арасындағы қақтығыста немесе одан бұрындары болған әлемдік ұрыс-керістерде болсын сол зұлмат­тардан қалған жара барлық әлемнің жарасы екенін білдік. Бір күннің сәулесі, ғаламшарымыздың ауасы бәрімізге ортақ дүние екенін сезіндік. «Біз – әлембіз» деген сыбыр естіледі құлағымызға. «Біз – бір әлембіз» деген сондай бауырмал, жылы үн жетеді жүрегімізге.
We are the world жаңа тарихтың парағын еш қымсынбастан асқақ, сондай паң, өр шабытпен ашты. Автор Лионель Ричи мен Майкл Джексоннан сырт Рэй Чарльз, Билли Джоэл, Тина Тернер, Боб Дилан бастаған жұлдызды топтың хоры сол кездегі әлемдік хит-парадтардың алдын бермей, дүние­ні дүр сілкіндірді. Сингл шыққаннан кейін гуманитарлық мақсат­та 149 миллионнан астам доллар жинады. Ақшаның 90 пайызы Африкалық қорға көмекке берілді. Бұл саяси маңызы зор ән ретінде де танылды және әлемнің назарын Африкаға бұрын-соңды болмаған деңгейде күшейт­ті. 2010 жылғы Гайтиде болған үлкен жер сілкінісінде де Лионель Ричидің бастамасымен Джастин Бибер, Селин Дион, Майли Рэй Сайрус сияқты бір топ жұлдыздардың орындауында екінші рет қомақты қаржы жинап, Гайтиге үлкен қолдау білдірген еді. Есесіне, бұл өміршең шығарманың ғұмыры да жарқын болды. Жоғарыда айтылған 1986 жылғы «Грэмми» премиясын табыстау сәтінде «Жыл рекорды», «Жыл әні», «Ең үздік вокалдық поп жұмысы» (әдет­те бірге орындамайтын әртістердің вокалмен бірлескен орындауы үшін) және «Ең үздік қысқа метражды музыкалық бейнебаян» марапатын қатарынан жеңіп алды.
Тамырлап, түбірлеп келгенде бұл сұлу әуен әркімнің ішкі жан дүние­сінен шырылдап әділет сұрайды. Бір жердің үстіндегі адам баласының бір-біріне деген сүйіспеншілігін, махаббатын, ортақтығын меңзейді. Мәңгілік ақиқат жолының уақытпен бірге мәуелеп, өсіп-өнерінің белгісін білдіреді.
Адамның өнерге деген талғамы сыры ашылмаған, ұлан-ғайыр жұмбақ әлем ғой. Жақсы шығармада ұлт, нәсіл болмайды. Ол адам ат­ты перзент­тің бәріне түсінікті. Ұлы өнердің түп мұраты осы болса керек.
Біздің күнделікті естіп жүрген әуен­дер шын мәнінде біздің ырқымызға бағынбайтын тылсым дүние, музыканың біз естімейтін екінші қабаты бар. We are the world – сол.
Адам қат­ты жараланғанда шедевр дүниені өмірге әкеледі. We are the world – соның жемісі.
Өнердің біткен жерінен қайтып отыратын мыңжылдықтарда туатын адамдар болады. Өнердің ақырғы аялдамасынан қайтып отыратын, ғасырларда туатын шығармалар болады. We are the world – сол. Соның тура өзі.

Тілеубек БАТЫС

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір