Төлеуханның Орынборға жорығы
20.11.2022
604
0

Төкең, Төлеухан Бідірәлі Орынбор барып қайтыпты

– YouTube (Ютуб) арнасынан орынборлық бір қандасымыздың бізге қарата: «Ау, бауырлар! Орынбордың қазағын ұмытып кеткен жоқсыңдар ма? Біз мына жақта ормандай орысқа жұтылып барамыз. Осы жайымызды ескеріңдер. Келіңдер, араласайық. Сүйек жаңартайық, құда болайық. Балаларымыз оқитын мектептерде бірде -бір қазақша оқулық жоқ. Үлкендер жағы қазақша газет-журналды көруден қалдық», – деген сөзін ести сала Орынборға тартып кеттім, – деп бастады ол әңгімесін.
– Ал тартып кеттіңіз. Ары қарай не болды?
– Алдымен Ақтөбеге жетіп алдым. Ақтөбеден Орын­борға автобус жүреді екен, соған аяқ арттым. 4-5 сағатта Орынборға жеттім. Жеттім де, бірден теміржол вокзалының қасындағы қонақ үйге орналастым. Содан, «қой, бір жөн білетін адам тауып алайын» деп, Орынбордың орталық мешітіне бас сұқтым. Көз байланып қалған шақ, мешіт жабылғалы жатыр екен. Менің жолаушы екенімді, қалаға бөгде адам екенімді сезді ме, Хамит есімді мешіт қызметкері қолыма қоярдай қоймай 500 рубль ұстатып, «мына жақын маңдағы мейрамханадан тамақтанып алыңыз» деп, жол сілтеп жіберді.
– Е-е, Хамитің бір Құдайға қараған жан екен. Қазақ па өзі?
– Жоқ, татар.
– Содан мейрамханаға кірдіңіз?
– Иә, мейрамханаға кіріп, асқа тапсырыс бердім де, басымды алдыма қойдым…
– «Басымды алдыма қойдымыңыз» қалай?
– Жолда, Түркістаннан ұйытылған қойдың басын сатып алғанмын. 7 қараша туған күнім ғой. Туған күніме өзімнің өзіме жасаған сыйлығым еді. Жолда жартысын мүжігем, сол жартылай мүжілген басты алдыма «алдиярлап» алдым да, туған күнімді жалғастырдым.
– Романтично!
– Мүжіп, миын жеп бол­ған соң, қойдың басын мейрамхананың елеусіздеу бір бұрышына қалдырып кеттім.
– Неге?
– Ырымдадым. «Көне астанамызға, міне, қойдың басы келді, енді біз келеміз» деген ырым ол.
Қонақ үйден ертеңінде тұрып, Орынбордың базарын тауып алдым. Базарға барсам, қазағым базарда толып жүр. Сондағы жасы елулерді орталаған қазақтың бәйбішесінен «Доңыз» деген ауыл барын, әлгі ауылда қазақтар тұратынын білдім. Доңыз ауылы Орынбордан 30-ақ шақырым жерде екен. Салып ұрып, Доңызға жеттім. Ауылда мешіт бар екен. Мешітті Сағынай деген кісі ұстайды екен. Сағынаймен мешітте жолығып, танысып, үйінде бір күн қона жатып әңгімелестім.
– Араларыңызда не әңгіме болды?
– Арғы-бергі аз-кем тарих, қазақтың қонысы, туып-өскен жерлері жайында әңгімелестік. Сағынай саясатқа баспай қойды. Мен Путиннің озбыр саясаты туралы айта бастап едім, Сәкең шоршып түсті. «Орысқа қарасақ та, өз жерімізде өмір сүріп отырмыз. Біз – ресейлікпіз. Ресей аман болсын, Мәскеу аман болсын, Путин басшымыз жасасын!» – деді Сағынай.
– Сағынайға газет-журнал, кітап бере алдыңыз ба?
– Бердім. «Қазақ әдебиетінің» бірнеше нөмірін қолына ұстатып кеттім. Қуанып қалды.
– Орынборға «жоры­ғыңыздың» өзі сол жақтағы қазақтардың рухани сұраны­сын аз да болса, өтеп қайту емес пе еді?
– Сол бар, содан кейін Путиннің жастарды жаппай соғысқа шақыруын – мобилизацияны көзіммен көрсем деп едім.
– «Жорық»-сапарыңыздың жобасында сондай да мақсат бар ма еді?
– Бар болғанда қандай! Доңыздан Орынборға қайтып келдім де, бір дәмханаға кірдім.
– Айтпақшы, әлгі ауылдың аты неге Доңыз?
– Бұрын сол маңда шошқа шаруашылығы болғандықтан, ауыл «Доңыз» аталып кетіпті.
– Апыр-ай, ә? Содан дәмханаға кірдіңіз.
– Дәмханаға кірер алдында музыка қойып отырған қыздан, «бұл жерге қазақтар келе ме?» деп сұрадым. Ол, «бәрі келеді» деп жауап берді де, бір саптаяқ сыра алып ішуімді өтінді. Күн түтеп кеткен, суық. «Ішсем ішейін» деп ішке кірдім. Саптаяқты да алдырдым, сарқып ішіп, сарық бастым. Орыс қыз орысша әндерін ойнатып болар емес. Соған жыным ұстап кетті де, «Сенде Заттыбек айтатын «Ақ маржан» әні немесе Ақылбек Жеменейдің әндері бар ма?» деп сұрадым. Ол басын шайқады. Сосын мен оған: «Вы, русские, с одним русским языком далеко не пойдете» деп айтып тастадым да, орныма қайта кеп жайғастым. Сөйтсем, мені сыртымнан бағып, бір орынборлық қазақ жігіті отыр екен. Әскери азамат болып шықты. Екеуміз қауқылдасып біраз сөйлестік. Қазақ болғанымен, орысша сөйлейді. Сөйлей отырып, ол Путиннің саясатын қолдамайтынын білдірді. Бірақ онысын ашық айта алған жоқ. Тек әскерилердің жағдайы ауыр екенін, бірнеше ай еңбекақысыз күнелтуге тура келетінін, енді бұл жерден ешқайда кете алмайтынын, Путиннің билігіне мойынсұнып өмір сүруден өзге жол қалмағанын айтумен болды.
Менің оған жаным ашыды. Менімен отырып, бір екі бокал сыра ішкен ол асығып, әйелі мен қызын ертті де, дәмханадан шығып кетті.
Сол күні Орынбордың сұрқапталды суық, көңілсіз қонақ үйіне бір түнеп, мен де елге оралдым.

Сұхбаттасқан Д.Қасенұлы

Редакциядан:
Төлеухан Бідірәлі – кәсіби журналист. Ол қазақ газет-журналдарының таралымына да қолұшын созып, жәрдем етіп жүреді. Қазақ баспасөзінің жанкүйері. Жанкүйерлігінің дәлелі емес пе, қазақ тілінде шығатын газет-журналдар мен кітаптарды арқалап, Орынбордағы қазақтарға таратып келіпті. Ер Төлеуханның жасаған осы бір жалғыз ісін біздің үкімет Ресеймен арадағы қарым-қатынас деңгейінде шеше алмай отыр. Осыны себеп қыла отырып, біз әріптесімізбен әңгімелескенді жөн көрген едік.
Жорытқанда жолың болсын, Төке!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір