Сайлаудың да сұрауы бар
20 қараша күні президент сайлауы өтеді. Кандидаттардың үгіт-насихат жұмысы өзінің шарықтау шегіне жеткен сияқты. Халық та өз таңдауын жасауға дайын.
Президент сайлауынан кейін елді қандай жаңалықтар күтіп тұр? Сайланған президент нендей мәселелерге басты назар аударуға тиіс? Жаңа Қазақстан құру ісіне не кедергі, не қолдау болмақ? Ескі Қазақстанның «мұрасынан» қалай құтыламыз?
Қоғамды толғандырған осы және өзге де өзекті мәселелер төңірегінде жазушы Мереке Құлкенов пен саясаткер Әміржан Қосанов ой бөлісіп, диалог құрып еді.
Бағдарламалар
не береді?
М.Құлкенов: Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық жағдайын таяу арада жақсарту үшін барлық салаға халық бірден сезінетін күшті де шешімді реформа керек. Сонымен қатар, барлық деңгейдегі билік саласына жаңа кадрларды іріктеу дәл бүгіннен бастап қолға алынбаса іс оңға баспайды. Біз отыз жыл бойына коррупция мен көзбояушылықтың, яғни алдау-арбаудың құрбаны болып келдік. Сол алдап-арбаушылардың ондаған өкілдері әлі күнге билік басында отыр. Осындай қарақан басын ғана ойлайтын жалған отаншылдардан шұғыл түрде құтылмайынша ешбір реформа жүзеге аспайды.
Меніңше, біздің саяси партиялардың негізгі мақсаты – президенттік лауазымға өз өкілдерін сайлау емес, қалайда парламенттегі өз орындарын сақтап қалу. Сондықтан да президент сайлауынан кейін отыз жыл бойына қуыршақ саяси партия ретінде тек қана биліктің сойылын соғып келе жатқан жасанды тобырдан құтылудың шарасын ойластырған жөн. Оның бір тура жолы – бағдарламасы айқын, экстремистік құлқы жоқ жаңа партиялардың тіркелуіне жол ашу. Осылайша еліміздегі дәрменсіз демократияның аяғындағы шідерді алып тастау.
Ә.Қосанов: Кандидат қандай болса, халыққа ұсынар бағдарламасы сондай болатын шығар. Қазір байқасаңыз, ел сол кандидаттардың тұғырнамасынан гөрі, қалай жілік сындырып, сиыр сауғанынан көбірек хабардар боп, соны талқылап әлек болып жатыр емес пе?
Өзімді екі мәселе қызықтырған еді.
Біріншіден, қазіргі әлемдік дағдарыс, КОВИД-тік шектеулер салдары, Ресейге қарсы Батыс санкцияларының салқыны секілді объективтік кедергілер тұсында экономикамызды қалайша сақтап қаламыз деген сауал баршамызды мазалайды.
Екіншіден, саяси реформалар қарқыны қандай болмақ? Сөз жоқ, депутаттарды сайлауда мажоритарлық, яғни бірмандаттық жүйені қайтадан қалпына келтіру дұрыс шешім болды. Ол қадам партия мүшесі емес азаматтардың саяси белсенділік танытуына мүмкіндік береді.
Бірақ әлі де оппозициялық партияларды тіркеу, барлық деңгейдегі сайлау комиссияларын атқарушы биліктен тәуелсіз ету секілді маңызды шаруалар жүзеге аспай жатыр. Меніңше, ол алдағы 7 жылдың еншісінде болуға тиіс.
20 қарашадан
кейінгі билік
М.Құлкенов: Ал енді 20 қарашада халық өзі қалаған президентін сайлады делік. Әрі қарай не істемек керек? Меніңше, халық өзі сайлаған президентіне көмектесе отырып, оның өзіне дейінгі билік иесінің жолымен жүріп, жеке-дара билік құруына мүмкіндік бермеуі қажет. Ол үшін, әрине, көп кешікпей өтетін биліктің екінші тармағы – парламент сайлауын шын мәнінде халықтық сайлау дәрежесінде өткізген жөн. Яғни партиялардан немесе жеке мандатпен сайланатын депутаттардың шын мәнінде халық қалаулылары болуын бақылау – сіз бен біздің абыройлы борышымыз. Ал жаңа депутаттар бұрынғыдай президенттің аузынан шыққан әрбір сөзге шыбындаған жылқыдай бас шұлғи бермей, үкіметке мүше болатын әрбір жаңа министрді парламент талқысына салуды талап етсе дейміз.
Сонымен қатар жаңа парламент мүшелері мейілінше ешкімге тәуелсіз болмаса ғой деп армандаймыз. Ол үшін, әрине, президент ұстанған бағытты сауаттылықпен түсінетін, оның реформаларын қолдайтын, сонымен қатар болашақ жаңа Қазақстанды дамыту жолындағы кедергілерге тосқауыл бола алатын көкірегі ояу, көңілі кемел тұлғаларды таңдап, соларға дауыс беру – біздің азаматтық парызымыз.
Ә.Қосанов: 20 қарашадан кейін біз мүлдем басқа Тоқаевты көретін сияқтымыз. Ол 2019 жылы Назарбаевпен бірге жасалған екеуара келісімнен құтылуға тиіс. Әйтпесе, осы күнге дейін Назарбаевтың елесі Гамлеттің әкесінің елесіндей елді кезіп, Тоқаевтың басты бастамаларына кедергі боп келе жатқанын сеземіз ғой. Ескі Қазақстан елесінен біржолата ат құйрығын кесісу қажет! Ертеңгі сайлау Тоқаевқа дәл сондай карт-бланш бергелі отыр.
Сондықтан бас биліктегі мәртебесін ресми түрде бекітіп алып, өзіне берілгелі тұрған тарихи мүмкіндікті президент барша қоғам мүддесі үшін пайдаланып, шынайы әрі қарқынды саяси реформаларға жол ашуы қажет. Шынын айту керек, халық одан дәл осындай батыл да шешуші қадамдарды күтіп отыр!
Жаңа мен ескінің жанталасы
М. Құлкенов: Біз жаңа президент пен парламентті сайлап алып, жаңа үкіметті тағайындаған соң істі неден бастауымыз керек деген бәрімізге ортақ сұрақ туады.
Әрине, ең алдымен және шұғыл түрде халықтың байлығын өзіне қайтару. Демек, отыз жыл бойы ат төбеліндей ұры-қарылардың уысында кеткен мұнай және басқа жер байлықтарымызды, халықтың маңдай тері мен табан ақысына салған нысандарды мемлекет қарамағына қайтып алу. Өзімізге қатысты бір ғана мысал айтсам: Қазақстан баспасөзінің кеңес өкіметі тұсында екі кешенді ғимараты болды: біріншісі – Қазақстан Компартиясының баспасы, екіншісі – «Кітап» баспалар үйі. Егер осы екі тарихи ғимарат Қазақстан Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің құзырына қайта берілсе, барлық газет-журналдардың арманы орындалар еді. Әйтпесе қазір қазақ баспасөзінде істейтін журналистердің жағдайы мәз емес.
Мұны мен неге айтып отырмын? Егер жоғарыда айтылған екі ғимаратты министрліктің құзырына берсе, онда Қазақстандағы барлық баспасөз өкілдерінің көп жылдан бері бас ауыртып келе жатқан күрмеулі мәселесінің бірден бір шешімі – министрлік құзырына өткен осы алып ғимараттардың артық алаңдарын жалға беру арқылы шешілер еді. Ал тоқсаныншы жылдардың аяғында кейбір белсенді шенеуніктердің біліксіздігі салдарынан далада қалған қазақ баспасөзіне мемлекеттік қамқорлық ауадай қажет. Мемлекет мұндай аса қажет қамқорлықты қазақ басылымдарын стратегиялық әріптес ретінде бауырына тартса ғана шешімін табады.
Ә.Қосанов: Мәке, 30 жыл ішінде талан-таражға түскен халық байлығын, оның ішінде сіз айтып отырған ғимараттар да бар, өз иесі – халыққа қайтару ісі, әрине, өзекті мәселе. Бірақ мәселенің екі жағы бар сияқты. Біріншіден, нарық заңдарына сай жекеменшікке өтіп кеткен кәсіпорын не нысанның заңсыз жекелендірілгенін сотта дәлелдеу керек. Екіншіден, ескі Қазақстанның бар қызығын көрген байшыкештер оп-оңай өз меншігін бере сала ма екен? Осынау кедергілерді еңсеру үшін, ең алдымен, мықты заңгерлер мен президенттің саяси ерік-жігері қажет.
Тіл мәселесінде тегеурін керек
М.Құлкенов: Жаңа сайланған президенттің бұдан былай ресми, бейресми жиындарда тек қана мемлекеттік тілде сөйлеуін талап ету – халықтың хақысы. Ал алқалы жиналыстарда ілеспе аударма жүйесі іске асырылуы қажет. Латын әліпбиіне көшу де – кезек күттірмейтін мәселе. Бұған халық әбден дайын деп есептеймін. Өйткені сонау 1939 жылдан 1949 жылға дейін латын әліпбиін пайдаланған халқымыздың санасында латын әліпбиі әлі көмескіленген жоқ. Бұл тұрғыдан қазақстандықтарды алаңдататын нәрсе – латын әліпбиіне тек қана қазақ мектептерінің көшуі. Бұл мүлдем дұрыс емес. Қазақстандағы мемлекеттің қарамағындағы барлық мектеп, барлық жоғары оқу орындары бір мезгілде латын әліпбиіне өткенде ғана іс оңға басады.
Сонау XVIII ғасырдан бері, Ресейге бодан болғаннан бастап ана тіліміз орыс тілінің көлеңкесінде келеді. Әлі күнге дейін мемлекеттік тілді менсінбей, елемей, қасақана орыс тілін пайдаланып отырған мекемелер мен көпшілік орындарды қатаң тәртіпке шақыратын уақыт жетті. Яғни бұдан жиырма бес жыл бұрын қабылданған тіл туралы заңды қайта жазбаса болмайды. Сонымен бірге, мемлекеттік тіл туралы арнайы заң қабылдау қажет.
Ә.Қосанов: Меніңше, тіл мәселесінің көп айтыла бермейтін екі астары бар. Біріншісі – сыртқы қауіп. Ол – «орыс әлемін» сақтап қалу мен посткеңестік кеңістікте орыс тілін одан сайын дамытуды ресми түрде жариялаған Кремльдің саясаты. Өкінішке қарай, сыртымызда да, өз ішімізде де сол сұрқия саясатты қолдаушылар бар. Украина жерін аннексиялауды да Кремль «орыс тілділердің құқын қорғау қажеттілігімен» негіздеді емес пе? Күні кеше «денацификация» деп тағы шықты. «Солтүстік облыстар» факторы мен іштен тынған сепаратизмді Кремль өз мүддесінде пайдаланып кетпесіне кім кепіл? Сондықтан да мемлекеттік тілімізді қорғаумен қатар мемлекетіміздің жер тұтастығын, отаншылдығымызды қолдау, сыртқы қауіптерге лайықты тойтарыс беру қажеттігін баршаның санасына сіңіру секілді жұмысты дереу қолға алу керек. Әзірше, әр қазақтың төрінде ресей «телепропагандистері» күнделікті сайрап, өзінің неоимпериялық уын шашып жатқанда, ондай жұмыс атқарылып жатыр деудің өзі әбестік болар.
Екінші астар: бар бәле өзіміздің ішімізде! Бір ғана сұрақ: біздің басшылардың балалары қандай мектепте, қай тілде оқып жатыр екен? Осы сұрақты барша шенеуніктер мен депутаттарға қойып, жауабын жарияласа ғой…
Жаңа Қазақстанның жаңа жағымпаздары
М.Құлкенов: Жаңа Қазақстанның жаңа президентін соңғы кездерде біздің санамызға вирус болып кіріп кеткен жағымпаздықтан қорғау жолын іздестіру қажет. Бұған дейінгі елбасымызды Құдайға, пайғамбарға, әулиеге теңеген, тіпті теңеу таба алмай қиналған аға-апаларымыз, замандастарымыз әлі ортамызда беттері бүлк етпей аман-есен жүріп жатыр. Тіпті кейбіреулері енді жаңа президентке қалай жағынудың арнайы бағдарламасын жасап жатқан сияқты. Біздің ежелден қанымызда бар, сонау жыраулардан, бертіндегі Махамбет, Жұбан Молдағалиев, Сафуан Шәймерденов, Салық Зиманов, Шерхан Мұртаза мен Мұхтар Шахановтан қалған шындықтың қаймықпай бетке айту дәстүрін қайта тірілтуіміз абзал. Әділдік пен шындық біздің күнделікті тірлігіміздің ұранына айналуға тиіс.
Ә.Қосанов: Сіз келтірген абыройлы тізімге мен 2011 жылғы Жаңаөзен трагедиясы кезінде зиялы қауым атынан дауыс көтерген өзіңізді, Қабдеш Жұмәділов, Софы Сматаев сияқты ағаларымызды, ұлттық қасіретке арналған өлеңдер жинағын сол кездің өзінде дереу қолға алған Есенғали Раушанов пен арнайы өлеңдер циклын арнаған ақын Ұлықбек Есдәулет ағамызды қосар едім.
Бір қызығы, біздегі жағымпаздық… уақыт пен нысан таңдамайды екен: кеше ғана Назарбаевқа табынып, оны пір тұтқандар бір күннің ішінде одан айнып, «тоқаевшыл» боп шыға келді! Меніңше, олардың осындай құбылмалы екенін президенттің өзі сезіп-біліп отыр. Миығынан бір күліп қоятын шығар…
Өкінішке қарай, жағымпаздық дегеніңіз ешбір вакцинаны мойындамайтын дерт екен. Ең сорақылығы сол: жағымпаздану арқылы қызметке не атақ-дәрежеге қол жеткізу өмір салтына айналып бара жатқанын көріп жүрген өскелең ұрпаққа да сол вирус жұққан сияқты. Бұл – ұлттық апаттың алды!
Ауылдағы ахуал алаңдатады
М.Құлкенов: Ойлы қазаққа ұйқы бермейтін тағы бір ауқымды мәселе – қазақ ауылының тағдыры. Бұл біздің билік қатты толғанатын кешенді мәселе деп ойлаймын. Сонау тоқсаныншы жылдары басшыларымыздың «бізге мал өсірудің қажеті жоқ, етті шет елден сатып аламыз» деген көрсоқыр түсінігінен басталған ауылға деген немқұрайды көзқарас әлі түзелмей келеді. Есесіне, Қазақстандағы ең шұрайлы жерлерді өздері немесе ағайын-туыстары бөліп алды. Міне, осы заңсыз ханталапайға түскен жерлерді қайта қарап, халық игілігіне жұмсасақ, кәне!
Әділін айту керек, Тәуелсіздік жылдарында қазақ ауылдарының инфрақұрылымдық ахуалы біраз түзелді. Батыс Қазақстан облыстарының ең шалғай түкпіріне дейін газ тартылды. Оңтүстік өңірлер де осындай игілікке кенелді. Елдімекендерді ауыз сумен қамтамасыз ету де ойдағыдай іске асуда. Үкіметтің ауыл шаруашылығын субсидиялауында да біраз алға жылжу бар. Бір сөзбен айтқанда ауыл тұрғындарының тұрмыс жағдайы едәуір жақсарды. Бірақ ауыл тұрғындарының істейтін жұмысы жоқ. Ер адамдар вахталық немесе басқа өңірлерге жалдамалы жұмыстарға баруға мәжбүр. Ал ауылда қалған өзге жұрттың тірлігі қандай? Меніңше, ауыл өміріне арналған кешенді мемлекеттік бағдарлама жасау – кезек күттірмейтін мәселе.
Ә.Қосанов: Айтып отырғаныңыз – ащы шындық. Бірақ мәселе тек қана мемлекеттік бағдарлама қабылдаумен шешіле қоймас. Сөз жоқ, ауылды дамыту үшін қаржы керек. Оны бөлу үшін сіз айтып отырған мемлекеттік бағдарлама бекітілуі шарт. Бірақ 30 жылдың ішінде ауылды көркейтуге арналған қаншама құжат қабылданды десеңізші?! Солардың белгілі бір нәтижесі болғанмен, бар қызығын ортадағы делдал-шенділер, ықпалды топтар көріп жатыр. Ауылға арналған қыруар қаржы, негізінен, Астана мен облыс орталықтарында отырғандардың қалтасында қалды емес пе?
Бәлкім, баяғы кадр іріктеу саясатына қайта оралу керек шығар: шенеунік алдымен ауыл-аймақта тиісті тәжірибе жинақтап, сосын ғана қалалық, облыстық, қолынан келіп жатса, республикалық мекемеге барсын. Сол кезде ауылдың қадірін, мұң-мұқтажын түсіне алар. Бір мықты француздың сөзіне салсақ, болашақ министр ауылда туып, Астанада өлуі керек!
Жемқорлықты жеңе аламыз ба?
М.Құлкенов: Жаңа сайланған президентіміздің ең алдымен қолға алатын шаруасы – билікті меңдеп алған бюрократия мен сыбайлас жемқорлықпен ымырасыз күресу. Тек күресіп қана қоймай, тез арада бәрін қалпына келтіру тетіктерін ұйымдастыру. Осы орайда ана бір жылдары Грузия еліне президент болған М. Саакашвилидің өзге жұртты елең еткізген іс-қимылы есіме түседі. Сол азамат азғантай уақыт ішінде елдегі жемқорлық пен бюрократияның түп-тамырына балта шапты. Ал біз күні бүгінге дейін «сынық арбаның» үстінде келеміз. Әкімқаралардың көпшілігі қарапайым халықтың мұңын естуден қалған. Бір ғана мысал: егер бір адам аудан әкімінің үстінен облыс әкіміне арыз жазса, жаңағы хат қайтып айналып аудан әкімінің қолына тиеді. Бұл не? Жаңағы арыздың көтерген мәселесі облыс әкімінің басын қатырмайды деген сөз. Ал сыбайлас жемқорлық – бүкіл халқымыздың санасын улаған қауіпті індет. Қазір халық үлкенді-кішілі қандай мәселе болса да тек пара арқылы жүзеге асады деп ойлайды. Бұл құқық қорғау органдары мен сот жүйесіне түбегейлі реформа керектігін меңзейді.
Ал әртүрлі деңгейдегі шенеуніктерді меңдеп алған бюрократияны жоюдың анық жолы – олардың халық алдындағы жауапкершілігін күшейту. Билік жүйесінде қызмет істейтіндердің басты міндеті – халыққа қызмет ету екенін ұқтыру.
Ә.Қосанов: Жемқорлықпен күрестегі қоғамдық бақылаудың орны туралы орынды айттыңыз. Өз басым бір шенеунік екінші шенеунікке қызметіне әділ баға бере алады дегенге сенбеймін. Не дегенмен, «қарға қарғаның көзін шұқымайды». Біздегі жемқорлық жең ұшынан жалғасқан, онда корпоративтік ынтымақтастық, мүдделердің қарама-қайшылығы, одан сайын тереңдесек, парақорлық, туыстық, тамыр-таныстық, құда-жекжаттық, кландық пен топшылдық секілді кеселдер бар емес пе? Осының бәрі жемқорлықты түбірімен жоюға кедергі боп жатады.
Меніңше, төрт мықты механизм іске қосылмай отыр. Билік тармақтарының дербестігі мен тепе-теңдігі, яғни биліктің үш тармағы – заң шығарушы, атқарушы және сот – бір-бірінен тәуелсіз боп, бір-бірінің қызметін жіті бақылап отыруы шарт. Екінші механизмнің төркіні азаматтық қоғамда жатыр. Үшінші шарт сөз бостандығына қатысты, яғни БАҚ жүйесі мейлінше еркін болуға тиіс. Төртіншіден, биліктегі партия өкілдерінің мәселесін май шаммен қарай алатын саяси оппозицияны да ұмытпайық!
Саяси реванш
бола ма?
М.Құлкенов: 20 қарашада кім президент болып сайланса да, оған «Ескі Қазақстан» билігі өкілдерінің қырын қарайтынына менің күмәнім жоқ. Өйткені бұрынғылардың қолында еліміздің заңсыз иеленген қисапсыз байлығы бар. Бұлар тіпті жаңа президентке үзілді-кесілді талап қойып, «бізбен келісімге кел» деуі әбден мүмкін. Жаңа ел басшысы мұндай талаптарға ештеңеден қаймықпай үзілді-кесілді келіспеуі керек. Ал жаңа президенттің ескі билік өкілдерімен батыл күресін қолдап, әртүрлі қауіпті шабөуылдан қорғайтын – демек, халық. Алда-жалда босаңдық танытып, халықтың жарқын болашағы жолында солқылдақтық көрсетсе, жаңа президенттің жалтақтығын айтып, тезге шақыратын да – сіз бен біз. Осы тұжырымды жұртпен бірдей түйсініп, халқын жаңа жолға алаңсыз бастайтын адал да парасатты президентін халық қашанда қолдап, соңынан ереді.
Ә.Қосанов: Тоқаевты атарға оқ таба алмай отырған «Ескі Қазақстан» өкілдерінің саяси реванш алу мүмкіндігі туралы ойыңызбен келіспеске лаж жоқ. Біреулер оған сенеді, екіншілері сенбейді. Өз ойым мынадай: билік пен байлық – есірткі секілді, олар адамды өзіне тартады да тұрады. Сондықтан ондай қауіп бар екені рас.
Сыртқы қауіпті де естен шығармайық. Байқаймын, кейбір көршілерге Қазақстанның Украинадағы соғысқа қатысты дербес позициясы ұнамайды. Өркениетті әлемнен аласталып, санкциялардың астында тұншығып жатқан Ресей ендігі өшін кімнен аларын білмей отырғаны тағы да белгілі. Сол себепті елде бүлік болғанын қаламаймын. Бірақ бүлік болмасын деген оймен адам құқын, сөз бостандығын, демократиялық процестерді тежеуге тағы болмайды. Әйтпесе, авторитарлық жүйеге қайта ораламыз. Керісінше, билік жүйесі неғұрлым ашық та әділетті түрде қалыптасса, соғұрлым мемлекетіміздің іргесі берік болмақ.
Тағы бір мүмкіндігінен айрылған оппозиция
М.Құлкенов: Оппозиция болып, кешенді ой айтып, халықтың мақсат-мүддесін қорғайтын қоғамдық ұйым бізде әзірге жоқ. Оппозициялық көзқарастағы адамдар ғана бар. Ал олардың көпшілігінің саяси ұстанымына көңілім толмайды. Бізде оппозиция шапанын жамылып жүргендер билік басына кім келсе де, қарсы шығып, өре түрегеледі. Жаңа басшылық ісінен тек жамандық іздеп, оның жаңа бағдарламалары мен халыққа жасап жатқан жақсылығын көргісі келмейді немесе көре алмайды. Олар билікке халықты отқа салу арқылы келгісі келеді. Бұл – қарапайым халыққа жасалған қастандық, өсіп келе жатқан жастарымыздың болашағын ойламау. Менің түсінігімде, оппозиция өзінің нақты бағдарламасы бар, салиқалы саяси партиясын құрып, оны жалпыға ортақ заңға сәйкес тіркеуге қызмет істеуі керек. Сосын барып, өз партиясының мақсат-мүддесі үшін күреске шықса, міне, сонда демократиялы ел болар едік. Ал бізде бәрі керісінше: ойы бұзық оншақты адам бірігіп алады да, бірден билікке тиісуге кіріседі. Бір өкініштісі, солардың барлығы дерлік не үшін күресіп жатқанын дәлелдей алмай, саяси дәрменсіздікке ұшырауда. Ал көпшілік жағдайда олар бастаған байбаламның зардабын қарапайым халық тартып, нақақ жапа шегуде.
Ә.Қосанов: Қазір кейбір адам Тоқаевқа қарсы тұра алатын лайықты кандидат болмағанына өкініп жатыр. Иә, президенттікке үміткер боп тіркелудің өз шарттары бар. Оларды өзгерту керек. Сонымен бірге меніңше, кінәнің бір ұшы қоғамның өзінде. Бізде «осы оппозиция не істейді?» деп, өзін оппозиция деп санап жүрген бірнеше адамға ғана сенім арту үйреншікті әдетке айналған. Олар болса, өзара ырду-дырду, әрқайсысы өзін ғана көсем санап, басқасын «биліктің не пәленшенің адамы, сатқын» деп, кінәлап, бос әурешілікпен уақыт өткізуде. Осы жолы да өзін «демократиялық коалиция» деп атаған ұйымның өз ішінен бірегей кандидат ұсына алмауы – соның салдары. Әйтпесе елде «мен тұр, мен атайын» дейтін лайықты тұлғалар жеткілікті еді ғой.
Оппозицияның да оппозициясы бар. Идеялық, яғни нақты саяси ұстанымдарына адалдар бар. Сонымен бірге бір тұлғаны пір етіп, немесе соның қаржысына күн көріп жүргендер бар. Кейінгі кезде бір байқағаным, өмір бойы оппозицияда болуды ұнататындар да пайда болыпты. Кеше бәріміз Назарбаевты сынап, оппозиция болып келдік. Формальды түрде ол кетті, Тоқаев келді. Көп адам инерциямен («әйтеуір билікке қарсы боп жүре беремін!» деген қатып-семіп қалған пайыммен) оппозицияда жүрген сияқты.
Қоғамдық санада бір «қызық» феномен пайда болды: әгәрәки билік туралы бір жақсы пікір айта қалсаң (мәселен, оның игі қадамдарын құптап немесе бір шенеуніктің жақсылығын атап), өзіңді «билікке сатылып кетті» деп айыптай салады. Мұндай бәрін жоққа шығаратын біржақты нигилизм алысқа апармайды.
Өз басым президенттің елбасизмді конституциялық деңгейде тарих архивіне аттандырғанына ризамын. 30 жыл бойына соны аңсап, сол үшін тер төгіп келдік емес пе? Оның олигополиямен күресін де көпшілік қолдауға тиіс деп санаймын.
Сөз жоқ, президенттің риторикасы дұрыс. Қоғамның көкейінде жүрген көптеген мәселелер ашық та бүкпесіз айтыла бастады. Әрине, қоғамдық талап-тілекте шек жоқ. «Одан да қатты айту керек еді» деп жататынымыз да рас. «Көш жүре түзелсе» деген тілекті де айтатынымыз сол себепті..