КІТАБЫМЫЗ ОҚЫЛМАСА, КІМДІ КІНӘЛАЙМЫЗ?!
22.01.2016
1597
0

DSCN0065Сұлтанәлі БАЛҒАБАЕВ,
жазушы-драматург,
ҚР еңбек сіңірген қайраткері


Біз әдебиетке өткен ғасырдың жетпісінші жыл­дары келдік. Бұл ана тіліміздің қиын­шы­лық­­қа ұшырап, ұлттық мүддеміздің кейінге ысы­рылған дәуірі еді. Бірақ соған қарамастан қа­зақ тіліндегі көркем әдебиеттің орташа та­ралымы отыз мыңнан кем болмайтын. Жұрт­шы­лықтың кітап оқуға деген ынта-ықыласы да ерекше еді. Ал қазіргі заманда жұртшылық кі­тап оқымайтын болды деген әңгіме жиі ай­ты­лып жүр. Мұның себебі неде, бұл үшін кімді кі­нәлаймыз?! Бұл сұраққа жауап ізде­ген­де, негізгі мәселе ҚР Мәдениет және спорт ми­нистр­лігінің «Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түр­лерін басып шығару» бағдарламасына ке­ліп тіреледі. Бұл бағдарлама бойынша жарық көретін кітаптардың таралымы екі мың ғана.(Авторлардың өз қаржысымен жарық көретін кітаптардың таралымы бұдан да төмен.) Ал сонда мемлекеттік тапсырыспен шығатын кі­тап­тардың таралымы жаппай екі  мың болу ке­рек деген қайдан шыққан, оны кім ойлап тап­қан? Бұл – түсініксіз. Өйткені, кітап та ха­лық тұтынатын өнім, бір кітапты жұрт көбірек қажет етеді, ал басқа бір кітапқа сұраныс төмен болады. Кітаптың көркемдік сапасы да, авторының жұртшылыққа танымалдығы да әрқилы. Осыған орай, өркениетті елдер кітап шығарғанда халықтың сұранысын бірінші кезекте ескереді. Яғни әуелі барынша аз та­ралымнан бастап, жұртшылық қажет етсе бірте-бірте көбейтеді. Бүкіл әлемге ортақ талап тек бізде ғана ескерілмейді. Неге?

Еліміздегі  үлкенді-кішілі кітапханалардың  саны 20 мыңнан асады. Мемлекеттік тапсырыс­пен шығатын кітаптар осы кітапханалардың оннан біріне ғана жетеді. Мұндай жағдайда кітапханаларымыздың оннан тоғызы, яғни басым көпшілігі жаңа кітаптарды қайдан ала­ды? Егер жаңа кітаптар үнемі  түсіп тұрмаса­ жұрт не оқиды, қайтіп оқиды?  Жалпы, оқитын жаңа кітабы жоқ кітапхананың кімге керегі бар?!

Жазушыларымыздың мемлекеттік тапсырыс бойынша шыққан кітаптарға алатын қа­ламақысының да түкке тұрмайтын жарытымсыз екені күнде айтылып жүр. Мемлекеттік тап­сырыспен кітап шығару не кітапханаларды қамтамасыз ете алмаса, не авторларға дұрыс қаламақы  төлеуге жарамаса, онда бұған қар­жы  шығындап, неге  әуре болып жүрміз? Әлде мұ­ның бәрі оқырмандардың да, қалам­гер­лер­дің де мүддесін емес, кітап шығаратын же­ке­мен­шік баспалардың  қамын ойлаудан  туын­даған ба?

Міне, осы айтылған сұрақтарға нақты жа­уап берілетін уақыт келді. Бұған күні кеше ға­на ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбді­ха­лы­қова­ның Қазақстан Жазушылар ода­ғын­дағы қаламгерлермен өткізген кездесуі нақ­ты жол ашады. Кездесуге ҚР Мәдениет жә­не спорт министрі Арыстанбек Мұхамеди­ұлы да  қатысты. Басқосуда әдебиетіміздің бү­гі­ні мен болашағына байланысты  мәселелер жан-жақты әңгіме болды. Оның ішінде жо­ғары­да айтылған жағдайлар да ортаға қойыл­ды. Демек, алдағы уақытта бұл мәселелер нақ­ты ескеріледі деген үмітіміз үлкен. Соған орай, бір-екі нақты ұсыныс айта кеткіміз ке­леді:

Біріншіден, 2010-2015 жылдар аралы­ғын­да «Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін ба­сып шығару» бағдарламасына жыл сайын қанша қаржы бөлінді, ол қаржыға қандай бас­палар қай авторлардың қанша кітабын шы­ғарды деген мәселе нақты талдау, сараптаудан өткізіліп, соған сәйкес тиісті қорытынды жасалуы керек. Бұл ретте әр кітапты дайындап басып шығарып, таратуға қанша қаржы жұм­салды, ал баспаның өзіне қанша таза пай­да түсті деген мәселе нақты анықталуы тиіс. Осындай сараптамалық қорытындыларға сәйкес алдағы  уақытта кітап шығару мен тара­тудың бүгінгі заманға сай жаңа, озық үлгісін қалыптастыру қолға алынуы қажет. Бұл ретте бар­лық өркениетті елдердегі сияқты бізде де  кітап саудасын ұйымдастыру  мен бұл саладағы ме­неджментті дамытуға айрықша көңіл бө­лін­гені жөн.

Екіншіден, «Әдебиеттің әлеуметтік маңыз­ды түрлерін басып шығару» бағдарламасын жү­зеге асыру жөнінде арнайы комиссия құ­рыл­ған дегенді естиміз. Бірақ ол комиссияның бас­шысы кім, құрамына кімдер кіреді,  мем­лекеттік тапсырыс бойынша шығарылатын кі­тап­тарды іріктеу қандай ереже мен шарт-та­лаптарға сүйеніп жүргізіледі деген мәселе біз­ге белгісіз. Алдағы уақытта мұның бәрі нақ­ты анықталып, комиссия жұмысының  ашық, жариялы түрде жүруі, мемлекеттік тап­сырыспен шығатын кітаптарды іріктеудің ере­­жесі мен шарт-талаптарының бұлжытпай орын­далуы қамтамасыз етілуге тиіс.

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір