ОРЫСТІЛДІЛЕРДІҢ «ОЙБАЙЫ» ОЙЛАНДЫРАДЫ
11.11.2022
226
0

Ойды ой қозғайды. Оқыстан шыққан «ойбай» да солай… Жақында ғаламтор желісінде «Қазақ­станда жазушы болу неліктен қиын?» деген жазба жарық көрді. Жасыратыны жоқ, мұндай мәселе бар және оны ешкім де жоққа шығармайды.

Әлбет­те, жарияланым авторларының кейбір пікіріне қосыламыз. Себебі, олар көрген құқай бізге де таңсық емес. Дейтұрғанмен, ішінара келіспейтін тұстарымыз да баршылық.
Біріншіден, жарияланымнан біржақтылық айқын байқалады. Яғни, әдебиет­тегі белгілі бір топтың мүддесі көзделгені сезіліп тұр. Жазушылар одағындағы саналуан, әртүрлі мақсат­тағы тартыстарды көріп жүргендіктен, оған таң қалмаймыз да.
Келесі жылы Одақтың кезекті құрылтайы өтпек. Демек, алда тағы да бір қым-қуыт тартыс, айғаймен қоса Одақты осы тақылет­тес «ойбай» күтіп тұр деген сөз. Қаламгерлер арасында бұл жарияланымды сол «ықтимал даудың» хабаршысы, алғышарты деген де пікірлер айтыла бастады.
Қайталап айтамыз, жарияланым авторларының пікірін толықтай жоққа шығару – әділетке сын. Мәселе бар. Бірақ сол мәселе мақалада сөз болған жағдайда ма?
«Республикада жазушы мен ақын аз емес. Бірақ олардың шығармашылығы шектеулі орталарға ғана белгілі. Қазақстанда кітап рыногы жоқ» депті мақала авторы.
Бұл пікірге қалай қарауға болады? Қазақстанда жазушы куәлігін иемденіп жүргендердің көптігін халық жақсы біледі. Бірақ солардың қайсысы шын жазушы? Қайсысы жазушы емес? Басты мәселе сонда.
«Самоиздат» деген бәле шыққалы екінің бірі кітап шығарып, жазушы болып кет­ті. Көбінің сырты – бүтін, іші – түтін. Алайда олар – Кітап палатасында ресми тіркелген жазушылар. Басқа да құжат­тық талаптарға сәйкесіп-ақ тұр. Бірақ…
Жарияланымдағы базынаны құртатын да осы «бірақ». Оған мынадай қисын келтірер едік. Мақаладағы «олардың шығармашылығы белгілі орталарға ғана мәлім» дегенге келсек, онда көрсетілген әдебиетшілер арасында оқырманды айтпағанда, әдеби ортаның өзі біле бермейтіндер көп.
Ал ол нені білдіреді? Біріншіден, ол – әдебиетші шығармасының талапқа сай болмауының, соған сәйкес сұранымның жоқтығының айғағы дер едік. Ақиқатында жақсы туынды қашан да сұранысқа ие. Соған орай авторы да танымал. Оқырманның авторды білмеуі – оның өзін де, шығармасын да мойындамауы!
Сондықтан «сен менің шығармамды білмейді екенсің, демек, мәңгүртсің!..» деуді өзімшіл өркөкіректікке жатқызғаннан басқа амал жоқ. Жақсы шығарма жазсаң, сені оқырманның өзі іздеп жүріп табады, өзіңді-өзің насихат­тамасаң да таниды.
Мақалада «елдегі жазушылар қауымдастығы андеграундты, олар әлдебір жерлерге жиналып, шығармаларын оқиды» деген жолдар бар. Бізді ойландыратын да – осы андеграундты қауым жиналатын «әлдебір жерлер».
Поваляев деген жазушының «Туған күн» деген әңгімесі бар. Онда провинцияда жатқан шалажансар, дарынсыз әдебиетшісымақтардың осы тақылет­тес «басқосуы» баяндалады. Олар да әдеби ортадағы проблемаларды көтереді. Бірақ өздеріне, орта деңгейдегі әдебиетшілерге қолайлы ыңғайда…
Ғаламтордағы мақала авторларының дені – орыстілді әдебиетшілер. «Кеңестік кезеңде қазақ әдебиетін өркендетуге қазіргіден гөрі көбірек көңіл бөлінді. Ол кезде қазақ авторларын орысша аудару тиімді болатын. Аудармашы автормен бірдей көлемде қаламақы алатын…» деп жазылыпты жарияланымда.
Әлбет­те, «аудармашы» деп отырғандары – осы мақала авторлары сияқты орыстілді қазақтар. Осы жерде олар үшін қазақ әдебиетін өрістету маңызды ма, әлде қазақ авторларын аудару мүмкіндігі арқылы, өздері айтқандай, «автормен бірдей көлемде қаламақы алу маңызды ма?» деген сауалдың туындауы да заңды.
Спикерлердің бірінің «В Казахстане сложно зарабатывать литературной деятельностью» дегенін мысалға келтірсек, мәселенің ақ-қарасы барынша айқындала түсетін сияқты…
«Надо закрыть или реформировать Союз писателей» депті спикерлердің бірі. «Реформироват­тың» алдында «закрыть» деген залым пиғылдың тұруы да қазақ әдебиетіне жанашыр әдеби ортаны ойландыруы керек деп білеміз.
Жазушылар одағын жабу ниеті бізге ежелден таңсық емес… Ол алғаш сонау Олжастың «Невада-Семей» қозғалысы күшейе бастаған кезде қылаң берді. 1986 жылы да, одан бұрын да, Тәуелсіздік деклорациясы қабылданарда да Жазушылар одағы барша игі істер мен әрекет­тердің қозғаушы күші, орталығы болды. Одақты «қазақ Смольныйы» деп атаған кездер де болған.
Сөйткен Одақты жабудың астарында Алматының көрікті жерінде орналасқан Шығармашылық үйін, оның аумағын жекешелендіру жатқаны белгілі болатын.
Одан кейін залымдықтың ашкөз пиғылы ұланғайыр, әдемі, қырғауылдары киногерлердің қолынан жем жеп үйренген «Қазақфильммен» қоса аумағы ат шаптырым Жазушылар одағының ғимаратына ауды.
Мақала авторлары сияқты олар да «закрыть!» деген астарлы да күмәнді пиғыл ұстанды.
Мақаладағы осы «закрыт­тың» биігінен алып қарастырғанда, әдебиетшілер арасындағы тағы да бір қаңқуға тоқталуды парыз санаймыз. Ұзынқұлаққа зер салсақ, «закрыт­тың залым пиғылы» Мемлекет­тік мүлік ведомстволары тарапынан әлі де айтылып қалатын тәрізді.
Сол «закрыть» пен біз сөз етіп отырған мақаладағы «закрыт­тың» бір-біріне егіз қозыдай ұқсастығы да «мыналар кімнің сөзін сөйлеп отыр?» деген әрі-сәрі ойға қалдырады…
Әлбет­те, пендеуи тұрғыдан қарастырғанда, «біреуді құрту үшін алдымен оны қаралау керек». Жоғарыда айтып өткеніміздей, жарияланымда көрсетілген проблемаларды толықтай жоққа шығарудан аулақпыз.
Алайда әдебиетші қауымды онша танымал емес, бір топ орыстілді әдебиетшілердің осы жолғы оқыстан шыққан «ойбайы» ойландырып отыр.
Әлде бұл да Жазушылар одағын құртудың, жауып тынудың кезекті амал-айласы ма деген де пікірлер бар…

«Қазақстанда қаламгер болу неліктен қиын?» атты мақаланың бас-аяғында пікір білдірген спикерлердің бірі: «Жазушылар Одағы мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылады. Сөйте тұра Одақ ақын-жазушылардың кітаптарын таратуға, оқырманға таныстыруға құлықсыз», – дегендей сөз айтыпты.
Оның мұнысы енді аққұла білместік немесе өз күнін өзі көріп отырған Одақтың қазіргі халін мазақ қылу, текке күйдіру.
Біріншіден, Одақ мембюджеттен қара бақыр алмайды. Елімізде қазір 5 мыңға жуық үкіметтік емес ұйым болса, ЖО – солардың бірі ғана.
Екіншіден, ЖО облыстық, республикалық деңгейде жылына үш жүзге жуық іс-шара, кеңірек айтсақ, қаламгерлердің мерейтойлары мен шығармашылық кештерін, қазақ әдебиеті мен мәдениетінің үдерісіне серпін беру мақсатындағы жиындар мен конференциялар өткізеді. Соның бәріне ЖО демеушілер тауып, ұйымдастыру қабілетінің арқасында атқарып отыр.
Екіншіден, мазмұны әртүрлі баспалардан шығып жатқан бүгінгі жүздеген, мыңдаған кітаптардың түгелін жарнамалауға ЖО-ның мүмкіндігі шамалы. Иә, үздік туындылар мен авторлар туралы ЖО-ға қарасты «Қазақ әдебиеті» газеті мен «Жұлдыз» журналында сындар мен рецензиялар тұрақты жарық көріп тұрады. Аталған қос басылымның ғаламторда веб-сайттары да бар, қаламгерлердің шығармаларын талқылаған мақалалар сол жерде де үзбей жарияланады. Одақтың шаңырағында отырған «Простор» журналының да қызметі осыған саяды.
Қысқасын айтқанда, ЖО өзінің шекті мүмкіндігінің аясында жұмыс істеп келеді.

Өмірзақ МҰҚАЙ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір