ШАЯХМЕТОВ ҚАБЫЛДАҒАН…
Айжарық СӘДІБЕКҰЛЫ
Деректі әңгіме
Редакция қызметкерінің іссапармен бармайтын жері жоқ. Асулардан асып шыңға шығады, еңіске түсіп теңіз кешеді; балықшы мен диқанның қосына түнейді, шопандар мен жылқышыларға жолығу үшін жайлауды аралап шаршайды. Иә, жорналшы дегендер өмір бойы солай жол үстінде жүргендерінде бұрын көріп білмеген пенделердің талайымен жүздесіп сұхбаттасады. Қаламгер Дидарбек те сондай сапарларының бірінде Сыр бойы өлкесінің байырғы тұрғыны Жабал Якияевпен тұз-дәмдес болудың орайы келіп, екеуі бір түн әңгімелескен. Дидарбекті ел ішінің қашаннан қадірлі азаматы, ұлағатты ұстаз тарихшының тағдыры қызықтырған.
– Бізді кейде «соғыс балалары» дейді ғой. Десе дегендей, мен отыз алтыншы жылғымын. Соғыс басталғанда бес жаста екенмін, – деп тыныс созған Жабал әңгімесін әріден бастады. – Осы күні көп айтылатын «бақытты балалық шақ» біздің түсімізде де болған жоқ. Ақиқатын айтқанда, біз соғыс басталған кісәпір жылдан бастап үнемі ашқұрсақ жүрдік. Иығымыз жаңарып, жарқырап киіне алмадық. Табылғанымен қанағаттанып өстік. Кластас достарым Алдан, Кейкі және мен – бір жылғымыз. Жұбымыз жазылмайтын, бірге ойнаймыз, құдайдың қара суына дейін бөліп ішкенбіз.
Мен Апамның айтуында бесіктен белім шықпай жатып бір созылмалы ілеге тап болыппын. Содан да болар, жасымнан әлжуаз болдым. Жиі сырқат-танып қала беретін едім. Алдан мен Кейкі Әжемнің тапсырып айтуындай мені орталарына алып, «бәле-жаладан» қорғап жүретін. Үшеуміз бір үйдің баласындай едік. Мектепке бірге барамыз, бірге қайтамыз. Сегізіншінің үш айын бітіре бере мен төсек тартып жатып қалдым. Дәрігер қыстай инесін сұққылап, дәрі ішкізіп, жегізіп, әбден ығырымды шығарды. Ақ шөлмек болып қалдым. «Өлмеген құлға болды жаз» деп әжем айтпақшы, жазға қарай аяғыма мінейін дедім. Алдан, Кейкі үшеуміз қысты үйге берілген тапсырмалар бойынша біздің үйде бірлесіп дайындалумен өткіздік. Сөйтіп, сабақты ол екеуі мектепте, мен үйде жатып оқыдым. Аяғыма мінгесін емтихандарды жыл аяғында мектепке қатынап жүріп, кластастарыммен бірге тапсырдым.
Сөйтіп жүріп оныншыны үшеуміз де жақсы деген бағамен бітірдік. Аттестатымыз толған бес пен төрт. Алдан мен Кейкі: біздің төрт-бес жыл оқуға жағдаймыз көтермейді. Мамандық алуды әуелі техникумнан бастайық. Оны бітіргесін мамандығымыз бойынша жұмыс істеп, тұрмысымызды жөндеп алайық. Жоғары санатта білім алуды сосын көрерміз, – деп маған келді. Менің Алматы асу ойымда жоқ еді. Енді қайтсем екен. Ойланып-толғанып келгенде, жан дескен достарымнан қалғым келмеді. Ол екеуінен қалсам, жалғызсырайтын түрім бар. Сол уайым…
Сонымен қойшы, үшеуміз Алматыға жүретін болдық. Талабымыз таудай, ал жағдайымыз… Кейкінің қолында бір кішігірім сандық сияқты ағаш шемодан. Шешелеріміз соны толтырып сөк, талқан, үш бүйен сары май салып берген.Киім дегеннен бір киер баяғы. Аяғымызда сол заманның көпшілігі киетін презент топли. Үшеуміздің жол пұлымыз жарты жүзге я жетеді, я жетпейді. Алдан мен Кейкі маған деп плацкартқа бір билет алды, «біз ұрлыққа мініп барамыз» деп бір дорба күріш пен апардай ап-ауыр шемоданды жоғарыға қойып, мені екінші қатардағы полкаға орналастырып кетті.
Пойыз сарнап келеді. Түн болды. Алыс жолға алғаш шығуым ғой, бұрын пойызға мініп көрмеген басым, қорыққаннан жылағым келді. Алдағы жай-жапсарды уайымдап жатып ұйықтап кетіппін. Адамдардың абыр-жабырынан оянғанымда білдім, пойыз Қызылорда стансасына тоқтаған екен. Алдан бет-ауызы күйелеш-күйелеш болып жетіп келді. «Қорықпа. Мынау есек пойыз ғой. Біз енді жүрдек пойызға ауысып мініп, сені Алматы бокзалынан күтіп аламыз», – деп кетіп қалды.
Айтқанындай, екеуі мені Алматының екінші стансасынан күтіп алды. «Мұнда трамбай, троллейбус деген болады екен. Электр тоғымен жүретін көрінеді» деп екеуі менен бұрын «алматылық болғандарын» айтып жатыр. Ұзындауы мен, мойыным қылқиған, кәдімгі қалқан құлақ сарының сортынанмын. Кейкі орта бойлыдан жоғарылау, ол қатқан қара, мен кәдімгі қақталған қақбалықтай қақпыш сарымын. Алдан кәдімгі тапал тұғжым, екеумізге қарағанда пысық, балдармен күрескенде жығылмайды, көбіне алып ұрып, басынан аттап кетеді. Кескін-келбетіміз осындай, арып-ашып келгенімізбен қандай оқуға түсетінімізді әл-әзір білмейміз. Алматы біздің Қазалыдай емес, көк жасыл желекке оранған маңғаз қала екен. Үшеуміз айналамызға таңырқай қарап, тапжылмай тұрып қалыппыз.
– Ал келуін келдік қой. Енді қайда барамыз? Автобус, трамбай, троллейбус, қайсысына мінеміз? – деді Алдан.
– Бұрымдары аш беліне түскен ана-а-ау екі қызды көріп тұрсың ба? – деді Кейкі.
– Қайда?
– Әнәу-әне. Сол екі қыз қайсысына мінсе, біз де соған мінейік. Мінгесін жөн сұрармыз.
Қос құрбы троллейбус күтіп тұр екен. Аялдамасына келіп тоқтаған көлікке ол екеуі аяқ арта бергенде біз де ұмтылдық. Қос қыз менің алдымдағы, ал Алдан мен Кейкі ол екеуіне қарсы орындыққа жайғастық. Троллейбус жылжи бере Кейкі Алданның бүйірінен түртті. Жөн сұра дегені. Менің назарым екеуінде. Жөн сұрасып біліскесін қос қыздың бірі қандай оқуға келгенімізді сұрады. «Техникум бола ма, училище бола ма, әйтеуір біреуіне түскіміз келеді», – деді Алдан. Біздің шамамызды айтқызбай-ақ шамалады ғой деймін, ол екеуі «жылда наборы толмай жататын еді» деп темір жол техникумы дегенге алып барды. Алданның «Алматыға бірінші келуіміз» деп өтінуімен ол екеуі документтерімізді жүгіріп жүріп қабылдау бөліміне тапсырып, жатақханаға орналастырып кетті. Жақсы болды, Алматы көшелерінде қаңғып қиналмадық. Ай, бірақ, дым көрмеген аңқаумыз ғой, жатырқамай жан тартып көмектескен ол екеуінің жөн-жосығын біліп, танысып алсақшы. Аңқиып қала беріппіз, апаларымызға алғыс айтуға да жарамай.
Мектепте үшеуміз де төрт пен беске оқып едік. Шамасы басымыз қатты істейтін болуы керек, емтиханды «ойнап жүріп» тапсырдық. Және стипендиясында алатын болыппыз. Бұл не деген бақыт деп қуанышымыз қойнымызға сыймай жүрміз. Бірақ бұл техникумның оқуы бізге қонбады. Емтиханды бізден қазақ мектептеріне арналған программа бойынша алғанымен оқуы орыс тілінде екен. Біз орыс тілінен мақұрымбыз. Курстастарымыз шетінен бөтен түстілер, орысша ағып тұр. Солардың арасында арпа ішінде бір бидай сияқты қазақпыз деген некен-саяқтардың өзі бізге қарайласайын демейді. Өзімсініп шүйіркелесейік десек, үркіп тұрады. Ал біз «ымға» түсінбей қиналып жүрміз. Дүниенің қорлығы тілден жұтап түсінісе алмау екен.
Сонымен, не керек, қайткенде де осы техникумда оқуға ынтамыз болмады. Оқуға түскендерді даланың күзгі қарбалас жұмысына алып кетпей тұрғанда біз бұл техникумда оқымаймыз дегенге тоқтап, директорымыз Стариковичтің алдына бардық. Документімізді қайтарып беріңіз деп. Ол кісі басын шайқап отырып, қиналсаңдар да шыдаңдар. Орыс тілін әлі-ақ үйреніп кетесіңдер… деген пайымда ақылын айтқанымен біз қасарысып отырып алдық. Болмағасын завучты шақырып алып документімізді қайтаруды бұйырды. Завуч ағай да бізді оңашалап: «Бізде қазақтан шыққан теміржолшы мамандар аз. Сендер оқымағанда енді кімдер оқиды», – деп көп үгіттеді. Сонда да көнбедік. Ақырында ағай ашуланып кейіп, документтерімізді алдымызға лақтырып тастады.
Ертеңіне бізді жатақханадан шығарып жіберді. Аңқау басымыз оны ойламаппыз. Баратын да, тұрақтайтын да жеріміз жоқ. Қаңғып далада қалдық. Содан бір дорба күрішімізді, салмағы жеңілдеп қалған шемоданымызды арқалап көшеге шықтық. Өткен-кеткендерден тағы қандай оқу орны барын білгіміз келіп жөн сұрап көріп едік, біздің «лексиконымызды» түсінбей ме, білмеймін, осы қазақ-ау дегеніміздің өзі басын шайқап өте шығады. Торығып келе жатқанымызда құдай оңдап алдымыздан қолына әдемі таяғын ұстаған бір келімді кісі ұшырасты. Үшеуміз бірдей көкемізді көргендей ассалаума әлейкүм деп, қолымызды ұсындық. Ақсақал: «Бар болыңдар» деп тоқтады. Қайдан келгенімізді, неғып жүргенімізді білгесін: «Көше-көшеде хабарландырулар ілулі тұрады, соны қарай жүріңдер, бірдеңе табарсыңдар», – деді. Қуанып кеттік. Біраз көшені адақтап әбден шаршай бастағанымызда бір хабарламаны көзіміз шалды. Физкультура техникумында қабылдау жүріп жатқанын оқыдық. Корпусы Ташкент трассасы бойындағы 171-ші ғимаратта екен. Оқу бірінші октябрде басталады депті. Әркімнен бір сұрастырып жүріп оған да жеттік-ау әйтеуір.
Бізді әуелгі емтиханда тапсырған көрсеткішіміз бойынша бірден қабылдады. Жатақханасына да ың-шыңсыз орналасып алдық. Арада бір жеті өтер-өтпесте алды-артымызға қаратпай дала жұмысына алып кететін болды. Ендігі уайым, мұнда да орыс тілінде оқытады екен. Амал жоқ, құдайдың басқа салғанын көрерміз дедік. Директоры қазақшаға судай ағып тұр. Бізді Шымкентке мақта теруге жібермекші дегенді естіп алдына бардық. Біріншіден, артымыздан келіп тұратын көмек жоқ. Екіншіден, алдымыз қыс. Үстіміздегіден басқа (трике кәстөм-шалбар, презент топли) киіміміз жоқ. Бізді осында табыс табатындай қара жұмысқа қалдырыңыз деп жағдайымызды айтып жалындық. Ағайдың ұлты армян болса да жақсы кісі екен. Бір сәт ойланып отырды да: «Жарайды. Осы Алматының іргесінде «Горный гигант» деген колхоздың басшысы менің жолдасым. Соған жіберсем бола ма?» – деді. Ойбай, барамыз! – дедік жарыса. Содан ағай: «Мына үшеуіне табыс табатындай жұмыс бер» деп хат жазып берді.
Кідірмей кеттік. Бір дорба күріштен басқа азығымыз да, тиын-тебеніміз де таусылуға айналған. Жұмыс істесек өлмеспіз деген есек дәмемен ентігіп жетіп бардық. Колхозбастық бізді сегізінші бригадаға барыңдар деп бір адамға ілестіріп жіберді. Бригадирі Жұмагүл деген жылы жүзді апай екен. Бізді бір топ балдарға қосып, сәбіз қазуға алып барды. Содан түскі астан кейін кешке дейін сәбіз қаздық. Жұмыс аяғында апай бізге: «Сендер қайдан келдіңдер?», – деді. Айттық қайдан келгенімізді. Апай бір сәт бізге кірпік қақпай қарап тұрды да: «Сен үшеуің маған еріңдер» деп үйіне алып барды. Күйеуі Әбдікеш ағай жылқы фермасын басқарады екен. Осы үйде тұратын болдық. Апай бірімізді күнде үйге қалдырады, екеумізді жұмысқа алып кетеді. Кезекпен қалғанымыз үйге, малына, құсына қараймыз, отын дайындаймыз, мектепте оқитын ұлы мен қызын тамақтандырамыз. Қарнымыз тоқ.
Қайтарда бір ай сәбіз қазған, капуста жинаған, алма қағып терген еңбегімізге колхоз қол қойдырып ақша төледі. Онысын алдық. Оның үстіне апай колхозбастықпен келісіп, бізге қорабын толтырып бір машина апорт алып берді. Мұндай қуанбаспыз. Апай Кейкі екеумізді Алматыға қайтарып жіберді де, Алданды алып қалды, бізді жатақханадан күтіңдер деп. Алданның айтуы: апай апортымызды Алматының бір курортына өткізіп, ақшаға айырбастаған. Байып қалдық. Апайға деген көңіліміз таң-тамаша!
Апай демалыс күні келемін, мені күтіңдер деп ауылына қайтып кетті. Қуанышқа толы жүрегіміз жарылмай демалыс күнге де жеттік. Қарашаның соңғы аптасында желтоқсанның ызғары кәдімгідей дірдек қақтыра бастады. Апай айтқан күні келді. Соғымға жылқы жыққан екен. Содан сыбағаларың деп шикі ет әкеліпті. Әдейі келгендегі жұмысы бізге қысқы киім алып бермек екен. Біз сияқты кедейдің көнтулағына бағасы қымбат киім қайда. Апай қала көшелерін адақтай жүріп бізді ақшамыздың жеткенінше арзандау киімдермен табанымыздан бастап төбемізге дейін бүтіндеді. Өңіміз тұрғай түсімізге кірмеген спорт формалы бір киер, жылы ботинка, күрте, малақай, мойын шалғы. Несін айтасыз, құдай қазақ жұртына бере салған апамыздың арқасында тұла бойымыз жаңарып, адам болып қалдық.
Апай кетерінде: «Демалыстарыңда үйге келіп тұрыңдар», – деп ақылын айтып жатыр. Біз де қарап қалмай ауылдан алып шыққан күйінде тұрған бір дорба күрішімізді сыйладық. «Бізде күріш қат қой», – деп апай қуанып қалды.
Демалыста аракідік апайға барып, шаруашылығына жәрдемдесіп тұрдық. Сөйтіп жүргенде мен тағы ауырып қалдым. Дәрігерлер емдеді, бірақ жүйкеге жүк түсіріп, қиын дене қимылымен айналысуға болмайды деп бір-ақ кесті.
Сонымен маған бұл оқу да бұйырмады. Ауылға қайтуға ыңғайландым. Алдан мен Кейкі: сен кетсең біз де қайтамыз деп қарап тұр. Маған қарағанда бұл екеуінің денсаулығы мықты. Қиын жаттығу қимылдарын орындауда ор текедей орғиды. Әй, екеуің ақылдарыңнан алжаспаңдар. Тағы да бір оқуды тастап елге күлкі боларсыңдар деп тоқтаттым. Келесі жылы бірге боламыз. КазПИ-дің тарих факультетіне түсуге дайындалып келемін.
– Онда кейін келетін болсаң оқи берейік, – деді Кейкі.
Қалтамда көк тиын жоқ. Айына беріп тұратын 14 сом стипендиям өңештен өтіп кеткен. Не істесем екен деп түнімен ойландым. Қайдан ойыма келгенін білмеймін, ертеңіне талқы шай ішіп отырып, ол екеуіне мен оқыстан жағдайымды баяндап, көмектесуін өтініп Шаяхметовтың атына хат жазамын дедім. Алдан мен Кейкі шошып кетті. Ұят қой дегендеріне болмай дегеніме бақтым. Көп ұзамай ЦК-дан шақыру келді. Ол кезде ЦК Панфиловтың бо-
йында болатын. Үшеуміз жүрегіміз шәукілдеп бардық. Күзетші милиционер тоқтатты. Шақыруды көрсеткесін мені пропуск беретін терезеге алып барып ішке кіргізіп жіберді. Кілем төселген жолмен жүріп келемін. Алдымнан тағы бір күзетші тосып алды. Пропускамды көрсеткесін жоғары көтеріліп, есігінде «Нұрғалиев» деген жазуы бар кабинетке кіргізіп жіберді. Ол кісі тағы бір кабинетке ертіп барды. Есігіндегі жазудан білдім, Сандлер деген кісі екен. Ол жазу столының тартпасынан менің хатымды алып:
– Мынау сенікі ме? – деді.
– Иә, менікі.
– Шаяхметов жолдас хатыңмен танысты. Жылап отырып жазған екен-сің. Көмек көрсетіледі. Басқа қандай өтінішің бар? – деді Нұрғалиев.
– Ағай, өтінішім, ол кісіні көруге бола ма? – дедім. Содан ол екеуі жатып кеп күлсін. Мен қысылып қалдым. Сандлер басын шайқады.
Нұрғалиев: – Жарайды, бұл айтқаның да болсын, – деп бірінші басшының қабылдау бөлмесіне алып барды.Онда жасы тоқтасқан, келімі келген көзі көк бір әйел отыр екен. Нұрғалиев ағай оған бірдеңе деді. Әйел хорошо деп басын изеді. Сосын ағай: «Ал, шыдамың жетсе күтіп отырасың», – деп кетіп қалды.
Апай «фамилияң кім?», – деді. Айттым. Үндеген жоқ. Бөлменің оң жағындағы есікті ашып, ішке кіріп кетті. Көп бөгелген жоқ, қайта шығып орнына жайғасты. Үлкен кісінің қабылдауын күтіп отырып қалғып кетіппін. Апайдың иығымнан түрткенінен селк етіп ояндым. Ол оң жақтағы есікті ашты. Мен ішімнен ата-бабамның әруағына сиынып ішке кірдім. Міне, ол қандай адам?! Газеттегі портретінен көргенімдей маңдайы жарқырап кабинеттің төрінде патшадай болып отыр. Ірі кісі екен. Маған бұрышта тұрған шағын столдың орындығын нұсқап:
– Отыр бала, – деді. Ішімнен «біссімілла-а» деп отырдым. Ол «Правда» газетін оқып отыр екен. Шамасы, бүгінгі нөмірі болар, газеттің әр жеріне шұғылып қызыл қаламымен сызып қояды. Газетті одан әрі оқып отыра берді. Мен де күтіп отырдым. Оң жағындағы бөлек столда түрлі-түсті 8 телефон тұр. Газеттің беттерін түгел шолып шыққасын бүктеп қойды. Сосын жұрт айтатын «құпия кнопкасын» басып жіберді-ау деймін, қоңырау сыңғыр еткенде, қабылдау бөлмесіндегі апай кіріп келді. Оған бірдеңе деді. Мен не дегенін түсінбедім. Қас-қабағын бағып отырмын, енді ол «Известия» газетін оқуға кірісті. Ал әлгі апай шамалы уақытта менің алдыма күміс подноспен бір аққұман шай әкеліп, шағын сүлгі жайды. Ыстақан толы қаймақ, қазы аралас туралған ет салат, қызартып пісірген бауырсақ, жұқалап тілген қара нан, құмшекер, шанышқы, шай қасық. Бұл не деген құрмет?! Көңілім босап отырып қалыппын.
Үлкен кісі: – Бала, шай ішіп ал,– деді. Шай болғанда қандай?! Кәдімгі үйдегідей сүт қатқан қою шай. Мені аш қарынға ел қондырып алды-ау деген шамада ол «Известия» газетін қайырып қойып:
– Ал, бала, сөйлей бер,– деді. Күндікке әлде қандай болады деп тығылып отырған мен сөйлей жөнелдім. Аға, мен астанаға Қызылорда облысының Қазалы ауданына қарасты Максим Горький атындағы колхоздан келген едім, оқимын ба деп. Онымен, хатымда жазғанымдай, денсаулығым сыр беріп оқудан шығып қалдым. Әкем 1942-ші жылы Ленинград шайқасында опат болған. Үйде қартайған әжем, колхозшы шешем, мен – үшеуміз… – дей бергенімде, Жұмабай аға сөзімді бөліп:
– Өтінішіңді алдық бала. Көмекті алдымен колхоздан сұрауың керек еді. Сұрадың ба?– деді.
– Сұрағанбыз. Көмек бере алмады.
– Олар көмек бере алмаса, аудан басшысына баруларыңа болатын еді ғой.
– Баруға бата алмадық.
–Аудан басшысынан қорқасың, ал Қазақстан басшысынан қорықпайсың, ә? Нағыз жаужүрек батыр сен болдың ғой,– деп күлді.
Мен тілімді тістеп отырып қалдым.
– Бала, өтірік айтушы болма. Ұят болады. Мәселең шын болсын. Жалған болса анығын анықтау бізге қиын
емес, – деді.
– Аға, құдайақына, жазғанымның жалғаны жоқ, – деп орнымнан ұшып тұрдым.
– Отыр, отыр. Сенің жағдайың Нұрғалиев пен Сандлерге тапсырылған. Ол екеуіне соға алдың ба?
– Иә, мені сізге Нұрғалиев аға ертіп келді.
– Маған неге келдің?
– Аға, мен ауылға қайтпақшымын. Сәті түссе кейін келермін оқуға. Кетерімде сізді бір көргім келді. Сізді көргенімді Әжем мен Апама айтып барайын дегенім ғой.
– Бала, сен ауылды қоя тұр. Сенің жағдайың денсаулық және оқу министрлігіне хабарланған. Ондағылар сені әуелі емдеттіреді. Келесіде қалаған оқуға түсуіңе көмектеседі. Қайткенде де оқуың керек. Оқымай мұратыңа жетпейсің, – деді.
Менің кеудемді өксік қысты. Көзім жасқа толып кетті. Үлкен адамның кабинетінен қалай шығып кеткенімді білмедім, көзім жасқа көміліп…
Содан, әзіретіңе мағұлым, Нұрғалиев ағай мені жетелеп жүріп бір кассадан қол қойдырып мың жарым сом ақша алып беріп, осыған киін, тәуір тағаммен тамақтанып жүр, – деп мені қызметтік машинаға мінгізіп жіберді. Шофёр айдап отырып мені бір үлкен ғимаратқа әкеліп салды. Кейін білсем, бұл, мәссаға-а-ан, совминнің ауруханасы екен.
Бұйырған деген, ақшамның жарты мыңын кейін керек болып қалар деп жинақ кассасына жытырдым да, қалғанын «қанды көйлек» достарыммен бөлістім.
Дәрігерлер тарапынан менің тексерілмеген мүшем қалмады. Тәуір тағам, жайлы жатыс, дәл диагноздың арқасында екі айда сауығып шықтым. Ойым ауылға тартып кету еді. Жұмагүл апай ауылға жаз шыққасын барып қайтарсың. Оған дейін біздің үйге жатып жұмыс істе. Тапқаныңнан ана екі досыңа қарайлас. Тарығып қалмасын, – деп ақыл қосты.
Апайдың басы алтын ғой. Ақылын алып жұмыс істедім. Жағдайымыз оңалайын деді. Бұрынғыдай емес, уайым-қайғы сейілді. Біз де қатардан қалмай ойнап-күліп жүретін болдық. Келесі жылы КазПИ-дің тарих факультетіне стипендиямен түсіп,Тәңіртаудың шыңына шырқап шыққандай болдым. Сөйтіп, бәрі дұрыс бола бастаған еді. Анау Кремльдің тақыр бас волюнтарисі ұлтымыздың өлгенде көрген көшбасшысын көктегі бұлтпен таласқан лауазы-мынан төмендетіп оңтүстікке жіберді. Мұндай күймеспін. Кімге тиісерімді білмей аласұрдым. Кеудемді кернеген кек қазандай қайнап-қайнап, әрең дегенде басылды. Содан бері сол сойқанды албастыдан бетер жеккөріп кеттім. Бірақ жеккөргенде не істерсің… Сталиннің кадры дегені ғой. Ой, көктігіл-ау! Өзі бір жуан мойын ұсқынсыз еді. Сталинді жазғырып күстәналайтындай ол одан артық болса екен-ау! Өресіздің аты – өресіз. Ақыры өзі де ұзаққа бара алған жоқ. Он жылдан кейін айналасындағы қасқырлар өзін де Кремльден қуып шықты ғой. Ол ант атқан сонда бір өкінген шығар өкіріп.
Менің ақылымның жетпейтіні: Кремль осы қазақ халқынан қандай жамандық көрді?! Жерінің бар байлығын әке-көкелеп, сенен артық пана болатын біздің кіміміз бар деп, он тоғызыншы ғасырдың алпысыншы жылдарынан бастап солардың құрдымына тоғытып келмедік пе? Сонда да жақпаймыз. Кремль қазақтың өз еркін өзіне бермеді. Елімізді Шаяхметовке дейін де, кейін де пиғылы жат келімсектерге билетті, Қонаевтан кейін тағы да бір арамзасын жіберді көзін көкшитіп. Әй, бұлардан бұл дүниеде құтыла алмайтын шығармыз…
– Сонымен Шаяхметовтың ілтипатымен дертіңізден жазылдыңыз, қалаған оқуыңызға түстіңіз. Ал Алдан мен Кейкі неғылды? – деді Дидарбек оның сөзін бөліп.
– Иә, айтпақшы, Алдан мен Кейкі техникумды ойдағыдай бітіргесін елге оралып, екеуі екі орта мектепке тұра-тұра қалды, физкультурник болып. Алдан кейін Алматыда инязды (шет тілі дегені) бітірді. Одан Фрунзе барып диссертациясын ағылшыннан қорғап, ғылым кандидаты болып келді. Кейкі әуелі Алматы ауылшаруашылығы институтына түскен. Дипломын алысымен университеттің заң факультетін сырттай бітіріп алды. Көптен бері дыңдай совхоз директоры. Пенсия жасымыз жақын қалды. Үш дос амандық болса зейнетке қатар шығамыз ғой…
– Е-е, мұратқа жеткен деген осы. Бір жақсының арқасында.
– Иә, иә, айтарыңыз не, ұлтымыздың ардақтылары шамшырақтары ғой, – деді Жабал қолына домбырасын ала беріп.
– О дүниені білмеймін, ал исі қазақты жер бетіндегі тозақтан қорғап, осы күнімізге жеткізген сол шамшырақтарымыз емес пе? Жердегі жұлдыздар деп, әне, соларды айту керек. Біз оларға қарыздармыз. 1966-шы жылы он жетінші қазан айында Шаяхметов дүние салды деген қаралы хабарды есіткенде, әкем өлгеннен бетер азалап қайғырдым. Асылзаданың сондағы қамқорлығын кеудемнен жаным шығып кеткенше ұмытпаспын-ау…
***
Жабал әңгімешіл екен. Қанша дегенмен көпті көрген көнтерлі кісі ғой. Дидарбек оның әңгімесінен редакцияға әр кездегідей бір кеудеге жүк боларлықтай ой арқалап оралды.Зердесінде: қазақтың қарапайым колхозшы қызы Жұмагүл… мемлекет қайраткері Шаяхметов… Қазақтың бес облысын бөліп алып Ресейдің құзырына бермекші болған залым билеушімен арыстандай алысқан Тәшенов… Осылар ғой, Жер бетінің шамшырақтары! Ұлы Жаратушы оларды жер бетіне туған халқына қамқор болсын деп кезегімен жіберіп тұратын шығар. Олар халқының жанын заман құбылып, қоғам өзгеріп, уақыт алға озған сайын осынау дүние жарыққа кезегімен келіп, бірін-бірі ауыстырып отыру арқылы сақтайды екен-ау. Сол шамшырақтарымыздың ұлт көшбасшысы болған кемеңгерлігінің арқасында ғой, халқымыздың мың жыл аңсап, армандаған мұратына көші аумай жеткені.