Аран
21.10.2022
11886
0

..Тұяғы тастың талқанын шығаратын киелі жануарлар алысқа маңып барады. Арқарлар бағыт-бағдарсыз лағып барады.
* * *
Қар жылдағыдан кешігіп түссе де, желтоқсанның ортасына қарай ауыл мен қаланың арасындағы жол тіптен қиындап кетті. Ен далада оппа қарға кіріп кетіп, омалып қалам демесең, «барам» деген жеріңе кібіртіктеп болсын жетуге болатын еді. Бұған себеп екі-үш айдан бері төпелетіп қар жауғанымен, алай-түлей ақ боранның соқпауы болатын. Осындай күндердің бірінде Қаратөбедегі Қайрақбайдың қырқынан қайтып келе жатып, ақ матадай көсілген кең далаға қарап, ойға шомып отырған Есет ақсақал:
– Әй, анау не? – деп жолдың қамшы сілтер қапталына қарай саусағын шошайтты. Екі ұлы елең етіп, әкесі нұсқаған жаққа лезде қарай қалысты. Көзіндегі көрінісі көңіліне қона кетпеген соң, ортаншы ұлы Сапар үлкен ағасы Алпамысқа:
– Тоқташы… Тоқтат! – деп бұйыра сөйлегенін аңғара алмай қалды.
– Ей, сонша есіңді алған не ол? – деді Алпамыс жақтырмай. Бауырының бала секілді қылығына қарадай ызасы келді. Жүйіткіп келе жатқан көліктің жылдамдығын бәсеңдетіп, жолдың жиегіне жыбырлап барып тоқтай қалды.
– Арқар… Арқарлар жайылып жүр, – деді Сапар алысқа көз сатып.
– Оттапсың! – Шал ұлының сөзін жақтырмай көліктің есігін ашып, шырт еткізіп түкіріп тастады.
– Әке, мені бала деп пе едіңіз. Әлде, соқыр… Құдайға шүкір көз көреді, – деді ұлы ашуланып.
– Рас, әке. Анау жүрген арқарлар екен – деп Алпамыс та оны қостап қойды.
– Таудың тағысы жазықта жазым болу үшін жүр ме сонда?
Есет сенбегенін сездіріп, ішкі иман таразысының сыртқы көрінісі болған сақалын тарамдады.
– Қолда мылтықтың жоғын қарашы. Нысанаға алып, шетінен қырып салса ғой – Сапар санын соққылады.
– Өй, ақымақ, неңді көкіп отырсың, – деген ақсақал екі ұлының есерлігіне күйініп кетті. – Сендерде обал-сауап деген нәрсе бар ма, жоқ па? Олар ақпанның суығына қарай жазыққа түседі, тиіспеңдер түге… Бала кезімде іргедегі полигонның кесірінен арқарлардың дүрк көтеріліп, үдере көшкенін үлкендер зар қақсап отыратын… Оралыпты ғой, қайран жануар…
– Табаныңнан тозып таудан іздегенше, расымен де жазықта қуалап жүріп атып алса, артығы жоқ. Алпамыс інісін қолдаған болып өзінше қиялдады. Есет балаларының иен даладағы аңдарға деген қатыгездігін түсіне алмай:
– О, сорлы көкми, көкімей Ортабұлаққа тарт. Намазым қаза болатын болды, – деді де, үйге жеткенше томсарып отырып алды. Ұлдары одан әрмен қырсық шалды қажағысы келмеді ме, әлде өз ойымен өздері болып кетті ме, әкесі тиып тастаған соң тіл күрмеді. Арқарлар тауда қар қалың түсіп, жұғын боларлық қылтанақ таппағанда жазықта жайылатын еді. Шалдың ұлдарына меңзегені де сол еді…
Есет бозбала шағынан әке жолын қуып аңшы болып өсті. Ол кезде аң-құс дегендерің өріп жүретін. Ен даланың сәні де солар еді-ау. Қайбір еріккен, жын қуып желіккеннен аңға құмар болып өсті дейсің, «ата кәсібің – аңшылық» деп әкесі үйреткен соң осы жолға түсті. Алып империяның аспандаған дәуірінде бұның қатарластары қызмет қуып шаһарға тартқанда, бұл Ортабұлақ пен Аспантаудың арасындағы аңды қуып ауылда қала берді. Жалғыз ұлдың қара шаңырағында қарайып қалғанын әкесі өзіне үлкен медет тұтты. Жігіттік шағына тұсау салынып, өзі бір үй болғаннан соң ауылдың сиырын бақты. Қолы боста қансонарда қапы қалмай жыра-жықпылдардың арасынан қоян мен қарсақ қағып, қасқыр шолып, түлкі мен борсық сүзетін. Иен даланың тағыларына тісі батпай ауылдың маңындағы тоқты-торпаққа тарпа бас салатын бірді-екілі қасқыр мұның оғына ілінетін. Ал сосын барып ауылда гу-гу әңгіме көтеріліп, аудан мен облыс орталығына аңшы Есеттің атағы жайылатын…
Солай да солай өмір өтіп, жастықтың қызуы қайта бастағанда ұлдары да ержетті. Оларды да осы өнеріне баулыған. Алпамыс пен Сапар әкелеріндей ерекше аңкөс болып өсті. Бірақ ерте жастан түлкіні төртеуімен, борсықты бесеуімен атып алуға құмар болды. Есейгендерінде Есет ақсақал талай ескерткен. Тиылуды қойып, кейінгі кезде мылтық атуға құмар әлденеше адамның басын құрап аңшылықты кәдімгі ақша көзі кәсіпке айналдырды. Әлгі қала мен аудан орталығынан келетіндерге тек ермек керек, өтірік бұрқылдатып аң атқаны болмаса, аңшылықтың не екенін білмейтін, қайран даланың қарайған аңына қырғидай шүйілетін қатыгез жандар еді. Сол істерін көргенде Есет те іш жиып, біртүрлі жүрегі жылымайтын болып алды. Ерекше екі көзқарастың кесірінен әке мен баланың арасында да айтып бітпейтін талас-тартыс басталып кетті.
Арқарлар хақында әңгіме шыққанда да, ұлдары мен оларға үйірсектеп жүретін жолдастарының қатыгездікке ұштасқан мінезін бек жақсы білетін шал байыз таппады. Түйсігі әлде бір жамандықты сезіп, ауылға тақап қалған мезетте «қатігездіктеріңді қашан қоя­сыңдар» деп басталатын әңгімесін жалғап, ұлдарына тағы да ақырып алды.
…«Намазымнан кешіктірдіңдер» деп өкпелеп отырған Есет қария көлік тоқтай салысымен жылдам түсіп, үйіне кіріп құмғанын алып қайта шықты. Әкесінің тыйып тастаған сәтінен соң тілге келген Сапар:
– Кеттік пе? – деді ағасына алара қарап.
– Қайда? – деді Алпамыс.
– Қуырдақ жеуге, – деді мынау еліріп.
– Қуырдақты ауыз-мұрыныңа толтырып тоярсың. Бірақ қып-қызыл ақшаға батудың орайы туып тұр. Сен мылтықты даярла, мен Есілге хабарласып алайын. Қаладан анау-мынау мылтық ата алатын, ақшалы мықтыларды алып келсін. Сосын сәті келсе терісін, мүйі­зін, қалса етін сатып ақшаға батамыз.
– Жақсы. Келістік. Бірақ әлгілеріңе айт, ана жолы қасқыр аулағандағыдай айналшықтап жүріп алмай тез келсін. Далада байлаулы тұрған арқар жоқ. Әйтпесе өзім қазір кете беремін.
– Жоға. Айтсам болды. Қазір жетеді. Бар-жоғы жүз елу шақырым емес пе? – деген Алпамыс тісінің арасынан сыздықтата түкірді де, қалта телефонына жармасты.
* * *
Ортабұлақтың маңындағы жайы­лымды қыстың ортасына қарай қалтыру ауыл тұрғындарының жылдағы әдеті. Биыл қар қалың түскендіктен мал қолға қарап қалды да, ауыл маңына жақын бес-алты шақырым жердің шөбі қалың-тұғын. Есеттің өз көзіне сене алмай қадалғаны, екі ұлы Алпамыс пен Сапардың көргендері шын болатын. Бұл былтырғы жылы Тарбағатай тау­ларынан асып, Қалбаның сілемін жайлап, Ақжал тауынан ауып келіп, Ортабұлақ ауылының иек артпа тұсындағы төбешікте жайылып жүрген отыз қаралы арқар үйірі еді.
Арасында үлкен иір-иір мүйізі бар құлжа ерекше шалынады. Аңшылардың тікұшағынан үркіп, тұяғы тасқа қажалып қанша қуғын көрсе де құлжа өте күйлі еді. Бауыр жүні ақшылданып, желкесіндегі сарғыш жүні сом алтындай күнге шағылысып ерекше рең береді. Одан бөлек бірен-саран қозықасы мен оншақты саулығы, үш-төрт бас құлжалар да алшын шөптен бас алмай отығып жүр. Бір топ қозықа өте самарқау ғана қимылға еніп, жұдырықтай тұяғымен жер тарпып азығын қасат қардан аршиды. Саулықтар мен құлжалар қозықаларға қарағанда өте сақ, айналасына алақ-жұлақ көз тастап шалт қимылдайды. Иен далада сақтық ойлау арқарлардың қанына сіңген қасиеті болса да, бұл олардың иен түзде жолығатын жыртқыш аңдар мен ит-құстардан емес, екі аяқтылардың қанішерлігінен әдбен ығыр болған кері еді.
…Өткен қыс жайлы болып, тау басында жүзден астам арқардың үйірі өріп жүргенінде, қайдан шыққаны беймағлұм, жерден де, көктен де екі аяқтылардың тұтқиылдан жасаған шабуылы басталды да кетті. Арқарлар мен үйірді бастап жүрген құлжалар атқан оғы дөп тиіп жалманынан түсіретін тікұшақтан бөлек, көзді ашып-жұмғанша қасыңа лезде жетіп келіп, зәре-құтыңды қашыратын мотошаналардың қуғынынан қатты титықтады. Қырғыннан аман қалып, екіге бөлінген арқарлардың бір тобы Тарбағатай тауларын тастап бет-бетімен маңып, бір тобы жаққа жылыстап кетті.
Ақжал тауларына көктемге қарай келіп жетсе де, арқарлар еш тыныштық таба алған жоқ. Арасында кейбір сау­лықтар іш тастап кетті. Бұлардың мазасын алған таудан кен іздеп, алтын қазып жатқан адамдар мен олардың қым-қиғаш тоқтаусыз ағылатын көліктері, тау-тастың талқанын шығарып, күндіз-түні үздіксіз дүрс-дүрс атылып жататын динамиттердің дауысы еді. Жаз бойы осыдан он-жиырма жыл бұрын малы жыртылып-айырылатын, жайлауларын адамдар жайлаған Ақжайлау мен Сандықтастың маңын мекен етіп жүрген-ді. Онда да оқ атып, жусатып салатын аңшылар кезікпеді демесең, жаздың ортасынан бастап, шабындыққа шөп шабуға келген адамдардың тырқылдақ тракторларынан үркіп байыз тап­пады. Күзге қарай екі аяқтылардың қыбыр-жыбыры тиылса да жаз бойы тұрақтаған жайылымның құты қашып, оты қайтқан еді. Оның үстіне қар қалың түскеннен кейін бүгін ауылға қарай еркін жайылған… Арқарлардың таудың етегінен бөлек жазыққа қарай жайылуы шарасыздықтан туған амал болатын.
Таң бозында таудың етегінен құлдап келе жатқан арқарлардың тұяқ дүбірінен қасқырлары қорғасын оқтан ажал тауып, қарайған аңдары баяғы да тау­сылып біткен дархан дала арқарлармен көркі кіріп, көсіліп жатты. Жетімсіреген меңіреу далаға жан кіргендей түлеп, өзгеше кейіпке еніп, күре тамыры қайта соққан көріністі елестеткендей еді…
* * *
Қаладан келген Есілді күтіп алғаннан кейін Алпамыстар үш машина болып түс кезінде көздеріне арқарлар шалынған шағылға қарай өте жылдам аттанып кетті. Алпамыс пен Есіл екеуі «УАЗ»-ға отырды да, Сапар Есілмен бірге қаладан еріп келген Алмас дейтін аңшы қонақты қасына алып өзінің «Нивасына» мінді. Одан бөлек қалада тұратын егде жастардағы кәсіпкер өзінің ұлымен бірге «Джипке» жайғасты. Өзінің есімі – Әли, ұлының аты – Саят екен. Қолына алғандары көздеп ататын тұғыры бар винтовка. Сапар бастаған аңшы жігіттер екеуінің мылтықтарына қатты қызықса да, өздерінің ауыл арасында ұстайтын қаруларына жүгінді. Сапар өзімен бірге алғаш рет алдыңғы жылы өз қолымен ықшамдап кесіп, қолына ыңғайлы етіп жасап алған «обрезін» алды.
Жиналған топ таудың етегіне тақағанда алты қырдың астынан бөгде иісті сезетін, өте сақ түз тағылары жақын маңда тұрған төбешікке қарай жорта жөнелді. Бетке алған бағыты – тау. Әлидің тізгіндеген көлігі ең алдымен тоқтай қалды. Басқалары да ақшаңқан далаға тыныштық орнатып, көліктерін өшірді.
Әли тұтатып алған темекісінің түтінін мұрынынан сыздықтата шығарып тұрғанында маңайына барлығы да жиналып болған-тұғын. Бұл аңшылықтың алдындағы ақылдасу шарасы еді.
– Арасында жүрген құлжаларын ғана атып аламыз ба? – деп Әли сөз бастады.
– Жоға, бәрін де қырып салайық – деп Сапар бірден ыршып түсті.
– Бір-екі айдан кейін саулықтары төлдейтін мезгіл. Обал дағы, – деді Алмас. Есіл де үнсіз қала алмады. Оның үстіне қала жақтан ере келген адамдардың ездік танытып тұрғаны ашуын арттырған еді.
– Сапар дұрыс айтады. Бекінген екенбіз, бір байламға келейік. Әлеке, қалада сіздің достарыңыз арқардың етін қалай жақсы көретінін өзіңіз де жақсы білесіз. Соларға сатып, біз де сіздей көлік мініп жүргіміз келеді, – деп Есіл бар ойындағысын әзілге сүйей салды.
– Көп созудың қажеті шамалы. Қазір Әли мен Саят екеуі арқарлардың басын етекке қарай қайырады. Біз оларды төменде тұқыртып, жазықта жайратып саламыз, – деп шорт кесті де, көлігіне қарай кете барды.
Әли мен Саят отырған түйе тұлғалы автокөлік Есіл мен Сапардың ұйғарғанындай арқарлардың үйірін етекке түсіруге барын салды. Ең алғашқы оқты шолақ мылтығымен Сапар шығарса да, атқаны мүлт кетті. Оның нысанаға алғаны шаңырақ мүйіз құлжа болатын. Сапар неше мәрте әуреленіп көрсе де, үйірді бастап жүрген құлжаны құлата алмады. Құлжа жарықтық серіппедей атылып, басқа да әккі аңшыларды қапыда қалтыруын тоқтатпады. Сапар мылтығынан секем алып, жүні сарғыштанып, енді-енді жетіліп келе жатқан қозықаларды көздегенінде ұшқан оғы шатаспай дөп тиіп, енесінің соңынан жүгірген сорлы жануарлар жер сүзіп құлай берді. Осылайша талайдан бері мылтық дауысын естімей, еркіндікте өмір кешкен арқарларға зауал төніп, қанды қасап басталды да кетті…
Темір көліктен үркіп, таудан төмен құлдилап келе жатқанда алға түсіп кеткен екі-үш саулық пен бір құлжа кенеттен құлап түсті. Тауға қарай сытылып кетуді ойлаған шаңырақ мүйізді құлжа, ол ойынан тез тайқыды. Артында да темір қарулылардан күшті зәбір көрген бір қозықа мен тағы да үш-төрт жасар құлжа омақаса құлап, серейіп жата қалды. Сосын айналасына апалақтап тұрды да, үйірдегі бірен-саран қозықа мен сау­лықты құрбан етті де, керім даланы бағдар етіп жүйтки жөнелді. Арқарлардың бойына шақ келетін қараған арасына кіргенде оққа түсіп, құлап жатқандардың саны аздап сирей бастады. Себебі арттағы қуғыншылар тура жүре алмай, қарағанды айналып өтіп, әуреге түсті. Сонан соң топ қарағанның арасынан шыққанда бұған қарата тағы бір мәрте оқ атылды. Құлағының тұсынан зулап өткендей болды. Шаңырақ мүйізін шайқап-шайқап алып, тағы да шабысын үдете желе берді.
Қуғын көрген арқарлар түн қата түсіп жүретін ши арасындағы бұлақ басына жақындағанда аңшылардың оғы мүлде сап тиылды. Бұл кезде олардың ішіндегі Есіл мен Алпамыс мінген көлік ықтасынға түскен оппа қарға кіріп кетіп шыға алмай, көліктерін арлы-берлі ырғап жатқан-ды. Әли мен ұлы екеуі де батып қалмаса да, мінген көліктерінің дөңгелегі қалың шидің түбіріне соғылып, қисалаңдап келе жатып арқарлардан мүлде көз жазып қалды. Бәрінен қулығын асырған тағы да Сапар болды. Бағана бір әредікте Алмасты рульге отырғыза қойды да, аңшылықтың қызығына белшеден батып отырғанында, әлгілердің аялдағанын аңғарды да, алыстан орағытып, қалың шиді айналып өту керектігін Алмасқа айғайлап айта бастады. Бір қалқаға көлікті тоқтатып, ағасына, содан кейін Әлидің қалта телефонына хабарласып, жарты үйірі аман қалған арқарларды қайтадан келген жағына, жазыққа қарай қуалау керектігін ескертті. Тауға жақындаған сайын арқарлардың еркіндікті сезініп, құтылып кетуі ықтимал тұғын. Әли мен Есілдер жеткенше Сапар бұлақ басында екпінін баса аламай ентігіп тұрған бір құлжаны қақ басқа көздеп атып қалды. Шаңырақ мүйіз құлжаны атамын деп ойлаған. Бірақ ол қалың ши арасында тұрған әлдебір кексе саулықтың қасында басбағып тұра қалыпты.
Сәлден кейін қанды қуғын қайта жалғасты. Үш көліктің біреуі Алмас пен Сапар мінген «Нива» тау жаққа шығатын жолды жауып қиғаштай салды. Артқы жақтан тап әлгіндегідей «Джип» пен «УАЗ» қосанжарласып жүріп отырды. Осы мезетте жалғыз ғана құлжасы қалған арқарлардың үйірі топ қарағанға қарай емес, ауылды бетке алып қаша бастады. Бұл шаңырақ мүйізді құлжаның екі қозықа мен үш саулықты аман алып қалу қамы үшін жасаған соңғы айласы еді. Тура тартып бара жатқан аңшылардың көлігі бұрылып үлгергенше, арқарлардың үйірі талай жерге ұзап үлгерді.
Жиырма шақты ғана үй қалған Ортабұлақ ауылының батысынан арқарлардың үйірі алқын-жұлқын кіріп келгенде, ауылдың шетінде сырғанақ теуіп жүрген бір топ бала ит көрген ешкідей меңрейіп тұрып қалды. Алғашқы болып тілге келген, жасы кіші біреуі:
– Қойды қараңдар – деді аң-таң болып. Орта жастағы біреуі:
– Қайдағы қой. Бұл даланың ешкісі – деп шат-шадыман болып, тамсанып алды. Топ баланың ішінде жүрген ересектеуі:
– Мынау арқар ғой. Көкемдер соны атуға кеткен, – деп созылып бара жатқан сөз тартысын доғарып тастады.
Бұл мезетте есігінің алдында байлаулы тұрған атқа жайдақ міне салған Есет ауыл ішіне келіп жеткен қуғыншы көліктердің алдынан шауып шықты.
– Тоқтат, тоқтатыңдар, түге! – деп келіп, көліктен шығып басын төмен салып тұрған Алпамыс пен Есілді қамшымен жалғыз рет тартып барып, атынан секіріп түсті. Көлігінде күмілжіп отырған Әли мен ұлы екеуі сексенге жасы таяп қалған қарияның қайратына таңырқап, көліктерінде құлықсыз отыра берді.
– Ей, малғұн, бұларың не? Мен не деп айттым сендерге? Жайылым іздеп түскен аңдарды неге атасыңдар, төлдейтін уағы да жақын қалды. Өй, сендерді де біреу адам дейді-ау. Өңшең ақшаға құныққан арамтамақтар. Енді ауылды шулатып оқ атуға келдіңдер ме?! Қайтыңдар жөндеріңе! – деп ішіндегі бар ашуын төгіп-төгіп алған қария атын жетекке алып үйіне қарай аяңдап бара жатты…
* * *
Сол күні кешке жақын ақпанның бораны ақ бурадай жынданып, атқа мінді дерсің. Ел мен жерді көрсетпей апталап соғып, тұрып алды. Бір жетіден кейін Алпамыспен қосып, ана жолы арқарлардың ауылға кірген сәтінде анда-мұнда тығулы жатқан мылтықтарын ала жүгірген адамдардың бес-алтауын қаладан келген тәртіп сақшылары тергеуге алып кетті. Айыппұл төлеп, мылтықтарын өткізіп басын аман алып шыққандары ауылда тірлігін қайта жалғап, тұрып жатты. Сол жолғы тергеуде «Біздің жоғарыда танысымыз бар» деп кеудесін соғатын Есіл мен Әлиді де сүмпиткен көрінеді.
Қаладан келген күні Есет үлкен ұлы Алпамысты шақырып алып жерден алып, жерге салды дерсің. Арқарлардың қуғыны басталып кеткенде едіреңдеп елдің басында жүрген Сапардан сол бетінде хабар-ошар болмады. Бауырынан қалай көз жазып қалғаны Алпамыстың нақты есінде қалмапты. Қанды қырғын басталған кезде «Нива» көлігі олай бір, бұлай бір ойқастап жүрген, содан ізім-қайым жоғалды.
Қанды қасаптың қызған шағында ойда жоқта көз ұшындағы арқарлар ауылға қарай жалт бергенде көлік тізгіндеген Алмастың абдырап қалғаны рас-ты. Сапардың сөзіне иланып арқарларды ауылға кіргізбей қағып түсіруді мақсат етіп, алға озған Алпамыс пен Әлидің көліктерін сырт айналып ұша жөнелген. Жылдамдықтарын да үдетіп, қатты жүрді. Сапардың ойынша арқарларға істеген мына ісін әкесінің сезбегені ләзім. Көрді екен, онда құрығаны… Есет ақсақалдың мінезіне қанық ұлының шұғыл шешімі болатын бұл. Ақпанның қысқа күні шолтиып, бітуге шақ қалған бейуақыт мезгіл еді. Айтарын айтып алғаннан кейін Сапар еш сөзге келмеді. Алмас та ерінін жыбырлатпай, үнсіз отыра берді. Барған сайын көліктің жылдамғы үдеген үстіне үстемеленіп бара жатқанында, осы маңның ой-шұңқырын бес саусағындай білетін Сапар селт етіп есін жиып үлгергені сол еді. Екеуінің де көз алдары жарқ етті де, артынша қап-қара түнекке айналып кетті.
Атқан оғы дөп тиеді демесең, Алмас көлікті жетік жүргізбейтін. Сол кемшілігінің кесірінен қарсы алдындағы жыраны көрмей қапыда кетті. Әккі жүргізуші отырған болса, ең болмағанда жылдамдықты бәсеңдетіп, жан таласар еді.
Сапар мен Алмас мінген автокөлік осыдан бірнеше жыл бұрын аудан шенеу­ніктері ауылға су жеткіземіз деп қазып қойған жыраға бар жылдамдығымен ұшып келіп, құлап түскен еді. Сай-саланың сырын білетін Сапар ауылдың айналма тұсында әлдебір жыраның барын бұрыннан білетін. Бірақ жаңа ғана сонысын Алмасқа айта алмай, тіпті сол ісіне өкініп те үлгере алмады.
«Нива» автокөлігі жыраға құлап түскен мезетте Сапардың қолына сығымдап ұстап отырған шолақ мылтықтың ұңғысы ең алдымен иегін соғып, шүріппені басуға әзір тұрған бас бармағы болымсыз ғана қимылға келді. Әкесіне еліктеп емес, сән үшін қойған сақалының төменгі жағынан тиген оқ қара қошқыл қан араласқан миын көлік ішіне шашып жіберді. Бұл кезде денесі орындық пен көлік рулінің арасына жаншылып Алмас та жан тәсілім еткен-ді. Есет ақсақал олардың сүйегі сүрі қардың сәл ғана еруге бет алып, шөге бастаған мезгілінде табыларын сезбеді. Кінә артып, «шіріген жұмыртқа» десе де, Сапарды күтіп сарылып отыратын.
* * *
…Тұяғы тастың талқанын шығаратын киелі жануарлар алысқа маңып барады. Бағыт-бағдарсыз лағып барады.

Қуат ҚИЫҚБАЙ
Семей

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір