Мамыражай Мажарстан
22.10.2022
531
0

Біздің дәуіріміз, кезеңіміз дейміз бе, өтіп кеткен оқиғаларды мыжып, жазып отыруды көтермейтіні белгілі. Телефонның экранын сұқ саусақпен жылжытып, әлеуметтік желі мен қаптаған қалың сайтқа аз ғана уақыт бөліп, көз жүгірте қалсаң болғаны, көп жағдай өз-өзінен түсінікті. «Бардым», «қайттым» деп жеке парақшама мен де салғам. Ары қарай тағы бірдеңе деудің мәнісі жоқ сияқты көрінген. Бірақ қаламгер­лердің газетіне ең негізгі нәрсені жазуды, яғни жоба туралы мәлімет беруді жөн көрдім.

Мажарстанға сапарлап қайту туралы ең алдымен шілде айының ортасында ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының Бас хатшысы Сұлтан Раев мырзадан ұсыныс түсті. Он күн не екі апта, тіпті бір айға дейін сол елде қонақ жазушы ретінде тұрып, шығармаларыңды жазуға не кездесулер өткізуге мүмкіндік беріледі. Талап біреу – ағылшын тілін білуің қажет. Ол жаққа барғанда жаныңда аудармашы жүрмейді. Сонымен арада екі апта өткен соң поштамызға Мажарстандағы Петефи атындағы мәдени агенттіктің директоры Даниел Левенти Паль мырзаның қолы қойылған шақыру қағазы келді.
Мәдени агенттіктің «Hungarian Writers’ Residence» атты (ресми атауы) жобасы осыдан екі жыл бұрын дүниеге келген. Пандемия күйіп тұрған уақытта да жұмыс істеп, әлемнің бірқатар елдерінен қонақтар қабылдапты. Жоғарыда айтқанымыздай, олар 10, 14 не 30 күн бойы сол елдің бірнеше қаласында тұрып, шығармаларын жазып, жобаның арнайы сайтына күнделіктерін өз ана тілдерінде жариялаған. Маған қыркүйектің 21-30 күндері аралығында Ньиредхаза қаласына бару қолайлы болды да, баратынымды айтып, кері хат жолдадым.
Жобаның үйлестірушілерінің бірі Каталин Агостон Сшаш бикешпен хат жазысып жүріп, межелеген уақытта ол мені Будапешт аэропортынан күтіп алды. Айтпақшы, Мажарстанда бір ғана халықаралық аэропорт бар. Тұрғындар мемлекеттің өз ішінде пойызбен не көлікпен қатынайды. Каталин мені сол күні Ньиредхаза қаласына баратын пойызға салып жіберді. Танымайтын, білмейтін өзге мемлекетте жалғыз өзім пойызбен кетіп бара жатырмын. Күтіп алатын адамдар туралы да еш мәліметім жоқ. Әйтеуір «Сізді күтіп алады» деген жалғыз ауыз сөзді медет тұтып қоямын. Ешкім күтіп алмаған жағдайда Каталинге қайта хабарласуға роутер лимитімнің сол күні бітіп қалғаны аздай, телефонымның заряды да өшіп қалған. Пойызда бекеттерді мажар тілінде хабарлайтыны, жан-жағымнан тек мажар тілін естігенім, тіпті абдыратып тастады. Содан не керек, Ньиредхаза қаласының теміржол бекетінен екі адам қарсы алып, қонақ үйге апарып орналастырған соң ғана көңілім орнына түсті ғой.
Мені күтіп алған кісінің бірі Аги Сзомолианың мамандығы – кітапханашы. Ньиредхаза қаласында маған осы кісі көп көмектесті. Кездесулерді ұйымдастырып, қаланың көрікті жерлерін таныстырып, өзі жұмыс істейтін кітапханада он күн бойы жұмыс істеуіме, компьютер, ноутбук қолдануыма мүмкіндік жасап, кең пейі­лімен қонақжайлық танытты. Ньиредхазадағы қалалық кітапхананың балалар әдебиеті бөлімінде жұмыс істейтін Агидің де күнделікті тіршілігін бақылап, мажарлардың балалардың дамуына ерекше көңіл бөлетінін байқадым. Кітапханаға қай кезде барсаң да, мектептің ұйымдастыруымен кітаптар әлеміне саяхатқа келген түрлі сыныптың оқушылары алдыңнан шығады. Біздің кітапханалардың да безендірілуі, жаңа технологиямен жабдықталуы, кітаптардың молдығы ешкімнен кем емес қой, дегенмен 120 мың адамдық шағын қалаларда мектеп оқушыларының кітапханаға саяхатқа баратынын, фольклорлық билер билеп, фольклорлық қойылымдар қоюға айлап дайындалатынын естіп көрмеппін. Ұлттық құндылықтарды сіңіру фольклор арқылы жолға қойылғанына сүйсініп қалдым.
Ньиредхазада жүргенде қалалық «Келет» газетінің редакциясында болып, бас редактор Ниеки Зсолт және спорт тілшісі Кристиан Молнар мырзалармен танысып, тәуелсіз газеттің бүгінгі тыныс-тіршілігі туралы әңгімелестік. Сондай-ақ Ньиредхазада оқып жүрген қазақ қыздары – Назира Әбдінасыр және Әсел Байсағырмен кафеде жолығып, сұхбат құрдық.
Қаланың музейін аралап, тарихын біліп, көрікті жерлерін көріп, көңілімді демдеп жүргенде, он шақты күннің қалай өтіп кеткенін байқамай да қалдым. Менің бұл сапардан түйгенім – мажарлар өз елін жазудың адамдары арқылы танытуға, насихаттауға онша-мұнша мүдделі. Өйткені жоба бойынша қаламгерлердің сапарын түрлі қалаларына арнайылап ұйымдастырып отыр. Еуропаның көптеген елдері сияқты мұнда да жап-жасыл табиғат пен жанға жайлы климат көңілге шуақ сыйлап, мамыражай тіршілік бірден көзге ұрады. Асығып, жанығып жүрген ешкім жоқ, қандай шаруа болса да алдын-ала межеленген, келісілген, белгіленген (кемі екі апта бұрын) уақыт бойынша атқарылады. «Дәл бүгін сізбен жолығуым керек» деп біреуді мазалау әдепсіздік-дүр. Қысқасы, Еуропа халқына тән қатаң тәртіп мұнда да салтанат құрған. Сапар барысында көрген, түйген, сезінген нәрселер жетерлік. Оның бәрі оқырман үшін маңызды бола қоймауы мүмкін. Сондықтан осы жерден аялдайын. Жалпы, қысқаша айтқанда, «Hungarian Writers’ Residence» жобасының жазу әлемінде өмір сүретін адамға берері мол екенін тағы да еске салғым келеді. Қызығушы кісілер болса, жоба аттас сайтына кіріп, барлық қажетті мәліметті егжей-тегжейлі білуге мүмкіндік бар.

Айгүл СЕЙІЛ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір