ІЗДЕНУДЕН ЖАЛЫҚПАҒАН…
22.01.2016
1568
0

Серғазы ҚалиұлыМерейлі 85 жасқа келген ұстаз, педагогика ғылым­дары­ның докторы, профессор Серғазы Қалиұлы 25 жыл Ыбырай Алтынсарин атындағы Қазақтың ғылыми-зерттеу Академиясында, соңғы уақытта Қазақ мемлекеттік Қыздар педагогикалық университетінде профессорлық қызметті атқарып, студенттерге дәріс беріп келеді.


Осы жылдар ішінде 40-тан астам кі­тап (оның 5-і оқулық), 400-дей ғы­лыми мақала жазды. Бұл – күндіз күл­кі, түнде ұйқыдан ты­­йы­лып, ақ қағазға тәулік бойы те­­сіле қараған толассыз ми жұмы­сы­ның жемісі. Оның жалпы көлемі – 1200 баспа табақ екен, бейнелеп айтсақ – 50 том еңбек.

Профессор С.Қалиұлының осы еңбектерінің  тақырыптық ауқы­мына көз жіберсек, ұлттық тәлім-тәрбие та­ри­хы, мемлекеттік тіл мә­селесі, әде­биет пен тарихтың бай­­ланысы, сан ғасырға созылған халықтың  эт­нологиялық тұрмыстық ахуалы, т.б. олардың зерт­теуші қай­раткер-ға­лым­дар еңбекте­рі­нен орын алуы, яғ­ни сан салалы рухани мәде­ниеттің көкжиегі қомақты түрде көрініс тап­қан. Сайып келгенде, бұл тарих, эт­нология, фольклортану, этно­пе­да­гогика, этнопсихология, мә­де­ниет­тану ғылымдарынан мол білімді қа­жет ететін жан-жақты феномен ға­лым­ның ғана қолынан келетін іс. Яғни, Серғазы Қалиұлы еңбегінің са­ны мен сапасы бірдей көз тоқтатып, көңіл то­лар­лық дәре­жеде деуге бола­ды. Осы қы­руар еңбектің түп қазығы жинала келіп, 30 ғасырлық қазақ тә­лі­мінің он том­дығымен көмкерілетін көрінеді.

80 жылдардың орта кезінде профессор Қ.Жарықбаев екеуі бірлесе отырып, Қазақ тәлімінің 14 ғасырын қам­титын Антологиясының қазақ­ша екі томын (І томы – 1994 ж., ІІ то­мы – 1996 ж.), орысша І томын (1998 ж.) «Рауан» баспасынан шы­ғар­ды. Бұл жұмыс КОКП Орталық Ко­ми­тетінің 1985 жылғы Тәлімдік мә­дени мұра­ның 20 томдығын шы­ғару жө­ніндегі қаулысынан бастау алған еді.

Кейін Одақтың  ыдырауымен  бай­­ланысты дайындалған Қазақ тә­лі­мі Антологиясының  орысша, қа­зақ­­ша том­дарының шықпай қалу қау­пі  туған  кездегі ҚР Білім ми­нистрі Ш.­Шая­х­метовпен Мәдениет және ақ­п­арат министрі Ш.Елеукеновтерге әлденеше рет кіріп, табан­ды­лық көр­сеткен де С.Қалиұлы болатын.

Еліміз  егемендік  алған уақытта про­фессор С.Қалиұлы Қазақ тәлімі­нің он томдығын шығаруды жоспарлап, көп еңбек сіңірді. Елбасы Н.Ә.Назарбаевқа, ҚР Ми­нистрлер Ка­би­не­тінің бұрынғы пре­мьер-министр­лері: Қ.Тоқаевқа, И.Тас­ма­ған­бетовке, Д.Ахметовтерге, сол кездегі Мәде­ниет  және  ақпарат ми­нистр­­лері: Е.Қосубаев, Е.Ертісбаев­тарға әлде­не­ше рет педагог-ғалымдар аты­нан хат­тар жазып, мәдени мұра бағ­дар­ламасы есебінен қаржы бөлу­ді, бас­паның жоспарына енгізуді үз­дік­сіз та­лап етіп келді. Ақыры С.Қа­ли­­ұ­­лы­ның табандылығы арқа­сын­да мә­де­ни мұраның есебінен 2006 жылы Тә­лімдік ойлар Анто­ло­гия­сының І томы «Сөздік-Словарь» баспасынан жарық көрді. 2007-2010 жылдары көп­томдықтың 2-10 томдары осы бас­падан шықты. 2012 жылы орысша қыс­­қарған нұсқа­сымен І томы, 2014 жы­лы ІІ томы жарыққа шықты.

Құрастырушылар отызға жуық ав­торды тартып, олар берген материалдарды  архивтік  дереккөздерімен мұқият салыстыра қарап, әлденеше рет оқып, түзетулер енгізіп, жинақ­тар­дың сапалы болып шығуына зер салғандығы  байқалды. Бұл ерінбеген ұзақ жылдық еңбектің нәтижесі деу­ге болады.

Көптомдық тәлім Антоло­гия­сы­ның екінші бір құндылығы – бұрын бас­палардан шыққан жүздеген кі­тап­тарды оқып салыстыра қарас­ты­рып, соның тәлім тағылымдарына керекті деген жерлерінен үзінділерді ерінбей отырып теріп, таңдап ала білуі демек­піз.

Соның нәтижесінде Антология томдары аса құнды  дереккөздері бо­лып шыққан.

Бұл еңбектердің тағы бір құнды­лы­ғы – біріншіден, әлденеше  ғасырды қам­туы болса, екіншіден араб, парсы, қы­тай, моңғол, орыс тіл­дерін­дегі ба­сылымдардан қазақ­шаға аударып беруі арқылы құнды. Үшіншіден, тә­лім тарихымен айналысушы ғы­лыми  іздену­шілердің бәрінің қолы­на көне дерек­көз­дері түсе бермейді. Бұдан әлденеше жылдар бұрын бас­па бетін көрген, оның үстіне бүгінде оқырман қауымның қолына түсе бермейтін ескі әдебиет­тердің тап­тыр­майтын көне дүниелер екенін ес­керсек, құрастыру­шылардың жүз­деген еңбектерден теріп, сүзіп алған тәлімдік ойлар тұжырымдамаларын дайын дереккөздеріне айналдыруы – аса қуанарлық іс. Осы тұрғыдан ал­ғанда, құрастырушылардың қы­руар еңбектерін мұхиттың түбінде жатқан інжу-маржанды бір-бірлеп те­ріп алып, құрастырушы сүңгуір ма­мандар мен зергерлерге теңеуге бо­лар еді. Қазақ «Зер қадірін зергер бі­леді» деп текке айтпаса керек.

Профессор С.Қалиұлының елі­міз­де кадр даярлау ісіне сіңірген ең­бегі де орасан зор. Ол соңғы 35 жыл ішінде 26 ғылым кандидаты, 2 ғы­лым докторын даяр­лап шығарды. Олардың ішінде Қ.Қабды­ра­зақ­ұлы, Ә.Ашайұлы, С.Беріков сияқты Қыр­ғыз және Моңғол Республи­ка­ла­рының азаматтары да бар.

Профессор С.Қалиұлы «Қазақ ССР  және КСРО Білім министрлік­терінің оқу-ағарту ісінің озаты» белгілерімен, Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің және КСРО Қатынас Жолдары министр­лі­гінің құрмет грамоталарымен, сондай-ақ, Жоғарғы Үкіметтің жеті медалімен марапатталған. Мағжан Жұмабаев атындағы сыйлық иегері.

Тәлім ан­тологиясының көп­том­дығы көне мә­дени мұраларды бүгінгі күн тұр­ғысынан қарастыра зерделеп, қо­рытып шығарған аса құнды еңбек.

С.ҚОҢЫРБАЕВА,
Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық
университетінің доценті, педагогика
ғылымдарының кандидаты.

Ә.ТОЛҚЫНБАЕВА,
Қазақ мемлекеттік қыздар
педагогикалық университеті
Педагогика және психология
мамандығының магистранты.

 

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір