16.10.2022
252
0

Қарадаланың қиырында Қытай мемлекетімен шекаралас орналасқан Үлкен Дихан деген шағын ғана ауыл бар. Бұл ауылдың өзі шағын болғанымен тарихы тереңде екенін біреу білсе, біреу білмес. Ұйғыр халқының ақыны Илья Бахтия осы ауылдың түлегі. Бахтия 1932 жылы осы ауылда дүниеге келеді. Әкесінен ерте айырылған ақын анасы Рәвиямның тәрбиесінде өседі. Туған жылы соғыс жылдарына, қиын кезеңдерге дөп келген ол Өзбекстанға барып, сол жақтан білім алады. Ақын жастайынан Алпамыс жырын жаттап, өзбек жұртын аузына қаратады. Ол жақтан да пана таппаған ақын 1941 жылы туған жері Үлкен Дихан ауылына оралады. Ақын бір жазбасында «туған жеріме келсем, бұл жақта да жағдай мәз емес, қалам орнына қолыма кетпен алдым» деп ашына жазады. Ақын Илья Бахтия балалық шағы ауыр жылдарға дөп келсе де ізденісін тоқтатпайды. Ауыл мектебінен білім алып, 1953 жылы ҚазПУ-дың филологиясына оқуға түседі. Бала кезден армандаған асыл мұратын абыроймен аяқтап, туған ауылына мұғалім болып оралады.
«Сенің көздеріңді көргенімде,
Жанарыңның тұңғиығына түсіп кетем.
Сенің сөздеріңді естігенде,
Құдайдың Қылкөпірінен өтіп кетем», – деп бір шумақ өлеңімен жұртты елең еткізген, Хакім Абайды ұйғыр тіліне аударып, өз ұлтына жеткізген, Мұқағалидың үзеңгілес досы болған Илья Бахтия ақын көзі тірі болса, биыл торқалы тоқсан жасқа толар еді. Осы орайда тарих пәнінің мұғалімі Ринат Иманқұлұлы аударған Илья ақынның топтама өлеңдерін жариялап отырмыз.

 


Ақын қабіріндегі
ойлар

Ақындарды құрметтеңдер, сыйлаңдар,
Жақсылық та ақындардан таралған.
Өлеңдерін аяқасты қылмаңдар,
Ақындар мұң мен сырдан жаралған.
Қалдырмаңдар ақынның ақ көңілін,
Сендер үшін пүтін сақтап жүреді.
Арзан деме оның киген киімін,
Жүрегіне қымбат ойлар түнеді.

Ақындардан күннің нұрын торыма,
Ыстығында беріп болған ел-жұртқа.
Ақындардың күлкісін де сұрама,
Шаттықтарын беріп болған ел-жұртқа.
Ақындарды тірісінде тілдеме,
Ақын деген ел-жұрт үшін берекет.
Ақын өлсе, өлді ғой деп жылама,
Ақын тірі,
Айтылғандар, ол – өсек.
Ақын өлді.
Бұл сөз жалған,
Жалғанда,
Бұл сөзімді ұққан пенде құптасын.
Ойлаңдаршы,
мүмкін қажып қалған-ау,
Кішкене бір демін алып ұйықтасын.
Меніменен
мұңдасқын
Өмір кезіп, арық аштым, су кештім,
Жолсыз жерде жаяу жүріп жол таптым.
Мақсат көздеп шықсаң егер сапарға,
Ей, қымбаттым!
Сырыңа да, мұңыңа да ортақпын.

Өмір кезіп арық аштым, су кештім,
Мәрттігін де көп көргем
мен жолдастың.
Дертің болса жақыныңа айтқандай,
Ей, қымбаттым!
Болайын мен жол басшың.

Талай рет ашылдым мен, мұңайдым,
Достарыммен жақсылықты бөлістім.
Арманыңа жетпек болсаң егерде,
Ей, қымбаттым!
Өшпесінші сол ұшқын.

Осылай мен кең өмірге ұластым,
Адам жүрер жолдарға мен гүл шаштым.
Кең өмірдің тар жерінен өткенде,
Ей, қымбаттым!
Мені менен мұңдасқын.
Іш тартады
махаббат

Бір жас жігіт күнде келіп,
Сайға қарап ысқырды.
Қыз да шығар жауап беріп,
Қолға қонған құс сынды.
Айға түсіп көлеңкесі,
Мұңдасады таң атқанша.
Көк аспанның көлеңкесі,
Алтын деген ай батқанша.
Бір жас жігіт күнде келіп,
Сайға қарап ысқырды.
Қызда шығар жауап беріп,
Қолға қонған құс сынды.
Сұраңдар
Өмірімді мұратына
жеткендерден сұраңдар,
Ана жұртқа адал еңбек
еткендерден сұраңдар.
Мен сол жұрты бостан қылғам
терімменен суғарып,
Ұсталмаған, дат баспаған
кетпендерден сұраңдар.

Соғыс жылы таулы аймақта
мал бағып та өсіргем,
Қар-жаңбырда жанға ес қатқан
ықтардан да сұраңдар.
Жас шағымыз жұт жылына
тура келген әсілі,
Рахат көрмей қарғыс-жапа
шеккендерден сұраңдар.

Басты имей жеңіп шықтық біз оны,
Ауыр жылдың машақатын
шеккендерден сұраңдар.
Өмірімді білмек болсаң
күрестерде табылған,
Өмір үшін өз ісіне
бекемдерден сұраңдар.

Өз басынан жұртың ісін артық
көрген оғлан бар,
Сол жұрты деп құрбан болып
кеткендерден сұраңдар.
Жас шағымды білмек болсаң
азаптарын іздеме,
Әке көрмей жетім өскен
қорғансыздан сұраңдар.
Болмаса
Өткен өмір берекесіз
көңіл бүтін болмаса,
Махаббатта іш тартпайды
ішкі отың болмаса.
Ел жұрт көріп өскен ұл
ел қадірін біледі,
Дана болып өспек емес
уыз сүті тамбаса.

Көшет тігіп қойғанменен
бақ өзінен жаралмас,
Көкмайсада тақыр болар
жақсы күтім болмаса.
Ата-анаң болғанменен
бекер болар өмірің,
Соларға да пана болар
ұлық жұртың болмаса.
Ұлы Абайға
Алыстан таңғажайып
сәуле болып шықтың сен,
Адам болып туылғанды
өзі ішіңе тықтың сен.
Өз халқыңа, адамзатқа
құнарыңды төктің де,
Жақсылықты жамандықты елден
бұрын ұқтың сен,

Жауыздардың жолын кесіп
жалғыздарға жар болдың,
Қара тасқа айқайлап та естірте алмай
зар болдың.
Кең өлкеме домбырадай
сен оларға тар болдың,
Бақшалардың мазарындай
жалғыз қалып қор болдың,
Бәлкім-бәлкім шын өмірден
сүрінбестен өттің сен.

Сен табылмас адам едің
заман сені білмеді,
Іші қуыс, меңіреу жандар
көзіне де ілмеді.
Надандарың шеттеп кетіп
қызықпады білгенге,
Жанға батты достарыңның
келемеждеп күлгені.

Сөз патшасы – өлеңіңді
ермек үшін жазбадың,
Дұшпанға оқ, досқа медет,
тілге қуат жазғаның.
Әрбір сөзің бізге ақыл
сенен қалған мұраның,
Мүмкін оны өз кезінде
өзің бәлкім сезбедің.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір