Сәнді киіну — жай-күйіңді рет­теу
13.10.2022
851
0

Стилист – өте жеңіл кәсіп секілді көрінгенмен, бұл адамның тек сыртқы сұлулығымен ғана емес, ішкі жан дүниесінің ерекшеліктерін, темпераментін де ескере отырып, жұмыс істейтін кәсіп иелері. Стилист түстер үйлесімділігін, эстетика, сән тарихын, адамның физиологиялық және психологиялық ерекшеліктерін терең білумен қатар, адамның тұлғалық ерекшелігін анықтап, соны аңғартуға үлесін қоса алады. Сондықтан оны психологиялық маңызы бар мамандық деп те санауға болады. Стилист мамандығының маңыздылығы әсіресе киноиндустрия, модельдік бизнес, шоу бизнес, өнер, тіпті саясат шеңберлерінде айқын көрінеді. Бүгінде қазақ аудиториясында сән әлемінің сырларымен бөлісіп, қаржы-қаражатын пайдалы жұмсау арқылы сәнді киінуді үйретіп жүрген стилист Бұлбұл Қалқанбаеваны сөзге тартып, стиль, талғам, тенденция туралы ой-пікірін білген едік.

—        Бұлбұл ханым сізді көпшілік белгілі стилист ретінде таниды, бұған дейін Өскемен қалалық ішкі саясат бөлімінде бас маман болып еңбек еттіңіз, стилист мамандығына ойысуға не себеп болды?  Өзіңіз жайлы айтып өтсеңіз.

—     Мамандығым қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі екенін айта кетейін. С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің филология факультетін тамәмдаған соң, дипломды қолыма ала сала бірден Өскемен қаласы әкімінің ресми сайтының аудармашысы ретінде еңбек жолымды бастадым, сол әкімшіліктегі ішкі саясат бөлімінде жетекші маман, бас маман, ақпараттық саясат және БАҚ мен жұмыс бөлімінің меңгерушісі болдым. Мемлекеттік қызмет­­ – өте жауапкершілігі мол сала, қойылар талап та қатаң. Мен шығармашылық адамы болған соң ба, бір дүние қысатындай көрінетін. Төрт қабырғаның ішіндегі өмір қажытты. Дегенмен мемлекеттік қызметте жүріп, көп нәрсені үйрендім. Адамдармен, қоғаммен жұмыс жасау, сабырлық танытып, әр мәселенің шешімін таба білу, аударма жағынан болсын көп нәрсені түйіп шықтым. Кеңсенің бірсарынды өмірі қажытқан соң, жұмыстан шығып жеке өміріме көңіл бөле бастадым. Ана болдым, бала күтіміне байланысты демалыста отырған соң, өз өзіме көңілім толмайтын. Босанғаннан кейінгі баламен үйде отырған келіншектердің бәрінде кездесетін құбылыс – тоқырауды бастан өткердім. Ұлым да өсіп, мемлекеттік КазЦинк деген фирмаға жұмысқа орналастым. Ол жерде әкімшіліктегідей қатаң тәртіп жоқ, бос уақытым да бола бастады. Барлығы сол кезде басталған сияқты. Жаңа ортаға түскендіктен бе, әлде ішімдегі бұғып жатқан дүние маза бермегендіктен бе киім кию үлгіме көңіл бөліп, имиджге деген қызығушылық оянды. Гуглдан сән туралы ақпарат мүлдем жоқ. Орыс тілді стилисттердің өзі саусақпен санарлықтай. Әлеуметтік желілер жаңадан дамып жатқан уақыт. Сол кезде ресейлік, украиндық, америкалық стилисттердің парақшалары арқылы Стилистика саласында контенттерге қол жеткізе бастадым. Ең алғаш  уркаиндық Маргарита Мурадованың «персоналды стилист» деген курсы бар екенін біліп, соны сатып алып оқыдым. Одан кейін ресейлік Александр Клейменов, Ольга Слонь, қазақстандық Дана Инстайл сынды атақты стилистердің курстарын оқып, лекцияларын тыңдадым. Сәнге қатысты барлық ақпараттарды жібермей, үнемі ізденісте болдым. Білімімді толықтыра жүріп, сол салада жұмыс бастап көрдім. Өскемен орыстілді қала, сонымен қатар дүкенге өте жұтаң қала. Сол орыстілді ортада өзіңді ұсыну, кәсібімді дөңгелетіп әкету өте қиын болды. «Өмір сүруді үйретпеймін, көйлек киюді үйретемін» деп жазып әлеуметтік желіге жарнамалағанда да қоғам мені қабылдай қоймады. Біздің қазақта қатардан қалмасам, киімім жыртық болмаса болды деген түсінік бар. Сұлуынан жылуы, таза болса болды дейтін экономикасы құлдыраған кеңестік дәуірдің, экономикалық құлдыраудың кезіндегі ұрпақтармыз. Сол тұрғыдан алғанда олай болуы заңды да. Стилист деген мамандықтың бар екенін, қазақша стилистпін деп өз қызметімді ұсыну мақсатында қолдау көрмесем де, ұнатқан ісімнен бас тарта қоймадым. Үлкен қалаларға шықтым, түрлі дүкендерді көрдім. Ішімдегі бұлқыныстың осы стилист маманы болуға итермелегенін сол кезде түсіндім. Алматыға қоныс аударып, түбегейлі осы салада қызмет еттім. Ең бастысы жаныма жақын істі сүйіп істейтінімді түсіндім. Алматыға келгелі осы сала бойынша тәжірибемді арттырдым, түрлі арналар сұхбатқа шақырды, танымал бренд киім дүкендерімен бірге жұмыс жасауды бастадық, аз уақыттың ішінде көптеген өзгерістер орын алып, одан әрмен шыңдала түстім десем болады.

—    Ғаламтор арқылы айтыс өнеріне қатысыңыздың бар екенін білдік. Облыстық айтыстарға қатысқан екенсіз, неліктен айтыстан алшақтап кеттіңіз?

—    Иә, айтысқа деген қызығушылығым бала күнімнен басталды. Оған анам себепкер болды. Үйде үш қызбыз анам теледидар, радиодан үнемі айтыстарды қосып қояды. Соны тыңдап өскеннен соң ба құлағымызда жатталып, көкірегім сайрап тұратын. Халық әндеріннің сөздерін анам, екі сіңілім төртеуміз жазып алып жаттап, үйде ән салып, би билеп, кішігірім концерт қоятынбыз. Кейін ең алғаш сегізінші сыныпта ұстаздарымның жетекшілігімен мектепішілік айтыстарға қытысып, кейін аудандық, облыстық айтыстардан бой көрсете бастадым. Республикалық айтыстарға ауылдың атынан қатыстырып, қолдау көрсетіп отырды. Оныншы сыныпта Абай ауданы Қарабұлақ ауылында өткен республикалық балалар айтысынан бас жүлде алғаным есімде. Сара Тоқтамысова, Рүстем Қайыртайұлы сынды семейлік мықты ақындармен де айтысқа түстім. Студент кезімде де айтысқа шығып жүрдім. Жалпы айтыс – киелі өнер, оған ерекше бап, үлкен жауапкершілік керек, суырып салып айтысу деген – үлкен қабілет. Сондай ақ ел сенімін ақтап, халықтың көкейіндегі ойын жеткізіп, мықты айтыскер болу үшін өре керек, көп білім керек. Ал мен нашар ақын болғым келмеді. Уақыт өте келе мен осындай құндылықтарды түсініп, айтыстан алшақтай бастадым. Ақындардың еңбегін өте жоғары бағалаймын, ерекше құрмет тұтамын.

—    Соңғы кезде қазақша киіну үрдісі белең алып келе жатқаны қуантады, сол үрдісті сақтап қала аламыз ба? Жаппай сәнге айналған жыртық киімдерді қандай киімдер алмастыра алады? Еліміздегі дизайнер-стилисттер қазақша стилдерді жаңартуда қаншалықты белсенді?

—     Этникалық стил әлемдік сәнде белең ала бастады. Жоғарғы сән әлемінде этникалық элементтердің көрінісі айқын. Сән – қоғамда болып жатқан жаңалықтардың көрінісі. Сән мен қоғамды екі бөліп қарай алмаймыз. Ал қазақы нақыштағы үлгі біздің түп тамырымызда, тарихымызда, болмысымызда бар болғандықтан ол ешқашан ұмытылмайды. Әр ұлт өзінің болмысына сай үрдісін ешқашан жоғалтпайды. Қанша батысқа еліктесек те, табиғи болмыс сақталады. Заманауи үлгідегі киімдердің кейібір элементтерінде көрініс береді. Бастыстан алған дүниелерімізбен қоса біріктіреміз. Алдағы уақытта да дами түспесе, жоғалып кетеді деп айта алмаймын. Этникалық дүниелер кәзір өте актуалды болғандықтан дизайнерлердің барлығы соған көңіл бөліп, қоғамға қайта көрініс беруге талпынып жатыр. Біз 2000 жылдардың басында, яғни ұлттық деген сөзді айтудан жасқанатын заманда Аида Кауменова, Ая Бопани секілді ұлттық нақышта киім тігетін мықты дизайнерлер саусақпен санарлықтай еді, қазір көптеген жас дизайнер шығып жатыр және олардың жеке қолтаңбаларынан да этникалық ұлттық нақыш айқын көрінеді.

—    Сіздің қызметіңізге оралсақ. Сапалы әрі сәнді киіну көп қаржыны талап ете ме?

—    Сапалы әрі сәнді киіну – көп қаржыны талап етпейді. Көзіңіздің бұлшық еті үйренген болса, базардан да актуалды киімдерді тауып киінуге болады. Ең бастысы киімнің пішіміне (крой), матасына, сәннен шығып кетпеуіне мән берген жөн.

—    Сауатты киіну жөнінде көптеген курстар өткізіп, түрлі жобаларды жасап жатырсыз. Алматыға қоныс аударудағы мақсатыңыз қандай? Алдағы жоспарлаңызбен бөліссеңіз.

—     Стлистік бағыттағы кәсібімді ары қарай жандандыру мақсатында Алматыға қоныс аудардым. Өскемен өскен ортам, туған жерім болған соң маған өте ыстық, бірақ дүкенге жұтаң қала болған соң бизнес жасауға мүмкіндік аз. Алматыға келе салысымен дұрыс киінуді үйрену бағытында бірнеше курстар өткізіп, түрлі жобалар жасадым. Алматы, Шымкент, Өскемен, Астана қалаларында шәкірттерім бар. Республикалық жобаларға да қатысып көрдім. «Bul_bulbul» деген киім брендін дүниеге әкеліп жатырмын. Соны ескере отырып, қай салада жұмыс істесе де киіс беретін, ыңғайлы, табиғи матадан қолжетімді бағада гардеробқа қажетті көйлек, белдемше секілді киімдерді тігіп ұсынып отырмын. Әйел заты ол өзінің нәзік жанды екенін ұмытпаса екен деген ұстанымдамын. Әдемі көйлек кию ол – ішкі күйді реттеу. Эвелина Хромченко: Егерде сен мансапқа жеткің келсе, сол мансапқа жетіп қойғандай киін» деген екен. Адам сыртқы келбетін түзеу арқылы, ішкі жандүниесін де әдемілендіре түссе екен деген мақсаттымды түсіндіргім келеді. Казіргі заманда киіміңе қарап қарсы алып, бастапқы үш-төрт секундта сен туралы ой қалыптастырып үлгереді. Сондықтан қашанда сәнді киінуге тырысу керек.

— Басқа қалаларда шәкіртерім бар дедіңіз, сізден білім алған қыз-келіншектер сізге бәсекелес болады деп ойламайсыз ба?

—  Олай ойламаймын, біріншіден әркімге Алладан берілетін өзіндік рызық-несібесі болады. Қанша жерден тырысып, дүние жинаймын десек те, бұйырғаннан артық болмайды. Екіншіден, керісінше «әдемілік – әлемді құтқарады» демей ме, қоғамдағы барлық әйел заты заманға сай киініп, әдемілікке ұмытып, өзін дамытса екен деген көзқарастамын. Сондықтан бойымдағы бар білімімді сарқып беріп, нәтижесін көруден ләззәт аламын.

—  Қазіргі таңда рейтинг үшін жасалатын, сапасыз бағдарламалар көбейді. НТК арнасындағы «Сәнді Алмас» бағдарламасына сарапшы болдыңыз, ол бағдарламаның қоғамға берері пайдасы бар ма?

— «Сәнді Алмас» бағдарламасы – сән туралы шыққан ең алғашқы бағдарлама. Осыдан бес-алты жыл бұрын психология саласы қазақы қоғамға жаңадан келіп жатқанда, коғамның кейбір бөлігі жатырқай қараса, кейбірі ұзақ жылдардан бергі сеңіп қалған мәселелерінің шешімін тауып, өмірге жаңа көзқараспен қарап, дами бастады. Психологка барады екен десе, ауру көргендей жатырқаған кез болды. Сол сияқты сән әлемін де, сондай бағдарламаларды да қоғам екіге түрлі көзқараспен қабылдайтыны қалыпты жағдай. Мысалы өзім көптеген марафондар, жеке кеңестер, шопингтер өткіземін сол кездегі маған келген қыз-келіншектердің суретін пікірімен қосып, әлеуметтік желіге салып, өзгерісімен бөлісуге рұқсат сұрасаң, «мені сіз арқылы абысыным, қайын жұртым, болмаса құрбыларым көреді. Өз талғамың жоқ па деп сөгеді» деп жатады. Психология саласы сияқты бұл стиль саласына да жатырқай қарайтындар, қабылдай алмай жатқандар жетерлік. Дегенмен бір-екі жылда «киімімді реттеп отыратын жеке стилистім бар» деп айтып отыратын, оны қалыпты жағдай деп қабылдайтын қоғам пайда болады. Бағдарламаның халыққа берер пайдасына келсек, қоғамда соңғы кездері тұрмыстық зәбір, зорлық, қорлық көрген қыз-келіншектер көп, тіпті соның салдарынан өмірмен қоштасып жатқандар да жетерлік. Ал бұл бағдарлама менің түсінігімде үй тұрмысынан да бөлек өмір бар екенін ұғыну, әйел өзіне көңіл бөліп, әдемілік сыйлау, әйел ретінде өзінің жаны мен тәнінің арасындағы байланысты, гармонияны, қалыптастыруа, таңдау жасауға құқылы деген бір мақсатты көздеген сияқты. Біздің қоғамда біреу тұрмыстық зомбылықтың құрбанына айналып, болары болып, бояуы сіңген соң ғана бас көтеріп, онда да жатып алып, әлеуметтік желілерде зорлық-зомбылық жасаған адамды бүйту керек, сүйту керек деп бар ақылымызды айтып, «ауызбен» тыдырамыз. Ал қазақ қызы да өзін қорғауға құқылы дегенді біз көтермейміз. «Сәнді Алмас» соны көрсеткен секілді. Иә ол бағдарламада да кемшіліктер болды, қыздарымыз дауыс көтерді, мінез көрсетіп, артық кетті. Ондай кезде ақыл айтып, жөнге келтіріп отырдық. Алдағы уақытта сондай бағдарламалар шығып жатса, ұлттық тәрбиеге де көңіл бөлсе екен деймін.

— Газет, кітап оқисыз ба? Қай автордың шығармасын сүйіп оқисыз?

— Студент кезіміздегідей ақын-жазушылардың шығармаларын іздеп жүріп оқимын десем, өтірік болады. Бірақ кітаптан мүлде алыс емеспін. Қазір психология саласы бойынша шыққан кітаптарды оқимын. Жақында «Мазмұндама» қорының ұйымдастыруымен шығарған «оқуға тиіс он кітап» деген жүйесі бойынша Кемел кітабын оқып біттім, дәл қазір Көшбасшылығын оқып жатырмын. Торғын Жолдасбекқызының шығармаларын жақсы көремін. Аллан и Барбара Пиздің жеке дамуға қатысты шығармалары ұнайды.

— Шығармашылық табыстар тілеймін. Әңгімеңізге рақмет!

 

Сұхбаттасқан Айнаш Әлдибек

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір