Ойтолғау
«Кім» бе, «Не» ме?
Өзі бақытты болып тұрған сәтте өзгенің бақытсыздығын сезіне алмайды екен адам: алдында Зәмзә жылап тұрса да, оны өзінше жұбатып жатса да, жақында өзінің үйленетіні Өкеннің ойынан шықпай қойды. Қызды құшақтай алып, бауырына тартты. Өзінің бақыттылығы оның бақытсыздығының өтемі секілденіп кетті.
* * *
Біреудің өмірі – біреуге бұлдыр: бірін білсең, бірін білмейсің, білгің де келмейді, өйткені өзгенікінен бұрын өз өміріңді ойлайсың.
Үшінші курс – білім алыудың бел ортасы. Білгеніңді де, білмегеніңді де шамалай алатындай жағдайға жетесің. Қыдырыуың, қызығыуың отбасын құрыуға бағыттала бастайды. Өзіңмен өзің ақылдасып, өзіңмен-өзің жанжалдасып та жатасың. Алматыда жігіттердің жійі баратын жері – қыздар оқыйтын орда. Быйыл ғана оқыуға түскен бір қызға Өкеннің де көзі түскен. Үркек, қорқақ, сақ. Жігіттердің ең басты мақсаты, оның ойынша, қыздарды алдап кетіу. Өкенге әсіресе сонысы ұнады. Өйткені жамандықтан қорыққан адам өзгеге жамандық жасамауы тійіс. «Қойыңызшы! Біздің ауылда өйтпейді. Ұйат қой», – деп бәріне ауылының әдетімен баға береді.
Бір күні қолынан ұстатты. Тағы бірде қолтықтатты. Төрт айда зорға құшақтатты. «Аға, ел қарап тұр ғой», –деді жан-жағына жалтақтап. «Қараса, қарай берсін. Қарағанмен, көздері жетпейді. Екеуміз алыстан оларға бір кісі болып көрінеміз», –деді Өкен де қызды құшағына қысыңқырап.
– Еркектің ештеңесі кетпейді, мені «ұйатсыз қыз екен» дейді ғой.
Ауыл қызының ауылға тән сөзі Өкенді еріксіз күлдірді. «Әй, аңқауым-ау! – деді қызды самайынан ійіскеп. – Бір-бірін түгел таныйтын бұл сенің ауылың емес қой». «Танымаса да, қыз екенімді көреді, ұйат қой қыз басыммен құшақтасып тұрғаным».
Сөйлескен сайын сүйсініп қайтады. Әдейі сөйлетіп, әдейі еркелетеді. Одан Өкен төрт жас үлкен-ді, қыз соның өзін сұмдық жасалшақтық санайды. Мәнді, мәнсіз, бірақ зілсіз сөздерді бір-біріне айта жүріп, бір-бірінсіз тұра алмастай күйге жеткендерін екеуі де кейін байқады.
Бір күні қыз Өкенге күтпеген оқыс сұрақ қойды. «Алымхан деген біреуді білесіз бе?» – деді бұған дейін байқатпаған қылық танытып. «Ондай біреу менімен бірге оқыйды. Оны неге сұрадың? Сені айналдырғысы келіп жүр ме?»
Сұрарын сұрап алып, қыз не дерін білмей, сасып қалды. Бетіне Өкен күдіктене қарағанда, тіпті берекесі қашты. Амалсыз сыр ашты:
– Жатақханада Зәмзә деген қызбен бірге жатам. Сол: «Сұрашы, қандай адам?»– деген.
Өкен ойланып қалды. Бірақ қанша ойланса да, Алымханның қандай адам екенін айта алмады. Оқыуы орташа, әскерій міндетін өтеп келген ересек жігіт, Өкеннен төрт-бес жас үлкен болғандықтан, араластары аса емес-ті. Шашы бұйра, орта бойлы, өңі ақ құба. Әдемі бійлейді, әдемі сөйлейді, өте жақсы кійінеді, тек жорғалаңқырап жүреді.
– Бірде-бір ірет бірге болған емеспін, білмеймін. Қандай адам екенін айта алмаймын. Немене, жақсы көріп қалып па? – деген.
– Солай-ау деймін.
Бұрын ійттің етінен жек көретін.
– Неге?
– Өзі айтпаса, мен ондайды қазып сұрамаймын ғой. Айтыуынша, екеуі жерлес, бірақ бір ауылдан емес. Жаңа жылда жерлестер бір жерде бас қосқан көрінеді. Артынан шығарып салам деп, Алымхан Зәмзәні қолтықтап әкетіпті де, біраз ұзаған соң, ағаш арасына қарай сүйрелепті. Алдында ойыны шығар деп қалса керек, қолын қай-қайда жүгіртіп, сүйрелей берген соң, «Адам ба десем, ійт екенсіз ғой!» – деп, ійтеріп жіберіпті де, жан-дәрмен қашып құтылыпты. Содан жек көріп жүретін.
– Е, онда неге менен сұрайды? Өзі біледі екен ғой қандай адам екенін.
– Қәзір бірақ екі ойлы сыйақты. Анау күн сайын келеді. Жатақханаға ер адамды кіргізбейді ғой бізде. Ол бір қарындасын ертіп келеді де, содан сала құлаш хат жазып жібереді. «Мас болып қалыппын. Не істеп, не қойғанымды білмеймін. Сен ұрсқан кезде ғана есімді жыйдым. Кешір! Сені іренжіткенше, өлгенім жақсы еді. Қәзір тірі өлікпін. Өзің тірілтші!» – дейді жалынып. Соның бәрі әсер етті ме, хатын оқыған сайын бұрын боқтай жөнеліуші еді, қәзір өйтпейді.
– Алымханның қандай адам екенін анық білсем, онда бір ақыл айтар ем. Білмеймін, сондықтан не жамандай алмаймын, не мақтай да алмаймын. Әркімнің өз тағдырын өзі шешкені дұрыс шығар, –деп түйіндеген.
– Мен де солай ойлаймын, – деген қыз да Өкеннің ойын қостап.
Өкен сонымен бұл істі біттіге санаған. Бірақ бітпепті.
Өкен көп ұзамай өз қызына үйленейік деген өтініш айтты. Қыз: «Маған ерте ғой», –деді. «Саған қәзір ерте болса, маған ертең кеш болады. Сондықтан, мені шын сүйсең, каныйкұлда апаңмен ақылдасшы! Со кісінің айтқанын істейік!»,–деді Өкен. Қыз келісті.
Күзде шешесінің шешімін айтты: «Жүрегің шын қаласа, жігіттің десін қайтарма!», –депті.
Құуаныштан Өкен қанат біткендей құлшынды. Үйленетінін естігенде, әкесі күлім қақты, шешесі жылап жіберді. Шапқылап жүріп, шақырыу белетін жасатты. Құуаныш құшағында жүргенінде, Зәмзәмен танысты. Оның да құуанып жүрген кезі екен, ақыры Алымханға тұрмысқа шығатын болыпты. Олардың тойы бұлардан бір апта бұрын екен. «Келіңдер!» –деп, қолына шақырыу белетін ұстатты. «Келеміз! Міндетті түрде», –деді Өкен қалыңдығын қолтықтап тұрып.
Зәмзәнің тойына бұлар бір күн бойы сыйлық іздеді. Таппады. Келесі аптада тағы іздеуге келісті. Бірақ ол аптаға жетпей-ақ жамандық хабар жетіп үлгерді: олардың тойы біржола өтпейтін болыпты.
* * *
Бір өзі бір сәтте үшке бөлініп тұрғандай еді Өкен: өзінің үйленіу құуанышы бір жағынан, Зәмзәнің алданып қалған қайғысы екінші жағынан, Зәмзәні алдап кеткен курстасының қатігездігі тағы бір жағына тартқылап жатты. «Әке-шешеме не дейім? Елдің бетіне қалай қарайым? «Ійт екенсің!» –дегенім үшін өзімді ійт қылып кетті. Өлем! Тойға келетін жұрт жерлеп қайтсын» – дейді Зәмзә қылғына өксіп. «Қой, өйтіп айтпа! Әлі өмірің алда»,–деді жанымен емес, жаттанды сөзімен жұбатып. «Оның осындай адам екенін сен біліп жүрдің ғой, неге маған айтпадың? Неге мені ескертпедің?» – дейді Зәмзә егіле басын шайқап. Қыздың көз жасы Өкеннің бетіне шашырады. Шошып кетті: ыстық жас бетін күйдіріп жібергендей көрінді. Шыңғырған бір сезім мыйына сыймай, тұла бойын тесіп шығып, сыртына шапшып жатқандай. Шашылып қалған әлденеге ұқсап, өзін өзі ійгере алмады. Жалдаған үйге көшіп алайық дегелі келген Өкен қалыңдығының қасында жылап отырған Зәмзәні көргенде, түс көріп тұрғандай күйге түсті.
Алымхан әбден сеніміне кірген соң, қызды құшағына басып, қапы қалдырыпты.«Адам ба десем, ійт екенсіз ғой!» дегені үшін, осылай жазалапты.
Ақылмен істеген айыуандық Өкенді таң қалдырды. «Қыз емес екенсің» – деген жаласы – адамның ойына келмейтін, ойына келсе де, қолынан келмейтін қыйанат: әрі өзінің жауыздығын жаламен ақтап отыр, әрі қызды кінәлі қылып, масқаралап отыр. Сұмдық іспектәкіл!
Шың және құз
Таудың көбі – жай тау. Шыңы бар тау – бійік тау. Таудың түбінде тұрып, жоғары қарасаң, көзіңе шың түседі; ал таудың шыңында тұрып, төмен қарасаң, көзің құзды көреді. Шың – бійіктік, құз – тереңдік. Сондықтан Теміршың хан сайланғанда, әрі бійік, әрі терең хан болсын деп, оған «Шыңқұз хан» деген ат берген. Дыбыстардың үндесіп айтылыуына сәйкес, ол сөз келе-келе Шыңғұз, Шыңғыз, Шыңғыс хан болып өзгерген.
Халықтың жаратылысы да тау іспетті: талантты ұлдары бірі шың, бірі құз тәрізді. Таудың өзі – құзды да, шыңды да ұстап тұрған ұлы тұғыр. Тауды бійік қылатын – шың, адамды бійік қылатын – білім. Таудың тереңдігі – құз, адамдікі – ақыл. Ақыл мен білімнің тоғысқан деңгейі – даналық. Өмірде адамның атағы шың болғанмен, ақылы сай болмай жатады, керісінше ақылы шың болса да, атағы сай болмай қалады. Содан ақылды адам мен атақты адам бір-бірімен түсінісе алмай, адамдар арасында алауыздық тұуады. Алауыздықты ауыздықтайтын – тек білім. Білім – ақылдың дәріумені. Ал ақылды ійә адалдыққа, ійә арамдыққа бағыттап отыратын – пыйғыл. Пыйғылы теріс адам білімді де, ақылды да айдалаға бұрып жібереді.
Мемлекеттің мүдесі мен жеке бастың мүдесін білім үйлестіреді. Ондай үйлесім тапқан ел – бақытты ел. Құулық та ақылдың жемісі, оны да құрықтай алатын – тек білім. Сондықтан білімге сүйенбеген ақыл – дәйексіз, бір кездерде сұуалып қалыуы мүмкін бұлақ.
Шыңы көп тау – мұздағы көп тау, оның сұуы ешқашан сұуалмайды: бір мұздағы қатса, бір мұздағы еріп жатады; ақылдысы көп халық – ешқашан мәңгіріп қалмайтын халық: бірі өлсе, басқасы орнын басады; елінің бағын бірі ашпаса, бірі ашады. Ең үлкен кесір – шың мен шыңның сыйыспауы. Шыңдары жарасым тапқан халық – мәңгі ел болатын халық. Шыңдары бір-бірімен таласа беретін халық – болашағы бұлдыр халық: не өзі күшейеді, не өзінен күштіге жем болады. Шың жығылса, құзға құлайды. Тереңдігі бітеліп, құз содан жайдақтайды. Сондықтан құлаған шың да, оны құлатқан шың да халықтың шығыны.
ХІ – ғасырда керейлердің өз шыңы – өз ханы болса, наймандардың да, меркіттердің де, жалайыр мен қоңыраттардың да өз шыңы – өз ханы – болды. Бәрінің қағанағы қарқ, сағанағы сарқ еді. Бірақ іргесіндегі қытай күн сайын күшейіп, жеке-жеке шошайған шыңы бар тайпаларды бірте-бірте өзіне бағындырып келе жатты. Жеке-жеке шошайған шыңы бар найман да, керей мен меркітте, жалайыр мен қоңырат та: өзді-өзімен жұлқысып жатқан қалың татар – бірде-бірі оған қарсы тұра алмайтын еді. Бүкіл түрік тайпаларының басына тұуатын болашақ қара бұлтты Теміршың ғана болжай білді. Сондықтан ол ақылмен де, айламен де, күшпен де – барлық мүмкіндігін пайдаланып, бүкіл түрік тайпаларының басын біріктіре білді, түрік мемлекетін құрып, бүкіл түрікті құрып кетіуден сақтап қалды. Сақтап қана қоймай, жарты әлемді аузына қаратқан азыулы елге айналдырды. Оны біреулер жауыз деді, қатыгез деді, анау деді, мынау деді, еңбегін еш, тұзын сор қылғысы келді. Тіпті оны өз ұлтынан ажыратып, қалмақ та қылмақ болды, «моғол» дегенді мың құбылтып, «моңғол» деді, «мағұл», «мұғал» деді, әйтеуір, жарты әлем жабылып, қазақтан алыстатып бақты. Бірақ қаламмен жазылғанды ешкім қайламен қыйрата алмады: Теміршыңның қәзіргі Қазақстан жерінде тұуып-өскен ұлан екеніне сол орта ғасырдың өзінде жазылып қалған жазбалар мен естеліктер айғақ болды. Білімнің күші – осы.
Кім қалай бұрмаласа да, кім қалай байбаламдаса да, қазақ үшін ол – кемеңгер! Өзінің түрік халқын сақтағаны үшін, оның болашағын болжай біліп, сол болашақты қорғап қалғаны үшін. Ол өзінің әрі шың, әрі құз екенін бүкіл өмірімен өшпестей етіп дәлелдеді. Ондай ұл әр халықтан әр заманда үнемі тұуа бермейді. Өз ұлына өз халқы ійе бола біліуі керек, сонда ғана рұх өлмейді, жалғасады. Ал өтірікте рұх болмайды.
Теміршыңның бүкіл тіршілігі – тозбайтын үлгі. Халықты тау десек, сол таудың ең бійік шыңы Шыңғыс ханның өзі болса, оның ыйық сүйеген батырлары мен достары – өзінен кейінгі шыңдар: Мұқалый, Сүбетей, Желме, Жебе, Бауыршы, Кетбұға, тағы-тағылар.
Төрт ұлы төртке бөліп басқарған Шыңғысхан мемлекеті ақырында бірте-бірте әлсіреді, себебі төртеуінің ұрпағы үнемі біріккен жоқ, бір халықты төрт жаққа тартты; бәрі бір таудың шыңдары болмай, әр таудың дара шыңы болып кетті. Ақырында өз халқының қайда қалғанын білмей, адасып кетті.
Кеңес заманында қазақ халқының шыңға ылайық ұлдары ұшан-теңіз еді: Әлійхан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынұлы, Халел Досмұхамедұлы, Жанша Досмұхамедұлы, Тұрар Ырысқұлов, Ораз Жандосов, Міржақып Дулатұлы, Жүсіпбек Аймауытов, Мағжан Жұмабаев, Бейімбет, Ілійас, Сәкен, Нәзір, Сұлтан Қожанов, тағы-тағылар. Олар екі топ еді: бірі кеңес өкіметінің сайасатын қолдады, бірі дербес ел болыуды армандады. Уақыт оза берсе, білімдері жетіле берсе, түбі бұл екі топ бірігіп кетіуі мүмкін еді, Сталин соны сезді. Әуелі екі топты бір-біріне айдап салды, артынан жеңген топты өзі бір-бірлеп жаһанамға жібере берді. Бұл шыңы жоқ, тек құзы ғана бар мемлекет құрыудың амалы еді. Шыңы жоқ жердің құзын «шыңырау» немесе «құз шыңырау» дейді. Қазақ шыңырау құдықтар қазған. Сол шыңырауларға Сталин шың болады-ау дегендерді құлата беріп, халықты үреймен бійледі. Сол зұлымдығынан, құз сайасаттың салдарынан айналасы жыйырма жылдың ішінде қазақ халқы үштен екі бөлігінен айырылды. Оның орнын, өкінішке қарай, ешқашан толтыра алмайтын шығармыз.
Тәуелсіздік алғанымызға отыз жыл болды, бірақ халқымыздан қаптаған шың шықпады. Шың болғысы келгендер шың бола алмады. Өйткені бабалардың рұхы бойымызда да, ойымызда да аз қалыпты, Сталин айамай жұлыпты, бірақ, әйтеуір, тамыры қалыпты. Тамырдан бұтақ өнгенше біраз уақыт өтетіні белгілі. Оны тездететін – тек білім. Шыңды көбейтетін де, құзды тереңдететін де тағы білім. Білімсіз бійіктік жоқ, бійіктік болмаған жерде шың мен құз да жоқ. Сондықтан өткенді үйрететін де, қәзіргіні көрсететін де, болашақты байанды қылатын да, халықты тау қылып тыйанақтататын да – білім, білім, білім!
Құдайдың құдіретін құдайдан басқа ешкім атқара алмайды. Қаншалық мықты болса да, кез келген басшының ғұмыры өз халқының ғұмырынан ұзақ болмайды. Сондықтан шың болғысы келген басшы өз халқына арқа сүйеуі тійіс. Ол үшін Шыңғыс ханға ұқсап, өз халқының батырларына – шыңдарына – сенім артыуы тійіс. Ал атақтылар мен ақылдылар өзінен кейінгі батырлар мен ақылдыларға сенім артыуы керек. Мұндай сабақтастықтың өмірдегі үлгісі – баспалдақ: әр баспалдақ бір баспалдақтан бійік, бір баспалдақтан төмен тұрады, бірақ әрқайсысы бір-бірінсіз басқыш бола алмайды.
Құулық, сайасат бійлеген әлемде адасыу, адастырыу болмай тұрмайды. «Мен халықты қорғасам, халық мені қорғайды» деп сенген Шыңғыс ханды да халқы бір кезеңде қорғай алмай қалды: ханның арыуағы өз халқына орала алмай, әлі адасып жүр. Өзін әлемге танытқан Шыңғыс ханды өз халқы әлі толық таный алмай келеді.
Мен тұуған өлкеде Баргөрнеу атты тау бар. Оның түстігінде Бұурақожыр, Бұрқан дейтін одан да бійік таулар бар. Алайда елдің бәрі Баргөрнеуді бійік дейді. Себебі оның айналасын өзінен аласа қаптаған тау қоршап тұр, олар оны құлатпайды, жан-жағы көз жетер жерге дейін көрініп тұрады. Ашық күндері Іленің бергі бетіндегі Көктал мен арғы бетіндегі Шонжы ауылы да көрінеді. Демек әр бійік пен әр шыңның өз орны, өз бағасы бар. Шыңның да, құздың да көптік етпейтінін таудан үйреніуіміз керек: қай шыңның қаншалық қәдірі бары қалың шыңның ортасында ғана белгілі болады.
Ғалым да, ақын-жазыушы да, бійліктегілер де – бәрі әлемге танылғысы келеді. Алайда өз халқы танымағанды әлем танығаннан не пайда? Әлем тілінде сөйлеу әлемге әйгілі болыу емес, ол – әлемді біліу, санаңа әлемнің білімін сіңіріу; ал өз тіліңде сөйлеу – өз халқыңды сүйіу, өз халқыңды біліу. Сондықтан шың болыу да, құз болыу да – бәрі тілден басталады. Білім де, мәденійет те, ақыл да – бәрі бойға тіл арқылы сіңеді. Тілден айырылыу – өзіңнен өзің айырылыу. Өз әке-шешеңді, өз бауырларыңды, өз замандастарыңды сыйлау арқылы ғана өз халқыңды сыйлай аласың. Шын сезім де, шың сезім де сол.
Біреу: «Қабанбай әлемдік деңгейдегі батыр», – десе, мен: «Жоқ, Қарасай әлемдік деңгейдегі батыр», – десем, одан қазақ халқы не ұтады? Қайта күлкі, келеке болады. Өйткені екеуміздікі де өтірік, дәлелсіз дәріптеу, «әлем» дегеннің деңгейін ажырата алмайтын білімсіздік. Әлем әлемге қызмет жасаған адамды әйгілейді, ал халық өзіне қызмет қылған ұлын құрметтейді.
Шыңға шыққан адам жоғарылайды, құзға түскен адам төмендейді. Жоғарыға шыққан жан көпке көрінеді, тереңге түсіп кеткен кісі ешкімге көрінбейді, сондықтан адам баласы жоғарылауға, көрініуге құмар.
«Бійік мансап – бійік жартас.
Екпіндеп ұшып қыран да шығады,
Ерінбей еңбектеп жылан да шығады», – депті Абай. Демек бійіктен көрініудің де көп қыры бар. Ал тереңде тығылып жатқанды тек білімді адам ғана табады, таныйды. Йағный көрінбей тұрғанды көре біліу – білімдінің үлесі.
Ақыл – шың: бійіктік; ой – құз: тереңдік. «Ақыл ойдан артық емес, бала қайдан шығады?» деген жұмбақ шалыс сөз бар қазақта. Ақыл мен ой бір мүдеге жұмсалса, халықтың да бағы жанады; жеке адамның да жолы табылады. Шыңға шығыу – мадақ, құзға құлау – мазақ. Шыңға шығып бара жатқан адам астында құз бар екенін естен шығармауы керек. Өйткені шыңға өрлеу – ұзақ, құзға құлау – тез, көзді ашып жұмғанша. Біреулер бійікке шыққан соң бәрін көреді, біреулер өзінен басқа ешкімді көрмейді.Талант пен талантсыздықтың, білімді мен білімсіздіктің басты айырмашылығы – сол. Шың мен құз сондықтан бәрімізге сын. Шыңға шығып тұрып, құздың тереңдігін көре білген адам – көзі ашық, көреген адам: өмірдің шың мен құздың арасында өтетінін түсінген адам. Қазақ көзі ашық адам деп білімдіні айтады. Шың мен құздың қәдірін де, қәуібін де, екеуінің ортасында қайнап жатқан қазанның ашшысы мен тұшшысын да тек білімді адам таный алады. Халқыңды шыңға шығарғың келсе, балаңа білім бер! Құзға құлатқың келсе, балаңды білімсіз ет!
Атасын шың, анасын құз санаған, сыйлаған ұрпақ ешқашан азбайды: атасына да ұқсайды, анасына да ұқсайды.
Шалқай мен Еңкей
(Аңыз)
Қай заманда өмір сүргенін құдай біледі, бір заманда Қауқар деген қазақ өмір сүріпті. Ол бала күнінен еркетотай, жан адамды менсінбейтін паң болыпты. Бойы сұңғақ екен, төңірегіндегілерге төбесінен түйіліп, көрмеген кісіше қағып-соғып өте береді екен. Шалқайып, отырса да, тұрса да тұмсығын көтеріп, тіпті тамақты да ійегін көтеріп отырып жейтін болыпты. Сонысына қарап, оған қатыны Шалқай деген ат қойыпты, дәл қойылған атты ел де іліп әкетіпті. Ал әйеліне оның абысын-ажындары әзілдеп Еңкей деген ат беріпті.
Шалқай мен Еңкей үш ұл, үш қыз сүйіп, алтауы да әкесіне ұқсап, өркөкірек, паң болып өседі. Еңкей соған іренжіп, «Тартпағырлардың тартқаны-ай!?» –деп күйінеді екен.
Отыздан асып, жігіт ағасы болған шағында Шалқай тағы бір ұл сүйіпті. Өзімнен асқан асыл болсын деп, оның атын Қауқарға ұқсатып Жауқар қойыпты. Ол «Қой!» дегенді құлағына ілмейтін, «өйтпе!» дегенді естісе, өршіп кететін өте тентек бала болыпты.
Бір күні Қауқар арқасын жүкке сүйеп, әдетінше шалқайа отырып сорпа ішеді. Ыстық сорпаның бұуынан бетін алып қашып, бұрынғысынан бетер шалқайғанда, көзі шаңырақтың күлдіреушіне түседі. «Апырмай, шаңырақтың түтін шығаратын тесігі төбемде тұр екен-ау!» – деп таңырқап. – Мені жұрт шалқайасың деп сөгеді. Шалқаймасам, шаңырақты қалай көрем? Ал қатыным еңкеймесе, есіктің қайда екенін қалай көреді? Біріміз көк аспанды көрсек, біріміз қара жерді көреміз. Бұдан артық бізге не керек? – деген ақыл түйеді.
Қасында отырған Жауқар сол кезде шынтағын қағып кетіп, ыстық сорпа ауына ақтарылады да кетеді. Қауқар құлындағы даусы шығып, шыңғырыпты. Ұлын қаға-маға қарғып тұрып: «Қап, әкеңнің ғана аузы-ай! Маған тартпаған екенсің-ау, маған тартпағыр!» – дейді қарғана боқтап. Сонда Еңкей: «Сауап қылдың», – депті тентек ұлын бауырына тартып.
Еңкейдің аузынан шыққан сол сөзге періште әумійн десе керек, содан кейін Қауқар ұл да, қыз да сүйе алмай қалыпты. Ал Жауқар әкесіне тартпапты. Бірақ бір Жауқардың ұрпағы алдындағы үш аға, үш әпкесінің ұрпағымен бірдей көбейіп, шетінен анасына тартып әрі кішіпейіл, әрі кеңпейіл болып өсіпті.
Шалқайғандар мен еңкейгендердің қазақ ішінде бір-бірін жеңе алмай, әлі алысып келе жатқан себебі олардың о баста бір ата-анадан тарағандығынан көрінеді. «Бір бійеден ала да тұуады, құла да тұуады» деген – сол.
Ескерту:
Шығарманы жариялау барысында автордың өз грамматикалық стилі сақталды.
Бексұлтан Нұржеке – ұлы