«ГРАФИКА, ПЛАКАТТАР, АНАМОРФОЗДАР»
26.09.2022
204
0

2022 жылдың 16 қыркүйегінде ҚР Мемлекеттік орталық музейінде Мажар суретшісі, графикші, аниматор, жазушы, Мажар Өнер академиясының мүшесі, Кошут атындағы Ұлттық сыйлықтың лауреаты Иштван Оростың «Графика, плакаттар, анаморфоздар» атты көрмесінің ашылуы өтті. Көрме Мажарстан мен Қазақстан Республикасы арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастардың орнағанына 30 жыл толуына орай Алматыдағы Мажарстанның Бас консулдығымен ынтымақтастықта ұйымдастырылды. Жобаның серіктестері: Қазақстандағы «Гедеон Рихтер» өкілдігі және MOL GROUP.

Мәдени шараның шымылдығын Алматы қалалық Иштван Мандоки атындағы №154 мектептің «Аққу» балалар фольклорлық оркестрі Нұрғиса Тілендиевтің «Әлқисса» және Құрманғазының «Балбырауын» күйлерімен түрді. Көрменің ресми ашылу салтанатында ҚР Мемлекеттік орталық музейінің директоры Рашида Харипова, Венгрияның Бас консулы Ференц Блауманн сөз сөйледі. Ал Иштван Оростың «Дұға» өлеңі оқылғанда көрермендер сілтідей тына қалды.
Иштван Орос – классикалық бейнелеу өнері мектебінің шәкірті бола отырып, ғасырлар бойғы көркемдік дәстүрлер мен батыл инновациялық идеялар тоғысатын өзінің ерекше, қайталанбас стилін жасаған танымал суретші.
Музей қонақтары суретшінің түрлі жанр мен техникада орындалған «импоссилибизм», «оп-арт» плакаты мен гравюралық техникасымен танысты.
«Осынау көрмеге қойылған туындылардың ерекшелігі – бір суреттен бірнеше бейне көруге болатынында. Мысалы суретке қараған кезіңізде адамды, оның ішкі тебіренісін көруіңіз мүмкін. Ал үңіле түссеңіз, шын мәнінде табиғат көріністері екенін байқайсыз. Бірақ сіздің алғашқы көргеніңіз де, кейінгі көргеніңіз де – шындық.
«Қабырғалар» топтамасы да осы көрмеде бар. Мұнда да сол кеп – қабырғалар тұрғызылып жатыр десеңіз де, құлап бара жатыр десеңіз де, сіздікі дұрыс. Демек, суретке сіз қарамайсыз, сізге сурет қарайды…
Осындай жан тебірентерлік көрмелер жалғасты болса деп тілейміз. Себебі бұл – рухани азық», – деді музей директоры Рашида Харипова.
Көрмеге Иштван Оростың 50-ден астам еңбектері қойылған. Суретшінің шығармаларының ішінде – «Жасырын жүздер», «Айналар мен шағылысулар», «Болмау», «Елшінің Анаморфоздары», «Вавилон», «Арал» және т. б. қойылған.
«Графика, плакаттар, анаморфоздар» санасы сергек көрермендерді 28 қыркүйек­ке дейін күтеді. Жақсыны көрмекке!

Асылан ҚУАНЫШҰЛЫ,
Суреттерді түсірген Мақсат Құсайынов 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір