АҚСАРАҒАТ
15.10.2022
1832
0

Заңғар Зиманов

Академик Салық Зиманов туралы қалам тартқандардың басым көпшілігі ана тілінің әдемі үндестігімен үйлесіп тұрған «Заңғар Зиманов» деген тіркесті жиі қолданады.
Биіктікті еңсегей бойлы ерлерінің тұлғасымен өлшеген халықтың ұғымында бұл «асқар тау», «көк аспан» деген мағынаны береді және ол Зимановтай нар тұлғаның болмыс-бітіміне жарасып-ақ тұр. Академиктің заңғарлығы асқар таудың өзін асқақтатып тұратын құз жартас сияқты. Сен жақындаған сайын ол аспандай түседі.
«Заңғардың» мазмұнынан мағмұрланатын тағы бір мәніс бар, ол – биік парасат пен кемел ақыл.
Сәтбаевтай даналардың серігі болған Салық аға бір қарағанда тәкаппарлау болып көрінгенімен, пернесін тап басқан жағдайда хан мен қарашаның қолында бірдей күмбірлеп қоя беретін қоңыр домбырадай қарапайым жан болатын. Әділет-шапқат жолындағы күрестерде қатуланып, қаһарланып кететін кездері де бар. Мұндайда көк семсердей өткір: сойып салады, тіліп алады.
Салық ағамызбен бүкіл өміріме жетерлік мол рухани азық сыйлаған Қазақ энциклопедиясында қызмет істеген берекелі белесте жақынырақ араластым.
Өткен ғасырдың сексенінші жылдарында Қазақ энциклопедиясы қазақ және орыс тілдерінде төрт томдық қысқаша энциклопедияға қызу дайындық қамына кірісті. Мен ол кезде философия, құқық және социология редакциясының меңгерушісі ретінде аталған ғылым салалары бойынша даярланған мақалаларға жауапты едім. Осы томға арналған академиктің «Заң ғылымы» деген және оның жеке өзі туралы мен жазған есімнамалық мақала өндіріске даяр болған кезде ағамызбен хабарласып, солардың соңғы нұсқасымен танысып шығуды өтіндім. Әрине, мүйізі қарағайдай академикке уақыт белгілеген жағдайда өзім келетінімді сыпайылап жеткізуді де ұмытқан жоқпын.
– Мұхтар, айналайын, энциклопедия қазақ ғылымының қара шаңырақтарының бірі ғой. Шаңыраққа сәлем беріп тұру керек. Сен еш қысылмай-ақ қой, түстен кейін өзім келемін. Адресін айтпасаң да табамын. Өйткені менің Алматыға алғаш келгендегі қызметім дәл қазір сендер отырған ғимаратта басталған. Сұрақтарыңды алдын ала әзірлеп қоярсың, – деді байсалды дауыспен.
Иә, бұл ұлттық заң ғылымның қайнар бастауында тұрған, атағы сол кездің өзінде аңызға айналып үлгерген академиктің қарапайымдық сабақтарының бір көрінісі еді.
Салық ағамыз энциклопедияға арнап жазған мақаласында: «Қазақстанның империя саясаты сферасына тартылуына байланысты ХІХ ғасырдың 80-90 жылдарынан бастап қазақ даласында Петербург, Москва және Қазан университеттерінің заң факультеттерін бітірген қазақ жастары шыға бастады. Олардың саны осы ғасырдың басында 20-25 адамға жетті. Бұлардың арасында екеуі Петербург, Қазан университеттерін бітіріп, құқық магистрі дәрежесіне ие болды», – деген деректер бар болатын. Академикпен кездесуде осыны тілге тиек етіп, аталған тұңғыш заңгерлердің есім-сойын көрсетсек қайтеді деген пікірді алға тарттым.
– Ниетің дұрыс екен, шырағым. Он екі томдық энциклопедияның 4-томындағы заң ғылымына арналған мақаланы да кезінде мен жазған едім. Сол кезде олардың аты-жөнін былай қойғанда, осындай ишарат арқылы берілген мағлұматтардың өзін энциклопедиядан алып тастайтын. Мына мақалада революцияға дейінгі Ресейдің аса ірі ғылыми орталықтарында білім алған кәсіби заңгерлердің 25-ке жеткендігі анық көрсетілген. Сөз астарын аңғаратын жандар олардың кім екенін осыдан-ақ сезеді. Сұрақ қоюыңызға қарағанда өзіңіз білетін сияқтысыз, – деді өзіне тән сабырмен салмақтай сөйлеп.
Шынымен-ақ, кеңес заманындағы ғылыми әдебиеттерде Санкт-Петербург университетінің заң факультетін бітірген тұңғыш қазақ заңгері, сөйлеген сөзі Лениннің өзін таң-тамаша қалдырып, көсемге дәйексөз алғызған Бақытжан Қаратаевтың есімі ара-тұра болса да аталып қалатын. Ал дәл осы факультетті тәмамдаған Жақып Ақбаев пен Мұстафа Шоқайдың аты-жөнін атауға мүлдем тыйым салынған еді. Атала қалған күннің өзінде олар жағымсыз мағынада көрсетілетін. Әсіресе Шоқайға қисынсыз, келеңсіз, тіпті өте ауыр айыптар тағылатын.
Ал императорлық Қазан университетінің заң факультетін бітірген әйгілі алашордашылар Ахмет Бірімжанов, Сыдық Аманжолов, Райымжан Мәрсеков пен Уәлитхан Танашевтардың есімдері ол кезде қалың көпшілікке беймәлімдеу еді.
– Жаңағы айтқан 4-томдағы «Заң ғылымы» деген мақалада: «Қазақстанда заң саласында 18 ғылым докторы бар, оның 10-ы қазақ» деген ешқандай саяси астары жоқ деректің өзіне шүйлігіп, ұлтшылдық көрінісін іздегендер болған. Сондықтан осының өзін жариялай алсаңдар да жаман болмас еді, – дегенді қосып қойды сөзін сабақтай түсіп. – Уақыты келгенде бұл азаматтардың бәрінің атын атап, түсін түстейтін боламыз. Оған мына өзің сияқты азаматтар атсалысуы керек.
Ағамыздың айтқаны келді. Мақаланың академик атап көрсеткен тұсындағы мағлұматтарды қырқып тастауға тырысушылар болғанымен, біз сол кезде күнде айтылатын жариялылықты алға тартып, өзгеріссіз жариялап жібердік.
Ағамыздың маған қарата айтқан лепесі де түп-түгелімен расқа шығып, 1999 жылы академик Салық Зимановтың жетекшілігімен «Жақып Ақбаев және Алаш қайраткерлері саяси-құқықтық көзқарастарының эволюциясы» деген тақырыпта заң ғылымынан докторлық диссертация қорғадым. Бірақ бұл бөлек әңгіме…

Аштық жалмаған балалық

Салық Зимановтың балалық шағы ел дамуының ең қамырықты кезеңімен тұспа-тұс келді. Оның әкесі Зиман Жарылқасынов (азан шақырып қойған есімі – Зиғали) Қазан төңкерісінің қарсаңында – 1917 жылдың 24 тамызында сол кездегі Гурьев қалалық 4 сыныптық ерлер гимназиясын тәмамдайды. Бұл кез­де оның жасы артық-кемі жоқ тұп-тура жиырмада екен.
Бұған таңғалудың қажеті жоқ. Себебі ол кезде 2 және 4 сыныптық ерлер гимназиясына білім алуға құштар ересек балалар қабылдана беретін.
Зиман атамыздың білімі туралы құжатына көз жүгіртер болсақ, ол бітірген гимназияның бағдарламасы бастауыштан гөрі жалпыға білім беретін орта мектепке жақын екендігін аңғарамыз. Онда жоғары сыныптарда оқытылатын «алгебра», «геометрия», «физика», «гео­графия» сияқты күрделі пәндермен қатар орыс, неміс, латын, француз тілдерінің де болғанын байқаймыз. Осыған қарап-ақ Зиман атаның өз заманына сай білім алған және бірнеше шетел тілдерінен хабары бар оқыған азамат болғандығын аңғару қиын емес.
Ол гимназияны түгескен жылы қым-қуыт оқиғалар басталып, соңы ақ пен қызылдың бір-біріне қанды қырғын ашқан Азамат соғысына ұласты. Бұлғақ заманда Зиман атамыз ауыр жарақат алып, біртіндеп бейбіт тірлікке ауысады. Түрлі шаруашылық қызметіне араласып, болыс басқарушысына дейін өсіпті. Өмірінің соңына қарай өңірдегі ең үлкен әрі қауқарлы мекеме «Ембімұнайда» бухгалтер қызметін атқарыпты.
Халқымызға осы күнге дейін орны толмас қисапсыз мол қасірет әкелген ашаршылық жылдарында Зиман ата мен Болған әжеміздің отбасында шүпірлеген 6 бала болыпты және оның ес қатқан ең үлкені Салық еді.
Ағамыз тек күйік пен қайғыға толы жүрек сыздататын оқиғалардан тұратын балалық шағы туралы айтуды көп ұната бермейтін.
Ашаршылық басталғанда Салық ата-анасына қолғабыс жасауға жарап қалған естияр ұл. Жайықтың бойы, Нарынның құмы мен Үстірттің қырын мыңғырған түлікке толтырып, бақуат­ты тірлікте отырған халықтың бар малын сыпырып алып, тентіретіп жібергенде, бір үзім нан мен бір жапырақ қызылға ұмтылған халық Гурьевке қарай шұбырады.
Ағамыздың айтуынша, қалаға жетіп жығылып, қолын созған күйі отырған жерінде үзіліп кеткен жандар базар маңы мен көшелерге, теміржолдың бойына лық толып кеткен. Жергілікті билік күн сайын қас қарая көшеге ұзын арбалар шығарып, үзіліп кеткендердің мүрделеріне қоса шығар-шықпас жаны барларды қоса жинап, қала сыртындағы шұңқырға үсті-үстіне тоғытып отырған. Ондағы әлі жантәсілім ете қоймаған кейбір адамдардың ыңырсып, қыбырлап жатқандарын көрген бала Салықтың жүрегі талай тітіркенген.
Көп ұзамай жаңа биліктің қолдан жасалған мұндай қорлығына төзбеген Маңғыстау адайлары көтеріліске шығады. Олардың алды Ресейден әкелген әскерлердің қарулы тосқауыл, бөгеуілдеріне қарамастан, көрші елдерге үдере көшеді. Шевченко түрмелері көтерілісшілерге лық толған соң, қалған бөлігі Гурьевке жөнелтіледі. Абақтыдағы ұрып-соғу, қинау мен азаптаудан әбден әлсіреген тұтқындардың денелерін де қала сыртындағы шұңқырға тастаған. Баланы қойып, үлкеннің жанын сыздататын мұндай айуандықтар бала Салықтың жүрегін аяусыз тілгілеген.
Салық ағамыз өзі тікелей куәгер болған Атырау мен Маңғыстау өңірін жайлаған зұлмат ашаршылық жайлы ол туралы жазуға тыйым салынған кеңес заманында-ақ баспасөз өкілдеріне берген сұхбаттарында айтып, кейін балалық шағы туралы естеліктерінде там-тұмдап жазып жүрді.
Маңғыстау – қазақтың нар ақыны Мұрат Мөңкеұлы: «Мыңнан-мыңнан жылқы айдап, жүзден-жүзден нар байлап, дәулеті қалың біткен жер. Ақтылы қойдың өрген жер, шалқыған дәулет мол бітіп, қызығын жұртым көрген жер», – деп зор шабытпен жырлаған қазақтың ежелден құт қонып, бақ дарыған, «майлы қиян» атанған киелі өңірі еді.
Қазақ өлкесін жайлаған ашаршылық қарсаңында КСРО Ғылым академиясы Алашорда үкіметінің басшысы болған үлкен оқымысты Әлихан Бөкейханды 1926 жылы қазіргі Маңғыстау, Атырау және Ақтөбе облыстарында тұратын қазақтардың антропологиясын, тұрмыс-салты мен шаруасының жай-күйін зерттеу үшін арнайы ғылыми экспедицияға аттандырады. Оның нәтижесі бойын­ша Ә.Бөкейхан «Казахи (тұпнұсқада – казаки) Адаевского уезда» атты еңбек жазып, оны 1927 жылы Ленинградта бастырып шығарады.
Маңғыстау мен Атырау өлкесінің сол кездегі жай-күйін мейлінше толық сипаттаған Ә.Бөкейхановтың деректері бойынша, 1925 жылы Адай уезіндегі 27 болыста 127 798 адам тұрып, 21 611 шар­уашылық жұмыс істеген.
Маңғыстау түбегін емін-еркін аралаған Алаш көсемі Каспий мен Үстірт арасын ен жайлап, алаңсыз тірлік кешетін адайлардың бақуатты өміріне ерекше таңғалған. Ол экспедиция барысында 3 үйден тұратын шағын адай ауылы 21 түйемен көшіп-қонатынын, бұған қосымша үш отбасының 300 жылқысы және 1000-нан астам қойы барын сипаттап жазады.
Қазақ өлкесінің әр қиырын аралап, оның шаруашылық жағдайын өте жақсы білген Ә.Бөкейхан: «Шындығында адайлар баққан қоңды малды бұған дейін мен еш жерден көрген емеспін», – деп Маңғыстау өлкесінің малы да ерекше дилы екендігіне таң-тамаша болған.
Зерттеуші Сәбит Шілдебайдың деректері бойынша, Маңғыстау экспедициясы кезінде Әлихан Бөкейханның басқан адымы ОГПУ тарапынан аңдуда болған. Ата дәстүрін қатаң ұстанатын адайлар Алаш көсеміне зиялы, білімдар азамат қана емес, хан тұқымы ретінде айрықша құрмет көрсетіп, қиян түкпірдегі ел ағалары Әлекеңе сәлем беруге келген. Мұны тыңшылар «паломничество» деп бағалап, сол кезде ОГПУ төрағасының орынбасары Генрих Ягода Сталинге хат жазып, Бөкейханды алдағы уақытта Қазақстанға жібермеуді ұсынған.
Ә.Бөкейхан еңбегінде адайлар мен олардың барақат тірлігі жайлы зор құрметпен жазды.
Міне, осындай ежелден құт қонып, бақ дарыған өлке – ашаршылық жылдары ойранға түсті.
Ержүрек адайлардың Тобанияз Әлниязов сияқты батырлары зорлық-зомбылық пен озбырлыққа қарсы қолда бар қарумен көтеріліске шығады. Мал-мүлкі және көшіп-қонуға жарайтын мүмкіндігі бар мыңдаған отбасылар Түрікменстан арқылы Иранға, Өзбекстан арқылы Ауғанстанға жөңкіле көшеді.

Ашаршылықтан жан сауғалаған қазақтар

Салық аға журналист М.Стукалинаға берген сұхбатында: «Маңғыстауда адайлар көтеріліске шықты. Мақашқала мен Астраханнан қарулы әскер келді. Шевченко түрмелері лық толғандықтан, тұтқындарды Гурьевке тоғыта бастады. Жантәсілім еткендер көбейе бастағанда оларды арбаға тиеп, қала сыртындағы күлтөкпеге күн сайын шығарып отырды. Көмген жоқ, бірден қоқысқа тастай салды. Кейбір қайыр сұрағандар жас балаларымен бірге отырған жерінде үзіліп кетіп жатты. Оларды да балаларымен бірге арбаға тиеп, үйіндіге шығарып отырды», – деп ашаршылықтың адамның жан дүниесін түршіктіретін ащы шындығын айтады.
Көтерілісшілерді кеңес үкіметінің қас жауы, бандиттер деп айыптап, оларға ешбір аяушылық жасамау үшін жазалау­шыларды сырттан алдырады.
Тарих ғылымының кандидаты Болат Жұмағұловтың құпия мұрағаттардан алған деректері бойынша, өлкедегі көтерілісшілерге қарсы шыққан 32 топтан тұратын мұздай қаруланған жазалаушы жасақтар бейкүнә халықты қанды қырғынға ұшыратқан.
Жазалаушылар жалпы саны 400-ден астам: ОГПУ-дің Кавказ округтік басқармасына қарасты екі дивизион­нан, Бакуден келген эскадрон мен Дағыстан отрядынан, ОГПУ-дің 100 кісіден тұратын атқыштар тобы мен екі станоктық пулемет пен атыс құралдарымен қаруланған 70 адамдық жасақтан, Саратовтан 2 станокты пулемет және 6 қол пулеметімен қаруланған 100 жауынгерден тұратын тағы бір қандықол отрядтардан құралды.
Осындай рақымшылдықты, үлкен-кіші, кәрі-жасты мүсіркеудің не екенін білмейтін жауыз тобырлардан құрылған қарулы жасақтар Ә.Бөкейхан зор таңданыспен, айрықша құрметпен сипаттайтын киелі түбектің байырғы, бақуатты халқын қынадай қырып, мал-мүлкін талан-таражға түсіреді.
Ескі сүрлеу, құпия соқпақтармен қарулы жасақтан қашып құтылып, түрікмен жеріне аман жеткендерді де зарлы тағдыр күтіп тұрды. Сондай азаматтардың бірі Қыдырбай Бердібаев: «Онда барғанда жағдай өте нашар болды. Әке-шешелері балаларын шарасыздан балалар үйіне өткізе бастады. Түрікмен­стандағы Ташауыз облысының Калшиши ауданы орталығындағы балалар үйінде балалардың қорегі үшін бір үзім нанды 4 балаға бөліп беретін. Күнде қабылданатын 40-50 баланың 20-30-ы аштықтан өлді», – деп жазады.

Аштық азабы…

Мұндай деректерді оқығанда жүрегің атқақтап, ашу-ызадан қаның басқа шап­шиды. Бейбіт халыққа қан жұтқызған зұлматты қолдан ұйымдастырған Сталин мен Голощекин сияқты жауыздар мен олар басқарған жүйеге лағынет айтасың.
Жауыз билік мұнымен де тоқтаған жоқ. Қолға түскен көтерілісшілер мен бас көтерген азаматтарды қаныпезерлікпен жазалауды бастап кетті.
Тарих ғылымының докторы, профессор Талас Омарбектің деректері бойынша, көтеріліске қатысқан 1715 адам тұтқындалған. Олардың 802-сі қылмыстық жауапқа тартылып, 508 адамның ісі ОГПУ-ге жіберілген, 373 адам сотталған. Көтерілістің 15 басшысы ату жазасына кесіліп, 21 адам концентрациялық лагерьлерге жіберілген, ал 100-ден астам көтерілісші жер аударылған. Сотталғандардың басым көпшілігі іргедегі Гурьев пен Ақтөбенің түрмелеріне жабылған, олардың 79-ы абақтының азабына шыдамай жан тапсырған.
Бала Салық осындай сұмдық пен замана зұлматының тірі куәгері болды. Кейін орта мектепті бітіріп, Шевченко қаласында ұстаздық жолын бастағанда қырғынға ұшыраған халықты, ойрандалған даланы, аңырап қалған аналар мен ботадай боздаған балаларды өз көзімен көрген. Сондықтан бұл тақырыпқа келгенде қатепті қара нардай ағамыздың иығы қушық тартып, дауысы дірілдеп, көзі жасқа шыланып кетуші еді…
Салық ағамыз қазақ халқын осыншама қисапсыз қасіретке батырған жауыздыққа жол берген Сталин өлгенде елдің жылағанын көрген Нечитайло деген қарт коммунистің: «Қазақтар, сендер несіне Сталиннің өліміне жылайсыңдар. Мен сол кезде ашаршылықпен күрес жөніндегі үкімет комиссиясы төрағасының орынбасары болдым. Ашаршылықтан қырылған бейбіт халықта есеп жоқ еді. Теміржолдың бойы жантәсілім еткен қазақтардың мәйітіне толып кетті. Жинап үлгере алмайтынбыз», – деген сөзін естіген екен.
Бүгінде мұрағаттар ашылғанымен аштықты қасақана ұйымдастырған сол кездегі билік қалдырған құжаттарда зұлмат заман шындығы түгел көрсетілмеген. Олар өз қылмыстары мен күнәһарлығын бүркемелеу үшін әрбір өңір бойынша қайтыс болғандар санын үнемі кемітіп көрсеткен.
Маңғыстау мен Атырау қазақтары жаппай қырғынға ұшырап жатқанда, Гурьев тресі Жайық пен Каспийде ауланған балықты тазалап, Мәскеу пролетариатына жөнелтумен болған. Академиктің айтуынша, балықтың ішек-қарны арыққа тасталып, сумен шайылып, күн сайын комбинаттың сыртына шығарылып отырған. Салық сияқты қара сирақ балалар қолқаны қабар иісіне қарамастан, шыбын-шіркей үймелеген әлгі жуындының қолға ілінерін жиып-теріп, үйге әкеліп, отқа аунатып, суға пісіріп, талғажау етіпті.
Өлместің ғана күнін көріп, қалған-құтқанды қорек еткен мұны «балалық шақ» деп айтудың өзі қиын-ақ. Сондықтан Салық аға үнемі: «Менде балалық шақ мүлде болған емес. Оны аштық жалмады. Біздің балалығымыз бір үзім нан мен қалжауға жарайтын бір талшық қызыл үшін күреспен өтті. Бізді ашаршылық тырнағынан аман алып қалған қорадағы жалғыз сиырдың сүті мен түйенің сүмесі еді», – дейтін балалық шағы туралы сөз болғанда.
Салықтың жасы 17-ге енді ғана толғанда әкесі Зиман дүние салып, алты баласы бар үйдің ендігі бас көтерер еркектен үлкені өзі болады.
Ағамыз 1938 жылы қаладағы Ораз Исаев атындағы қазақ мектебін үздік бітіріп, бір айлық арнайы курстан өткен соң Шевченко қаласындағы С.М.Киров атындағы қазақ мектебіне математика және физика пәнінен мұғалім болып қызметке орналасады. Жесір қалған анасына қолғабыс жасауға ұмтылған оның бұл талпынысы да ұзаққа бармай, 1939 жылы желтоқсан айының соңында жас азамат әскер қатарына шақырылады.

Гвардия майоры

Жауынгер Салық Зимановтың өз өмірбаянында әскер қатарына шақырылған мерзімі 1939 жылдың желтоқсаны деп көрсетілгенімен барлық әскери құжат­тарында бұл дерек 1940 жылдың 3 қаңтары деп рәсімделген. Мұндағы азғантай айырманы оның мұғалімдік қызмет атқарған Шевченко қаласынан Гурьевке келіп, әскери комиссариат­та ресми тіркеуден өткен уақыт аралығымен түсіндіруге болады.
Оның әскердегі қызметі Грузия мен Түркияның арасында тұрған Чорох өзенінің қапталында орналасқан 9-таулық-атқыштар дивизиясының құрамындағы 121-полкте өтеді.
Бұл кезде Кеңес Одағы алдағы уа­қыт­та соғыс өрті тұтана қалған жағдайда елдің ірі мұнай кендері мен оны өңдейтін кәсіпорындары орналасқан Баку, Грозный, Майкоп аудандарын қорғауға арналған бекіністер жасаумен ай­налысты. Соғыс қарсаңында бір жа­рым жыл қарт Кавказдың қарлы шың­­дарын­да қар төсеніп, мұз жастана жүріп шыңдалған қатардағы жауынгер С.Зима­нов сақа солдат болып қалыптасты.
Соғыс басталған бет­те ол өз қаруластарымен бірге Ростов жаққа ат­танса да, көп ұзамай оның толық орта білімі мен мұғалім болып істеген тәжірибесі бары әрі орыс тіліне жетіктігі ескеріліп, Сухумидегі әскери училищеге жіберіледі. Осылайша жас күнінде алған тиянақты білімі мен ғылымға деген құштарлығы оны тура келген ажалдан арашалап қалады. Өйткені соғыстың алғашқы кезеңінде Ростов бағыты, Украина жерінде болған ұрыстарда миллиондаған кеңес жауынгерлерінің қырғынға ұшырап, тұтқынға түскенін біз кейінгі тарихтан жақсы білеміз.
Бір жылға да жетпейтін қысқа мерзім ішінде жеделдетілген әскери дайындықтан өткен Салық Зиманов 1942 жылдың жазында лейтенант шенімен қайтадан майдан даласына оралады.

Лейтенант Салық Зиманов.
1942 жыл

Бұл кезде Кавказдың қарлы шыңдары мен құз жартастарындағы бет қаратпас ызғар мен ақтүтек борандарда ширыққан жауынгерлерден тұратын арнайы жасақтар құрыла бастайды. Соның 11-дербес отрядының құрамына взвод командирі, лейтенант Салық Зиманов та кіріп, шайқасқа түседі. Кез келген әскери тапсырманы тап-тұйнақтай етіп орындайтын жас офицер біртіндеп Солтүстік Кавказ майданындағы 5-гвардиялық атқыштар бригадасы құрамындағы 1-дербес гвардиялық атқыштар батальонының миномет ротасының командиріне дейін жоғарылатылып, оған әуелі аға лейтенант, кейін капитан шені беріледі.
Соғыс өрті өршіп тұрған 1943 жылдың жазында гвардия капитаны Салық Зимановтың кеудесінде алғашқы мәртебелі марапат – «Қызыл Жұлдыз» ордені жарқырайды. Оның ұсыну құжатында: «Минометшілер ротасының командирі өзін ең үздік командирлердің бірі ретінде көрсет­ті. Зиманов жолдас 16-18.7.43 жылы 114.1 биіктік үшін болған шайқасқа өз бөлімшесін ұйымдасқан түрде, зор шеберлікпен жұмылдыра білді. Тәртіпті, өткір, батыл, ержүрек командир», – деп жазылған.
Бабалары ер Махамбет, батыр Исатайлар салған ерлік дәстүрін берік ұстанған гвардия капитаны Салық Зиманов Солтүстік Кавказ, Оңтүстік, Бірінші және Екінші Украина майданы, Екінші Беларусь майданы құрамында Кавказдан Берлинге дейінгі аралықта ерлік пен жанқиярлыққа толы жауынгерлік жолдан өтеді.
Германияның тас-түйін бекінген берік әскери плацдармына айналған Данциг үшін болған кескілескен шайқастарда 2-Беларусь майданы 6-механикаландырылған корпусы құрамындағы 615-минометшілер полкі командирінің орынбасары, гвардия майоры С.Зиманов бүкіл қаруластары мен генералитет алдында қаһармандықтың ғажайып үлгісін көрсетеді. Оның осы ерлігі үшін толтырылған марапат парақшасын қаз қалпында келтірер болсақ, онда былай делінген: «Біздің жаяу әскер бөлімшелері 1945 жылдың 25-наурызында Данциг қаласының маңындағы 139.2 биіктігі үшін кескілескен ұрыс жүргізді. Зиманов жолдас ұрымтал сәт­те артиллеристерді бастап, биіктікке бірінші болып жет­ті. Ол минометшілер дивизионына өзі тұрған жотаны көздеп атуға бұйрық береді. Қарсы шабуылға әрекет жасаған жаудың тас-талқаны шықты. Минометпен жойқын атқылаудың нәтижесінде дұшпанның 22 солдаты өлім құшып, екеуі жараланады. Осылайша біздің жаяу әскерлер биіктікті бағындырып, 1 километрдей алға жылжыды. Зиманов жолдас «1-дәрежелі Отан соғысы» ордені үкімет­тік марапатына әбден лайық».
Корпус командирі, танк әскерлерінің генерал-майоры А.Н.Фирсов қол қойған дәл осы құжат негізінде гвардия майоры С.Зимановтың кеудесінде ең мәртебелі әскери марапат­тар қатарындағы «1-дәрежелі Отан соғысы» ордені жарқырады. (Орайы келгенде айта кетейік: қазақтың батыр қызы Мәншүк Мәметова да кезінде әуелі дәл осы марапатқа ұсынылып, кейін Қазақстан жұртшылығының табанды талабымен «Алтын Жұлдызды» иеленген).
Қазақтың арқалы ақыны Қасым Аманжолов Зимановтай ердің бар-жоғын білген-білмегенінен хабарсызбын, бірақ оның Абдолла досына арнап жазған поэмасындағы «Жау жолына атам сені, Бомба бол да, жарыл жүрек» деген от-жалынды жолдар маған өзі тұрған жотаны көздеп, «Атыңдар!» деп бұйрық берген Салықтай ерлерге арналғандай көрінеді.
Майдангер Зимановтың дәл осы ерлігіне куәгер болған қарулас достары оны кейінгі естеліктерінде тамсана жазады. Солардың бірі – соғыс жылдарында 615-минометшілер полкі командирінің орынбасары болған отставкадағы полковник И.А.Котельников.
Оның «Вызываю огонь на себя» ат­ты естелігі Гурьев облыстық «Прикаспийская коммуна» ат­ты газетінің 1967 жылғы 9 мамырдағы санында жарияланды. Қарт офицердің естелігі оқиғаға тікелей куәгер болған адамның жазбалары ретінде айрықша құнды. Ол Данцигтегі жау бекінген биікті алу кезінде гвардия майоры С.Зиманов жасаған ерлікті әскери дәлдікпен баяндайды.
Котельниковтың жазуынша кеңес әскерлері жау тас-түйін болып бекінген жотаға бірнеше рет шабуыл жасаса да, ала алмаған. Әр ұрыс сайын кеңес әскерлері тарапынан шығын молая түседі. Әскери басшылық биіктікті қайткен күнде алу керектігінен танбайды. Ары қарай болған оқиғаны И.Котельников былай деп сурет­тейді: «Дивизионға полк командирінің орынбасары, майор Салық Зиманов келді. Дивизион командирінің бақылау пунктіндегі командирмен болған пікір алысуы барысында біздің жаяу әскерлердің биіктікті алуға бағыт­талған шабуылдарының не себептен сәтсіздікке ұшырауының мән-жайын талқылайды. Ол жау бекінісінің алғы шебі мен оқ жаудыру нүктелерін анықтап, өздері жаяу әскерлер тұрған аралықты есептеп шығарады. Нәтижесінде: «Біз биіктікті алуымыз керек. Шабуылдаушы топты өзім басқарамын», – деген батыл шешімге келеді».
Иә, 1945 жылдың наурыз айында – соғыстың аяқталуына бір жарым ай ғана қалғанда полк командирінің орынбасары майор Зимановтың қарамағындағыларға тиісті тапсырманы беріп, шабуыл барысын бақылау пунктінен-ақ басқаруға әбден болатын еді, бірақ ержүрек қазақ офицері басын оққа байлап, жауға қарай атой сала ұмтылады.
Котельников Зиманов бастаған шабуылдаушы топтың әрбір әрекетін әскери нақтылықпен тәптіштеп баяндайды.
Бекінген жау оңайлықпен берілсін бе!? Олар атыс қаруының барлық түрінен оқ жаудырып, бірнеше мәрте шабуылдаушы топтың бетін қайтарған. Ату позициясын қайта-қайта ауыстырып, кеңес әскерлерін жаңылыстыра берген.
Ары қарай болған оқиғаны И.Котельников былай деп жалғастырады: «Жағдай мүлде шиеленісіп, ерекше шешім қабылдауды қажет ет­ті. Дәл осындай сәт­те майор С.Зиманов нартәуекелге барып, бірден-бір дұрыс шешім қабылдады. Ол өзі тұрған биіктікті көздеп атуға бұйрық берді. Топ бастаған майор Зимановтың өткір, қайсар және батыл шешімі баршамызды таң-тамаша қалдырды».
Иә, ардагер офицердің естелігі небәрі бір-ақ абзацтан тұратын марапат құжатындағы негіздемеден әлдеқайда толық.
Өз айтуы бойынша, Салық Зимановпен екі жыл бойына талай мәрте қан майданға кірген Иван Анатольевич оның жасаған өзге де ерлік істері мен азамат­тығына тікелей куә болған. Сондықтан өзімен қызметі және әскери дәрежесі бірдей әріптесін: «Чуток, внимателен к людям, справедлив, честен и бескорыстен», – деп ағынан жарыла сипат­тайды.
Штаб бастығы майор
С.Петров пен полк
командирінің
орынбасары майор С.Зиманов. 1944 жыл.

Тағы бір хат­ты подполковник Н.С.Брайко республикалық «Казахстанская правда» газетінің редакциясына 1985 жылдың 28 ақпанында жолдапты. Ол Салық Зимановпен 1943 жылдың соңында ауыр жарақатын емдетіп, госпитальдан оралған кезден бастап таныс болған. Сол кезде Зиманов 615-минометшілер полкі 1-дивизионының командирлігіне тағайындалған. Брайко қарулас досының Украинаның Кировоград облысын азат ету кезіндегі ерлігін ерекше бағалап: «Показал себя в боях умелым, опытным и расчетливым командиром», – деп баға береді.
Ол да өзі қатысқан Данциг түбіндегі ерлікті зор ризашылықпен баяндай келіп: «Оның іс-әрекеті полктің барлық әскерлері тарапынан өздерінің командиріне деген зор мақтаныш сезімін туғызды», – деген қорытынды жасайды.
Брайко 615-минометшілер полкінің жауынгерлік іс-қимылдары туралы әскери журналдың бір данасын өзінде сақтаған екен. Оның естелігі осы құжат негізінде жазылғандықтан әскери дәлдігімен ерекше құнды. Ардагер сонымен бірге Зимановтың өзі де соғыс кезінде Беларусь әскери округінің газетінде мақала жариялағандығы туралы тағы бір мәлімет­ті алға тартып, оның автор қолында болуы мүмкін екендігін жазған.
Салық Зиманов туралы 2001 жылы «Атамұра» баспасынан жарық көрген жинақты құрастыру барысында біз ағамыздан Брайко айтқан әлгі мақала жайлы сұраған болатынбыз. Ол өзіне тән қарапайымдылықпен: «Отқа оранып жүргенде қайсыбір қағаз сақталды дейсің, бірақ минометші болып қызмет атқарған командирдің тәжірибесі ретінде өзгелерге де пайдасы тиер деп мақала жазғаным рас. Қажет болса, іздеп көрейін», – деп майдандық «На штурм!» деп аталатын газет­тің 1944 жылдың 29 қазанында жарияланған мақаласының сарғайған қиындысын ұсынған еді.
Біз үшін қазақтың ұлы ғалымының қаламынан шыққан әрбір еңбек қымбат. Оның үстіне бұл болашақ академиктің баспасөз бетінде жарық көрген тырнақалды туындысы болып шықты.
Мақала «Действия минометчиков в лесисто-болотной местности» деп аталады. Ол ешбір әсірелеусіз-ақ әскери академия бітірген тәжірибелі офицердің жазбасындай әсер қалдырады.
Майор Зиманов орманды-батпақты жағдайда миномет­тен атылған оқтың нысанаға дөп тиюі үшін оны саздауыт немесе құмдауыт жерлерге орналастыру кезінде оқ жаудыратын орынды мұқият тегістеп, нығыздап, миномет­тің оңды-солды серпілмеуін қадағалау керектігіне ерекше назар аударады. Миномет­ті түнде, қараңғыда пайдаланудың өзгешеліктеріне де арнайы тоқталады.
Күндізгі шабуыл кезінде ату позициясын жаудан жасыру мен айналдыра атыс салудың барысында туындайтын қиындықтарды еңсеру жолдарын да түсіндіреді. Минометшілердің жаяу әскерлер және жақын маңда орналасқан басқа әскери бөлімдерімен бірлесе қимылдауының маңыздылығына да тоқталған. Мақаласы арада 60 жылға жуық уақыт өткен соң 2001 жылғы жинақта қайыра басылды.
Салық аға 1965 жылы Днепрден өту кезінде болған оқиғалар жайлы да мақала жазыпты. Қарапайым жанның бұрын еш жерде жарияланбаған бұл еңбегін де өз рұхсатымен 2001 жылғы жинаққа қосқан едік. Мақаланы оқи отырып, егер ол әскери жазбаларын дәл осы стильде жалғастыра берген жағдайда академиктің қаламынан көркемдік қуаты мықты талай тегеурінді туындылар дүниеге келер еді деп шамалауға болады. Оқып көріңіз: «Біздің алдымызда арыны қат­ты, айдыны кең, көкпеңбек, алып дария жат­ты. Мен Днепрді тұңғыш рет көрдім және ол маған, алыстағы дала перзентіне, ұмытылмас әсер қалдырды. Төңірек түгел тыныштық құшағына бөленіп, жағалаудың арғы бетіндегі селодан да ешқандай тіршілік белгісі сезілмеді», – деп жазады.
Егер осы жолдарды оқыған адам оның тек заң тілінде ғана жазып, заң тілімен ғана уәждесетін ғалым екендігін алдын-ала білмесе, бұл мақаласын кәсіби жазушының қаламынан туған шығарма деп қабылдауы да әбден мүмкін. Оқырманын жанды сурет­термен бірден баурап алатын шағын мақала оның болашақта осы тақырыпқа бұдан да жілікті дүние жазуды жоспарлағанындай әсер қалдырады.
Кескілескен шайқастарда шарболат­тай шыңдалған гвардия майоры соғыс соңына қарай артиллериялық полк штабының бастығына дейін өсті. Германияның Штральзинд, Гриммен, Деммин, Мальхин, Варен, Везенберг, Вит­тенберг, т.б. қалаларын азат етушілер қатарында болды.
Гвардия майоры С.Зиманов пен
капитан Н.М.Семенюк,1945 жыл

Салық Зиманов әскери және мемуарлық әдебиет­терде ең көп жазылған кеңес-америка әскерлерінің Эльбадағы кездесуіне де қатысыпты. Бұл туралы ол 1965 жылы жазылған естелігінде былай деп жазады: «Қуат­ты бронетехникалық 8-механикаландырылған корпус екі-үш колоннамен Эльбаға қарай жылжи түсті. Үшінші мамыр күні түске таман біздің бөлімдер Эльбаға жетіп, орманға жайғасты. Виллистер мен мотоциклдерге мінген америкалық офицерлер мен солдат­тардың бір тобы бізге келді. Анау-мынау формальдықтар ысырылып тасталған кездесу өте жылы және қуанышты жағдайда өт­ті. Жерге төсенішті жайып тастап, бір-бірімізді бар мәзірімізбен сыйлай бастадық. Біздер америкалықтар көрген алғашқы орыстар болып шықтық. Содан бері 20 жыл да өте шығыпты. Көп нәрсе көңілден жырақ қалып, естен шыға бастапты. Бірақ антигитлерлік соғыста қалыптасқан одақтас-солдат­тардың сол бір жауынгерлік достығы ешқашан ұмытылмақ емес».
Байқаған боларсыз, Салық ағамыздың естелігі де өзі сияқты салмақты, сабырлы. Артық пафос жоқ, тек әскери адамға тән фактілер констатациясы бар.
Дәл осы естелігінде майор Зиманов америкалықтармен Эльбадағы кездесу алдында тұтқынға түскен немістер арасынан әбден арып-ашқан бір офицер көргенін, ол неміс тілінде өзінің америкалық екенін айтып, өзін солармен жолықтыруды өтінгенін жазады. Байғұс бұған дейін осы сөзін талай кеңес офицерлеріне айтса да, түсінетін пенде таппаған сияқты. Мектепте әрі әскери училищеде неміс тілін оқыған гвардия майоры әлгінің сөзін асықпай тыңдап, оны бригада штабына жөнелтеді. Айтқаны расталған соң әлгі офицерді орыстар америкалық одақтастарға қайтарады. Майор Подберёзко мен Зимановтар бастаған кеңес әскерлері Эльбадағы америкалықтарға келгенде әлгі офицер арсалаңдап алдарынан шығып, Салық бастаған кеңес әскерлерін кезек-кезек құшақтап, әріптестеріне бұл офицерлердің түсіністігі мен өзіне жасаған қамқорлықтары үшін қайта-қайта алғыс айтумен болғандығы да естеліктен тыс қалмаған.
С.Зиманов майдандағы өмірі туралы арнайы мемуар жазбаған. Кезінде «әскери құпия» ретінде сақталған оның мәртебелі марапатқа ұсынылған құжат­тары да көзі тірісінде Салық ағамыздың қолына тимеді. Әйтсе де майдангер академик сол кездегі дәстүрге сай өзімен бірге шайқасқан қарулас достарымен хабарласып, олармен хат-хабар алысып тұрған. Тіпті егде тартқанына қарамастан, 84 жасында Ұлы жеңістің 60 жылдығына орай Мәскеуде өткен әскери шеруге ардагер офицер – гвардия полковнигі ретінде қатысады.
Салық ағаның өмірбаяндық деректері толық болуы үшін мына бір деректі келтіре кеткен жөн.
Әскери өмір жолында қатардағы жауынгерден бастап, сатылап өсу арқылы курсант, взвод командирі, рота командирі, батарея командирі, дивизион командирі, миномет полкі командирінің орынбасары, миномет батальоны командирі, артиллериялық полк штабының бастығы сияқты аса жауапты қызмет­терді абыроймен атқарған Салық Зимановқа корпус командирі, генерал-майор Александр Николаевич Фирсов 1946 жылдың басында Мәскеудегі Бронетехникалық әскерлер академиясына оқуға түсуге ұсыныс жасайды. Бірақ қос бірдей ұлынан айрылып аңырап қалған анасына, ағасының келуін асыға күткен үш бірдей қарындасына деген сағыныш оны туған жеріне тезірек жетуге асықтырады.
Ағамыздың көңіл қошы келгенде айтылатын әскери өмірі жайлы сырларынан тағы бір естігенім, орнына Академияға оқуға жіберілген қарулас досы кейін оны ойдағыдай тәмамдап, генерал-лейтенант дәрежесіне дейін өсіпті.
Салық ағамыз отбасы туралы әңгімелегенде соғысқа Зимановтар әулетінен өзінің соңынан ерген Сапар және Отар ат­ты екі бірдей інісінің де ат­танып, екеуінің де қан майданнан оралмағаны туралы айтушы еді. Бірақ қайтыс болғандары туралы бір жапырақ қара қағаздан өзге ештеңе келмеген. Соғыстан кейін ең болмағанда, жатқан орнын анықтап, оған туған жердің бір уыс топырағын салу ниеті болғанын, бірақ қолында нақты мағлұмат жоқтығынан бұл ойын жүзеге асыра алмағанын қынжыла айтушы еді.
Өкінішке қарай, С.Зиманов қайтыс болғанға дейін қабілетсіз қолбасшылардың өрескел қателіктерінен миллиондаған адамның қанды қасапқа түскенін жасыру үшін әуелі КСРО, кейін Ресей Федерациясының Қорғаныс министрлігі соғыста қаза тапқандар мен із-түзсіз жоғалғандар жайлы деректерді құпия ұстады. Тек 2015 жылы ғана бұл құжат­тардан құпиялық грифі алынып, жарияға шықты.
Осы еңбекті жазу барысында арманда кеткен арыстардың рухы риза болуы үшін қос боздақтың тағдыры жайлы біз де мұрағат­тық іздестіру жұмыстарын жүргіздік. Соған сүйенсек, 1923 жылы туған Сапар Зиманов 1942 жылдың 2 мамырында Гурьев қаласынан Қызыл армия қатарына шақырылып, Украина жеріндегі Оңтүстік-Батыс майдан құрамындағы 87-гвардиялық миномет полкінің сапында ұрысқа кірген. Есіл ер 1943 жылдың 16 наурызы күні Украинаның Харьков облысы, Чугуев ауданы Граново селосы үшін болған кескілескен шайқаста ерлікпен қаза тауыпты.
Өкінішке қарай, арманда кеткен тағы бір боздақ – Отар Зимановтың тағдыр-талайы жайлы деректерді қанша іздесек те еш нәтиже бермеді.
Қазақ халқының қаһарман перзенті, гвардия майоры С.Зиманов Ұлы Отан соғысына басынан аяғына дейін қатысып, 1946 жылдың тамыз айында 651-артиллериялық полктың штаб бастығы қызметін атқарып жүрген кезде демобилизацияланып, туған еліне оралды.

Алғашқы адымдар

Майдан даласында зор абыройға бөленген Салық Зимановтың соғыс аяқталғанда әлі жоғары білімі де жоқ болатын. Ол екі бірдей ұлынан айрылып, шерменде болған анасы мен ендігі жерде тірек болар ағасын аңсай күткен қарындастарына, ағайын-туысқа жайдан-жай қайтуды жөн көрмеді. Көп ойланып-толғанып, әскери қызметке бір табан болса да жақын заңгерлік мамандықты таңдайды. Салық аға туралы жазылған естеліктердің басым көпшіліктерінде оның Саратов заң институтын, кейде Қазан заң институтын бітіргендігі жөнінде жаңсақ деректер кездеседі.
Жас офицердің таңдауы сол кезде атағы дүрілдеп тұрған сырт­тай оқытатын Бүкілодақтық Заң институтына түседі. Бұл сол жылдардағы құқық қор­ғау жүйесіне жоғары білімді заңгерлер даярлайтын Кеңес Одағындағы ең ірі оқу орны еді. Бір қызығы, ол дәл байырғы атауымен 1990 жылға дейін жұмыс істеп, кейін Заң академиясына айналды. Ал бүгінде О.Е.Кутафин атындағы Мәскеу мемлекет­тік заң университеті деген атпен белгілі. Бұл оқу орнын таңдауының тағы бір сыры – оның сырт­тай оқытатыны еді.
Институт­тың елге жақындау орналасқан Қазан филиалындағы алғашқы лекцияларына қатысып, тиісті құжат­тары, оқулықтары мен тапсырмаларын алған соң кеудесін жарқыраған орден, медальдарға толтырып, Атырауға оралады.
Аңсап күткен анасымен, ағайын-жұрт­пен қуана көрісіп, сәлемдесу реті аяқтал­ған соң майданда жүріп, 1943 жылы партия қатарына өткен жас ком­мунист облыстық партия комитетіне келіп, есепке тұрады. Әрине, жұмысқа орналасудың да жай-жапсарын сұрауды ұмытпайды. Сымдай тартылған сымбат­ты жас офицерге ондағылар облыстық прокуратураны нұсқайды.
Салықтың бақытына қарай, бұл кезде осы мекемені ұзақ жылдар басқарған, кейін республика прокурорының орынбасарына дейін көтерілген Бәйіш Хасанұлы Тапалов деген азамат еді. Ол жас офицерді бірден стажер ретінде қабылдап, арада 1-2 ай өткенде арнайы білімінің жоқтығына қарамастан аға тергеушілікке, кейін облыс прокурорының тергеу ісі жөніндегі көмекшісі қызметіне жоғарылатады.
Салық тергеушілік қызмет атқарып жүрген 1947 жылдың жазында облысқа республика прокуроры К.Я.Румянцев келеді.
Константин Яковлевич 1919 жылдың өзінде-ақ партияға өткен қарт боль­шевик, соғысқа қатысып, бір аяғын майдан даласында қалдырған ардагер азамат болатын. Қазақстанға келгенше Ресейдің аса ірі облыстары – Сталинград және Новосібір облыстық прокуратурасын басқарған тәжірибелі заңгер Салық сияқты Ұлы Отан соғысының от-жалынында шыныққан, әскери тәртіпке әбден машықтанған, екі тілді бірдей еркін меңгерген, математикадан сабақ берген мұғалім ретінде талдамалы ойға жүйрік азаматқа бірден назарын аударады.
Облыста іссапарда болған күндері Салықты жанынан тастамай, түрлі сұ­рақ­тар қойып, білім-білігін байқастап, сынақтан өткізеді. Әскерилер «Бог войны» деп ерекше қадірлейтін мамандығына қарай «артиллерист» деп еркелете арқасынан қағып, жанына жа­қын тарта түседі. Сапар соңында оған республикалық прокуратураға ауысуға ұсыныс жасайды. Анасының рұқсатын алған соң Салық бұған қуана келіседі.
Осылайша қылшылдаған жиырма бестен енді ғана асқан жас офицер 1947 жылдың күзінде республикалық прокуратураның аса маңызды істер жөніндегі тергеушісі болып шыға келеді.
Қазақ КСР Бас прокуратурасының сол кездегі Р.Мұхамедьяров, А.Чурбанов, М.Демме сияқты басшылары әскери қызметке әбден төселіп, облыстық прокуратурада әжептәуір тәжірибе жинақтаған, оның үстіне Бүкілодақтық Заң институтында сырт­тай оқу барысында теориялық білімін де жетілдіріп жүрген жас тергеушінің жаңа мамандықты игер­удегі ынта-ықыласын лайықты бағалап, бірден қамқорлықтарына алады.
Алматы сияқты кітапханасы мен ақыл-кеңес берер мамандары мол ғы­лыми ортаға келген соң Салық институт­тағы оқуын мықтап қолға алып, Қазандағы филиалға алғашқы үш курстың оқу бағдарламасы бойынша экстерн жолымен емтихандар тапсырып, (ол кезде соғысқа қатысқан жоғары шенді офицерлерге мұндай мүмкіндік беріле­тін), соңғы курста Алматыда жаңадан ашылған филиалға біржолата ауысады.
Көп ұзамай, 1948 жылдың күзінде Алматыдағы филиалда бес бірдей пәннен мемлекет­тік емтихан тапсыруға кірі­седі. Бұл туралы институт­тың Алматы филиалында директор болған Салық ағаның ұстазы Л.В.Дюков: «Гвардия майоры С.З. Зиманов 1948 жылы Бүкілодақтық заң институтының Алматы филиалын (Қазан филиалынан ауысу арқылы) сырт­тай оқып бітірді. Бес мемлекет­тік емтиханды түгелдей «өте жақсыға» тапсырып, аспирантураға ұсынылды. Бұл кезде ол республикалық прокуратурада аса маңызды істер жөнінде тергеуші болып істеді», – деп жазады.
Дәл осы тұста Салық Зимановтың кейін­гі өмірін күрт өзгерткен ерекше оқиға болды.
Құқық қорғау мен мемлекет қауіпсіз­дігі саласында жоғары білімді кадрлар тапшы заманда республикалық мекемелердегі басшы қызмет­терде арнайы құқықтық білімі жоқ азамат­тар да қызмет істей беретін. Сондай лауазым иелерінің бірі 40-50 жылдары Қазақ КСР Мемлекет­тік қауіпсіздік комитетінің орын­басары қызметін атқарған полков­ник Байзолда Сәкенов болды. Ол да 1948 жылы Бүкілодақтық Заң институтына мемлекет­тік емтихан тапсыруға Салықпен бірге дайындалады.
Емтиханға дайындық және оған қатысу барысында қашанда Салықтың білімділігі мен алғырлығын, дәтке де, сырға да беріктігін аңдаған Сәкенов оған мемлекет­тік қауіпсіздік жүйесіне ауысуды ұсынады. Тіпті оның келісімін күтпей-ақ сыртынан құжат­тарын рәсімдеуге кірісіп кетеді.
Бір кездері өзі зор сенім артып, алыс­тағы Атыраудан арнайы шақырумен алдырған жас шәкіртінің өзімен ақылдаспай жасаған бұл асығыстау әрекетіне ренжіген шікәмшіл қарт большевик Румянцев Салыққа қатқылдау сөйлеп, наразылығын білдіреді.
Қашанда бірбеткей, тікмінез Салық диплом қолға тиген соң сыртынан тон пішкен жаңа «досы» Байзолдаға да, түймедейді түйедей еткен бастығына да разы-хош айтып, аспирантураға берілген жолдаманы таңдайды. Дәл осы оқиға оның бұдан кейінгі тағдырына күрт өзгеріс енгізіп, өмірінің соңына дейін серік болған ғылым-білім әлеміне алып келеді.
Осылайша әуелі темірдей тәртіпке негізделген әскери өмір мен алға басқан әрбір қадамыңды заң талабымен өлшейтін прокуратура органында өткізген он жылдан соң Салық Зимановтың шетсіз-шексіз ғылым өлкесіндегі жемісті жылдары басталды.
Бүкілодақтық заң институтында сырт­тай оқыған жылдары ғылымға бейімделе бастаса да, бұл саланың оған әлі де болса беймәлім қырлары көп еді. Нақты бұйрық, шұғыл тапсырма, жедел әрекетке негізделген әскери-құқықтық тәртіппен салыстырғанда әрбір сөз, пікіріңізді саралап, салыстырып, талдап, толғап айтуды қажет ететін ғылыми қызмет­тің жайы мүлде бөлек болатын. Бұл оған жүріс-тұрысыңнан бастап ойлау, пікір жарыстыру, өзгенің көзқарасын да ескеріп, өз ойыңды елеп-екшеп айтуды талап ететін ғылыми ортамен жаңаша қарым-қатынас жүйесін қалыптастыруды қажет ет­ті.
Сонымен, 1948 жылдың 1 қыркүйегінде С.Зиманов Қазақ КСР Ғылым ака­демия­сы құқық секторының академия­сына аспирант ретінде қабылданады.
Дәл осы жылы оның өмірінде тағы бір айтулы оқиға болды. Ол бұдан ке­йін­гі ғұмырында өзіне адал жар, анасына ибалы келін, қарындастарына қамқор жеңге, балаларына аяулы ана болған Шәрбан Бат­талқызымен отасып, шаңырақ көтерді.
Өмірдің небір қия жолдары мен қиян соқпақтарында сенімді серік болар өмірлік қосағын нағыз ертегінің батырларындай таңдай білген асқар таудай ағалардың көрегендігіне әрдайым таңғаламын. Жалпы, атағы алысқа кетіп, абыройға бөленген кез келген азамат­тың табыстарының тасасында Қобыландының Құртқасындай, Алпамыстың Гүлбаршынындай ағаларымыздың бабын да тауып, баласын да асырап, ағайын-туысына да қамқор бола білген нәзік жаратылыс иелері тұрады. Шәрбан апамыз осындай аяулы жандардың қатарынан еді.
Ақиқат үшін айта кетейік, Шәрбан Бат­талқызының жеке өмірі мен ғылымдағы жетістіктерінің өзі бір емес, бірнеше кітапқа жетіп артылады.
Арқаға аты мәлім атақты Жарылқап батырдың тұқымы Бат­тал атамыз отыз екінің ашаршылығында қызыл биліктің келеңсіздіктеріне қолына қару ала қарсы шығып, халық көтерілісін бастапты. Сол үшін Бат­тал Әбеуов 1932 жылдың өзін­де репрессияның қанды қасабына түсіп, атылып кетеді. Көп ештеңеден ыға қоймайтын турашыл Зиманов мұны әр жылдары толтырған өмірбаяндық анке­тасында жасырмай, анық көрсетіп отырған.
Әкесінің халық жауы болып, репрес­сия шеңгеліне түскеніне қарамастан Шәрбан апамыз Қарағанды облысының қиян түпкірі – Шет ауданындағы қазақ мектебін 1939 жылы алтын медальмен бітіріп, Мәскеу мемлекет­тік университетінің химия факультетіне оқуға қабылданады. Ол екінші курста оқып жүргенде соғыс басталып, Шәрбан апай елге оралады. Жерлестерінің «халық жауы­ның қызы» деген түрткісінде қалмауы үшін Алматы облысындағы орта мек­тепте химия және физика пәнінен ұстаздық етіп, оқу ісінің меңгерушісіне дейін көтеріледі.
Соғыс аяқтала салысымен Мәскеуде­гі оқуын жалғастырады. Мәскеу мемлекет­тік университеті сияқты Кеңес Ода­ғы­ның ең беделді университетін үздік бітірген Шәрбан аспирантураға беріл­ген санаулы жолдаманың біріне қол жет­кізеді. Оны да ойдағыдай тәмамдап, 1952 жылы кандидат­тық, ал 1968 жылы док­тор­лық диссертациясын зор табыспен қорғайды.
Шәрбан Бат­талқызы отандық химия ғылымының дамуына үлкен үлес қосып, өзіндік ғылыми мектеп қалыптастырды. Екі жүзден астам ғылыми еңбек жазды. Ашқан ғылыми, өнертапқыштық жаңа­­­лық­тары үшін 7 бірдей бүкілодақтық ав­торлық куәлікке ие болды. Ол 1975 жылы Ұлт­тық ғылым академиясының мүше-корреспонденті, ал 1989 жылы ака­демигі болып сайланды. Бір ғажабы, Кеңес заманында бүкіл Қазақстанда бір шаңырақтан ерлі-зайыпты қос академик шыққан екі-ақ отбасы болды. Соның бірі – Салық ағамыз бен Шәрбан апамыз құрған Зиманов-Бат­таловалардың жарасты жұбы еді.
Психологтардың пайымдауынша, ер азамат өзіне жар іздегенде көбінесе анасына ұқсас адамды таңдайды екен. Өмірлік серік таңдағанда Салық ағамыз да өз анасындай ақыл мен мінезге бай, өмірдің қандай сынақтарына қаймықпай қарсы тұрып, ерімен бірге еңсерген Шәрбан апамызды дәл осындай асыл қасиет­тері үшін алған сияқты көрінеді.
Салықтың әкесі ертерек дүние салғаннан кейін ашар­шылық, жоқ-жітіктік қыс­па­ғын­да қалған Болған әжеміз үш ұл, үш қызын қызғыштай қо­рып, жоқтан бар жасай жүріп қатарға қосты. Тепсе темір үзетін атпал азамат­тар­дың өзі ашаршылық тырнағына ілігіп, халқымыздың тең жартысын жалмаған нәубет жылдарында осындай қажыр-қайрат көрсеткен адамды «аналардың анасы» десек, артық бола қоймас.
Шәрбан апамыз енесін ту­ған анасындай сыйлап, қайын сіңлілеріне жол көрсетіп, жоба сілтеген ақылман жеңге болды. Соның арқасында Сәкең­нің Мәдина деген қарындасы Шәрбан Бат­талқызының ықпалымен химия ғылымын таңдап, кейін дәл осы саладан ғылым кандидаты атанды. Үлкен қарындасы Дина Кеңес Одағының Батыры Жәнібек Елеусізовке тұрмысқа шығады. Мәскеуге қол ұстасып қатар келген Са­лық пен Шәрбан 1948 жылы аспирантураға да қатар түседі. Олардың бұдан кейін­гі ғұмыры бір шаңырақ астындағы тату-тәт­ті, жарасымды тірлікпен жал­ғасып, ғылым әлеміндегі берекелі, табыс­ты, ұнасымды жылдарға ұласады.

Ғылымдағы ғибрат

Салық ағамыз тұрақты түрде болмаса да, қолы қалт еткенде күнделік жүргізген. Оның алғашқы отбасылық жылдары мен аспирант­тық өмірі туралы кейбір сирек мағлұмат­тарды сол кезде жүргізген жазбаларынан табуға болады. Ендігі кезекті өзі-ақ сөйлеп тұрған мәлімет­терге берейік. Онда: «27.X.49. Отбасымызбен бірге Шәрбан екеуміз Алматыдан Мәскеуге ат­тандық», «27.X. Мәскеуге келдік. Шәрбан – МГУ-ге, мен Расторгуеводағы КСРО ҒА-ның жатақханасына орналастық», «14.XI. Кітаппен бірге өмір сүріп, нәр алып жатырмын. Таңертеңнен түннің бір уағына дейін қолымнан кітап түспейді. Бұрын кітапқа деген дәл осылай ықыласым болмаған сияқты еді. Соған қарағанда Мәскеу маған жақсы әсер еткен сияқты», «18.XII. 1949 ж. Бүгінге дейін біз бөлек тұрып келдік: Шәрбан МГУ-де, мен Растор­гуевода – ҒА-ның жатақханасында. Енді екеуміз Донской көшесі 32-үйден пәтер жалдадық. Мәскеудің қақ ортасында, метроның жанында», «13.II.1950 ж. Дүйсенбі. Бүгін КСРО мемлекет тарихы мен теориясынан соңғы кандидат­тық минимумды тапсырдым. Комиссия мынандай құрамда: төрағасы проф. Юшков, мүшелері Владимир Сергеевич Покровский, Самуил Лазаревич Ронин қабылдады. «Беске» тапсырдық. Енді алда – диссертация», – деген Салық Зимановтың аспирант­тық өмірі мен кандидат­тық диссертациясы жай-жапсарынан толығырақ мағлұмат беретін нақты деректер бар.
Осы тұста сәл дамылдап, жас ғалым диссертациясының тақырыбы мен сол кездегі Қазақстанның заң ғылымының жағдайына да тоқталып өтейік.
Аспирант Зиманов Мәскеуде кандидат­тық диссертация қорғаудың қамында жүрген 1950 жылы бүкіл республикада қазақ ұлтынан шыққан бір ғана заң ғылымының кандидаты бар еді. Ол – 1935 жылы Саратов заң институтын тәмамдап, 1938 жылы Ленинград заң институтында кандидат­тық диссертациясын қорғаған, дүниеден ертерек озған қазақтың аяулы азаматы Тайыр Молдағалиұлы Күлтелеев еді.
Салық Зимановтай заңғарға ұстаз, әрі ақылман аға болған бұл ғалым жайлы да білмекке құмар оқырманға аз-кем мағлұмат бере кеткен артық бола қоймас.
Бүгінде есімін қалың көпшілікті былай қойғанда заңгерлер қауымының өзі ұмыта бастаған Тайыр Молдағалиұлы 1911 жылы қазақтың ежелгі қонысы Атыраумен жапсарлас өлке – Ресей империясының Астрахань губерниясында дүниеге келіпті. Ол – 1938 жылы кандидат­тық диссертациясын қорғасымен енді ғана ашылған Алматы заң институтында әуелі аға оқытушы, кейін доцент, ал 1940 жылы институт директоры болып қызмет атқарады.
Соғыс басталғаннан кейін әскер қата­рына шақырылса да, ғылым кандида­ты екендігі ескеріліп, 1942 жылы елге қайтарылып, бұрынғы қызметіне кіріседі. Т.Күлтелеев 1947-48 жылдары Қазақ КСР Жоғарғы Сотының мүшесі де болыпты. Қазақтың ұлы ғалымы, академик Қ.И.Сәтбаевтың бастамасымен 1946 жылы Ғылым Академиясы құрылып, құқық секторы ашылғанда оның алғашқы меңгерушілігіне тағайын­далыпты. Дәл осы жайсаң жан ғылым жолына түскен Салық інісіне ағалық қамқорлық жасап, болашағына жөн-жоба сілтейді.
Зиманов Мәскеуде кандидат­тық диссертациясын қорғауға кіріскенде Тайыр Молдағалиұлы қазақтың әдет-ғұрып заңдары бойынша докторлық диссертациясын аяқтауға жақындап қалған болатын. Бірі докторлық, екіншісі кандидат­тық диссертация қамына кіріскен қос азамат жұмыстарының сәт­ті қорғалуына Сәтбаев бастаған республика ғылыми жұртшылығы түгелдей тілектес болып, барынша қолдау көрсет­ті.
Салық Алматыда жүргенде алғашқы кандидат­тық диссертациясының жетекшісі ретінде қазақ заңгерлерінің алғашқы буынын тәрбиелеуге зор үлес қосқан ғалым, доцент Л.В.Дюков белгіленді. Мәскеудегі қорғалатын диссертация үшін алматылық доцент­тің беделі олқы соғатындықтан, оған Сәтбаевтың ұсынысымен заң ғылымының докторы, профессор С.В.Юшков пен тарихшы В.С.Покровскийлер негізгі оппонент­тер ретінде бекітілді.
Сонымен 1950 жылдың соңында аспирант С.Зимановтың диссертация қорғауы мәреге жақындай түсті. Тағы да күнделік бет­теріне үңілейік: «3.IX.1950. Профессор С.В. Юшков менің диссертациямды қарап шығып, телефон арқылы өзінің оң пікірін жеткізді. Ертең жазбаша қорытындысын бермекші. Керемет! Енді оның өзі менің негізгі оппонентім болмақ. Басталуы тамаша. Ары қарай не болады екен?», «4.ІХ. Өте жағымды пікір алдым. Ол «Жұмыстың деңгейі маған Зиманов жолдасқа заң ғылымының кандидаты ғылыми дәрежесін беру жөнінде табандата ұсыныс енгізуге толық негіз бере алады», – деп жазыпты, «9.ІХ. Жұмыс секторда талқыланып, жалпы қолдауға ие болды. Оппонент ретінде проф. С.В. Юшков, проф. С.А. Покровский бекітілді», «17.ІХ. Серафим Владимировичтің Покровскиймен бірге сөз сөйлеуден бас тартқаны белгілі болды (олардың арасында бұрыннан келе жатқан өзара кикілжің бар екен)».
Күнделік дәл осы тұстан үзіледі. (Оны академиктің жеке мұрағатынан тауып, 2014 жылы алғаш жариялаған – та­рих ғылымының докторы, профессор И.М.Қозыбаев).
Күнделікте Зимановқа оппонент болған бірнеше ғалымның есімі аталады. Оның алғашқысы Серафим Владимирович Юшков Ресейдің ескі үлгідегі аса көрнекті ғалымдарының бірі еді.
Қазан төңкерісіне дейін Императорлық Санкт-Петербург университетінің әуелі заң, кейін тарих-филология факультетін бітірген ол нағыз энциклопедиялық білім иесі еді. Соңғы факультет­те есімі әлемге әйгілі түрколог болған академик В.М.Жирмунскиймен қатар оқыпты. Ол – 20-30 жылдарда Мәскеу, Ленинград, Свердловск, Саратовтың университет­терінде мемлекет пен құқық тарихынан дәрістер береді. Соғыс басталғанда Алматыға эвакуацияланған үлкен оқымыстыны Қ.Сәтбаев бірден өз қамқорлығына алып, қазақтың жас заңгерлерін даярлау ісіне жегеді. Қазақ­станда 1946 жылы Ғылым Академиясы шаңырақ көтергенде Юшковты академик етіп сайлап, Тарих, археология және этнография институтының директорлығына тағайындайды.
С.В.Юшков соғыс аяқталған соң Мәскеуге оралып, Бүкілодақтық заң институтында професор ретінде қызметін жалғастырады. Кеңес Одағы бойынша зор беделге ие, «Мемлекет пен құқық тарихы» пәнінің негізін салушы ретінде сөзсіз мойындалған ғалымды жас аспирантқа оппонент еткен Қаныш ағамыз өзі зор ғалымның «ығы да зор» болатынын ескеруден туындаса керек. Шындығында, Юшковтың шапағаты қорғау барысында Зиманов шәкіртіне молынан тиді. Қарт профессорды айрықша сыйлайтын ғылыми қауым онсыз да «шаппай бәйге алайын деп» тұрған Салықты толықтай қолдап шықты.
Бүкілодақтық институт тарапынан қосылған екінші оппонент Серафим Александрович Покровский бір кездері Сталиннің өзімен пікірталасқа түскен даукес әрі Юшковқа мүлде жұлдызы қарсы адам еді. Сондықтан оған көп ешкім қарсы келе бермейтін. Обалы нешік, ол да талабы да, таланты да зор жас ғалымның еңбегіне лайықты баға берді.
Осындайда «бір кандидат­тық диссертация тарихын осыншама ежіктеудің не қажеті бар?» деген заңды сұрақ туындауы да мүмкін. Бұл бір қарағанда Салық Зимановтың кандидат­тық диссертация қорғауы сияқты көрінгенмен, отандық заң ғылымының қаз тұрып, қалыптасуы тарихынан мол мағлұмат беретін белесті кезеңнің айтулы оқиғасы еді. Сондықтан жас аспирант­тың рес­ми оппонент­терін белгілеуден бастап, қорғаудың жай-күйін түгелімен Ғылым академиясының президенті, қазақтың ұлы ғалымы Қ.Сәтбаев ұдайы өз бақылауында ұстаған. Қаныш аға кейін Зиманов докторлық диссертация қорғағанда да дәл осылай қамқорлық көрсетіпті.
«Жақсының аты, ғалымның хаты өлмейді» демекші, Салық ағаның ғылымдағы аты да, хаты да мұрағат­тарда сай­рап тұр. Оның кандидат­тық, доктор­лық диссертациясына қатысты де­рек­тер Бүкілодақтық ат­тестация комис­сиясының (ВАК) Мәскеудегі мұра­ғатында сақталған болатын. Оны іздес­тіруге арналған біздің алғашқы әрекетіміз нәтижесіз аяқталып, іздеген құжат­тарымыз Мәскеу мұрағатынан табылмады. Ары қарай індете түстік, ізім-қайым жоғалмапты. Ол Ресей Федералды мұрағат агент­тігінің Түмен облысындағы сақтау қорына көшірілген екен. Оның С.Зимановқа арналған ісінде академиктің диссертациялық жұмыстарына қатысты 300 бет­тік құжат­тар сол күйінде сақталыпты. Енді қайта-қайта сілтеме жасамай-ақ, соларға негізделген деректерді алға тартайық.

Сонымен, 1950 жылдың 3 қарашасында КСРО Ғылым Академиясы Құқық институтының ғылыми кеңесі алдында жас ғалым кандидат­тық диссертациясын өте жоғары деңгейде қорғап шығады. Енді республика ғылыми жұртшылығын алаңдатып, асыға күт­тірген Салық Зимановтың диссертациясы қандай тақырыпқа жазылған еді? Осы сұрақты тарқата кетейік.
Қазақ ғалымдары үшін әдебиет пен тарих ғылымы коммунистік идея үстемдік еткен жылдарда қатерлі өткел болды.Жиырмасыншы жылдардың басында-ақ Шәкәрім, А.Байтұрсынұлы, М.Дулатов, Ж.Аймауытов, т.б. әдебиет алыптары қуғын-сүргінге ұшырай бастады. Отызға енді ғана толған Мұхтар Әуезов Алаштың тағы бір алыбы Ә.Ермековпен бірге 1929-32 жылдары түрмеге отырып шықты. Революцияны жан-тәнімен қорғап, жалынды шығармалар тудырған Сәкен, Ілияс, Бейімбет те қанды репрессия құрбанына айналды.
Ресейдің аса ірі университет­ін тәмамдаған Ә.Бөкейханов, Х.Досмұхамедов, М.Тынышбаев бастаған Алаш қайраткерлері, мамандығы дәрігер болса да, қазақ тарих ғылымының қайнар бастауында тұрған Санжар Асфендия­ров сияқты зияткер азамат­тардың бәріне «ұлтшыл» деген айып тағылып, коммунистік идея қалыбына сыймаған саяси, ғылыми көзқарастары үшін ату жазасына кесілді. Алаш ардақтыларының бәріне олардың ұлтшылдығының дәлелі ретінде тарих пен әдебиет саласындағы айтулы шығармалары айғақ ретінде тартылды.
Репрессияның алғашқы легі қазақтың қоғамдық санасы мен ақыл-­ойын­ XX ғасыр басында еуропалық, әлемдік деңгейге көтерген ұлт зиялыларын жалмап, одан аман қалғандары Ұлы Отан соғысының майдан далаларында шейіт болды.
«Орнында бар оңалады» дейді дана халқымыз. Соғыстан кейін тарих сахнасына Ермұхан Бекмаханов бастаған қазақ зиялыларының екінші буыны шықты. Ермұхан Бекмаханов – өзінің ақыл-парасат, қабілет-қарымы тұрғысынан Алаш қайраткерлерінің ісін жалғастырған күрескер тұлға. Ол әуелі Тамбов педагогикалық институтының тарих факультетіне оқуға түсіп, кейін Воронеж институтына ауысады. Дәл осы жылдарда Воронежде Алаштың қос бірдей арысы Халел Досмұхамедов пен Мұхаметжан Тынышбайұлы айдауда жүрген еді. Саяси қызмет­терімен қатар кезінде қазақ тарихына қалам тартып, соңына сүбелі еңбектер қалдырған қос зиялы Ермұханның ұлт­тық рухты ұран еткен тарихшы ретінде қалыптасуына зор әсерін тигізеді.
Соғыс жылдарында Алматыда болған орыстың айтулы ғалымы, академик А.М.Панкратованың ғылыми кеңесшілігімен Е.Бекмаханов 1946 жылы Мәскеуде «XIX ғасырдың 20-40 жылдарындағы Қазақстан» деген тақырыпта докторлық диссертациясын қорғап, келесі жылы қос тілде осы ат­тас монографиясын шығарады.
Қазақтан шыққан тұңғыш тарих ғылымының докторы дәл осы кезден бастап жалған жала, орынсыз айып, саяси қудалауға түсіп, оның соңы Т.Шойынбаев, Х.Айдарова, А.Якуниндердің «Правда» газетінде 1951 жылы жарық көрген неше алуан айыптауларға толы мақаласының жариялануымен аяқталды.
Ол кезде Кеңес Одағының 15 республикасындағы ондаған университет­терде ай сайын дерлік докторлық диссертациялар қорғалып жататын және олар туралы ғылыми басылымдардан басқа органдар көп жақ аша бермейтін. Ал елдің бас газеті «Правда» отызға енді ғана толған қазақ тарихшысының алғашқы монографиясын нысанаға алып, ауыр соққы жасайды.
Бұл сот үкімінен де ауыр айыптау еді. Нәтижесінде Салық Зиманов кандидат­тық диссертациясын қорғау қамында жүрген жылдарда Бекмахановты отыз жетіншінің үрдісіндегі қаралау науқаны жүріп жат­ты. Оның соңы 1952 жылы желтоқсанда Абылай ханның тұқымы (Ермұхан Абылайдың үлкен ұлы Уәли ханның Тәуке сұлтан деген ұрпағынан тарайды), тарих ғылымынан шыққан тұңғыш ғылым докторы Е.Бекмахановты ел аман, жұрт тынышта 25 жылдық айдауға жіберумен аяқталды.
Мұндай қызыл саясат­тың көрігі қызып тұрған мезгілде Бекмахановтың докторлық диссертациясы арналған кезеңге және тақырыпқа қатысты еңбек жазу – басты бәйгеге тігумен бірдей еді.
Салық Зимановтың кандидат­тық диссертациясының ресми атауы «Общественно-политический строй Букеевской Орды» деп аталатын. Біріншіден, Бөкей ордасы XIX ғасырдың алғашқы жартысында болған мемлекет­тік құрылым, Е.Бекмахановтың докторлық диссертациясы XIX ғасырдың 20-40 жылдарына арналған еді. Екіншіден, Бекмаханов еңбегінің бас кейіпкері Кенесары хан болса, Зиманов зерт­теуінің өзегінде Бөкей хан мен оның ұлы Жәңгір хан тұрды. Басқаны былай қойғанда, осы екі ұқсастықтың өзі-ақ Зимановтың ғылымдағы алғашқы аяқ алысы мен кейінгі тағдыры сәл жаңылыс басқанда оңдырмай орып түсетін.
Сәтбаев бастаған қазақ зиялыларының Зимановтың кандидат­тық диссертациясына соншалықты алаңдауының бір сыры осы еді. Сондықтан жас ғалым заң ғылымында сең бұзып, өзіне де, соңына ерген буынға да жол ашуға тиіс болды.
Осы тұста Бекмаханов – тарихшы, Зиманов – заңгер, ендеше олардың ғылыми еңбектеріне осынша параллельдер жүргізудің қажеті қанша дейтін сұрақ туындауы да мүмкін.
Академик С.Зимановтың Қазақ­стан тәуелсіздік алғанға дейінгі еңбектерінің басым көпшілігі мемлекет пен құқық тарихына, саяси және құқықтық ілімдер тарихына арналды. Бұл – заң ғылымының іргетасы іспет­ті ғылым салалары.
Дүние жүзінің заңгерлер даярлайтын оқу орындарының бәрінде дерлік алғашқы курста «Мемлекет пен құқық тарихы», «Мемлекет пен құқықтың жалпы тарихы», «Саяси және құқықтық ілімдер тарихы» деген пәндер оқытылады. Осылайша болашақ заңгерлерге адамзат өркениетінің даму тарихы барысында пайда болған мемлекет­тер мен олардың құрылымы және ерекшеліктері, мемлекет­тің формасы мен классификациясы, мемлекет­тердің типологиясы, саяси жүйесі мен функциялары, мемлекет­тегі құқық пен экономика, құқықтық ілімнің қайнар көздері мен негіздері, саяси және құқықтық ілімдердің пайда болуы, дамуы және қазіргі жай-күйі оқытылады. Бұл пәндер болашақта арнаулы заң ғылымдары: конституциялық құқық, азамат­тық құқық, қылмыстық құқық, әкімшілік құқық, т.б. болып жіктеліп, жіліктеніп кететін өзге құқықтық ілімдердің бәрінен бұрын санаға сіңіріледі.
Кезінде империялық Ресейдегі ең үлкен университет – Санкт-Петербург университетін бітіріп, магистрлік жұмысын осы университет­тің ректоры, профессор А.Х.Гольмстеннен қорғаған Жақып Ақбаевтың өмірі мен қызметін зерт­теу барысында мен төңкеріске дейінгі Ресей университет­теріндегі заң факультеті оқу бағдарламаларымен танысқан едім. Сонда бір байқағаным, ол негізінен сол кездегі Еуропа университет­тері бағдарламаларынан көшірілген екен. Онда ежелгі Римнен бастап, Еуропаның сол кездегі дамыған елдерінің тарихы мен құқығы тереңдете оқытылған. Бұл оқулықтарда бір кездері Алтай мен Еуропа төріне дейінгі аралықтағы империя құрған ғұн мемлекеті немесе Қиыр Шығыстан бастап Қара теңіз аралығындағы Еуразияның алып мемлекеті – Түрік қағанаты туралы бір ауыз сөз болмады. Оның есесіне, Франция тарихы ежелгі заманнан күні бүгінге дейін егжей-тегжейлі тарқатылып, онда француз буржуазиялық революциясы, жирондистер конвенті, якобиндер диктатурасы, директория билігі, бонопарт­тық империя, екінші республика, Париж коммунасы, т.б. тақырыптар тәптіштеп оқытылды.
Тура осы үрдіс кеңес заманындағы оқулықтардан да көрініс тапты. Оның шығыс халықтарына арналған бөлігінде тек Араб халифатына ғана орын беріліп, Шыңғыс хан империясы мен Алтын Орда мемлекеті туралы ештеңе айтылмады.
Осындай астамшыл дәстүр осы күнгі Ресей оқулықтарында әлі күнге дейін жалғасып келеді. Мәселен, жетекші орыс ғалымдары жазған әрқайсысы қос томнан тұратын «История государства и права зарубежных стран», «Общая теория государства и права» ат­ты оқулықтар мен академиялық курстарда ғұндар мен көк түріктер құрған империялар туралы бір ауыз сөз жоқ.
Мемлекетшілдік, отаншылдық ұғым мемлекет тарихын танудан басталады. Сондықтан қазақ заңгерлерінің алғашқы буыны – Салық Зиманов, Ғайрат Сапарғалиев, Сұлтан Сартаевтар дәл осы саланы таңдап, өздерінің кандидат­тық, докторлық диссертацияларын тура «Мемлекет пен құқық тарихы мен теориясынан» қорғап, мемлекетшілдік сананы қалыптастыруға зор еңбек сіңірді.
Салық Зиманов туралы еңбектер мен әріптестерінің бағасында ол үнемі «тарихшы заңгер» деп аталады. Тіпті оның есімі Кеңес Одағына мәшһүр ұстазы С.Юшковтың да ресми дәрежесі «тарих ғылымының докторы» болатын.
Жас ғалым Салық Зиманов не үшін XIX ғасырдың алғашқы жартысында өмір сүрген Бөкей ордасының тарихын зерт­теу нысанасы ретінде алды?
Бөкей ордасы – арыда Алтай мен Азау теңізі аралығындағы ұлан-байтақ аумақты алып жатқан Жошы ұлысы орыс тарихнамасында «Алтын Орда» деген атпен белгілі болған алып империяның, беріде Еділ мен Ертіс арасында салтанат құрған Қазақ хандығының тұяқ серпер тұсындағы ең соңғы мемлекет­тік құрылым болатын.
Бір кездері Шығыс тарихшылары «Дешті Қыпшақ» деп дәріптеген Ұлы дала мемлекетінің ең тусырылған жұқанасы сияқты көрінетін Бөкей ордасының аумағы төңкеріске дейінгі ең үлкен орыс энциклопедиясы – «Брокгауз-Ефронның» деректері бойынша, 92.144,5 шаршы шақырым еді. Егер салыстырсақ, бұл әлемдегі ең айтулы, дамыған мемлекет­тердің бірі саналатын бүгінгі Бельгиядан үш есе үлкен.
Зиманов таңдауының Бөкей ордасына түсуінің тағы бір себебі – Ресейге қаншалықты вассал болса да, Бөкей ордасы қазақ мемлекет­тігінің ежелгі хандық басқару жосығын, шаруашылықты жүргізу тәртібін, заң-құқықтық жүйесін, әлеумет­тік-сословиелік жіктелуі, әдет-ғұрыптары мен көшпелі өмір салтын барынша толық сақтаған мемлекет­тік құрылым еді. Кеңестік тарихнамада Қазан төңкерісіне дейінгі қазақ тұрмысын жоқ-жітікке негізделген аянышты халде сурет­теп, «халықтың қолы тек төңкерістен кейін ғана бақытқа жет­ті» деген мүлде шындыққа жанаспайтын жалған тезис ұсынылып келді.
Менің академик Манаш Қозыбаев жетекшілік еткен тарих ғылымынан қорғаған кандидат­тық диссертациям төңкеріске дейін шыққан орыс энциклопедияларындағы қазақ тарихының саяси-әлеумет­тік проблемаларына арналды. Оларды негізінен орыстың бекзат ортасынан шығып, ғылым алдындағы адалдығын сақтаған орыс ғалымдары даярлады. Сондықтан бұл басылымдағы деректер саяси конъюктураға сай жиі құбылып отыратын кеңес энциклопедияларындай емес, көбінесе шындыққа негізделіп жазылды.
«Брокгауз-Ефронның» 8-томында «Ф. Щ.» деген бүркеншік атпен Императорлық Ресей ғылым академиясының корреспондент-мүшесі Ф.А.Щербинаның «Бөкей Ордасы» деген мақаласы жарияланды. «Жақсының жақсылығын айт» демекші, төңкерістен кейін Прагаға эмиграцияға кетіп, сол жерде қайтыс болған Федор Андреевич 1898-1909 жылдары «Материалы по киргизскому землепользованию» деген қазақ тарихы үшін баға жетпес 12 томдық іргелі еңбек шығарды. Міне, осы Щербинаның энциклопедияда жарияланған мақаласында Бөкей ордасында 1890 жылы 216.850 адам тұрғаны көрсетіліп, олардың қолында 1889 жылы 1 миллион 827.298 бас мал болғаны, нақтылай түссек, 87.708 түйе, 198.236 жылқы, 329.609 ірі қара, 1.256.745 бас қой мен ешкі болғаны келтірілген. Автор осы мәлімет­терді талдай келе: «Ордадағы әр отбасының қолында орта есеппен 40,7 бас мал бар. Ең бай қазақтар Нарын құмында тұрады. Ондағы әр шаңырақ 48 бас мал ұстайды. Ең кедей деген қазақ отбасында 35,5 бас мал бар», – деп жазады.
Ал енді осы деректерді «асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын» деп ұрандатқан ұжымдастыру кезіндегі Бөкей ордасы орналасқан Батыс Қазақстан жеріндегі қазақ ауылдарында малды қойып, бірді-екілі жан ғана қалған зұлмат заман шындығымен салыстырар болсақ, Кеңес Одағының қазаққа не беріп, не алғаны өзінен-өзі түсінікті болады.
Щербинаның мақаласын оқығанда жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілер шағында, Ресейге толық кіріптар жағдайда өмір сүрген Бөкей ордасындағы ең кедей отбасының жағдайы қара жерге ғана телміріп өткен орыс мұжығы мен мылтығын шошаңдатқан казактардың қайсысынан да әлдеқайда жоғары болғанын аңғарамыз. Ал байлықты қолындағы малының санымен өлшер болсақ, қазақ орташасының дәулеті кез келген орыс кулагының жағдайынан артық еді.
Осы тұста ғылыми әдебиет­те әлі күнге дейін қылаң беріп қалатын «Бөкей ордасы хан Бөкейдің Ресей императоры Бірінші Павелге Еділ қалмақтары Жоңғарияға жөңкіле көшкен соң бос қалған жерге қоныстануға рұхсат бергеннен кейін пайда болды» деген теріс түсінік бар екенін атап өтуге тура келеді.
Шындығында Еділ мен Жайық­тың арасын былай қойғанда, арыдағы Азау мен қиырдағы Қырым жұрты да бір кездегі Жошы негізін салып, Бату дәуірлеткен Алтын Орданың ежелгі қонысы, сол орда халқының басым бөлігін құраған қазақ руларының атакүлдік мекені болатын. Тіпті орыс тарихшылары «Крымское ханство», еуропалықтар «Малая Тартария» деп жүрген, ал өзінің ресми атауы бойын­ша – «Дешті Қыпшақтың Ұлық ордасының» өзі Мәскеуді бірнеше рет тас-талқан етіп жеңгенін орыс тарихшылары әлдеқашан мойындаған.
Қырым хандығы ғана емес, жалпы осы түбектегі кеңес заманында ғана өзгертілген елді мекендердің атауына қарап-ақ, оның халқы негізінен қазақ руларынан құрылғанын аңғарудың еш қиындығы жоқ. Дәл осы Қырым хандарының мөрінде мемлекет­тің атауы «Ұлық орда уә Дешті Қыпшақ» деп жазылғанын кеңестік оқулықтармен тәрбиеленген көшпелілер ұрпағының көбі білген жоқ.
Мың жасағыр Мұхтар Мағауин ағамыздың арқасында хандық дәуірдегі қазақ жыраулары бүкіл сән-салтанатымен қазақ поэзиясының төріне жайғасқанда ғана «бұдырайған екі шекелі, мұздай үлкен көбелі» бабалардың «алаң да алаң, алаң жұрт, ағала ордам қонған жұртынан» мол мағлұматқа қанықтық. Осындай құдірет­ті жыр толғаған Қазтуған жырау «Қайран да менің Еділім, Мен салмадым, сен салдың» десе, Асан Қайғы бабамыз «Еділ менен Жайықтың бірін жазға жайласаң, Ал қолыңды маларсың, алтын менен күміске» деп өсиет қалдырады. «Арыстандай екі бұтын алшайтып, арғымақ мінген» Доспамбет атамыз «Азаулының Стамбұлдан несі кем?» деп бабалар жайлаған киелі қоныстың шекара шебі мен дәреже-даңқын лайық­ты дәріптейді.
Сондықтан ендігі жерде «орыс патшасы Павел Бөкейге бос жатқан жер берді» деп отаршылдар аузымызға салған ескі тезисті термелемей, «Бөкей хан өз қарауындағы Кіші жүздің 12 ата байұлына қоса жетіру мен әлімұлына қарасты тағы 2 руды және оған ескі жұрт­та қалған ноғай-қазақтарды қосып, бабаларының ежелгі қонысына орналасты», – деген тұжырымды ұстанған жөн.
Салық Зимановтың Бөкей ордасы тақырыбын таңдауының тағы бір себебі – оның ата-бабалары түгелдей осы өлкеден шыққан еді.
Жәңгір хан 1845 жылы дүние салғаннан кейін оның Санкт-Петербургтің Паж корпусында оқыған 15 жасар талант­ты ұлы Сахыпкерей 2 жыл ел билейді. Кейін «оқуын жалғастыруы керек» деген сылтаумен империя астанасына қайта жеткізілген ол құпия жағдайда аяқ астынан қаза табады. Бұдан кейін хандық билік таратылып, Бөкей ордасы біртіндеп Астрахань губерниясының құрамына өте бастайды. Тіпті осындай заманда да қазақтардың дау-шарлары кезінде Бөкей негізін салған «билер кеңесінде» шешіліп келді. Бұл туралы А.Ф.Щербина: «Сот төрелігі тұрғысынан Бөкей ордасы Астрахан палатасының қарамағына берілсе де кейбір мәселелер билер кеңесінде шешіліп, олардың төрелігі апелляция мен кассацияға жатпай, түпкілікті болып есептелді», – деп жазады.
Бала Салық Жәңгір хан кезінде дүниеге келген абыз ақсақалдарды көріп өсті, ал оның XIX ғасырда туып, хандық билік жойылса да, жөн-жосығы сақталып қалған заманда өмір сүрген әкесі Зиман ақсақал зерек баласына Бөкей ордасын­дағы қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман туралы талай қызғылықты мағлұмат­тарды жеткізгенін аңғарудың еш қиындығы жоқ.
Бөкей хандығының тағы бір ерекшелігі – хан ордасында оның барлық ресми алыс-беріс, қатынас қағаздарын жүргізген арнайы кеңсебасы болды. Бұл өлкенің тарихына қатысты жүйелі ғылыми зерт­теулердің төңкеріске дейін де (А.Харузин), одан кейін де (В.Шахматов) жан-жақты зерт­телуіне мол мүмкіндіктер туғызды.
Батыл ой, байсалды еңбек
Кеңес заманында қорғалған кандидаттық, докторлық диссертациялардың толық мәтіні Бүкілодақтық аттестациялық комиссия мұрағатында сақталды және жариялануға жатпайтын. Кітапханаларға оның шағын, тезисті нұсқасы – авторефераты ғана жіберіледі. Бірақ диссертант өз қалауынша оның ғылыми жаңалығы, өзгеше тұжырымдары мол бөлігін арнайы басылымдарда жариялайды. Зиманов өз диссертациясының осындай жілікті тұстарын қорғау аяқталған соң ғана шығарған.
Аспирант Салық Зиманов кандидат­тық диссертациясының басты тезистерін 1951 жылдың наурызында Ғылым академиясының экономика және құқық секторларының ғылыми сессиясында баян­дап, жұмыстың «О политическом строе Букеевской орды» деген сүбелі бөлігін Академияның «Хабаршысында» жариялайды. (№10, 1951 жыл).
Республиканың бүкіл ғылыми қауымы әр нөмірін қалт жібермей оқитын ғылыми басылымға шыққан алғашқы еңбегінде-ақ Зиманов өз ойларын ешкімнің ығына жығылмай мейлінше ашық, айқын баяндайды.
Ол ғылыми пікірталасты өзіне дейін «Внутренняя орда и восстание Исатая Тайманова» атты үлкен монография жазып, онысын 1946 жылдың өзінде-ақ жариялап үлгерген ғылым кандидаты болса да, сол кездегі айтулы тарихшылардың қатарынан саналатын В.Ф.Шахматовтың жаңсақ ұстанымын сынаудан бастайды.
Шахматов өз монографиясында Бөкей ордасының пайда болу себебін түсіндіре келіп: «Ол XIX ғасырдың басы патша үкіметі жүргізген отарлау саясатының жалпы бағыттарымен тікелей байланысты болды. Бөкей ордасы патша үкіметінің, атап айтқанда, барон Игельстром саясатының нәтижесінде құрылды және бірнеше жыл бойы жүргізілген жан-жақты даярлықпен жүзеге асты», – деген тұжырым жасайды.
Бұл пікірден патша үкіметі қазақтарды қанаушы, отарлаушы емес, керісінше, оның тағдырына алаңдап, жылдар бойына жүргізілген арнайы реформа негізінде жер бөліп, жарылқаушы болған деген арамза тезис қылаң береді. Ал шындығына келер болсақ, Еділ мен Жайықтың ортасындағы ежелгі қазақ, ноғай қоныстарын орыс қаруының күшімен озбырлықпен тартып алып, оған бір кездері Жоңғариядан оңтүстік Сібір арқылы жөңкіле көшіп, Еділге жеткен жоңғарлардың торғауыт, хошоут және дүрбіт тайпаларына жер үлестірген патшалық Ресейдің өзі болатын. Отаршыл аппарат қазақ пен ноғай жұртының ата жауы саналатын қалмақтарды оларға айдап салып, «бөліп ал да билей бер» деген сұрқия саясатты жүзеге асырды.
Бұл мәселені біз кезінде «Коло­ниальный режим в Казахстане» (2000 жыл) атты еңбегімізде талдағандықтан, толық мағлұмат алғысы келетін оқырманға сол кітапқа сілтеме жасаумен шектеліп, Зиманов пен Шахматовтың пікірталасына ораламыз.
Шахматов әдейі немесе жаңылыспен төңкеріске дейінгі отарлау аппаратының шенеуніктері мен әскери офицерлер орнықтырған патшалық Ресейдің қанау мен тонауға негізделген озбыр саясатын ақтап алуға құрылған астамшылық саясаттың жетегінде кеткен. Мұны сұңғыла Зиманов бірден аңғарып, мүйі­зі қарағайдай беделді тарихшы Шахматовқа қарсы пікір айтады. Ол: «Біз мәселе дұрыс шешімін таппаған деп санаймыз. Шынтуайтқа келгенде Бөкей ордасының құрылуы қазақ қоғамында орын алған бітіспес тап күресімен тікелей байланысты болды… Сырым батыр бастаған халық көтерілісі қарумен басып-жаншылғаннан кейін Кіші жүз қазақтары көшіп-қонатын қоныс іздеп, ішкі жаққа қарай көшеді, бұл дәл осы күрестің басқаша жағдайда, өзгеше формада жалғасуы болды. Кіші жүз қазақтары Жайықты кешіп өткеннен кейін патша үкіметі оларды «қолдауға» мәжбүр болды. Әрине, мұның қазақ қоғамына деген альтруистік көзқарастан туындамағаны айдан анық», – деп жазады.
Зимановтың дәл осы пікірі оның не үшін Бөкей ордасының тарихы мен мемлекеттік құрылымын ғылыми зерт­теу нысанасы етіп алғанынан қосымша хабар бере түскендей.
Біріншіден, Зиманов патшалық Ресей ғалымдары негіздеп, кеңес тарихшылары жалғастырып, ғылыми түрде орныға бастаған «Бөкей ордасын құру – патша үкіметінің бастамасы» деген жалған тезисті жоққа шығарады. Патшалық Ресей әуелі қанға бөктіріп Қазанды, одан кейін тас-талқан етіп Қажытарханды (орыстар кейін Астрахань атап кеткен) алған соң қазақтарды ежелгі ата-баба қонысы – Еділден ықтыра бастайды. Бұл оқиға әйгілі Қазтуған жыраудың: «Кіндігімді кескен жұрт, кір-қоңымды жуған жұрт, Қарағайдан садақ будырып, Қылшанымды сары жүн оққа толтырып, Жанға сақтау болған жұрт», – деп толғай келіп, «Қайырлы болсын сіздерге, Менен де қалған Еділ жұрт», – деп көкірегі қарсы айрыла толғаған жырларынан көрініс тапқан.
Қазтуған жырау – есімі XVII ғасырдың екінші жартысындағы орыс жылнамасына түскен нақты тарихи тұлға. Сондықтан Доспамбет, Қазтуған, Шалкиіз жыраулардың толғауларын әдеби шығарма ғана емес, тарихи оқиғалар қайнары әрі Қазақ хандығының отты жырмен өрілген көркем шежіресі деп қарастырған жөн.

 

Мұхтар ҚҰЛ-МҰХАММЕД

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір