САТИРАНЫҢ САРБАЗЫ
Жетісу жеріндегі қасиетті Қарадала топырағы – талай тарландар мен оғландарды өмірге әкелген киелі мекен. Жырымен елді баураған, талантымен көкке самғаған ұландар да қанат қаққан бұл өлкеден. Елдің елдігін, халықтың өрлігін жырға қосқан сөз шеберлерін де дүниеге әкелген бұл дала. Солардың бірі – белгілі сатирик, балалар ақыны Бейсебай Кірісбаев.
Шым-шым шымшымаларымен шымшылап, қаңбақ пен жаңғақты айтыстырып, ертегілерімен елітіп, кілтипанның кілтін ашып, ықылықты басып, балалар әдебиетіне тамшыдай емес, таудай үлес қосқан жерлесіміз Бейсебай Кірісбаев тірі болғанда алпыстың асқарына шығар еді… Бірақ 12 жыл бұрын бақи дүниеге сапар шеккен қаламгердің артында қазақ әдебиетінің қоржынына құйған мол мұрасы, шығармалары қалды. Былтыр жыл соңында аудандық Мәдениет үйінде сатира сарбазы Байсебай Кірісбаевтың 60 жылдығына орай «Сатираның сарбазы» атты кеш өтті. Кешке ақынның қаламгер ағалары мен жолдастары ат арылтып арнайы келді. Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы, балалар әдебиеті кеңесінің жетекшісі, ақын Сұлтан Қалиұлы, белгілі балалар жазушы Толымбек Әбдірайым, «Балдырған» журналының бас редакторы Дүйсен Мағлұмов, ақындар Құлкерім Елемес, Болат Үсенбаевтардың атбасын бұрып келгенін Бейсе ағамыздың шығармашылығына деген ілтипат, құрмет деп бағаладық.
Кеш шымылдығы Бейсебай Кірісбаевтың өмір жолы, шығармашылығы туралы бейнефильммен ашылды. Кіріспе сөзді алған аудан әкімі Алимжан Тохтасунов Бейсебай Кірісбаевтың өнегелі өмірінен, шалқар шабытты шығармашылық жолынан баяндама жасап, бұл кештің жастарға рухани азық болатынына сенім білдірді. Жуырда ғана шыққан қаламгердің «Таңдамалы» шығармалар жинағының тұсауы да дәл осы сәтте кесілді. Сатириктің досы Болат Үсенбаев пен інісі Сейсенбай Кірісбаевтың мұрындық болуымен жарыққа шыққан жинақтың тұсауын аудан басшысы Алимжан Имтахунұлы мен Бейсебай Кірісбаевтың рухани ұстазы, қамқор ағасы болған Сұлтан Қалиұлы, жақын досы Толымбек Әбдірайым кесті.
Балалар әдебиетіне қомақты үлес қосқан қаламгер ағасы Сұлтан Қалиұлы сахна төрінде тұрып Бейсебай Кірісбаев туралы естеліктерімен бөліссе, досы Толымбек Әбдірайым: «Бейсекеңнің жаны да, ары да таза еді. Шығармалары да таза, адал.Адалдығы оны осындай шыңға жеткізді», – деп балалық шақтан дос болған жанның ерекше баламінезділігіне, ақ жүрегіне тәнті екенін айтып өтті. Сонымен қатар, Толымбек ағамыз Бейсебай досының біз білмейтін біраз қырлары мен сырларын әңгімеледі.Аудан басшылығына көшенің немесе білім ордаларының бірінің атын беру жөнінде өтінішін де жеткізді. Ал «Балдырған» журналының бас редакторы Дүйсен Мүсірәліұлы ақынын ардақтап отырған ауданның басшыларына алғысын айта келіп, денсаулығының нашарлығына қарамастан артына өлмес, өшпес мол мұра қалдырған Бейсебай Кірісбаевты батырға балайтынын, оның шығармалары арқылы өскелең ұрпақтың талай өнеге алатынын жеткізді. Ал ақын Болат Үсенбаев болса балалар жазушысы Бейсебай Кірісбаевты дүниеге әкелген қасиетті топыраққа бас ие келгендерін, мұндағы жаны жайсаң, көңілі дархан халықтың кеңпейілділігіне тәнті болып отырғанын айтып, қос ұлттың арасында өскен дарынның шығармаларын ұйғыр тіліне де аударса деген ниет-тілегін білдірді.
Мұнан соң қарт ұстаз Нұрмаш Сағабаев атамыз шәкірті Бейсебай Кірісбаевтың, яғни шәкіртінің таланты мен шығармашылығын құрметтеп келіп отырған жандарға аталық алғысын білдірді. Бейсебайдың бауыры Сейсенбай ағасының өмірінен өнегелі естеліктер айтып, бірқатар өлеңдерін оқыды. Жары Тұрсынхан да Бейсебайдай ұлын ұлықтап, шығармашылығын шарықтатып, абыройын асырып отырған қаламгер жолдастары мен аудан басшыларына лебізін айтты.
Бұл күні жылы сөз де, жүрек тебірентер, өткен күннің естеліктері де Бейсебай Кірісбаев туралы айтылды. Сахнада бүлдіршіндер бал тілдерімен аталарының өлеңдерін жатқа оқыды. Аудандық «Жазерке» ұлт-аспаптар, «Арзу» ән-би ансамбльдерінің орындауындағы ән де Бейсебай Кірісбаевтың құрметіне орындалды.
Кетпен таудың бөктерінен қанат қағып, талантымен талайды тәнті еткен Бейсе-ағамызды ел-жұрты осылайша құрметтеп, еске алды. Бұл кештің жастарға берер тағылымы да, рухани азығы да мол екені даусыз.
Анар Дүйсенбайқызы.
Ұйғыр ауданы,
Алматы облысы.