Қанағат
Баян ТІЛЕНШИНА

Ояндым.
Ойым сергіп таранбаймын,
Өмірде ештеңем жоқ алаңдайтын.
Жүрегім, жаным өлген, қаным кепкен,
Қабықпын.
Баз өмірге бара алмаймын.
Гүлді жасыл көйлегін киіп, жұпар иісі аңқыған тағы да бір қыз-көктем келді. Соңғы кездері Қызтумасты да аурухана ауласына шығара бастаған. Дәрінің күші тұла бойын әлсіретіп тастаған ба, әйтеуір ол сөйлегісі келіп тұрса да бойын зіл басып, аузын ашуға ерінетін әдет тапты. Арқасын кесек дуалға сүйеген күйі көктемгі шуаққа қыздырынып, отыра беретін. Кейде есіне өңі не түсі екені белгісіз, бір жаман елестер түсетін: өрт, күлтелі қызыл жалын желп-желп еткізіп, ұшып бара жатқан айдаһар басты, төртбұрыш денелі алып бірдеңе… Соқтығыса сақырлаған табыттар… оның ішінде ыңырсыған, жылаған адамдар көмек сұрайды. Олар әр баласы Әуелбек боп мұны шақырады. Бұл жәрдем беруге жүгіреді-ақ, бірақ, бір нәрсе киімінен іліп, не бір жерлерден қысылып өте алмай, жете алмай жүргені.
Ауланы айнала жүгіре-жүгіре өкпесі өшкенде, жерге сылқ етіп отыра кететін-ді. Қызтумас қайтадан түрегеліп, киімін шешіп тастап, тіпті «іліне беретін» орамалын да лақтыра жүгіреді. Әлдекімдер мұны «ұстап», «шалып құлатып»… Әйтеуір бұл жәрдемдесе алмайды-ақ. Бітпейтін «кедергілермен» алысып-алысып, діңкәсі құритын.
Қалжырап, дірмәні құрып отырған Қызтумастың бетіне суы сорғалаған шүберек былш етті. Ол аздап тітіркеніп көзін сығырайта ашып қараса, сілесі қатып, біреу бүгіліп-жазылып, мұны сұқ саусағымен көрсетіп, күліп тұр екен. Біраздан соң әлгі адам төрт аяқтап жүре бастады, шоқиып отырды, ит болып үре бастады. Аздан соң әлгі «ит» ұлып-сөйлеп, сөйлеп-ұлып, одан аула ішін айналып, шапқылап кетті.
…Қызтумас та Апақайға айналды. Қыз салтын жасап, үсті-басын түзеді. Денесін тіктеп, сызылып, аулада әрлі-берлі жүрді. Мына жүргендердің бәрімен «Сәлеметсіз бе? Халіңіз қалай? Зылиханы, Әуелбекті көрмедіңіз бе?» деп сұрау салып жүр. Ақыры «тапты».
– Әй, Зылиха, мені ұзатқанда өзің апарып салатыныңды білемісің? Мына қысқа юбка, биікөкше топлиыңды қой. Етегі кең, ұзын көйлек киесің. Ол саған қала емес, ауыл ғой, – деді сызылып.
Мұның сөзін Зылиха боп естіп тұрған ақ халатты дәрігер:
– Қызтумас апай, қандай биязы едіңіз? – деді.
– Кім?! «Қызтумас?!».
…Манағы төрт аяқтап «үріп» жүрген адам мұның қасына жақындап, абалап тұрды да, әрі кетті.
Апақай боп тұрған Қызтумас «иттің» соңынан біраз қарап тұрды. Апақай 8-9 жастағы Қызтанға айналды. Ол ұшқыр тайына «мініп» алып, әлгі абалаған «итті» қусын келіп. Ауланы 3-4 рет айналып шапқылап жүгірді.
– Др-р! Тоқта жануарым! Шаршап кеттің ба, а? Теріңді бас-с! – деді Қызтумас. Өзі су терге түсіп тұрған-ды.
Апақай – Қызтан қасқыр итінің кейпіне ауысты. Ол төрт аяқтап тұрды да, артқы оң аяғымен жерді бір-екі тырнап, сосын шоқиып отырып, тұмсығын әрлі-бері жыбырлатып, иіскеледі. «Ыр-р! Ыр-р!» деп айбат шегіп отырғанда бағанағы «итке» көзі түсті. Салақтаған тілін жиып алды.
– Ай! Бұл баяғы мені жығып қойған баланың иті ғой! Ақтөс, бас-бас! Әйт! Әйт! – деп Қызтумас өзін айтақтап алды да, төрт аяқтап тұра жүгірді. Әлгі «итті» қуып жетіп, желкесінен тістеп, қос қолымен тырнап, шайнап тастады. Жеңді! Уһ, кегі қайтып, рахаттанды-ау!
Бұл ырс-ырс демігіп, терлегенінен киімі денесіне жабысқан күйінде күншуаққа келіп, кесек дуалға арқасын сүйеп, отыра кетті. «Ақтөс, қой! Жат!», – деді Пірімбет көкесі.
…Ұшқыр тайы әне, анау тұр, бұған қарап «кел!» деп қояды.
– Қойшы! Мен ұйықтаймын! – деді Қызтан.
Тайы да бұған қарап, салпиған еріндерін көтеріп, ірі-ірі сойдиған тістерін көрсетіп тұрып, күлді. «Ұяттағы-ы! Не ұйқыны, не мені таңда-а!” – деп адамша сөйледі-әй!
– И-и-и, еһе-еһе-һе! И-и-еһе-һе!
Дәл осылай кісінеп, Қызтан да «күлді».
«Ұйқыбас ие-ем! Хош бо-о-л!» деді бұған алдыңғы аяқтарын аспанға көтеріп. Қызтумас та алдыңғы екі «аяғын» аспанға көтеріп, кісінеп-кісінеп, тайымен қоштасты да, дуалға сүйеніп сылқ етті. Мойнын ішіне тартып, ұйқы ұйығына еніп кетті. Ұйқы патшалығында-а маужыра-ап, бал-қы-ып, со-зыла-а ұшы-ып жан-рахатта жүр еді… «Әй, жетпегір жүгермек! Менің жалғыз тамырымның түбіне неге балта шаптың, а?! Неге итіңе талатасың, а?! Әй, жауыз! Бір шаңырақтың жалғыз үмітін сен мақау еттің ғой! Сенің де үмітің үзілсін!» – деп ашулы кейуана бетіне шапалақпен шарт еткізді. Шошып оянды.
– Апа, апатай! Кешіріңізші мені-і, апа-а! Балалықпен істедім ғой… Қарғамаңызшы мені. – Қызтумас дуалға сүйенген күйі ұза-а-ақ уақыт жылап отырды. Ақ халатты әйелді көрді.
«…Мына дәрігер бұған қарап «Қызтумас апай» деп қояды ғой, ә? Ол кім өзі? Мұның аты… менің атым… кім еді, ә?».
– Қайдам кім екенін, – деп бұл өзіне өзі жауап беріп, сылқ-сылқ күлді. Мұның қызы бар, оның аты – Жәмила! Жә-ми-ләш!
– Не деген әдемі ат, ешкімде жоқ есім! Әй, жарығым-ау, жа-ре-е-ғе-ем! Сағынде-ем ғой өзе-ең-ді-ай! – Апақай көзінің жасы жосаланып, айқайлай дауыстап, еңіреп алды. Барынша дауыстады, жып-жылы күннің шуағына бойындағы мұз сезімі еріді ме, кесек дуалға арқасын сүйеп отырған ол көзін жұмып алып, дудыраған шашы дуалға үйкелгеніне қарамай, басын шайқап, аңырай жылады.
Әлден соң:
– Ай, сағынсаң, келер қызың, жүрген тіт-тә қой, жылама! Мұрның да ағып кетті! – деді.
Қызтумас мұрнын қағып, сылқылдап, тоқтаусыз күлді. Оның бір ғана денесінде екі адам, екі тіршілік, екі қарама-қарсы ой, екі ауыз бар сияқты еді. Осы екі құбылыс, екі тіршілік бір терінің ішіне сыйыспай, ол өзімен-өзі ұрысып, өзімен-өзі арпалысып, өзімен-өзі әңгімелесіп, бір жылап, бір күлетін.
– Жас баладай боздап… аха-ха-а! Мұрны-ын-ың аққа-нын да біл-біл-мей аха-ха-ха-а! – ол ішек-сілесі қатып, ұзақ күлді. Күлгені соншалық, көзінің жасы жаңа ғана жылағанындай, жосалана ақты. – Ой, ішегім-ай! Уһ-һ! Үзіліп кете жаздады-ау, байқұсым! – Қызтумастың буын-буыны босап, әлі құрып, кесек дуалға бір иығын бере қалжырап, ұйқыға кетті.
Қорқынышты елес қазірде бұған түсіндегідей еді. Түске бола соншалық шаршағанына күлкісі келіп, сылқ-сылқ күлді. Айтайын деп еді, сөз тыңдайтын ешкім таппады. «Немене бәле, ылғи өзімен-өзі секектеп жүрген біреулер. Кімдер бұлар?».
– Үй ұшпаса, әдірем қалсын. Өлсе қайтем, өмірем қапсын. Басқа түгіл өз жаным қайғы, – Қызтумас сылқ-сылқ күле берді. Бір білетіні – тұла бойы, тіпті санасына дейін балқып, ұйқы тартып барады. Ол сүйенген күйі күншуақта ұйқыға кететін.
Бірде ол ақ халатты әйелге жақындап келіп:
– Жеңгей, мен үйге қайтамын. Өз киімдерім қайда? – деді.
– Қайтқыңыз келе ме? Онда анау бөшкені сумен толтырып, көмектесе қойыңызшы. Қызтумас арық үстінде тұрған бөшкеге шелектеп су құйып еді, ол арыққа ақты. Сосын шелегін қалдырып, ақ халатты әйелге қайта келді.
– Жеңгей, ол бөшке тесіліп қалыпты, су тұрмайды, – деді.
Ақ халатты дәрігер аңтарыла қарап, қуанышты үнмен:
– Қайтасыз. Қайтарамыз жақында, – деді.
Қызтумас моншаға түсіп, киімдерін ауыстырды.
Ауруханадан анасын Жәмила алып қайтты. Оның сауыққанын көріп, көкірегіндегі көп өксіктің бәрі басылғандай. Жол-жөнекей өзінің тұрмыстанғанын, бір ұлы барын айтты. Құрсағындағы сәбидің жетіліп қалғанына қуана бір қараған Қызтумас оны сөз етпеді.
– Шырағым, Құдай бет алдыңнан жарылқасын. Ойпырым-ай! Жәмила, «Жамандық көрген жеріңнен еңбекте де қаш» деген. Қайын жұртым маған құт болмады, жұт болды ғой. Ол жерге енді барғым келмейді. Мені төркініме, әкемнің шаңырағына апар. Көмешбұлақтағы сиқымдар мені өлтірмейді. Әуелбектің отын өшірмей, Құдай жеткізсе, сенің бір балаңды бауырыма басайын, – деді.
Со-но-оу Сайрамнан жолаушылай өткен өгіз арба, май таситын арбаларға мінгесіп, жаяулап дегендей, бұлар екі күнде Көмешбұлаққа жетті-ау, әйтеуір. Ауыл бәз-баяғы қалпында десе болғандай, тек бұл ауылда да бірлі-жарым қамыс шатырлы үйлер бой көтеріпті. Көшенің басынан түскеннен қаздаңдай басып, тіке тартқан жүдеу жүзді екі әйелге бұл ауылдың тәмпіш танау балалары ойнап жүрген асықтарын тоқтата салып аңтарылды.
– Кімнің жақындары екен?
– Алдындағы кәрісі дуана сияқты ғой…
– Қоржындары бар…
– Дуана сені қазір қоржынына салып әкетеді. Әй, дуана…
– Апама айтам сені! – Ап-а-а! – үйіне жылап жүгірген бала белінен бүктетіле еңкейген кемпірді жетектей шықты. Кейуана сөйлеп келеді:
– Қайдағы дуана? Кәні? Е, анау екі әйел ме? Кімдікіне келеді екен? Елдің бәрі мақтада… Қой, дуана болса, үйден-үйге кіріп, қайыр сұрамай ма? Бұларың кім мен білейін… – бүкшеңдеп, арттарынан желіп кетті.
Әлгі екеу бір қабырғасы құлап, қаңырап қалғалы неше заман өткен Құланшының үйіне қайырылғанда… кемпір арық жағасындағы көгалға отыра кетті. «Енді не істейді екен? Кімдер өзі?».
Екі бейтаныстың үлкені үйді құшақтап, тәу етіп бір айналып шықты. Бір нәрсені айтып жүр, естілмеді онша. Жылайтын сияқты ма… «Е-е, әй, бұл әлгі тәуіп қайнағаның жалғыз қызы – Апақай болмасын де! Ойпырым-ай, оған мүлде ұқсамайды ғой, бірақ… Ойпырым-ай, Алла… Бұл үйге жан баласы аяқ баспағалы қа-ша-а-н».
– Амансыздар ма? Шырақтарым, кімсіңдер? Бұл үйге… Кімді іздеп жүрсіздер?
Қызтумас кемпірге көз тоқтатып қарап тұрды да:
– Сейсе, Зылиха, Пейшенкүлмісің? – деді.
– Иә… Пейшенкүл едім…
– Неғып танымай қалдың, бейбақ. Мен – Апақаймын.
– Ойбұй, бәсе, өзім де шырамытып… Бикеш-ау, амансыз ба? Жақсыдан қалған жәдігерім-ай, тұлпардан қалған тұяғым-ай… қандай күйге түскенсіз? – кемпір Апақаймен жылап көрісті.
– Ия, Апақай екен аты, – дейді апаларының артынан келген топ баланың ересектеуі.
– Әй, кім-м… Әй… Бегалы, Бектұрсын, Шералы… а, Қайсар, Қайбар… а, атың кім еді әй, Серік! Серікжан, үйге бар да самауырды далаға екеулеп шығарып, шәй қойыңдаршы, айналайын. Мына әпкеңдер келіп қапты. Ана Зылиха апаң мен Сейсе апаларыңа айт. Сүйінші де, Апақай әпкем келді де! Шәй әзірлесін! – деді кейуана көзін етегімен сүртіп жатып, – Тез! Атаң келген соң кешке қарай қой сояр.
Кешкі ымыртта Бейсенкүл апаның үйіне бұл әулеттің тай-тұяғы түгел жиналды. Отағасы Сүкең інілеріне бір қошқарды союды тапсырып, өзі қырғи, бүркіттерін баптап жүр. Сөзге сараң, көңілге жомарт кісі шапқылап жүрген ұрпақтарына қызыға қарап қояды.
– Шырағым! Атадан қалған жалғыз едің. Қыз да болсаң әкеңнің түтінін түтетсем дейсің. Оның жөн. Саған бола қазан көтермейді ешкім. Жүремін десең, осы отырған аға-інілеріңнің бәрінің есігі ашық, төрі сенікі. Бөлек тұрам десең, ертең-ақ үй болатындай керек-жарағыңды түгендейді мына Пейшенкүл, Сейсе, Зылихалар. Ім-м, қалау өзіңде, – деді осы әулеттің үлкен қызы, төбе би болған әкесінің қазына кілтін ұстаған Зәуре әпке.
– Әй, әпке, мен неғылам бұлардың шөмішіне телміріп?! Маған бәсіреге малыңның да керегі жоқ, қарай алмаймын. Бергісі келсе, беріп тұрар менің сыбағамды бұл қу қарлар! Бермесе, бұл ауылдың бәрі өз үйім. Ешкім менің көкірегімнен итермейді, – деді Апақай сілкініп.
Апақайдың қазіргі тұрқына төркіндерінің жаны ауырды. «Е, тағдыр-ай! Апақайдың деніне қаяу салып, танымастай өзгерткенмен, оның бірбеткей мінезі мен қайсарлығын, жігерін жасытпапты. Шүкір» десті.
Жәмила анасының баспанасын әктеп-көктеп, орналастырып, өз өтеніне қайтты.
– Маған алаңдама, қызым. Өлмейтін жеріме келдім, – деген ол қоштасарда. Басқалай амалы да жоқ қызы қимай қарап, кете барған.
Ертеңіне біреуі кереует, біреуі көрпе, жастық әкеліп, Апақайдың негізгі тұрмыс қажеттілігі өтеліп, өз өтені уығын түзеді. Бірақ ол баяғысынша үй шаруасын игеріп, үсті-басына қарауды ойламады да. Есік алдындағы жалғыз түп кәрі тұттың түбіне үш бұтты мосыға қара шәугімді іліп қайнатып, ащылап шәй ішіп отырғанына қанағат. «Аспаннан нұр жауған» күні қазанға ет қайнатылатыны да бар. Болса пияз, картошканы бүтіндей-ақ сала салады, болмаса қара сорпасы-ақ қарын тойғызады.
Шынында да, осы ауылдың бәрі – өз үйі. Барса дастархандары жазулы, көрпесі салулы. Әңгіме-дүкен құрып, жеңгелерін умаждап, іні-келіндері жынына жақпаса тілдеп-тілдеп алады. Көнеді бәрі де. Бір қыздың еркелігін көтереді.
Апақайды дүние-мүлік алаңдатпады. Оған қажеттісі – темекі мен нан. Қолтығына кездескен жерден шәй қайнататын шырпы мен бос бөтелкелерді қыстыра жүретін. Шырпы – отын, шыны – дүкенге айырбастар темекісі мен наны. Басқа ештеңе қажет емес. Күнде, күнара қыдыратын қасиетті мекені – қорым. Әке-шешесінің бейітіне барып, шағынып, сырласып қайтады. О дүниеліктер бұл үшін тірі сияқты, кәдімгідей «жауаптаса» сөйлесіп отырады. Солардың «айтқанын» тыңдап, дегеніне тоқтайды. Дала демей, қорым демей, қалаған жеріне жата кетіп, демалады, ұйықтайды. Күн демей, түн демей, қалаған кезде үш бұтты ошағына от жағып, шаңғауызын ызыңдата «ән салдырады».
Апақайдың ерсі қылықтары ел арасында неше түрлі жорамалдар жасатты. «Не дейсің, барған жерінде күндесі ешектің миын жегізіп, дуалапты». «Жоқ, олай емес, терең құдыққа тастап жіберіпті. Сонда басына зақым келіп, осындай тентек болыпты». «Жоқ, мақтада жүріп, айдалада ұйықтап қалса керек. Сонда пері соғып кетіпті».
Халықтың пітір-садақасы, қайыры Апақайға бағышталды. Түс жорытушылар, құдайы бергендер, өлгендерге құран оқытып, дастархан жазғандар мұны үйіне әдейілеп шақыратын болды. О дүниеге көшкендердің қалаған киімінен үлес бөлінді. Апақай бір тиын да зейнеткерлік ақы не мүгедектік жәрдемнен үлес те алмады.
Көппен көрген ұлы тойға қанағат.
Для отправки комментария вам необходимо авторизоваться.