Ұлт мүддесінің жоқшысы еді
26.09.2022
388
0

1994 жыл. Шерағаң – «Қазақстан» телерадиокорпорациясының президентi. Сол кезде мынадай бiр үрдiс бар едi. Әрбiр үш айда бүкiл облыс әкiмдерi мен күллi республикалық мекемелердiң басшылары арнайы жиынға шақырылатын және ол жиынды сол кездегі Қазақстан Президентi Н.Назарбаевтың өзi өткiзетiн.
Осы дәстүрлi жиында Шерағаңның атына Елбасы қатты сын айтты. Сөзiнiң ұзын-ырғасы мынаған сайды: Өскемендегi орыс ағайындар дәл қазiр «Қазақстан» телерадиокорпорациясының жұмысына қатты наразы. Өйткенi қазақша хабарлар күрт көбейiп кеткен де, орысша хабарлар мүлде азайған. «Бұ қалай? «Ресейге кетемiз, Ресейге көшемiз!» деген сөздер де осындайдан кейiн өрбитiнiн неге ескермеймiз? Бiздiң мемлекеттiк саясатымызға құлықсыз қарап, таразының басын тең ұстауға мойны жар бермесе, онда бiз де Шерхан Мұртазаның орнына басқа адам, басқа кадр қарастырамыз» және т.т.
Үзiлiс кезiнде Шерағаңды iздедiм. Өйткенi сынның бiр ұшы Қазақ радиосына да тиiп жатты (ол кезде мен Қазақ радиосының бас директоры едiм). Шерағаң Президент аппаратының жауапты қызметкерiн былай шығарып, жекiп тұр екен:
– Шындыққа жанаспайтын мұндай деректi Президентке кiм бередi? Әрине, сендер бересiңдер! Түймедейдi түйедей етiп көрсетiп! Әйтпесе, қазақша хабарлар орысша хабарларға қарағанда сәл ғана басым. Бұл жерде аттан салатындай ештеңе жоқ. «Қазақстанда қазақша көбейiп кеттi» деп байбалам салған не сұмдық?! Қазақстанға қазақша ешуақытта көптiк етпейдi! Қарағым-ау, сен ағылшындардың «Бiздiң Англияда ағылшынша көбейiп кеттi!» дегенiн естiдiң бе? Не болмаса, өзбектердiң, француздардың? Естiген емессiң және естiмейсiң де!..
Шерағаңның күйiнетiндей де жөнi бар едi. Егер жаңылыспасам, дәл сол кезде электронды ақпарат құралдары (Қазақстандiкi бар, Ресейдiкi бар) тәулiгiне республикамызда қазақ тiлiнде – 9 сағат, орыс тiлiнде 180 сағат хабар таратып жатқан болатын.
Не керек, Шерағаңның үзiлiстен кейiн жарыссөзге шығатыны белгiлi бол­ды. Шерағаңа: «Кiшiрейе салыңыз, тiптi кешiрiм сұрай салыңыз. Қатты айтпаса, қатаң сынамаса, оның несi президент? «Өте орынды сынадыңыз, ендi бұл сыннан тиiстi қорытынды шығарып, кемшiлiктерiмiздi түзеуге бар күш-жiгерiмiздi жұмылдырамыз» дей салыңыз!» – дегендер де табылды, сонымен бiрге: «Жарыссөзге шықпай-ақ қойыңыз, жағдайды ушықтырып аласыз. Бұл жерде үндемеген, үндемей құтылған абзал», – деушiлер де болды.
Сонымен Шерағаң жарыссөзге шық­ты. Кiшiрейген де жоқ, кешiрiм сұраған да жоқ. Себебi…
«Өз зиялыларына қырғидай тиген өкiметтен мен ешуақытта кешiрiм сұрамаймын!» Бұл – Жүсiпбек Аймауытовтың сөзi. Ақтық сөзi. 1931 жылы дар алдында айтқан сөзi. Егер Жүсiпбек Аймауытов өз әрiптестерi секiлдi кешiрiм сұрай салса («кешiрiм сұраудың» нәтижесiнде Жүсiпбектiң жанындағы тоғыз адам аман қалған), тiрi қалатыны күмәнсiз едi. Ж.Аймауытов кешiрiм сұрауды қажетсiз деп тапқан. Неге? Бiз ұлтымызды сүйгенiмiз үшiн ешкiмнен кешiрiм сұрамауымыз керек! Алладан да, адамнан да! Егер кешiрiм сұрадық па, онда бiз ешуақытта ұлт бола алмаймыз. Құнсызданамыз, арзандаймыз. Керiсiнше, ұлтын сүйе алмағандар, ұлтын сүйе бiлмейтiндер сұрасын кешiрiмдi! Бұл – Жүсiпбек Аймауытов ұстанған принцип. Шамамен, Шерағаң да осы принциптi ұстанды. Өйткенi таразыға түскен мәселе – ұлттық мүдде, ұлттық тiл туралы едi. Ал Шерағаң ұлттық мүдденi, ұлттық тiлдi, ұлттық мәселенi ешуақытта саудаға салған емес!
Шерағаң сөзiн сабырлы бастады. Қазақ радиосында да, «Қазақстан» телеарнасында да қазақша хабарлардың орысша хабарларға қарағанда сәл басымдау екенiн айта келiп, оның себептерiн санамалап шықты. Мәселен, Қазақ радиосын тек Қазақстандағы қазақтар ғана емес, сонау Қытай мен Ресейдегi, Өзбекстан мен Қарақалпақстандағы қазақтардың да тыңдайтынына тоқталды. «Қазақстан» телеар­насындағы хабарлар орысша хабарлардан сәл басым түсiп жатса, оның балаларға арналған қазақша хабарларды көбейту зәрулiгiнен туындап отырғанын алға тарт­ты. «Срыбных басқарып отырған «Казахстанская правда» газетi қыр соңымызға түсiп алды, – дедi сонымен бiрге Шерағаң, – «Қазақстан» телерадиокорпорациясы туралы күн аралата бiр мақала басады. Ма­қала­ларының бәрi – «жаптым жала, жақтым күйе». «Қазақша хабарлар күрт көбейiп, орысша хабарлар мүлде азайды» деген өтiрiк деректi өрттей қаулатып жүрген де – осы газет!».
Осыдан соң, Шерағаң күндей күркiреп, найзағайдай шатырлады:
– Телерадио дегенiмiз не? Ол – уыз! Уызында жарымаған, уызға жарымай өскен бала не болады? Оны бәрiңiз де бiлесiздер! Қазiргi күннiң балалары теледидарды емiп өседi. Балаларға арналған қазақша хабарларды көбейткенiмiз де сондықтан! Қазақтың радиосы мен Қазақтың мемлекеттiк телеарнасында «қазақша көбейiп кеттi…» деген не сұмдық?! Президенттiң айналасындағы азаматтарға айтарым, шатаспаңдар олай! Өзгенi де шатастырмаңдар!
Бұдан кейiн көзәйнегi жалтырап, Елбасыға қарады:
– Аса мәртебелi президент мырза! Жаңа Сiз өте қатты айттыңыз. Сiздiң сөзi­ңiз маған ауыр тидi… Алпыстан асқан жасым бар, осы уақытқа дейiн ешкiмнен қызмет сұраған емеспiн! Осы қызметке жiберген де – өздерiңiз! Мен – жазушы адаммын. Менiң қаруым – қолымдағы қаламым! Бәлкiм, қызметiмдi тартып аларсыздар, бiрақ менiң қолымдағы қаламымды ешкiм де тартып ала алмайды!
Әлi күнге дейiн есiмде, Шерағаңнан кейiн 15 адам сөйледi. Кiлең марқасқалар! Қазақтың жақсы менен жайсаңдары! Бiрақ солардың бiрде-бiрi (қанша дегенмен, ұлттың мүддесi таразыға түсiп жатқан жоқ па?) «Шерхан Мұртазаның сөзiнiң жаны бар. Ескеру керек екен…» деген жадағай жәрдем, жаяу қолпашқа жарамады.

* * *

Қарап отырсаңыз, Шерағаңның өмiрi – қиян-кескi күрес.
«Лениншiл жастың» (қазiргi «Жас Алаш») бас редакторы болып жүрген кезiн Шерағаң былай еске түсiредi: «Брежнев кезiнде Чернышев дегендердi алып келдi Қазақстанға. Әйелi (Брежнева) «Қазақконцерттiң» бастығы едi. Күйеуi де сонда iстейтiн. Солар «Қазақконцерттi» әбден жеп бiтiрiп, тамтығын қалдырмай жатқан кезде «Лениншiл жаста» «Қазақконцерт, хал қалай?» деген мақала басылды. Бұл мақала бомба болды. «Лениншiл жастың» қоғамға, бюрократизмге тастаған бомбасы едi. Ақыры әдiлдiк жеңiп, Чернышевтар Қазақстаннан кетiп тынды…».
Өзiмiз де шет-жағасын көрдiк, Шерхан Мұртаза басқарған «Социалистiк Қазақстан» газетi (қазiргi «Егемен Қазақстан») бар-жоғы бiр жылдың iшiнде екi облыс әкiмiнiң (о кезде «облыстық партия комитетiнiң бiрiншi хатшысы» деп аталатын), бiр министрдiң, бiрнеше аудан басшыларының орнынан кетуiне себепшi болды. Не үшiн? Қазақтың мүддесiне жүрдiм-бардым қарағаны үшiн.
Мұның сыртында газет қаншама дүмбiлез кадрлар мен тоңмойын шенеу­нiктердi, «ұлы халықтың өкiлiмiн…» деп кеудесiн соғатын едiреңбайларды, карта ойыны мен ойнасқа тоймайтын директорларды, ұлттың несiбесiн жеген озбырларды, ертеңiн ойламайтын шолақ белсендiлердi тәубесiне келтiрдi десеңiзшi. Шымкенттегi кiрпiш зауытының «тарихын» зерттеп, тарих ғылымдарының кандидаты атағын алған ғалымсымақты айдай әлемге әшкере қылды. Қасиеттi қара шаңырақтың қасиетiн кетiргенi үшiн әл-Фараби атындағы ҚазМҰУ-дың журналистика факультетiнiң деканы Кузьменконы орнынан алғызды…
Шерағаң сонда да қанағаттанбайды:
– Әй, сендердiң денелерiңде ағып жатқан қазақтың қаны емес, балықтың ба, бақаның ба, бiрдеңенiң қаны… Әйтпесе, ана Арал теңiзiнде тұқымы тұздай құрып бара жатқан көксеркенi (балықтың түрi) жазар едiңдер ғой. Қане, көксеркенi кiм жазады? – деп, қарауындағы журналистердi тағы бiр қиырға бағыттайтын.

* * *

Тәуелсіздігімізді жариялағаннан кейін көп өткен жоқ, бір күні Шерағаң газет ұжымын жинап алып былай деді:
«Мен бүгіннен бастап Шерхан Мұртазаев емес, Шерхан Мұртаза боламын. Біле- білсеңдер, сезіне алсаңдар, түсіне алсаңдар, «-ов», «-ев» дегендер – зор­лықшыл елдің, үстем империяның, яғни отаршыл Ресейдің біздің әрқайсымыздың маңдайымызға қыздырып басқан құлдық таңбасы. Қарғыс таңбасы! Міне, тәуелсіздік алдық, еркіндік алдық. Енді менің құл болғым келмейді! Қыздырып басқан құлдық таңбаны көрмейтіндей, осы таңбаға көндігіп жүре беретіндей біз мал емеспіз! Қылша мойнымызды құлша иіп келгеніміз де жетер, енді құлдық таңбасынан, қарғыс таңбасынан біржола құтылайын деп шештім. Қазақта Ғұмар Қараш дейтін кісі болған, татарда Ғабдолла Тоқай, Сәйфи Құдаш бар, ал енді түріктер мен әзербайжандар түгел осылай жазады, мен де сол ата-бабаларымыздың жолын тұтынып, Шерхан Мұртаза болуды жөн көрдім. Әлкей Марғұлан деген сияқты ғой. Ертеңгі «Егемен Қазақстанда» «Бас редактор Шерхан Мұртаза» деп жазылады. Өзгелерге, әсіресе редакциялық алқа мүшелеріне айтарым, «-ов», «-евті» алдыру, не болмаса қалдыру – әрқайсыңыздың өз еріктеріңізде. Ешқандай зорлық жоқ…»
Шерағаң сөйлесе, жүрегіңе жеткізе, санаңа сіңдіре, көкейіңе құйып алатындай етіп сөйлейді ғой. Бәріміз де өз фамилиямыздан «-ов» пен «-евті» түгел алдырып тастадық.

* * *

– Мұхтар Әуезов те, Шерхан Мұртаза да, мен де 28 қыркүйек күнi дүниеге келiппiз. Жалпы, 28 қыркүйек – тек ұлыларды дүниеге алып келетiн қасиеттi күн, – деп Орағаң, Оралхан Бөкей екi көзi бiрдей жұмылып, иығы селкiлдеп, иығымен бiрге иығына түсетiн ұзын шашы да селкiлдеп, рахаттана бiр күлер едi.
Аздан кейiн байсалды қалыпқа енiп:

– Әне бiр данышпан Шерағаң екеумiздi менсiнбей, «Е, е, бұлар жазушылыққа журналистикадан келгендер ғой…», – дейдi мұрнын шүйiрiп. Не сонда, жазушылыққа дәрiгерлiктен, не болмаса ЦК-дан келу керек пе?! Эрнест Хемингуэй кәсiби журналист болған. «Жүз жылғы жалғыздықтың» авторы кiм едi, иә, сол Габриэль Маркес, ол да журналист болған. Керек болса, қазақ қаламгерлерiнiң 70 пайызы – жазушылыққа журналистикадан келгендер. Мәселе – жазушылыққа кiмнiң қайдан келгенiнде емес, талантында. Талант тас жарады! Шерағаң журналистикада «Журналистиканың Жуковы» атанды. Ал жазушылығы ше? Талай-талай мықтыларды шаң қаптырып, жарты жолда қалдырып кеттi емес пе?! Талант қай жерде де талант! – дер едi.

* * *

Шерағаң, рас, «Журналистиканың Жуковы» атанды. Неге? 1941–1945 жылғы соғыста Сталин Жуковты қайда салмады, қайда жібермеді?! Кілең қиынға жұмсады, ылғи ұрыстың тағдыры қыл үстінде тұрған, таразының басы қай жаққа ауары белгісіз сұрапыл шайқастарға апарып салды: Ленинград қоршауы, Мәскеу қорғанысы, Курск доғасы, Киев, Брест, т.т. Соғыс өнеріне аса жетік дарынды қолбасшы барған жерінің бәрінде де жеңіске жетті. Салыстырмалы түрде алғанда, Шерхан Мұртаза да Қазақстанның баспасөз саласында осы Жуковтың ерлігін қайталады ғой. «Жас Алашқа» бас редактор болып келді, газетті жайнатып жіберді. «Жалынға» барды, оны да жайнатты. «Қазақ әдебиетіне» бас редактор болып тағайындалды, газет те түлеп, түрленіп, құлпырып шыға келді. Шерхан Мұртаза «Жұлдыз» журналына бас редактор болып келгенде журналдың таралымы 60 мыңның о жақ, бұ жағында екен. Журналдың таралымын Шерағаң әуелі 175 мыңға жеткізіп, артынан 200 мыңнан асырды ғой.
«Социалистік Қазақстан» газетін қазақтың әдеби-мәдени зиялылары «Ертелі-кеш партияның қаулыларын басады. Одан қалса, жоғары лауазымды шенеу­ніктердің баяндамаларын басады. Осы газеттің қатып-семіп қалған ұстанымы мен ресмилігі-ақ шаршатты…» деп, «Социалистік Қазақстанды» оқудан да және оған жазылудан да қашқақтайтын. Осы газетке Шерағаң бас редактор болып келгеннен кейін аз ғана уақыттың ішінде бұл газет зиялының да, зиялы еместің де, үлкеннің де, кішінің де іздеп жүріп оқитын газетіне айналды.
Шерағаңның «Қазақстан» телерадио корпорациясын басқарғандағы еңбегі – өз алдына бір төбе.

* * *

Шерағаң кадрға ерекше мән беретін. Қол астына талантты журналистерді, дарынды қаламгерлерді жинауға күш салатын. Сонан кейін қарақан басының ғана қамын ойлайтын журналистерді көп ұстамайтын, жұмыстан шығарып жіберетін. Ұлттың мұңын мұңдай, жоғын жоқтай білетін журналистерді ұнататын. «Өз пайдаңды ойлама, елдің, ұлттың пайдасын ойла! Өз пайдаң соның ішінде» дейтін Шерағаң ұдайы. Қазір қарап отырсам, әулиенің аузынан ғана шығатын сөз екен ғой.
Мал шаруашылығы саласында «селекционер» деп аталатын мамандық бар. Бұл мамандықтың иесі қошқар болатын қозыны, не болмаса тұлпар болатын құлынды бір қарайды да, тани қояды. Шерағаң да бұл тұрғыда нағыз редактор-селекционер еді. Бір мақаласын, бар болғаны бір ғана мақаласын оқып, мықты журналист, мықты қаламгер болатын жасты тани қоятын.
«Жас Алашқа» бас редактор болып келгеннен кейін Шерағаң осы газеттің Маңғыстау облысындағы тілшісі етіп Фариза Оңғарсынованы, Шымкент облысына тілші етіп Мұхтар Шахановты, Қарағанды облысына тілші етіп Ақселеу Сейдімбекті алды. Бұл – 1963 жыл, бұл кезде Фариза Оңғарсынованы да, Мұхтар Шахановты да, Ақселеу Сейдімбекті де ешкім танымайды. Шерағаң бұлардың бірді-екілі өлеңі мен мақаласын оқып, осындай шешімге келген ғой.
Ал енді Оралхан Бөкейді жұмысқа қалай алғаны жөнінде Шерағаңның өзі айтып беріп еді. Бас редакторға бөлім меңгерушісі Шығыс Қазақстан облысынан жазылған бір мақаланы әкеп бермей ме? Шерағаң оқып шығады. Сөзі – нық, ойы да – мық шегедей. Мақаланың соңына қарайды, авторы – Оралхан Бөкеев. «Редакциядағылар өңдеп, жөндеп жібермеді ме екен?» деген оймен бөлімнен мақаланың түпнұсқасын алдыртады. Жоқ, ешкім жөндемеген де, өңдемеген де. Содан Шерағаң өзінің орынбасарын шақырып алып: «Сен бүгін Катонқарағайға жүріп кет. Мына жігітті алып кел, біз оны жұмысқа қабылдаймыз», – дейді. Талантты тану өз алдына, сол талантты қалай бағалай, қадірлей біледі десеңізші. Қазіргі күнгі бас редакторлар осылай жасар ма еді? Іздемек тұрмақ, қабылдауына келген адаммен ыңыранып әзер сөйлеседі…
ҚазМУ-дың филология факультетінің 5-курс студенті Әбіш Кекілбаевты Шерағаң бірден «Жас Алаштың» сын бөлімінің меңгерушісі етіп жұмысқа алады. Сонда мүйізі қарағайдай сыншылар мен белгілі қаламгерлер Шерағаңның үстінен Орталық Комитетке (ЦК) арыз жазады «…мұрнын сүрте алмай жүрген студентті бөлім меңгерушісі етіп алды» деп.

* * *

Шерағаң өзінің білімді екенін байқата бермейтін. Оған құштар да емес болатын. Жорта білмегенсіп «А, а, солай ма? Мен оны қайдан білейін…» деп қойып отыра береді. Шын мәнінде, Шерағаңның оқымағаны жоқ. Білмейтіні жоқ. Патшалық Ресей Қазақстанды қалай отарлаған? Қайтіп бұтарлаған? XVIII ғасырда, XIX ғасырда жазылған, қазіргі күні де сирек мұрағаттарда, сирек қолжазбалар қорында ғана сақталған осы еңбектердің көшірмелерін өз басым Шерағаңнан сұрап алып оқыдым. Мұндай еңбектердің Қазақстанда аты да, заты да жоқ, Шерағаң кезінде Мәскеуде оқыды ғой, сол кезде қолға түсірген сияқты…
Бұрындары 1932 жылғы аштық туралы еш жерде жазылмайтын, еш жерде айтылмайтын. Осы алапат ашаршылық жөнінде алғаш рет айтқан, нақтырақ айтсақ, ашаршылық жөніндегі поэманы «Қазақ әдебиеті» газетіне алғаш жариялаған да – Шерхан Мұртаза. Халық ақыны Нұрхан Ахметбеков кезінде 1932 жылғы аштық туралы «Күләндам» атты поэма жазған, бірақ еш жерде басылмай қалып қойған. Осы поэманы Шерхан Мұртаза «Қазақ әдебиетінде» жариялады ғой. Бұл 1985 жылы еді.
Ал енді өзгелер білмесе білмеген де шығар, бірақ Шерағаң 1932 жылғы аштық туралы, оның себеп-салдарлары туралы, мұның артында кімдердің тұрғаны жөнінде, осы аштықта қазақ байғұстың шыбындай қырылғаны жөнінде, аштық туралы Тұрар Рысқұловтың Сталинге арнайы хат жазғаны және осыған қосымша тағы да қазақтың бес азаматының Сталинге хат жазғаны («Бесеудің хаты») жайында егжей-тегжейлі білетін. Әрине, мұның бәрі – жабық тақырып, тыйым салынған тақырып, солай бола тұрса да Шерағаң өз бетінше ізденіп, мұның бәрін баяғыдан бес саусағындай біліп, көңіліне әбден тоқып алған-ды. Білген кісі, білімді кісі әманда өзіне-өзі сенімді. Білгендіктен де Шерағаң аштық туралы поэманы жариялады да жіберді.
Шерағаң сонымен қатар түркі халықтарының (қырғыз, өзбек, түрікмен, татар, башқұрт, саха, қарашай, малқар, құмық, ноғай, көкоғыз және т.б.) тарихын, тақылетін, тұрмыс-салтын, тағдырын кәсіби маманнан кем білмейтін. Кезінде Мұстафа Шоқайдың «Түркі халықтары шоқтай боп бірігуі керек. Біз біріксек қана отаршыл Ресейге төтеп бере аламыз. Әйтпесе, Ресей біздің әрқайсымызды жеке-жеке жұтып қояды» дегені, онан кейінгі Тұрар Рысқұловтың «Түркі тілдес түгел бол!» дегені де мәлім. Шерағаң да осыны ұстанды. «1920-1930 жылдар аралығында Қазақстан, Өзбекстан, Башқұртстан, Татарстан, Қырғызстан, Түрікменстанның басшылары мен зиялылары бір-бірімен жиі кездесіп, жиі кеңесіп, жиі араласып тұрған. Қазір осы дәстүр үзіліп қалды» деп қатты өкінетін Шерағаң. Сөз арасында айта кеткен орынды шығар, Шерағаңның түркітілдес халықтардың ішінде достары да көп еді. Татар жазушысы Туфан Минуллинмен жақсы араласты. Шыңғыс Айтматовпен де телефон арқылы ұзақ сөйлесіп, ой бөлісіп отырғанын талай көрдім.
«Егемен Қазақстанның» бас редакторы болып тұрған кезінде Ермұрат Бапиды (Ермұрат та – Шерағаңның шекпенінен шыққан, мектебінен өткен азамат) Башқұртстанға жіберді. «Башқұрт­тар туралы жазып кел!» деп. Ермұраттың башқұрттар туралы мақаласы жарық көргеннен кейін редакциялық жиында Шерағаң: «Біз Башқұртстанның астанасын «Уфа» деп жазамыз. Ал Ермұрат «Өбе» деп жазыпты. Өйткені башқұрттың өздері өз астанасын «Өбе» дейді. «Уфа» дейтінді орыстар шығарған. «Өбе» деген не сөз? Бұл «Оба» деген сөз. Қазақта да «Қособа», «Бесоба» деген жер атаулары бар ғой. Бұл да сол сияқты. Тіпті «Ақмола» дегенің де айналып келгенде осы «оба», «мола», «қорым» дегеннен шыққан….», – деген-ді.
Ермұрат Бапиден кейін мені жіберді. Өзбекстанға. Шерағаң «Қазақ әдебиеті» газетінде жүргенде де мені Өзбекстанға екі рет жіберген-ді.
Біз көршілес тұрсақ та, өзбек халқын әлі жете білмейміз. Өзбектер – тек түркі мәдениетін ғана емес, сонымен бірге бойларына қалалық өркениетті, әсіресе «мәхалла мәдениетін», Шығыс өркениетін, мұсылман өркениетін мейлінше сіңірген халық. Содан да болар, өзбектер қазақтарға қарағанда әлдеқайда еңбекқор, әлдеқайда ұйымшыл. Біз сияқты өзгелерге еліктеп-солықтауға да құмар емес. Уақытша науқандарға да бой алдырмайды. Бірін-бірі күндемейді, бірін-бірі етектен тартып, біріне-бірі ор қазбайды… Шерағаң да «өзбектердің біз үйренуге лайықты жақсы халықтық қасиеттерін, ұлттық үлгі-өнегелерін жазып кел!» деп тапсырма береді.
Шерағаң «Егемен Қазақстан» газетінің бас редакторы, онан кейін «Қазақстан» телерадиокорпорациясының президенті кезінде Өзбекстанда тілші ұстауға тырысты. Жалпы түркітілдес мемлекеттерінің бәрінде меншікті тілші ұстауға барын салды. Бірақ жоғары жақты көндіре алмады, олар «қаржы жоқ…» деп безеріп отырып алды.

* * *

Тегiнде бар, топырағында бар, санасында бар азамат азбайды, һәм айнымайды (дүниенi бүлдiретiндер де – тегiнде жоқ тексiздер мен топырақсыздар ғой). Бүкiл күш-жiгерiн, бiлiмi мен бiлiгiн, керек десеңiз, ақшасын да, басқасын да ұлтын өрге сүйреу үшiн жұмсайды. Мұндай азаматтар – ұлтының ырысы, елiнiң құты. Шерағаң да осындай ұлтқа – ырыс, елге – құт бола бiлген сиректер мен iрiлердiң сойынан еді.
Шерағаңның ұлтқа сiңiрген еңбегi ұшан-теңiз. Өз басым Шерағаңның азамат­тық биiктiгiн тек Алаш қайраткерлерiмен (А.Байтұрсынұлы, Ж.Аймауытов, Т.Жүргенов және т.б.) ғана салыстырар едiм. Одан төмендесек, Шерағаңа обал болар едi. Өзiне емес, әрине. Еткен еңбегiне. Төккен терiне. Мемлекетшiлдiгiне. Мектебiне. Ұстаздығына. Көшбасшылығына. Iрiлiгiне. Азат мiнезi мен бостан рухына. Тағлымына. Өнегесiне. Отаншылдығына. Ең бастысы, күрескерлiгiне!

Әмірхан МЕҢДЕКЕ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір