МҰРАТТЫҢ МҰРАТЫ
15.01.2016
1384
0
824243_998092067___________Жас кезімізден бірге жүріп, сырлас  бол­ған, ойнап-күліп, талай-талай қызықты шақ­­­тарды бірге өткізген досың туралы, енді бү­гін, өткен шақта сөйлеу өте қиын, өте ауыр! Бірақ амал қанша! Бақиға оз­ған­дардың зар сөзі деп “тірілермен тіріміз” де­генді айтып та, жазып та жүрген – біз­дер­міз. Фәниліктерміз! Ендеше, менің Мұ­рат до­сым да мына біздер жер басып жүрген шақ­та – тірі, жанымызда, жүрегімізде!
Ойлайсың! Ойға қаласың! Осынау жа­рық дүние қас-қағым сәт екенін еске ала­сың. Өткіншілігін ойлағанда көкірегің қарс ай­рылады.
Оның тағдыры бұлайша ерте түйінделер деп кім ойлаған?!
…Әлі есімде! 1996 жылдың орта шені бо­латын. Жұмыстағы телефоным безілдеп қоя берді. Көтердім. Арғы жағынан Мұрат до­сымның қоңыр үні естілді. Сол баяғы үн! Жай­дары. Жағымды.
– Қал қалай, Жолтай? Қаладасың ба?
– Әрине.
– Ешқайда жол жүргелі жатқан жоқсың ба?
– Жоқ, жұмыста болам. Қайда кетуші ем!
– Ендеше, күте бер. Екі күннен соң мен де Алматыға шаң берем.
– Е, не боп қалды? – деппін түкке түсіне ал­май.
– Оу, сен де қызықсың? Жазушылардың бас жиыны өткелі жатқан жоқ па! Соған ша­­қырту алдым. Облыс әкіміне кіріп, рұқсат сұ­рап қойдым. Құдай қаласа, екеуміз жүз­десеміз. Әй, бір баяғы студенттік күндерді еске түсіріп, бой жазайықшы. Әңгімелеріңді сағындым…
– Жазушылар жиынына келетінің  дұрыс бо­лыпты. Мен де қатысам ғой. Өзіңді асыға кү­­тем. Қалған әңгімені келген соң айта жа­тар­­мыз.
Бұл – онымен соңғы сөйлесуім екенін ол шақта қайдан білейін.
Екеуміз сөйлескеннен кейін екі түн өт­кен соң, Мұрат досым Тараздан Алматыға жеңіл көлікпен келе жатып, жол апатынан көз жұмды.
Менің төбемнен жай түскендей болған. Еш сене алар емеспін. Күні кеше ғана телефон арқылы сөйлесіп, емен-жарқын әңгіме ай­тып, кездесер күнімізді де белгілеп қой­ған едік. Ал енді… сол аңқылдаған, ақжүрек досым мына фәниде жоқ дегенге қалай сенерсің?
Сенбедім. Көпке дейін сене алмай жүр­дім…
* * *
Содан бері де, міне, 20 жылға жуық уа­қыт зу етіп өте шығыпты. Уақыт деген осы! Сынаптай сырғиды-ау, тәйірі…
Оның  мінезі өте жайдары болды. Еш­кімді жау санаған жоқ. Ешкіммен жаға жыртысып, ұрыс-керіске барған емес. Міне, осындай жұмсақ-жайлы  мінезінің  арқа­сын­да қызмет баспалдақтарында да жолы ашыла түсті. Ең соңғы жұмыс орны – Жамбыл облысы әкімінің баспасөз хатшысы болатын-ды.
Ол  тірі  болғанда қызметтік лауазы­мының бір­шама биігіне көтеріліп, қаламдас дос­тарға ақ ниетпен қамқор қолын созып жүр­ген болар ма еді, қайтер еді!
Ол тірі болғанда мына біздерге мүлтіксіз қыз­мет істеудің әдемі де үйлесімді үлгісін көр­сетіп, бағыт-бағдар беріп отырар ма еді, қай­тер еді…
Ол тірі болғанда, әсіресе, қаншама тамаша туындылар жазып, әдебиетке қомақты ол­жа салып, оқырмандарын қайта-қайта таңқалдыра берер ме еді, қайтер еді!
Ол тірі болғанда…
Иә, ол тірі болса, мен де тап бүгін бұлай­ша зіл батпан ойға ерік беріп, санам сан-саққа  жүгіріп отырып, осындай жан ауыртар жолдарды жазар ма ем, қайтер ем?..
Мұрат-дос біздің айрандай ұйыған тату то­бымызға бір жылдан соң, екінші курс­та келіп қосылды. Сырттай оқып жүреді екен. Ұмытпасам, Серік Пірназар екеуі тобымызды толықтырды. Келген күннен бастап-ақ емен-жарқын араласып, тіпті жақын дос бо­лып кеттік. Екеуі де ашық, ақжарқын.  Дос құ­шағыңды  ашсаң, “бұл қалай” деп ойланып тұр­майды. “Достық пейілге әрқашан разымыз” десіп, өзіңді өзіне  ыстық ниетімен тарта түседі. Жақындастырып бағады.
Бірде… лекциядан соң Мұрат мені оңа­шалай беріп:
– Әңгіме жазушы ем… – дегені.
– Қандай әңгіме?
– Балаларға арналған әңгімелер. Со­лар­ды әуелі өзіңе көрсетіп, пікіріңді біліп ал­сам деген ойым бар.
– Онда оқиық. Көрейік, қане!
Екеуміз парк ішіндегі скамейкада отырып алып, қып-қысқа екі әңгімесін оқып тас­тадық. О, шып-шымыр! Ойлары терең, тілі жатық. Айтары салмақты. Дап-дайын әңгімелер.
– Мынаны “Қазақстан пионері” газетіне бер­сек қайтеді?
– Әзірше қоя тұрайын. Шикілігі бар сияқ­ты. Қайта қарасам деймін.
Қысқасы, Мұрат-достың шағын дү­ние­лері­ келер жылдан бастап пионер газетіне де, жастар газетіне де дүркін-дүркін жариялана бастаған. Әңгімелері ауызға ілінді. Өзі­нің жазушы бола алатынын әп дегеннен-ақ дәлелдеді. Шегелей түсті.
Сөйтіп жүргенде  университеттегі оқуды да аяқтадық. Диплом алдық. Мен Қызы­лор­даға, ол өзінің Таразына жол тартты.
Арада екі-үш жыл өткенде оның баспадан “Әйбат бала” деген алғашқы әңгімелер жинағы басылып шықты. Бір кездескенімізде маған қолтаңба жазып, сыйлап тұрып:
– Өзің әнебір жылы мақтаған екі әңгіме де осының ішінде, – деп жымия күлгені әлі есім­де.
Тұңғыш кітаптың қаламгер адам үшін қуа­нышы қандай! Шаттығы қандай! Досым­ның сол шақтағы бал-бұл жанған түр-түсі осы күнге дейін ұмытылмайды. Әрдайым есі­ме түсіріп қоямын. Оны сағынған сәт­тер­де…
Мұрат қай тақырыпқа болмасын жылы жа­затын, тауып жазатын, төгілдіріп жазатын. Тапқыр, байқампаз қаламгер еді. Ба­лалардың тілін шебер меңгергені соншалық, әңгімелерін оқып отырғанда өзің де сонау алыста қалған бала күндерге еріксіз саяхат жасап кете баратынсың.
– Сен осы Бердібек Соқпақбаев сияқ­ты­сың, – дедім бір жолы. – Жазуың ұқсаң­қы­райды.
Ол басын алып қашты.
– Айтасың-ау! – деді қипақтай сөйлеп. – Соқ­пақбаев қайда, біз қайда! Ол кісі балалар әдебиетінің классигі емес пе!
Балалар тақырыбынан бастаған ол ке­ле-келе тамаша, ойлы, терең көптеген әңгі­ме-повестер жазып тастады. Менің аузыма біртуар қаламгеріміз Б.Соқпақбаев бекер түс­пеген болар, расында да Мұраттың көр­кем туындылары жылдан-жылға барынша та­н­ылып, елдің құлағын елеңдете бас­та­ған.
Бір жолы “Жалын” баспасының жабық бәй­гесінде жазушы Мұрат Сыздықовтың “Кү­міс сақал арыстан” деген повесі жүлделі орынды иеленді. Телефон шаламын. Құт­тық­таймын.
– Міне, қаламгерлігіңді  мойындады де­ген осы! – деймін алқына сөйлеп. Ол – Таразда, мен – Қызылордада. Сонда Мұрат:
– Әй, бізді толық мәніндегі жазушы деп та­нығанша әлі қанша уақыт керек. Жүр ғой бес-алты кітап шығарса да осы күнге дейін ел аузына ілінбеген талай аға буын қалам­герлер.., – дейді.
– Сен бәйге алдың! Жүлдегерсің! Ол аз ба?
– Мықтылықты мойындатуға бәйге алу аз. Ең бастысы – ел кітабыңды іздеп жүріп оқы­са, сол жетістік! Сол – танылудың ба­сы…
Ол кезде Мұраттың бұл сөзіне аса мән бер­меген екем.
Осы күні ойлаймын ғой. Рас, бәйгеден озып келу – ол алғашқы баспалдақ. Енді ар­­­тыңда қара орман оқырман тұр. Олар не дейді? Қабылдай ма жазғаныңды? Мақтай ма шығармаңды? Міне, бар түйткіл сонда.
* * *
Мұрат досым көзі тірісінде бірнеше кі­тап шығарды. Жазушылар одағының мүшесі болды. Әр кітабы жарыққа шыға сала әдеби ортада жап-жақсы бағаланып, ерекше аталып та жататын. Алайда, өзінің жаз­ған­дары­на барынша көңілі толмай жүретін бір жазу­шы болса – ол осы Мұрат. Өзі үнемі із­деніс үстінде. Талмай ізденетін. Табандап жа­за беретін.
Тағы бір жақсы қасиеті – бірге жүрген қа­тар­ластарына  ілтипатпен  қарап, жазған-сыз­ғандарын көп оқитын. Пікірін де ашық білдіре білетін. Көңілінде кірі жоқ жандар ға­на барлық уақытта солай. Онымен әде­биет жайлы пікірлесу аса қызғылықты. Тар­­­тымды әңгіме өзінен-өзі  өрбіп жүре бе­ре­тін-ді. Таусылмайтын. Жалғаса түсетін.
– Студенттік өмір туралы көлемді роман жа­зып жүрмін, – дедім бір жолы оған өз құ­пиямды ашып. – Ауыр жазылып жатыр. Қа­ламым жүретін емес.
Ол айтты:
– Студенттік өмір туралы ескі, таптаурын әдіспен жазу қазір ешкімге де керек емес. Бүгінгі жастар – мүлде басқаша ой­лай­тын ұрпақ. Ойы ояу ұрпақ! Олардың ойы­мен қанаттаса, жарыса отырып жаз­басаң, босқа арамтер болғаның!  Өзің  ойланып көр…
Алдын-ала айтқан пікірі осы.
Онсыз да кібіртіктеп, жазыла көсіліп ке­те алмай жүрген маған бұл пікір тағы да ой салды. Жастар нені оқиды, қалай баян­дағаным оңтайлы, қайтсем оларды өзіме тар­та алам – күндіз-түні осы ойдан шыға ал­май, әбден сілеледім. Роман жарты жолда тоқтап қалды. Әрі қарай жүрмеді. Бәрін де қайтадан, басынан бастап жазсам ба екен деп қиялдап қоям.
Қысқасы, жастар туралы романы­ма “Оянған ұрпақ” деп бадырайтып ат қоюыма Мұрат Сыздықов досымның бір ауыз сөзі себеп болған-ды.
Роман жарыққа шыққан сәттен бастап Мұ­ратты іздедім…
Көп іздедім оны…
* * *
Мұрат Сыздықов өзінің қысқа ғұмырын­да бірқатар жауапты қызметтерге қол жет­кізіп қана қойған жоқ, жақсы жар, өнегелі әке де атанды. Райхандай асыл жар сүйіп, ұл-қызды дүниеге әкелді. Оларға өз өмірімен де үлгі көрсете білетін өнегелі жолы, өске­лең талабы да бар болатын. Бірақ сол пен­делік бақыттың тәтті дәмін ұзақ тата алма­ғаны өкінішті-ақ!
Қаламгерлігіне келер болсақ – әлбетте, үл­гергенінен үлгермегені көп. Тым қысқа қайырылған ән сияқты…
Мұрат-достың тағы бір елеулі қыры – өмір­ге өте құштар жан-ды. Үнемі алға ұмты­лып, жаңа істің бастауында болуға талпынып жүретін.
“Біз екеуміз өзімізге дейінгі жазарман­дарға ұқсамай, мүлде бөлек, жаңаша жа­зайық­шы”, – дейтін Мұрат.
“Сөйтсек сөйтейік” дейтінмін мен де оған ілесе. “Бірақ, қалай жазармыз? Қайт­сек, басқаға ұқсамаймыз, а?”.
“Міне, мәселе сонда!” дейтін Мұрат. “Кім­нің жаңа леппен, бөлек бүлкілмен жаз­ғы­сы келмей жүр дейсің! Ол енді ұза-а-қ із­де­ністі, талмай еңбектенуді талап етеді…”.
Ол әдебиетке ғашық еді. Табиғаты жазу­шы болып туған жан десек те артық емес. Ішкі әлемі, бүкіл болмысы көркем шығарма сияқты сыңғырлап, бөлекше сыр айтып тұра­тын. Нағыз жазатын, өзін-өзі көрсететін жас­та көз жұмғаны өзек өртейді.
* * *
…Ол тірі болғанда бүгінгі қазақ  әдебиеті дейтін  қара орманның қақ  ортасында дара шынардай болып бой көрсетіп, сізбен бізді таңқалдырар қаншама көркем дүниелер берген болар еді-ау дейсің іштей күрсі­ніп!..
Жолтай ЖҰМАТ-ӘЛМАШҰЛЫ,
жазушы-драматург.
Астана.
ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір