КАППАДОКИЯ ЕРТЕГІСІ (пьеса)
27.09.2022
407
0

Есенғали Раушанов – әдебиеттегі барлық жанрға қалам тартқан бірегей тұлға. Өлеңдері өз алдына, оның прозасы да оқырман жүрегінің төрінен орын алды. Эсселері қандай еді!.. Публицистикасы қандай еді!.. Заманауи ой толғай отырып, кесек-кесек мақалалар жазды. Қаламгер қалам тербеген тағы бір сала – драматургия. Драматург ретінде аса көп көрінбегенімен, «Айша бибісі» сахналарда көрермен көзайымына айналды. Ұрпақтарының табыстауымен ақынның еш жерде жарияланбаған тағы бір пьесасы – «Каппадокия ертегісінің» толық нұсқасын оқырман назарына ұсынып отырмыз.

Каппадокия – Кіші Азиядағы миллиондаған жылдар бұрын жанартаулар жарылысы мен лавалар тасқыны нәтижесінде пайда болған сүйір бас таулар мен сопақ құздар мекені. Қызық рельефті бұл аймақты ежелден адамдар мекендеген. Туф таулар мен бор тастарды қашап, үңгіп жасаған үйшіктер мен үңгірлер әлі дe сақталған. Бұл жерге қаншама халық келіп, қаншама жұрт кеткенін ешкім де білмейді. Біздің ертегіміз – сондай бір халық туралы.
бірінші көрініс
Каппадокия тауларының арасы. Қан майдан, ұлы қырғын ұрыс даласы. Ызы- қиқы, қым-қуыт. Бақайшағына дейін қаруланған дұшпан әскері қарусыз қолды тау шатқалына тықсырып келеді. Сарт та сұрт қылыш, екі топтың бір-біріне қарсы лақтырған найзалары, зырқырай ұшқан жебелер бала-шаға, қатын-қалаш демей баудай түсіріп жатыр.
Арыстандай арпалысқан қарусыз топтың қолбасшысы Батырдың айқайы естіледі. Жанында әлеңкедей жаланған жігіттер, жан аямай қарсыласуда.
– Жігіттер, қатын-қалаш пен шал-шау­қанды арқаға өткізіп жіберелік, бала-шағаны алып ана таудың тасасына бекінсін. (Үрейі ұшқан шал-кемпірлерге қарап) Құламаның арғы бетінде өрге тартқан жалғыз аяқ жол бар, арқан бойы көтерілсеңдер, қамшылар жақта тасты кеулеп салған үңгірді көресіңдер, соған тығылыңдар. Біз қаша ұрыс сап, із тастап жауды басқа жаққа алып кетеміз. Қорықпаңдар!
Шырқырай жылаған бала-шағаның бірін көтеріп, бірін жетелеген әйелдер мен кемпір-шалдар құзды айналып, теппешекпен жоғары көтеріліп бара жатады. Батыр бастаған жау жүрек жігіттердің ұрандата айқасқан дауыстары барған сайын өктем шыға бастайды. Жауды енді бұлар тықсыра бастаған сыңайлы. Бір сәт қашқан қолдың ат дүбірі естіледі.
…Жігіттер бағанағы өрме жолмен жоғары көтеріліп, таудың кеуегіне тығылып отырған отбасыларымен қауышып, мәре-сәре боп жатыр. Біреу жарасын таңып, енді біреулер сәбилерін еркелетіп мәз болуда.
Ымырт. Жұлдыздар жымыңдайды. Батыр ортада. Жарасын ауырсынатын секілді. Жарақатын таңып отырған кемпір үнсіз жылайды. Шалы зекіп кемпірді тиып тастайды да, жұртқа қарап дауысын көтереді:
– Жә, шуламаңдар түге, Батыр көз шырымын алсын!
Сол-ақ екен жұрт жым болады. Сәлден соң батырдың әлемтапырақ қорылы естіледі. Оған Шалдың сары майдан қыл суырғандай жіңішке қорылы қосылады. Маңай тып-тыныш. Жастар жағы қос қорылға тұншыға күледі. Ыммен сөйлеседі. Сыртқа шықпақ боп мысық табандап есікке беттеген сәт бағанағы Шал кекжең етіп басын көтеріп алады да, қайта айқайлайды:
Шал: Әй, қайда барасыңдар, кетеген ешкіге ұқсап. Шошаңдамай тыныш отырыңдар. Жау жоқ деме, жар астында, бөрі жоқ деме, бөрік астында. Бағанағы қанды қол қарақшылардың бізді аңдып жүрмегеніне кім кепіл. Қырып салсын демесеңдер шыжбақтамай жатыңдар түге. Таңның атысын күтелік.
Әйелдер шалды қостап, қыздарына ұрса бастайды:
Кемпір: Сен, секеңдеген сайтан, не жамандық бастағалы тұрсың. Қырылғанымыз аз ба еді-әй, жауға мінгескір жаман қар. Отыр омалып, ешқайда да бармайсың.
Бұған арқаланған шал қолындағы сапалақ қамшымен бозбаланың жон арқасын осып жіберіп:
Шал: Әй, текешік, сен ғой мына шыбыштарды еліктіріп, желіктіріп далаға бастағалы тұрған, а?! Кел бері, аяғымды уқала!
Бозбала тілін шығарып күледі де, амалсыз шалдың аяғын уқалай бастайды. Шалды мазақ қып бір қолындағы кездікпен жарды шұқып отыр. Кенет жардың шеті омырыла құлап, ошақтай жер пайда балады. Бозбала таңғалып тұрады да, найзаның ұшымен үңгіп, қылышпен қашап, одан әрі қазады. Оған бағанағы қыз қосылып, жәрдем бере бастайды. Сөйтіп, екеуі әп сәтте екі адам сиярдай төсек орын дайындап алады. Бозбала қалғып мүлгіп отырған шалға қарап:
Бозбала жігіт: Мынау бор тас екен, қазуға оңай көрінеді. Ертең жоғарыдан өзіме бөлек үй қазып алсам қалай болады, ата?
Шал: Қайдағыны шығармай жайыңа отыр. Тау құлап тастың астында имансыз өлерміз. Тиме ештеңеге. Тыныштық жақпайтын не деген адамсың. Нағашыларына тартқан желікбас! Жатыры жаман.
Сөйткенше болмай сырттан бағанағы қашқан жаудың дауыстары қайта естіле бастайды, қайтып келген сыңайлы. Дабыр-дұбыр, айқай-шу, пысқырған ат дауысы, үзеңгі қағысып қатар шапқан сардарлар тау ішін жаңғыртып, бұларды іздеп жүр:
Дұшпандардың дауысы:
– Қайда құрып кетті? Қолыма бір түссе ғой, шіркін, қанын уыстап ішермін.
– Қынадай қырамыз! Қапыда қалдық қой, кек аламыз!
– Ешқайда да кеткен жоқ, осында бір жерде тығылып жатыр.
– Іздемеген жеріміз жоқ.
– Дұрыстап іздеңдер. Табыңдар.
– Қайдан табамыз, жоқ қой.
– Ең болмаса ізі де жоқ.
– Жер жұтып кетті ме иттерді, жоқ көкке ұшып кетті ме?
– Оттама, олар осы маңда. Әр бұтаның түбін тінтіңдер.
Үңгірде тығылып отырған халықтың зәре-құты жоқ. Әйелдер сәбилерін бауырына басып, жылатпай, дауыстарын шығармай аузын басып отыр. Қариялар құдайға жалбарынып, жігіттер қару-жарақтарын асынып, сақадай сай тұр. Тек Батыр ғана қалың ұйқыда. Оны оятуға ешкімнің дәті бармасы анық. Бағанағы шал жігіттерге қарап ышқына сыбырлайды:
Шал: Тыныш! Батырсыз сендер не бітіре алушы едіңдер, тәйірі. Өткінші жаңбыр өте шығады, ақымақ жау алысқа бармайды, қазір құтырып-құтырып кері қайтып кетеді. Әліптің артын бағалық.
Жігіт намыстанып есікке ұмтылғанда бағанағы кемпір көлденең жатып алады.
Кемпір: Менің өлігімді аттап кет! Біріңнен өлі айрылдық, енді біріңнен тірі айрылар жағдайымыз жоқ. Ертең о дүниеге барғанда әкелеріңе не дейміз, ер-азаматтарды аман сақтай алмадыңдар ма десе не айтамыз? Тыныштық керек, сабыр балам, сабыр!
Жігіт бір орнында шырқ айналып, аласұрып жүр:
Батыр жігіт: Неге боқтайды олар, қатындарға ұқсап неге шабалаңдайды, еркек болса жекпе-жекке шықпай ма?
Сол мезет төменде құтырынып жүрген дұшпанның бірі айқай салады.
Дұшпандардың дауысы: Қатын болмасаңдар біреуің жекпе-жекке шығыңдар! Қатын болсаңдар, тығылып жата беріңдер! Қатындармен айқасу ата-салтымызда жоқ.
Жігіт қылышын суырып алып үңгірдің есігіне ұмтылады.
Батыр жігіт: Жекпе-жек!
Кемпір сүріне-қабына кеп жігіттің аузын басады, шал үстіне құлайды, қоршап тұрғандарға: «Әй, нағып тұрсыңдар, сексиіп, жіп әкеліңдер, мынаны байлап тастамасақ, бәріміздің ажалымызға осы жетеді» деп ышқына сыбырлайды. Жұрт әп-сәтте жігітті байлап, матап, кескен томардай дөңгелетіп бір бұрышқа тастай салады.
Төменнен алыстап бара жатқан ауыр қолдың дүбірі естіледі. Бір-біріне қарқылдай күліп, мәз боп, сөйлеп барады.
Дұшпандардың дауысы: Қатын екен ғой бұлар шетінен. Ең болмаса біреуі шықпады ғой.
Осы сәт байлауда жатқан жігіт босанып, жатқан жеріне киімдерін үйеді де, іш киіммен шығып үңгірден төмен секіріп түседі. Қандастары байқамай да қалады.
Тас қараңғыда ақ дамбал, ақ көйлекпен ағараңдап жүгіріп келе жатқан мұны көрген дұшпан қолы қалт тұра қалады. Үрке қашқан ат, үрей билеген жігіттер. Ошарылып тұра қалып, сәлден соң желе жортып сайға құлдай бастайды. Әуелі аяңнан шоқыраққа көшіп, содан соң желе жортып, соңында шауып барады, қорқақтап сөйлеп барады:
– Мынау не пәле?
– Осы тауларда түнде сайтан жүреді деуші еді, сол болмаса не етті?
– Сайтан емес, жын бар дейтін.
– Бәрібір емес пе?
– Жоқ, сайтан басқа, жын басқа.
– Көзіңмен көргендей сөйлейсің ғой, тегі.
– Мүмкін албасты болар. Албасты түнде кеп басады деуші еді ғой.
– Қайдам, өз басым сенен басқа албасты көріп тұрғам жоқ.
– Ой, қырт-ай, өлгелі жатсаң да жұрт­ты шағып өлесің ғой сен.
– Жоқ, бұл әуел бастан перілер мекені демейтін бе еді?
– Түнде аспанына да перілер мен жындар қосылып ұшып, төменге тас жаудырғанын көргендер бар.
– Адамға ұқсайды ғой?
– Жоқ, ұқсамайды.
– Сайтанның қолына түссең етіңді бөлек, сүйегіңді бөлек сыпырып алып қазанға сап қайнатып жейді деуші еді.
– Қап, әттеген, қатынның айтқанын тыңдамағанымды-ай, «осы жолы бармай ақ қой, ішім бір пәлені сезіп тұр» деп еді.
– Ой, сенің қатының аузын басса арты сөйлейтін бәдік емес пе, айта береді.
– Қашалық, ойбай?
– Жоқ, мен қашпаймын. Күтемін. Сендер қорықсаңдар қашыңдар. Мен қашпаймын.
Жау жақтың батыры қалып, қалғандары тауды тасалап қаша жөнеледі.
Жігіт жүгіріп кеп, жау батырының басын шауып түсіреді. Кесілген басты тұлымынан ұстаған күйі қалың қолдың соңынан жүгіреді. Үрей билеген дұшпан қолы желе жортып сөйлеп барады. Ешкімнің артына қарағысы жоқ. Бәрі асығыс:
– Қараңдар-ей, сайтан екені рас болды. Ойбай, анау байғұстың басын шауып алып, миын шашып жеп келеді.
– Сақтай гөр, не дейді?
– Көрген көзде жазық жоқ.
– Қаш, ойбай!..
– Қашқанымыз ұят емес пе?
– Мен қашсам, жаудан емес сайтаннан қашамын.
– Соны айтам да, мен де дұшпаннан емес, албастыдан қорқам. Екеуі екі басқа нәрсе мұның. Дұшпаннан қашар қорқағың мен емес.
– Құрысын, кетелік.
Қашқан жауға жете алмай, ентігіп қалған батыр жігіт қыр басында отырып- отырып кері қайтады.
Қайтып келгенде қандастары бұған есік ашпайды. Бәрі үрейлі. Батыр жігіт айқай салады.
Батыр жігіт: Бұл мен ғой, есікті ашсаңдаршы, жау кетті. Қорықпаңдар, міне, біреуінің басын алып келдім. Неге сонша су жүрексіңдер? (ешкім жауап бермейді) Дұшпан енді келмейді. Сыртқа шығыңдар. Бұл менмін, немене, танымай тұрсыңдар ма? Батыр аға, батыр аға, мыналарға айтыңызшы, бұл мен ғой. Ояныңызшы ұйқыдан.
Үңгірден үрейлі дауыстар естіледі:
– Біз сені танымаймыз.
– Әй, не оттап тұрсыңдар! Өңшең қоян жүрек қорқақтар! Ай мен күннің аманында мені танымай не қара басты сендерді?!. Ашыңдар есікті, шөлдедім. Қаным кеуіп барады. Бір жұтым су беріңдер.
– Біз сені танымаймыз. Күндіз кел. Түнде ешкімге есік ашпаймыз. Жөніңе кет, шырағым. Бала-шаға бар, қорқады.
– Ашпайсыңдар ма?
– Ашпаймыз.
– Ашпайсыңдар ғой?..
– Жоқ!
– Ендеше, менің де сендердей туыстарым жоқ. Кеттім.
– Сөйте ғой, қалқам. Кеткенің жөн. Біз бір мүсәпір елміз. Түнде кеп бала-шаға, шал-шауқан, қатын-қалашты қорқытпа, шырағым.
– Солай ма? Кеттім. Енді мені көрмейсіңдер.
Батыр жігіт қараңғыға сіңіп көрінбей кетеді.
***
Сол үңгір. Сол халық. Арада талай уақыт өткен. Ел демін ішінен алып ақырын сөйлеседі. Шетте ақ киіздің үстінде Батыр ұйықтап жатыр. Оянатын емес. Ешкім оның бар-жоғын елемейтін секілді. Бір-екі күнде Шал кеп Батырдың өсіп кеткен тырнағын, шашын алып тұрады.
Жас қыз бен бозбала жігіт ояу.
Қыз: Түу, тұншығып өлетін болдық қой, не деген қапырық.
Бозбала жігіт: (кездігімен бор тасты үңги қазып үйшік жасап отыр) Соны айтып ешкімге тыңдата алмадым ғой, тегі. Неменеге түнде ғана ұшатын байғұзға ұқсап үңгірге тығылып отырмыз осы? Жүрші, серуендеп қайталық.
Қыз: Түнде бұл тауда сайтандар жүреді дейді ғой, қорқамын.
Бозбала жігіт: Сайтан тұрмақ, дәнеңе де жоқ. Шалдың бос сандырағы ғой.
Қыз: Жарайды, ендеше, есіктің аузынан ұзамай кішкене жүріп келейік. Сен маған уәде бер, тиіспейсің ғой.
Бозбала жігіт: Тиіспеймін. Жәй, ақырын ғана құшақтайыншы.
Қыз: Кет әрмен. Білем мен сенің «ақырынғанаңның» аяғын.
(кемпір жөткірінеді)
Кемпір: Ақырыны не, қаттысы не, бәрібір оның. Сенбе еркекке. Жатыңдар, болды енді.
Жігіт қазған үстіне қазып, үңгірін кеңейте түседі де, қызды жанына шақырады. Қыз жігіттің құшағынан сытылып шығып кете береді.
Қыз: Үлкендерден бата алмай қасыңа жатпаймын.
Бозбала жігіт: Бата беретін үлкенді көрмей тұрмын. Бері таман келші өзің. Маған сенен басқа ешкімнің де керегі жоқ деп айтпадым ба, сенбейсің бе маған?
Қыз: Ер өліп, Есіл бұзылып жатқанда сен не айтып тұрсың?
Бозбала жігіт: Дүние өртеніп кетсе де сен менікісің, кел бері.
Жігіт қыздың қолынан ұстап тартып қалады, қыз жігіттің үстіне құлайды.
Қыз: Түу, тұншығып кеттім. (Сыбырлайды) Босатшы. Жібер дедім ғой саған. Не деген қапырақ мына жер?!
Кемпір (қайтадан жөткірінеді де, оянып кетіп аунап түседі): Тыныш жат, әй, қыз. Ата-бабаңда ауа жетпей өлген адамның моласын көрген жоқпыз. Есік-терезені өлсеңдер де ашпаймыз. Дұшпан кетсін, сосын шығамыз. Қырып кетеді қынадай.
Сөйткенше, сырттан сықырлаған ескі арбаның дауысы, сиырдың мөңірегені, жылқының кісінегені, ботаның боздағаны, қой-ешкінің маңырағаны естіледі. Жұрт ортада маздаған отты өшіріп, шамды сөндіріп етек-жеңін жинап, бір бұрышқа тығыла қалады.
Шал: Сақтай гөр, баяғы дұшпан қайтып келмесе не етті?!
Кемпір: «Қайта шапқан жау жаман» деген.
Тағы бір мосқол кісінің дауысы: Әліптің артын бағалық, бәлкім, біздің мұнда екенімізді сезбей өтіп кетер.
Шал: Әй, қайдам-ау, аңдыған жау алмай қоймас, ата дұшпан қанжығасын қандамай неге кетсін?
Тағы бір шалдың дауысы: Әдейі іздеп келген болды ғой.
Кемпір: (шалына) Мен сен қақбасқа түн жамылып көрші тауға көшіп алалық деп қанша айттым, өз дегені болмаса өзгенің тілін алмайтын қырсық неме, ал не болды енді, бекер қырылатын болдық.
Жігіт таудың тесігінен сығалайды:
Бозбала жігіт: Мынау бір кеш келе жатқан керуенге ұқсайды, біздің тауды тасалап қонып жатыр. Сән-салтанаты ерекше екен.
Қыз: Жақындап барып көрсек қайтеді, не қызығы бар екен?
Бозбала жігіт: Әжең мен атаң басымызға әңгір таяқ орнатпай ма?
Қыз: Олар ұзамай ауыздары аңқиып ұйықтайды.
Бозбала жігіт: (сайқымазақтанып) Қалай сонда?
Қыз: (ол да сайқымазаққа салады) Міне, былай (аузын ашып, ұйықтап жатқан кемпірді салады. Екеуі мәз боп күледі).
Кемпір: Бұл қайсың-әй, екі кештің арасында жыртақтап жүрген, а?
Қыз (жігітке сыбырлап, асығыс қоштаса бастайды. Жігіт жібермейді). Жайлы жатып, жақсы түс көргейсің.
Бозбала жігіт: Түсімде тек сені ғана көремін.
Қыз: Жіберші.
Бозбала жігіт: Сол түс өңіме қашан айналар екен, жаным?
Қыз: Әжем мен атам біледі.
Бозбала жігіт: Өй, қойшы, қайдағыны айтпай. Ол екеуіне салсақ, өмірбақи бойдақ өтеміз.
Қыз: Әжем айтпаса ештеңе де болмайды. Атамның қарғысы жаман, тура жер қаптырады.
Бозбала жігіт: Өтірікке қашанғы сене береміз. Сен ойлағандай ғаламат адамдар емес олар, кәдімгі қартайған, шаршаған, азды-көпті беделінен айрылғысы келмейтін ескінің қатты кісілері, басқа түгі де жоқ. Сен мені ерегестірме, жыныма тие берсең бір түнде аламын да қашамын.
Қыз: Қайда?
Бозбала жігіт: Төмендегі елге. Баяғы бізден кеткен батыр өлген жоқ қой.
Қыз: Сол батырды көргім келеді.
Бозбала жігіт: Менің құшағымда тұрып басқа жігітті айтқаның қалай?
Қыз: Мен сенің ешкімің де емеспін әлі. Әжем мен атам қалай айтса, солай болады. Ал батырды көргім келеді дегенім, көргім келеді дегенім, басқа ештеңе емес.
Бозбала жігіт: Шыныңды айтшы, сен мені сүйесің бе?
Қыз: Мен әжем мен атамды сүйемін. Олар – құдіретті, қаһары күшті адамдар.
Бозбала жігіт: Түк те олай емес. Мен саған оны дәлелдеймін.
Қыз: Сенің дәлеліңнің де, өзіңнің де керегің жоқ, ұқтың ба?
Өлі тыныштық. Шал мен кемпір бәрін естіп жатқан секілді. Бірақ сыр бермейді.
Кемпір: Шектен шығып бара ма-ау?
Шал: Естіп жатырсың ғой.
Кемпір: (қызға) Жат-әй, дүзіқара, ойнасаңдар да біраз жерге шаптыңдар ғой.
Шал: (әрі аунап түсіп) Көрдей қараңғы деген осы екен ау, ә?!
Кемпір: Көрді аңсасаң, барасың, асықпа.
Шал: Жоқ, әуелі сен кетуің керек қой.
Кемпір: Неге мен кетуім керек екен?
Шал: Сен менен үш жас екі ай тоғыз күн үлкенсің ғой.
Кемпір: Оны саған кім айтты?
Шал: Шешең айтқан. Үйленетін жылы ше, ой, құда түсіп барғанымызда ше?
Кемпір: О, аңқау сорлы. Сенің мұрныңнан сораң аққан түріңді көріп, мынаған қыз беріп абырой таппаспыз деген оймен айтылған қашыртпа сөз ғой ол. Жасы үлкен деп алмай кетсе, жібі түзу басқа бір күйеуге береміз бе деген есебі еді ғой шешекемнің.
Шал: Өй, шешекеңнен айналдым сенің, шешең…
Кемпір: Жап аузыңды. Сенің де шешеңді көргенбіз, аузынан насыбайы түспейтін. Қайындары, «осы жеңгейге күндіз-түні насыбай керегеді де жатады» деп күлмеуші ме еді?!
Шал: Сен жап аузыңды. Аярдан арам туады деген, сенің шешеңдей суаяқ емес еді ол.
Кемпір: Ойбай, менің көрде сүйегі қурап қалған шешемді сыбайын дедің бе, ойбай! Мұны естігенше қу құлағым керең боп неге қалмайды, ойбай! (Дауыс салып жылай бастайды. Аза бойыңды қаза қылатын ащы дауыс).
Шал: Тыста дұшпан, аңдып тұр. Үніңді өшір, алжыған. Шешең де құрысын, өзің де құры. Қой дедім ғой саған!
Кемпір: Қоймаймын, ойбай! Менің шешемде нең бар, біле білсең ол да сенің шешең емес пе еді, қақбас?
Бозбала жігіт: (күліп) Қақ маңдайдан салып кеп қалсаңыз ғой жым болар еді? Әй, қорқасыз ғой, әсте.
Шал: Ақымақ, қатынды сабап жеңе алмайсың. Қатынды жеңудің жалғыз ғана әдісі бар.
Бозбала жігіт: (күліп) Қандай әдіс ол?
Шал: Қазір көрсетемін. Үйреніп алыңдар, артық көрсетпеймін, мұқият қарап алыңдар.
Кемпірдің долдана айқайлаған дауысы түн ішінде тау ішін жаңғыртады. Жаңғырық алыстан қайта естіліп, қорқынышты бір үнге айналады. Шал кемпірді баса жаныша үстіне құлай кетеді, бірақ кемпір оны бұйым құрлы көрмей лақтырып тастайды. Шал сасқалақтап қапелімде дым таппай шұлғауын шешіп алып кемпірдің аузын басады. Оған да қоймаған соң ебедейсіздеу кейіпте үстіне қайта құлап тұншықтыра бастайды.
Сол мезет кемпірдің дауысы ақырын, ақырын жуасып барып біржола өшеді.

Кенет сыртта қайтадан түйе боздап, қой маңырап, есек ақырып, ит үріп абыр- сабыр болады да қалады. Керуен апыл-ғұпыл жиналып қаша көшуге жиналып жатыр.
Керуенбасы: Сақтай гөр, мынау әлемтапырақ дауыс қайдан шығып жатыр?
Екінші керуенші: Ақсарбас. Ақсарбас, мынау не пәле, адамның дауысы ма, жоқ өкпесіне пышақ сұғып алған шошқаның шыңғырғаны ма?
Үшінші керуенші: Ұқсауын ұқсайды, айтуға болмайды.
Та­ғы бір керуенші: Жоқ, мынау адамның дау­ысына ұқсамайды ғой. Осы тауда жын- перінің мекені деуші еді, халық айтса қалып айт­пайды, рас болды ғой.
Керуенбасы: (Екінші керуеншіге қарап) Айттым мен саған, тағы бір-екі ша­қы­рым жүріп барып, жазыққа қонайық дедім. Жүрегім бір пәлені сезген еді-ау, сезген еді.
Екінші керуенші: Қайдан білейін, көлденең көзде таса, маса сонасы аз тау арасы болған соң, тынығуға жақсы екен де­генім еді. Пері иектеген тау дегенге мән бермеп еді, сорлы басым.
Сол екі ортада Кемпірдің шыңғырған дауысы қайта естілді:
Кемпір: Қолыңда өлемін, ойбай.Қақбас…
Керуенбасы: Халайық, қозғалалық. Мынау дәу де болса, албастының апасы болады деуші еді, соның дауысы. Есектер мен ақындарды ортаға алып қорғап жүріңдер. Ол екеуінсіз еліміз ел емес, жері­міз жер емес. Ақындар мен есектер, әншілер мен қашырлар ортаға! Қалғандарың соларды қоршап қозғалыңдар. Оларға жебе тимесін, оқ тимесін.
Екінші керуенші: (Дауыстап) Тез жиналыңдар, баста көшті. Пәледен машайық қашады деген, тез қарамызды батыралық мына жынның ордасынан. Әй, әнші қайда безіп барасың, бар жылдам, анау қара есектің бауырына тығыл. Ей, сыпылдақ ақын, сен екі мәшінің ор­та­сына жүгір, әй, бақырауық әнші, сен түйенің бауырына тығыл. Әнші мен ақын күнде тумайды. Жүз жылда да тумайды.
Үшінші керуенші: «Қолыңда өлемін!» дей ме ей? Шамасы кәрі жын болуға керек, дауысы жаман ғой нәлеттің. «Қақ­бас» деп кіжінеді, біздің керуенбасына қырына алған-ау әсте.
Төртінші керуенші: Меніңше, ұрғашы жын болса керек. Еркекке айтып жатыр, қолыңда өлемін деп. Көңілін қалдырған ғой. Әйелдің көңілі қалса, әлемді бүл­діре­ді деген мақалымды білмеуші ме едің?
Екінші керуенші: Қай оттауың кісінің жадында қалушы еді, тәйірі. Сенің көрген- баққаның ұрғашылар ғой.
Үшінші керуенші: Е, әлбетте, елден шыққалы айдан асты, әйел көрмедік, енді аздан соң сайтан түгіл сапалақ қамшы да әйелдің бұрымы боп көрінер.
Екінші керуенші: Өлтірсе де әйелді бір көрген соң өлтірсе екен. Мынау сұмдық қой, ай бойы ұрғашы көрмеу деген не масқара! Егер бір-екі күнде жөні түзу бір қоналқыға, і і Һ Һ і (жөткірініп қояды) жетпесек, мен керуенді тастап кетемін. Әйелсіз өмір…
Үшінші керуенші: Кісі өлімі десейші.
Керуенбасы: Кісі өлімі несі, жағыңа жылан жұмыртқаласын. Ешкім де өлмейді. Тез жүріңдер. Таңға дейін тоқтамай жүрсек, керуен сарайы бар нән шаһарға жетіп қонамыз, бұйырса.
Керуеншілер (жамырай): Керуен сарайда күтуші қыздар болады деуші еді, а?
Болады. Бәрі де болады, жігіттер!
Керуеншілер (серпіліп): Ұрыста тұрыс жоқ, кеттік ендеше. Иә, сәт. (Алақандарын ысқылып, алға тартады).
Керуен ұзап кеткенше демін ішіне тартып үнсіз отырған үңгірдегі елге жан біте бастағандай. Жұрт орындарынан тұрып, етектерін қағып, шаруаларымен айналыса бастаған. Шам жағылды. Шал кемпірдің тасасында әлі жатыр. Ерсілеу позада. Жастар жағы сықылықап күліп барады.
Кемпір: Әй, шал, сілейіп жата бергенше бір ауық бойыңды жазып, тезек теріп кел.
Шал: Түннің ішінде қайдағы тезек?
Кемпір: Қайдағы түн. Талтүс емес пе?
Бозбала жігіт (күледі): Ұлы сәске қазір. Күн мен түнді ажыратудан қалдық қой үңгірге тығыламыз деп.
Шал: (кенет әлдене есіне түскендей жасып) Кемпір-әй, мына балаларды бастап өзің барып келсейші, менің белімнің шойрылмасы ұстап тұрғаны, оқыс қимылдасам болды, өстіп сіресіп қалады бұл антұрған.
Кемпір: Қорқып тұрмын деп шыныңды айтсайшы одан да.
Шал: Қорықпаңдар, бірдеңе бола қалса айқайлаңдар, мен де жетермін –
Малақайды қолға алып,
Қарт бурадай долданып,
Шалғы мұртты ширатып,
Жолай бәрін қиратып,
Ойбайды салып, а,
Айқайды салып дегенім ғой…
Кемпір бастаған топ төменге тезек теріп, отын жинап су әкелуге кетеді. Жаңа ғана белін жаза алмай екі бүктетіліп тұрған шал кенет лақтай ойнап, кемпірдің кебежеге жасырып қойған жылы-жұмсағын тауып, жей бастайды. Ауық- ауық терезеден төменге қарап қояды.
Жастар мәз. Қуаласып, бір-біріне су шашып ойнап, ұзап кетеді. Кемпір ауық-ауық айқай салып оларды: «Алысқа ұзамаңдар» деп шақырып алады. Күн шақырайып тас төбеге келген. Бағанағы Бозбала топтың серкесі ретінде жұрттың алдында жүр. Өзгелер сияқты бүгежектемейді, қорықпайды. Батыл. Жастарды шыр үйіріп, әңгіме айтып, күлдіріп, құлшына жұмыс істеуде. Ара-тұра кемпір жаққа қарап қойып әлденелерді айтады, іле жастар ду күледі. Жастардың қайтқысы жоқ. Жазаң жерге егін салып, жеміс ағаштарын отырғызуда.
Бір жігіт: Мен арпа-бидай ектім.
Екінші жігіт: Мен қауын-қарбыз салдым.
Үшінші жігіт: Бәрі дұрыс қой, бірақ бұл егінді біз қалай күтіп баптаймыз? Күндіз келуге рұқсат жоқ қой.
Бірінші жігіт: Күндіз жібермесе, түнде келеміз, шөбін отаймыз, суарамыз, баптаймыз.
Үшінші жігіт: Қараусыз қалған жемісті кез келген өкпек жолаушы жұлып жеп, бос жүрген мал таптап кетпей ме?
Бірінші жігіт: Біреуге біреу қиянат жасай қоймас. Адам баласы емеспіз бе, ақыры?
Үшінші жігіт: Бізді бұлай үйретпеген еді. Қиянат, адам баласы, адал еңбек… қызық сөздер екен.
Бірінші жігіт: Бәрі жерде өседі. Жерден табан аудармау керек. Адамның табаны Жерге тимес, адамшылықтан кетеді.
Күн еңкейе жұрт құжыра тауға жинала бастады. Ғашық жігіт ән сала бастайды. Қасында – қыз. Жастар оның әнін сілтідей ұйып тыңдап тұр. Кенет кемпір жетіп кеп желкесінен түйіп жібереді де, аузын басады.
Кемпір: Өшір үніңді. Ойбай, сесіңді шығарма.
Бозбала жігіт: Не болды?
Кемпір: Әкеңнің үйінде жүргендей айқайлайсың. Жан-жағыңа қарамайсың ба?
Бозбала жігіт: Жан-жағымызда не бар? (басқалар жымып қалған, әркім тұс-тұсқа тарап барады. Қыз бетін басып, әрі кетеді).
Кемпір: Әй, сапбас, соны да білмейсің бе, жан-жағың толған жау. Дауысыңды естіп жетіп келсе, не боламыз?
Бозбала жігіт: Келсін, айқасамыз, сазайын береміз.
Кемпір: Сен өйтіп жамандық шақырма. Қара басыңа көрінсін. Кімге шамаларың келуші еді?! О несі-ай, жынды тайлақтай серең-серең етіп құтырынуын. (жан-жағындағыларға айқайлайды) Әй, болды, тайраңдап болсаңдар, қайтамыз. Жиналыңдар. Жұрт үн-түнсіз жинала бастайды.
Кешкілік. Жұрт ұйқыда. Кемпір мен шал ғана ояу. Кемпірдің қолында – кішкене күзе. Шалды шақырып, әлденелерді құлағына сыбырлайды. Шал әуелі шошып кетеді, кемпір оны санынан мытып, желкесінен түйгіштеп алады да, мойнынан құшақтап, аузы-аузына жұқпай құлағына құпия сыбырлап кетеді. Шал сәлден соң сабасына түсіп, сөлбірейіп барып іштен әлдебір түйіншекті алып шығады. Кемпір түйіншекті шешіп әлдебір ұнтақты су толы күзеге төгеді де, шайқай бастайды. Ойланып отырып, түндегі оңаша қалатын қыз бен жігітті шақырып алады.
Кемпір: Сен екеуің үйленгілерің келеді екен, үйленіңдер. Бірақ той болмайды. Бата бере алмаймын. Той тойлайтын заман емес. Заман қиын. Өздерің көріп отырсыңдар, жан-жақ қаптаған жау. Бұрын да айттым ғой, «бөрі жоқ деме бөрік астында, жау жоқ деме жар астында» деп. Адым бассаң, қырып кеткелі тұрған дұшпан.
Қыз: Апатай, атамның батасын алмай мен ешқайда кетпеймін.
Бозбала жігіт: (қызға сыбырлап) Қарсы болса, қашып кетсек ше?
Қыз: Болмайды. Өлеміз онда.
Бозбала жігіт: Біздің үңгірден кеткендер қырылып жатқан жоқ қой. Бірақ, жаным, мен сені қырық жыл күт десең де күтемін.
Кемпір: (керіліп) Өзің біл, шырағым, әйел байғұстың дәурені әрі кетсе он, он бес жыл. Содан соң солғын тартып кетеді. Солғын әйелге болбыр еркек те қарамайды. Ал сен қырық жыл күтем дейсің. «Еркек қатынсыраса, есебінен жаңылар, есебінен жаңылса, еркінен айрылар, еркінен айрылса, елін жау шабар» деген бар.

 

   

 

Есенғали РАУШАНОВ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір