Бесігімізді кім бұзды?
13.09.2022
3849
0

Қадірлі оқырман! Соңғы маусымдарда ел ішінде қилы құбылысты қамтыған, алыпқашпадан – анархияға, бейпілауыздықтан бейбастыққа бет алған, басынуын – басымдыққа, бұзақысын – бунтарьға, сауатсыздығын – салиқалыққа, дарақылығын – даналыққа, ашық арсыз арандатуын ар-ұждан қорғаушысына, рушылдық өлермендігін ұлтшылдыққа, қазақ елінің бетіне ашық түкіруді батылдыққа балайтын бір қауым тобыр бөлініп шығып, қара үзіп барады. Олардың әлеуметтік желідегі желсөздері, қазір ашық арандатуға, өз жұртын өзгеден кем санауға, аға ұрпақты ашық инаяттауға анық бекініп, төселіп келеді.

Осындай қатерлі бағыттың орын алуы мүмкін екенін, сонау желтоқсаннан кейінгі қилы да қиын күндері бір пікір алысып, «желтоқсан оқиғасы жанымызды жаралайды» деген «жанашырларға» наразылық білдіргенімде: «Тұрсын, мен бұл жанығудан қорықпаймын.
Ұлт өзінің шын жанашырларын тазалауға, кімнің-кім екенін тануға мүмкіндік береді. Менің қаупім басқада. Бірінші, Қазақстан дегеніне жетеді. Сол кезде осы Колбиннің «жанашырлары» – қазақтың жалған «жанашырлары, көсемдері» болып, шыға келеді. Олар талай арандатуға бастайды. Оның зардабын тағы да қазақ көреді. Екінші және мен үшін ең қауіптісі, біздің бүгінгі жастарымыз – қала мен дала баласы, қазақтілді мен орыстілді боп жарылып кетеді. Сонда, тағы да сорлайтын дала баласы болады. Орыстілділер мемлекет басына келеді. Олардың қолында мүмкіндік мол. Оны мен көрмеймін. Сен басыңнан кешіп қалуың мүмкін. Бұл – отарланудың бұғауынан шыққан барлық мемлекеттердің бүгін басынан кешіп отырған жағдайы. Бостандықтың буынын қиятын, бодандықтың өткір және көрінбейтін қандауыры – осы», – деген еді марқұм, дегдар Әнуар Әлімжанов.
Қазір ән-ағаңның сол сөзі жиі есіме оралады. Дүниежүзінің барлық құрлығын оңды-солды аралап, барлығын көзімен көріп, сезінген Ән-ағаңның бұл сөзін мен ол кезде «ертегіге» балағам. Міне, бүгін көреген ағамыздың айтқаны келіп, алдымыздан шығып отыр. Тіпті Ән-ағаңнан жүз жыл бұрын «Атадан бала сөзі өзге» – деп болжап кеткен, ұлтымыздың рухани тірегі Абайдың туғанына 175 жыл толу құрметіне: «Абай өмірде болмаған, оның өлеңдерін жазған қара қазақ пен орысты жек көретін Әлихан Бөкейханов», ал М.Әуезовтің туғанына 125 жыл толуының құрметіне: «Абайдың қара сөздерін КГБ-ның тапсырмасы бойынша Мұхтар Әуезов жазды», «Әуезов «Абай жолын» жазбаған, оны жазған – Соболев. Ал А.Янушкевич Құнанбайды мақтап жазбаған. Оны құрастырушылар мен аудармашылар қосқан», – деп «ерекше сыбаға тартып», дүниені шулатып, пікірлес тобыр құрып жүрген «алаяққа» тосқауыл да қоя алмадық. Ашығын айтқанда, бүгінгі аға толқынның барлығы бірдей соншама сарамес емес еді. Кезінде айтылды. Бірақ оны сол «сарамес еместердің» ішіндегі сараместер, әлгі Ән-ағаң айтқан желтоқсан оқиғасы кезінде «жаны жараланғандар» идеологияның басына келіп, арандатып «хандық құруға» жанталасты. Ашығын айтайын, мен мұның емі мен дауасын білмеймін. Тек, соңғы кезде әлдебір қорланған күйді басымнан кешіп жүргенім. Бірақ жазушылар қауымына, ойы қарақты оқырманға қарата шығармашылыққа, соның ішінде бір-екі айдың қарасында халықаралық деңгейде туғанына 125 жыл толуына орай салтанаты аталып өткелі отырған Мұхтар Әуезовке ғана қатысты өз ойымды айтқым келеді.
Сонымен, кім Әуезов пен мен үшін неге қорланды және мен не үшін қорланамын? Абай мен Әуезовтің рухын қорлаған тобырлар қалай қалыптасты? Осының сырын ашу үшін қолыма қалам алып отырмын.
Әлқисса, бірден ашығына көшейін, неге екенін білмеймін, әйтеуір Кенесары хан мен «Хан Кене» пьесасының, сол арқылы Мұхтар Әуезовтің, осы екі жанкешті шаһиттердің көлеңкесіне ілесіп ой тұтатқан менің толғауларымның да артынан үйірілген қырсық құйыны арылмай-ақ қойды. Тәуелсіздік тұсында «Қилы заман» мен «Хан Кененің» бақыты аспанға ұшса керек еді. Олай болмады. Ұлы жазушының басын түрмеге тоғытып, қалған өмірінде жазушыны аңду мен қудалаудан арылт­паған бұл екі шығарма дәл қазір үнсіз бықтырылып, үкімсіз бұғаумен, сондай бір сабырлы сараместікпен тұншықтырылуда. Мысалы, 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілістің 100 жылдығы тұсында «Қилы заман» трагедиясы қайталанып басылмады. Біздің анық білетініміз, қайдағы бір «ұлтараздығын тудыруы мүмкін» деген сылтаумен (коммунистік партияның өзі тосқауыл қоя алмаған сылтау) қасақана тоқтатылды. Сонымен қатар «Албан көтерілісі» туралы архив құжаттары жинақталып берілген біз дайындаған «Ант мезгілі» – «Время чести» атты 4 томдық құжаттар жинағы да жарық көрмеді. Ал «Хан Кене» пьесасы Тәуелсіздік алғаннан бері Талдықорғандағы бір күндік өмірінен соң, қазақ сахнасына қойылған емес. Биылғы М.Әуезовтің туғанына 125 жыл толуы туралы Қаулыда бұл екі шығарманың аты да аталмайды. Соры қайнаған «Қилы заман» мен «Хан Кене» тағы да ысырылып қалды.
Кезінде, бұл екі шығарманы дербес басылым ретінде қайта жариялау жөнінде Үкімет комиссиясына ұсыныс жасаған­быз. Қаперіне алған ешкім болмады. Биыл қазақ үшін Ахаң – Ахмет Байтұрсыновұлы мен Мұхтар Әуезовтің жылы екені белгілі. Атаулы күнге бір-екі ай ғана қалды. М.Әуезовтің туғанына 100 жыл толуы мерекесін қолымнан өткізіп, «Мұхаңның әруағын» аманаттап тапсырған Ләйлә Мұхтарқызының тапсырмасына мойын­сынып, ұлы жазушы туралы елу жыл бойы тірнектеп, жанкештілікпен жиған деректеріме сүйеніп жазған «Бесігіңді түзе!..», «Бесігіңді ая!..», «Бесігіңді аяла!..» атты үштағанға «Бесігіңді ұмытпа!..» деген ортақ ат қойып және «Қилы заман» мен «Хан Кененің» жазылу тарихы мен өмірлік дерегіне негізделген талдауларды «Время чести» деген атпен орыс тіліне аудартып, ұлы жазушының 125 жылдығына тарту жасағым келді. Сол үшін Үкімет, хатшысы, министрі, баспасы бар, барлық лауазымды мекемелерді адақтап шықтым. «Келесі жылы көрейік», – деп сырғытып шығарып салды. Оларға «Абай өмір сүрген жоқ, өлең жазған емес, қолдан жасалған және М.Әуезов Абай романын жазған жоқ, Л.Соболев жазған-мыс, ол кеңестік тапсырманы орындаушы ғана болды», – деген жала шатпақты қоса тапсырдым. Міз баққан, шіміріккен адамды көрген жоқпын.
Ең бастысы, дүниежүзілік әлеуметтік желі арқылы М.Әуезовтің басына «бар жуындыны төктіріп» қойып, енді ресми түрде мемлекеттік салтанатты қалай өткізбек? Міне, бірінші, мен осындайға «немкетті» қараған мемлекетім үшін қорланамын. Екінші, ұлт үшін жанын қасым еткен ұлт-азаттық көтерілісінің осынау құрбандары мен қос шаһидтің рухтарының ескерусіз қалғанына қорланамын. Үшінші, әрине, дәрменсіз жазушылығыма, еш кеткен елу жылдық еңбегіме қорланамын. Үшіншісін қойшы, бір қайырым иірімі қайырылып келгенде жария етілер. Мен: М.Әуезовтің осы трагедияларды жазғаны үшін «қорланатын намысшыл ымырашылдар мен рушылдардың» можантопайлығына қорланамын. Ондай «намысшылдардың» қазір де молайып, қит етсе «Володия ағасына», «Путинге айтамын» деп шөпжелкесін шікірейетіндердің шыққанына қорланамын.
Қазіргі оқырмандардың талғамы тағдыр талайында тұрғаны анық сияқты. Сондықтан да кезінде жауап ретінде жазылған, бірақ «Қазақ әдебиетінің» сол кездегі бас редакторы «сақтық танытып», өздеріне келген хатқа жауапты жарияламаған еді. Сол пікірімді «Қазақ әдебие­тінің» өзі арқылы оқырманға қайыра ұсынуды жөн көрдім. Араға жылдар өткенімен, «Қилы заман» мен «Хан Кенеге» деген көзқарас өзгермегені өкінішті. Мүмкін, ұрпақтар арасы бөлініп бара жатқан бүгінгі күні олардың арасын дәнекерлеуге бір тәлімі мен септігі болар. Ұлы Мұхтар Әуезовті қасақана менсінбейтіндер мен әлеуметтік желідегі ашық басынушыларға тоқтау қояр.
Маған бұл ойды ашық айтуға жетелеген мына бір түсініксіз жағдай. Таяу күндері ғана Ақшоқыдағы Құнанбайдың қорымына бардым. Бұрын Құнанбаймен қатар, арасы бір метрдей жерде ғана жатқан Әуездің қабірінің екі ортасы тас қабырғамен бөлініпті. Әуездің қорымын ши мен алабота, көде мен шырмауық басып жатыр екен. Өмірлері тел өткен, қатар жерлеуді нәсіп (өсиет деп түсініңіз) еткен Құнанбай мен Әуездің қабірінің арасы бөлінсе де, олардың ортақ иманы бөлінбес. Бірақ осының өзінен Мұхтар Әуезовке деген менсінбеушілік жатқан жоқ па? Ертең, 125 жылдық салатанат тұсында барған ел екі дегдардың қабіріне деген мына көзқарасты қалай қабылдар екен? Ал бұл қорланатын мәселе емес, арасын қабырғамен бөлгендердің можантопайлығына таңдандыратын, ертеңгі ұрпақты сақтандыратын жиіркенішті құбылыс.
Сол қорымнан бес жүз метрдей жерде іргесін Құнанбай қалап, бүкіл өмірін өткізген, ал Абай қашан 1893 жылы Еркежанның қолына барғанша бар өмірін өткізген, балалары Әбіш пен Мағауияны соңғы сапарға шығарып салған, өзін де сонда қоюға аманат еткен (апара жатқанда оқыс жайттан соң Жидебайға қойған), бар шығармашылығының құтмекені боп, «Ақшоқыдан асқан әндерді» (М.Әуезов) тудырған үйінің орны үйінді боп жатыр. Бар қазақтың қасиетті қонысының «ешкі ойнақ» боп жатқанына жаның ауырады. Бұл қыстау – қасиетін ұмыттыратын «үйінді» емес еді-ғой. Не шара!..
Сондықтан да құрметті «Қазақ әдебиетінің» оқырмандары, бір кездері өздеріңізге арналып жазылған «қорланғанның хатына» жауапты арада жылдар салып барып өзім де қорланғандардың қатарына қосылған кезімде сіздердің назарларыңызға қайыра ұсынуды лайық көрдім. Өйткені бүгінгі ұрпақтың бойына жиіркеніш пен басыну бағытын қалыптастырған, Ән-ағаң айтқан, сол «сараместер» болатын.
Иә, заман басқа, заң басқа, талғам басқа. Бірақ жұртымыздың көзқарасы өзгермегені өкіндіреді. Еске сала кетерім, енді қазақтың рухын әлемге танытатын Мұхтар Әуезовтей дана тұлғалардың қайталанбайтыны және әр халықтың маңдайына әр ғасырда бұйыра бермейтіні анық.
Сонымен «олар кім үшін қорланады?» және бесігімізді кім және қалай бұзды?

«КІМ ҮШІН ҚОРЛАНАСЫҢ?.. »

Дәл осы сұрақты сіздерге де қоя оты­рып, жауап берместен бұрын: өзіңіздің халық атынан сөйлеуге қақыңыз бар ма, сол адамды кінәлауға ар-ұятыңыз келісім бере ме, намысыңыз – шын намыс па, жоқ, әлдекімнің айтағына ердіңіз бе, егер де дәл солай ойласаңыз, онда мұндай сезім­ге берілуіңіздің себебін білу үшін өз жүрегіңізге үңілдіңіз бе? Сіздің бұл пікіріңіз өзгенің де намысына тиіп, қорланатынын, оның да өмір-танымына, тіпті тағдырына зияныңыз тиетінін ойладыңыз ба? Ол да көзі қарақты адам еді ғой, бір білгені бар шығар, анығына жетіп барып, айтатынымды айтайын, содан кейін арызданайын – деген қорытындыға неге бойұсынбадыңыз? Күні кеше ғана халықтың атын жамылып жазған бір парақ хаттың кесірінен Сәкен мен Жүсіпбек Аймауытовтың басы кеткенін білмейсіз бе, әлде, жазықсыз жапа шеккен әйелдің бір ауыз сөзі үшін Ахаңның (Ахмет Байтұрсынов) опат болғанын есіңізге түсіріңізші. «Ауыздан шыққан сөз – атылған оқ». Сіз оқ атып отырғаныңызды білесіз бе? – деп сұрағым келді.
Білсеңіз онда: Сіз де 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліске қатысқандарды жаппай қырып-жойып, ондап емес, жүздеп атып-асқан патшаның жазалау саясаты туралы жазылған «Бейуақ» кітабын оқи отырып:
«Ылғи бір байбалам», «шауып кеткен», «қырып кеткен», «бермей жатыр», «елемей жатыр» – бұл не сұмдық. Ойым түсінікті болу үшін бір ғана мысал келтірейін. Газеттеріңіздің биылғы жылғы №39 санында «Әскери серуен сойқаны» (аталған кітаптан үзінді – Т.Ж.) атты материал жарияланды. Халқымызды қойдай қырған оқиғаны жазады, сүйенетін источниктері /деректері – ред/ басқыншылардың жазбалары. Оқып отырсаң қаның қайнайды, не деген сорлы болғанбыз, аналардың бір аты өлгенде біздің бір ауылдар түгелімен қырылған. Не деген жабайы, қоян жүрек халықпыз. Мұны оқып отырып, «қазақпын» деуге ұяламын. Жігерімді құм қыл­ды, намысымды жер қылды Т.Ж» – деп («Қазақ әдебиеті», 1990 жыл, 28 желтоқсан) жазар ма едіңіз.
Сіз жазбағанмен, осы пікірдің иесі қызылжарлық Ж.Қуандықов және тағы да жеті-сегіз адам баспасөз беті арқылы да, жеке хат түрінде де мені айыптап үлгерді. Қазір заман тыныш, өкіметтің дәргейі кеңіп, ұзын арқан, кең тұсау салып отыр. Алда-жалда, Тәңірім бетін аулақ қылсын, Сталин, Голощекин, Хрущев, Брежнев демейін, кешегі Колбиннің билігі қайта орнай қалса, күнімнің не болатынын сіздер айтпасаңыздар да мен жақсы білемін. Құқайдың шет жағасын көрдік. Сонда менің жазығым не? – деп ақталу үшін қолыма қалам алып отырғаным жоқ. Әркімнің өз сөзі өзіне қымбат. Реті келгенде сырымды ашайын. Осы уақытқа дейін менің үстімнен 137 арыз түсіпті. Ішінде «Солшыл ұлтшылдан сақтанайық!»,Тұрсын шпион, екі паспорты бар», «Алаштың» программасын жариялады, Абылайдың ақ туын дәріптеді» деп әр кезде К.Қазыбаевтың, З.Камалиденовтың, Ө.Жәнібековтың, Н.Назарбаевтың атына жолданғандары да бар. Жаланың аты – жала. Жабулы күйінде қалды. Олжас Сүлейменов, Шерхан Мұртаза, Бекежан Тілегенов, Сейіт Қасқабасов, Мекемтас Мырзахметов, Қойшығара Салғарин іспетті азаматтардың пікір-қолдауы демеу болды. Бүкілодақтық Н.Островский атындағы сыйлықты беру туралы шешім газетке шығардан үш күн бұрын Мәскеуге мені қаралап, «әйеліммен ажырастырып, түрмеге түсіріп, сенімсіз алаяқ адам» етіп көрсеткен телеграммаға да жауап қайырмадым. Біздің де қолдан «ұршық иіру» келетін еді, бірақ сол адамдардың арын аманатқа тапсырдым. Партиядан да «аластатылып» көрдік.
Адам ретінде мұның бәріне кешіріммен қараймын.
Бірақ қашан сол адамның атын білген­ше кешпейтін жалғыз-ақ қыжылым бар. Қатты қиналғанда Мұхтар Әуезов өзінің жеке басына жасалған қастандықты аңғарғанда: «Пәлі, бұлар менің жазушылығыма өштесіп жүр ме десем, қара басымды құрту үшін ұмтылып, кектесіп алыпты ғой. Масқарасын-ай» – деген екен. Сол сияқты жеке басыма үйілген пәлені ұмытармын-ау, содан аз уақыт қана бір ұлым суға кетіп, күйік кешіп жүргенімде қалған жалғыз ұлды «тоғызыншы қабаттан құлап кетті» – деп, қауесет таратып, сонау Семейде жүрген жерімнен өзегім өртеніп келгенін қалай ұмытамын.
Мүмкін, кешірмейтін де шығармын.
Осының бәрін айтып бергенімде қайран аңқау ғұлама ағамыз Әлкей Марғұлан марқұм: «Апырмау, қазаққа бұл қасиет қайдан жұқты екен. Әлде сонау көшпелі дәуірден қалды ма. Уақыт бөліп, зерттейтін нәрсе екен. Халыққа жаман мінезін түсіндіру керек қой. Себебі ондай халық мәдениетті бола алмайды ғой. Халықты қорлайтын мін екен», – деп еді.
Міне, бағанадан бері сіздерге суыртпақтап жеткізгелі отырған сөзім осы. Ойланбай айтылған сөз опық жегізеді. Қазақтың арызқойлығы, алауыздығы, рушылдығы, басы бірікпейтіні туралы мәтелге айналған анекдоттар қай халықтың болсын ауызекі әңгімесінде айтылып жүр. Қорлансақ, ең бірінші осыған қорлануымыз керек. Өз басымдағы жайларды қазбалап отырғаным, тағы да Ж.Қуандықов сияқты адамдардың қандай дерекке сүйендің деген сұрағына алдын ала берген жауабым.
Біз «Халық айтса – қалыс айтпайды» – деген қанатты сөзді қағидаға айналдырып, оның әуелгі мағынасын мүлдем жойып жібердік. Кез келген жерден, кез келген адам ойына келгенін жазып жіберсе болды: Ох, мін, қарапайым халықтың пікірі деп ақиқат ретінде ұсынамыз. Сол пікірді айтуға ол адамның өресі жете ме, біліп айтты ма, ойжота сүйкей салды ма, жоқ әдейі ұйымдастырылды ма, оған назар аудармаймыз. Халық құқық бермеген, сыйламаған жалған шапанды жамылып ап, әлдекімдердің мүддесін қорғап, шоқпарын соғып шыға келеміз. Мұны әсіресе үстемшіл әкімшілік пен халықтың тағдырын қарауылға ұстаған «мергендер» сондай ептілікпен әрі қараулықпен пайдаланып келді. Өзіміз байыбына бармаған, естіп білмеген жайларға қарсы топ боп, тобыр боп қол қойдық
Иә, тобыр боп!
Өйткені өзіңнің емес, өзгенің ақылымен істеген ісіңді басқаша қалай бағалайсың. Ал соның кесірінен ары таза кісінің ұяты аяққа тапталды ма, тағдыры тәлкекке түсті ме саған бәрібір. Қол қойған жалғыз сен емессің, алды-артыңда қалың тобыр бар. Солардың арасында еленбей қалатыныңа сенесің.
Жоқ, ағайын, қатты қателесесің. Ақиқаттың алдында да, Алланың алдында да сен жауап бересің. Сұрақты сенен сұрайды. Кешегі «Желтоқсан оқиғасы» тұсында буырқанып, булығып, жанталасқан жастар ағаларына жаутаң-жаутаң қарап тұрған кезде: «Сендер нашақорларға, маскүнемдерге, қылмыскерлерге ердіңдер. Халқымыздың намысына тиіп, бетіне кір келтірдіңдер. Бұл біздің жанымызды жаралайды»– деп, топ болып қол қойған тұлғалар шынымен қорланып жазды ма?
Колбин – оларды, олар – Колбинді білмейтін еді ғой.
Оны істеп отырған «жаңа бастық – жандаралға» жағынуға тырысып, ақыл-ойдың иесі деген адамдардың бетін шапалаққа тосып отырған өз ұлтымыздың өкілі. Елі елеп, халқы қадірлеген, сол қайраткерлер бүгін жала жапқандары үшін және жазықсыз жапа шегіп, ұрылып-соғылып, қорланып, кейін шейіт кеткені үшін кешірім сұрады ма? Жоқ. Өйткені олар жалғыз емес, көп. Ал көптің көзіне шөп сала алмайсың.
Міне, тобырлық психология. Оның қауіптілігі де сонда жатыр. «Жасынан түсін билеп, сыр бермеген»(Абай) жандардың өзі қалай арандап қалды. Шіркін, осы азаматтардың біреуі «Желтоқсан оқиғасы» өткен алаңға ескерткіш тақта қойылғанда шығып сөйлеп, өздерін қол қойдыруға кім мәжбүр еткенін айтып бергенде, күдік пен кектің орнын кешірім алмастырар еді.
Құрметті Ж.Қуандықов жолдас, қорлықтың үлкені осы деп білемін. Өзің айтқың келмеген нәрсені айтқызып, жазбаған дүниеңе қолыңды қойдырудан асқан азап бар ма? Бұл «тобырлық» тәсіл әлі тиылған жоқ. Кез келген мекеменің тартпасын қараңызшы, ішіндегі айыптауынан қол қойған қолы көп арыздардан, ел, ауыл, аудан, облыс, тіпті исі халық атынан сөйлеген, кепілдік берген мәлімдемелерден көз қарығады. Жеріңді сұрайды, сатып алғысы келеді, шет елдегі қазақтарды, белдеулес республикадағы жергілікті ұлт өкілдерінің ата мекеніне қайтып келуіне «халық атынан» қарсылық білдіреді.
Бұл халық, қай халық? Ол халық емес, үкім айтып үйреніп қалған тобыр.
Ең қауіптісі сол, ертең сол хатты тартпадан біреу суырып алып, «міне, халықтың тілегі былай» – деп, шыға келуі мүмкін. Оны жоққа шығара алмайсың. Жүзеге асыруға да жеңіл, әбден әккіленген, сынақтан өткен, «күшті өкімет, қарулы қол»(Шәкәрім) бар. Соның ішінде шындықты білгенде «қазақ үшін, қазақпын деуге» ұялатындардың да жүретініне күмәнім жоқ.
Мен үшін нағыз қорлық – сол.
Мүмкін, көп тобырдың ішінде Сіздің де, біздің де, ана кісінің де қолы жүретін шығар.
Несі бар, дәл қазір оған таңданбайтын болдық. Еліміздің бүйрегіне біткен көкбауыр дерттен қашан құтылғанша көретін зәбіріміз бұл. Біреудің иті теріс қарап ұлыса да, «Теріс баққанның итінің маған теріс қарап ұлуын қарашы. Үйретіп қойған ғой. Көрсетейін мен бұған. Итін ит ұқсатып өзіне қаратып ұлитындай қылайын» – деп, ерегісуді қашан қояр екенбіз. Мұны кектеніп, келемеждеп емес, өзегім өртеніп айтып отырмын. Ашық айтайық бірақ байыбына барып қана көзге түртейік.
Егер де қандас ағайыным Ж.Қуан­дықов менің жеке басыма не қанжығалас досыма «үкім шығарса» үндемес едім. Әңгіме халық, халықтың қасіреті, намысы туралы болғандықтан да шыдай алмадым. Ел елейтіндей еңбек сіңірмесем де, ұлтымды бір азаматқа лайықты сезіммен сүйемін және оның намысын өзгеге таптатпауға тырысамын. Және оған күманданып, күдік келтірген, «оқырман атынан» сөйлеген Ж.Қуандықовқа және сол пікірді қолдаған адамдарға менің беретін жауабым мынау.
Біз қит етсе «халық айтты», «халықтың тілегі», «халық талап етеді» деп, жалпылама алып, жалпағынан пішіп, нақты нәрсені жайдақтатып жіберуге дағдыланып алдық. Ал сол халық кім, оның да қателесуі мүмкін-ау, түсінбестік болған шығар – деген қарсы сұрақ қойылмайды. Мен осы мақаламда сондай сауалды алдыға тарта отырып, неге халық өкілі Ж.Қуандықовты «қорлағанымды», дәлірек айтсам, «Бейуақты» қалай қорланып отырып жазғанымды баяндасам деймін. Бұл – есеп емес, шындықты дәлелдеудің бір жолы ғана…

 

 

Тұрсын ЖҰРТБАЙ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір