АҚСЕЛЕУ ШАҚШАСЫ
Жақсылардың басына жүз рет келгір мына ғажайыпты қараңыз: бақилық болғанына 15 жылдай уақыт өтсе де ол жайлы дәл сол қаралы күндердегідей қабырға сөгіліп сағыныш айтулар мен егіліп естелік айтулар басылғанның орнына өршіп тұрған – исі аңқыған қазаққа өзіндей қымбат тұлға Ақселеу Сейдімбек секілді. 2009 жылдың сол бір күзден де салқын күндері Алматыда қазақ қоғамынан шеттетіліп жатқан біз де ғайыптан («Ақселеу жұмбағы») сол қоштасуларға куә болған кезде қарс айырылған көкіректер мен адам тіліне осынша қозғау болғанда ғана келетін сөздерді естіп, тұтас ұлт қандай ұланынан айырылғанын шамамыз жеткенше бағалай біліп, өз басым жер бауырлаған сол бір күндер әлі есте. Есте дейміз, Ақаңды Астанадан Жаңарқаға алып жүрерде жолында сөз қалмайтын абыз Әбіш Кекілбаев ағамыз бұған дейінгі сөздерімен-ақ соқыр жанды жылатқаны аздай, сөздерін былай түйіндеді-ау: «Қазақта сал қандай болады? Ақселеудей болады! Сері қандай болады? Ақселеудей болады! Би қандай болады? Ақселеудей болады! Батыр қандай болады? Ақселеудей болады! Пір қандай болады? Ақселеудей болады! Қазақтың жақсысы мен жайсаңының бәрі қандай болады? Ақселеудей болады! Қазақтың қатепті қызыл нары қандай болады? Ақселеудей болады! Бәрінің орнына бір Ақселеу жүре алады. Ал Ақселеудің орнына кім жүре алады? Ешкім де емес, тек Ақселеудің өзі жүре алады!»
Мұнан асып айту ешкімге де мүмкін емес. Өнер өлкесінің ақиығы Асанәлі Әшімұлының: «Екі балам өлгенде мені жұбатып, орнымнан тұрғыза алған осы Ақселеу еді, енді мен үшінші баламнан айырылдым» дегені естіген жанның жүрегі тоқтағанша есінен кетер ме?
Бақилық болған жанға сөз арнау әсте жарыс емес. «Шын жыласа соқыр көзден жас шығар» дегендей, жоғарыдағы екі айтылмас, екіге айтылмас кесек аһ ұруларға қоса Ақаңды білетін-білмейтін қанша адам арнауларын көз жастарымен жазды. Сол жазбалардың бір рет баспадан шыққанына қанағат етпей, сұрай берген соң, Ақаңның бауыры Асылхан Сейдімбек 2015 жылы толықтырып, «Дәуір» баспасынан «Ұлы даланың Ақселеуі» деген атпен тағы басып шығарды. Ақселеуді таныған, бағалаған, сағынған жанға, танығысы келетіндерге бұл жинақ – таптырмас бағдаршам.
Ақселеу Сейдімбекті менен де жақсы білетін, менен де жақсы көретін жандардан кешірім сұрай отырып, менің өз ғұмырымда өлшеусіз із қалдырып кеткен қайталанбас тұлға жайлы бірер жол дүние жазбақшымын. Оған себеп те, салдар да бар.
Ақселеу аға түсіме жиі кіреді. Үнемі бірге жүреміз. Баяғыда 24 жасымда, әкем бақилық болған соң ол кісі де жиі кіретін түсіме. Бірде соны айтып отырсам, ғазиз анам: «Ой, ол қақпасқа не керек, сенде несі бар, аулақ жүрсін әрі!» деп, туған әкеден де қорған болып жататын. Бүгін әке де жоқ сынға салатын, ана да жоқ қорғаштайтын, бар салмақ өз мойнымызда. Ақаңның ол түске жиі кіруін жақсылыққа жорып, маңдайдан сипағаны деп жүріп жатырмыз. Өлімнен қорқу жоқ бұл жерде. Ақаңнан әулие емеспіз. Керек болса, бүгінде мінген атымыз бетін бері емес, ары бұрып тұрған жасқа жеттік. Жәй, әңгімемді көретін түстерге байланыстырғаным ғой.
Әлқисса, Ақаң жайлы ақ қағазға бес-он жол сөз жазуымыздың себебі мынау: Ақселеу аға өмірінің соңғы жылдарында қызмет істеген шаңырағы Астанадағы Еуразия Ұлттық университеті ол бақилық болған жылдың ертеңінде-ақ Ақаң сүйіп айналысқан өнер – бильярдтан қаламгерлер мен өнер өкілдерінің арасында жарыс ашып жіберді. Сол жарыс үзілмей, биыл да ҚР журналистер күні қарсаңында өтті. Жарыс қорытындысы бойынша талайлар жүлде мен марапат қағаздарын алды. Осы салтанатқа қатысқан, Ақаңның өзін жыл бойы жоқтатпай жүретін інісі, Асылхан Сейдімбек сөз алып, ұйымдастырушыларға бас иіп, алғыс айтты да: «Осы жарысқа мен бір тың сыйлық ала келіп едім. Ол – ағатайымның шақшасы. Мен бұл сыйлықты ағатайымның жанында қимас інісі болып көп жүрген Несіп ағама сыйлаймын!» деп, мені жерден мың құлаш биікке ұшырды да жіберді.
Шақшаны басымды иіп, маңдайыма басып, қабылдап алдым Асылханнан. Енді бұрыннан да Ақаң жайлы ой, қиял, арман айналдырып жүрген басым, қолыма қалам алдым…
Бұл себебі болса, қалам қайраудың салдары да жоқ емес, Ақаң жайлы айтылмай қалды-ау, осы айтылғандардың дұрыс-бұрысы қайсы, дегендерді екшеуге мен Ақселеу ағасы дегенде жаны қалмайтын, бір-бірімізді білетінімізге, міне, 20 жылдың күзі мен көктемі болған шығар, Ақаңды ешқашан «Ақселеу аға» деп те айтып көрмеген, ол жайлы сөз бола қалса «Ағатайлап» иіліп тұратын Асылхан Сейдімбекпен сырластым.
…Жарыс соңында бір оңаша қалғанда Ақаңның шақшасын басқаға емес, маған бергеніне бас иіп, алғыс айтып жатсам, ол: «Аға, мен білдім ғой кімге беретінімді» деп тіптен толқытты. Онсыз да Ақаң жайлы бірдеңе айтқым келіп, «аузым қышып» жүрген – дереу біраз сұрақ белгісін жауап таңбаларына айналдырып алдым.
Ақаң әкесінің інісі, осы Асылханның әкесі Қасеннің шаңырағында өсіпті. Тіпті туғанына жарты жыл ғана өткенде соғыс пен жалғыздықтың салмағына шыдамай, басқа біреудің етегінен ұстап кеткен анасын әкесінің қуып барып, жаялығы кеппеген Ақаңды үйіне әкеліп, Ақаңа іле-шала дүниеге келген өз баласымен бірге анасының екінші емшегін бергізгенін Асылхан анасы Әнипаның өз айтуынан естіген екен.
Сонда қамшысын қолына, мылтығын тақымына басып келген кезде де терісіне сыймай, бода-бода боп жылаған, ызаға булыққан, тік мінез, қаталдау әкесі анасына: «Өз балаңда шаруам жоқ, тойсын-тоймасын, мына жетімді тойдыр!» деген секілді. Дәл сол 1942 жылы желтоқсанның аяғында анам босанып, менің Қуаныш деген ағамды дүниеге әкелген екен…
Ақаң Асылхандардың шаңырағында бұла, еркін, тіпті тентек боп өсіпті. Әкесі де оның бетінен қақпаған, анасы ол дегенде жүрегі езіліп, атын атамай «Сектай» деп еркелетеді екен. «Ой, бұл не істемеді, кезінде ауылдағы бір қошқарға мініп алып, мектепке де кіріп кеткен күйдіргі ғой!» деп анасының айтқанын Асылхан бүгінгідей есінде ұстапты.
Ақаңның өзі кейінірек достарымен «Жеті жетім» атанып жүргенімен, әкелері Сейдімбек байдың тоғызының бірі болыпты. Ұзамай кәмпескелеуге ұшырап, бар малдан бір күнде айырылып, сол тоғыздың бесеуі аштықтың құрбаны болыпты. Қалған төртеудің ішінде Ақаңның әкесі Слан мен Асылханның әкесі Қасенге аталары кезінде ортақ енші бөлген соң ба, бауырлар бір-бірімен егіздей-ақ ерекше жақын болған екен. «Қайнағамыз қолы шебер адам еді, үй-тұрмыстың анау-мынауына көмегінен басқа маған, балаларға қолдан етік тігіп те берген, кейіннен өзі Рабкопта жұмыс істеді. Сол жерге бір жақсы нәрсе келсе, «Інімнің үйіне, келінге, балаларға деп бізге таситын деп еске алатын анам» – дейді Асылхан.
Өзінен 14 жыл кейін туған осы Асылханды Ақаң ерекше бауыр тартып, еркелетіп өсірген екен. «Оқудан сарғайып, үй шаруасынан шаршап келсе де менің қанатымды қағып, өзіне талпынғанымды екі етпей, арқалап алатын», – дейді Асылхан, – содан келе-келе ағатайым мені «Арқа» деп атап кетті. Сол атым мен бозбала болғанша, тіпті жігіт болғанша жалғасты. Бірде ағатайым маған: «Асылхан, сен «Арқа» деген атты өзіме қайтар, маған әдеби бүркеншек ат керек боп тұр, соған «Арқа» деп қоймақшымын» депті. Сөйтіп, Арқа деген атты маған өзі қойды, өзі қайтарып алды ағатайым». Бұл әңгімені Асылхан көзі боталап отырып айтты.
Асылхан Ақаңның өзіне ныспы алуының мұнан да басқа құпияларын хабарлады. «Тәуелсіздік алмаған жылдарымыз. Ағатайым жазған-сызғандарын газет-журналдарға «Тарақты Ақселеу» деп жариялай бастады. Бұл кезде мен ересекпін. «Ағатай, мұныңыз не?» деп сұрадым. «Е, мына қазақ елін-жұртын, руын-аталарын білуден қалып бара жатыр, ата-тегін білмейтіндер көбейіп жатыр, ру, жүзді айту да келмеске кетіп барады, тіпті тұтастай мәңгүрттікке ұрынып, ұлтымыздан айырыламыз ба деп қорқамын… Солар ойлансын деп осылай жазып жүрмін» дегені. Кейін Тәуелсіздігімізді алғаннан соң ол бұрынғыша Ақселеу Сейдімбек деп жазатын болды. Бірақ Тәуелсіздік алғаннан кейін «Қазақстан Ұлы ел болады!» деп қанатын қағып жүрген ағатайым өмірінің соңғы жылдары, әсіресе жаңа ХХІ ғасыр туа тағы ауыр ойлардың құрсауында қалды. «Осы қазақ қашан ел болады? Даму жоқ, кері кетіп барамыз, жемқорлар далада жайылған малдан көп…» деп қапаланып отыратын. Көп ойлады, талай айтты да бұл жайлы. Солар жүрегіне салмақ боп кетті ме деп ойлаймын осы күні».
«…Ағатайымның өз ой-ақылымен өмір бастағанға дейінгі кезеңі бақытты болды деп те ойлаймын. – Асылхан ағасы жайлы айтқандағы әдетінше көңілі босап сөйледі. – Оны менің әке-шешем бетінен қақпай, еркелетіп өсіріпті дедім ғой. Өзі де әр нәрсеге әуес болған секілді. Жастайынан домбыра тартыпты. Ән айтуға да бейім екен. Біздің әкей де, анамыз да мұғалім болған. Анамыз 10 құрсақ көтерген адам. Сол балалардан қолы босап, мамандығымен еңбек ете алмаған секілді. Оның үстіне әкеміздің үш ағасы ауылда тұрды да, олардың шиеттей бала-шағасы аудан орталығындағы біздің үйде тұрып оқыды. Анамның соларға тамақ істеп, кірін жуып, сабақтарын тексеруден қолы босамапты.
Аудан орталығы Атасуда 1937 жылы салынған Ленин атындағы үлкен орта мектеп бар. Бәріміз сонда оқыдық. Ағатайым да. Әкеміз сол мектепте математикадан сабақ берді. Соған қарамай, ол кісі өнерге әрі құштар, әрі қамқор болды. Сол үлкен мектепте домбыра оркестрін құрған да менің әкем болатын. Ағатайыма да әкемнің шапағаты көп тиген болуы керек. Тіпті бүкіл қазақ қол соққан әншіміз Қайрат Байбосыновқа да әкеміз көп қамқорлық жасапты. Қайрат ағаның кейіннен өмірбаянын айтып-жазарда: «Мені өнерге баулыған мектептегі математика пәнінің мұғалімі Қасен Сейдімбек» дегені осы сүрлеуге жетелейді. Кейіннен Жаңаарқаға атақты әнші Жүсіпбек Елебеков келгенде де әкей Қайратты сол ұлы ұстазға көрсетіп, жолын ашқан секілді.
Мен есімді анық білгенде, ағатайым мектеп бітіруге таяп жүрген. Ол оқу бітірген соң әкем оны екі жыл қатарынан Алматыға оқуға апарды. Екі жыл осы Қазақ Мемлекеттік университетінің журналистика факультетіне түсе алмапты. Мұнан соң ағатайым біреулер айтып-жазғанындай, әкемнің ағасының қолында қой баққан жоқ, жылқы бақты! Кейіннен ойлаймын, ағатайымның салт-дәстүрге, әдет-ғұрыпқа, сал-серілікке, әнші-күйшілікке, қолөнер шеберлігіне, археология-этнографияға ғашықтығы, бейімдігі осы жылқы соңында желдей жорытып жүргенде туған-ау деп. Өйткені ол жылқы соңында жүріп, даланың дархан бейнесін жаттайды, талай қариялармен, ел ағалары, ақсақалдармен, атбегілермен жолығады ғой. Солардың қолдарына су құйып, аттарын байлап, сөздерін тыңдайды. Қазақтың нағыз тұрмысын, сол тұрмыстағы ақыл мен ойға бай жандардың істерін көреді. Өзі айтып отыратын: «Өй, ат арқасында жүріп талайларды көрдім ғой. Ана атақты Ағыбай батырдың немересі Тарғын дегенмен бірге жылқы бақтым. Өзі де бір тұқымына тартқан алып болатын: бойы 2 метр, алақандары күректей, құлақтары қалың тоғайдың ең үлкен саңырауқұлақтарындай еді. Қыста құлағына қатқан мұзды қамшының сабымен ұрып, сындырып отыратын».
Кейін мен Қарағанды университетіне оқуға түскен жылдары көрдім, «Лениншіл жас» газетінің осы өңірдегі тілшісі болып жүрген ағатайым сол университет ректоры Евней Букетовпен дос екен. Ол кісіні Ағатайымның үйінен талай көрдім. Евней аға ұзын бойлы, әдемі жүзді, көрнекті адам болатын. Өзі ұлттық, рухани құндылықтарға, өнерге ерекше қамқоршы болды. Университетінде аса үлкен қазақтың ұлттық оркестрін құрды. Ол кезде Қарағандыдағы қазақтың саны 8-ақ пайыз болатын! Евней ағаның ағатайыммен ұлттық құндылықтар туралы таңды таңға ұрып, сыбырласып, сөйлесіп отырған кездерін көп көрдім. Жалпы, Қарағанды өңірін қазақтандыруға осы екі қазақтың көп ықпалы тиген секілді. Ұзақ жыл ағатайыммен бірге жүріп, қазақтың небір көшбастар ұл-қыздарымен таныс болғанымды бүгін өз бақытым деп санаймын. Ағатайымның шаңырағында Әбіш Кекілбаев, Фариза Оңғарсынова, Асанәлі Әшімов, Қойшығара Салғарин аға-апалармен талай дәмдес болып, әңгімелерін тыңдадым. Сол жылдары байқап, ішке түйгенім мынау: Ағатайымды аса жоғары бағалап, қадірін қатты білген, онымен жолығудан жалықпайтын жан Әбіш Кекілбаев аға еді. Топ адам жиналып, әңгіме-дүкен құра қалса, Әбіш аға үнемі ағатайыма қарап: «Ақантай сөйлесін!», «Ақантайды тыңдайық!» деп ағатайымды алға салып отыратын. Ой, заман-ай!..»
* * *
Жарыс аяқталып, жүлдеге алған шақша салған қалтамды бір қолымен қыса ұстап, үйге беттедім. Жолда Асылхан айтқан мына сөздер қайта-қайта ойыма орала берді: «Ағатайым насыбайды 14 жасынан бастап атыпты. Оны әке-шешемнен естідім. Ал оған өзім куә бола бастағанда байқағаным – ағатайым насыбай атқанда әлдекімдер секілді жан-жағына түкірініп, мазаны алмайды. Ерте бастан қалтасына қағазды тілдей етіп кесіп салып жүретін. Жып еткізіп соған орай қоятын. Сонда мектепте де білдірмей аузына насыбай салып отырған-ау. Олай дейтінім, осы теледидарда хабарға қатысқанда, немесе өзі хабар жүргізгенде аузында насыбай тұратынын талай байқадым. Сонда ешкімге сездірмейді-ау, сездірмейді».
Үйге келген бетте дереу шақшаны алып, зерттей бастадым: таза күмістен қақтап, бұрынғының бүйірі бұлтимаған бөтелкелерінің шағын көшірмесі. Тығынын да күмістен зерлеп жасап, бөтелкеге күміс шынжырмен бекіткен. Тығынының төбесіне қымбат тас өрген. Бір-біріне төңкерілген екі таба секілді шақшаның бір бетін әсем өрнектермен әдемілеген де, екінші бетіне Ақаңның өз жазба-сызбаларында кең тараған бейнесі кескінделген. Кескіннің астына Ақаңның баспасөзде өзі қалыптастырған қолы қойылған. Шақшаның екі беті де бөлек-бөлек жасалып, шақшаға ою-өрнек, кескін-қол қойылғаннан кейін барып шапталғаны анық білінеді.
Бұл бір ғажап дүние! Шақшаны айтамын. Өзі көп пайдаланылған. Ескі деуге келмейді, күміс шіркін анау-мынау жылдарға бояуын жоғалта қоймайды ғой, алақаныңа алсаң, жан-жағын өзіне жалт қарататын аса қымбат тастардай жарқырайды. «Осы шақшаға Ақаңның қолы тиді-ау, аялап ұстады-ау» дегенді ойлағанда, жүрегім кезектен тыс дүрс-дүрс соғып кетеді. Шақшаны алғаш көріп, қолыма ұстап, оңаша қалғанда, Асылханнан мынаны сұрағаным есімде. «Асылхан айналайын, бұл шақшаны Ақаң пайдаланған ба?», «Әрине, аға! Ағатайым бұл шақшаны жасаған шебермен де ақылдасып, мынау бетіндегі өз кескіні мен қойылған қолын өзі орындап бергеніне күмән жоқ! Ағатайым біраз шақшасын шеберлермен ақыл қосып жасасқанына өзім куәмін. Ағатайымда шақшаның небір көкесі болды. Ол кісі шақшадан коллекция жинаған жан да болатын. Кезінде Ағатайымда Құнанбай қажының шақшасы да бар еді. Шақшаны біраз ұстап жүрді де мұражайға өткізді».
Таңғалдым. Рас, Ақаңның біраз қасиетіне өзім де қанықпын. Ол ер шабады, асатаяқ жонады, домбыра жасайды, қамшы өреді… Кескіндеме сурет салуға да шебер. Ақаңның жазған-сызғанын зерттеп қараған жан, оның мұрағатынан мына шақшаның бетіндегідей кескінін аз кездестірмейді. Асылхан айтқандай, шақшаға кескін мен қойылған қолын қашап салуда Ақаңның өз қолының таңбасы қалғаны сөзсіз. Берген кезде алуын алсам да, бұл шақшаның жеке адамның сақтауында емес, мұрағат төрінен орын алар дүние екенін бірден мойындадым. Рас, менде мұндай бағалы дүниенің біразы бар: Қайрат Байбосынов досымның мың ұстаған домбырасы, туған інімдей болған марқұм Мұстафа Өзтүріктің біздің үйде қалдырған қысқа шапаны, міне, Ақаңның шақшасы…
Ақселеу ағаның насыбай ататынын алғаш танысқан соноу 80-інші жылдардан білемін. Шақшаның да неше атасын көргенмін қолынан. Бас қоса қалған кезде сырт киімінің ішкі өңіріне тіккен қалтасынан әдемі бір қимылдармен алады шақшасын. Оны үстел үстіне қояды да, екі алақанын бір-біріне шапақтап, қағып тастайды. Сосын одан да әсем қимылмен шақшаны үстелге түбімен бір тарс еткізіп алады да, іле шақшаның тығынын алып, оң алақанына насыбай төгеді. Одан әрі көруге тіпті керемет көріністер: әлдебір сиқырлап тастайтын қимылмен алақанындағы насыбайды ауызға жөнелтеді. Сөйтеді де, екі алақанын тағы да әуелгідей шапақтап, шаң-қоқысын қағып тастайды. Бітті! Одан ары Ақаңнан насыбай атып отырған адамның қимыл-қозғалысын, әрекетін көрмейсіз. Шәйқайнатымдай уақыт өткенде, жоғарыдағыдай бипаз қимылдармен қалтасына кесіп салған тілдей қағаздарын шығарады да көз ілеспес шапшаңдықпен насыбайдың тортасын төменгі ерін іргесінен сылып ала салады. Қарап отырсаң, рахат. Насыбай атушыларды бала кезімізде ауылдағы шалдар арасынан да талай көргенбіз, шырт-шырт түкіріп, жан-жағының мазасын алып жіберетін, жарықтықтар.
Ақаңнан шақшаның да талай түрін көрдім. Әсіресе мүйіз шақшаларды көп ұстады. Әрі сол шақшалардың алуан түрлі болып жасалуында сол кезде Ақаңның өзінің қолтаңбасы бар деп ойламаппын да. Ақаң бір бас қосқанда шақшасын алып, үстелге қойған кезде, тобымызда үнемі бірге жүретін ғажап әнші-дос, марқұм Жәнібек Кәрменов те: «Ақа, насыбайыңыздан!» деп сол шақшадан қосарлана атысып жататын. Ой, уақыт-ай!..»
* * *
Шақшаны аударыстырып отырып та Ақселеу ағаны сағындым. Ерекше мейіріммен талай басымнан сипап, ағалық әдіппен арқамнан қағып, көп уақыт үнсіз қалсам: «Өй, Несіп сен хабарласуды қойдың ғой!» – деп, Алматы мен Астана арасындағы аға-інілік жібек жіпті үзбей, ұлы дүниені сезімтал жүрегі мен асқақ ақыл-ой, парасатына сиғыза алған Ақселеу ағам-ай, неге асықтың екен» Осы сұрақ санамнан бір сәт шыққан емес. Үнемі өзімнен сұраймын да өзім жауап таба алмаған соң, сұрағыма тұншығып барып қоямын. «Асылхан, айналайын, осы ағатайымнан айрылып қаламыз-ау деген суық ой болды ма сенде?» деп сұрағанмын бірде. «Болды, аға!» Сол бір Желтоқсан оқиғаларынан соң Ағатайымның соңына түсті ғой үш әріп. Бірде Алматыға келсем, Ағатайымның жүзі сынық, жүдеп кеткен. Үйінің төрінде ілулі тұратын сыйлықтары – қылыш, садақ жебесімен, бесатар мылтығы жоқ. Не болғанын сұрасам, «Арқа, қарағым, осы мені мына иттер қамайды-ау, сірә, соңыма оңбай түсіп, сұрақ-жауап алуы жиілеп кетті» деді. Одан аман қалды әйтеуір. Иә, 1999 жылы Алматыға тағы бір келдім. Ол кезде Ақмола облысының бір ауданында прокурормын. Ертең қайтамын деген күні ағатайым оңаша шақырып, қолыма бір қағаз ұстатты да: «Арқа, бәріміз де шайтан емеспіз, мынаны саған сеніп тапсырып отырмын!» – деді. Ұзай беріп қарасам, сыртына «АМАНАТ» деп жазылған екен. «Аманат» дегеннің мағынасын білеміз ғой, үйге келген соң ашып оқысам: «Менің зиратымның басына «Көктегі күнге, жердегі еліме мейірім қанбады!» деп жазыңдар» деп тапсырыпты. Сол кезде әр күннен жаманат хабар күтіп, қорыққаным бар. Өзіңіз білесіз, 2009 жылы ағатайым бақилыққа аттанды. Осы Иманғали Тасмағамбетов ағатайымды жерлеуге белсенді топ құрып, сол жерде менен «Ағатайыңның қалдырған сөз, өсиеті бар ма?» деп сұрады. Мен конвертті бердім. Ағатайымның сол сөздері Жаңаарқадағы зиратында жазулы тұр».
* * *
Ол күн бүгінгідей есте. Ақаңды Еуразия университетінің бас ғимаратынан шығарған соң, Жаңаарқаға жетіп, өзі осыдан бір-екі ай ғана бұрын осында келіп, «Мен мына төбенің басына жатамын!» деп тас үйіп кеткен жерге жерледік. Тура сол сәтте жанымда тұрған Әлібек Асқаровқа: «Мына төбені, шіркін, «Ақселеу биігі» деп атаса» дегенім есте. Іле-шала жариялаған «Ақселеу жұмбағында» да жаздым мұны…
Шер тарқатқан түрім ғой… Енді сол Ақаңның кіндік қаны тамып, өзі мәңгілікке тұрақ сайлаған Жаңаарқасында ұлы Қазақтың 80 жылдығы атап өтілмек. Бұл шаралар – Ақселеу Сейдімбектің Мәңгілікке айналып келе жатқанының нышандары. Бізден кейінгі ұрпақ көреді әлі: Ақаңдар мың, миллион тіріден ірі болып, қазақ даласының әдемі өрнектерінің біріндей тізе бүктіріп, қайдан қарасаң да көзге оттай басылып, әрі кестелене көрініп тұрарына дау жоқ. Ой-һой, білім мен парасаттың падишасы-ай, жатқан жерің Жәннаттың төрі болғай!
Несіп ЖҮНІСБАЙҰЛЫ,
журналист-жазушы,
Қазақстанның Еңбек сіңірген
қайраткері.
Астана қаласы