ПЕРЗЕНТ ПАЙЫМЫ
29.08.2022
320
0

Қазақ елінің ұйықтаса түсінен, тұрса есінен кетпейтін Тәуелсіздіктің таңына жетуіне елін, жерін сүйген, адал еңбегімен, ұлттық болмысы­мен үлес қосқан қарапайым адамдар көп екені даусыз. Солардың бірі – менің
әке-шешем.

Әкем Қасымбек Қабиұлы – Шығыс Қазақстанның Балықшы селолық кеңесі Қарағанды ауылында 1932 жылы дүниеге келген. Әкесі Қаби Жоламанов 1941 жылы Ұлы Отан соғысына қатысып, майданнан оралмаған. Жылдар өткен соң атамның есімі «Боздақтар» кітабына еніп, «1943 жылы ерлікпен Витебск өңірінде қайтыс болды», – деген дерек табылған.
1939-1940 жылдары әкем Қарағанды ауылының бастауыш мектебін тәмамдап, кейін «Жолнұсқау» жеті жылдық мектебін бітіреді. Арманына қол жеткізу мақсатында педагогикалық училищеге тапсырып, білім алуға ұмтылады. Нәтижесінде жас ұрпақтың санасына сәуле төгіп, «Ақсуат» бастауыш мектебінде ұстаздық етеді. Ал 1952-1955 жылдары әскер қатарында болып, сержант шенімен оралған соң, еңбек жолын ары қарай жалғастырады. Ел қоныстанып жатқан жаңа өлкеге мектеп салдырып, білім саласында бірнеше марапатқа ие болған.
1980-жылдары денсаулығына байланысты білім саласынан шаруашылыққа ауысты. Көреген басшы, нағыз маман екенін дәлелдеп, «Бұқтырма» балық зауытының учаскесіне басшы болып тағайындалды. Іскер адам – қай салада болмасын іскер. Басқарып отырған зауыты жоспарды артығымен орындап, ел назарына ілінді. Осылайша әкем әрі қарай білімін жетілдіріп, Мәскеудің «Кәсіпті жетілдіру» курсында екі жыл оқып, өмірінің соңына дейін балық зауытында қызмет етті. Басты жұмысымен қатар қоғамдық қызметтерге де белсене араласып, парасат-пайымын да көрсете білді. Зауыттағы кәсіподақ ұйымын басқарып, елге елеулі, жұртына сыйлы азамат атанды. Қасымбек Қабиұлы өнерден де құр алақан емес еді.
Әкем кітапты көп оқитын, уақыт тауып, ой-толғанысын бала-шағасымен бөлісетін. Бала тәрбиесіне де қатты мән берді. Мектеп­пен, ұстаздарымызбен тығыз байланыста болды. Тіпті әкелік махаббатын танытып, білім ошағына арнайы келіп, сабағымызға қатысатын. Әкеміздің ризашылығын алу – біз үшін үлкен мәртебе еді. Ол кісі әр балаға жалғызындай қарайтын. Үш қыз, екі ұлын ерекше жақсы көрді. Әрқайсымыздың тұлға болып қалыптасуымызға әкемнің әсері мол. Біз бүгінде әкеміздің тағылымды әңгімелерін өз балаларымызға өсиет етіп айтудан жалықпаймыз.
Анам – Қайыржамал Қамзақызы1933 жылы Шығыс Қазақстанның Көкжыра ауылында дүниеге келген. Сол ауылда орта мектепті бітіріп, 1951 жылы Өскемен педагогикалық университетінің математика факультетіне оқуға түседі. Оқуын аяқтап, Құйған орта мектебінде математика пәнінен сабақ береді. Жарты ғұмырын ұстаздыққа арнаған аяулы жар, асыл ана, сыйлы келін. Жалпы қазақ әйеліне тән барлық өнегелі жолды атқара жүріп, өзгенің де баласын тәрбиелеуге ғұмырын арнады. Анамның алдынан жүздеген оқушы өтті. Ол оқушылары арқылы әлемге ізгілік нұрын таратты. Бір өзі – бір мектеп сынды. Қайыржамал Қамзақызы қазақ әйеліне, қазақ анасына тән үлгілі ғұмыр кешті. Отағасының абыройлы болуына барлық жағдай жасап, көршімен тату, құда-жегжатпен сыйлас болды. Соңғы жылдары Алматыға қоныс аударып, бала-шағасының ортасында жаймашуақ өмір сүріп, қазаны оттан түспеді, дастарханы жыйылмады. Айналасына шуақ шашып, отбасының ұйытқысы болып, мәңгілік мекеніне абыроймен аттанды.
1956 жылы отбасын құрған ата-анам бес бала тәрбиелеп өсірді. Үлкен қызы Гүлдарадан үш бала, қызы Лаураның отбасынан екі немере өсіп келеді. Ұлы – Нұржан Қасымбекұлы «Қол күресінен» үш дүркін әлем чемпионы болса, қызы – Анар Қасымбекқызы «Астана опера және балет театрының» жеке солисі. Роза Қасымбекқызы – «Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері», мәдениет саласында қырық жылға жуық қызмет етіп келеді. Ал жолдасы – Серік жеке кәсіпкер. Дәурен, Рауан атты ұлдары бар. Гүлнәр Қасымбекқызы – жеке кәсіпкер. Айша атты қыз тәрбиелеп отыр. Өмірден ерте озған Серікқан Қасымбекұлының Артур деген ұлы әке жолын жалғады. Шаңырақтың кенжесі Досым­хан Қасымбекұлы – кәсіпкер. Бүгінде Серікбол, Бақытбек, Бауыржан, Бақытжан есімді төрт ұлдың әкесі. Ата-анамыздан тараған бес баладан 10 немере, 10 шөбере өрбіген. Барлығы да үлгілі отбасы.
Біздің ата-анамыз қарапайым болып жүріп қызметте де, отбасында да жетістікке жетуге болатынын дәлелдеді. Қашан да ұлт­тық рухы басым, жігері үстем болған жанның өмірі көпке үлгі. Дегенмен ата-ананың алдындағы парызды өтеу мүмкін емес. Біз жақсы боп жүрсек, ол ата-ана еңбегінің ақталғаны. Бізді бақытты еткен әке-шешеміздің шексіз мейірімі мен ізгі тәрбиесі. Ата-анамызға мәңгілік қарыздармыз!

Роза ҚАСЫМБЕКҚЫЗЫ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір