«АЛМҰРТ АҒАШЫНДАҒЫ» ҚҰСАЛЫҚ
28.08.2022
924
0

Діни аңыздар Адам ата мен Һауа ананы беймәлім бір жемістің зарпынан жерге қуылды дейді. Өмірдің бастауы болған қай жеміс?Мұны әр халықтың сенімінен іздесек, бидайға да, алмаға да «жолығамыз». Өнер әлеміне көз жүгіртсек, шие ойымызға орала кетеді (Ирандық кинорежиссер Аббас Киаростами түсірген «Шие дәмі» атты шедевр туындысын меңзедік – А.С). Олай болса, киелі жеміс қатарына алмұртты да қосуға тиіспіз.

«Алмұрт ағашы» – түрік кинематографиясының көзі тірі классигі, режиссер Нури Бильге Джейланның авторлық ­фильмі. Осынау кинокартинада Түркияның өмірі, жаңашылдық пен дәстүр, философия, әке мен бала, ескі мен жаңаның арасындағы қайшылық – бәрі-бәрі астасып жатыр. Әлемдік кино өнеріне қосылған сүбелі де сүйекті, қайталанбас туынды саналатын бұл фильм көпшілік көрерменге аса танымал емес. Бұлай болатыны бір жағынан түсінікті де: интеллектуалды шығарманың көп оқырманы, көрермені болған емес. Осындайда Т.С.Элиоттың: «Менің шығармаларым бір заманда жаппай оқылғаннан гөрі, әр заманда аздан оқылғанын қалаймын» деген сөзі еске түседі.
Джейланның фильмдері – түгелдей «жайбасар», бір қарағанда іш пыстырарлықтай көрінеді. «Алмұрт ағашы» да бұдан алшақ емес – сіздің үш сағатыңызды «жұтып қояды». Дегенмен бұл ауқымда сұлулық та, терең ой да, интеллект те бар. Көбіне біз оның фильмдерінен Джейланның өзі аузынан тастамайтын Тарковскийдің желісін байқап қаламыз. Тіпті Чеховтың кейіпкерлері де көз алдымызға елестейді. «Алмұрт ағашында» білімді, өз-өзіне сенімсіз, өзін ешкім мойындамайтын, қолынан түк келмейтінін сезініп жүретін Синан есімді кейіпкер де соның бірі секілді.
Синан – жас жазушы. Колледжді бітіріп, ауылына қайтады. Емтихан тапсырып, мұғалім болғысы келеді, бірақ мұның бәрі сылтау ғана секілді. Тіршілікпен бетпе-бет келгенде не істерін білмей, абдырап қалады. Өмір сүре алмайтынын түсінген соң ба, әлдебір нәрселермен айналысып, әйтеуір қоғамға сіңіскісі келмейтіндей көрінеді. Оның айналасындағылардың бәрі қым-қуыт тіршіліктен бас алмайтындай, өзінен басқасы ештеңе түсінбейтіндей көрінеді. Неге олар сол қараңғылықтан шыққысы келмейді? Неге басқаша өмір сүруге болмайды? Синанға мұның бәрі түсініксіз. Оның да бала оқытып, мұғалім болуына болар еді. Бірақ Синан әдейі емтиханнан құлайды. Нигилист кейіпкер енді не істеймін деген сұраққа жауап таппай-ақ қояды. Имамнан да, директордан да, жазушыдан да, әкесі мен шешесінен де көңіліне медеу сөз естімейді.
Синан бұл сұрақты көрінген адамның бәріне қояды. Оған былайша айтқанда «құқығы» да бар. Себебі Синан өмір туралы бәрін біліп қойған адамға ұқсайды, тіпті «Алмұрт ағашы» деген кітап та жазған. Ал өзге кейіпкерлер бұл сұраққа терең бойлай алмағандай. Сол үшін де Синан адамдардан бойын аулақ ұстайды. Олар жаңашылдыққа ұмтылғанның орнына, ауылындағы қым-қуыт тіршіліктің соңында кеткенді қалайтындай. Бұның бәрі Синан үшін тым жабайы көрінеді.
Бұдан бөлек фильмде мына нәрсеге назар аударуға болады: тұрмыс, адамдардың мінезі, әдеті мен қырсықтығы, абсурдты жағдайлар, кикілжіңнің бәрі кинода іш пыстырарлықтай көрсетілгенмен, соның ішінен өзіңді танып отырасың. Яғни, мұндағы эпизодтар өмірдің айнасы секілді. Бұл Достоевскийге еліктеу болса, онда режиссер өте таза, мінсіз жұмыс істегені көрініп-ақ тұр. Өзінің күнделікті өмірі, бір қалыпты жаныңды жегідей жейтін сұр атмосфера, ешқашан ештеңе өзгермейтін өмір, ал адамдар – ақымақ, біржақты, меркинтальді, тіпті ішіп-жеуді ойлайтын жануарлар сияқты.
Фильмнің екі сағаты өткен соң бұның бәріне өзің де сіңісіп кетесің. Іш пыстырарлық картинаны көргендей сезімнен түк қалмайды. Кейіпкерлерге үйренгенің сонша, тек соларды бақылап отырасың.
Өзінің кітабына Синан демеуші тап­пайды. Кейін өз ақшасына шығарып, бірнешеуін кітап дүкеніне өз қолымен апарады да, қалған тиражын үйде қалдырады.
Синан бұдан басқа ештеңемен айналыспайды. Ешқайда шықпай, шетсіз, шексіз түрік ауылын поэтикалық күзде кезіп жүре береді. Бас кейіпкер отбасы институтынан (шешесі ойыншы әкесімен бірге бақытсыз өмір сүріп жатқаны анық), діннен (имамдар дәстүр мен технологиялар арасында баланс табу үшін жанталасып, айтқандарынан жаңылады), мәдениеттен (жазушыны терең ой емес, желкесінің ауырғаны мазалайды) көңілі қалады. Мазасы кеткен Синан әскерге кетеді. Бірақ ол онда өзі секілді бәріне бірдей жақпайтын, бәріне қарсылық танытқан әкесінің қаншалықты жақын екенін білу үшін кеткендей әсер қалдырады.
Мұны өмір деп айтудың өзі қиын. Алайда оның кейіпкерлерінің мінезі мінсіз болмаса да, кейде тіпті қаныңды басыңа көтеріп, сіркесі су көтермейтін бейшаралығын көріп тұрсаң да, оның ішінен әлдебіреулерді танып отыратыныңа қайран қаласың. Бұған мысал – Синанның әкесі. Оның әкесі барып тұрған мінезсіз адам, ақшасы мен мүлігін ойынға салып, отбасында абыройдан айырылса да балаларға ақыл айтып, күліп-ойнап, итін өлердей жақсы көріп, тіпті әлдебір мақсатына жету үшін тыраштанып, сол арқылы өз орнын табатындай жүреді. Әйтсе де әкесі мен адамдарды өлердей жек көретін Синанның өзі әкесінің өзін жақсы көретінін біліп, соңында оның кітабын оқыған жалғыз адам екенін түсінеді.
Жейлан диалогтарға келгенде де өте шебер екенін дәлелдейді. Бұл жерде де Достоевскийше жазады. Кейде оның диалогтары жеті, он, тіпті жиырма минутқа созылады. Әрине кейіпкерлер арасындағы әңгіме интеллектуалды деңгейде болғанмен, әр адамның азабы, ішкі қыжылы сыйып тұрған соң ба, көрген адам атмосфераны сезініп, бейсаналы түрде болсын өзін және тұрмысын танып отыратыны сөзсіз.
Операторлық жұмысты да ұмытпау керек шығар. Мезгілдің ауысқаны, жапыраққа жапырақ құлағаны, ұлпаның қалықтағаны шебер көрсетілген. Бұл фонда нигилист Синан терісіне сыймай, ішіндегі қарсылық қыжылын шығара алмай сандалып жүреді.
«Алмұрт ағашы» бұл Тургеновтың «Әкелер мен балаларының» түрікше нұсқасы сынды. Басындағы қарсылық соңында қабылдауға дейін барады. Ал қоғам бұл екеуінде де шаруасы жоқ. Күнделікті күйбең тіршілік жалғаса береді.

«Алмұрт ағашы» фильмі жеті елдің қатысуымен түсірілген. Бірақ ондағы көтерілген мәселе бүкіл әлемге ортақ. Тағдыр ол туа бітті жабысқан нәрсе ме әлде оның шекарасынан шығуға бола ма?
Джейланның бұл картинасы бұрынғы фильмдеріне қарағанда әлеу­меттік мәселені өте терең қозғаған. Қоғамдағы детальдарға аса назар аудармаса да, сөз арасындағы елдің өткені мен бүгіні туралы айтылған сәттерде халыққа түсінікті нәрселерді аңғаруға болады.
Нури Бильге Джейлан бұл фильмде талантты адамның тағдыры туралы өзінше бір қырынан баяндайды. Жас жазушы бұл ауылдан қанша қашса да, тамырынан ажырай алмай, отбасы, туған жері, тіпті туған елімен байланысты нәрседен іргесін алшақ ұстай алмайды. Синан бір сөзінде «Уақыт – ол дыбыссыз ара» деп айтады. «Алмұрт ағашындағы» оқиғалар да кейде секіріп, басты кейіпкердің өміріндегі әлдебір сәттерден аттап кетіп отырады. Дегенмен бұл да адамның есте сақтау қабілетіне тән нәрсе. Кез келген адамның есінде тек әлдебір маңызды нәрселер ғана қалады.
Нури Бильге Джейлан картинаның өзін роман секілді келтірген. Сансыз диалогтар мен тараулардың бәрі адамның ізденісі туралы оқиғаны құрайды. Кейіпкері секілді режиссер да заманауи Түркия туралы кино дегеніміз не деген сұраққа жауап іздейтіндей. Жергілікті колорит әлде өркениет нышандары ма, жалпы ұлтқа тән нәрселер ме әлде жеке адамның оқиғасы ма, дәстүр галереясы ма әлде жаңа көзқарас па? Осынау ізденіс фильмнің негізіндей көрінеді.
Синан бір сөзінде: «миф осы өмірмен, абстракция нақтылықпен ұштасып кетеді» – дейді. Сол секілді «Алмұрт ағашында» да Нури Бильге Джейлан жаңа көзқарас тудырушы рөлінде де, жасөспірімдік ревизионизм өкілі ретінде де және дәстүр сақтаушы, сын күтетін, келесі ұрпақтың ізденісіне жол ашатын адам ретінде де өзін көрсеткендей. Ол құдықтың өзі қазуы тиіс жеріне дейін жетті, ары қарай жас өрендер қазуы тиіс.

Абзал СҮЛЕЙМЕН

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір