Күйзеліс
26.08.2022
892
0

 

Ұлан
ЫСҚАҚ

Түс

Өкінішті-ақ, өңімде емес түсімде,

Өткен күндер көңілімді түсірген.

Апам келіп сипап кетті шашымнан,

Атам еккен алма бақтың ішінде.

Уақытыңды өткізесің текке деп,

Қарайламай кете барды өкпелеп.

Қалбаң-құлбаң мен жүгірем соңынан,

Жалынамын «кетпеші апа, кетпе» деп.

Бұл күндері ар алдында айып көп,

Қарсы алдыма

кең құшағын жайып Көк.

Етегіңе үлгермедім жармасып,

Ақ жаулығың ұшты көзден ғайып боп.

Ал мен қалдым, елесіңді құшақтап,

Балағымнан қойғандай-ақ тұсап бақ.

Сіз кеткенде жапалақтап қар жауды,

Пейіліңіз деп ұғындым түсі аппақ.

Өкінішті-ақ, өңімде емес түсімде,

Өткен күндер көңілімді түсірген.

Апам келіп сипап тұрды шашымнан,

Атам еккен алма бақтың ішінде.

***

Туғаныма өкінем бұл ғасырда

Қалмағандай құрдасым, сырласым да.

Бітеу жұтқан жалдайын қазір менің,

Мың бір сауал қорымай жүр басымда.

Бір үңгірден шыққандай кеше ғана,

Таңсық маған мына маң, көше, қала.

Көп білгіштен көңілім қалған қашан,

Бəрі мені антұрған деседі еді аға.

Жасыратын сырым жоқ жан ұқпайтын,

Қалықтайтын шағым ғой шарықтайтын.

Күндес елдің шаршадым күңкілінен,

Кінəлаудан бір-бірін жалықпайтын.

Аршып алсам жанымды қайда барып?

Арзан дүние, арзан ой айнала лық.

(Базардағы батырлар секілденіп,)

Жоғалмасам игі еді майдаланып…

Біраз болды

Біраз болды ауылға бармағалы,

Біраз болды қоңырау шалмағалы.

Түсімде қолын бұлғап шақырады,

Ысқақ шалдың өсірген алма бағы.

Барайын деп содан соң бекінемін,

Сағыныштан толқып жүр көкірегім.

Барарымда білмедім апамды ойлап

Көңілімнің пердесі сетінерін.

Майда шүйде төбелерді санап кіл,

Жол бойында ақбас таулар қарап тұр.

Назданды ма, ұялды ма білмедім?

Қызқарағай кірпіктерін қадап тұр.

Тау өзені тасынады гүрілдеп,

Жағдайымды сұрамайсың бірің деп.

Өкпелесе қарақаттар күнгейде,

Бұта-бүрген сілкінеді дүрілдеп.

Туған жерге көп болды бармағалы,

Тарылыпты Ақбұлақтың арналары.

Жолым болмай жүргені соңғы кезде

Ақсақалдың батасын алмағалы.

Біраз болды ауылға бармағалы…

Көзіңді қадап тұрып…

Көзіңді қадап тұрып түймедейін,

Биле дедің қалайша билемейін.

Сол түні жолдар бізді бөліп кетті,

Шығарып салсам деп ем үйге дейін.

Сен ауылда қалдың да, мен қалаға,

Кете бардым не қалды енді арада?

Ештеңе жоқ дегенмен есі кеткен,

Елік сезім қап қойды ен далада.

Елік сезім қап қойды елеңдеген,

Қалай айтып жеткізем өлеңменен.

Кешікпе келер болсаң мезгіліңнен,

Жастық өтіп барады сенен, менен.

Мен ­­– бозбала тасып тұр бойда желік,

Сен – бойжеткен қашырған ойдан ерік.

Қос бүйрегім іскенше билеп-билеп,

Жалтақтап әрең қайттым тойға келіп.

Қимай тұрсың білем ғой сенде мені,

Тапсырды екен Тәңірім желге нені?!

Беу жастықтың буы ғой бақтардағы,

Тал қайыңдар жұптасып тербеледі.

ТУҒАН ЖЕРГЕ

Қарабұлақ, асқар таулар, шың құздар,

Маған оттан ыстық сендік түнгі ызғар.

Бірі келіп құлайтындай басыма,

Зəу көктегі жарқыраған жұлдыздар.

Мұндағы ай жақын туған жерге тым,

Ай сəулесі аймалайды көл бетін.

Сені өлеңге айналдырмай өлмеймін,

Мына өмірге ақын болып келгесін.

Сіңіспеген тасбауырлау қалаға,

Менің жаным өле құштар далаға.

Жаңбырдан соң жан сарайын ашатын,

Көкемарал шашқан жұпар ауаға.

Жонымызды күнге қақтап тамызда,

Жоқ іздеумен жастық өтті аңызда.

Айтқандарын екі етпейтін болған соң,

Ауылдағы шалдар маған дән ырза.

Жай-күйіне қарайласып көп елдің,

Сол ауылдың батасымен көгердім.

Шың басын ап, ғарышқа қол созсам да,

О туған жер, сенен әркез төменмін.

 

Суға барам

Су таусылып қалыпты ғой үйдегі,

Шелек алып, етігімді кигелі,

жатыр едім,

жеңгем алды сұраққа,

«Су жетеді, сылтау қылдың, үй нені?»

«Тағы керек, кір жууға» – дедім мен,

Түсте күнде суға кетем тегіннен.

Шелек суды бір төгемін, бір құям,

Күнде осылай арпалысам сезіммен.

«Сусамыр-ау» дейтін шығар ел мені,

Түсінер ме, сағынышты мендегі?

Мен суатқа барған кезде қалқатай,

Сен мектептен жататынсың келгелі.

Су басында тұратынмын соны аңдып,

Сен келесің сенімім мол оған нық.

Сені күтіп қанша бақыр суымды,

Қара жерге төктім екен обал ғып?

Сені күтем жолдың бойы көзімде,

Таусылмайтын сағыныш та, төзім де,

Шөлдеп жүрмін суға емес тек қана,

Көзіңдегі көлдей тұнық сезімге.

Сыртыңнан көп қарап тұрам қамыға,

Қандай жанның бұйырдың деп бағына?

«Түс болды ғой бақыр бос па жеңеше,

Суға барам, суға барам тағы да!»

ЖОЛДА

Әке – тау, ана – бұлақ, дала – бауыр,

Кеудемде бір түйін бар жауабы ауыр.

Тұлпардай тыста қалған үйірінен,

Адасып қайдан келдім қалаға бұл?!

Өткендей ала жылан арада бір,

Артына қарайламай ағады өмір.

Қарағайлы жыңғылдың арасында,

Жаутаңдап қалып қойды бала көңіл.

Болам деп келіп еді, бола алмады,

Кезіп жүр кеңістікті ой арманы.

Жанарын тауға қадап ақын отыр,

Табылып қалардай-ақ жоғалғаны.

Арманы бар еді ғой айдан аппақ,

Тас жолдар барасыңдар қайда бастап?

Көшпелі бабалардың керуенімен,

Жылдар-ай ағып жатқан тайғанақтап.

ӨЛЕҢ ЖАЗЫП ЖҮРГЕН ЖОҚПЫН

Жай-күйімді ұқпаған соң жан адам,

Мұң арқалап шығам күнде қаладан.

Терең қазып ой ойлаймын десе де,

Өлең жазып жүрген жоқпын ағажан.

Ақылына қонбайтұғын естінің,

Толған айға сыр ашамын кешқұрым.

Жалғызсырап қалам тағы таң ата,

Айдан өзге қалмағандай ешкімім.

Қаншалықты биік болса мұратың,

Саты жаса деуші ең, соған шығатын.

Аға, сенің ортаймасын қуатың,

Жай табам деп бізге жұмыс қылатын.

Тіршілікте тозған табан шорланып,

Түн өткерем, таңды атырам толғанып.

Қайтем аға, жазғышы көп қоғамда

Тумағанды жазамын деп зорланып.

 

Пікірталас

Бір досыммен діншілдікті өзек қып,

Имандылық жайлы біраз сөз еттік.

Сөздерінен төніп тұрған қара аспан,

Дейді ол маған «бабаларым адасқан».

Білгенінен түйгені көп бір кезде,

Досым еді ол әңгімеміз жарасқан.

Жүрген жолы үлгі болған талайға,

«Адасыпты Фараби де, Абай да».

Дедім оған «туған талай алыптар,

Дүниеде қазақ дейтін xалықтан».

Көрден қашқан Қорқыт ата данышпан,

Көрге түскен Яссауи де данышпан.

Тіл тигізбе тарпаң мінез текті елге,

Ұлы болсаң ешбір ұлтты жек көрме.

Дін білмеген қайран дымды білмесім,

Күндейтіндер өз-өздерін күндесін.

«Бабаң ширк қылды» дедің қалайша,

Жаратқанға жақын тіккен іргесін.

Өз жайына кетті содан жолдасым,

Пікіріміз тоғыспайтын болғасын.

Көңілсіздік

Бақ ішінде отырмын жалғыз өзім,

Қарай-қарай сағымға талды көзім.

Тауып алар адамдай елеңдеймін,

Жапырақтай жанымның жалғыз емін.

Бұл күн маған ірі де, ұсақ та мұң,

Бір бақытты келеді құшақтағым.

Әкімшілік әнеки шырпып жатыр,

Қарағаштың жабайы бұтақтарын.

Маңайымда сырласар жан қалмаған,

Құдайым-ау қалайша аңғармағам.

Күбір-күбір гулесіп мұң шағады,

Саусақтары кесілген талдар маған.

Көңілсізбін көргім жоқ мүлде ешкімді,

Жан дауысым білмеймін кімге естілді?

«Бір қоңырау шалайын бола ма?»  деп,

Бір сұлу қыз сұрап тұр тілдескімді.

ТАУДА

Мен әр күні мұңға батам, ойланам,

Маза бермей түртпектейді ой маған.

Сосын шаршап, қашып шығып қаладан,

Тауға барып емін-еркін бой жазам.

Тауға барам, айды құшам сүйіп мен,

Айығамын күнделікті күйіктен.

Қандай ғажап құзар шыңның басында,

Пенделікке қарап тұру биіктен.

Жаным менің тауға құмар, о бастан,

Таулар менің тағдырыма жол ашқан.

Мен қалайша тіктемейін еңсемді?

Маңдайымнан сүйіп тұрса көк аспан.

Кейде қала жатса жанды жаралап,

Безіп кетем кең даланы аралап.

Диуана боп кеткім келеді, ех сонда,

Таудағы бір тас үңгірді паналап.

Мейлі, сонда өтсін айлар жылдарым,

Ұқсам деймін асқақтықтың сырларын.

Бабалардың берсем деймін аударып,

Тасқа қашап, жазып кеткен жырларын!

Құзар шыңды мекендейді қыран құс,

Тау баласы қыранға ұқсап туар-мыс.

Менің тауда қанатымды қатайтқан,

Тәңіріме айтып қайтам мың алғыс.

Күнге ұмтылу

Ерте таңда көз тастап ем шығысқа,

Қолым созып, Құдай берер ырысқа.

Малдас құрып, Алатаудың үстінде,

Сәуле жасап отыр екен Күн ұста.

Сәулесі оның барған сайын ұзарып,

Көрмейтіндей күйге түсті біз анық.

Нұрландырып күллі әлемді әп-сәтте

Терлеп-тепшіп, шыға келді қызарып.

Кеудесінде мың ғасырлық нұр тұнған,

Күнге қарап айырылдым ырқымнан.

Менен бұрын бұл қазақтың көгіне,

Сұлтанмахмұт Күн болсам ұмтылған.

Еленбеді жұрт ішінде ол да аса,

Сөйтер ме еді қауым болып қолдаса.

Күн қадірін түсінер ме адамзат,

Көз көрмейтін қараңғылық болмаса.

Ерте таңда көз тастап ем шығысқа,

Қолым созып, Құдай берер ырысқа.

Малдас құрып, Алатаудың үстінде,

Сәуле жасап отыр екен Күн ұста.

Күйзеліс

Бақ ішінде қалтыраған кәрі емен,

Жалғызсырап қарағаш тұр және мен.

Менің жазған өлеңімнің бәрі – өмір,

Менің сүрген өмірімнің бәрі – өлең.

Қайғысы бар, бар қуаныш, шаттығы,

Жүрегімнің талып жетті баққа үні.

Маған бауыр адамдардың барлығы,

Маған ауыр адамдардың жаттығы.

Кездерім ай көктемдейін бүр жарған,

Қолын бұлғап, асып кеткен қырлардан.

Менің күткен ақ қанатты үмітім,

Көбелек боп ұшып кетті гүлзардан.

Күн нұрындай күллі әлемді қаратып,

Жүрсем шіркін шуағымды таратып.

Бүгін бір іс бастасам ба деген ем,

Алдым тағы бармағымды қанатып.

Алай дүлей боран соғып күйіктен,

Көңіл кенет құлап түсті биіктен.

Көтеріп ап әрең қойдым орнына,

Әй, өмір ай, сен не деген сүйікті ең?!

 

***

Батысқа қарап жаутаңдаймын да,

Шығысқа қарап жылаймын.

Тоса бере ем, арқамды-ай мына

Қамшысы емес қой, Құдайдың!

ҚаҺарлы күндер зәһарын төгіп,

Отырам у мен зәр ішіп.

Арманым жатыр шаһарымда өліп,

Бауыр дегенім тар іші.

Үмітпен қарап, таңдарды атырам,

Туа ма келер сәті оның.

Ажалдың қорқам солдаттарынан

Майданның екінші аты  – Өлім.

Днепр болып сүйемін сені

Жолыңда болам құрбаның.

Өлгенде енді ұмыта ма елі,

Ұлы Киевтің ұлдарын.

Басымды мәңгі мен ие тұрам,

Жеткізер ме үміт алдансаң?!

Сейілер күмән, сейілер тұман

Жасаған Ием жар болсаң.

Жанымды жейді жазылмаған жыр,

Жазып өлсем ғой Тарастай.

Тымағын киіп көрсем ба деп ем,

Қор болар ма екем жараспай.

Шайырмын деймін, не бетімменен,

Шындықты шырқап айтпасам.

Өр рухымды алып Киевтің ұлы,

Сендермен бірге шайқасам.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір