Сотанақ
Құрманжан ҚАСЫМЖАН
– Сотанақ қайда, қайда менің Сотанағым? Сен бе, сен… Осы үйден қарға адым аттап шығуға болмайды. Көзден таса қылмашы деп қанша айтам – деп дауыстап, күйіне сөйлеген Кәдірақын қорадан шықты да үйді айналып жүгіре берді. Таңнан кеткелі Шабыртыны (Шабындық алаңы) аралап, түс қайта келген беті осы еді.
– Жаңа ғана осы есіктің алдында жүрген. Тентек бота қайда кетті екен? – деп ернін жымырған кемпірі Гүлхан да олай-бұлай күн салып қарады.
– Қап! Мен жоқта басын байлап қара деп, қанша зар қақсасам да құлағыңа ілмедің ғой. Егер бірдеңеге ұрынатын болса… – деп тістенген қария кемпіріне сұрлана қарады да, атына асығыс қонды.
– Әй, шал-ау! Байлап қойсам бәупілдеп, мазасы кетті. Жас баладай жанары жасаурап, жағы талмай боздай бергесін жаным шыдамай, еркін жіберіп едім. Өзі соңғы кезде ауыл аралап кететінді шығарды. Құдай сақтасын! Аман-есен табылар, – деді кінәлі жандай қынжыла тіл қатқан Гүлхан.
Әдетте топан су тобығынан келмейтін жайсаң ақсақалдың бұлай күйгелектейтіні, түйе төлі дегенмен «Сотанағын» бауыр ет баласындай көретін. Белі бүгілгенше шыр еткен шақалаққа зар болып жүріп, самайлары ағарған қос қария бар зарығымен мауқын осы «Ботасымен» басқан. Есі шыққан Гүлхан айналаны шолып ырсылдап, көрші-қолаң, бала-шағадан сұрастырып, жол бойында дегбірі кетіп тұр еді. Арада сүт пісірім уақыт өткенде анадайдан Сотанағын еркелете жетелеп келе жатқан Кәдірақынды көзі шалды. Ботасы табылып дүниесі түгенделген ақсақалдың екі езуі құлағында. Түк болмағандай жайраң қағып, күн шуағы жүзінде толқи маң басып келіп келеді. Бағанағы ашу мен ызаның ауылы алыс қалған…
Кәдірақын Үйсін тауының етегіндегі жылқы фермада ұзақ жыл түйеші болып жұмыс істеді. Жекеменшік деген атымен жоқ. Бәрі – өкіметтің малы. Сондағы міндеті қыстай жылқы Қостарына жем таситын. Малшылардың мінер ат пен арық-тұрақ, кәрі құртаңы, тай-тулағына өкімет үлестіретін арпа мен бидайын жеткізетін. Ол заманда сай-салада ықтасын қуып, бұлақ бойлай орналасқан қыстаулықтарға дөңгелекті көлік бару қайда?! Сондықтан қарт түйешінің бір заман дәуірі жүрген. Көмекшісімен бірге бес бірдей атанның белін қайқайта маң бастырып, орама темекісін қырлана үрлеп Құдайдың құтты күні сапарда жүретін. Ол күндері өзі үшін ханның тағына бергісіз күндер еді ғой. Барған жерде бағасы артып, малшылар қызын алар құдасындай құрмет көрсететін. Несі бар? Төрткөзбен күткен азығын әкелген Кәдекеңе ағынан жарылып, ауызынан шыққанын құптап, елпек қағатын. Сөйтіп қонған жерінде аршаның бүрімен ыстап, мейіздей құрғаған қыстың сарбауыр қазысымен мұртын майлап аттандыратын. Қараша басынан бастап көктем шыққанша қыстаулықтарды қыдырта аралап, шайқап-ақ жүретін. Қырсық деген айтып келген бе? Отыз жылға жуық арқасының майлы тері кеуіп, абыройы аласармаған қарт түйеші аяқ асты күтпеген жағдайға тап болып, бірақ күнде «құзырлы» міндетінен амалсыз қол үзген.
Ол былай болыпты. Фермадағы складшыдан 500 келідей жем артуға атандарын қомдап келген ғой. Сол жолы көмекшісі Исақын шаруалары шығып, ере алмай қалады. Жасы елуді еңсерген қойманың есепшісі Қадыр да жалғыз отыр екен. Қолды-аяққа тұрмайтын бармақтай ғана ұйғырдың тілі сарнап тұрғанмен, әзірейіл түкті жануардан өлердей қорықпасы бар ма. «Бидайдың бір жағын демесіп, теңдесісіп жібер», – деген Кәдірақынның өтінішіне бас шайқап:
– «Женім ака, бәк қорқұнұшлық бұ гүйлә. Түгілә мені яп етіду» (Жаным ағатай, бұлар өте қорқынышты екен, Түйелер мені жеп қояды), – деп ат тонын алып қашқан.
– Айналайын, Қадір-ау! Бұлар сенің есегіңнен де текті, жуас деймін. Оның үстіне бәрі тегіс пішілген. Арасында құтырып тұрған бурасы да жоқ. Тиіспейді. Кел артысып жіберші, – деп, қиылып жалынғандай болады. Сонда да қалдарақтаған Қадір азар да безер қойманың табалдырығынан аттап баспай қояды. Жасы алпысқа таяп қалғанмен Қадірдей қорқаққа ызаланған Кәдікең:
– Ой, ешкінің асығы құсаған қоянжүрек, сілімтік, менің қатыным құрлы жүрек жоқ екен ғой сенде, күнімді саған қаратқан Құдай-ай! – деп, қап толы бидайды түйеге жалғыз теңдемекке бел буады. Атанның екі жағына екі мөшөкті тіктеп қояды да, қалғандарын көлденеңдеп салып, айқастыра тасталған арқанын бекітіп, әне-міне екі атанды тұрғызады. Соңғы атанға келгенде бір жағына қояр қап болмай қалады да, тіземен тіреп арқанын байлап жатқанда мөшөк толы зілдей бидай қисаң ете түсіп, белі кілт ете қалады. Содан-ақ Кәдірақын белін ала алмай, бүк түсіп, шойырылып жатып қалды. Енді жұмысты жалғастыра алмайтын болғасын түйелердің бұйдасын біреудің қолына ұстатуға тура келген. Сол кезде басшылыққа өтінішін айтып өзіне көмекші болып, көп жыл бірге жүрген жолдасы Исақынды орнына ұсынады. Онысы көп жыл бойы жолына ғана емес, жанына серік болған жануарларын сенімді қолға аманаттағандағысы еді. Әйтпесе орта жолдан «майлы шелпекке» көз алартатындар аз болмаған.
Кәдірақынның пайғамбар жасқа жақындағынымен артынан ерген ұябасар ұлы, алдына ас суын тосып «әкелеп» күтер қызының жоқтығы қабырғасына қатты бататын. Алла бермеді, сұрап ала алмады. Күйігі ішінде. Бар алданышы сол маң басқан сардаланың сабаздары болды. Тым болмағанда түйелерінің күйісіне қарап көкірегіндегі күйігін жеңілдеткендей болатын. Қыстай жем тасыса көктемінде күзеп, кеудеше мен қолғап, байпақ тоқуға жүн сұраған қатындарды қарық қылатын. Інгені боталаса, Гүлханы ұл тапқандай қуанышын қоярға жер таппай кететінін қайтерсіз. «Жас төлге тіл-көз тез тиеді» деп қора маңына ешкімді жолатпай, қырық күн бойы қорып жүретін. Ал, жаздай қос өркештілерін тікенді-қурайлы, жыланды жылғаларға қайырып бағып, аруаналарының өркеші тұра бастағанда жарықтық қарияның да еңсесі көтеріліп, көңілі тоғайып қалушы еді.
Енді, міне, бәрі көзден бұлбұл ұшты. Десе де, белі кішкене икемге келген соң ферма басшылары табыссыз жатқан Кәдірақынды шақырып, қолынан келер жұмыс ұсынған. Ондағысы – «Шабырты» деп аталатын қырқалы адырдағы шабындыққа көкбасы сайлау. Бұл шабындық Атзауыттың (жылқы ферманың) шығыс жағында шамамен 5-6 шақырымдай қашықтықта, Үйсін тауының бөктерінде орналасқан. Ауылға қараған беті торланып қоршалған. «Табыссыз еркектен – жұмыртқа тапқан тауық артық», – демекші қыбырламай болмайды. Көңілі қатты қалап кетпесе де Кәдірақын бұл ұсынысқа бірден бас изеді. Ендігі міндеті шілде туып шөпшабыс науқаны басталғанша бөктердегі біртал шөптің гүлін түсірмей шаруаларға аман өткізуі керек.
Сәуір ортасы. Аяқ асты ауыл басшысынан «Исақынның қорасына тез жетсін!» – деген суыт хабар келді. «Не болып қалды екен» – деп, аң-таң болған Кәдірақын түйешінің үйіне тізгін ұшымен жеткен. Сөйтсе, Исақынның қолындағы өзі білетін ақбас інген көтеремнен өліпті де, туғалы бір жетіден жаңа асқан ботасы жетім қалыпты. Аштықтан қарны қабысқан жас төл сәуірдің салқын желіне дір қағып бүрсиіп, бір уыс болып қалған. Исақынның қорасына көрші-қолаңы бар бір қауым ел жиналыпты. Бірі: «Не деген сүйкімді ботақан, басы әппақ екен. Тіл көзім тасқа. Обал-ай! Обал-ай!» – десе, енді бірі: «Көзінен аққан жасын қарашы, о Жаратқан, адам баласындай жылайды, ей! Уызға жарымаған байқұс қайтсын-ай енді?» – деседі. Көз шанағына толы ытқыған жасы кірпік ұшына ілініп барып домалап-домалап түседі. Текестің бойынан ойыса соғатын суық жел тынбай түйелердің шудасына орала осықылайды. Байқұс бота жағы талмай күңірене боздап тұр.
Ауыл басшысы Әнуар Исақынға:
– Мына жетім ботаны сен асырап бақ, өлсе құнын төлетпейміз. Өлмесе, өкіметтің малы болады. Бағым ақысын береміз, – дегенде зарезеп болған.
– Жоқ, мен баға алмаймын, әйелім науқас, өзім ана-мына шаруадан қолым тимейді, өлтіріп алып обалына қалам ғой, – деп ат тонын ала қашыпты. «Енді бұны кім асырай алады» дегенде, түйе баласының ығын білетін Кәдірақын, кемпірі де осы түлікке икемді. Жетім ботаны соған берген жөн, десіпті жиналғандар. Сөйтсе, Кәдірақынды мұндағылар осы шаруаға бола шақырған екен. Қолында жүргенде ақбас інгеннің шұбатына қанып ішіп, талай майтабан ботасын өсіріп, қатарға қосқаны қарт түйешінің көз алдынан көлбеңдеп өтіп жатты. Ал тоқтаусыз боздап, көзінен жас парлап, дірдек қаққан ақбас ботаға қарап жаны күйзелген түйеші енді көп кідірмеді.
– Жарайды, маған беріңдер. Мен бағайын алаңдамаңдар, – деп балаша бүгежектеп, үстіндегі шапанын қалшылдаған ботаға жапты да, дереу үйіне алып қайтты.
Бұл күні Гүлханның да қуанышында шек болмады. Көзінен жас парлап, жас балаша жаутаңдаған сүйкімді ботақанды көрген жерден мейірлене бас салған. Әуелі жас баладай сылап сипап, қант қосқан сүтті аузына тосыпты. Емізікке үйренбеген ботаның жағы қарысуға айналғанда, Гүлхан ақбас інгеннің шудасынан алдырып кеудесіне орап, бойына шуаш иісін сіңдіреді. Қас қарайа бота онан бетер ашыға түсіп, ентелеп емшек іздей бастағанда аруанадай мекіреніп, қолтығынан емізік беріп ауыздандырады. Жырығы көбіктеле қылқылдатып, сүтті жұта бастағанда тұла бойы тершіп, бала емізген анадай рахаттанады екен жарықтық. Арасында бұршақ сорпасына жұмыртқа шалып, сиыр сүтімен қосып ішкізіп қуаттандырыпты. Сөйтіп, кемпір мен шал ақбас ботаны қойындарына алып жатып, жалғызындай мәпелеген.
Бота өскен сайын әр түрлі қылықтар шығарып, кемпір-шалмен ойнайтынды тапқан. Бірде апасы құрт жайып, сықпа сығымдап отырғанда жаулығын тістеп ала қашып, кемпірге жеткізбей ойнақтаса, енді бірде бала-шағамен қуаласпақ ойнап, көшедегілерді мәз-мейрам қылатын. Тіпті қызарған киім киген қыз-келіншектердің артынан майтабанымен ептеп басып жетіп барып, «бауп» дей түсіп шошытатын немесе әдетінше орамалдарын тістеп ала қашып, үйге бірақ жететін. Арасында тайраңдап жүріп апасының өресін құлатып, шелектегі суды төгіп кеткенде, Гүлхан алакөзбен атып зекісе, бейне жазықты баладай томсарып, кәдімгідей кінәлі болып қалатын. Мұндайда жарықтық ананың өз жүрегі шыдамай, ботасының қасы көзін аймалап, алдап-сулап тез ақ көңілдендіріп алатын. Ал, біреу-міреу Кәдекеңдерді үйіне қонаққа шақырса, олар кезекпен барады. Өйткені, Кәдірақын мен Гүлхан көзден таса бола қалса, бота бәупілеп боздап, ата-анасы тастап кеткен баладай мазасы кетеді екен. Бұл қылығына қарап Гүлхан «бізге Құдай шыр еткен сәби сүйгізіп қылығына тойдырмаса да, осы Сотанақты берді ғой, мұның баладан қай жері кем?» – деп, соған да шүкір етіп сүйсінетін. Әне, сол кезден бастап-ақ ақбас бота «Сотанақ» атанып кеткен. Әңгіме басындағы Кәдекеңнің ботасын іздеп шыр-пыр болған шағы да осы тұс еді.
Сотанақтың бес жасқа толар шағы. Қыстың соңғы айының бір кешінде Кәдірақынның іші ауырып, мазасы кетеді. Қайта-қайта далаға жүгіргіштейді. Сол күні түн ортасында қораны айналып отыра бере, түйе байлаулы тұрған жақтан ағараңдаған әлде бірдеңені көзі шалып қалғандай болады. Қылаулап тұрған қардың арасынан барлап қараса, ақ сәлде ораған ақкиімді ақсақал сотанақтың шудасын тарап, қасы-көзінен сипалап тұр екен. Өз көзіне өзі сенбей, анықтап қараса әлгі ақсақал түйесінің жанында тұрғанын анық көреді. «О, құдірет! Мына сотанақ киелі жануар екен. Иесі келіп айналып-толғанып жүр екен ғой, бәсе, тегін мал емес екенін ішім сезуші еді», – деп іштей күбірлеп, қайта көз тастағанда әлгі ақсақал тұрған жерінен ғайып болады. Сол күннен бастап Кәдірақын мен Гүлханның сотанағына деген құрметі тіптен арта түскен. Жетім ботаға барын беріп, мейірін төгіп мәпелеп өсірген еңбегін білетін ауыл басшылары бірден бассалып, ортаға (жұмысқа) алып кетуге батылдары бармайды. Кәдірақын да басы ашық жеке меншігі емес екенін ойлап, іштей алаңмен жүрсе де:
– «Көшкенде жүк артар жалғыз көлігім, ешкімге бермеймін», – деп өкімет жаққа құлаққағыс еткендей күңкілдеп жүреді. Ел іші ғой. Анда-санда ауылдастардың көшіне көмектесіп, жүгін жеткізіп алғыс пен батасын, аздап еңбек ақысын алып уақыт өткізеді.
Сотанақ тоғыз жасқа толар шағында ферма атшабарынан Кәдірақынға хабар келеді. Бұрын ауылдан салт атпен барып, шабындықты қорып жүретін еді. Тордың аузынан көкбасыға арнайы үй салыпты. Енді сол жерге көшіп барып, көкке қарауы тиіс екенін, басшылардан талап солай болғанын жеткізді. Не керек, сотанағы туралы аналардың тіс жармағанына іштей риза болған ақсақал бірден келісіп, айтқан уағында бұйырған жерге көшіп барып, жұмысына кіріседі. Сол тор аузындағы үйдің жоғарғы жағында қытайлар мен моңғолдардың моласы бар болатын. Кей күндері кеш кіре белгісіз бір улап-шулаған дыбыстар шығатын. Бастапқыда кемпір мен шал үрейленгенмен «Кәпірдің жыны ғой ол, бізге ешқандай залалы келе қоймас», – деп аса қатты мән бермеген. Күндер өткен сайын сол шу үдей түседі. Тіпті кей күндері түнімен ұйықтатпай үйдің маңына дейін келіп, жылап қыңсылаған дауысы бар табақ-кернейін даңғырлатып, естерін алатын болған. Кәдірақын басшыларға бұл жайды айтып шағымданғанда олар сенер сенбесін білмей:
– «Не болды, ақсақал? Ондайды ойдан шығармасаңызшы, бала емессіз ғой. Бұған дейін ондайды кім көріпті. Егер көкбасылықтан қажысаңыз ашығын айтыңыз, орныңызға кісі дайын», – деп қарияны тұйыққа тіреген.
Бір күні Кәдірақын тоқалтамның жанынан ұра қазып жатып, адамның бас сүйегін тауып алады. Барлап қараса, кішкене баланың бассүйегі сияқты. Бұрын-соңды ондайды көрмеген ақсақал не істерін білмей абдырайды. Не де болса әлгі ауыл басшыларына көрсетіп, «Шуылдақ» жайлы айтқанымды дәлелдеймін деген оймен сарай үйіне апарып, шүберекпен орап қояды. Сол күні Кәдірақын қасқарая атын арқандап, тұсаулы жүрген сотанақты есік алдындағы мамағашқа әкеліп байлайды. Ауа-райын байқап еді аспан бұзылып, алабұрта бұлттанып кетіпті. Сынық ай қара бұлттың жыртығынан сығалап, баяу қалқып барады. Түнде тағы күн жауатын болды ғой деп түйген қария үйге беттейді.
Ел орынға отыра бере-ақ әлгі мола жақтағы уылдақ-шуылдақ ақырындап басталады. Майшаммен отырған кемпі- шал әдетінше білген иманын үйіре Құдайға сиынып, өздерін сабырға шақырады. Жағымсыз шу бәсеңдегеннің орнына күшейіп, бара-бара жақындай береді. Көзі алақандай болған кемпірі:
– «Шал-ау, бұлардың шуы күндегіден күшті ғой, тіпті бүгін ерте басталды, Алла сақтай көр!» – деп, Кәдірақынға жақындап жылжып отырады.
– «Ой, не қылар дейсің кәпір жын үйдің маңына дейін келіп жүр ғой, бізде алынбаған әкесінің ақысы жоқ, қорықпа кемпір», – деп қамшысын бүктеп мығымсынғанмен отағасының да көңілі әлденеден қобалжи түседі. Өйткені, анау молада тек жерленген Ханзу мен Мұңғұл ғана жатқан жоқ. Кезінде моңғолдар өзара қақтығысып, бір ауыл адамдары, әйел бала-шағасы бар түгел қырылыпты. Содан бері «Шабырты шулайды, бұл жерді жын иектеген» деген әңгіме де ел аузында ауық-ауық айтылып жүретін.
Осы кезде әлгі жылап-шыңғырып, әсей-мүсейін даңғырлатқан айқай-шу, ащы дауыс үйге жақындай түсті. Қорыққанға қос көрінетіні бар емес пе? Тіпті сұмдардың ащы даусы құлақтың түбінен шығып тұрғандай көз алдарында сан түрлі құбыжық елестер пайда болып, кемпір-шалды одан бетер үрей билей бастады. Міне, тіпті жақын жерден шыңғырған ащы дауыстар үй маңайлап, салапан терезе қосылып желмен сытырлап, естері шығады. «Алла сақтай гөр! Сақта, Құдай!» – деп күбірлеп, еріндерін жыбырлатқан екеуі бір-біріне ығысып естері шығады. Үй ішінде тура жан алғыштай суық елестер кезіп, тысырлап, салдырлаған ыдыстардың дыбысы өршіп, үйдің төбесі дүрсілдегендей болады. Тоқал тамның төбесінен қарқылдап күлген дауыс естілгенде, қара тер басқан Кәдірақын мен кемпірі естен тана жаздап орнынан тұруға халдері келмей, жүректері ауыздарына тығылады. Осы кезде әлгі ащы шуыл сәл бәсеңдегендей болып, екі мүсәпірдің құлағына есік алдынан гүрілдеп шиқылдаған бір өзгеше дауыс анық естіледі. Есікті жұлқылап тартып жатқандай болды:
– «Ал, келді, біздің жанды алуға келді, не жаздық? Құдай-ай, қайдан тап болдық мұнда?» – деген дәрменсіз кемпірдің үні зорға шығады. Орнынан қозғала алмай қалған Кәдекең кемпірін тарс құшақтап, қорқыныштан тұла бойынан жан кеткендей қалтырайды. Осылай екі дүниенің арасы қылдай болып, бар білген иманын үйіріп отырғанда есік ілгегі тарс етіп ашылып, дәу қара ішке жартылай енеді де гүрілдеп, шиқылдап жатып қалады. Көздерін тарс жұмып, бір-бірін сіресе құшақтап, Құдайлаған шал-кемпір естерін жия алмай талықсып кетеді. Арада шамалы уақыт өткенде Кәдекең көзін болымсыз ашып, ес жиғандай болады. Қараса, кемпірі ес-түссіз сұлық жатыр. Жаңағы жан алардай болған қорқынышты шу бір жола тынған. Тек шиқ-шиқ еткен бір таныс дыбыс құлағына келеді. Есік жаққа ақырындап қараса, сұрғылт түннің арасынан қараң-құраң бірдеңе көрінеді. Тағы анықтап бажайласа, босағадан өзіне қарап жатқан әлгі дәудің сұлбасы түйеге ұқсайды. Шиқылдаған дауыс тісін қайраған буранікі екеніне бірден көзі жеткен Кәдекең:
– «Ой, Алла! Мынау, мынау сотанақ па?» – деп күбірлейді. Өне бойы ұйып қалған. Тер сауламаған жері жоқ. Есіктің жақтауынан сығалаған болымсыз жарықты сындырып тағы көз салып еді, тісін қайрап қаһарға мінген сотанақ босағаны басып жатып алған екен. Көзі шарадай болып, бойындағы үрей бірден сейілген Кәдекең қуанып кетеді.
– «Ой, кемпір, тұр! Қорықпа! Бізді мына жын-шайтаннан сенің сотанағың қорғап қалды. Тұр,тұр!» – дейді. Гүлхан есін әзер жинап, көзін зорға ашып, өз-өзіне келе бастайды. Сөйтіп таң атқанша жарықтық жануар босағаны бермей, күн арқан бойы көтерілгенде шөккен жерінен тұрыпты.
Бұл қалай болды екен?» Байлаулы тұрған түйені кім шешті?» деген күдікті сұрақ мазалаған Кәдірақын тысқа шығады. Түйе жарықтықта не болғанын баяндап беретін тіл жоқ, күйіс қайырып тоқал тамның жанында бейғам тұр. Байқаса шудасына қарай салбыраған қайыс шылбыры пышақпен кескендей шолтиып тұр. Міне, ғажап, әлгі жын-ойнақ үйге жақындағанда иесін қорғамақ болған жануар шылбырын тіспен қиып, үйге қарай беттеген көрінеді.
Түндегі сұмдық үрейден кейін жүрегі шайлығып, әбден қорқып қалған Кәдірақын әлгі сарайдағы бассүйекті аулақ апарып көмеді. Өйткені, «кешегі жын-жыбыр соны іздеп келді ме?» – деген ішінде күдік болды. Кемпірі екеуі келіскендей дереу атқа қонып, ауыл басшыларына барып, енді бұл жұмыстан босатуларын сұрайды. Құзырлылар аздап ақсақалдың айтқанына күдіктенгенмен шыр-пыр болған қарияның өтінішін жерге тастай алмай, тілегін орындайды. Мұндайда ел ішінде әңгіме жата ма? Киелі жануар сотанақтың таңғажайып оқиғасы ауыздан-ауызға тарап, әп-сәтте аңызға айналды. Кейбіреулер осы әңгіме үшін Кәдекеңді арнайы іздеп келіп, әңгімеге тартып, таңдай қағысып қайтатын болған. Бірақ көп ұзамай ауылдың шаруашылыққа жауапты басшысы Әнуар екі кісімен келіп, Кәдірақынның мамағашына атын байлайды. Аман-сәлемнен кейін қынжылыс таныта, келгендегі қолқасын айтады.
– Ақсақал, өзіңіз білесіз, көп ел күңкілдеп жүр. Сотанақ – өкіметтікі. Шабындық қарамасаңыз, түйені бізге қайтарасыз. Исақынның қолына өткіземіз деп жанындағы түйешіні көзімен нұсқап. Енді шаруашылыққа жұмыс істейді – деп, сөзін қайырады.
Сонда үні шықпаған Кәдекеңнің сақалын жас жуып, жер бауырлап отыра кеткен деседі. Қанша қимағанмен қолдан келер қайран жоқ. Кәдекең мен кемпірі сотанақтың шудасына орала кемсеңдеп, амалсыз әлгілерге шылбырынан ұстатқан. Бар айтқаны Исақынның атының тізгінінен ұстап тұрып:
– «Исақын, менің айтар жалғыз тілегім түйені піштіре көрме. Піштірме! Сотанақ адамға жақын өсті, кісі жатырқайтыны бар. Әрі мінезі де шадырлау, өзіңе ерегестіріп алма. Әсіресе, жарағанда аздап еркелейді. Сылап-сипап көңілін тапсаң, саған да көндігеді ғой. Тек қандай жағдай болса да піштіре көрме. Бұл жәй түйе баласы емес», – деп Исақанға жасаураған жанарын салып сұрана қарайды.
– Ой, Кәдеке, алаң болмаңыз. Аманатыңызды орындаймын, мұны білемін ғой, – деп түйені жетелеп Исақын кете барады.
Арада аунап екі жыл өтеді. Сотанақтың жасы толыса түседі. Қаңтар туғанда бура біткен жарайды ғой. Сотанақ та ай бойы нәр татпай, бауырынан жарап, гүрілдеп, аузынан аққан түйдек-түйдек ақ көбігі кекілімен ұзын шудасын жауып кететін. Алып денесі сымдай тартылып, жүрісі қаңбақтай жеңілдейтін. Байлауда тұрса әзәзіл түкті жануардың отты көзі айналаға қанталай қадалып, азу тісін қайрап айбат шегетін. Үйірге түсер сәт жақындаған сайын бура біткеннің әдетінше тобылғы түсті қамшысын шабынтып, құйрығына зәрін тосып өркешін сабалайтын. Сөйтіп аналығын аңсаған түсі суық түлік шиыршық ататын. «Жануар бір аунап алшы», – деп байлауын шешіп босата салса, «шыдатпаған ұлан асыр аталық қуат дерсіз, анадайда жатқан қу түбірге інгенге шөккендей міне кетіп, қар қабығын қамшысымен аршылап жіберетін. Ал, азу тісі ақсиған мұндай қаһарлы бураға кім беттесін. Желкесінен аққан майлы саталағымен өркешіне сіңген ащы зәрінің күлімсі иісі бір сайды алып жатушы еді. Ақсақалдар:
– «Бұл бір керемет жаратылыс қой, бура жарағанда бұлай саситыны тегін емес. Бұның күлімсі исі күншілік жердегі інгеннің танауына жетіп, күйлеген аналық өзі бурасын іздеп табады екен», – деп отыратын. Айбарлы бураның айбатынан жасқанғандар шығарған болса керек: «Сотанақ жарағанда адам қуады екен, абайлаңдар», – деген ел ішіне қауесет те тарап жүреді.
Ақпанның ортасы. Бураның жараған кезі. Исақын сырқаттанып жұмыстан қалып, түйелердің шылбырын көмекшісі Атымтай ұстайды. Ол жараған бурадан зәре құты қалмайтын қоянжүрек қорқақтың өзі еді. Сол жылы тек атандармен ғана жем тасып, сотанақ көктем шыққанша түйешінің есік алдында қазықтай қатып байлауда тұрады. «Бурадан қорықсаң, орныңды босат. Әр түйенің өз жүгі бар» деп шаруабасшылары шүйліккенде:
– Ойбай, шөп салам деп жақындап ем, сотанақ маған ауыз салды, қайта байлауда болғасын әзер құтылдым. Сенбесеңдер, өздерің жақындап көріңдер, ең дұрысы осыны піштіріп тастайықшы. Біреуге залалын тигізсе кім жауап береді? – деп, зарезеп болады.
Кейін шаруашылықтың жиналысында Атымтай айтқанына жетіп, басшылардан сотанақты піштіруге рұқсат та алып үлгереді. Содан шыбын шықпай тұрып, салқын көктемнің бір күнінде мал дәрігерін әкеліп жануарды кестіріп тастап, жаны тынышталған.
Мұндай суық хабарды естіген Кәдірақын қария құлағына тас тығылғандай күй кешіп, атына асығыс қонады да, бірден Атымтайдың қорасына тартады. Екі санның арасы қып-қызыл қан-қан болып көзі жасаурап тұрған Сотанағын көреді.
– Мына иттерді сенің киең атсын, киең атсын, жануарым-ай, енді қайттым?! – деп етегі жасқа толып, еңіреп жылап шудасына орала кетеді. Сотанағының да қос жанарынан мөлдір жасы бұршақтап төгілген. Сол сәтте шынашақтай болып бұлғақтаған алаңғасар Атымтай қарияның жанына жетіп келіп, өзінше басу айтпақ болғанда ашуға булыққан ақсақал дойырлана тап береді.
– Қасиетсіз бәтшағар неме, енді көгеріп-көктегеніңді көрейін, адам емес хайуан! – деп, Атымтайды бас салып аяусыз сабайды. Қораның ішінен:
– «Ойбай, өлтірді, құтқарыңда-а-ар!» – деген ашы дауыс аспанды кернейді. Әлжуаз Атымтайдың бет-аузы қан-жоса болып, екі қабырғасы сынып, есінен танғанда көршілер келіп әзер дегенде арашалаған.
– Өз қолыммен өлтірем, иттің күшігі-ай! Түйенің киесі енді мені де, сендерді де аямас, мұндайды қай атаңнан көріп едің, жетесіз-ай, жетесіз! – деп, налыған Кәдекең жан серігінен тірі айырылған шарасыз жандай өксігін баса алмай ұзақ кемсеңдейді. Уағдасын орындамаған Исақынды да боқтықтың астынан алады. Ет жақынынан мезгілсіз айырылып, қайғыдан қабырғасы қайысқан жандай күңірене күйзелген Кәдірақынға ауылдастары не деп басу айтарларын білмей дал болады.
– «Қайдағы бір пішілген Түйеге бола осыншама қайғырған қайда бар, егер өлтіріп қойса не болар еді?» – деп, бір-біріне күбірлеген көршілерді құлағы шалып қалған Кәдірақын:
– Е-е-е … Бүйтіп тірідей қор болғаннан гөрі, өлгенің артық еді ғой, өлгенің жақсы еді ғой! – деп одан бетер озандайды.
Осыдан кейін Қадірақынның сотанағына бола кісі өлгеннен бетер қайғырғаны ел ішіне аңыздай болып тарайды. «Кемпірі екеуі бірдей ішкені ірің, жегені желім болыпты. Сол қайғыдан ес жия алмай, меңіреу болып қалыпты», – деген әңгімелер де желдей есіп жүреді. Тіпті: «Пәленше көріпті, екеуі кеш батса болды, баяғы Шабыртыдағы «Шуылдақ» моланы аралап кететінді тауыпты»,– дейтіндер де болды. Содан көп ұзамай құсалық мүжіген қос қария жарық дүниеге қош айтысқан.
Иелі жануардың киесі атпай тұрсын ба?! Айтса айтқандай араға ай салмай жатып Исақынның жылқы қайырып жүрген екі ұлы бірдей жай түсіп, мерт болады. Атымтайды да бұл қайғы айналып өтпеген. Оның екі қыз, бір ұлы мен әйелі, бір отбасынан төрт жан сүзек тәрізді бір дауасыз дертке шалдығады. Ем табылмай әбден ауру азабын тартқан төрт кісі бірдей бір жыл ішінде арт-артынан көз жұмады. Атымтай 50-ден асып соқа басы сопайып, қайғыдан қан жұтып, бармағын шайнап жалғыз қалады.
«Е-е-е қайран Кәдекең босқа таусылмаған екен, мал киесі деген осы», – деп ернін тістеп ел қалған. Кейін ағайын-туысы жабылып жүріп, Қашқардан ұйғырдың Бұқалшам атты отырып қалған бір қызын әкеліп Атымтайға қосады. Кейін сол ұйғыр қатыннан көрген балаларының бәрі жырық болып туған. Оған да ел-жұрт ұзақ уақыт таңданып жүрді.
Ал сотанақтың соңғы тағдыры қалай болды дейсіз ғой. Сол жылы жазда өзге түйелермен бірге жүрген сотанақ жалғыз өзі із-түзсіз жоғалып кетеді. Қанша ат арытып сұрау салып, жер шолып іздегенмен табылмайды. Әне, сол тұста ел аузында мынадай бір қызық әңгіме тараған. «Атымтайдың түсіне Сотанақ кіріпті. Түсінде марқұм Кәдірақын сотанақты жетелеп әкеліп, әлгі ақсәлделі ақсақалдың қолына ұстатыпты. Ол ақсақал түйеге мініп көкке көтеріліп кетіпті».