Мозаика
08.08.2022
633
0

ЧАПЛИННІҢ ЖАНКҮЙЕРЛЕРІ

«Бірде мен, – дейді Чарли Чаплин, – Нью-Йорк метросының электр пойызымен жүріп өткенім бар. Үйге келгенде, қалтамнан алтын сағат тауып алдым. Бұл бағалы заттың қалтама қалай түсіп кеткеніне ақылым жетпеді де, оны полиция бөлімшесіне апарып өткіздім.
Келесі күні пошта тасушы маған хат әкеліп берді. Онда: «Құрметті Чаплин мырза! Сізге хат жазып отырған – кәнігі қалта ұрысы. Кеше метрода мен бір дәулетті адамның алтын сағатын қақшып кеткен едім. Метрода сізді кездестірдім де, бір сыйлық жасамақ боп, қалтаңызға білдірмей ғана салып жібердім. Қабыл алыңыз», – деп жазылған екен.
Арада жылдар өтті. Полиция ұрыны да, сағаттың иесін де таба алмады. Сосын, амал жоқ, әлгі алтын сағатты өзіме қайта жолдаған екен. Бұл оқиға жайында газеттер бірнеше мәрте жазды да.
Міне, қызық! Бірнеше күн өткен соң тағы бір хат алдым. Сондағы хат иесінің сөзі: «Құрметті Чаплин мырза! Бір жыл бұрын мен метрода алтын сағатымды ұрлатып алған едім. Газеттерден белгісіз бір ұры оны сізге сыйлағаны жөнінде оқыдым. Сол сағат сізде қалса екен деп тілеймін. Мен сіздің талантыңызды қалтақағар ұрыдан да артық бағалай алатынымды білдіргім келеді. Соның айғағы ретінде, сіздің алтын сағатыңызға алтын бау жіберіп отырмын».
Осынау баянды Чаплин күнделігіне жазып қалдырыпты. Дүниенің төрт бұрышындағы қаншама көрерменнің Чаплинге деген ыстық ықыласындай болған сол сағат қазір қайда екен?!.

ЕЛГЕЗЕКТІКТІҢ АРҚАСЫ

Актер, әйгілі «Оскар», «Алтын глобус» сыйлықтарының иегері Харрисон Форд «Америкалық граффити» фильміне түсу үшін режиссер Джордж Лукастың орындығын жасап берген екен.

Сол кезде ол нәпақасын ағаш шебері болып айырып жүрген еді. Біршама уақыттан соң Джордж Лукас «Жұлдыздар шайқасын» түсіретін болып, кастинг кезінде Харрисон Фордты шақырып, кадр сыртында Хан Солоның рөлін ойнап беруді өтінеді. Оның әлгі рөлге берілгені сондай, режиссер кейін Харрисон Фордты Хан Солоның рөліне бекітіп жібереді.Тағы бірде америкалық режиссер Фрэнсис Форд Коппола Харрисон Фордтан өзінің офисіне үстел жасап беруін өтінеді. Әрине, жас кезінен өте елгезек боп өскен, ешкімнің өтінішін жерде қалдырмайтын қарапайым ағаш шебері атақты кинематографтан көк тиын алмай-ақ айтқанын орындайды. Кейін соның өтеуі ретінде Форд Коппола өзі түсірген «Апокалипсис» фильміндегі (1979 ж.) бір рөлге Харрисон Фордты бекітеді.Қазір сол қарапайым актердің қандай биіктерді бағындырғанын жоғарыда айттық.

ҰШТЫ, ҰШТЫ,
РЕЖИССЕР ҰШТЫ…

Атақты «Жұлдыздар шайқасы» фильмінің авторы, америкалық сценарист, режиссер, кинопродюсер Джордж Лукас өз фильмдерінің тұсаукесеріне мүлдем бармайтын көрінеді. Өйткені, ол сыннан өлердей қорқады. Сол себепті режиссер түсірілімді аяқтап, монтаждап болғаннан кейін, тұсаукесер күні ыстық жаққа ұшып кетеді. Дұрысы, қашып кетеді.

ЕҢ ЕҢБЕКҚОР АКТЕР

Түсірілім барысында ең көп дубль жасайтын актер – Джеки Чан. Мәселен, ол «Жас шебер» фильміндегі (1980 ж.) төбелесетін бір сахнаны 1300 рет түсірген. Демек, 1300 рет дубль жасаған. Ол бір сұхбатында бір сахнаның өзін 2-3 айлап түсіретін кездері де болатынын айтады.
Айтпақшы, Джеки Чанның актерлік жолы каскадерлық топта көпшілік сахналарда түсумен басталған. «Біз көбіне артқы фонда өліп жататын адамдарды ойнайтынбыз, – дейді өзі. – Көп адам ішіне қылыш қадалған күйі «өліп» жатқанымен, тыныс алуын тоқтатпайтын. Ал тыныс алған сайын көтеріліп-басылған кеудесімен бірге «ішіне қадалған» қылыш та қозғалатын. Оны көрген сақа режиссерлер сахнаны қайта түсіруге мәжбүр болатын. Мен болсам, бәрін байқап жататын едім. Көзімнің қиығымен камераны аңдып, әбден алшақтағанда дем алып аламын да, маған жақындай бергенде сілейіп қатамын да қаламын. Қылыш та қадалған жерінде қозғалмай тұрады. Мұны байқаған режиссерлар: «О, мына жігіт керемет өлді. Келесі жолы да осыны шақырыңдар», – дейтін».

ДАРЫНСЫЗ АНДЖЕЛИНА ДЖОЛИ

Анджелина Джоли – қатарынан 3 рет «Алтын глобус» сыйлы  ғын алған жер бетіндегі тұңғыш актриса. Сондай-ақ ол 2001-2005 ж.ж. аралығында 4 рет қатарынан «Ең дарынсыз актриса» деген номинация бойынша «Алтын малинаға» да ілінген.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір