АҚ ТАС пен КӨК ТАС
09.08.2022
4352
0

– Қараң қалғырлар-ау, басымызға ақ тас пен көк тас қоя­тын ба едіңдер?! Жатыр ғой әкелерің, басында тас емес, белгі де жоқ! – деп, шешем байғұс әлденеге ашуланып, күйіне сөйледі.
Бұл сөздер менің кішкентай жүрегімді дір еткізді. Тіп-титтей болсам да, шешемнің мұңайғанын, ашуланғанын, уайымға салынғанын қаламайтынмын. Барынша ренжітпеуге, көңілінен шығуға тырысатынмын. Әлгі айтқан «ақ тас пен көк тасы» түскір санамды дүр сілкіндірмей қайтсін…
«Е, қайтыс болған адамның басына ақ тас пен көк тас қойылуы керек екен. Яғни, артында қалған балалары солай істеуі керек екен ғой» деген оймен іштей алысып кеттім. Ол кезде он екі жаста едім.
Күз… күз артынан қылышын сүйретіп қыс келген. Ол да өтіп, құлпыра жайнап көктем де жетіп үлгерген.
Ақ тас пен көк тасты естігелі менде дегбір жоқ. Қайтсем де қою­ым керек!
Бірақ қалай? Кімге айтам? Әкемнің басына кіммен барам? Осы сұрақтар мені әбден қинады.
Көршінің қызы бар еді, есімі – Халима. Ұлты қарашай. Бірақ тілі, салты, дәстүрі бәрі қазақша болатын. Менімен түйдей жасты. Мектепке алты жастан барғандықтан, мен одан бір сынып жоғары оқитынмын. Бірге ойнап, бірге үй жинап, бірге есіктің алдын сыпырып, гүлдерге су құйып, қысқасы, қолымыздан келетін барлық тірлігімізбен жарысатынбыз. Өте тату едік. Өзі менен гөрі пысықтау, еті тірі қыз. Ойымды сол құрбыма жеткіздім. Ол бірден келісе кетті.
– Әкемнің қайда жатқанын білесің бе?
– Иә, білем. Сүйекшілер әкемді жерлеп келгенде айтқандарынан естіп-біліп алғам. Күнбатыс жақ бетінде, Есеналиев Бақберген (осы атты білмегенде, әкемнің бейітін таппас едім) деген ағайынды кісінің қасына жерленіпті, – дедім.
– Болды онда, ертең қойдың алдынан (ол кезде ауылда қой көп, ауыл тұрғындары өрісте кезекпен бағатын) ертерек шығып, апарып қоялық, – деді Халима.
Қуанғаннан ба, уайымдағаннан ба, әлде, үлкен бір істің шешімін тауып мақтанғаннан ба, түнімен аунақшып ұйықтай алмадым. Қораз тамағын жырта айқайлап, таңның атқанынан хабар берді. Халима екеу­міз құдды барлауға баратын партизандар құсап, өзара жасырына, ымдаса сөйлесіп қоямыз. Ал енді, кеш батсайшы. Уақыт тоқтап қалғандай. Уһ, қой келетін уақыт та болды-ау. Тура бейіт басының қасында айырма жол бар. Қойлар ауылға сол жолмен келеді, өріске де сол жолмен кетеді. Асфальт төселген жол болғандықтан, жол шетінде тастардың неше түрі шашылып жатады. Ақ тас пен көк тасты табу еш қиын болмады. Ішіндегі ең әдемілерін сұрыптап таңдадық. Сөйтіп, қолыма сиятындай бір әдемі әппақ тас пен бір әдемі көк тасты екі қолыма тастай ғып ұстап, Халима екеуміз бейіт ішіне, әлгі естіген кісінің жатқан моласын іздеп өлілер мекеніне еніп келеміз. Күн жарық болғандықтан ба, онша қорыққанымыз жоқ. Төмпешіктерді басып кетпеуге тырысып келеміз. Жобалап іздеген кісіміздің бейітін тауып алдық, қоршауында аты-жөні жазылған екен. Ескі бейіттерді шым басып, шөп шығып, білініп тұратын тәрізді. Қасындағы төмпешік бейітте үш-төрт арам шөп өсіп, қылтиып тұр. Жаңадан адам жерленгені содан да анық байқалады. Өйткені күзде шөп шықпайды, қыста қар көміп тастады. Көктем енді шықты, шөп басып үлгермеген.
Кеудемдегі кішкентай жүрегім жиі соғып кеткендей болды. «Осы, иә, осы! Әкемнің жатқан жері осы!» – деп, іштей өксіп кеттім. Кішкентай қолдарыммен шөптерін жұлып, бір уыс топырағын уыстап алып, «Топырағыңыз торқа болсын» деп, қайта төктім. Құбыланың қайда екенін әкем өзі үйреткен. Сол жағына қолымдағы тастарымды қойдым. Бетімді ыстық жас жуды. Көз жасымды төмпешікке тамызбауға тырысып, шаң-топырақ саусақтарыммен сүртіп қоям. Сонда да тоқтар емес. Үнсіз егіліп отырмын. Халима жайлап қолымнан тартып, кеттік дегендей ишара жасады. Ол да үнсіз.
Өлілер мекенінен тірілер мекеніне қарай қол ұстасып шығып келеміз. Ауылдың шаңын бұрқыратып, маңырап өрістен қойлар да келді. Бойым жеңілдеп қалғандай. Халима екеуміз бұл жайлы ешкімге айтпаймыз деп келістік.
Ауылдың тірлігі күннің батқанына қарамастан қызып кеткендей. Қой-ешкілерімізді бөліп алып, үйге айдап келдік.
Бұл уақытта екі кішкентай қыздың осынау батыл әрекетіне күн де риза болғандай, ерекше қызарып ұясына батып бара жатты.
Арада екі-үш айдай уақыт зулап өте шықты.
Бірде, дастархан басында шешем тағы да: «Өлгенде басымызға ақ тас пен көк тас қоятын ба едіңдер? Әкелеріңнің басына тас емес, белгі де қойған жоқсыңдар әлі!» – деп айтып келе жатыр еді, мен: «Әлдеқашан қойып қойғанбыз!» – деп салыппын! Қалай аузымнан шығып кеткенін білмеймін. Бәрі маған жалт қарады. Аң-таң. Шешем мырс етіп күліп жіберді. Ашуына тисек оңбайтынымызды біліп отырған біздер оның күлгеніне қарап сәл жадырап қалдық. Шешем менен неге өйдеп айтқанымды сұрай бастады, мен бәрін айтып бердім. «Қиял» деп, бәрі ризашылықпен бе, мазақтап па, маған қарап күлді. Мен мақтанғандай танауым желбірей демалып, сораптап кеседегі шәйімді ұрттап қоям.
Нақты есімде жоқ, бірақ жаз болатын. Әкеміздің басына қорғанын, белгісін қоятын болдық. Бәріміз жиналып, басына барып Құран оқыдық. Мен апарып қойған ақ тас пен көк тас тура әкемнің бейіті екен. Ішкі сезімім, жүрегім алдамаған екен.
…Содан бері жиырма төрт жыл зуылдап өте шықты. Аяулы анашым да мәңгілік мекеніне аттанды. Балаларыммен, бауырларыммен басына Құран оқуға бардық. Жолдан тағы да ақ тас пен көк тас алып алдым, ең әдемілерін. «Әкеңнің басына тас қоясың да, неге маған қоймайсың?» деп шешем ренжіп қалмасын дегендей, ол кісінің басына да баяғыдай кішкентай, әп-әдемі екі тас қойып кеттім. Кішкентай бала болмасам да…

 

 

Айжамал
ЖОЛДАСҚЫЗЫ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір