БҰЛАҚТАРДЫ БҰҒАУЛАДЫ ТАС ШЕГЕН
09.08.2022
816
0

Қорғанбек АМАНЖОЛ,
Халықаралық «Алаш»
әдеби сыйлығының лауреат

АЗАТТЫҚ-АҢСАР
Оңай ма екен тарих салған талқылар?
Пәрмен сонда жоқ қылар да, бар қылар.
Қалың көштің Қаратаудан шұбырған
Қасіреті қара нарға артылар.

Қарындастың көзден жасы сорғалап,
Кәрі-жасы қас жауынан қорғалап,
Тығырыққа тірелген шақ қазақтың –
Қыл көпірше шайқалақтап сор мен бақ.

Дәл қасында қиямет пен күллі азап,
Шер ғасырда не көрмеген бұл қазақ?
Азап пенен қазақ егіз туғандай,
Қашан ғана тойтарылар бұл мазақ?!

Қара терін, қызыл қанын төккендер,
Көкіректе шым-шым қайнап
көп шерлер,
Шер мен кектің нажағайы жарқылдап,
Бұлқан-талқан бұлттанған көк пен жер.

* * *
Әрідегі Күлтегіндей ерлерім,
Берідегі Хан Кенедей шерлерім.
Елдігімді мың жыл бойы қорғадың,
Ерен намыс ерлігіңмен өрледің.

Алуан-алуан атағы зор Ордалар,
Қағанаттың қасиеті қанда бар.
«Жеті Жарғы» низам хатын қалдырған
Қырық кісілік кемел ақыл ханда бар.

Әрідегі Тоныкөктей даналар,
Берідегі Бұқар жырау бабалар,
Қабырғалы билерін-ай қазақтың,
Қиындардың қисынын дөп таба алар.

Ерлік пенен Серіліктің ғасыры,
Абылайдай ата жұрттың асылы.
Алаш-елдің аруағын асырған
Арда дәуір, жұлдыз-жүрек жасыны.

* * *
Еділді алды, Жайықты алды,
Жемді алды.
Есілді алды, Ертісті алды. Нең қалды?
Ер тізерлеп, Ел бүгілді.
Шықпаған
Құр сүлдерде жалғыз шыбын жан қалды.

Бостан күнім бодандықпен алмасқан,
Келімсектер шаужайыма жармасқан.
Шарасыздық шыр бітірмей
Заманның
Сұрқай көші сұмдықтарға жалғасқан.

Тұла бойың запыран мен қамырық,
Салған шеңгел екі басты самұрық.
Жан-жағыңда жеті басты аждаһа,
Жұтып қоймақ бас ұрмасаң бағынып.

Еліңді алды. Жеріңді алды. Тілді алды.
Діліңді алды. Дініңді алды. Нең қалды?
Дуаланған санаң – сырқат, ой – құяң,
Уланбаған әзәзілге кім қалды?!

* * *
Шүкір Алла!
Есіл, Жайық, Ертісімді қайтардым,
Төрімді де, жерімді де қайта алдым.
«Қара маған, ей, тәкаппар дүние,
Мен – қазақпын!» деп
Қасымша айта алдым.

Батырлығым тұрпатымнан танылар,
Найзағайлы намысым да, бәрі бар.
Береке мен бірлігіме әреке
Сыналаған сумақай да табылар.

Түн ұйқтамай, күн отырмай алаңмын,
Елім, жерім, тілім, ділім – маған мұң.
Жалпақ жаһан жағаласқан
жайқында
Елдігімді қалай сақтап қалармын?!

Тәуелсіздік – басымдағы бағымсың,
Тәубе етерім, тәу етерім, тағымсың.
Ер қазағым сені сақтап қалады,
Болсын мейлі не ғаламат ауыр сын!
АТЫҢНАН АЙНАЛАЙЫН АЛМАТЫМ-АЙ!
Атыңнан айналайын, Алматым-ай,
Мың жылдан келіп жеткен арда атың-ай!
Түйіскен Абылай хан, Абай дана,
Сүйіскен ғашық жарлар Арбатың-ай!

Алатау барлық таудың ағасындай,
Түрілген құндыз, сусар жағасындай.
Тұтылған ту сыртына тұс кілемі –
Рухымды ұлықтаған жорасындай.

Көңілді көкке өрлеткен Медеуің-ай,
Медетім, мақтан етер демеуім-ай.
Мезетім астастырған аспанменен,
Медеуден мерейімді көремін-ай.

Қар басқан қысы-жазы Шымбұлағың,
Арбасқан шаңқай шабыт, жыр бұлағым.
Арсы асқан шалқуымды шаттандырып,
Түбіне мөлдіретіп тұндырамын.

Алматым, арманым-ай, ардағым-ай,
Байтағы бар қазақтың болғаның-ай!
Алаштың арыстары салған жолмен
Азаттық аңсарымды толғадың-ай.

Алматым, тұңғиық сыр, тұнықтансың,
Желтоқсан ызғарында шыныққансың.
Кек пен тек буырқанып біте қайнап,
Бодауын бостандықтың шын ұққансың.

Алматым, желбіреткен жалауым-ай,
Өзіңді арқа тұтып қарауым-ай.
Алыстан әрбір қазақ әнге қосып,
Маздатқан ерлігімнің алауын-ай.

Алматым, тағдыр-талқы, талайың-ай,
Атқан таң, азаттығым, арайым-ай!
Мен сені жақұтыма санайын-ай,
Мен сені бақытыма балайын-ай.

Алматым, ар мен ақыл, парасатым,
Өркенге, өртеңге де жол ашатын.
Тәуелсіз тәубелі күн тал бесігін,
Тербетіп ертеңге де бел асатын.

Ғаламның нысаналап кемел шыңын,
Заманның кештің бастан нелер сынын.
Елімнің көк байрағын самалдатып,
Көгімнің көп ұшырдың көгершінін.

Қазақта қалалардың сұлтаны – сен,
Ғажапқа малындырған нұр таңы – сен.
Ең алғаш елдігімнің әнұранын,
Қалың жас қанға батып, шырқадың сен.

Сағынған Тәуелсіздік бесігі – сен,
Зарыға жеткендердің несібі – сен.
Бақыттың балаларға базары – сен,
Жәннаттың жаһандағы есімі – сен.

Жаңбырлы жамалыңды жасын өпкен,
Көктемің көк Байрақты бәсіре еткен.
Арылтшы ай жүзіңді Алматым-ай,
Қаралы қаңтардағы қасіреттен.

Жайнаған жасыл әлем, шуақ, арай,
Қолыма Алматым деп ту алам-ай.
Сырласқан еменіңмен Қасым ақын,
Жырлаған жұлдызыңды Тұмағам-ай!

Басына шығамын да Көктөбенің,
Көремін тамашалы көктем елін.
Атыңнан айналайын Алматым-ай,
Төбемді жеткізе бер көкке менің!
АЛАШ ТАҢЫ
Құтқарған қарындасты рух көсемі,
Теңеймін, абыз Ахмет, Нұхқа сені.
Талайы талапайға түскен елің,
Өзіңсіз тығырықтан шықпас еді.

Обырдай отаршының қулығы мың,
Қайрансыз қалған шақта құры қолың.
Себездеп саналарға жарық сәуле,
Сілтедің бостандықтың ұлы жолын.

Дүмшені даналықпен аластадың,
Жарладың дүниеге алаш қамын.
Қамалған қараңғыға қазағыңа,
Атырдың аңсар үміт Алаш таңын.

Ықпадың ығыр қылған түрмесінен,
Бұқпадың бопсалаған бүрмесінен.
Иттері ауылыңның ол да қауып,
Бітіспес күреспенен күн кешіп ең.

Мың түрлі бәле түссе бір басыңа,
Ықпадың озбырменен ырғасуға.
Көзің һәм құлақ-тілің болды «Қазақ»
Қазақпен мұңдасуға, сырласуға.

Бажайлап басын ашып әрнеменің,
Қазақтың тәпсірледің бар керегін.
Жолына керектердің барыңды сап,
Соңында наһан әлем қалма дедің.

Ерте-кеш тұттың мұрат ел тілеуін,
Еліңнің арман еттің еркіндеуін.
Сен үшін ұлт жұмысы — ұлы мұрат,
Ұлтыңның серт еткенсің серпіндеуін.

Қайрадың қайғы ойламас жұртыңды да,
Қамшысы «Қырық мысал» сын тұрғыда.
Ызыңдап «Маса» шықты бір жағынан,
Дызылдап шаққан жері, шіркін, мына!

Ұлыстың бырт-бырт үзген желі бауын,
Орыстың отаршылдық омырауын,
Көрдің де мәдениет кемдігінен,
Соққансың серпілудің қоңырауын.
Болдың-ау нағыз арыс дүр еменім,
Қазаққа ұжмақ еді тілегенің.
Арманың көру еді, қайтейін-ай,
Алашың айға азуын білегенін.

Ұсақтан ұсынақтап ұлы істерді,
Ұлт үшін сайладың да ұлыс төрді,
Бар қазақ баласына арттың міндет,
Іздедің індететін жұмыскерді.

Кесірді надан түнек түннен көрдің,
Болдың-ау қызғыш құсы тіл мен жердің.
Олжадан омақасып қағылғанды,
Қосам деп аламанға ділгерледің.

Төзімің — Қаратаудай, көзің — алмас,
Көтерген елдік ұран өзің алғаш.
Қыраулы қыс өткен соң көктем туып,
Білдің-ау келетінін жазы жалғас.

Алаштың ата сөзі мүдде-мұңың,
Ажарлап ана тілін түрлендірдің.
Өнеге, өсиетің жетті бізге,
Өркенін келешектің гүлдендірдің.

Жазылған заманхатың ұрпағыңа,
Жетті ақыр азат аңсар нұр таңына.
Алашың, шүкір Алла, адаспады,
Заманның берді төтеп бұрқағына.

Тұлпардың қандай ғажап таң асқаны,
Асуда Абылай аспас бел асқаны.
Бел асып, жер-жаһанға
жария шашып,
Жасай бер, абыз Ахмет,
Алаш таңы!..
ҚАСЫМ-ЖАСЫН

Беу!
Қарқаралы,
қызыл арай,
Дидарында мұңы бар Ай,
Жетім бала әкесінің
Бейітіне жығылғаны-ай!

Қиянатқа төзбес ұл-ды,
Талайы да өзге сынды.
Қаршадай ұл Қаршығалы
Тауындағы кезбе сынды.

Өзі ие өз басына,
Ерік бермес көз жасына.
Қабақ түйген жетімдіктің
Зәбіріне тозба, шыда!

Жұдырықтай жүрегінен,
Көк тамырдың білемінен —
Қайсарлығы бұлқынғандай,
Сұрланады сүреңінен.

Кеудесінде жыр дауылы,
Қарқаралы қырғауылы.
Әке болып еркелеткен,
Елінің ол туған ұлы.

Елмен көрді не көрсе де,
Қуарса да, көгерсе де.
О шеті мен бұ шетіне —
Шаршамады — жүгірсе де.

Махаббаты елге деген —
Қазынасы көмбелеген.
Дүрия жырмен алдына алды
Дүниені дөңгелеген.

Сүйді ол, сүйді Сарыарқасын,
Қарағанды кен қаласын.
Хатқа жазып қастерледі,
Қазағының кең даласын.
Алатауын, Алматысын,
Аймалады бар нақышын.
Оралдағы жалын жастық,
Жайық, Шаған нар қамысын…

Бәрін артта қалдырды да,
Жанын өртте жандырды да,
Байқал өтіп, Балқан басып,
Бойын дертке шалдырды да.

Дертке бірақ дес берер ме?
Өлең өрді кестелерде.
Жер-жаһаннан нұр саулады,
Жыр-дариясын кешкен ерге.

Абайменен ен мұңдасты,
Сұлтанмахмұт тағдырлас-ты.
Руставели, Низамимен
Терезесі тең сырласты.
Күйлі-мұңды, тұнық қандай,
Ел киесін шын ұққандай.
Өлеңінің отын жағып,
Бар қазақты жылытқандай.

Байтақ елдің өреніндей,
Дәл өзінің дегеніндей,
Қасым ақын – жасын атты,
Өлмес өмір өлеңіндей…
БІР
Тәңіршілмін!
Тәңір-Алла тақ пірім.
Бір Тәңірмен берекелі, бақтымын.
Дәстүрім де, хақ дінім де бір менің,
Бәрі сонда – қайғы-мұңым, шаттығым,

Алашыма Алладан шет әмір жоқ.
Алғаш Алла аян салған Тәңір боп.
Тәңір сыйы Көк түріктің қанына,
Құйылыпты қайсарлық боп, сабыр боп.

Туа сала Көк Тәңірге беттеген,
Бабам менің Хақтан қағас кетпеген.
Жүрегінде, тілегінде бір Құдай,
Ар-Тәңірдің әмірін екі етпеген.

Бірге ғана, Күнге ғана жүгінген,
Кәлимасын айтпай қалса сүрінген.
Бір дегеннен қайтпайтұғын — қағидам,
Табанымның тайдырмаймын бүрін мен.

Бабам менің Бірмен ғана бүрлеген,
Бір-ақ Тәңір, бір ғана Алла, Бір деген.
Бесігімнен ақ-адал сүт – емгенім,
Бір сөзді боп арлы өмір сүрген ем.

Бір махаббат, жалғыз жүрек, бір Отан,
Жалғыз Жардың жан жылуын ұнатам.
Көк бөрілі жалғыз ғана Байрағым,
Кеудем – биік, көңілім – бек, гүл атам.

Арым менің – тәу ететін Тәңірім.
Сол Тәңірдің орындаймын әмірін.
Тәңірім де, арым да бір, жаным бір,
Ар дұғасы – жалғыз жарық кәмілім…
ЖЕР
Жер үстінде жаралып мен келемін,
Жер жебеді – жойылып өлмегенім.
Әзірейіл әкелсе суық хабар,
Жер-бесікте мәңгілік тербелемін.

Жер бетінде жоқ сірә, көрмегенім,
Ерлегенім, бәрі есте, өрлегенім.
Жерден кетсем, ақ табан шұбырынды,
Қаратаудан қан жұтып сенделемін.
Қазағымды сақтаған жер киесі,
Қасиеті, Жер-Ана тәрбиесі.
Алатау мен Алтайдың, Сары Арқаның,
Алқап Тәңір, болғанмын мәңгі иесі.

Қойнау-қолат, шұраты, жердің түгі,
Туып-өскен жерменен елдің күні.
Жерден қымбат не бар-ау дүниеде,
Арзандаған заманда ердің құны.

Әрбір тасы, жаңқасы ағашының,
Қарашығы қазақтың баласының.
Қарашықтан тайса нұр не болады,
Көрер ме көз өмірдің қарасынын?

Қарашығын көзімнің сатам дейді,
Байлығына белшеден батам дейді.
Өңкей сатқын, көрсоқыр, көрдемшелер
Киемді ұрлап, қызықтап жатам дейді.
Мұны да бір мұғжиза, белгі деші,
Жерім кетсе, елім де өлді деші.
Жерге қоса тілің мен ділің өшсе,
Қазағымның қалады енді несі?

Заман өтіп құлынды бие сатар,
Шыққан екен залымдар кие сатар.
Қара жерді құтайтпай сатқандарды,
Қара жердің құтқармай киесі атар!..
КІМ БІЛСІН?!
Бұлақтарды бұғаулады тас шеген,
Соны көріп булығамын, жас төгем.
Еңіреген елім мұңға батқанда
Жаза алмайды екенмін мен
басқа өлең.

Ақиқатты құрсаулады тас көген,
Ақ ниеттер аласталды ласпенен.
Ашынғанның ащы даусы шыққанда
Бола алмайды екенмін мен тас керең.

Болашағым бұлыңғырсың,
бұлдырсың,
Көкбөрінің үріміне бұл бір сын.
Бетін ашып бердің, қаңтар, қазақтың,
К…і кімнің ашылғанын кім білсін?!
ТАЛҚЫ
Айтайын адалымды не де болса,
Бұл заман ұнамайды маған онша.
Қораны қоқыс ойлар қобырсытқан,
Жалп етер шам-шырағың жана қалса.

Ырықсыз ит-ырғылжың, дау мен дамай,
Ылыққан боқ жемеде әуре адам-ай!
Тұншыққан тымырсықта
тыныс таппай,
Түнекті жарып шығар сәулем қалай?

Басқаға бағынышты барқадарым,
Аңдулы аңысым да, әр қадамым.
Өзекке түскен құртты елеместен,
Өзеуреп езген жұрт-ай малталарын!

Жатқан бір жалпақ ауыл
ғалам деген,
Ауылда ақтылы қой бағам деп ем.
Баққаным қысыр сөз бен өсек қана,
Кем болды, кеберсіді санам неден?

Бусанып бұрқырады буым іштен,
Жусады ірілігім ібілістен.
Қазағым қазақ болмай, мазақ болса,
Азап пен күйініштің уын ішкем.

Жанымда теңіздейін сапырылған,
Арылар бола ма күн ғапыл мұңнан?
Үмітің бар ма сірә жарылқанар
Ұлыңнан жат боп туған
жатырыңнан?!
Қарғаша қанағат қып барға ғана,
Торласа қалың тұман арман — ада.
…Тағдырды түлкі бұлаң алдан ора,
Талқыны талқан қылып, алға қара!
КӨРДІМ…
Бүгін мәре – биіктегі билік-төр,
Сумаңдаған сүйрік тілге сыйлық бер.
Бәйгелерде болып алған шаппай-кер
Жампозсынған, жараусынған «жүйріктер».

Қорқытқаннан қойынына тас тығып,
Қорасында Құлагердей хас күлік.
Бағып тұрар Батыраштың балтасы,
Өрлей шапса қағып тастар қас қылып.

Таң қалмадық, тұғыр озса тұлпардан,
Тал қармадық, қиып түссе қылтаңнан.
Әкімдерім олжалардан қағылмас,
Әккілерім одаларды шырқарман.

Шынның жүзін бұлт басқандай бұл күні,
Қыр басынан қырт асқандай, біртүрлі.
Ай бетінен айғыздалған алапес,
Күн бетінен көрдім көлгір күлкіні…
БАУЫРЖАН МОМЫШҰЛЫНЫҢ РУХЫМЕН СЫРЛАСУ
Қаһармандық, батырлықтың байрағы,
Қазағымның намысының қайрағы.
Жұлдызындай ұлттың ұлы рухының,
Арда Баукем – алашымның айбары.

Ерен Бауке!
Алғадайым сен едің,
Елдігімді ерлігіңмен демедің.
Бас кесілер кездерде де тіл тартпай,
Сөз атасын өлтірмеген Ер едің.

Қайран Бауке!
Қазағымның қамалы,
Бойындағы бес қаруы, жарағы.
Дұшпан сөзін асырмаған басынан,
Даламыздың дара туған дарағы.

Момышұлы!
Намысұлы болғансың.
Ар жолында аласұрған арлансың.
Тайғақ кешу, тар жолында тақсырдан
Тайсақтамай тура шапқан тарлансың.

Батыр Бауке!
Батырлығың жүректе.
Аңызың көп.
Айтар саған кім өкпе?
Ақиқатың, әділетің біреу-ақ,
Ол – Алашқа жаның құрбан тілекте.

Қайсар Бауке!
Қабанбай мен Бөгенбай,
Бабаларың салып қойған сені алға-ай!
Бұл қазақтың бас батыры кім десем,
Қиналамын басқаға ен сала алмай.

Бағлан Бауке!
Батыр да өзің, би де өзің.
Жүректегі шын алапат күй де өзің.
Сол зобалаң, зодыр, найсап заманда,
Қазағыма Алла берген сый да өзің.

Асыл Бауке!
Асқар асу бел едің,
Қазағымды қайратыңмен жебедің.
Кер заманда кеудемізді бастырмай,
Кердеңдерді кергітпеген сен едің.

Есіл Бауке!
Еренғайып Ер өзің,
Кер заманның келтіріп ең керезін.
Отыз жылда орға жығып тоқтаған,
Шер заманға керексің-ау Сен өзің.

Желпініп ек шығамыз деп ұшпаққа,
Әттең, әттең, қазақ әлі қыспақта.
Ереуіл сал, Ер Баукеңнің рухы,
Ел тұтқасын алаяққа ұстатпа!

Ерлік рухын кеудесіне Ел ексін,
Елдігімді шерді бұзар сел етсін.
Бекзат Баукем, баһадүрім, батырым,
Қазағыңа сен мәңгілік керексің!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір