ШЫҢЫРАУҒА ҚАУҒА САЛҒАНДА…
04.08.2022
817
0

Әбіш Кекілбайдың «Шыңырауы» – басқа шығармаларынан бөлек тұрған дүние. Бұл жерде әңгіме «Шыңырауды» жазушының өзге шығармаларынан артық санауда емес, әңгіме, қазақша айтқанда, туынды бітімінің бөлектігінде. Оқиғасы негізінен қауға қабар түбі жер бетінен екі жүз қадам құдықтың ішінде өтетін «Шыңыраумен» театр сахнасында кездескен режиссер «Монбланның етегінде тұрғандай» (К.С.Станиславский) қиналары анық болса, қолында «құс ұшқан биіктен де, тышқанның інінен де, төбеден де» (Л.Гумилев) қарай беретін кинокамерасы бар режиссер үшін де көркем қисынын таппаса оңайға соқпайды.

Көш – өмір симфониясы
Кез келген классикалық шығарма сияқты «Шыңырауға» да әр оқырман, әр көрермен өз көзімен үңіледі, автордың шыңыраудың түбіне көмген идеясын мехнаттанып өзі табады. Ол идея режиссер шерлі болмай, шері толқымай экранға шыға қоймайды. «Шыңырау», менің білуімде, Жаңабек Жетіруовтың көкірегіне шер-шемен боп қатқалы оншақты жылдың жүзі болса керек. Осы уақытта әрине, режиссердің басына неше түрлі шешім келді – сүйсінді, күйінді, айныды, толқыды, толғатты, қызды, суыды… Идея ақыры, соңғы үш төрт жылдың көлемінде жетілді, пісті, етек-жеңін жинап, көркем кино шығарма болып жарыққа шықты. Кино алғашқы кадрлармен-ақ еліктіріп, баурап әкетеді. Қап-қара болып шайқалып жатқан теңіз фонында фильм титрлері теріледі де келесі кадрлар жусан, жантақ, сүттіген, шағыр сияқты тобық қаққан, шөп өскен сарғыш дала көріністеріне ауысады. Киіз үйдің уықтары түгел жабылмай, киізі ала-құла тасталып, керегелері де қапталмай, арса-арса болып көрсетілуі – Еңсептің қиюы қашқан тірлігінің, жыртық-жамау тұрмысының белгісіндей сипат береді, әрі бұл киіз үйдің ішіндегі өмірді сырттан түсіріп, рентген сәулесіндей тесе қарауға қолайлы. Бар дүниені ұмытып, жатырындағы шаранасының әр қимылын аңдып, мейірге бөккен ана сияқты Еңсеп те бар денесі құлаққа айналып жерге жабысып жатып алып дем алмай, зарыға тың тыңдайды, жүздеген метр тереңдегі қара түнектен хабар күтеді. Қу мекен даланың бір тұсына күрек шаншып, айлап жер қазғанда су шықпай, қашты-ау деген үміті қысыр боп шықса, ақадал еңбектің еш кетуі, тілек кесілу деген сол. Фильмде Еңсептің су іздеу сәттері – әр шөптің тамырын шайнап дәмін алуы, күміс жүген сүйретіп, сыңғырынан хабар күтуі, үйір-үйір жылқы айдап, жер бетіне берілер шалажансар тербелістің ырғағына құлақ салып, 70-80 аспаптың ызы-қию үнінің арасынан фальш үнді сезе қоятын абсолютті музыкалық есту қабілетіне ие дирижер сияқты толып жатқан әдістерді қолданып зарығуы құдықшы кәсібінің құпияларын ашардай түсірілген. Ата-бабасынан құдық қазуды кәсіп қылған Еңсепке байып кетпесе де ұсақ жантық мал бітеді. «Алдыңа келгенді алалама, қанша берсе де місе тұт, ақысы аз деп ешкімнің бетін қайтарма», – деген әділ әкенің өлер алдындағы өсиетін ұмытып, тек байдың айтқанын тыңдап, байдың малына ғана құдық қазуға көшкен Еңсептің бір күні басынан бақ таяды. Құдық қазған сайын келіп тұратын жүз қаралы тұсақ та тыйылып, кедейліктің ауылының қисық ұшқан түтіні көріне бастайды. Ұйқысы бұзылған Еңсеп ат тұяғының дүбірі естілсе елеңдейді, бейсауат аттылы көзіне құдық қазуын сұрап келе жатқан адам болып көріне бастайды. Бұл қырсық шалудың басы еді. Осы кезде сол өңірде құдық қазатын қарақалпақ пайда болады. Ол Еңсептей емес, жұрттың бергенін алады, соған шүкіршілік етеді. Құдық қаздыратындар соған ауады, Еңсеп елеусіз қалады. Ынсапты ұмытқанының кесірінен қолына қараған ағайын, бала-шағасының несібесінен қағылады. Бірақ… Дала кезген Еңсептің көкейінде бір арманы бар еді. Әбіш Кекілбаевтың дархан дарыны Еңсепті сүймен, күрек ұстаған жай қара күш иесі емес, үлкен суреткер дәрежесіне көтереді. Өмірдің реалистік көрінісінен көркем шығарма тудырған жазушы генийі режиссерлерге алақаны күс-күс Еңсепті күй атасы Құрманғазы сияқты, мелшиген қара тастан қайталанбас ғажайып көркем мүсін тудырудың хас шебері Микеланжело сияқты өнер алыптары дәрежесіне көтеруге мүмкіндік береді, жол көрсетеді… Режиссер Жетіруов, Еңсеп рөліндегі актер Алдабек Шалбаев, қоюшы-оператор Ибрагимов Рифхат (осы жолдарды жазып отырғанымызда Рифхат ақыреттік өміріне аттанды деген қаралы хабар жетті…) Еңсеп бейнесінің көркем образ болып шығуына көп еңбек сіңірген. Еңсептің арманы бұған дейін ешкім қазбаған, анау-мынау құдық қазушының белі шыдап, жігері жете бермес, артында аңыз болып қалар суы сарқылмас құдық қазу еді. Еңсеп ол арманына жетті де, бірақ қалай жетті?.. Маңғыстау құдықтары туралы мәліметтер Геродоттың жазбаларында кездеседі. Нарын құмы мен Каспий теңізінің ортасында жатқан ауылдар құдық қазса, екі-үш құлаш тереңдіктен су шыға береді. Ал жері тастақ Маңғыстау даласынан су шығару үшін жүз қадамнан екі жүз қадамға дейін қазу керек. Тастақ жерді қайламен, сүйменмен ұрып, босаңсытып алып күректеп тастауға түйе балуанның белі мен білегі керек; асқан төзім, шыдам қажет. Фильмде еңсегей бойлы Еңсептің қарулы қолындағы қайланың жерге қадалып, тас-топырағымен қопарып тастайтын көріністері шебердің қолындағы ұршықтай зырылдап, фильм арқауын ширатып отырады. Осы детальдарды жандандыратын композитор Арман Жайымовтың жер қойнауын дүрілдетіп, әлдебір шыңыраудан шығып жатқандай ақырындап қана естілетін музыкасы жан дүниеңізді баурап алып, құрдымдағы судың булыққан дүбірі мың сан тамырды кернеп келіп, жарыла атылып, жолындағысын жайпап кетер сұрапыл тасқынға ұласарын түйсігіңізге жеткізеді. Еңсепке төнген әлдебір алапатты сезген сіз де тамағыңызға қанжар тақалғандай үрей кешесіз. Режиссер де қимыл-әрекетті асықпай өрбітіп, темпо-ритмді қуаламай, оқиғаларды шебердің өрген он екі өрім дырау қамшысының таспаларындай қиюластырып отырады. Техникалық эффектілер мен компьютерлік графиканы молынан қолданып жүздеген миллион АҚШ доллларына түсірілетін шетелдік кинолар көрерменін күрделі технологиялық кереметтері арқасында жауласа, $150 мыңның ар жақ, бер жағындағы қаржыға түсірілген Жаңабектің «Шыңырауы» көрерменге мына пәни жалғандағы адам ғұмырының мағынасы туралы терең ой салады. Режиссердің өзі қосқан кейіпкерлер – Еңсептің ұлы (Асылхан Төлепов) мен қарақалпақ құдықшының қызы Ақмоншақтың (Айжан Жетіру) арасындағы сезімнің шынайы махаббатқа айналып, бір-біріне жүректерін ашатын кадрлары – екеуінің Каспий жағасында, сандықтай қайыршақтас үстінде отырып, шексіз, шетсіз далиып жатқан теңізге көз салып отырып ішкі монологтармен тілдесетін сәттері фильмге көркем әр бере түседі. Күміс толқындары күнге шағылысып, баяу тербетіліп жатқан теңіз өмірбақи бір болуға серт беріскен қос ғашықтың нартәуекел деп бірге жүзер өмір-дариясы, алдындағы телегей-теңіз бақыты, қол созған армандары сияқты қабылданады. Режиссер махаббат кадрларын көбіне-көп құшақтасып, аймаласу арқылы шешілетін натуралды көрініске ұрындырмай, махаббат сезімін экран арқылы жеткізудің лирикалық-романтикалық тілін тапқан. Ресиссер қосқан тағы бір кейіпкер – мылқау жігіт Оспанға орыстың матросының тельняжкасын кигізуі арқылы қазақ даласының құнарлы қара топырағын жыртып, ата-баба моласын сүріп тастаған жат қанның; қазақ руханиятының қаймағына түскен құмалақ-нәжіс мәңгүрттік қасіретінің ортақ бейнесін шебер бедерлейді. Жомарттың мылқаулығы – ана тілінен жеріген, өз рухани құндылықтарын тәрк еткен жанның символдық бейнесінің жүгін көтеріп тұр. Актер Мақсат Сәбитов мылқау Оспанды актерлік паузалар, ғаріп жанның мөлиген, мүләйім көзқарасы арқылы, айналасымен ара-қатынасын қарапайым ғана құра білу арқылы шынайы ойнайды. Повесте жайлауға бет алған көштің Еңсеп трагедиясын ашатындай деңгейде керемет суреттелгенін білеміз… Еңсеп қазып жатқан құдықтан көз жетер жерде көш кетіп бара жатады. Жайлауға бет алған, сән-салтанаты асқан көш. Көшті қапталдап жүйрік мінген жастар жүр. Қызы бар, ұлы бар, бірі қашып, бірі қуып аттың басын жіберіп, емін-еркін сайрандайды. Көш – өмір симфониясы. Үздіксіз жаңарып, түлеп отырудың белгісі. Жер қойнауының қара түнек тереңінде жүрсе де Жер Ананың тамырының бүлкілін бағып, жердің әр қабат-қыртысының тынысындағы сәл өзгерісті сезіп отыратын «саққұлақ» Еңсеп таныс дүбірді естіп, көкірегі сызып, жер бетіне шығып, құдық жанында саршұнақша қаздиып, өтіп бара жатқан көшке қарап тұрады. Еңсеп үшін көш – өтіп бара жатқан өмірі, сағымға айналған жастығы. «Ең болмағанда етікші болсам ғой, ана көштің орта шенінде мен де жүрер едім-ау…» – деп жаны құлазиды (Атақты суретші Ерболат Төлепбайдың «Көш» картинасы бар. Сюрреалистік жанрда жазылған сурет «Шыңырауға» сұранып тұрғандай-ақ…). Көртышқанша қара түнек ызада жер қазып, бар өмірі жер астында өтіп жатқан, ата-бабасынан қалған кәсіптің «қызығы» ұрпағының маңдайына да малға ен басқандай шыжғырылып тұрып басыларын ойлағанда, әулетінің пешенесіне жазылғанды өзгерте алмасына көзі баяғыда жетіп, Құдайдың басқа салғанына көндіккен Еңсеп трагедиясын қоюландыра түсер осы көш бейнесі,— қаржы мардымсыз бөлініп, әр тиынды үнемдеумен түсірілгендігі болу керек, Жетіруовтың фильміне кірмей қалыпты. Фильмнің көркемдік шаңырағын аспандатар көштің кадр сыртында қалуы әрине, өкінішті… Еңсеп сүймен мен қайланы кезек сілтеп отырып, екі жүз қадам тереңдіктің тасын қопарып келе жатқанда сүймені шақ етіп, тақта тасқа тиеді. Бұл кадрлар – фильмнің шырқау шегі. Бұрын-соңғы сүймені тиіп көрмеген тақта тастың жер асты дариясына ашылар есік екеніне көзі анық жеткен, табанының астында бұрқырап-сарқырап жатқан алапат өзен барын сезген кезде бойын қуаныш пен қорқыныш қатар буған құдықшының психологиясын актер Алдаш Шалбаев нанымды сомдаған. Бұрын-соңды ешкімнің күрегі жетпеген терең құдық қазу, ол құдығы жер асты дариясына ұласып, сарқылмас суат көзін ашу – қолына сүймен, күрек ұстап туған құдықшы біткеннің арманы. Бұл сәт – құдықшы тағдырының шешілер сәті. Әбіш Кекілбаевтың Еңсебі сол арманына жетеді, алайда өзі де осы жолда құрбан болады. Әдеби шығармада Еңсеп өлетінін білмейді, тақта тас кенеттен опырылып түсіп, құдықшы қапияда қаза табады. Фильм режиссері де Еңсеппен осылайша қоштасады. Ал егер де… Еңсеп беліне байлаған арқанды шешіп жіберіп, жер асты дариясына өз еркімен ағып кетсе?.. Ең құнды туындысын салып бітіріп, адам баласы тұрғанша, бірге жасар шедеврінен кейін қайталанбас өнер тудыра алмасын түйсінген суретшідей, ең биік шыңын бағындырған альпинистей, қалған өмірінің мәні жоғын түсініп, айтарын айтып болғанын сезген кезде жарық дүниеде басқа қызық қалмағанына көзі жетіп бұ жалғаннан өз еркімен баз кешсе ше?.. Бұндай шешім фильмнің көркемдігіне қалай әсер етер еді?..

Рөл таңдау, талдау мәселелері
Фильмдегі бір ескерер жайт – Еңсептің сөздері Алдабек Шалбаевтың өз дауысымен емес, өзге актердің үнімен дыбысталған екен. Ащы да болса айтайық – дыбыстаушы, белгілі актер ағамыздың онсыз да зор дауысын кеңсірігіне бағыштап, қою тембрін одан сайын күңгірлетіп, резонёрлыққа берілуінен – актер сомдаған образ бен оның аузынан шыққан сөздері мүлдем қиыспай – былғарыға көн жапсырғандай болып шығыпты. Дыбыстаушы дауысы Еңсеп образына үш қайнаса сорпасы қосылмайды, осыдан келіп диссонанс туындайды. Құдықшы Еңсеп телевидениеде жарнама оқитын диктордың дауысымен сөйлеп жүргендей әсер береді. Фильмдегі айтылуға тиіс тағы бір мәселе – екінші, үшінші пландағы кейбір рөльдерді актерлік кәсіпке еш қатысы жоқ адамдар ойнауынан кей эпизодтар солғын шыққан. Қарақалпақ рөліндегі Мұхамеджан Мырзалиевтің өзге елге келіп, нан табу үшін жарты бәсіне келісіп (халықтың қамын жеп, ынсапты ойлағандықтан, аз ғана ақыға келісе берді деп ойлауға болмас) күнкөрісі үшін жүрген жалдамалы адамның психологиясына тереңдеуі кемшін. Бөтен елдің азаматының нанына ортақтасып, нәпахасынан айыру сияқты шиеленісі көп мәселеге бас сұғуға кіріспес бұрын, оң мен солына қарап, Еңсепке көзқарасын екшеп, ара қатынас салмағын таразыға салуы керек еді. Хиуа хандығы, түркімендермен арада шауып кету, тонап кету жиі болатын қылышы қайраулы ол заманның қазағы қазіргі толерантты қазақтан өзгелеу болған шығар… Әзіл-сықақпен танымал актерді күрделі дүниелерге араластырудың да ерекшелігін ескерген жөн еді. (Сатираның генийі Құдайберген Сұлтанбаев «Ғасырдан да ұзақ күн» спектаклінде Сәбитжанның рөлінде әкесі Едігейді жерлеу сахнасына шыққанда, Құдайберген тағы да «Тамашаға» шыға келгендей, көрген көрермендердің ду күліп, қол шапалақтап қарсы алғаны есте). Қаржы тапшылығынан кәсіби актерларды шақыруға мүмкіндік болмағаны да түсінікті… Жалпы, кинорежиссерларға актердің психотехникасын жетік білетін маманның рөл талдау кезінде де, түсіру алаңында да жанында жүргені артық етпейді.

Құс – еркіндіктің символы
Режиссер шаршап-шалдығып шыңырау түбінде отырған Еңсептің көз алдына көбелектей құстың ұшып келіп, қанатын қағып ауада «ілініп» тұратын көрініске терең ой салған. Бұл – сюжет арқауының әбден ширатылып, оқиғаның ширығып, Еңсептің жер асты дариясына ағып кетер алды. Көктемгі жаңбырмен қаулап өсіп, бір апталық қана ғұмыр кешетін көкнәр гүлінің жапырағындай үлбіреген құс – мүмкін, Еңсептің қоштасуға келген жаны болар. Ешқандай шекара дегенді білмейтін құс – еркіндіктің символы. Мүмкін… материалды өмірдің мехнатынан құтылып, рух әлеміне емін-еркін самғар Еңсептің өзі… Қалай түсінсеңіз де, фильмнің сапасын таразыға салар болсаңыз осы көбелектей құс пілдің салмағындай көркем ой-салмақ қосар еді… Фильмде Еңсептің Сұпы әулиенің жер асты мешітіне келіп Аллаға жалбарынып, әке өсиетін тәрк етіп, қолкүшін бұлдап, көкірекке нан пісудің неге апарарын түсініп; байлық қуу мен ар-ождан тазалығын таразылап, асылығына өкініп, күңіренетін сәттері өте әсерлі шыққан. Тауды үңгіп, төбесінің биіктігі екі құлаштай, кей тұсына тақта тастар қаланған, сақиналап тірек-колонналар қойылған жер асты мешітін оператор Рифхат Ибрагимовтың көзімен көріп отырғанда көне Грекия ғимараттары еске түседі. Осы орайда, Сәтімжан Сәнбаевтың «Аңызды аңсағанда» шығармасында пір Бекеттің Шақпақ шеберге әдеттегідей тас үстіне тас қаламай, тауды үңгіп, тау мүжілгенше тұратын ғибадат үйін салу туралы ақылы еске түседі… Жалпы фильмнің сәтті шығуында Рифхаттың еңбегі зор. Дауыл тұрған кезде теңіздің аласапыран болып, жартасқа ұрған таудай толқындардың «психопластикасын» дөп табуы, үйір-үйір жылқы жөңкіген кезде безек қағып қатарласа жүгіріп, мың сан тұяқ дүбірлеткен жерге құлай кетіп құлағын тосып, тың-тыңдаған Еңсептің жан дүниесін бейнелеуде, камераның шыңыраудың түбінен сықсия қарап, төбедегі оймақтай ғана болып көрінетін құдықтың аузынан кең аспанға көз салуы, Маңғыстаудың қатал табиғатын шығарманың идеясымен, Еңсептің тағдырымен астастыра отырып, аспанды жапқан қорғасындай бұлттарды кино тілінде сөйлетуі ғажап.

Құдықшы трагедиясы
Режиссер кеш жатып, ерте тұратын, жұмыр жердің төсінде, күн нұрының астында, үйіне келген қонағын құтқа балап, кілем, алашасын тоқып, бір-бірінің жүзін көріп, тілдескенін зор бақыт санап, күнделікті күйбең тірліктің қамымен күн кешіп жатқан қарапайым адамдар мен жер астындағы Еңсептің өмірінің бейнелерін алма-кезек көрсету арқылы құдықшы трагедиясын аша түседі. Оператор бұлттың, орай жауған қар аралас жаңбырда қалған түйенің малмандай болған шудасындай тұтасып тұрған сәтін дөп басып, қап-қара болып түнерген аспаннан күн көзі сығалайтын оймақтай ғана саңылау тауып, ол оймақтай саңылау мен күбінің аузындай болып қана көз ұшында көрінетін құдықтың аузын шыңырау түбінде отырып, камерамен «аулап» параллель жүргізетін көріністері керемет. Кейде арқан бойы түнек-қапастан сығырайып ғана көрінетін құдықтың аузы шыңырау түбінде отырған Еңсептің кеудесіне тірелген қара мылтықтың үңірейген ұңғысындай болып та әсер етеді… Әсіресе сыртта жаңбыр жауып, құдықтың аузынан ішке құйылған жауын астында қалып, үсті-басы балшық-балшық болып сыз қабырғаға жабысып, бір уыс болып бүрісіп отырған Еңсептің адам аярлық бейнесін беруде актер мен оператордың жұмысы керемет үйлесім тапқан. Актер Алдабек Шалбаев та Еңсептің қанша тырбанса да ішер асқа, киер киімге жарымай, кедейліктен кіжініп өтер өмірін; барынша адал болып, біреудің ала жібін аттамай, әділ болып қу кедейлікпен өмірден өткен әкесіне де опа бермеген жалған дүниенің бабын қайтсе табарын білмей, тақуалық пен байлық деген екі оттың ортасында шыбын жаны қиналған трагедиясына тереңдей алған. «Ал… өзің адал болдың екен, кедейліктің қорлығына шыдап бақтың-ақ екен… сөйтіп, екі кез кебінге оранып бұ дүниеден өттің екен… артыңда қалар ұл-қыздарыңның жазығы не?.. олар неге сен сияқты, сенің әкең сияқты қу кедей болулары керек… құдықшылық кәсібін бұлдап адал еңбегіне оншақты тұсақ үстеме қосып көріп еді… оны да Құдай көп көрді… үйленетін ұлыңа, «әке атымен өтетін» қызыңа жиған жаукөз байлығың жоқ… әке деген атың ғана… көзіңе айтпаса да, қар жауған қабағынан, томсырайған түрлерінен көрініп тұратын ұл-қызыңның наласынан ауыр не бар әке үшін…» сияқты сана ағымында ажалдан қашқан Қорқыттай ағып бара жатқан сорлы әкенің ішкі жан азабын Алдабек Шалбаевтың көзінен оқып, тұрмыс деген қайқы бас сұр жыланның Еңсепті бәрібір шағарын түсінген көрерменнің жаны қоса шырқырайды… Еңсептің баласы Жомарт қарақалпақтың қызы Ақмоншақты алып қашары белгілі болған сәтте көрермен әрине, атқа мінгесіп қашып бара жатқан қос ғашықты көз алдына елестеткен болар. Алайда тосын шешімге барған режиссер бұл жерде де тазыдан бұлтарған қояндай алдырмайды – Жомарт ғашығын қайықпен алып қашады… Әбіш Кекілбай шығармасында жер асты дариясымен ағып келген Еңсептің қауғасы толқынға тербеліп кәрі Каспий төсінде қалқып жүреді. Оны кездестірген балықшылар ауға балық мол түсіп, олжалы ораламыз деп ырымдайды. Қауғаның телегей теңіз төсінде жүзіп жүруі мықты символ – Еңсептің өзі өлсе де артында қалған туындысы күн сәулесі шағылысқан дария төсінде тербеліп, шексіз кеңістікке шығып, еркін жүзіп жүргендей әсер беретін еді. Режиссер қауғаны жағаға шығарып тастайды. Қыз алып қашқан баласы жағада жатқан қауғаны көріп әкесінің қайтыс болғанын біледі. Егер де, құдықшының баласы Жомарт әкесінің көзі, құдықшылар әулеті Қараштар кәсібінің белгісі – қауғамен айдын төсінде кездескенде қалай болар еді…
Бірде пейіштің кәусарындай сылдырап, бір жұтуға ынтық еткен, бірде булығып, қылғынып естіліп, төбеқұйқаны шымырлатқан жер асты дариясының тылсым үні гректердің Сиренасындай сыйқырлы үнімен арбап, жадылап ақыры Еңсепті ертіп әкетті. Қарулы қол соңғы сілтеніп, күс-күс алақаннан сүймені сусып, табан асты опырылып кеткен Еңсеп ышқынуға да үлгермей, дария-түнекке ағып бара жатты… (Бұл кадрларды көрермен көрмейді, режиссер түйсігіңізге таңбалайды.) Еңсеп бұл өмірде өз миссиясын орындап кетті. Шөл даладан құдық қазып, аптап ыстықта кенезесі кеуіп келген жолаушы болсын, жануар болсын, шөлін қандырар кәусар су шығару діни таным тұрғысынан келгенде де зор сауап. Құдықшы еңбегіне алдына азын-аулақ мал түскені болмаса, ерен еңбектің атағы – құдық қаздырған байдың намына тиесілі. Бұл жолы, Еңсеп қазған құдық ел аузында «Еңсеп өлген» атауымен қалды. Еңсеп өзі өлсе де артында өлмес іс қалдырып кетті. «Еңсеп өлген» құдығы жер асты дариясы құрғамайынша, суалмайды. Ал жер асты дариясының суы ғасырлар бойы ағып жатса керек. Қорыта келгенде, Жаңабек Жетіруовтың «Шыңырауы» табиғилығымен, ұлттық бояулары қанықтығымен құнды. Қамшының сабындай қысқа өмірде байлыққа құнықпа, айналаңнан алуды емес, беруді ойла; күнәсіз пенде жоқ, тәубеге кел, артыңда атыңды жақсы ісіңмен қалдыр деген ой айтады. «Шыңырау» фильмі оннан астам халықаралық кинофестивальдарға қатысты. Қытай мен Түркияның кино саудасында көп фильмнің ішінен «Шыңырауды» таңдауы да тегін емес. Жанабектің «Шыңырауын» қазір Түркия халқы тамашалауда…

Асылбек ИХСАН

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір