Керексіз
06.01.2012
1479
0

(әңгіме)

817921_1254918324___________Тұрсынжан Шапай

Ол шаршады. Шынымен-ақ шаршады. Әзелден айналысқан шаруамнан айнымаспын деген сертінен де қажыды. Күннен- күнге қадірі қашып, сыйлы болудан қалып барады. Айтқан уағызы, үйреткен ілімі ке­дергісіз өніп-көктеп, кенеусіз-ақ жайылып еді. Сарқылмас суат тапқандай жеті ықылым шөлдеп келіп, тегіс бұның сөзіне бас қойған. Еңбегі жанғанға, бірақ тынысы кеңімеді. Бейнеттің зейнетіне қуана алмаған – сірә, дүниедегі анық сормаңдай. Неге бұлай болды – себебін іші біледі. Жақсыдан да, жаман­нан да ләззат ала алмасын болжайды. Ештеңеге қуанбайды, қабырғасы қайысып, еш­теңеге қайғырмайды да. Ақылдың, айла­ның, түпсіз терең білімнің түбі – бір мұң. Ал бұл, кемеңгер білік, талмас жігер иесі еді. Ше­шендігінде, өтімділігінде, адамға жұ­ғымдылығында өлшем болмайтын. Көз байлайтын сиқыры, айтқанына ұйытып, ой­ла­ғанын қылдырар құдыреті бар деп, абыз атандырып, аңыз қылды ел. Рас та шығар… Бойындағы сол мақтаулы қасиеттердің ешқайсысы, бірақ, жанына қанағат, тыным сыйлай алмады. Ішіндегі бір үңірейген қорқынышты қара қуыс толмай-ақ қойды. Осы уақытқа дейін бір сәт тыным таппағаны, әрекеттен қол үзсе-ақ, су түбіне кетердей ма­засы қашып, дегбірі тозғаны да содан екенін сезеді… Оған қылар қайраны тағы жоқ…
Адам табиғатын, дүние сырын терең түсінгендік оны ешкімге, ештеңеге сенбейтін күмәншыл етті. Адам – әлсіз. Одан үміт жоқ. Аяқтап келгенде, бәрі – нәпсінің досы, құл­қынның құлы… Бұның адам жанын сынауға негізделген тылсым ілімі таяқ шаншысаң, жайқалып дарақ шығатын осындай тамаша пәлсапалық құнарға түсті. Сондықтан ыр­қына оңай құлап, жетегіне құлшына ере­тін пенде атаулы бұның құнсыз ойын­шығына айналды. Сондықтан басына шалма орап, қанша абыз пішінденіп уағыз айтқанда да, адам баласының ең тереңдегі, ең аяулы деген сезімдері ұялап жатқан жан түкпіріне індете түкіріп қойып, мысқылмен күлген бір сайқымазақ отыратын ішінде. Соған қара­мастан, бұған деген жұрт ықыласы таңдан­дырған. Өз ілімінің қарапайым қойшы-мал­шы, аңғал сәбиге дейін ұғынықты бол­ға­нына және оны үлкен демей, кіші демей – тегіс жұмыла, қуана игергеніне көңілі толған. Сірә, адам баласы үшін мұның ілі­мінен оңай, мұның уағызынан тартымды дүние жоқ.
Адам баласы әлсіз болуға қандай қабі­летті, қандай ыждаһатты! Ойлап қараса, ар­мансыз ұстаз болыпты, артына қара-құ­рым шәкірт ертіпті. Бір қызығы, алдынан өтіп, дәріске жетіккендер келе-келе дәреже салғастырып, мұның өзін елемей кетті. Ұс­тазға деген алғыс сезімі, шәкірттік ілтипат, ізет, құрмет дегенді олар ұқпай-ақ қойды. Бір өкініші – осының сырын біле алмады. Бәл­кім, өзі ұстаз алдын көрмегендіктен бе екен?! Әлде ондай өнеге бұл таратқан ілім-ғылымға жат дүние ме… Ең ауыры, не заманнан бергі үздіксіз бейнет, тынымсыз ең­бектің нәтижесінде екінің бірі бұның шәкіртіне айналған шақта, ол енді қисапсыз көп білгіштің ішінде өзінің бірте-бірте керексізге айнала бастағанын сезді. Кімге насихат айтып, жөн сілтесе де, «өзім де бі­лем» деп, жүре тыңдайтынды шығарды. Бұ­ның ақыл-кеңесіне зәру, шынында да, ешкім қал­маған сияқты. Енді қайда барады? Кімге уағыз айтып, кімнің жігерін жаниды, кімнің жүрегін жаулайды? Ішіндегі азынаған қара қуыстан қашқан тынымсыз әрекетінен тыйылса, талқанының біржола таусылғаны. Ақы­лына, білігіне, қажырына сеніп, айтқан сертіне жеткенде – дүниені өз іліміне ұйы­тып, өз қалауына жеккен кезде – тірлігі ма­ғы­насызға, өзі керексізге айналды. Бұдан ауыр жаза, тағдырдың бұдан артық соққысы бола ма?! Бұның өлместігінен енді не қайыр?!
Бірақ қанша қапа болса да, ол мойымады. Шексіз, үмітсіз мұңға батып отырып, осы күнге дейін кезген жерлерін, аралаған ел­дерін ойға алған… Ақыры, түнек түбінен бір сәуле көрінгендей болды. Дүниенің қиыр шетінде, қалың таудың тар аңғарында ұйлыққан бір шағын ауыл есіне түсіп еді. Жері шүйгін, елі момын, береке, құт қонған қоныс. Бірақ бұның іліміне тым ықылассыз, ақылға да, қимылға да шабан, керенау қауымның қалай шайқаса да, шырқын бұза алмай-ақ қойған. Ұйыған мимырт, бейбіт тіршілігін күйттеп, мұның дегеніне көнбеді, айтқанына жүрмеді. Мұндағы жұрт ақы­лының кемдігінен, сезім-түйсігінің до­ғалдығынан, тіпті, өсек-ғайбат айту, алдау, күн­деу дегенді білмейтін. Жігерінің азды­ғынан ішіп-же­мінен артық дүние де жимайтын, Қиянат дегеннен хабарсыз, тату-тәтті, маужыраған ма­­мыражай мекен еді. Қарап тұрып ішің пысар-ды. Осынау ұйқылы-ояу өлі тіршілікке жан беріп, қозғау сала алмай, адам аяғы басқан жердің бәрінде ілім жайып, өнеге шашқан абыздың маңдайы таудың тар аңға­рында алғаш тасқа тиген… Ендігі ісі солар­мен болсын! Бұл – әлі керек… адамдарға!
823803_993771283__________________06Осы ойдан бойы дүр сілкініп, дүниенің қиырында, қалың таудың қатпарында жат­қан елге асығыс аттанды. Құс болып ұшты, балық боп жүзді, бөрі боп жортты – баяғы ауылдың қыр желкесінен оқшиған биік шоқының басына қас қарая кеп ілікті. Сонда көрді: аяғының астында жарығы самаладай самсаған, көшелері өрмекшінің торындай шатысып, қызылды-жасыл оттары шулап аққан ұлан шаһар жатты. Өз көзіне өзі сен­беді. Бір кездері сай түбінде ұйлыққан аядай елді мекен ұзынынан құлдап етекке, тырмыса өрлеп тау басына созылып, ені – қос қапталдағы жота басына қарай жайылып, аумақтанып, сәулетті ғимараттары сыңсыған базарлы, дулы кентке айналыпты. Кешегі момын ауыл, можантомпай ел қайда?! Өткір көзі қала қойнауын тінткілеп, көше-көшені аралап, үйлердің арасын сүзіп шықты. Жарнамалар! Әлем-жәлем, түрлі-түсті, жайнаған алуан отты жарнамалар!.. Қызыққа, ләззатқа, құмар ойынға шақырады… Үріп іш, шайқап төк! Уақыт – ақша, өмір – базар: жаныңды ке­пілге қой да, қайтарылмайтын несие ал! Барлық жарнаманың, шамамен, айтары – осы… Жүрегіндегі олқысы толмас қара қуыс енді азынай ашылып, қара түндей ұлғайып, арылмас мұң болып басты. Қала сыртында қарауытқан биік шоқының басында отырып, қайғымен түнді өткерді. Таң ата, таудан қиялап түсіп келе жатып, ешкі бағып жүрген біреуге кезікті. Көңілі әлденеден дәметіп:
– Сен кімсің? – деп сұрады.
– Масғұт…
– Масғұт болсаң, – бұл, қолымен шаһар жақ­ты нұсқады, – аналардың ішінде неге жоқ­сың?
– Маған керексіз дүниенің бәрі сол жақта, – деді Масғұт.
– Сендейлер көп пе?
– Бар…
– Олар не істейді?
Масғұт құлашын жайып, таудың сала-са­ла­сын, қаланың ар жағындағы қиырсыз жазықты айналдыра нұсқады:
– Мал бағады, егін егеді, су жағалап кә­сіп қылады. Тойшы – той тойлайды, қойшы – қой күзетеді дегендей…
Киімі жүдеу. Өзі арық. Момақан жүзін төмен салып, мұның келесі сұрағын күтіп тұр…
– Осы жердің тұрғылықтысысың ба?
Масғұт басын изеді.
– Мынау не қала?
– Біздің елдегі сауық-думан, құмар ойын орталығы. Біраз жыл болды ғой…
– Осы арада бір шағын ауыл болушы еді… Тұрғындары қайда?
– Жартысы қалаға кіріп кетті. Қалғаны – мен сияқтылар, – деді Масғұт.
– Мен ауылдағылардың бәрін танушы едім… Сені білмедім ғой?
– Мен онда бес-алтылардағы бала болатынмын… Ал сіз… өзгермепсіз…
Бұл таңырқап, әрі әжептәуір көтеріліп қал­ды. Қарайгөр… ел-жұртының есінде екен әлі…
– Басқалар да мені ұмыта қоймаған шығар?.. Қалай ойлайсың?
Масғұт иығын көтерді.
– Кім біледі… Кейіннен сіздің шәкір­тіңіз­бін дегендер қаптап кетті ғой… Мына біз сияқты кемақыл, көрзейіндерге олардың да шамасы келмеді. Дегенмен, шәкірттеріңіз шебер екен, жарты ауылды қалаға ертіп әкет­ті…
Ым-м… Опасыз шәкірттері, ақыры, мұнда да алдын ораған екен. Бұған барар жер, басар тау қалдырмайын деген екен… Іштегі қап-қара құса қайта көтерілді. Суға кетерін білсе де, тал қармағандай, қажып:
– Сен маған шәкірт боласың ба? – деді еш қайрансыз, үмітсіз үнмен. – Ілім үйренсең, мына ешкіңнен де құтылар едің, үстіңдегі киімің де бүтінделер еді.
Масғұт төмен қарап, ыржиып күлді. Қо­лындағы таяғымен жер шұқылап тұрып:
– Жо-о… Әуре болмаңыз, – деді. – Бізге – ілім қонбайды. Алла-Тағала осылай жаратты… Қалыбымыздан асып қайда барамыз? Онсыз да… мына қаланың әкімінен бастап, аула сыпырушысына дейін – сіздің шәкірт­теріңіз емес пе… Мені қайтесіз…
Дұрыс… Есіне түсті. Бұрын да дәл мынау сияқты топас еді бұл ауылдың тұрғындары. Бір кездері өзіне көмекші, шәкірт болғандар мықты шықты – Масғұттарға шамасы келмесе де, жарты ауылдың бетін бері қаратып, ке­леге қосыпты. Дүниеге көзін ашып, тал­ғамын ұштап, жігерін қайрапты – өмірге құш­тарлығын оятыпты… Оятқаны сонша, қы­зылды-жасылды, у-да шу, базарлы, думанды алып шаһар күндіз-түні бір тынбай, құ­мырысқаның илеуіндей қайнап аласұрады. Міне, өмірдің мәні! Аңсар мен мұрат, арман мен тілек, әлмисақтан бері ақиқат іздеп адас­қан ақыл-ой… Баршасының тиянағы – осы шаһар! Құдыретті ілім күшімен адамның күллі әлсіздігі, құмары мен ләззаты тас қа­быр­ға, тас көшеде ұйлығып, екі иығын жұ­лып-жеп, мына жын атқан алып қазанда буы бұрқырап, қайнап жатыр, әне!
Осыны ойлап, бір сәт бойын масат буған абыздың көзі қарсы алдында тұрған Мас­ғұттың қалың қабағына, тайқы маңдайына түс­кенде, көңілі су сепкендей басылды. Сезімсіз қабақ, саңылаусыз маңдай! Бұл бейбақтың мықтылығы да сонда – ештеңе сез­бейді, ештеңе ұқпайды… Сезетіндер, ұғатындар, әне, қалада жүр жінігіп… бірін-бірі жеп… Бұл – қой-ешкінің соңында тау кезіп, тас басқан саяқ. Мұның мықтылығы – аптап пен аязға, жел мен жаңбырға мыңқ ет­пес таудағы жартастың бетпақтығы. Ай­ғайласаң, жаңғырық шықпайтын томырық, топас, түйтесіз жартас!.. Мына тау сияқты, топырақ, тас, су сияқты – өзімен өзі, ештеңеге елігіп, ешкімге еліктемейтін, ешбір ілімге зәрулігі жоқ һәм ішінде ешбір қуысы жоқ толық жаратылыстар болады – міне, мына Масғұт сияқты бітеулер… Бұларды өзгертуге мұның өнері жетпейді… Ал ана қалада­ғыларға… бұл – керексіз…
Осыған қайғырып, Масғұттың қаперсіз, момын жүзіне енді жек көре, жеркене қарап тұрып, кенет көзіне көзі түсіп кеткен. Тұла бойы дір ете қалды. Оның бейкүнә, жуас жа­нарындағы шексіз мейірімді, адам айт­қысыз жап-жарық, жып-жылы нұрды кө­ріп, аза бойы қаза болды. Қапияда Масғұттың аялы көзіндегі ешбір себепсіз елжіреген нұрлы шуаққа тұтылып, ішіндегі сұп-суық, азынаған мәңгі қара қуыс ең терең түкпіріне дейін тітіреп, қалш-қалш етті. Мұндайды кім көр­ген?! Сол сәт: мына нұр – түптің түбі, бұ­ның барша ілім-ғылымын түп-тұқиянымен өртеп, күл қылатын, түптің түбі, бұның өзін де таудағы жартастай, табанның астындағы топырақтай сезімсіз, жігерсіз, түйсіксіз, момын, топасқа айналдыратынын түсінді… Қораш бақташының мықтылығы неде екенін де енді ұқты. Біржола түңіліп, шошып, қай­терін білмей тұрғанда:
– Жолыңыз болсын, – деді Масғұт, еш­теңе сезбеген бейқам дауыспен. Мұның ішінде алай-түлей соғып өткен аласапыран, бұрқасын-дауылды естіген де жоқ. – Қалаға кірмей-ақ қойыңыз. Олар сізді тас… тас табылмаса, шіріген картоп, қызанақ атып қууы мүмкін. Баяғы… аталарыңызды қуған сияқты…
Бұл, ештеңеге түсінбей, қатты таңыр­қап:
– Не үшін?! – деді жұлып алғандай. – Ке­рексіз болсам да, еңбегім бар емес пе еді?! Бәрінің ұстазы емес пе едім мен?!
Арыған, жүдеу, нұрлы Масғұт енді бұған біртүрлі аяй қарады.
– Ол рас… – деді, бұл жолы, тіпті бір жұм­­­сақ, биязы үнмен. – Күндіз-түні бәрі сіз­­дің үйреткеніңізді істейді. Сіз үйреткен әуен­ді салады… Сіз баулыған амалға жү­гі­неді. Анау аста-төк байлық, тынымсыз қы­зық, таусылмас былық-шылық – бәрі сіз­дің ілім-ғылымыңызбен келді… Бірақ… Ең аяғы әлгі… өзіңіз білетін, қазір есірткі сатып байы­­ған молда Нәсіпке дейін, бұл – Құ­дай­дың бізге берген өзгеше нығметі деп бі­леді… Осынша мырза Құдайға жағамыз, тәу­лігіне 24 сағат бойы біліп істеген күнә­міз­ді кешеді деп, уақты-уақтысымен құлшы­лық қылады. Арнайы дұға оқып… сізді аластайды. Ке­ші­ріңіз… Сізді соншалық жек көр­геннен емес… Алланың ризашылығы үшін деп те баяғы…
Осынша жайсыз әңгіме айтқанына ың­ғай­сызданғандай, таяғымен жер шұқылап, тұ­рып-тұрып:
– Қайыр-хош тұрыңыз! – деді, ақыры, Мас­­ғұт. – Бір Алла кеңшілік қылсын бәрі­міз­ге…
Масғұт, момын жанарынан төгілген се­бепсіз мейіріммен бұның іші-бауырын өртей, әлде қалтырата мұздатып, тағы бір қарады да, беткейді қиялап, өрлеп кете барды. Бұл, сол тұрған орнында қалшиып, ұзақ тұрып қа­лып еді…

* * *

Ол есін жиып, төмендей жылжып, етекке түскенде, күн де еңкейген. Қаланы сыртынан айналып өтіп, ар жақ шеті мұнартып, көк­жиек­ке ұласқан, көгі жайқалып, теңіздей тол­қыған кең жазықты бетке алды. Белуардан келетін бітік егін ішінде қала жаққа көз тастап тұрып, өзінің дәрменсіздігін мойындады. Алғаш рет. Өңін өзі өзгертіп, мінезін өзі қалыптаған мына әлемге енді біржола ке­рексіз болғанын анық ұқты. Рас, ғұмыры бос­қа өткен жоқ – ойлағанының бәрі іске асты… Бірақ күткені бұл емес еді. Жаратушысы мен құлының арасына жаққан оты, ұлғая-ұлғая, жер-дүниені қаусырып, енді айнала қаптаған алапат өрттен қайда қа­шарға білмей, өзінің де жолы кесіліп тұр… Ол белуардан келетін көк балауса, биік егіннің ортасында тұрып, шарасыз жүзі көкке бағып, шыр-көбелек айналды. Мұзға тастап, бишікпен шықпыртқан зырылдауық­тай аппақ шапанының делдиген етегі үйіріле дөңгеленіп, айнала берді, айнала берді… Ақ құйындай оратылып, жердің шаңын бұр­қы­рата көтеріп, тік шаншылған күйі, күңірене сырғып, көкжиекке қарай алыстады… Шең­берін бірте-бірте ұлғайтып, шексізге ұзаған сақина өрнекті ғажайып із қалды артында. Оны басқа әлемнен, ғарыштың өзге бір қиы­рынан келген ұшатын тәрелке сияқты әуе ке­месінен қалған белгі десті кейіннен көр­ген жұрт.
Ол – жалғыз еді. Мұңды еді. Үмітсіз еді.
Осынша білермен, осынша кемеңгер басымен, Алласыз дос таппасын түсінбей-ақ қойған, амалына сеніп, өлшеусізбен алысқан, соның жазасына мәңгіліктің ақырсыз, түпсіз қапасында мағынасыз лағып, бос қалған бейбақ еді ол.
Есімі – Сайтан болатын.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш e-mail не будет опубликован.

Пікір