ТІС пен ІШТІҢ БҮЛІГІ
22.07.2022
1331
0

Тіс түңілдірді

Тауығымыз шақырып, тәуелсіздіктің таңы атқаннан кейінгі оншақты жылдың шамасы. «Ары тартсаң, арба сынып, бері тартсаң, өгіз өліп» жатқан аласапыран кез. «Атақсыз ауру» деп ешкім елеп, ескере бермейтін іш пен тістің «бүлігі» әдет­те Жаратқан Иеден «тапсырыс» келгендей жұма күндері түстен кейін басталады. Астан тиылу өз алдына, ұйқыны да үркіт­ті. Сенбі күні тіс зардабы оң жақ бет­ті күптей ғып ісірді. Демалыс күнгі емханалардағы кезекші дәрігерлер жүрек, қан қысымы, сусамыр сынды «ересек» аурулар болмаса, ұсақ-түйек «маза кетірерлерді» есіктерінен де қаратпайды. Дүйсенбіге Құдай жеткізсе, елең-алаңнан «көмек көрсетердің» есігін бағамыз. Басқа ұлт­тың бірен-саран өкілдері болмаса, жағы жарлауытқа соғылғандардың бәрі – қазақтар. Кімнің кезегі кімнен кейін екенін ымдасып қана айқындаймыз. Олар да иектерімен ғана нұсқайды. Дегбірсіздене күткен емхананың есігі ашылуы ашылды-ау, бірақ іш, тіс, құлақ секілді көди-сөди аурулардың емшілері тегіс екі айлық кезектен тыс демалысқа жіберіліпті. Бір-екеумізге жолдаманы студент­тер емханасына берді. Жазған құлда шаршау бар ма, таксилетіп оған да жет­тім. Қабылдаған – қасында екі медбикесі бар жастау жігіт. Іскен бет­ті медбике ойбайлата шағын қалақшасымен тартып тұрды да, дәрігер ауру тістің тамырына жансыздандыру инесін қойды. Креслоға шалқайта жатқызды да:
– Он-он бес минут­тай отырып есіңді жи. Содан соң бұл тісіңнің жаназасын шығарамыз, – деген дәрігер менің:
– Не-нервісін өлтіріп, п-п-пломба салуға болмай ма? – дегеніме:
– Жо-жоқ, бұл тіс ештеңеге жарамайды, – деп шорт кесті де, көзден ғайып болды. Креслода қылжиып жатырмын. Он бес минуты бір жарым күндей берекемді алды. Әлден соң дәрігер келіп, көзім жұмулы жатқан мені иыққа қақты. Тірі екенімді аңғарт­тым. Бағанағыдай емес, дәрігердің беті қызарыңқырап тұр. Медбикелерін шақырып алды да, «қысқашты әкеліңдер» деді. Біреуі әкеп қолына ұстата қойды.
– Аш аузыңды, – деді орысша бұйрық екпінімен. Аштым. – Қат­тырақ аш.
– Бұдан артық ашылмайды, – деймін. Қалақшасымен ойбайлата тартып керді де, қысқашымен тісті шықырлата жұлды. Көзімнің жасын сүртіп, дәрігерге қарасам, тіс қолында, аң-таң болып тұр. Сөйтсем, ауырған тісімнің жанындағы сау нан шайнарымды жұлып алыпты. Бетінің қызарыңқырап тұрғаны – бас жазар жасап алған екен. Қан саулап жатқан жерге мақтаны тығындай бастады. Қалтамдағы «Пресса» куәлігін алып көрсетіп:
– Барып, бас дәрігерге шағынамын, – деп есікке қарай тұра ұмтылдым. Екі медбике екі қарыма жармасты.
– Аға, бармаңызшы. Сізге бар жағдайды жасаймыз, – дейді жалынып.
– Сау тісім орнына қайта орнатылмайды ғой.
– Қалған тістеріңіздің аман сақталуына біз жауапты боламыз. Сіз басқа емханаларға бармай, бізге ғана емделетін боласыз. Әрі кез келген уақыт­та кезексіз қабылдаймыз.
– Жо-жоқ, шағымданамын. – Жұлқынып тұрмын. Орыс дәрігер-жігіт:
– Агашка, кешірім өтінемін. Бас дәрігерге бармай-ақ қойыңызшы, – деп екі қолын кеудесіне қойып, басын иді. Келіспеске шарам қалмады. Сылқ етіп орныма құлай кет­тім. Аузымды емдік сулармен шайғызып, миыма қиғылық салып жатқан тісіме тағы бір ине жұмсады да, қан сорғалаған қызыл иекті мақтамен тығындап, қырлы стаканның тең жартысы суды ішіп жіберуді өтінді. Әдет­те тіс емделген соң екі сағат нәр татпау керек деуші еді, бұлары несі екен деген ой арғы жақтан түрткілегенімен, үш күнгі азаптан ештеңе ішіп-жей алмай, шөлдеп отырғаным да рас еді. Көмекейлете тартып жібердім. Ашөзек тамағымды қырып кет­ті. Бірақ сәлден соң жаным жадыраңқырап қалды. Сөйтсем, олар айлаға басып, мені бас дәрігерге барғызбас үшін «жынды суларын» ұсына қойған екен.
Енді зақымданған азу тіске дәрігерім бейне бір жауынан өш алардай шүйлікті. Қысқашты бір-екі рет шақылдатып алды да, езуді керіп тұрып, тақтайдан шеге жұлғандай тісті қысып, қиқулата тарт­ты. «Аһ!» дедім. Үсті сынып, астындағы тамыры қалып қойыпты. «Қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көресің» демекші, азапты арпалыс енді басталды. Ілгешек темірді қызыл иектің ішіне ойқастат­ты. Қармаққа түскен балықтай бірдеңе ілікті-ау деймін, тартып қалды. Үш айыр тамырдың екеуі шығып, біреуі тағы қалып қалыпты. Бұдан ары тіс тұғырын үңгуі басталды. Шыбын жаным шырқырады. Қысқыштың аузына түскен тамырды қасындағы бір түйір етімен жұлып алыпты. Аузыма қан толып кет­ті. Тиісті ыдыстарына түкіртіп қойып, медбикелер жуудай-ақ жуып жатыр. Ас қабылдар сәл тазарған кезде тағы жарты стақан су ұсынды. Тістен ары сырғыт­тым. Қос қолтықтап демеген екі медбике түпкі бөлмедегі тапшанға апарып қисайт­ты. Үстіме дәрі аңқыған жамылғы жабуды да ұмытпады. Қалғып, «жүріп» кетіппін. Қанша жатқанымды білмеймін. Көзімді ашып қалсам, меңді медбике қасымдағы томпышка үстіне екі котлет салынған тәлеңке мен жарты стақан «су» әкеліп қойып жатыр екен. Ас шайнау қуысы қанға бөгіп қалыпты. Медбике тісімді тазартып әлек. Томпышка үстіндегілерді сұқ саусағымен нұсқап: «Бола ма?» дегендей ым қақтым.
– Бұларды сізге деп асханадан алдырт­тық. Суытпай, сіңіріп алыңыз, – дейді. Ауызды тазартқыш сұйықпен шайқап отырып, жайпадым. Сәл жамбастап едім, ар жаққа өтіп кетіппін. Меңді бике иыққа қағады. Жанарымды жыпылықтат­тым.
– Тіс жағынан сіз біздің тұрақты емделушіміз боласыз. Тұрыңыз, жүріңіз. Мен сізді көлікке салып жіберейін, – дейді алдаусырата күлімдеп.
Міне, біздің медицинамыздың өркениеті – осындай.

ІШТІҢ ІРІТКІСІ

Іш дүрмегі мені әжетханаға қуып кіргізді. Ары-бері ат­тап бассам, шұрылдай жөнеледі. Бірер таблеткі «бағындырғышты» кеңірдектетіп едім, бұл сұйқылтым оны елең қылмады. Дүйсенбінің таңын кірпік қақпай отырып, алғашқы ем тілеуші болып, дәрігердің алдында отырдым. Емші мұңымды мұрнын уқалап отырып тыңдады. Дәл осы сәт­те кіріп келген медбикесіне бір саусағын көрсетіп, иек қақты. Ол дәрілер тұрған шкафтан бір ақ түйірді әкеліп суменен жұтқызып жіберді. «Мен басқа емделушілерді қабылдаймын, сен есік алдындағы диванда отыра тұр», – деді емшім. Он минут өтпей іш бүлігі мені әжетханаға қарай тұра кеп қуды. Ол «кабинетке» кіріп ұза-ақ іс тындырам. Әрі одан шыға сала бір адамнан соң кезекке қайта тұрам. Бұл сұйқылтым емшіден шыққан соң мені зыр жүгіртіп құлға айналдыруын бұрынғыдан да үдете түсті. Дәріге, дәрігерге көнбеген бұл «бүлік» Жаратқан Иеміздің «ана жаққа» алып кету үшін жіберген «құқайы» емес пе екен деп, зәремнің зәр түбіне жеткені де рас. Сөйтсем… иә, сөйтсем, маған дем беруші екеуміздің сөз сайысымызды естімеген медбике менің аппақ қағаздай боп қашып отырған өңімді көріп, қатып қалған ғой деген долбармен ішті қуалайтын таблетканы жұтқыншақтан ары жөнелткізіп жіберген ғой. Сөйтіп, бұрынғы қудалауға бұл сүргін қосылып, мені ал келіп қақпақыл жасады дерсің. Енді әжет бөлмесінен шығуға шамам келмей қалды. Содан емделушілердің біреуі арқылы медбикеге сәлем жолдадым. Ол жүгіріп келіп:
– Ой, аға, мен сіздің ішіңіз қатып, шықпай қалған екен деп, оны «талқандайтын» дәрі беріп жүрсем, сорғалағыңызға сор болып қосылған екен ғой. Кешіріңіз! – дейді күлкісін тыя алмай, мәз қалпы. Содан дәрігер екеуі «жедел жәрдем» машинасын шақырып, ауруханаға жөнелт­ті. Бара сала киім ауыстырар алдында, ол кезде әрбір мекеменің «журнальный» столының үстінде үйіліп жататын «Казправданың» бірнешеуін қабат­тап, іш киімнің ішінен орап алдым. Мұндағылардың берген түймедейлері мен салған инелерінен соң басымды жастыққа қойып едім, екі күн екі түнгі ұйқы ала жөнеліпті. Оянсам, «полная заправка» жасалған екен. Іштегі ваннаға жуынуға тазалаушы рұхсат бермейді. Аурухана ғимаратының артқы жағында алаңдағы гүлдер мен шөпті суаратын суық судың шлангасы бар. Палатада менімен мұңдас тағы екі «боздақ» бар екен. Бірімізге біріміз мұздай суды құйып тұрып шайынамыз да, «Казправданың» көмегіне жүгінеміз.
Тамағымызды тыя жүріп, ауруханада үш тәулік осылай іштің «іріткісіне» бағындық. Медицинамыз «дамып жетілген-ақ» екен.

 

 

 

 

Еркін ЖАППАСҰЛЫ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір