Ескінің көзіндей, жаңаның өзіндей
22.07.2022
331
0

Көңіл шуағына мейірім төгілген аяулы жанның өмірден алар несібе жемісі – алтын босағасы мен сүйкімді перзенті болар. Адамзат жүріп өткен небір ауыр жол, алмағайып заманнан ұрпағын аман-есен бүгінгі күнге жеткізген әйел-ана құдіретін жырмен өрнектеп, әнмен әлпештеп, сөзбен айтып тауысу мүмкін емес. Ана – болашақтың демеушісі, ұлт­тың жебеушісі, сәбилердің бақыты. Ана – барлық қиындықты жеңетін сарқылмайтын күш, тіршіліктің қайнар бұлағы.

Қазіргі заманда әйелдер қауымы қоғам мен мемлекет ісіне келгенде ер азамат­тардан кем белсенділік танытып отырған жоқ. Яғни, әйел азамат­тар тек отбасы төңірегінде ғана емес, сонымен қатар мемлекет­тік қызмет­те, бизнесте, денсаулық сақтау мен білім-ағарту жүйесінде жемісті жұмыс істеп жатыр. Сонау қиын-қыстау жылдарда елдің еңсесін көтеруге атсалысудан бастап, бүгінгідей әлемге танылып, бәсекеге барынша қабілет­ті мемлекет болуға ұмтылып отырған заманда да әйелдер қауымының қосқан үлесі шексіз. Бүгінде білім беру ісінде ұзақ жылдар қызмет­тер атқарып, өзінің біліктілігімен ерекшеленіп ғана қоймай, сол салаға айтарлықтай үлесін қосып келген Қымбат Қуанышбекқызы туралы сөз қозғамақпыз.
Біз сөз еткелі отырған жан көненің көзіндей, жаңаның өзіндей бола білген ұстаз. Иә, адам баласының даму тарихындағы жасаған рухани, мәдени қазынасы, тәжірибесі, соның ішінде «көргенділік» деп аталатын адамгершілік, тәлімгерлік тағылымдары ұрпақтан-ұрпаққа осы ұстаздық үрдіс арқылы беріліп, жалғасын тауып келеді.
Қымбат Қуанышбекқызы 1942 жылдың 8 маусымында Жамбыл облысы Тараз қаласында дүниеге келген. Бақыт­ты балалық шағы Дөңгелексаз ықшам ауданында өтіп, Әселкүл апасының тәрбиесін көреді. Бар асыл қасиет бір бойынан табылатын апасы да Қымбат Қуанышбекқызын еңбекқорлыққа, адалдықта, білімге баулып, инабат­ты етіп тәрбиелейді.
Тараз педучилищесін үздік аяқтаған соң, Тараз қаласындағы Ә.Молдағұлова атындағы орта мектепте бастауыш пәнінің мұғалімі ретінде алғашқы еңбек жолын бастайды. 19 жасында Жамбыл облысы Талас ауданы Ақкөл ауданына келін болып түсіп, Зұлыпқар есімді азамат­тың жары атанады. Әселкүл апасының тәрбиесін көргендіктен болар барған жеріне өте сыйлы болып, көптің көңілінен шыға білді. Ақкөл мектебіне ауысып, зейнет жасына жеткенше ұстаздық қызметін жалғастырды.
Иә, Сократша сөз өнерін меңгерген, Абайша толғанған, тіл маржанын Мұхтарша терген, Алаш руханиятын қызғыш құстай қорыған Қымбат Қуанышбекқызы тумысынан ұстаз болып жаралған. Ерге жүк, елге сын болған заманда, нәзік жүрегімен ұстаз деген ұлы есімді арқалаған жанның ең жоғарғы алғыс пен марапатқа, мойындауға лайық екені рас. Ғылым иесі ғалым да, ел қорғаған батыр да, тілінен бал тамған ақын да, тегеуріні темір балқытқан жұмысшы да, егін салған диқан да, мал бағып терін төккен шопан да, көк күмбезінен әрі өткен ғарышкер де бәрі-бәрі ұстаздан тәлім алады. Сондықтан да ұлағат­ты ұстазға бүкіл адам баласы құрметпен бас иеді. Қымбат апа 19 жасынан бастап тәуелсіз еліміздің тізгінін ұстап, мерейін арт­тыратын абыройлы азамат­тар тәрбиелеп, солардың болашағы үшін шүмектеп тер төкті. Бойындағы бар білімін сарқып беріп, саналы ғұмырының 42 жылын жас ұрпақты тәрбиелеуге арнаған ұстаз. Бір сөзбен айтқанда, көргені мен көңілге түйгені көп ұстаздың өткен өмір белестері – кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге.
«Жаста берген тәрбие, жас шыбықты игендей» демекші бастауыш сыныпта қалыптасқан мығым білім, одан кейін де қатая түсетіні сөзсіз. Тамыры мықты ағашты қат­ты соққан желдің құлата алмайтыны секілді, бастауышта санасына сіңірген білім өмір бойына салынған сара жол десек артық емес. «Ұстаз болу – өз уақытын аямау, өзгенің бақытын аялау» – деп атақты жазушы Ж.Ж. Руссо айтқандай, мұғалім – мамандық болса, ұстаздық қызмет – табиғат дарытқан құдірет­ті қасиет екен. Бойыңа қуат, жүрегіңе жарық сәуле, мұқалмас жігер беріп өрге сүйрейтін де, жаныңа азық, өміріңе өзек боп төрге сүйрейтін де осы ұстаздық қасиет. Осындай дара қасиет­тердің барлығы бір бойынан табылатын, жаңа үміт, мақсат пен міндет­ті жалау етіп, соны бағындырып келген ұстаз Қымбат Қуанышбекқызы бүгінде аяулы ана, іскер жан, ұлағат­ты ене, бір отбасының ұйытқысы. Өз ортасында өзіндік сыйы бар, беделді жоғары, тұлғаға айналған Қымбат ана жұбайы Зұлыпқар екеуі алты баланы дүниеге әкеліп, олардан немере-шөбере көріп отыр. Құдай қосқан қосағы Зұлыпқар ақсақал осы күнде Талас ауданының құрмет­ті азаматы атанып, туған жерінің өсіп-өркендеуіне еңселі еңбек еткен арда азамат. Бүгінде заманға сай лайықты тәрбие беріп, қатарға қосқан ұл қыздарының барлығы жауапты қызмет­тер атқарып, халық қалаулыларына айналған. Сексеннің сеңгіріне шыққан Қымбат Қуанышбекқызының сипатына Ұлылық, Ізгілік, Даналық, Кемеңгерлік дейтін ұлы қасиет­тердің бәрі сыйғандай…

Айнаш Әлдибек

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір