Бұғының бұзауқасы
22.07.2022
4046
0

Бекен жақында ғана тау етегіндегі көктеуіне көшіп келген. Қонысы сай-салалы, орман-тоғайлы, сулы да нулы жер еді.
Үлкендердің айтуына қарағанда, бұрын бұл өңірде бұғы-марал, елік, тауешкі сияқты қоңыр аңдар жыртыла айырылып, малмен бірге жайылады екен. Ал қазір о шіркіндер емге әрең табылатындай күйде. Өйткені оларды қынадай қыратын, «браконьер» деп аталатын екі аяқты жыртқыштар көбейіп кет­ті.
Міне, осы көктеуде отырған Бекеннің бір үлкен қоңыр сиыры бар еді. Малының басы деуге де болады. Өзі үш рет егіз туған. Қорасындағы сиырдың көбі – соның тұқымы. Осы қоңыр сиыр буаз болатын. Тууға жақындап, желіндеп те жүрген.
Бір күні кешқұрым Бекен атына отын артып келіп, есік алдына түсіріп жатқан.
Сол кезде үйден шелек ұстап келіншегі Ажар шықты:
– Бекен-ау! Буаз қоңыр сиыр жоқ. Өрістен басқа малдың бәрі келді, сол ғана келмеді.
– Солай боларын өзім де біліп едім. Бір жерде туып қалған ғой.
– Іздейсің бе, қайтесің? Ит-құс бар дегендей, – деп Ажар желі жаққа, сиыр саууға кет­ті.
Бекен атының тартпасын тартып мінді де, бүгін малдары барған тау жаққа бет алды.
Жан-жағын барлай өзенді өрлеп, Сұлусайдың аузына таман жеткенде, тау басынан күн кетіп, шатқалда қас қарая бастаған. Малдары осы сайда көбірек жатушы еді. Осында туып қалды ма деген оймен сайды өрледі. Бірақ біраздан кейін-ақ көз байланып, маңайдағы көп нәрсе көрінбеуге айналды. Атының басын іркіп, «А-аухау, аухау! А-аухау, аухау!» – деп, тау жаңғырта екі-үш дүркін айқайлады. «Мө-ө-ө!» деген дыбыс беріп қала ма деп айналаға құлақ түрді. Бірақ ешқандай жауап болмады.
Содан Бекен артқа бұрылып, келген ізімен кейін қайтқан. Тау қарауытып, қараңғы түн басқанда қорасына жет­ті.
Сиыры бір жақтан кешігіп келген жоқ па екен деп ойлап, үйден сыртқа шыққан Ажарға:
– Келмеді ме? – деді.
– Жоқ, келген жоқ.
Бекен қай жерге дейін барғанын, қараңғы түсіп кеткендіктен одан ары бара алмағанын айтып:
– Ит-құстан аман болса, ертең тауып алармыз, – деді.
– Иә, сондайдан Құдай сақтасын де, табылар. Ал енді атыңды байла да үйге кір, тамақ суып қалды.
Кешкі асын күндегіден кештеу ішті. Ертең сиырын іздеуге ертерек шығайын деген оймен жатарда Бекен атын бос жібермей, үйге жақындау жерге арқандап қойды.
Таңертең күндегіден ертерек тұрды. Есік алдына шығып, сиыры түнделетіп келіп қалған жоқ па екен деп, қораның іші-сыртын көзбен бір шолып өт­ті. Келмепті.
Үйден жүген алып барып, арқандап қойған атын жетектеп келді. Таңертеңгі шайын жалғыз отырып, асыға ішті. Сыртқа шығып, атын ерт­теп мінді де, сиыр сауып отырған Ажарға:
– Ал мен кет­тім, – деді.
– Жарайды, жолың болсын.
Бекен кешегі ізімен өзенді өрлеп келіп, тағы да Сұлусайға кірді. Оны бастан-аяқ түгел-ақ сүзіп шықты. Аухаулады да. Бірақ ешбір дерек болмады.
Жануар туар алдында бошалап, оңаша бір жаққа кеткен болар деп, оның қатарындағы әлі мал бара қоймаған Шолақсайға да соқты. Оны да түгел аралап шықты. Сиыры мұнда да болмады.
Енді шатқалдың қарсы бетіне өтіп, ондағы дәмелі жерлерді қарағысы келген. Атының басын бұрып, солай қарай бет алғанда, Тобылғысайдың үстінде екі-үш тазқараның айналып жүргенін көрді. «Мыналардың жүрісі тегін емес. Ненің өлексесін көрді екен бұлар? Қоңыр сиыр бір пәлеге кезіккеннен сау ма?» деп, не де болса барып, көзімен көруге асықты.
Еңістеп келіп өзеннен өтіп, қарсы бетке шықты. Тобылғысайға кіре бере екі ат­тың ізін байқады. Тезектері де жатыр. «Мұнда әлі жылқы келе қойған жоқ еді ғой, бұл сонда не қылған із?» деді ішінен.
Сайды өрлеп, алдындағы тұмсықшаны айнала бере сай табанында бірдеңеге жабылып жатқан тазқараларды көрді. «Бұл не болды екен, ә?» деп жақындай түскенде, олар далбаңдай ұшып, беткейдегі тастарға барып қонды.
Бекен өлексеге арқан бойы таяп келген. Бірақ ол бұтаның тасасында анық көрінбей жат­ты. Қан-жынның исін сезген аты осқырынып, ілгері баспай қойды. Атынан түсіп, шылбырын бұтаға іле салды да, оған таяу барды.
Ол – бір маралдың өлексесі екен. Теріге ілінген бас-сирағын, етін тазқара сылып жеп жалаңаштанған қабырға, омыртқа сүйектері жатыр. Әлгіндегі атының ізі қалған біреулер атып, екі сан, екі қолы мен белдемелерін ғана алған сияқты.
Бекен «Мұны кім ат­ты екен, ә? Арықтау болғандықтан түгел алмаған болар» деп ойлана келіп, атына мінді де, төменге бет алды.
Екінші бір сайға кіріп, оның да бас аяғын түгелдей сүзіп шықты. Басқа да ойға алған бір-екі жерді қарады. Сиыр табылмады.
* * *
Бекен шаршап-шалдығып түс қайта үйіне келген. Шай ішіп отырғанда, Ажарға әлгі маралдың өлексесі туралы айтып:
– Мұны кім атуы мүмкін? – деді.
– Ой, обал-ай, ә! Оны кім ат­ты дерің бар ма? Қазір ауылдан да, қаладан да келіп аң атқыштар көбейді ғой. Оларға «әй дейтін әже, қой дейтін қожа жоқ». Бүйте берсе сол аңдарды зоопарктен ғана көретін шығармыз түбінде, – деп Ажар шай құйды да: – Бүгін және қарайсың ба? – деді.
– Дәмелі жерлерді сүзіп шықтым. Бірақ таудың қай қуысын түгендеп боласың? Тіпті қараған жеріңнің бір қалтарысында көзге түспей қалуы да мүмкін. Аман болса бұзауын ертіп өзі-ақ келіп қалар.
– Лайым солай-ақ болсын. Дегенмен айналадағы елден де сұрап көрсеңші, біреу болмаса біреу көрді ме екен?
– Қазір кеш боп қалды ғой. Бұйырса ертең сұрармыз.
Бекен шайын ішіп, мал қамайтын қорасының бұзылған қашаларын жөндеді.
Күн таудан асып кеш кірді. Өрістен қоңыр сиырдан басқа малдың бәрі келді. Сөйтіп, оның қораға келмегеніне екінші күн болды.
Үшінші күні Бекен қорадан малын өргізген соң, асықпай атына мініп, тағы да сиырын іздеуге шықты. Бұл жолы тауға емес, айналасында алыс-жақын отырған көршілеріне барды. Жақындау екі-үш малшыдан сұрап еді, олардың ешқайсысы көрмеген болды.
Түске қарай бір белдің астында оңашалау отырған әпке-жездесінің үйіне бет алды. Олар қалада тұратын біреудің жылқысын бағып, бие байлап отыратын.
Үйге таяғанда ит үріп еді, есік алдына Еркін деген жиен інісі шықты. Ол үйде отырған шешесіне:
– Апа-а, Бекен ағам келді, – деп дауыстады да, жүгіріп барып сәлем беріп, ағасының атын ұстады.
Ат­тан түскен Бекен оның қолын алып, бетінен сүйді де, басынан сипап:
– Иә, Еркін батыр, оқу қалай? – деді.
– Жақсы.
– Сен биыл нешінші сыныпты бітірдің осы?
– Төртінші сыныпты.
– Оһо, бастауышты тәмамдадым де. Жарайсың, жақсы оқы, – деп үйге бет алды.
Әпкесі Әлиман сыртқа шығып, екеуі есік алдында құшақтасып амандасты.
– Мұнда келгелі ат ізін салмай кет­тіңдер ғой, – деді Әлиман.
– Сендер ерулікке шақырар, сонда бір-ақ барайық деп күтіп жүрдік.
– Е-е, солай ма? Ой қулар-ай, ә, – деп, әпкесі есікті нұсқады. – Жүр, үйге кір.
Бекен киіз үйдің есігінен еңкейіп кіріп, төрге барып жайғасты.
Әлиман дастархан жайды да, құрт-май, ірімшігін қойып, қымыз әкеп құйды:
– Ажар қалай?
– Аман-есен, өзің көргендей. Сиырын сауып, құрт-майын алып жүріп жатыр. Қосекең бір жаққа кеткен бе?
– Бір апта болды, мына қолымыздағы малдың иесі келіп жатыр. Бағана Қосақбай екеуі бір жұмыспен аудан орталығына түсіп кет­ті.
– Со кісінің аты-жөні қалай еді өзі?
– Бөрібай Жантас.
– Қайсысы аты, қайсысы фамилиясы?
– Аты – Жантас, фамилиясы – Бөрібай. Иә, өзің ерулікті күтпей-ақ келіп қапсың ғой, жай жүрсің бе?
– Е, ерекше ештеңе емес, жай жоқ іздеп жүрмін. Әлгі бір үлкен қоңыр сиырымыз бар еді ғой, сол буаз болатын. Тууға жақындап, желіндеп жүрген. Екі күн болды, қораға келмеді. Біреу-міреудің көзіне түсті ме екен деп, төңіректегі елден сұрап келемін.
– Ой, жануар-ай, ә. Бошалап бір жерге барып туып қалған ғой. Малың өрістеп жүрген тау жақты қарадың ба?
– Малдың өрісін түгел-ақ сүзіп шықтым. Жоқ. Кеше ана Тобылғысайдың үстінде екі-үш тазқара айналып жүргенін көріп, сиырыма бірдеңе боп қалды ма деп сонда барсам, ол бір маралдың өлексесі екен. Біреу атып, алған етін алып, алмағанын ашық тастап кетіпті.
Әлиман бір түрлі орнынан қозғалақтап, қасындағы баласына бір қарап алды да:
– Өзімізсің ғой, сенен несін жасырайық. Сол маралды атқан – біздің жаңағы айтқан қонағымыз. Өзі аңкөс адам екен. Әдейі бұғы-марал атып, емге қанын ішсем деп келіпті. Осында келгелі үш рет аңға шықты. Алдыңғы екеуінде ештеңе таппай келген. Соңғысында осы марал кезігіпті.
– Е-е, солай де. Былтыр да келіп, аң аулап кетпеді ме осы кісі?
– Иә, былтыр да жайлауда бір аптадай жатқан болатын.
– Бір елік, бір тауешкі атқан, – деді, қастарында тұрған Еркін де сөзге араласып.
– Аңға жалғыз өзі шығып жүр ме?
– Жоқ, жалғыз шықпайды, жер жағдайын білесің, аң айдап бересің деп, Қосақбайды да ертіп алады.
– Қосекең айтқан шығар, маралды қалай атыпты?
– Ол бір жырадан қашып шығып, соның қасындағы сайға барып тұрса керек. Қосақбай: «Осыны атпай-ақ қойсақ қайтеді. Ұзап қашпауына қарағанда, осында баласы болуы керек, обал ғой» десе, «Несі обал, Құдай бұларды адам үшін жаратқан, әдейі кезіктіріп отыр» деп тыңдамай атыпты. Сірә, өзі ауыратын болу керек. Маралды сойғанда: «Бұлардың қаны мың да бір ем ғой» деп, іш қанын қос уыстап тұрып ішіпті.
Әлиман Бекеннің кесесіне тағы да қымыз құйды да:
– Ойбай-ау, мен сөз соғып отырмын ғой, тамақ салайын, тамақ ішіп кет, – деді.
– Ішіп жүрген тамақ қой, рақмет. Тағы да баратын жерлерім болып тұр. Сол шаруаларды бітірейін, – деп, Бекен ықылас жасап, орнынан тұрды. Сыртқа шығып, атына мінді де: – Ал жақсы, аман болыңдар. Қосекеңе сәлем айт, – деп жолға бет алды.
– Жақсы, сен де Ажарға сәлем айт. Сиырың аман-есен табылсын.
– Аға, сау болыңыз.
– Сау бол, Еркінжан.
Бекен Әлиманға маралдың өлексесі туралы айтып отырғанда, кеше әлгі Тобылғысайдың қатарындағы өзекшені ескермей кеткені есіне түскен.
Ол – өзі жылда малдары жиі баратын жерлердің бірі еді. Бір түрлі, сиыры сонда барып туып, дәл қазір бұзауын емізіп, күйсеп тұрғандай елестеп кет­ті.
Жолда бір малшыға соқты да, одан ары қарай өзенді өрлеп сол жерге барды. Оның бас-аяғын көзбен бір шолып өтіп, екі-үш дүркін аухаулады да. Бірақ «мө-ө-ө» деп мөңіреген сиыры болмады.
Енді бұл жерді аралап шықпақ болып өзекшені өрлеген. Бір үлкен қарағайдың түбіне таман келгенде сонда жатқан сиырдың жапасын көріп, іздеген жоғының бір дерегі табылғандай елең ете қалды.
Атының басын тартып тоқтады да, ондағы нәрселерге байыптап қарады. Сиырдың туған орнын, онда жатқан ағаш бұтақтарына жұғып, кеуіп қалған қан мен шарана жұғындыларын, ылғал топырақтан сиыр ізімен қатар кішкентай аша іздерді де көрді. Бұлардың бәрі бүгін емес, бұдан бір-екі күн бұрын болғаны байқалып тұрды.
Бекен «енді не істесем екен?» деп бір сәт ойланып алды. Малының сырын жақсы білетін ол сиырдың бұл жерден кешелер кетіп, қораға қарай бет алғанын, бұзауына қарайлап түнде бір жерде түнеп қалғанын, аман болса бүгін қораға баратынын болжалдады. Сондықтан енді үй жаққа қайтуды, жол бойы сиырының болуы мүмкін жерлерін қарай кетуді жөн көрді.
Сөйтіп, атының басын артқа бұрып, қатарындағы Тобылғысайға түскен. Оның жоғарғы жағын көзбен шолып, төменгі жағын жол бойы барлай қарап, қарсы бетке өткен. Сұлусайға келгенде оған да бұрылып, біраз жерін көзбен шолып шықты.
Қарай кететін осындай дәмелі жерлер біткен соң Бекен үй жаққа тура тартқан. Жол бойында өрістен қайта бастаған малдары жүр екен, олардың арасынан да сиыры көрінбеді.
«Әй, ол қораға барып та алған болуы керек» деген ой келіп, енді үй жақты көруге асыққан. Сөйтіп, атын ентіктіре алдындағы белеске шыққанда, төмендегі оңаша үйі, қора-қопсысы айналасымен алақанда тұрғандай анық көрінді. Екі-үш дүркін қайталап та қарады. Сиыр тұрмақ сайтан да жоқ екен!
Көңілі су сепкендей басылып қалды. «Бұл шіркін бір пәлеге тап болды ма екен?» деген күдікті ой да қылаң берді.
Осылайша әрі шаршап, әрі іздеген жоғын таппаған Бекен еңсесі түсіңкіреп үйіне келген.
Оны есік алдында қарсы алған Ажар жігітінің қас-қабағынан қуанарлық ештеңенің жоғын көріп:
– Сонымен еш дерек жоқ қой? – деді.
– Жоқ, – деп қысқа қайырды Бекен.
– Шай қояйын ба?
– Кішкене жатып демаламын.
Бекен атын мамағашқа байлап, тартпасын босат­ты. Үйге кіріп, жүктен жастық алды да, төсегіне қисая кет­ті.

* * *
Күн таудан асып, мал қораға келе бастаған. Ажар бұзауларын байлап, желі жақта жүрген. Ол кенет­тен жерден алтын тапқандай қуанып кет­ті! Жүгіріп есік алдына келіп:
– Беке-ен! Әй, Бекен! – деп, жарқын-жарқын дауыстады.
Ұйқы меңдеп, қалғып бара жатқан күйеуі көзін қайта ашып:
– Әй, не болды, жай ма? – деді.
– Бері келші, өзің көресің!
Бекен орнынан тұрып, таңғала сыртқа шықты да, «ол не?» дегендей сұраулы пішінмен Ажарға қарады.
– Маған емес, ана жаққа қара! – деді келіншегі күле сөйлеп.
Бекен бетін бұрып, Ажар нұсқаған жаққа көз салып еді, анадай жерде келе жатқан қоңыр сиыры көзіне от­тай басылды! Қасында бұзауы да бар сияқты!
– «Аман болса, бұзауын ертіп өзі-ақ келеді» деген едім, айтқаным айдай келді ғой! – деді Бекен қуанышы қойнына сыймай. – Жүр, барып бұзауын көрейік!
Екеуі асыға басып, қоңыр сиырдың алдынан шықты да, ауыздарын аша аңырып тұрды да қалды.
Қызық болғанда, қоңыр сиырдың соңынан ертіп келгені өз бұзауы емес, сирақтары сорайған, арқа-басы ақ теңбіл шұбар бұғының бұзауқасы екен!
– Ой, тоба! Мұндай да болады екен, ә! – деп таңғалды Бекен.
– Мұның өз бұзауы қайда? Оны да мынау сияқты бұғы ертіп кет­ті ме екен? – деді Ажар.
– Бұл екеуі қалай табысты сонда? Әлде былтыр жайлауда күйлеп жүргенде бұғы қашырып, қоңыр сиырдың өзі туды ма екен?
– Ондай болмайтын шығар?
– Кім біледі, болатын да шығар.
Мал иелерін неше түрлі ойға қалдырған бұл жағдай былай болған еді.
Қоңыр сиыр туар алдында бошалап кетіп, Тобылғысайдың қатарындағы Бекен көрген өзекшеге барып туды. Орнынан тұрып, бұзауының үсті-басын жалап, шаранадан тазарт­ты. Оның басын көтеріп талпынуын, тәлтіректеп тұруын күт­ті. Бірақ көк бұзау қыбыр етпеді. Өйткені ол қоскіндік болып, іштен өлі туған еді. Оны сиыр байғұс қайдан білсін, мейірленіп қайта-қайта жалаумен болды. Қас қарайып, қараңғы түн басты. Сиыр бұзауының қасында жат­ты. Қараңғыда көзі көкжасылданып түлкі ме, бірдеңе торуылдап жүрді. Одан ол бұзауын қорып, екі-үш дүркін орнынан да тұрды. Таңертеңгілік тағы да иіскеп, жалаған. Бұзауы тастай боп суып қалыпты. Енді одан өзі де суына бастады. Былайырақ барып жайылды, өзенге түсіп су ішті.
Осы сәт­те тіміскілеп түндегі түлкі келді де, өлі бұзауды сирағынан тістеп, еңіске сүйреп әкет­ті.
Сиыр біраз жайылып, желіні де сыздап, бұзауы жатқан жерге қайта бет алды.
Осы өзекшеде сиырдан сәл бұрын бір марал да туған еді. Оны сол күні браконьерлер атып әкетіп, әлі ауызданбаған жас бұзауқасы жетім қалған.
О байғұс таң атқалы бері аяғын тәлтіректей басып, шиқылдаған дыбыс шығарып енесін іздеп жүрген. Сол кезде қоңыр сиырды көрді де, соған қара тартып келе жат­ты.
Өстіп екеуі әлгі өлі бұзау жатқан жерде кездесіп, сиыр «тірілген» бұзауын көргендей, маралдың бұзауқасы іздеген енесін тапқандай болды. Аш бұзауқа сиырдың бауырына кіріп емшек іздеді. Желіні сыздаған балажан сиыр оған емшегін тосты. Сөйтіп, қоңыр сиыр маралдың жетім бұзауқасын бұзау етіп алып, бүгін қораға келген беті еді.
Ажар мен Бекен оларды ептеп үй жаққа айдады. Жабайы аңның баласын көрген иті жатқан жерінен үре түрегеліп, жақындап келіп еді, қоңыр сиыр оны тап беріп қуып тастады.
Қораға келген сиырлар да жатырқап, көздерін алайта қарап, бұзауқаны қоршады. Біреулері тіпті сүзбек болып ұмтылды да. Қоңыр сиыр олардың өздерін мүйіздеп, бұзауқаны жанын сала қорғады.
Осылайша екі аяқты жыртқыш енесін атып, өлім аузында қалған бұғы­ның бұзауқасын сиыр ажалдан аман алып қалды.

* * *
Оларды оңаша қораға қамап, үйлеріне келе жатқанда:
– Бұны қайтеміз? – деді Ажар.
– Қайтушы едік, оны қоңыр сиыр өзі бағады. Үлкейгенде ол өз туыстарына қосылғысы келсе, қуана-қуана жібереміз, – деді Бекен.

 

 

 

 

 

Тұрдақын Жексенбай

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір