Ағайынға қадірі
06.01.2012
1838
0
820253_706054290_____________02Үлкен саясат мейірбандық, жанашырлық, жылылық сынды сезімдерді құптамайды. Жүрегі нәзік жандар үшін саясатта орын жоқ деп жатады. Алайда, Кеңес Одағы билігінің тұсында Қазақстанды басқарған, елу жыл Ел ағасы болған Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың тұла бойы мейірімнен жаралғандай. Сол заманды көзімен көрген куәгерлердің қай-қайсысынан Дінмұхамед Қонаев туралы сұрай қалсаң, саяси жағын шетке ысырып, оның адами мінезіне тоқталуды жөн көреді. Адам биліктен кетсе, ертеңгі күні оны ешкім танымай, болмаса қолынан келгенше сынағанды жақсы көретіндер жеткілікті. Дүниеден озғанына 18 жыл өтсе де Дінмұхамед Қонаевты қазірдің өзінде көпшілік қауым ыстық ықыласпен, тіпті сағынышпен еске алады екен. Сол сағыныштың самалын кезінде жанында жүріп бірге жұмыс істеген, аралас-құралас, сыйлас болған Қазақстан Орталық Партия Комитетінің екінші хатшысы қызметін атқарған Месяц Валентин Карпович пен Трактор және Ауылшаруашылық машина құрастыру Министрі болған Ежевский Александр Александровичтің әңгімелерінен аңғардық. 

Валентин МЕСЯЦ,  

1971–76 жылдары Қазақстан Орталық Партия Комитетінің екінші хатшысы,
КСРО Ауылшаруашылық Министрі (1976 жылдан бастап)

Жаны бөлек ұлы адам…

Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевты өте жақсы танушы едім. Біз Қонаев мырзамен оның Қазақстан Орталық Партия Комитетінің ІІ-ші хатшысын тағайындауға адам іздеп жүрген кезінде таныстық. Бұл 1971 жыл еді. Мен ол кезде Ресей Федерациясының Ауылшаруашылық министрлігінде министрдің І-ші орынбасары қызметін атқарып жүрдім. Орталық Комитеттің хатшысы, кадрлар ісімен айналысатын жолдас Капитонов мені өзіне шақыртып: «Сізбен Қонаев мырза сөйлескелі жатыр», – деді. Ол кезде мен Дінмұхамед Ахметұлын жақсы білмейтінмін. Менімен не жайында сөйлескісі келетінін сұрадым. Капитонов жолдас: «Кездесіп, танысқаныңызда әңгіменің мән-жайын білерсіз», – деді. Сөйтіп, Қонаев мырза бізге келді. Мен ол кісімен таныстым. Сол сәт әлі есімде. Көрші кабинетте отырған Дінмұхамед Қонаевқа кіріп келгенімде, ол кісі орнынан тұрып, менімен сыпайы амандасып: «Валентин Карпович Месяц?», – деп сұрады. Мен басымды изедім. Сонда Қонаев мырза: «Валентин Карпович, Қазақстан Орталық Партия Комитетінің ІІ-ші хатшысы Титов басқа қызметке ауысты. Сөйтіп, ІІ-ші хатшысыз қалдық. Жақында менің қолыма бірнеше адамның кандидатурасына қатысты объективкалар түсті. Солардың ішінен сіздікі көңілімнен шықты. Сіз көп жерде қызмет атқарыпсыз. Осы ІІ-ші хатшы қызметін сізге ұсынғалы отырмын. Қазақстанда жұмыс істеуге қалай қарайсыз?», – дегені мен үшін күтпеген ұсыныс еді. Мен ойлануға уақыт беруін сұрадым. Қонаев мырза: «Жарайды, ертеңге дейін ойланыңыз. Ертең кездес­кенімізде жауабын айтарсыз», – деді. Үйге барып, жолдасыммен ақылдастым. Әйелім, Қазақстанға Қонаев мырза шақырып жатса, ешқандай да қарсылығы жоғын айтты. Ертесінде Орталық Комитетке барып, кешегі кабинетке кірсем, Дінмұхамед Ахметұлы күтіп отыр екен. Мен келі­сімімді бердім. Қазақстанға ертесіне ұшып кететін болдық. Сөйтіп, бір күннің ішінде жиналып, Алматыға жол тарттық. Бізді Қазақстанда жақсы қарсы алды. Қазақстан Орталық Партия Комитетінің пленумында жинал­ған қауымға Дінмұхамед Ахметұлы мені таныстырып, сөз соңында актив­тің пі­кіріне назар аударды. Актив бірауыздан менің ортаға шығып сөй­леуімді сұрады. Сол сөзімде мен бірден: «Қазақстанның ішкі жүйесін мүлдем білмеймін. Дінмұхамед Қонаев мырза өзімен кездесу барысында осы мәселе жайлы айтты. Мен келісімімді бердім. Қазір, міне, өздеріңіз көріп отыр­ғандарыңыздай, алдарыңызда сөз сөйлеу мәртебесіне ие болып тұрмын. Не айтайын? Егер маған Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев білдірген сенімді сіздер де білдірсеңіздер, сол сенім­деріңізден шығуға тырысамын. Мен осында жұмыс істеуге өз келісімімді бердім. Енді тек сіздердің келісім берулеріңіз қалды», – дедім. Зал бірден ду қол шапалақтап, мақұлдап әкетті. Осылайша Қонаевпен бірге бір қазанда қайнайтын болдық.
Бұл кісі туралы не айта аламын? Қонаев менің түсінігімде ғаламат ақыл мен парасаттың иесі. Ұйымдастырушы, басқарушы ретінде аса талантты тұлға. Оның бойындағы әр адамға деген өзіндік қатынасы мені ерекше тәнті ететін. Кез келген жұмысы адалдық пен сенімге құрылушы еді. Қонаевпен жұмыс істеу ешқандай қиындық пен ауыртпалық тудырмайтын. Неге десе­ңіз, ол маған үлкен сенім артатын. Мәселен, Қазақстан Орталық Ком­партиясының бюро немесе бюродан тыс жұмыстарына қатысты мәселеде міндетті түрде: «Бұл жайында ІІ-ші хатшы не дейді екен?», – деп сұраушы еді. Егер мен келісімімді берсем, ол: «Шешім қабылданды», – деп кесіп тастайтын. Қазақтың маңдайына біткен жарқын жұлдызы Дінмұхамед Ах­метұлы секілді адамдар бұл дүниеде кем де кем.
Қонаев кез келген адамның іші-сыртына үңіліп, соның астарын керемет біліп тұрушы еді. Егер адамның бойынан өзімшілдік, менмендік сынды қасиеттерді көрмесе, онда саған үлкен сенім мен үміт артатын. Қо­наев­тың қасында бес жыл жұмыс істедім. Осы уақыт аралығында қандай да жұ­мыстың, адамдармен қарым-қатына­сының толыққанды сенімге құрыла­ты­нын түсіндім. Ол белгілі бір қа­ғи­да­ларды ұстанатын өте при­нцип­шіл әрі иманды адам болатын. Ол рай­ком хатшысымен де, сан алуан басшылықта жүрген қызметкерлермен де, сондай-ақ қарапайым қойшыдан бастап, кез келген жұмысшы табымен де емін-еркін сөйлесе алатын.
Біз жұмыс барысында ешқашан сөзге келіскен емеспіз. «Жұмыла көтер­ген жүк жеңіл» демекші, бәрімізді бір іске ортақ жұмылдырып, бір бүтін механизмге айналдыра білетін. Бұл оның ең бір мықты қасиеті. Қонаев жаны бөлек ұлы адам еді.
Қонаевтың қасында жүріп Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевпен де таныстым. Қарағанды қаласында партияның конференциясы өтетін болды. Мені сонда жіберді. Қарағанды қаласына кетпес бұрын, Қонаев жолдас өзіне шақыртып: «Сен біраз уақыт Теміртауда бола тұрсаң…», – деді. Себебін сұрағанымда, ол: «Онда парткомның хатшылығында Назарбаев есімді жігіт жұмыс істейді. Соған жақсылап назарыңды аудар. Өте талантты, ақылды әрі парасатты адам», –дегені есімде.Сөйтіп, белгіленген жерге бардым.Нұрсұлтан Назарбаевпен таныстық. Қарағандыдан Темір­тауға аттандым. Сондағы комбинат парт­комының хатшысы қызметін атқарып жүрген Нұрсұлтан Әбішұлы комбинат ішімен таныстырып шықты. Осы кездесу барысында Нұрсұлтанның бойынан асқан ақылдылықты бай­қадым. Өз саласының мықты маманы болып шықты. Металлургия өндірісін бес саусағындай біледі екен. Зауытты әбден аралатып, көрсетіп болған соң, парткомға алып барды. Парткомда сөйлеген сөзінде мен бұл жас жігітке қайран қалдым. Осындай жап-жас жігіттің өз жұмысын керемет білетіндігі мен партком мүшелерінің алдындағы абыройы тәнті етті. Сөйтіп, Теміртаудан Қарағандыға оралғанымда, Алматыдан Дінмұхамед Қонаев хабарласып, Нұрсұлтан Назарбаевқа қатысты менің пікірімді сұрады. Менің бар айтқаным: «Ол – тамаша адам». Сонда Қонаев мыр­за оны партиялық жолмен әрі қарай өсуіне мүмкіндік жасау керегін де айтып қалды. Меңзеп тұрғаным мынау, Қонаевтың шынайы сенім мен үміт артқан кадрларына деген ықыласы ерекше болатын. Ол Назарбаевқа, Министрлер Кеңесінің төрағасы Әшімовке, сондай-ақ идеология жағынан Қазақ­стан Компартиясының хатшысы Имашевқа мол сенім артушы еді.
Қонаевтың атақ-абыройы мінсіз, ғаламат болатын. Қонаевтың сөзін барлығымыз Заңнан кем көрмеуші едік. Сонымен қатар, қатып қалған қа­ғидалар мен сөз тіркестерін қолдан­байтын. Кез келген дүниені қарапайым сөзбен түсіндіретін.

Жеке өз басым, Леонид Брежнев қоңырау шалып, менің Ресейге қай­туым­ды сұрап жатқанын естігенімде қатты қапаландым. Брежнев Қонаевқа: «Біз сізден Месяцты алып кетеміз. Ресейге Ауылшаруашылық министрі қызметіне тағайындаймыз. Ешқандай қарсылық көрсетпеуіңізді сұраймыз. Екеуіңіздің араңыздағы жақсы қарым-қатынастан хабардармыз. Және бір­лескен жұмыстарыңыз жайлы да жақсы білеміз. Бірақ ол Ресейге қажет. Ауыл­шаруашылық жағдайын одан артық білетін адам жоқ», – деген үзілді-кесілді шешімін Қонаев жолдас маған айт­қанында мен: «Дінмұхамед Ахме­т­ұлы, Брежневпен тағы сөйлесіп кө­ріңізші. Мені осында қалдырсыншы. Мен сізбен бірге жұмыс істегім келеді. Адамгершілік тұрғысынан келгенде мен сізге сенемін әрі адалмын», – дегенімде, Қонаев: «Мен сені орнында қалуың жайлы өтіндім. Бірақ қолым­нан келгені осы. Қажет деп тапсаң, өзің Брежневпен сөйлесерсің», – деді. Брежневпен сөйлескенімде, ол: «Саған үлкен сенім артып, Қазақстанға жібер­дік. Енді саған тағы да сенім артып отыр­мыз. Ауылшаруашылық ми­нистрінің қызметін атқаруға тиіссің. Ұшаққа отыр да, қайт!», – деді. Осылайша, менің Қазақстандағы жұмысым аяқталды. Ресейде Ауылшаруашылық министрі болып жүргенімде де, Қонаев екеуіміздің арамыздағы жылы қарым-қатынас ешқашан үзілген емес. Біз әрдайым телефон арқылы хабарласып тұратынбыз. Қазақстанға келгенімде, Қонаевпен кездесуді, ол болмаған жағдайда (егер Қостанай, Қарағанды, Ақмола қалаларында болған кезімде) қоңырау шалып, хал-жағдайын сұрап қою­ды парызым деп санайтынмын. Көбінесе, Алматыға арнайы келіп, бұрынғы жақсы жолдастарша кездесіп, өзара әңгімелесетінбіз. Қонаев мырзаны мазалайтын басты мәселе Қа­зақ­станға көрсетілетін ауыл­шаруашы­лығына қатысты көмек болатын. Менің қолымда жақсы резервтер болған­дықтан, қолымнан келгенше Қазақстан­­ға көмектесуге тырысатынмын…

Александр ЕЖЕВСКИЙ,

Трактор және ауылшаруашылық машина құрастыру Министрі (1980–88 ж.ж.),

Кеңес Одағының мемлекет қайраткері

Жағымпаздықты жақтырмайтын

Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев – мемлекеттің белді әрі беделді тұл­ғаларының бірі. Мен Қазақстанды бес саусағымдай білемін. Себебі, Қазақстан – менің жүрегімнің бір бөл­шегі.
Қазақстан мен Дінмұхамед Қо­наевтың есімі біртұтас. Димаштың бойындағы қазақ халқына деген шексіз сүйіспеншілігі мен қамқорлығын көр­ген­де тамсанушы едім. Халықтар достығын бірінші кезекке қоятын. Тау тұлғалы Қонаевтың ғалымдық жағын да атап өткен жөн. Ғылым адамдарына жан-жақты қолдау көрсететін. Ол мық­ты экономист, партиялық істер жөніндегі мықты қайраткер еді. Мен Қонаевпен талай рет кездесіп, көптеген мәселелердің басын шешкенбіз. Кез келген сұраққа мұқият назар аударып, оны талдап, таразылайтын. Әсіресе, ауылшаруашылығына қатысты мә­селелер төңірегінде біз тамаша әңгіме өткізетінбіз. Сондай-ақ, Ақмола өңі­рін игеру кезінде белсенді түрде ат-
са­лысып, барынша көмек көрсетуге тырысатын. Тек Ақмоланы игеруге ғана емес, сондай-ақ өнеркәсіп сала­­сы­ның дамуына жол ашты. Димаш Ахметұлының өтінішімен мен жыл сайын егін жинау науқанына қаты­сатынмын. Ол басшылық қызметте отырғанына қарамастан, бізбен бірге егін науқанына шығып, көмектесуші еді. Димаш Ахметұлының қолдауымен Қазақстанда бірнеше алып ауылшаруа­шылық машина жасау зауыттары салынды. Ақмолада «Селмаш» зауыты, Павлодардағы трактор зауыты аяғынан тік тұрғызылды.
Мен бес рет Жоғарғы Кеңесте Қа­зақстанның (Көкшетау, Павлодар, Петропавл) атынан депутат болдым. Осы қызмет бабымен әрдайым Қонаев мырзамен кездесудің сәті түсіп тұ­ра­тын.
Дінмұхамед Қонаев қазақ тари­хының парағын алтын әріптермен толтырды. Бүгінгі Қазақстанның негізін қалауда Қонаевтың еңбегі зор. Мұндай адамды ұмыту мүмкін емес. Әрдайым еске алып, оның даналығы мен парасатына ерекше баға беріп оты­рамыз өз арамызда. Қонаев жайында көп нәрсе айтуға болады. Оның ішкі және сыртқы дүниесі бір-бірімен ерекше үйлесім тауып, кез келген адамды өзіне баурап алатын.
Адамдармен тез тіл табысып ке­те­тін. Қонаевтың қасында жүріп, жақ­сылап бақыласаңыз, ол кісінің қа­рапайым халықпен әңгімесінен жүре­гіңіз өзінен өзі жылып қалады. Тұла бойындағы қасиеттердің бәрі табиғи еді. Жасандылық жоқ-тын. Кей­біреулердің жасанды жағым­паз­ды­ғын жақтырмайтын. Кездесуге, ай­мақтарды аралауға барғанында, оған ұсынылған жолдар мен жерлерден бас тартып, басқа жаққа кетіп қалатын. Тек Қонаев өтетін жердің ғана дұрыс­тығын сылап-сипап қоятындар, алданып қалушы еді.
Қонаевпен тек жұмыс барысында ғана емес, сонымен қатар, жұмыстан тыс та кездесіп тұрдық. Өте жайлы, жа­ны мен ары таза, достық қарым-қа­тынас орнатуға құмар қарапайым адам бо­латын.

Бибігүл ТӨЛЕГЕНОВА, КСРО халық әртісі:

Өнерге құрмет

Димаш Ахметұлы туралы көп дүние айтуға болады. Қандай да бір әнші үлкен жетістікке жетіп, үлкен атақ, табыспен келсе, ол кісі міндетті түрде өзі қабылдап, жағдайын сұрап, баспанасы болмаса үй бергізіп, жалақыларын көтертіп, әйтеуір бар жағдайды жасауға тырысатын. Димаш Ахметұлы әншілерді өте жақсы көрді ғой.
Мен туралы әркез «Еңбекқор қыз» дейтұғын. Мен: «Ол жақсы ма, жаман ба?», – деймін ғой. Сөйтсем, «Еңбектенген жақсы емес пе?», – деп күлетін.
Димаш Ахметұлы ешқашан өзге біреу туралы жаман сөз айтқан адам емес.
Бірде Ермек Серкебаев екеуіміз ол кісінің қабылдауына келдік. Алдында төрт-бес адам отыр екен, ұялып, тезірек сөйлесіп, кетейік десем, «Күнде келетін адам емессіздер, кеңірек отырып әңгімелесеміз, кішкене күте тұрыңдар», – деді. Сол кезде бір сағаттай уақытын бөліп, әңгіме-дүкен құрдық. «Халықтың арасында көп жүресіз, елдің көңіл-күйі, жағдайы қалай?», – деп бәрін қадап сұрады.
Мен Ақтау, Өзенге гастрольдік сапармен жиі бардым ғой. Ол кезде жаңадан құрылып жатқан шағын ғана қала, аудан, елді мекендер. 1970 жылдары Өзенде ақсақалдардан мына бір әңгімені естідім.
Димекең сол өңірге барып, ақсақалдармен қол алысып амандасып, жағдайларын сұрап, талап-тілектерін білгісі келген ғой. Ақсақалдар бәрі жақсы екенін айтыпты да, «Жақсылап шәй ішкіміз келеді. Бірақ ол құрғырың табылмайды ғой қазір», – деген екен. «Қалғанының бәрі, Құдайға шүкір, бар», – десіпті. Көп ұзамай, Қонаев Маңғыстауға бір вагон үнді шәйін жібертіпті.
Елмен отырғанда бір өзі нардай еді. Жалпы, адами қасиеттерді, қызық оқиғаларды жиі ауызға алатын. Би билегенді өте жақсы көрді. Қаншама ұлттың биін бәрімізбен билеп шығатын.
Үлкен қызметте жүрген уағында дастархандас, жақын болдым деп басқа әншілер секілді мақтана алмаймын. Бірақ мені қатты сыйлайтынын, әндерімді сүйіп тыңдайтынын білетінмін. Димаш Ахметұлы демалысқа кеткен соң, өзінің Қорын ұйымдастырып, сол Қордың мүшесі ретінде кейін жақсы аралас-құралас жүрдік.

Нұрғали Нүсіпжанов, ҚР халық әртісі

ҚАЗАҚ ӨНЕРІНІҢ ЖАНАШЫРЫ

Қай күні екені есімде жоқ, Қазақ радиосының музыкалық редакциясына Нұрғиса аға телефон соқты. «Шәмші Қалдаяқовты тауып бер, шұғыл түрде сөйлесуім керек»,– деді. Шәмші соның алдында ғана, екі күн бұрын ақын Сабырхан Асановтың сөзіне жазылған «Теріскей» деген әнін әкеп берген еді. Өзі бұрыннан солай, жаңа ән шыққанда маған әкеп беріп, сапарына жөнімен кете беретін. Үй-жайы қалада болғанымен, ел ішінде жүрді ғой. Ал кеп іздейін. Жақын-жуыққа хабарласып, академиядағы жігіттерге сұрау салып едік, Шымкент жаққа кеткен дейді. Ол кезде бүгінгідей қалтамызда телефон жүрмейді. Екі күннен кейін естідім, Шәкеңді Жамбылдан тапқан екен. Димекеңнің қабылдауына Нұрғиса ағай апарыпты. Одан арғы жағдайды бәріңіз білесіздер. Димекеңнің Шәмші секілді азаматтарға қамқорлық жасап жүргені ішімізді жылытты.
Димекеңнің Дүйсетай Бекежанов деген көмекшісі болды. Димекең мені қабылдағанында: «Нұрғали, осы сен жаңа әндерді қалай тез үйренесің? Ай сайын, апта сайын Дүйсетай сенің жаңа әндеріңмен таныстырады», – дегені бар. Иә, Димекең қазақтың жаңа әні, жаңа музыкасын ұдайы бақылап, өзінің пікірін айтып, қамқорлығына алып жүрді. Ол, әсіресе, жастарға ерекше көңіл аударды. Ол кезде осы күнгі Айман Мұсахожаева, Жәния Әубәкіровалар музыка мектебінің үшінші-төртінші класында. Міне, сол уақытта еліміздің Мәдениет министрлігі, ОК Мәдениет бөлімі арқылы теле-радиодан әлгі жас талаптардың жиі шығып тұруын қадағалап отырды. Кезінде радиода қызмет істегеннен кейін, осындай нұсқау барын білетінбіз. Соның арқасында сол уақыттағы жас талаптар, қанаттары қатайып, осы күні әлемге танылған музыканттар, үлкен азаматтар атанды.
Тек қана Шәмші Қалдаяқов емес, күллі жас кадрлардың өсуіне атсалысқан Димекеңнің еңбегін еш ұмытуға болмайды.

Раушан ҚАНАПЬЯНОВА,
профессор, саяси ғылымдарының докторы, Мәскеу үкіметінің Ұлттар ісі жөніндегі президиумының мүшесі

ИНГУШЕТИЯДАҒЫ КӨШЕ

Бәрімізге белгілі бір себептермен жан-жаққа жер аударылған ингуштер үшін Д.А.Қонаев есімі олардың өмірбаяндарындағы трагедиялық беттерімен ғана байланысты емес. Көзкөргендердің естеліктерінен білетініміздей, Отанынан жырақта қалып, үміті сөне бастаған уақытта қара нан мен қара суын бөліп беріп, қамқорлығына алған күллі қазақтың ортақ бір бейнесі іспетті.
Мүмкін мұның да бір үйлесімділігі бар шығар. Осыдан жиырма жыл бұрын Ингушетия Магас атты жаңа жас астанасы бар жеке субъект болып құрылғанда, оның заманауи Бас көшесіне Д.А.Қонаевтың есімі берілді. Магас қаласы Ресейде посткеңестік мезгілде тап-таза алаңқайда тұрғызылған ең жас астана. Қала үлкен сүйіспеншілікпен салынды және таңғажайып Кавказ тауларының аясында сән-салтанаты жарасып-ақ тұр. Ингуштердің қолы ісмер екенін біз білеміз ғой.
Бүгінгі күннің өлшемімен алып қарасақ, мұндай өтпелі кезеңде көшелері кең әрі сәнді жас астананы тұрғызу – Солтүстік Кавказ үшін ғана емес, Ресей Федерациясы үшін де, тіпті барлық геосаяси кеңістікте үлкен құбылыс саналады. Міне, осындай күрделі қоғамдық-саяси кезеңде Ингушетия Республикасының ең басты магистралдарының біріне, осы күні шет ел болып саналатын елдің мемлекет қайраткерінің есімін беру – көп нәрсені аңғартатындай. Бұл – қазақ халқына деген үлкен құрметтен, мемлекет және қоғам қайраткері Д.А.Қонаев тұлғасына деген алғыс сезімі мен терең сүйіспеншіліктен туған қадам деп есеп­теймін.
2003 жылы Ингушетияға іссапармен бардым. Онда этникааралық мәселелерге арналған күрделі «Дөңгелек үстел» өтпекші еді. «Дөңгелек үстелге» қатысушы жергілікті халықтың көбі есіміме қарап, қазақ екенімді жазбай таныды. Әр жастағы ингуштар, әсіресе, жасамыстары мен қарттары келіп, мені қоршап алды. Олар қолдарындағы Ресей пас-
портын ашып, «туған жері – Қазақстан» деген сөзді мақтана көрсетті.
Уақыт өтер. Жас ұрпақ Қазақстан туралы оқулықтар мен жаңа­лықтардан ғана емес, қазақ пен ингуштердің бір кездері тамыр­ласқан тағдыры туралы үлкеннен кішіге тараған естеліктер арқылы қанығар. Ал Қонаев атындағы көше сол бір замандарда Қазақстанды басқарған Д.А.Қонаевқа деген, қазақ еліне деген ингуш халқының үлкен құрметінен туған естелігі ретінде мәңгілікке жасай берер. Өз Отанынан жырақта жүрген ингуштардың жетімсіремеуі үшін қолынан келген еңбегін аянбаған, жер аударылған халықтарды ақтап алу үшін жанын сала қызмет еткен Д.Қонаев есімі ешқашан ұмытылмайды.
Мен Қонаев көшесімен ерекше бір сезімде қыдырыстап, кішкене ғана тақтайшаға гүл шоғын қойдым.

Дайындаған Зарина БҮЙЕНБАЙ.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір