ҰЛТШЫЛ
22.07.2022
523
0

Ұлтшыл деген кім?
Ұлтшыл – өз туған халқын жылы жүрегімен сезінетін азамат. Өткен ғасырдың жетпісінші жылдарындағы біз, жастар, рухани шөлдеп жетіле бастаған ұрпақ едік. Бозбала шағымыз алпысын­шы жылдың «жылмығына» дөп келді, бірақ ол кездегі «зиялы қауым» дегендер, бізге таза мөлдір сусын ұсына алмады, біздің түйсік, сезім, санамыз уланды. Ұрпақ тегіс уланды. Ұлтшылдық көрінісі байқалса, қоғам атойлап күреске шықты.

Тұтас ұлтқа қатысты шындықты тұншықтырып отыру – кеңестік идеологияның негізгі қызметі болды.
Сезім, санасы уланған ұрпақ, біздер 1991 жылы Тәуелсіздікке жет­тік-ау, әйтеуір.
Бізді улағандар ортамызда әлі бар, олар біз сияқты ұлтшылдарға қас. Олар социализмді жақтайды, Ленинге де шаң жұқтырмайды. Комсомолдың юбилейлік мерекелерінде жиналып бас қосады, пікір алысады. Жағдай солай.
Ал енді, «қойшы соларды, ұрпақ ауысады, оларға қанша қалды?» – деп арқаны кеңге салуға бола ма?
Жоқ, болмайды.

* * *
Бір күн ғұмыр, бір күн қымбат. Ескі санаға тойтарыс керек. Сарапталып, тазару қажет. Бірақ осы істі кім атқармақ, байқаймын необольшивизм, неокоммунистік идеялар кейінгі қауымға, тіптен жастарға тарап, сіңісіп жатқанына не демексің? Парламентке коммунистер жайғасқан, бұл масқара!
Қазақ жерінде қырғын ұйымдастырылып, жақсы мен жайсаңды атып-асқан осы коммунистер емес пе еді?! Коммунистердің атасы – большевиктер.
Еуропалық кеңесте большевизм мен фашизм теңеспеп пе еді? Большевизмнің масқарасын ұмыт­тық па? Жоқ. Ондай айуандықтар ешқашан ұмытылмауы керек. Мұхтар Әуезов «ұлт­тың рухани көсемі деген» данышпан Ахмет Байтұрсынұлының қай жерге жерленгенін таба алмай дал болудамыз. Ұлтшылдармен күресті коммунистер тап күресі деді емес пе?
Коммунистерден тек қасірет ғана мұра болып қалды.

* * *
Тәуелсіздік – ұлтшылдықтың жеңісі. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары ұлт өзінің кім екенін түсінді дейміз. Осылай айтқанымызбен, ісіміз алға басты ма? Бұл – қазіргі кезеңдегі жауабы жоқ, сұрағы ауыр күрделі мәселе.
Мен, менің құрдастарым кеңес заманының «құлы» болып едік, ал Тәуел­сіздіктің отыз жылында жас ұрпақтың қолы неге жет­ті? Өкінішті, отыз жылдық Тәуелсіздік «Қаңтар оқиғасымен» аяқталды. Қанды қырғын. Мақтаныш осы ма?!

* * *
Есімде, 1986 жылы отыз тоғыздамын, Алматыда көтеріліс бұрқ ет­ті. Оның жойқын күші бар өңірге тарады. Бір күнде елімізде әскери тәртіп орнығып, шет­тен әскер шақыртылып, алаңға шыққандарды қанды-қырғынға бөктірді.
Көп кешікпей Кеңес Одағы Коммунистік Партиясының Орталық Комитеті «Қазақ ұлтшылдығы» деп қаулы шығарды. Бәріміз шулап, «қазақ ұлт­шыл халық емес» дедік. Жау дұрыс айт­ты. 1986 жылғы оқиға ұлтшылдықтың айқын көрінісі болатын. Қоғамның біршама мәселесі демографияға (халық санына) қатысты. 1986 жылы қазақтардың еліміздегі үлесі 40% болып қалған еді.
Бас көтеретін режимге қарсы шығатын тек ұлтшыл халық. Қазақ сан жағынан өскенде, өзінің ұлтшылдығын байқат­ты. 1986 жылы қазақ қоғамы дүр сілкінді. Алаңға шыққандарды үйде отырып-ақ қолдаушылар мол болды. Студент­тер қозғалды. Екінші рет қазақ қоғамын дүр еткізген оқиға – «Қаңтар оқиғасы». Қазақ өзгерді. Ендігі жерде, бұған дейінгі идеологиялық айла-шарғылар нәтиже бермейді, себебі халық сұхбат алаңына көтерілді.
Ұлтшыл қазақтың ешбір өзге халыққа зияны жоқ. Ол өзімен-өзі болуын ғана ойлайды. Өз тарихын, өз дәстүрін, өз тілін, өз дінін. Оған кімнің әкесінің құны бар.
Ұлтшылдық – халықтың қорғану механизмі.
Үлгі. Украина халқы өз мемлекеті үшін жан алып, жан беріп соғысып, өздерінің жер бетінде өмір сүруге құқы барлығын дәлелдеуде. Ұлтшылдық – ерліктің қайнар көзі.
Коммунистер ұлт­тық идеяның орнына коммунистік идеяны қойып, жер бетіндегі халықты әбден шатастырды. Содан әлемде талай жұрт адасып, жөн таба алмауда.

* * *
1986 жылғы Желтоқсан оқиғасынан тілге тиек болатын мол құжат қалды. Соның бірі туралы айтайын, өзім қатысқан оқиға. 1986 жылы Желтоқсан оқиғасынан кейін, Г.В. Колбин бастаған Кеңес Одағы Коммунистік Партиясы Орталық Комитеті 1987 жылы 11 сәуірде Алматы қаласында республикалық ғылыми-практикалық конференция ұйымдастырды. Бас баян­даманы Кеңес Одағы Коммунистік Партиясының хатшысы Захаш Камалиденов жасады. Ол кісі қазақ халқын сынаумен болды. Зығырданымыз қайнап, амалсыз тыңдап отырдық. Партия, Кеңес қызметкерлері өздерінің қазақ болғанына ұялғандай, бастары салбырап кеткен. Жарыссөз аяқталысымен мінберге академик Салық Зиманов атып шығып, баяндамашыны сойып салды, айызымыз қанды, ду-ду қол соқтық. Осы конференцияда Манаш Қозыбаев баяндамасында жағымпаздықтың керемет үлгісін көрсетіп былай деді: «В литературе все еще недостаточно раскрыта и реакционная сущность Алаш-Орды, ее националистической идеологии. Зачастую действие «Алаш» очерчивается региональными рамками Казахстана, упускается из виду, что она стремилась под своим знаменем объединить народы Средней Азии, тюрко-язычные народы Востока. Наконец, в литературе недостаточно показана антирусская, антисоветская направленность исторической схемы казахских буржуазных националистов. Мало того, во многих публикациях делаются попытки политической реабилитации националистических главарей, затушевывается их предательская роль. Так, в книге «Биобиблиографический словарь отечественных тюркологов. Дооктябрьский период» (М., 1974) под редакцией и с введением академика А.Н. Кононова опубликована биографическая статья о Байтурсынове. В ней А. Байтурсынов предстает перед читателями как участник революционного движения, издатель «пользовавшейся известностью» первой казахской газеты «Казах» (стр. 115). В статье нет политической оценки деятельности Байтурсынова как одного из лидеров буржуазного национализма. «Участниками» революционного движения оказались видные реакционные деятели Алаш-Орды Б. Сыртанов, Б. Кульманов, Б.Мамбетов, И.Кашкенбаев, А.Темиров, Р. Марсеков (см. «Білім және еңбек», 1983, №3). По данным профессора В.С. Познанского, на страницах печати республики «были попытки обелить А.Букейханова, Х.Досмухамедова и других лидеров Алаш-Орды».
Дело дошло до того, что секретарь Союза писателей Казахстана А.Тарази (Ашимов), выступая с докладом о задачах мастеров пера по интернациональному воспитанию трудящихся в ноябре прошлого года, призывал их показать дружбу М.В. Фрунзе с первым казахским железнодорожным инженером М. Тынышбаевым – лидером национализма Туркестана, главой контрреволюционного Кокандского правительства, вовлеченного впоследствии в социалистическое строительства в качестве буржуазного специалиста.
Эти и другие деформационные явления, ошибки и искривления в практических решениях и деалх, нашедшие яркое проявление в Казахстане, породили декабрьский инциндиент прошлого года». («Ленинские принципы…» Алма-Ата «Казахстан» 1987, с. 163-164).
Манаш Қозыбаев жоғары жаққа жағымпазданып баққанымен, сол кезде Ахмет Байтұрсынұлын ұлтшылдар деп дұрыс айтқан екен. Иә, олар – нағыз ұлтшылдар, халыққа адал, жан-тәнімен қызмет атқарған тұлғалар. Сонда Манаш Қозыбаев оларды не үшін жазғырған? Ал төрт жылдан кейін Тәуелсіздік жарияланбаса, сол «ескі ән» сақталушы еді. Олай болмады. Төрт жыл өткесін Қазақстан өз Тәуелсіздігін жариялады. Колбинге жақсы көрінуге тырысқан Манаш Қозыбаев секілділер ендігі жерде Тәуелсіздік үшін жанашыр болып, мақалалар жаза бастады.

* * *
Нағыз қазаққа бәрі түсінікті. Үлгі боларлық ата-бабамыздың өмір сүрген тарихи-мәдени ғұмырнамасы, дәстүрі, салт-санасы. Тамаша тілі бар халықпыз, арғы тегіміз – түрік, дініміз – ислам. Адам-ата пайғамбардан бастау алғандықтан, Абай: «Адамзат­тың бәрін сүй бауырым деп…» деген. Бізге адамның бәрі бауыр, себебі оның арғы тегі Адам ата, ол ислам дінінде болған, раббысы – Тәңір.
Осы мұраға ие болып, ұлтшыл қазақ ғұмыр кешіп келеді, ағайын!

Ғарифолла ЕСІМ
академик, жазушы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір