Елін елжірей сүйді
06.01.2012
1798
0

Сұлтан ЖИЕНБАЕВ

819641_1277674697______________________________________5_– Дiнмұхамед Ахметұлы Қонаевпен таныстығыңыз, достығыңыз қалай басталып едi?
– Димаш Ахметұлы Қонаевпен 25 жыл бiрге жұмыс iстеп, 35 жылға жуық Құдай қосқан көршi болдым. Отбасымызбен араластық, жұмыс барысында ол менi қолдап жүрдi. Мен де оның өте жоғары сенiмiн ақтауға тырыстым. Димаш Ахметұлын өзiмнiң ұстазым санаймын. Және өмiр жолында ұзақ уақыт қатар жүргендiктен, үлкен ағам деп есептеймiн. 1959 жылға дейiн мен онымен таныс емес едiм. 1959 жылы Алматы қаласы Фрунзе аудандық партия комитетiнiң хатшысы болдым. Ол қазiр Медеу ауданы деп аталады. Қаладағы кезектi партия конференциясы өткелi жатқанда қалалық партия комитетiнiң бiрiншi хатшысы Константин Павлович Третьяков телефон шалды: «Сұл­тан Сүлейменұлы, конференция едi. Дайындалыңыз. Сiздiң аудан алдыңғы сапта жүр ғой. Сөз сөйлеп, құрметтi төралқаны ұсынуға тура келер», – дедi. Конференцияға Қазақстан Компартиясының Димаш Ахметұлы бастаған ОК мүшелерi толық қатысатынын да ескерттi. Бұл өте жауапты шара едi.
Менiң жас кезiм. Жалындап тұрмын. Сөйлеген сөзiм де сәттi шыққан секiлдi. Тiптi, қала құрылысындағы кемшiлiктердi айтып та жiбердiм. Қалалық кеңестi, қаланың бас архитекторын сынадым. Қазiр Достық деп аталатын даңғыл бұрынырақта Ленин атында едi. Ол кезде Ленин – коммунистердiң барлығы үшiн ең ұлы көсем едi ғой. Ал көше тым – көңiлсiз. Жақсы үйлер тiптен жоқ. Мен ұлы көсем Лениннiң атын иеленгенiмен, қаладағы ең сұрықсыз көше осы екенiн айтып, оған қаланың бас архитекторы кiнәлi дедiм. Басқа да өзектi мәселелер бой-ынша бiраз адамдардың қытығына тидiм. Арада айға жуық уақыт өткен. Бiрде қалалық партия комитетiнiң басшысы өзiне шақырды: «Сұлтан Сүлейменұлы, сiз туралы Қазақстан Компартиясының Орталық Комитетi, Димаш Ахметұлы жеке өзi қызығушылық танытып отыр. Сiз туралы мәлiмет сұрады. Бiз өте жақсы мiнездеме бердiк. Сiрә, жоғарыға шақырғысы келiп жүр-ау?», – дедi.
Бiраз уақыттан кейiн Димаш Ахметұлы Қонаев қабылдауға шақырды. Ол ұлы адам, мен бар болғаны аудандық комитеттiң хатшысымын. Димекең өте еңселi жан ғой. Орнынан тұрып, маған қолын ұсынды.
– Отыр, – дедi.
– Рахмет, мен тұра берейiн.
– Отырыңыз, – дедi де, орындық ұсынды.
– Сұлтан Сүлейменұлы, – деп аты-жөнiмдi толық айтты, – ұзақ сөйлемеймiн. Сiздiң тәжiрибеңiз бар екен, бiраз жерлерде жұмыс iстеп, Жоғары мектептi бiтiрiпсiз. Сiздi Қазақстан Компартиясының Орталық Комитетiне қызметке шақыртамыз деп шештiк.
– Сенiмiңiзге рахмет. Бiрақ мен жаспын ғой, – деп едiм, бетiме бажайлап қарап алды да:
– Жасың нешеде? – деп сұрады.
– 36-дамын.
– Мен 28 жасымда Министрлер Кеңесi Төрағасының орынбасары болғанмын. Сондықтан сен жас емессiң, қалыптасқан азаматсың, – дедi.
Шегiнерге жол жоқ:
– Сенiмiңiздi ақтауға тырысамын, – дедiм.
– Қонаевтың қызметкерлерге қоятын талабы ауыр ма едi?
Димаш әр өңiрдегi өндiрiстiк жабдықтаудың жайын қайта-қайта сұрайтын. Мен не жетiспейтiнiн түсiндiремiн. Ол бiрде колхоз базарының жағдайы туралы бiлгiсi келдi.
– Димаш Ахметұлы, мен Ташкентте болдым. Ондағы колхоз базары сондай ыңғайлы. Үстi жабылған. Барлық жағдай жасалған. Ал бiзде ашық-шашық. Жазда ыстық, қыста суық, жаңбыр мен қар астында тұрып, базарлау тым қиын, – дедiм.
– Сен Ташкентке адам жiбер, базардың жобасын алып келсiн, – дедi сөзге келместен.
Қазiр халық «Көк базар» деп атап кеткен колхоз базары жарты-ақ жылға жуық уақытта қазiргiдей болып Димаш Ахметұлының тапсырмасымен салынды.
– Ол кiсiнiң мiнезiндегi ең бiр ерекшелiктi айта аласыз ба?
– Ең негiзгi қасиетi – ешқашан дөрекi сөйлемейтiн. Жұмыста жағдай нашарлап кетсе де, өзiн мәдениеттi, сабырлы ұстайтын. Ол әдетте менi «Сұлтан Сүлейменұлы» дейтiн. Ал «жолдас Жиенбаев» деген кезде, мен жағдайдың өте нашарлап кеткенiн түсiне қоямын. Демек, мен шектен шығып, Димекең қатты ашуланып отыр деген сөз. Менiң атқарған жұмысыма риза емес. Мен iстi тезiрек оңалтуға кiрiсетiнмiн.
– Сiз әлгiнде Қонаевпен отбасыңызбен араластық дедiңiз. Күнделiктi өмiрдегi Қонаев қандай адам едi?
– Жоғары шенiне қарамастан, өте қарапайым едi. Бойы биiк болса да, күнделiктi өмiрде барша адаммен қол берiп амандасатын. Бiрде Мырза Акуев бастаған топ оны күтiп тұрған. Димекең сыртқа шықты да, жаппай амандаса бастады. Көше сыпырушыға қолын берiп едi, ол қос қолдап амандасты да, жылап жiбердi. «Неге жылайсың?», – дейдi Қонаев. «Рахмет, бiздi де елеп, амандасып жатқаныңызға көңiлiмнiң босағаны ғой». Ол аумақты ыждахаттылықпен тазалайтын. Димаш Ахметұлына оның өз iсiн ұқыпты орындайтыны қатты ұнаушы едi. «Қандай өтiнiшiң бар?», – деп сұрады Қонаев көше сыпырушыдан. «Димаш Ахметұлы, сiз бiлесiз бе, мен жертөледе тұрамын ғой». «Солай ма?», – деген Қонаев Акуевқа: «Мына кiсiнiң аты-жөнi мен қайда тұратынын жазып алшы», – дедi. Бiр айдан соң әлгi көше сыпырушы пәтерлi болды.
– Сен алматылықсың ғой. Қалада жертөлелерде тұрып жатқан жергiлiктi халық бар ма, солардың тiзiмiн жаса, – деп маған тапсырма да берiп тастады.
Жертөледе тұратын 16 отбасы бар екен. Тiзiмiн бердiм. Кейiн ол отбасылар түгелдей пәтерлi болды. Димекең сондай ықтиятты едi.
Ол бюро мүшелерiмен, бiздермен араласқанды өте жақсы көретiн. Бәрiмен емес, әрине. Арнайы бiр топ бар. Бәйкен Әмiшұлы, Кеңес Аухадиев, мен, Асанбай Асқарұлы, Герошкин секiлдi бiр шоғыр болатынбыз. Ол қайда барар болса да – Мәскеуге немесе шипажайларға кетерiнде де, мiндеттi түрде бiздi пәтерiне жинайтын. Бiзге дастархан жаяды. Келген кезде көмекшiлерi телефон соғады: «Димаш Ахметұлы келе жатыр. Қарсы алайық», – дейдi. Ол бәрiмiздi қайтадан дастарханға шақырады. Зуһра жеңгей шаруақор әйел едi, үстелдi жайып жiбередi.
– Димекең кәнiгi аңшы болған деседi. Ол туралы не айтасыз?
– Ол рас. Димекең аңшылыққа өте құмар едi. Қолы босап жатса, мiндеттi түрде аңға шығатын. Бiрақ «олжаны» ешқашан үйiне тасыған емес. Фурманов пен қазiргi Төле би көшесiнiң қиылысында аңшылық дүкенi болатын. Димекең: «Олжаны Министрлер Кеңесiнiң ша­руа­шылық бөлiмiне өткiзiңдер, олар аңшылық дүкенге тапсырсын», – дейтiн. Ол сондай адам едi.
– Қонаев туралы ел арасында аңыз-әңгiмелер өте көп. Нелiктен және ол кiсi бiр көрген кiсiсiн ешуақытта ұмыт­пай­ды деп жатады. Сол сөз рас па?
– Оның жады өте мықты адам едi.Барлық ҚКП ОК қызметкерлерiн аты-жөнiмен жатқа бiлетiн.
– Ол кезде ОК-те қанша қызметкер едi?
– 200-ге жуық. Солардың бәрiнiң аты-жөнiн ешқашан ұмытқан емес. Димекең кейiн демалысқа шыққан кезiнде Балқаш зауытының директоры қонаққа шақырды. Димекең қызметiн Балқаштан бастағанын бәрi бiлер. Арада 50-60 жыл өтiп кеткен. Димекеңмен кездесуге халық көп жиналды. Бiз ұшақтан түстiк. Ол алдымен шықты. Бәрiмен амандасты. Топта тұрған бiр әйелге қа­рап: «Катя, сәлеметсiң бе?», – дедi. Әйел: «Димаш, шынымен де менi ұмытпағансыз ба?», – дедi де, көзi мөлт ете қалды. Бәлкiм, Димаш Ахметұлымен бiрге iстеген жылдар, жас дәуренi еске түстi, мүмкiн Димекеңдей үлкен тұлға­ның өзiн ұмыта қоймағаны жүрегiн жылытты!?
Димаш Ахметұлы арамызда Нұрсұлтан Әбiшұлына ерекше көңiл бөлдi. Себебi, ол ең жасымыз едi. «Жас маман, оған көмектесiңдер, қолдаңдар, оның болашағы алда», – дейтiн. Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның
Д.Қонаев дәуiрiндегi мәртебесiн сақтап қана қойған жоқ, екi есеге ұлғайтты.
– Мырза Акуев Димекең: «Алматыға метроны салдырып үлгермедiм»,– деп, орындалмаған арманына өкiнген едi дейдi. Жалпы ол кiсi жасап үлгере алмай кеткен өзге қандай шаруалар бар?
– Ол Алматыны жанындай жақсы көрдi. «Аман болсам, Алматыны әлемдегi ең көрiктi қалаға айналдырамын», – дейтiн армандап. Оның басты арманы – Республиканы алдыңғы қатарда ұстау едi. Метроны сол кезде сала бастадық. Аяқтап үлгермедi. Қонаевтың жүз жылдық мерейтойы қарсаңында Алматыда метроның жүре бастауы жақсылық деп есептеймiн.
Ол адамдарды жақсы көрдi. Қарапайым халықты елжiрей сүйдi. Димаш Ахметұлы зейнет жасына келгенде Ислам Каримов Рашидовтың 75 жылдық мерейтойына шақырды. Рашидовты бiлесiз ғой?
– Өзбекстанның бұрынғы бiрiншi хатшысы.
– Ия, сол кiсi Қонаевтың әрiптесi. Бiз Қонаевпен бiрге бардық. Олар бiздi қалай қарсы алғанын көрсеңiз?! Барша өзбек, әсiресе, қарттар құшақ жая қарсы алып, тағзым жасап, қолын сүйiп, немерелерiне қол бергiзiп, арқа-жарқа қуанғандарын жасыра алмады. Өте әдемi, зерленген ша­пан кигiздi. 80-ге келген кезiнде сол шапанды маған сый­лады. Қазiр Қонаев музейiнде iлулi тұр.
Димаш Ахметұлының Қазақстан Республикасы үшiн сiңiрген еңбегiн ешкiммен салыстыруға келмейдi. Оның мәртебесi Одақ көлемiнде де биiк едi.
– Әңгiмеңiзге рахмет.

Әңгімелескен Қарагөз Сімәділ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір