ЖЫР ЖАУҺАРЫНЫҢ СЫРЛАРЫ
05.07.2022
468
0

«Алпамыс батыр» жырының қазақша нұсқасы патша өкіметі тұсында (1899-1916 жж.) тоғыз рет, кеңес дәуірінде (1922-1990 жж.) он жеті рет баспа жүзін көрген екен. Бұл – батырдың қазақ еліне етене жақын, түп негізінің жұртымызбен бірегейлігін білдірерлік жағдай ғой. Сондай-ақ өзбекше де, қарақалпақша да Алпамыс есімімен танылған батыр алтайлықтарда «Алып Манаш», қырғызша «Манас» атымен белгілі болса, Қорқыт ата кітабына «Алып Бамсы» есімімен еніпті. Башқұрт ағайындарда да Алпамысты аңыз түріндегі әңгімелер арқылы білген. Батырға деген түркілердің қошеметі ешқашан суымаған. Өткен ғасырдың 70-жылдары жыршылардың орындауында жырдың күйтабаққа басылған нұсқасын қариялар жиналып алып, «па, шіркін!» деп, ерекше ықыласпен тыңдап отырғанын талай көргенбіз. Ал қырғыз манасшылары өздерінің сүйікті жырын қалай құбылта орындайды! Дастанның мыңжылдық мерейтойын ЮНЕСКО аясында дүркіретіп атап өткізуге қол жеткізген өзбек ағайындардың еңбегі арқасында эпос жер жүзіне танылғанын да айтқан жөн.

Өзбек көршілеріміздің батыр мерейін өсіру жолындағы еңбегін құптағанымызбен, оның өмір сүрген дәуіріне тұп-тура мың жыл толды деп «дөңгелектеуімен» келісе алмай, өз бетімізше ізденуімізге ҚСЭ-нің бірінші томындағы «Алпамыс батырдың түп негіздеріне 1200-1300 жыл толды» деген дерек себеп болып еді. Ары қарай қазақ ғалымдарының осы саладағы еңбектерін қарағанымызда, нәтижесі көңіл көншітерліктей емес екенін көрдік. Үлкен ғалымдарымыз өз зерттеулерінде Алпамыс батырды елдің арманынан туындаған ертегілік кейіпкер ретінде бағамдаса, онысы сол заман ағымындағы «социалистік реализм» шектеулерінен келіп шыққаны анық. «Алпамыс батыр» жырын байыпты зерттеу үшін егемендік жылдары кең жол ашылғаны қисынды көрінгенімен, іргелі ғылыми мекемелердің бұл турасында жасаған жұмыстары байқалмайды.
Жоғарыда айтылғандарды ескере келе, эпос кейіпкерінің өмір сүрген дәуірі мен жасаған ерліктерінің тарихтағы ізін аршып, батырдың шынайы тарихи келбетін қалыптастыру үшін жасаған ізденістеріміз барысында жырдың өн бойынан және базбір ғылыми еңбектерден табан тірер қадау-қадау дәлел-дәйектерді ұшыратудың сәті түскен. Мысалы, «Алпамыс батыр» жыры мен Алып Елетміштің Онғұн тасын қатар алып қараған Л.Н.Гумилев бұл эпосты Түркі қағанаты дәуіріне жататын шығарма деп таниды және ол: «Этнографиялық мәліметтерді талдауды жалғастыра отырып, біз өз назарымызды фольклорға да аударуымыз керек. Бірақ батырлық сюжеттердің көп бөлігі тіпті көне дәуірлерге барып тірелгенімен, ойраттық уақытта қайта өңделгені соншалық, фольклорлық материалды тарихи зерттеулер үшін барынша абайлап пайдаланғанымыз жөн», – деп ескертеді.
Шығарманы парақтасақ, Алпамыстың жыр оқиғалары иіріміне кірігуі есік алдында өрмек тоқып отырған кемпірдің өз баласын арашалап: «Сарыбай қызын бермей кетті қашып, алсайшы Гүлбаршынды қу жүгермек», – деген сөзінен кейін бастау алғанын көреміз. Намыстанған жас батыр қару-жарағын сайланып, жылқы ішінен тұлпарын таңдап мініп, Гүлбаршын үшін жолға аттанады. «Бір күн шапса шұбар ат, айлық жер алып береді. Осыменен ұдайы он екі күн жүреді, айналдырып санаса, он екі айлық жер еді» деген жыр жолдарынан Жиделі-Байсын мен батыр бетке алған жердің арасы қаншалықты қашық екенін пайымдауға болады. Ол қай жер? Тарихқа көз жіберсек, өткен замандарда қоңыраттардың мекені екі жақты болғанын көреміз. Жырдың қазақша нұсқасында өрмекші кемпір дәл айтқандай, Алпамыстың әкеден жалғыз екенін, ол олай-бұлай болған жағдайда қызым Байбөрінің туысы Ұлтан құлға қор болар деген қауіппен, «қаша» көшіп кеткені баяндалады. Ал «Алпомиш» жырында бөліне көшу себебі басқаша; қоңыраттар өзара келісе алмай, он мың отбасылы малды бөлігі қолайлы қоныс іздеп, қиыр шетке көшіп кеткені тарихи тұрғыда нанымды. Олардың қоныстанған мекені Қалқа даласы екені, осыдан үш жарым мыңдай жыл бұрын жиырма төрт рулы бұл тайпаның тарихи Хұн мемлекетін құрғаны, Шәкәрім қажының хұндар билеушісі Оғыз ханды қоңыраттың түпкі атасы деп тануы тарихи және шежірелік деректер негізінде нақты тиянақталған ақиқат. Демек, Алпамыс Қалқаға бет алған.
Алпамыс келе сала шиеленісті оқиғаның үстінен түседі. Қоңыраттар мекенін басып жатқан дұшпандардың Қараман батыры: «…Қайратымды көрсін деп, қорықса қызын берсін деп», Гүлбаршынды алмақ ниетін білдірген. Атастырылған жарын күткен Гүлбаршын қарап жата алмай, түнде үйінен қашып шығып: «Осы жолмен жүрсе деп, жазғанымды көрсе деп, тасқа қалам басады. Алпамыс деп ат жазып, өзінің атын қосады». Осы көріністі тілге тиек еткен жыраулар Қалқадағы тас жазуларды білген сыңайлы және осы көріністен жырдың түп негізі сол өңірде туғаны да байқалып тұр. «Тақтай тастың» бетіндегі жазуды оқып, өзін күтіп тұрған оқиғаның сырына қаныққан Алпамыс келген бойда Қараманмен шайқасады және оны «қан құстырады». Әйткенмен, жырда бөтен елдің батыры Қараман Сарыбайдың қызы Гүлбаршынды сұратуының өзі сол дәуірде тайпаның тағдыр-талайы тым ауыр болғанын көрсетіп тұр.
Табғаштардың, яғни қытайлардың түбі түркілік зымиян патшасы Тайцзун (жырдағы Тайшық хан осы) әртүрлі амал-айламен Шығыс түрік ханы Қат Елхан мен оның немере інісі, әскери құрама басшыларының бірі Шибобидің арасына ши жүгіртіп, ақырында 630 жылы ханды қапияда қолға түсіреді де, халқын тәуелсіздіктен айырады. Бұл оқыс оқиға халықтың басына зор ауыртпалық әкеледі. Алып Елетміштің тас жазуына қарайық: «Ол хан жоқ болған соң ел азып-тозып, бытырап кетті. Түркі халқы ілгері – күншығысқа, кері – күнбатысқа, түстігі – табғашқа, теріскейі – жыныс орманға дейін тарап кетті. Алып ерлері балбал қысты болды. Түркі халқының атақ-даңқы жоқ болып бара жатты. Сол кезде Тәңірі түркі халқы жойылмайды деді». Осы жолдардан анық көрініп тұрғандай, тәуелділікті намыс көрген түркілер 679-680 жылдары дүр сілкіне көтерілген. Бұл көтерілістерді қытайдың жазалаушы қосыны басып тастап отырды. Көтерілістердің дабылы ұзынқұлақ арқылы Жиделі-Байсынға жеткен бойда, Батыс түрік қағанатын билеген Айбарлы Жабғы ханның немересі, Бөрі шадтың ұлы – намысты Алпамыс батыр бейтарап отыра алмай, Қалқаға жол тартқан сынды. Батыс түрік қағанаты да бұл кезде тарих бетінен кетіп, ханзада Бөрі шадтың мекені, Жиделі-Байсын жұрты ежелгі хандық дәуірді аңсаулы еді. Батырды күреске ширықтырған себеп осы болатын.
Алпамыс батыр Қараманды жеңген соң Гүлбаршынға үйленіп, қайын атасы Сарыбайды хандық билікке көтеруін жыр мен тарихтың үйлесімі дер едік. «Құтлығ» – ханның лауазымдық аты десек, оның төл есімі Сарыбай болуының ықтималдығын жоққа шығара алмаймыз ғой. Ханмен арадағы ата-күйеубала деңгейіндегі қатынас батырдың тас ескерткіштегі «Мен Құтлығ хан мен (інісі) Қапа хан үшін жаратылдым» деген сөздерімен сипатталады. Алпамыстың Гүлбаршынды мол жасау-жабдығымен еліне әкелуінің ізі Сыр бойындағы ортағасырлық Баршынкент қаласының атынан көрініс беріп тұр.
Алпамыстың Қалқаға келген бойда араласқан ең алғашқы тарихи ұрысының сипаты мынадай екен: «Екі жақтың әскері Тоғла (Тола) өзені бойында кездесті. Ұйғырлардың қолы үш есе көп – алты мың адам болғанына қарамастан, түріктер оларды өзенге қарай қуып тықты және қашқандарын шапқылап, ізінен қалмай қуды. Бас қағаны (Қараман) қаза тапты, ал тоғыз оғыз халқы түрік ханына бағынды». Кешендегі жазуларға қарағанда осы оқиғадан соң Құтлығ хан қолы 47 рет жорыққа шығып, жауларымен 20 рет айқасқа түскен. «Ол өз жауларын бітім жасауға мәжбүр етті, тізесі барлардың тізесін бүктірді, басы барлардың басын идірді» делінеді тарихта. Қалқаны қайтарып алып, Көк түріктер қағанатының туын көтергенімен, батыста – Орта Азияда, шығыста – Манчжурияда көзделген нәтижелерге толық қол жеткізе алмаған Құтлығ хан 694 жылы қайтыс болып, інісі Мочур Қапа хан лауазымдық атымен таққа отырады. Алып Елетміш қағанаттың бас батыры болып қала береді. Азаттық үшін күрес қыза түскен осы тұстағы басты бағыт Тайшық ханның ұрпақтары тізгінінен шығара қоймаған Қытай елі болатын. Алып Елетміштің тасында былай делінеді: «Табғаш халқына шабуылдадым, бағындырдым, бастым, тоз-тозын шығардым». Тарихи дереккөз оны былай деп нақтылайды: «694 ж. түріктер Қытай шекарасына жай оғындай шапқыншылық жасап, оларға қатты соққы берді және көптеген жауынгерлері мен халқын тұтқындап алып кетті» (Н.Я.Бичурин). Қапа хан 698 жылы 100 000 әскермен Қытайға тағы жорыққа шыққан. Оған қарсы жіберілген 300 мыңдық қытай әскері түріктердің тегеурініне шыдас бере алмай, тоз-тозы шығады. Түріктер бірқатар шекаралық округтерді тонап, көптеген тұтқындарды айдап кетеді. Алып Елетміштің тас жазуында осы шайқастар туралы былай делінеді: «Барлық (күллі) қалаларға шабуылдадым. Бағындырдым, олжалап алдым».
Түркілердің қарқынды қимылы атырабындағы елдердің мазасын ала бастайды. Сол үшін батыстағы түркештер мен Саян қырғыздары Қытаймен астыртын одақ құрғаны Қапа хан ордасына мәлім болып қалады. Дана Түнкүктің ақылымен қыс кезінде қар басқан асу арқылы өтіп, Саян белдерінің арғы бетінде қамсыз жатқан қырғыздарды басу ұйғарылады. Тәуекелді бұл шешім жүзеге асып, қырғыздар бағынады. Тұрғылықты халық пәлендей қарсылық көрсетпейді, өз инаншысының қанауынан зардап шегіп отырған бұл халық түркілерге басқыншы емес, құтқарушы ретінде қарайды. Инаншысын ажал құштырған түркілер өздері қалаған адамын әкім етіп тағайындап, оның жанына жүздік әскерін ғана қалдырып, негізгі күш елге қайтып кетеді. Бұл елдің Алпамыспен танысуы, оны «Манас» деп, алтайлықтардың «Алып Манаш» деп мадақтап, жырға қосуы және қырғыз халқының құрамына қоңыраттың бір атасының еніп, солармен тұтасуы Саяндағы осы оқиғадан кейін болса керек. «Энциклопедический феномен эпоса «Манас» (Бішкек, 1995) атты зерттеу еңбегінде академик В.М.Жирмунский: «Алпамыс есімімен орта ғасырда хатқа түскен «Қорқыт ата» кітабындағы Байбураның ұлы Алып Бамыс, алтай халқының Алып Манашы, қырғыздың Манасы сәйкес келеді, оның себебі Алпамыс Алып Мамыш (немесе Манаш) тіркесінен туған» деп болжайды. Бұл қатарға біз Көк түріктер қағанатының батыры Алып Елетміштің есімін де қосар едік. Сондай-ақ аталмыш фольклоршы ғалым: «Өзінің шығу тегіне қарағанда «Алпамыс» қоңыраттардың рулық эпосы. Қоңыраттардың тарихқа белгілі бола бастауы Шыңғыс ханның Орталық Азияны жаулап алуымен байланысты», деген сөздері арқылы терең тарихи қорытынды жасаған.
Көк түрік қағанатының басындағы ең бір драмалық оқиғалар Қапа ханның жорықтан қайтар жолында орманды паналап жүрген байырқулардың қолына түсіп қалып, қаза табуынан кейін өрбиді. Қапа хан өзі олай-бұлай болған жағдайда тақ мұрагерлігіне ұлы Фугюді «кіші хан» деп белгілеген еді. Бұған келіспеген Күлтегін орданы шауып, оны ажал құштырады. «Бір ғажабы, кіші хан ордасын күзетуге тиісті аты ел аузында аңызға айналған қолбасшы Алып Елетміш Күлтегінге қарсы шығу орнына оған достық қолын ұсынды. Екі алыптың бірігуі істің оңға басуының анық белгісі еді. Могилян Білге қаған деген атпен ел тізгінін қолға алды. Күлтегін қағанат әскерінің бас қолбасшысы болып тағайындалды. Бұл 716 жылдың жазы еді» деп жазады тарихшы Қ.Салғараұлы. Ғалым Алып Елетмішті «аты аңызға айналған батыр» деп, оны Алпамысқа анық балап отыр. Осы оқиғадан соң қағанат бас батыры лауазымын Күлтегінге тапсырған Алып Елетміш 719 жылы дүниеден озарда ұрпақтарына Білге ханға адал болуды аманат­тайды. Құтлығ ханның күйеу баласы екені тарихи және фольклорлық деректерден мәлім болған Алпамысқа Құтлығтың ұлдары Білге хан да, Күлтегін батыр да бөтен емес, жан жарының інілері ғой. Сонымен қатар қайын атасының інісі Қапа хан үшін де адал қызмет етіпті, сөйтіп, ел ішінде есімі жауһар жырға айналыпты.
Сайып келгенде, көне замандардан керемет эпикалық дастан түрінде бүгінге жеткен Алпамыстай батырдың ел өткенінде өшпес ізі қалған тарихи тұлға екені жоғарыда келтірілген деректердің негізінде толық расталып тұр.

Оңғар НАҚЫП

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір