Русофобия: СЕБЕПТЕР МЕН САЛДАРЛАР
05.07.2022
240
0

Бұл мәселе қазір ағымдағы саясаттың ғана емес, тұтастай дүниетанымның да басты тақырыптарының біріне айналып отыр. «Ауруын жасырған – өледі», проблеманы орыс танымының өзі де жоққа шығармайды. Орыс ақпарат құралдарында русофобия тіпті басты назарда тұр.

Түсінікті жағдай, Украинамен арадағы соғыс, Батыстың толассыз санкциялары, ОДКБ-дағы басты одақтасының бірі Қазақстанның Донбасс пен Луганскдегі сепаратизмді мойындамауы, осының бәрі мәселенің бояуын одан әрі қоюландыра түсуде. Жасыратыны жоқ, жаһандық деңгейдегі түсінік пен іштей болса да қолдау Мәскеу жағында емес. Басқаша айтқанда, әлем қазіргі қақтығысты жағдайда негізінен Кобзарь елін қолдайды.
Рас, Донбастағы жағдайды «бұл – Ресейдің НАТО-ның өз іргесіне жақындауын болдырмауға тырысуы, яғни қорғану мақсатындағы игі әрекеті» деп қабылдайтындар да бар. Ал екінші, негізгі тарап оны империялық амбицияның «көрден шығуы» есебінде бағалайды.
Екі түсінікті де жоққа шығаруға болмайды. Алдымен бізге қатыстысына келсек, мықтының арты диірмен тартады, орыстың өктемдік амбициясы қазаққа Солженицын заманынан белгілі. Одан бері мәселені Жириновский, Никоновтар ушықтыра түсті. Оның кері, қайтарма реакциясы болуы да – заңды құбылыс.
Жергілікті түсінік оны патриотизм, ал үстем тарап ұлтшылдық, тіпті фашизм деп айдарлайды. Ресейлік БАҚ-тың белгілі бір аймақтағы ықтимал русофобия туралы даурығуы да содан басталады. Ақиқатында, русофобия – бүгінде қай өңірде болсын бар құбылыс. Қашанда шығасыға иесі басшы, проб­леманың бас иесі алдымен Ресейдің өз ішінен шығатынын бүгінде еңбектеген балаға дейін біледі.
Былтырғы Никоновтың арандатуынан соң Арқадағы қазақтардың көкбайрақ көтеріп, жаппай атқа мінгенін ұмытуға болмайды. Себебі тәуелсіздік қымбат. Русофобия содан туындайды дер едік. Шоқпарын қолтығына жасырған ішкі сепаратизмді де жоққа шығару күнә. Ол да – қоғамда бар құбылыс. Біз орысы көп өңірде туып-өстік. Қарапайым орыс адамының жақсы жақтарын білеміз. «Қарапайым еместердің» жамандығын да бір адамдай көрдік.
Ал содан туған ой қандай? Көзіміз жеткен бір жайтқа тоқтала кету парыз. Біздіңше, мәселеге «орыс болу» және «орыс болуға, яғни үстем ұлт болуға ұмтылу» деген екі қиырдан қарау керек тәрізді. Әрі біз оны «зәрулік синдромы» деген психологиялық анықтама тұрғысынан қарастыруды жөн санадық.
Мәселен, бойы аласа, қамытаяқ қара, қыз қарамақ түгілі қасына жоламайтын ұсқынсыз, сүйкімсіз жігіттің арманы не? Әлбетте, ұзын бойлы, аққұба, сұлуларды «аһ!» ұрғызатын кербез бозбала болу. Сол сияқты тарихқа Пушкинді, Ломоносовты, Есенинді берген, күш-қуаты кемел, әлем алдында беделді ұлт бар. Сондай-ақ этноатауын екінің бірі біле бермейтін, тарихи салмағы бәсең этнос бар. Кейінгісінің арманы – алдыңғысына ұқсау, сол болу. Бірақ шама, қауқар жоқ. Әйтсе де, амбиция зор. «Орыс болуға ұмтылу» осыдан басталатынын бұрынғы интернационалды елдің азаматтары жақсы біледі.
Кереметі сонда, «орыс болуға ұмтылатындардың» жасанды, қолтума империялық амбициясының тау қопарарлықтай болатынын да тарих көріп отыр. Біз білетін тегі орысқа үш қайнаса сорпасы қосылмайтын, қазақы мүддеге қарама-қайшы «орыстар» қатарында Голощекинді, Мирзоянды, Фрунзені, бергі дәуірден Солженицынды, Жириновскийді айтуға болады. Мұндайлардың мақсаты – мықты ұлттың қауқарын пайдаланып, саясат биігіне көтерілу, тіпті сол арқылы І Петрдің ата-бабасы Рюриктер сияқты билік басына келу, мәртебе-атаққа бөлену.
Солтүстікте қазір бар-жоғын білмейміз, «Лад» славян қозғалысы деген болды. Ниеті, әрекеті белгілі еді… Соның басшысынан бастап, қарапайым мүшелерінің ата-тегі орысша «в» қарпінен емес, орысқа жатпайтын «о» қарпімен аяқталатын. Қазір осы «о» мен «в» арасында өліспей беріспейтін соғыс жүріп жатыр. Яғни славяндардың өз ішіндегі соғыс. Осы жерден «лирикалық атауға ие осы қозғалыстың тегі орыс емес мүшелері қазір кім жағында екен?» деген де сауал туындайды…
Ондай данышпандар Ресейдің қазіргі саясатында да жетіп-артылады. Орыстың атынан сөз сөйлейтіндер ресейлік ақпарат құралдарында да баршылық. Өткенде ресми түрде Қазақстанға доқ көрсеткен «Мирзоянның қандасы» мен Петербург форумынан соң араға қабағы қатулы Путинді отырғызып қойып, біздің президентімізден арандатушылық бағытта сұхбат алған оның келіншегін айтсақ та жеткілікті.
Орыс пен қазақтың арасына от тастау әрекетінен осындай этномазмұндағы жайттарды да көріп, біліп отырмыз. Салауатты сана әлдекімнің басқа біреудің беделін, күш-қуатын, байлығын пайдаланып, сөз сөйлеп, келесі біреулерді араздастыру әрекетін әсте қолдамаған. Қолдамайды да! Бізге салса, қазіргі таңда алдымен Ресейдің өзі үшін проблемаға айналып отырған русо­фобиялық құбылыстың, яғни орысқа деген жеккөрініштің басты авторлары да – осы Солженицын мен Жириновскийдің ізбасарлары.
Орыстың офицері болған Шоқан Уәлихановтан қалған «егер француздар орыстарды соқса, орыс жағына шығам, ал орыстар қазақтарды соқса, қазақтың жолында өлем» деген сөз бар. Русофобияның қайдан, қалай туындайтынын ұлы Шоқан осыдан бір жарым ғасыр бұрын-ақ айтып кеткен.
Мәселен, қазіргі күн тәртібінен қарасақ, проблематиканың әбден асқынғаны байқалады. ЛХР мен ДХР-ға қатысты сепаратизмді қолдамаушылар Ресейдің одақтастары ішінде де бар. Оған қазақ президентінің Санкт-Петербургтегі сөзі куә. Сепаратизмді қолдаймайтынын аймақтағы жетекші елдердің бірі Өзбекстан да ресми мәлімдеді. Абхазия мен Таулы Қарабак проблемасын бастан кешкен Грузия мен Әзербайжан туралы айтпаса да болады. Украина сарбаздары арасында ірі грузин қосындары бар.
Осы қарсылықтардың бәрі көрші ел тарапынан жасалар өктемдікке, амбицияға байланысты. Ресми Мәскеу өз жерінің тұтастығы үшін күресіп жатқан украиндарды нацист ұлтшылдар деп атайды. Ұлтшылдық пен ұлттық патриотизмді біріктіріп қарайды. Рас, барша құбылыс сияқты ұлтшылдықтың да кері реакция беруі заңды. Бұл заңдылықтың үстем ұлтқа да қатысы бар. Ықылым заманнан бері посткеңестік деп аталып жүрген кеңістікте басқалар сияқты тежеу көрудің орнына қолпаш пен қолдау, насихат көріп келе жатқаны – орыс ұлтшылдығы. Нақтырақ айтқанда, басқаның патриотизмі – ұлтшылдық, ал орыстың ұлтшылдығы – патриотизм саналды.
Бұл инерциялық құбылыс әлі де бар. Мәскеудің «365» деген телеарнасын алайық. Негізгі тақырыбы – тарих, оның ішінде өткен соғыстар тарихы. Әсіресе Екінші дүниежүзілік соғыс жайы жиі айтылады. Сол телеарнадан тек «русские», «русский» дегенді ғана естиміз. Сол соғыста тек орыстар ғана соғысып, орыстар ғана жеңген бе дерсің… Ал ақиқат басқаша. Деректер сол соғыста әр алтыншы солдаттың украин болғанын айтады. Қазақстан 1 млн. 200 мың, өзбектер 1 млн 900 мың, түркімендер 300 мың солдат берген. Тағы бір айта кетер нәрсе, соғысқа қатысқан өзбектер қазақтардан көп болса да, қаза тапқандары қазақтан аз. Қарап отырсаңыз, ішінде атақты 316-шы дивизия да бар Орта Азия соғысқа 4, әйтпесе 5 миллиондай сарбаз берген. Ал «үстем» ұлттың кейбір білгіштерінің түсінігінде ол соғыста тек орыстар ғана соғысып, солар ғана жеңіп шыққан-мыс…
Әділдік пе? Жоқ, барып тұрған әділетсіздік!
Юрий Озеров Ұлы Отан соғысы туралы «Освобождение» («Азат ету») киноэпопеясын түсірді. Бес сериялы фильм. Соғыс басынан аяғына дейін баяндалатын фильмде бірде-бір азиялық жауынгер жоқ. Тек орыс соғысады, орыс жеңіп шығады. Ғажаптанбағанда қайтерсің?..
Міне, ұлтшылдықтың, үстемдіктің насихаты дегеніміз осы! Әлбетте, ол кері реакция туындатады. Ол – бар құбылыс. Нақты атауы – русофобия! Демек, Мәскеудің өзгеге өкпелейтін реті жоқ. Яғни өзіне деген өшпенділік Ресейдің өз ішінен туындап отыр деген сөз.

Ө.МҰҚАЙ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір