Өлі көбелектің қанатының тозаңы дуалап тастағандай…
17.06.2022
1499
0

Дәулетжан МАХМҰТ

Жаңбырлы түн
Түнгі жаңбыр
санамды тұтқындады,
терезеден далаға ұзақ қарап
жанымды сағыныш сыздатты.
Үнсіз, қияли ойларым қалғыды
түнгі жаңбырдың
мұңлы әуеніне!

Жаңбырлы түн
шарапханадан жалғыз
қайтқаным есімде,
ескі, бұлыңғыр көше
күңгірт көше шамдары
ескі үйлер
сұр бояулар
жапырақсыз кәрі ағаштар
ескі көліктер ғана жүретін көше.

Жаңбырлы түн
екеуміз таудан түсіп келе
жатқанымыз есімде,
ауа аңқыған хош иіске тұншыққан
біз де сиқырға мас едік,
екеуміз.
Жапырақтай, көбелектің қанатындай
дірілдеп жанымыз,
тәніміз…

Жаңбырдың дыбысы сияқты әуен
жүректің қылын шертіп
жаңбырлы түннің қоңыр бояуы
елітіп алып бара жатқанда
жаңбырлы түні
жаңбырлы түндерді еске алып
сағынып отырмын
жалғыз…

Көлеңке
Құдайды ойласам
алақанымдағы бір уыс қар
еріп кетеді.
Айға қарасам үнсіз ойға батамын.
елімді ойласам жалаңаяқ
от кешкім келеді.
Түсімнен шошып оянсам,
сені ойлаймын.
Бойымнан мың есе терең,
теңіз суына сүңгимін.

Көлеңкемді ойласам
қараңғы жарықтан үрейленем.
Досым сені ойласам
ессіз шарап ішкім келеді мас болып.
Түс сияқты өмір
түс көріп жатсаң
алыстан мысықтардың мияуы
тыныштық бермейді.
Үнсіз қараңғылыққа сүңгісең
үнсіз айқайлар маза бермейді.
Үнсіз ойланып, үнсіз тілдесіп
үнсіз айғайлайсың
бәрі жаңғырық…

Үнсіздік
Сен үнсізсің
мен де үнсізбін
үнсіздік…
Екеуміздің достығымыз
кофе мен морс сияқты
күншілдік.
– сен қышқылсың!
– сен мысқылсың!
жә, жарайды, айтыспайық
үнсіздік.

Үнсіздікке ғашық болу
тәтті мұң…
үнсіз жауған қар сияқты тап-таза
үнсіз ғана отырасың ойланып.

Өртенген үй

Түсімде түс көріп ояндым
құпия бөлмеде,
есігі де, терезесі де жоқ қараңғы
көрдей суық
үрейлі

Жылқылардың кісінегені
осқырынғаны
тұяқтарының дүбірі
бөлмемнің төбесінен естіліп тұрды.
Мылтықтың атылған дауысы зорайып
найзағай ойнады,
күн күркіреді,
түсімде түс көріп ояндым
өңімде өртенген үйдің қасынан өттім…
Дауылға қарсы жүрген ескі кеме
тарих жасау үшін теңізге шықса да,
оның қай шыңырауға батып кеткенін
ешкім білмейді
білетіндер басқа планетаға ұшып кеткендей,
үнсіз.
Өртенген үйде тарих жасады, үнсіз…

Сені сағынып қалыппын
Қар,
сені сағынып қалдым
ұлпа, аппақ…
нәп-нәзік

Жолдарды бір сәт бүркеші
жапалақтап жаусаң ғой
бей-берекет…

Жалпақ жалған іздер
жасырылсыншы,
шындық та қымтансын
аппақ, тап-таза құшағыңа.

Ұяттан иріліп кірерге ін таппаған
жолдар,
көшелер
бетін бүркесін,
ақ ұлпаңмен

Қар жаушы
қарғаның ізі көрінер
қарға тұяқ
қар жаушы
тым болмағанда…
жолымнан адасып кетейін
адасып жүріп,
ұят туралы ойланар едім.

Сиқырлы қабырғалар

Менің
сиқырлы қабырғаларым
қозғалып тұратын
жоғалып кетті!..

Қалықтап ұшып жүрмін деп ойлағам
мен ұшпаппын
мүлде қозғалмаппын
қабырғалар ұшып жүріпті!..

Аспанға телміріп,
құс жолына дейін қарадым
аспаннан не іздеп тұрғанымды ұмытып
жұлдыз санап кетіппін,
ертегі тыңдап отырған бала сияқты
алданып тұрмын ба?
Бүкіл қала қалықтап ұшып жүріпті
мен қалықтап ұшпаппын…

Сиқырлы қабырғалар
мұз жарықшақтары сияқты
аржағы көрініп тұрады
шексіз қабырғалар…
бір-біріне қосылып кетпейді…
Сиқырлы қабырғалар
ауа сияқты
қалықтап төбем көкке жеткендей болған,
көктің қай жақта екенін білмеппін…

Сиқырлы қабырғалар
су сияқты
бояуының пішіні үнемі құбылып тұрады.
Бір-біріне ұқсамайды
балықша еркін жүзіп жүр едім,
жүзбеппін
мұз болып қатып қалыппын
қабырғалар жүзіпті…

Сиқырлы қабырғалар
табыт сияқты
есігі де, терезесі де жоқ
иненің көзіндей саңлау да жоқ
топырақ сауламасын деді ме екен?!

Қабырғаларым бірігіп кетіпті
өліп қалған екем ғой
сиқырлы қабырғаларды
аспаннан іздеп жүргенде

Қара түске боялған қабырғалар
қозғалмайды
мен де сұлық жатырмын…
қабырғалар түсініксіз тілде сөйлесіп тұр…

Ескі үйді сағыну

Қардың иісін сезгендей,
сағыныш
ұзаққа созылып кетті.
Тыныш даладан
бір әуен естідім
бала кезімде құлағыма сақталып қалған…

Бұрқырап демім
көңілім алып ұшып
ескі үйге асықтым.

Жаңбыр мен күн тоздырып
жарылып, тозған
ағаш есікті айқара ашып
бақыт құсы қонақтаған
жып-жылы үйге кіріп…
ұзақ ұйықтасам
өлең жазуды қоятын шығармын?!

Күздің түні

Ағаштар қалғып тұрғанда,
құстар да сезбеді
жел ұрлап жатты жапырақтарды,
үп етіп, жұмсақ сипап
жаңа махаббат…
елесі кезіп жүргендей
бір әуен…
сыбдыр, сылдыр…
жеп-жеңіл қалықтап
ауада биледі
құлап бара жатқан жапырақтар.
Тып-тыныш түн
өлі көбелектің қанатының тозаңы
бәрін дуалап тастаған сияқты
уақыт тоқтап қалғандай
бейғам тыныштық…
әлем өртеніп жатса да
оянбайтындай…
Көздері байланып қалған мастық
соңғы қимастық,
соңғы би,
соңғы жаңа махаббат…
жапырақтар қалықтап құлап барады
бой жазып
өз-өзін алақанына салып аялап
үгіліп кетпесін дейтін сияқты
тыныш түнде
демін шығармай тынып қалған.

Айна
Айнаға қарап,
өзім туралы ойлансам
сен есіме түсесің
су бетіне қарап ойлансам,
өзім есіме түседі…

Айнаның бетіндегі әлем,
қағаздың бетіндегі жазба
су бетіндегі қауқарсыз жапырақ,
қабырғадағы көлеңке,
ай астындағы өзімнің елесім…
менің әлемімдегі кескін
алдымнан сұрақ болып тұратын…

Уақыт
Уақыт…
ауа сияқты,
мейірімсіз тұншықтырады,
маған деген аяушылығын
ұмытып кеткелі қашан?!
Мөлдір, қызғылт шиеге қарап
уақытты ұмытсам да
ауа жетпей тұншығып тұрып
уақытты санадым
танго биінің ритмімен…

Уақытты санап
қасірет көлеңкесіне дейін
қайғырып отырып сездім
уақытты жеті нотамен санасаң
бақыт әуені
ауада қалқып тұратынын…

Өлген адамдардың атын атап
жасын санап,
құлпытасының шаңын сүртсең
алақаныңа уақыттың тозаңы да жұқпайды…
тек қана ағарып қуарған шаш пен
нұры сөніп, мұң ұялаған жанардың
зілдей салмағы иығыңды салбыратып
иініңді майыстырады.

Уақыт…
жүрегің құрғап
шөлдің қиыршық құмына айналып
тау болып үйілсе де тоқтамайды
Сұлудың мөп-мөлдір жанары
уақытты уақытпен көлегейлеп,
сен ғашықтық отына өртеніп тұрғанда
тоқтатып қойғанын сезесің…
қасіретке толы уақыт,
көз жасын сүртуге уақыт таппай
тұншығатын сияқты…

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір