ГАМАРДЖОБА, ГҮРЖІСТАН!..
Мамыр айында бір айлық іс сапармен Грузия еліне барып қайтудың орайы келген еді. Бұған дейін де турист ретінде бір аптаға бұл елге жолым түскен болатын. Бір апталық сапарда асығып жүріп ештеңені көріп те, танып та үлгермейтінің белгілі. Десе де бұл жолғы сапар ұзақтау мерзімге берілгендіктен тау халқының тұрмысы мен мәдениетін, тарихи қалалары мен музей, театр, кітапханаларын еркін аралап, кеңірек тануыма мүмкіндік туды.
Осы бір танымдық іссапарым жайындағы көрген-білгенімді бөліскенді жөн санадым. Қандай елге қанша уақытқа барсаң да, сол елді барынша аралап, жақсысы мен жаманын көруге, танымыңды, біліміңді кеңейтуге тырысасың. Мен де бос уақытымда Тбилисидің ескі қала бөлігінің тыныс-тіршілігімен танысып, тарихы біздің заманымыздан арыға кететін тар көшелері мен ескі, құлағалы тұрған үйлерінің әрбір кірпішімен сырласқандай болдым.
Негізгі мақсатым – Т.Қ.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясының докторанты ретінде ғылыми тәжірибе алмасуға барғандықтан Шота Руставели атындағы театр және кино университеті мен Парламенттік ұлттық кітапхананың кітап қорымен танысып, ғылыми жұмысыммен айналысуға біраз уақытымды арнадым.
Грузин халқының жүрегі Украинамен бірге соғып тұр
Ең алдымен Грузияға келгенде көзге бірден түсетіні – бүгінгі соғыс жағдайына байланысты Украинаны қолдайтыны. Қала тұрғындарының әрбірінің балконында, кафе-ресторан, кез келген мемлекеттік немесе жекеменшік жұмыс орнында, тіпті,әрбір тұрғынның кеудесіне не сөмкесіне Украинаның жалауының түсімен жасалған түрлі безендірулерді тағып алғанын, туристерге арналған түрлі ұсақ-түйек базарлық сататын дүкендерінен де екі елдің жалауының қатар ілініп тұрғанын көріп таңданасың. Кейбір есіктерге Ресейді қолдайтындар үшін жабық екенін де ескертіп жазып қойған.
Әрине, бұл елге де ресейліктердің біразының көшіп келгені белгілі. Қаладағы жалпы атмосфера орыс тілділер мен орыстарды ұнатпайтындардың аралас жүргенін бірден сезіндіреді. Орысша жөн сұраған туристерге жастар жағы тіпті жауап бермейді, жауап берсе де ағылшын тілінде. Ал үлкен буын мен туристерге барынша орысша түсіндіріп, жөн сілтеп жатады. Орыс тіліне деген қысым мен орыстарға деген жеккөрініш Ресейден келуші келімсектер үшін үлкен соққы болатыны анық. Жернің көлемі аядай ғана, жан саны 4 миллионға жетер-жетпес грузин халқы экономикалық тұрмыстарының төмендігіне қарамастан, Ресей сынды алып империядан жасқанбай өз тілдерін алға шығарып, орыс тілінің орнына ағылшын тілін меңгерулері біз үшін жүрек жұтқандық әрі сабақ аларлық үлгі дерсің.
Мұнда 2008 жылғы Осетия мен Абхазия оқиғасынан кейін бе екен, грузин жастарының бойынан орыс халқына деген аса бір жеккөрушілікті, батылдықты, өздеріне деген сенімділікті байқадым. Әсіресе, жастардың өз тілдеріне деген құрметі мен еліне, тарихына деген ерекше махаббаттары байқалады. Соның бір айқын мысалы ретінде айтсам, егер грузин өз ана тілін білмесе, оны грузин деп есептемейтін дәрежеге жеткен. Сондықтан да екі грузиннің басы қосыла қалса, бір-бірімен өз тілдерінде сөйлесіп шыға келеді. Оларға сырттай қызыға да, қызғана да қарағаным рас.
Біздегідей орыс тілін не ағылшын тілін білу бұларға соншалықты мақтаныш та емес, ең басты құрмет – өз ана тілдеріне деген құрмет екені көрініп тұрады. Мұның бәрі де, біріншіден, елдегі жүргізіліп жатқан саясатқа, екіншіден, әрбір азаматының ұстанымына, ар-намысына байланысты болса керек. Қарапайым халықтың жағдайы осылай болған соң ба, оқу орнына барғанда, орыс тілді ғылыми еңбектер мен авторлардан 4-5 кітап ғана таба алдым. Тіпті Парламенттік ұлттық кітапханасының да кітап қоры грузин және ағылшын тілді кітаптарға толы.
Әрине, сөрелерде КСРО кезінде шығарылған энциклопедия, тарих үшін қажетті том-том саяси жинақтарды кездестіруге болады. Ал жалпы орыс тілді ғылыми, танымдық еңбектерді оп-оңай тауып ала салу қиындау.
«Кеңестік кезеңде пәленбай мың таралыммен шыққан еңбектерді жоққа шығару, көзін құрту деген тарих үшін де қиянат» деп ойлаймын. Десе де, осы жөнінде сұрастырып көргенімде, оқу орнынан бекітілген жетекшім Лела ханым оның себебін түсіндірді. Бұрынғы президент Саакашвилидің кезінде орыс тіліне қатаң тиым салынғандықтан (тіпті кафелерде орыс әнін қоюға дейін тиым салған), оқу орындарының білім бағдарламаларында, кез келген құжатта орыс авторлары мен еңбектерін пайдалану немесе тізімдікке қосуға болмайтын заң шығарылған екен. Соның әсерімен қазіргі таңда басқа президент ауысса да, орыс тілді кітаптар мен авторлар санының азайып кеткіні көрініп тұр. Екінші жағынан, үлкен және орта буын болмаса, қазіргі жас буын орыс тілін тіпті түсінбейтіндіктен орыс тілді кітаптарға деген сұраныс та біртіндеп азая түскенін уақыт өзі көрсетуде.
Грузия – туристік мекен
Олай деуімізге бірнеше себеп бар. Біріншіден, Грузияның сонау б.з.д. кезеңнен сыр шертетін көне тарихы бар. Ұлттық мұражайға жолыңыз түсе қалса, б.з.д. 2-мыңжылдықтың аяқ кезеңінен сыр шертетін тарихымен таныса аласыз. Сол замандардан жеткен Homo erectus, Homo sapiens-тің бас сүйектерінен бастап түрлі тарихи жәдігерлерін көріп, өткен тарихқа сапар шеге аласыз. Тбилиси, Мцхети, Гори, Кутаиси, Батуми сынды қалаларының тарихын туристерге әдемі етіп ұсына білуді грузиндер жолға қоя алған.
Екіншіден, халықтың күнкөріс көзі – туризм саласы. Мемлекеттің орналасу аймағы мен тау-қыратты, жасыл желекті табиғаты және кішігірім тарихи қала тектес мекендердің жиі орналасқандығы – туристерді түрлі турларға апарып, көрсеткенге қолайлы. Турларының бағасы да туристер үшін өте қолжетімді, кереметтей әсер қалдыратын бағдарламасымен таныстырады.
Үшіншіден, ұлттық тағамдары мен атақты Алазан алқабының шарабы, Боржоми минералды суы, чурчухелласымен әрбір туристің көңілінен шығуға тырысады. Төртіншіден, атақты табиғи күкірт моншалары. Бесіншіден, Тбилисиді Кавказ аймағының театрлар орталығы десе де болады. Өйткені бір қаланың өзінде 32-ге тарта театр мен түрлі өнер ошақтары бар. Бұл жөнінде кейін кеңірек тоқталатын боламын. Алтыншыдан, Тбилиси қаласының көз тартарлық класссикалық архитектурасының өзіндік тарихи стилі сақталған. Әрбір көшесі мен қарапайым халқы тұрып жатқан үйлерінің кереметтей тарихы бар. Сол бір тар, тастақты көшелері мен қолқаны қабатын ескі иісі бар, қирағалы тұрған үйлеріне дейін (біразын үкімет реконструкция жасап жатыр екен) туристерді өзіне тартатын сиқыры бар дерсің.
Мұндағы әрбір ескі үйлерді қалпына келтіріп немесе жөндеу жасау үшін де қаланың құрылыс бөлімінің арнайы рұқсаты керек екен. Өйткені ескі қаланың о бастағы стилі қалай болғанда да сақталып қалуға тиіс. Тіпті, үйіңіздің сыртын әрлету үшін де рұқсат керек. Әрине, модерн және футуристік стильдік ерекше ғимараттар да кездеседі.
Театр залдары –көрерменге лық толы
«Тфлиси» – грузин тілінде «жылы су бұлағы» деген мағынаны білдіреді.
Мемлекеттің астанасы саналатын бұл қалада 1 миллионнан аса халық тұрады. Туристер жиі келетін қалада 30-ға жуық театр және мәдениет орталықтары бар екен. Мені таңғалдырғаны – бір айдың ішінде он шақты театрға барғанымда, халқының театрға деген сүйіспеншілігі мен мәдениетінің жоғары екен. Театр билетінің құны әр театрда әртүрлі, дегенмен бізше орта есеппен 1500-10000 теңге арасы. Жалақысы мен зейнетақысының төмендігіне, жалпы тұрмыстарының кедейлігіне қарамастан, халықтың өнерге деген қызығушылығынан болса керек, әрбір театрдың залы көрерменге толды.
Грузия театрының тарихы 1869 жылдан басталады. Шота Руставели атындағы театрда XIX ғасырдың ортасында грузиннің алғашқы кәсіби актерлері грузин пьесасын ойнап бастаған екен. Ал қазіргі таңда Грузияда театрлар саны еселеп өсіп, мемлекеттік театрлардан өзге жекеменшік, эксперименттік театрлардың да саны арта түскен.
Жолым түсіп барған театрларға аз-кем тоқталуды жөн көрдім. Солардың аттарын атап өте кетейін: Коте Марджанишвили атындағы драма театры, А.С. Грибоедев атындағы орыс драма театры, Корольдік муниципалды театры (Royal district театры), Резо Габриадзе атындағы марионеткалар театры, С.Ахметели атындағы драма театры, М.Туманишвили атындағы киноактерлер театры, Н.Думбадзе атындағы жасөспірімдер мен балалар театры, Тәуелсіз Кесіртке театр труппасы, Васо Абашидзе Жаңа театры және З.Палиашвили атындағы опера және балет театры.
Жоғарыда аталған театрлардың репертуарынан бірнеше спектакльді қарау мүмкіндігі туды. Мұнда да қай театрға барсаң да Украинаны қолдайтын белгілерді көруге болады. Мәселен, К.Марджанишвили атындағы драма театрының әрбір спектаклінің басында «Құрметті көрермен, еліміздің 20% жерін орыс басқыншылары жаулап алғанын ұмытпаңыздар!» – деп ескерту жасап отырады. Тіпті Л.Толстойдың «Крейцер сонатасы» спектаклінде В.Позднышевтің рөлін ойнаған актер Ника Кучава спектакль біткеннен соң сахнаға шығып «Украина жасасын!» деп қолын көтеріп, қолдау белгісін білдіре кеткенін де көрдік. Байқағаным, орыстарға, соғысқа деген қарсылық айқын көрінгенімен, театр репертуарында орыс әдебиетінің классик жазушы-драматургтерінің шығармаларын жиі сахналайды екен.
Грузин режиссерлері мен актерлерінің ойындарын көріп отырып, олардың өз тарихы мен тіліне, әдет-ғұрпына деген зор сүйіспеншілікті ғана емес, сол ұлттық қасиеттері мен ерекшеліктерді жоғарғы көркемдік деңгейде көрерменге жеткізе білгеніне разы боласың. Мұнда жасанды пафос, жаттанды патриотизм атымен жоқ. Бәрі де зор сүйіспеншілікпен беріледі. Cпектакльдерде жан-тәнімен ойнап жүрген актерлер мен режиссерлердің айлықтары біздің ақшамен есептегенде 80-100 000-нан аспайды. Соған қарамастан олар өз өнерлерін танытуға келгенде шығармашылық қабілеттерін сарқа пайдаланады. Елі мен жеріне деген сүйіспеншілік әлеуметтік жағдайдың қиындығымен өлшенбейтінінің тағы бір дәлелі осы болса керек.
Грузин сапарындағы көрген спектакльдердің ішінде тағы да бір ерекше есте қалғаны – Резо Габриадзе атындағы марионеткалар театрының қойылымы болды. Грузияға келген әрбір турист спектакльдерін көрмесе де театрдың өзгеше дизайндегі архитектурасы мен қуыршақ періштенің балконға шығып сағат сайын соғатын қоңырауын көріп, суретке түсу үшін де келіп кететін ғимарат. Театрдың негізін салушы әрі ғимараттың ішкі-сыртқы кішкентай детальдеріне дейін өзі ойластырып, өз қолымен жасаған Резо Габриадзенің бұл театры алыс-жақын шетелге де кеңінен танымал. Сондықтан да болар бұл ғимараттың айналасынан адам қарасы үзілмейді.
«Грузиндердің нағыз ұлттық биін көргің келсе, олардың атақты «Сухишвили» балет ансамблінің концертін көру керек» дейді. Бұл балет труппасының да тарихы кеңестік кезеңмен байланысты. Хореографиялық ұжымның негізі 1945 жылы қаланған. Оның негізін салушылар – Илья Сухишвили мен оның жұбайы Нина Рамишвили. Бұл күнде балет труппасын Сухишвилилердің немерелері басқарады. Ансамбльде 500-ге тарта биші қызмет істейді екен. Бұл ансамбльдің репертуарынан грузиннің атақты «Картули», «Самаия», «Кинтоури», «Гандаган» сынды билерімен бірге әзербайжан, армян билеріне дейін көруге болады. Грузиндердің мақтанышына айналған бұл балет ансамблі өз елінде өте сирек концерт қояды. Көбіне шетелге гастрольдік сапарға шығып, жыл бойы грузин биін насихаттаумен, танытумен жүреді. Сондықтан да грузиндердің көпшілігі бұл ансамбльдің концертіне бара қоймаған.
Грузия тарихындағы қыпшақтардың рөлі
Грузияның Иванэ Мачабел атындағы мемлекеттік Цхинваль кәсіби драма театры жазушы, драматург Дулат Исабековтің «Актриса» пьесасын сахналауды жоспарлап жатқан болатын. Болашақ спектакльдің қоюшы-режиссері Гоча Капанадземен жолығып, тілдесудің де сәті түскен еді. Ол кісі өз кезегінде тарихи тақырыптарға қызығатынын, сол тақырыпта спектакль қойғысы келетінін де айтып өтті. Сөз арасында ол гүржі елінің қазақ тарихымен байланысының да барын екенін астарлап айтып қалып еді. Грузияның тарихи орындарына қатысты турмен тарихи жерлерді аралап жүргенімде бір грузин азаматы да қазақтармен туыстық байланысымыздың бар екенін, қыпшақтың қызымен Давид Агмашенебели (Стройтельный) патшаның үйленгенін мақтанышпен айтып қалған. Грузиндер тарапынан ата-бабамызға қатысты осындай жағымды пікірлерді естігесін бұл тақырыпта біраз әңгіме-дүкен құрған едік. Грузиндердің Алтын ғасыры кезеңінің билеушісі Давид Агмашенебели (Стройтельный) патшаның әйелі қыпшақ қызы болған екен. «Қыпшақтарды жер бетінен жойылып кеткен тайпа деп ойласақ, олардың бүгінгі ұрпағы қазақтар екен ғой», – деп бізбен, яғни қазақтармен туыстығын мақтанышпен алға тартты.
Тарихқа үңілсек XI-XIII ғасыр – грузиндердің гүлденген «Алтын ғасыры» саналады. Бұл Давид Агмашенебели патша мен оның кейінгі ұрпағы саналатын алғашқы әйел патшайым Тамара екеуінің билікке отырған кезеңдерімен тұспа-тұс келеді. Тарихи деректерден жалпы түркі, оның ішінде қыпшақ жауынгерлерінің Грузияның сол кездегі территориясының тұтастығын жаулардан сақтап қалуда үлкен маңызға ие болғанын көруге болады.
Георгий Үшіншінің жалғыз мұрагері – Тамара ханшайым 13 жасында таққа отырғаннан кейін ел іргесін аман сақтап қалу мақсатында қыпшақтардың қолын пайдаланған екен. Георгий Демныларға қарсы соғыста қыпшақтардан қол жинап, оны Құбасар деген қыпшақ басқарған. Ал Құбасар кейінірек Тамара патшаның оң қолы әрі ұстазы саналып, бас қолбасшы (қазіргі тілмен айтқанда министр) рөлін атқарған.
Тамара патшаның кезеңінен қалған мынадай аңыз бар көрінеді: қыпшақтардың жауынгер ретіндегі қызмет мерзімі аяқталғаннан кейін елдеріне қайтқалы жатқан кезінде Тамара патша грузиндердің ең сұлу қыздарын жинап алып, әскерлердің қасында бір түн түнетуге жіберген көрінеді. «Тағы да бір түн қалыңдар. Мына сұлу қыздар грузиндерге батыр ұрпақты дүниеге әкелсін», – деп айтқан екен. Осыдан кейін біраз қыпшақтар сол жақта қалып қалған көрінеді. Тамара патшайымның өзі де Андрей Боголюбскийдің ұлы – князь Юрийге тұрмысқа шыққан. Ал Юрийдің анасы да қыпшақ болған және әкесі өлген соң нағашыларының тәрбиесінде өскен екен. Алайда Тамара патшайымның Юриймен арадағы отбасылық өмірлері ұзаққа созылмай ажырасып кеткен көрінеді. Арада бала болмаған.
Міне, грузиндердің «Алтын ғасыры» кезеңінде жауынгер қыпшақтардың ерлігі мен даңқын осы бір деректерден-ақ көруге болады. Бұл тақырып та үлкен бір көркем туынды мен тарихи-ғылыми еңбекке сұранып тұр.
Ақмоншақ АХМЕТ,
Т.Қ.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер
академиясының
докторанты, аға оқытушы